Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Ортақтық пен даралық...

29.10.2020 2791

Ортақтық пен даралық 12+

Ортақтық пен даралық - adebiportal.kz

АБАЙ ЖӘНЕ ҚАРА ӨЛЕҢ

Осыдан бұрын ара кідік қара өлең төңірегінде жазған ғылыми мақалаларымызда Абай шығармашылығын айналып өткен жеріміз жоқ. Абай өлеңдерінің классикалық биік өреге, адам талабы бойлай алмас шыңырауға өрлеп кеткені жөнінде, бұл күнде әркім әртүрлі пікір айтады. Біреу «озық мәдениетті» еуропаға, біреу «байырғы мәдениет» араб, парсы шығыс жұртына теліп, өз топырағын, өз табиғатын қашанғы әдеттеріне салып ұмыт қалдыра береді. Қара өлеңнен шықты, қара өлеңнен қуат алды дегенге байырқалай бермейді. Өз заманының өресін игеріп, жаңаша түрен тарту әр дәуірдегі ұлы адамдардың баршасында болған іс. Дегенмен ол сыртқы фактор немесе шартты ұғымдар ғана. Сыртқы фактор қанша әлуетті болғанымен, ішкі факторсыз яғни халықтың өз мәдениеті, өз дүние танымынсыз еш нәрсе өндіре алмайды. Сондықтан, Абайдың Абай болуы да өз бесігі қара өлеңнің құдіреті деп білеміз. Абай қара өлеңнің адал мирасы, жалғастырушысы, жетілдіріп, дамытып, күрделендірушісі. Абай қара өлеңге жаңаша мазмұын, жаңаша тиіп пен айрықша көркемдік образ қалыптастырған ақын.

Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Абайдың осы бір шумақ өлеңінде, өлеңге қойылатын барлық көркемдік талаптар мен теориялық негіздер қамтылған. Айталық өлең сөздің патшасы, сөз біткеннің сарасы. Яғни, ой мен образдың жиынтығы. Осы төңіректен поэзияның табиғаты туралы үлкен ілім өрбиді. «Қиыннан қиыстырар ер данасы». Бұл жасампаздық үрдіс туралы байлам. Ой заңғарына көтерілер жолдағы, шығармашылық бітім иесіне қоятын талап. Яғни еңбек және еңбек. Бұл ұғымдар автор мен шығарма, автор мен туынды арасындағы көзге көріне бермейтін, қайшылықты қарым-қатынастарды да өз ішіне алады. «Тілге жеңіл жүрекке жылы тию». Яғни, өлеңдегі тіл, қарапайым құрал ғана емес, музыканың тіліндей әуезді, өткір болмаққа керек. Домбыраның қоңыр үніндей жан дүниеңді баурап, саздылығымен кіршіксіз әлемге енгізе алса ғана, өлең поэтикалық мақсатына жеткендік болады. Бұл арада көркемдік пен идеялдықтың бір-біріне сай келуі басты назарға алынады. Осы шумақтың соңғы тармағындағы, өлең құрылысы туралы айтылатын ұғымның шоқтығы биік. «Жұмырлық» ғарыштағы тіршілікті сақтаған бірден бір көк арай жұлдыз жер шарына ғана тән тұлға. Осы бір әрқандай кедергіге бөгесін болмайтын жұмыр тұлға ғана оның өміршең келешегіне сай келеді. Олай болса жүрекке жылы тиген ой сезімге бөгесін болмай, сезімнің өзімен бірге лыпитын адам жанының нәзігі поэзия құрлысына жұмырлық кейіптен артық не жарасым болсын. Бұл арада Абайдың поэзия жөніндегі ілгерінді-кейінді пікір айтқан әлем әдебиеті зергерлерінің поэзия бітімі жөніндегі айта алмаған пікірін, тілге тиек еткенін айрықша атап өткен жөн. Деседе, бұл заңдылықты халқымыз «сегіз қырлы» деп атап, ертерек аңдаған еді. Мұнан халық дүниесіне қалай мұрагерлік етіп, оны қалай жалғастырудың Абайға тән озық үлгісін аңғаруға болады. Онан соң қара өлеңнің құдіретін көрсетіп, бір ауыз өлеңге сөзтанудың бар құпиясын сидырған Абай жасампаздығы, біз әлі күнге қол жеткізе алмай отырған эстетикалық әсемдіктің биік тұғыры.

ФОРМА МЕН МАЗМҰН БІРЛІГІ

Бағамдап көрсек, жұрт айта беретін қара өлеңнің тағы бір «міні» оның барлық жанрға араласып кететіні болса керек. Дастаннан бастап көріске дейін қара өлеңнің араласпайтын жері жоқ. Сол себепті қара өлеңді мысалға алсақ, оның көбінекей алдыңғы екі тармағы мағынасыз келеді. Оны бір буыннан құралады. 1-, 2-, 3- ші жолдары ғана ұйқасады. Тұлғасы мұндай өлеңдер мазмұндық жақтан тұрмыс-салт жырлары, балық өлең, тау өлең, өтірік өлең болуы мүмкін. Айтыстар да бар. Сондықтан формасына қарай аталып жүрген өлеңдерге аялдамалық деп қара өлеңнің барлық салаға араласып алатын бұл «бейбастақтық» мінезін көзіне шұқыған зерттеуші, «формасына қарай аталып жүрген» оған аялдамай өте шығады. Бірақ аталмыш еңбектің жанр жөнінде айтылған тағы бір тұсында зерттеушіміз: «Марксизм тәлімі бойынша, әдебиеттің мазмұнына қарағанда формасы едәуір тұрақты келеді» дейді. Әдебиет дүниесінде мазмұннан көрі форманың жаны сірі екен. Олай болса, әрқандай формаға қалай елеусіз қарауға болады? Кешіріңіз, бұл арада біз форма мен мазмұнды автордың сөз ләмі бойынша екіұдайлап отырмыз. Әйтсе, форма мен мазмұн жекелей алғанда бір-бірінен айрылмайды. Мазмұнсыз форма, формасыз мазмұн болмайды. Мәселен, Толстойдың «Анна Каренинасы» роман, жекелей алғанда оның да формасынан мазмұнын ажыратып алу мүмкін емес. Сондай-ақ, Шолоховтың «Көтерілген тыңыда» роман, тұлғалық жақтан оның да мазмұны мен формасын ажыратып алу мүмкін емес. Ал екі романның мазмұны басқа әңгіме. Осы сынды роман жанры барлыққа келгелі сан мыңдаған шығармалар жазылды, мазмұн жағынан сан мыңы сан басқа, әйтседе, форма жағынан баяғы сол роман жанры. Мұнан әдебиет дүниесінде форманың едәуір тұрақты келетіндігін көруге болады. Халықпен бірге жасасып келе жатқан қазақтың классикалық қара өлеңі де бойына сан-санақсыз мазмұнды дарытқан дәл осындай жаны сірі форма. Олай болса оны мазмұнсыз деуге қалай аузымыз барады.

Тегінде қара өлеңнің төл болмысы төрт таған, яғни, төрт тармақтан тұратын шумақтар. Оның бұл тумыстық бітімі бір ғана нәрсеге, електорнға ғана теңеуге болады. Атомдарға, молекулаларға, небір ұсақ бөлшектерге еркін ене алатын електрондық қасиет қана, қазақ поэзиясының күре тамырын еркін аралайтын қара өлеңге барып тіреледі. Қандай бөлшектерге енседе өз тұлғасын сақтайтын электрон сияқты, бүкіл поэзияны шарқ ұрып араласада, қара өлең өз табиғатын сақтайды. Әдебиет атаулыдан теңеу таба алмай, жаратылыс ғылымына жүгінуіміз орашолақтық болып көрінуі де мүмкін. Қйтпегенде, оғаш теңеулерді ала жүгірмей-ақ, басқа жұртта негізделген аты-жөні бар ұғыммен сипаттасақ, пәтуамыз жүрімді, салауатымыз салмақты болар еді. Шынымызды айтар болсақ, басқа жұрттан қара өлеңді дәлелдейтін, тұрпатын айшықтай түсетін тиянақты пікірді әзірге таппадық. Басқа жұртта дәлелденбеген нәрселер бізде де жоқ болып шығатын дағдыға сүйенсек оңай құтылар ма едік, бірақ, оаған батылымыз бармады. Біріншіден, қара өлең көзі тірі куәгер. Екіншіден, бүкпесіз айтсақ, көңілде күмән болғаны да айқын. Тарихты үзіп жұлмай өз жүлгесімен сабақтағанда, қазақ ауыз әдебиеті XVIII ғасырдан бері зерттеле бастаған екен. Соның ішінде қара өлең қалайша жоқ? Бастап зерттеушілер шет ел ғалымдары екені, әрбірі әртүрлі мақсатпен келгені рас делік, сондығынан да өз тумыстарын да жоқ қара өлеңді тастап қойсын делік. Ал шындап келгенде он тоғызыншы ғасырдың соңғы жартысында басталған ғылыми сипаты басым зерттеу еңбектері неге қара өлеңді шет қалтырды. Бұған келгенде, көңілдегі күмән онан ары ұлғая түседі. Бізде сол жат жұрттық ғалымдар салған сүрлеуден, солар жасап кеткен ғылыми сипаттан әлі толық арыла алмай жүрген тәріздіміз. Осыдан келіп күдігіміз онан сайын ұлғаяды. Шеттен келген ғалымдар қазақ ауыз әдебиетіндегі осындай ірі құбылыстарды өз жұртының иықтас мәдениетімен, онан қалды, әлем әдебиетінің ортақ делінетін құндылықтары ретінде өлшегені, жай келсе, қолайына жаққан дүниелерін өз қоржындарына сала кеткені анық деген ой маза бермейді. Мәселен, Радолв қазақ ауыз әдебиетін екі үлкен топқа жіктеген екен. Ал біз күні бүгінге дейін сол ұзын ырғадан алыстай қоймаған сияқтымыз. Егер біздің өлеңтану ғылымымыз бір белден асқанда, қара өлеңнің көзі бұлайша жаутаңдамас еді. Дүние ұлттарының мәдениетінде, соның ішінде әдебиетінде, алшақтықтан көрі жақындық, парықтан көрі ортақтық көп... біз де өз әдебиетімізді зерттеуде, оны жанрға айыруда елдің теориялық негізін, обьективті заңдылығын дұрыс бейнелеген үлгілерін пайдалануға тиспіз. Жоғарыда аталған зерттеу осы сыңайдағы ойдың ұшығын шығарады. Бірақ, басқа елдің үлгілерінен табылмаған нәрсені қайтеміз? Басқа жұрт тарабынан дәлелденбепті деп ескерусіз қалдырамыз ба? Біздің пайымша, бір халықтың дүниесін зерттеуде ұстанатын ең негізгі алғы шарт ортақтық емес, даралық. Ортақтық даралық атаулының ішінде қамтылады. Даралық болмаса ортақтық болмайды. Сол себепті, біздің негізгі тиянағымыз ұлттар әдебиетінің ортақтығы емес, сол халқ әдебиетін ерекшелейтін даралығы болмақ. Ортақтығы жағынан алғанда, дүние ұлттары әдебиетінің, жаңбырдан соңғы аспан әлеміндей, кемпірқосақтай түрленіп бүкіл адамзат алдында шұғыласын шашып, мың бояулы кейіпте нұр төгуі, сол халық әдебиетінің даралық қасиетінде негізделген. Егер олар ортақтықтан ажырамаған болса, осындай сан алуан мәдениеттің ошағын жасай алмаған болар еді. Сол тәріздес, қазақ ауыз әдебиеті де қатардағы ерекше әсем түр. Өзіндік өрнегі мен бояуы, жарасымы салтанат құрған әлем. Ол әлем әдебиетіндегі ортақтықты осы өз бойындағы даралық сипаты арқылы қабылдап, онан ары құлпыртады. Бізде ауыз әдебиетінің көп парасатынан туған, өз алдына тұрақты жанры бар, үнемі өзгеріп көп вариант қалыптастырып отыратын, халық тіршілігін тіке бейнелейтін, біршама тұрақты дәстүрі бар қасиеті көп айтылып та, жазылып та жүр. Осы ортақтықтан тыс қазақ ауыз әдебиетінің өзіне тән өзгешелігі жоқ па деген заңды сауал туындайды. Мәселен, қазақ ауыз екі тілі мен әдеби тілінің кейбір дыбыстық жақтан кірігуі болмаса, негізгі жақтан парқы аз. Сондай-ақ, тұтас ұлттық тіл көлемінен алғанда, бұзып-жарар диалект жоқ. Ұлттық тілдің бірлігін сақтау мен әдеби тілді қалыптастыру жазба әдебиеттің еншісі десек, бұл еншіні қазақ ауыз әдебиетінің өз үлесіне алуын қалай түсінуге болады? Мұнан басқа, жұртта көп кезіге қоймайтын мынадай бір ерекшелік қазақ жазба әдебиеті мен ауыз әдебиетінің арасында әлде қандай өткел бермейті сапалық парық жоқ. Қайта бір халықтың біртұтас мәдениеті барысындағы бір-біріне берік жалғасқан заңдылық екенін анық. Қазақтың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің арасын үңгіп, парқын үлкейтіп, арасын алшақтата беруге мән бергеннен көрі, екеуінің етенелігін, өзіндік даралығы мен бірлігін, ішкі мығым байланысын ашуға талаптанған жөн. Егер ғылыми бағытымыз бен зерттеу нысанымыз осы бағытқа ойысар болса, жазба әдебиеттің еншісін өз үлесіне алып келген қазақ ауыз әдебиеті қара өлеңнің де классикалық орыны онан ары айқындала түсер еді. Мәселен қара өлеңнің құрдасы қытай халқының «Жырнамасы» өз классикалық бояуын ерте заманда хатқа түсу арқылы әйгілесе, қара өлең өз классикалығын жазба әдебиетінің жүгін қанша заман өзінің қыр арқасына көтеріп заманымызға жеткізгені арқылы танылып отыр. Қытайдың «Жырнамасы» қазірге жеткені 95 тараудан тұратын бір кітап, ал қара өлең толық жиналса, бір емес бірнеше кітапқа жүк болары анық. Тек көлемі жағынан ғана емес, мазмұндық тұрғыдан да халықтың әлеуметтік, рухани өмірінен оған тақырып болмаған сала жоқ. Өзімен бірге жасасқан халқының барша өмір келбетін, салт-дәстүрін, философиясын, этикалық нормаларын, эстетикалық танымын, өмірден өлімге дейінгі барша болмысын толықтай қамтыған өзінше бір әлем. Қысқасы қара өлең – қазақ халқының терең жадысы, рухани темірқазығы тәріздес кепиетті болмыс иесі.

Осындай қара өлеңнің күні бүгінге дейін ауыз әдебиетінің сырмағының шетіне отыруға жолдама ала алмай келуі, бір себептен, күллі жайыт. Сөздің шынын қуғанда, ежелден қазақ ауыз әдебиетінің классикалық төрінде, обьективті өмір сүріп жатқан қара өлең, ешкімнің де қолпаштауы мен жолдамасына зәру емес. Қара өлеңнің классикалық орынын не былай, не олай дейтін әрқандай пайымның күш-қуаты белгілей алмайды. Өзінің табиғаты мен туа бітті бітімі белгілейді. Сол себепті, біздің пайымымызша қара өлең қазақ ауыз әдебиетінің өміршең жанры ғана емес, қара таудай қасиетті тұғыры. Мүмкін жөргегінен шыққан ұлы болған соң, пендешілікпен асырып айтқан, бүйрегіміз бұрып айтқан тұстарымыз көп болған да шығар. Бірақ қара өлеңнің қасиетін малданып, ақиқаттан аттаған тұсымыз жоұ деп есептеймін. Және осы төңіректе асып-төгіліп айтылған сын пікірлер болса, елеп-ескеріп, толықтыруын, біз айта алмаған дүниені жаңа қырынан жеткізуін сұраймыз.

P.S: Қара өлең туралы сөз болғанда, уақыт озған сайын есімі ыстық тарта түсетін, ғылыми дәйектері мен өзгеше пайымдаулары өз құнын тіпті де асыра түсетін бір ұлық есім бар. Ол белгілі аудармашы, әдебиеттанушы ғалым, өлеңтанудың, қара өлеңді зерттеудің жаңа кеңістігін ашқан Әзімхан Тішәнұлы еді. Бұл мақала ғалым Әзімхан Тішәнұлының «Қара өлеңнің елеңі» атты ғылыми зерттеу еңбегінің соңғы бөліктері. Бұл жазбасында ғалым қара өлеңнің құрлысы мен мазмұнына, ондағы ортақтық пен даралық ерекшеліктеріне айрықша тоқталады. Қара өлеңге байланысты әр жерде оқыс айтылып қалатын, оғаш пікірлер төңірегінде сүбелі ой қозғайды. Ғылыми дәлелдер келтіреді. Әсіресе қара өлең табиғатының жадағайлығын, алдыңғы екі тармағының орашолақтау, мағынасыз келетін тұстары туралы, ел ішіндегі бір жақты ойлардың тиянағы негізінде, салиқалы пікірлер ұсынады. Қара өлеңнің халықтық жасампаз дүние екенін, елмен бірге жасасып, елмен бірге өркендеп келе жатқанын баса айтады. Автордың бұл мақаласының бір атын біз, бейресми түрде «Абай және қара өлең» деп атар едік. Өйткені, ғалым, қара өлең туралы өзіндік өміршең дайектерінің біршамасын, Хакімнің өлең туралы көркемдік пайымдары негізінде талдауға тырысады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар