Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СОЛАҚАЙЛАР КЛУБЫ
Орхан Памук. Сөз немесе сурет...

06.11.2018 5426

Орхан Памук. Сөз немесе сурет

Орхан Памук. Сөз немесе сурет - adebiportal.kz

Өзіңмен бірге қалтаңда немесе сөмкеңде кітап алып жүрген кезде, сенде әрқашан басқа, бақыттырақ әлемге қашып кетуге мүмкіндік болады, әсіресе мұңайған кезде. Жастық шағымдағы қиын сәттерде, көзімнен жас аққанша есінеген сабақтарда, егде тартқанда әдептілік үшін қатысқан іш пыстырарлық жиналыстарда жақсы кітап жұбанышымның қайнары болатын. Мен үшін оқу міндет емес, бақытқа айналатын кейбір сәттерді тізіп беруге рұқсат беріңіз:

1. Жоғарыда айтқанымдай, "өмірден безіну" деп атауға болатын, басқа әлемге деген құштарлық. Шынайы, күңгірт әлемнен басқа әлемге қашып кеткен жақсы ғой, мейлі ол елес болса да.

2. 16 мен 26 жас аралығындағы оқу мен үшін, өзімді, саналы түрде өз "жанымды" қалыптастыру процессінің бөлігі болған. Қандай адам болуым керек? Өмірдің мәні неде? Менің армандарым, ойларым, қызығушылығым қайда жетелейді, нені көрдім? Мен білемін - романдардағы кейіпкерлердің өмірі, қиялы мен ойын санамның түпкірінде сақтап, ең алғаш рет ағашты, жапырақты немесе мысықты көрген кішкентай баладай оларды ешқашан ұмытпаймын. Кітаптан алған білімім маған өмірлік жолымды табуға көмектесуге тиісті еді… Сол жылдардағы оқу мен үшін өте қызықты сауық-сайранға ұқсайтын. Қазір мен сирек оқимын.

3. Әдетте оқу процессі, бізді ақылдырақ етеді деп ойласақ - қате ойласақ та! - одан бетер жағымдырақ болады. Оқу барысында біз бейсаналы түрде, сондай бір терең, интеллектуалды еңбекпен қарбалас болғанымыз үшін мақтанамыз. Бір кездері Прусттың айтқаны шындық, оқу уақытында біздің санамыздың жартысы оқып отырғанымызды емес, өзіміз отырған үстелді, кітапты (зат тұрғысында), жарық түсіріп тұрған шамды немесе айналамыз туралы ойлайды. Біз, оқуды менсінбейтіндерден гөрі өзімізді салмақтырақпыз деп ойлаймыз. Оқырман өзін мақтан тұтып, күпті болғанын түсінем, бірақ, олардың тәкаппарланғанын жек көрем.

Сол себепті оқырман ретінде мынаны қосқым келеді: егер теледидар, кино және т.б заттар жоғарыда айтып өткен ләззатты сыйлай алатын болса, мүмкін мен азырақ оқыр едім. Мүмкін бір күні солай болатын шығар, бірақ мен сенбеймін. Себебі әріптер, сөздер, азат жол, мәтіндер мен кітаптар су сияқты барлық жерге сіңеді. Және біз өмірде көріп, түсінгіміз келетін заттарды сол көрінбейтін судың ағысынан байқаймыз. Жақсы кітаптар жаңа жаңалықтар сияқты қажет; сол үшін мен әлі күнге дейін оларға құмармын.

Бірақ, менің ойымша оқуды рахаттанудың биік шыңы деп айту қате, себебі сурет мен сөзді салыстыруға келмейді. Менің бұл көзқарасымды жеті жасымнан жиырма екі жасыма дейін суретші болуды армандағаныммен түсіндіруге болады. Оқу, менің оқып болғаннан кейінгі санамда салатын суреттер үшін көркемдік қиялымды ынталандырады. Біз кітаптан басымызды көтеріп, назарымызды суретке аударамыз, терезеге немесе табиғатқа қараймыз, бірақ біздің санамыз көріп тұрған заттарды емес, кітап әлемінен көргенімізді қабылдайды. Сол кезде біз тек қана оқырман емес, өзімізді кітап әлемінің бір бөлігі ретінде сезінеміз. Міне бұл нағыз бақыт - жалғыздықтың бақыты. Сол үшін де біз кітап оқуды тоқтатпаймыз.

«Өзгеше түстер» кітабынан. 30-бөлім. «Оқу туралы»

Орыс тілінен аударған: Санжар Бекжан

«Солақайлар» әдеби клубы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар