Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

29.04.2015 9166

Оспан батыр

Оспан батыр - adebiportal.kz
Бүгін 29 сәуір – Шығыс Түрікстан қазақтары ұлт-азаттық көтерілісінің көшбасшысы, сахараның соңғы сайыпқыраны Оспан батыр Исламұлының Қытай отаршылдарының қолынан оққа ұшқан күні. Елдің еркіндігі үшін ғазиз басын қатерге тіккен батырдың рухына тағзым, аруағына дұға!
«Әдебиет порталы» халық батыры Оспан Исламұлының азаттық үшін күресіне, көкжалдай жаумен айқасқан өміріне арналған ақындардың жырларын, дастан-толғауларын оқырман назарына ұсынады.

«Басы бар батыр» атылды


Бөрідей шулы атағы,
Оспанды қазір атады.
Айдалып, әне, барды ол,
Ешкіммен жоқтай шатағы.



Түнерген түнек түс-өңі,
Шойындай қара кісі еді.
Қолында, темір көзірі,
Аяқта, батпан кісені.



Былай деді ол: - Ағайын,
дәреттеніп алайын.
Дұғамды оқып соңғы ірет,
Қыбыла жаққа қарайын.

....оқ тиды, Оспан құлады,
Шулады елдің құлағы.
Анадай жерге кетті ұшып,
Алтайы сеңсең тымағы.

Жолбарыс сынды, ақырғы,
«Басы бар батыр» атылды.
Басы жоқ тобыр жалыт етіп,
Қарасын құмға батырды.

Жәркен Бөдеш

Ospan-19521.jpg

1946 жылдың 26 қыркүйегі күні Найман Әбдікәрім Ынтықбайұлы жағынан жазылған, кейін Үрімжіде шығатын «Алтай» журналында басылған «Сәлемде!» деген тақырыпты өлең-толғауды еске алуға болады. Ол толғауында Әбдікәрім Ынтықбайұлы:
«Не оған, не бұларға сатылды ма?!...» деу арқылы, Оспан Батырдың орысқа да, қытайға да сатылмағандығына баса көрсеткен. Онда былай делінген:

СӘЛЕМДЕ!

Сәлемде алтын Алтай асқар белге,
Ондағы айбынды Абақ қалың елге.
Басынан Хантәңірдің қарауылдап,
Біз-дағы тілеулеспіз Ошаң ерге.
Тартылып тау мен дала қысылғанда,
Қысымын тіккен жау мұсылманға.
Кім шықты соған қарсы, Ошаң шықты,
Еңкейіп елдің бәрі ұсынғанда.
Алтайдың сен бекіндің құздарына,
Құздардың сен түнедің мұздарына.
Жастанып қыс қыстауда темір қазық,
Шыдадың қыс суықтың ызғарына.
Көріп ек алып пенен жақынды да,
Атақшыл абыройшыл батырды да.
Шынайы ел қорғаны ер Ошаң ғой,
Не оған, не бұларға сатылды ма?!...
Құдайым пана берсін сол ниетіне,
Кез қылмай қарақшылар жендетіне.
Қормалым, ардагерім, асқар белім,
Ұстаған панам сенсің ел шетіне.

Әбдікәрім Ынтықбайұлы

ospan-batyr.jpg

Оспан батыр

(Хандық мерейтойға орай, Шығыс Түркістандағы Шіңгілде қазақтар ақ киізге орап хан көтерген, қазақтың Кенесарыдан кейінгі ханы Оспан батырға арнаймын)

Тамырыңда қан тулап басыла алмай,

Жарқ-жұрқ ойнап көзде от жасын аумай.

Жаттың ба, Алтай, кеудеңе «бүлік» түсіп –

Елдің мұңы Ертіс боп тасығанда?

Шер алқып – қобыз алқып тіл біткендей,

Ішіне бір сұмдығын қыр бүккендей.

Аспанға «бостандық» деп сөз ұмсынды-ау,

Дүн-дүние теңдік аңсап дүрліккендей.

«Етті деп етекті кіл жанарын көл,

Ашты деп албастылар аранын мол»

Кететін сөйлеп-сөйлеп қарт тарих –

Сүйкей салса домбыра шанағын қол.

Өткенді отыратын безбенге сап,

Болған дейді Оспанға сол кезден жасақ

Ауылда біздің туған бір алып бар,

Оспанды мүсіндейтін сөзбен қашап.

«Оғылан ұл Оспан – пай-пай, дүр еңселі!»

Деп тіктеп алатын да бір еңсені.

«Ошың деп айтатынбыз» дейді тынып,

(Алқымын алады-ау кеп, білем шері).

«Жалғанда ондай батыр жоқ деп біліп,

«Жылтуға» жұртты жанған от деп біліп:

Нөсерлеп құйған оқтың арасында,

Біз сонда жүретінбіз көктеп кіріп.

Тағдыры омыраулаған өр толқын көп

Оян қазақ! Бас көтер, ер серпіл! Деп...

Жауына бірде кесіп айтқан Ошың:

«Шайтанмен де ел үшін келісермін деп»

«Ойхой, Алтай – түркі тақ, күреңшелім,

Басыңды бұлт байлады, білем сенің», –

Деп Ошың сонда бетер түнеретін,

Тұлпарлар қан жуғанда тілерсегін.

Еңіреп есіл күнді несін айтам?!

Ғұмырдың таңы – ылди, кеші – қайқаң...

Шіңгілде Ер Оспанды хан көтердік,

Кенеден кейінгі хан – кесіп айтам!

«Бөрідей шуласады атағы*» үдеп,

Тек «Ошың» деп атайтын қатары көп.

«Ер Оспан» деп онда әлі ардақтайды ел,

«Жау» дейтін Қытаймен де шатағым жоқ!

Дейтін де бүк түсетін өкпелідей,

Бір мінез танытпайтын текке дүлей?

«Әкесін өлтіргендей осылардың,

Ошыңды қағып жүрген шетке кім, ей?»

Осымен болатын сөз тәмәм, ақыр,

Оспан –аңыз, Оспан – шын дара батыр.

Батысың кеше шулап жатса Оспан деп,

Біз де ертең тойлатамыз қара да тұр!

Жалғаған «Азаттық» деп хандық ізін,

Ғасырдың тазартсам деп қанды жүзін.

Кім болсын белін шешпей күрескен хан,

Аңыз боп әспеттелмек – жалғыз ұғым!

*Бөрідей шулап атағы – Жәркен Бөдеш.

Қозыбай Құрман

Оспан-бинокль-299x175.jpg

Оспан батырдың соңғы сөзі

(Оспан Батыр өсиеті)

Дариға-ай, бастан дәурен ұшқалы тұр
Ер Оспан қара жерді-ай құшқалы тұр
Қайтейін, қызыл тілім байланып тұр
Алдымда ата-жауым дұшпаным тұр
Несіне сұм ажалдан жасқанайын
Мен неге. Басқа уайым, басқа қайғы
Туған жер құшағыңа алшы мені
Киелі топрағыңды-ай жастанайын
ооооооооооооо-оооу
Болды-ау арман, дүние жалған
Киелі топрағыңды жастанайын.

Дүние-ай бізден дағы қалар болды
Жаратқан Оспан құлын алар болды
Жұртыма жан айқайым жетер ме екен
Жан алғыш жағама қол салар болды
Жалған-ай, арман болған ақ таңым-ай
Күнімнің қас-қағымда батқаны ма-ай
Жерімді жат қолына берме құдай
Елімді есен-аман сақта құдай
оооооооооооо-оооу
Болды-ау арман, дүние жалған
Елімді есен-аман сақта құдай

Ұлың құл, қызың күң боп өтпесе екен
Басыңнан бақыт құсы кетпесе екен
Қор болып тордай тозған сорлы қазақ
Көл қылып көздің жасын төкпесе екен
Тәңірден бармақтай-ақ бақ сұрадым
Қу соғыс жалмап кетті-ай жақсыларын
Жерімді елім саған аманаттап
Елімді ерім саған тапсырамын
оооооооооооо-оооу
Болды-ау арман, дүние жалған
Елімді елім саған тапсырамын.

Тәуелді-ай сауық құрып сайраңдаған
Туыстап қол бастаған қайран заман
Кек қалды-ай ата-жаудан алынбаған
Қынапта қылыш қалды-ай қайралмаған
Бабамның бақа жұртта басы қалды
Анамның тұлақ толып жасы қалды
Қош енді қайран елім, қайран жерім
Оспанның өсиеті осы болды
ооооооооооооо-оооу
Болды-ау арман, дүние жалған
Оспанның соңғы демі-ай осы болды.

Ғалым ҚАБИБЕКҰЛЫ

скачанные файлы.jpg

ОСПАН БАТЫРДЫҢ АҚЫРЫ

(поэма)

«Батыр болып қару ұстап жауға шапқан екенсің алдыңда сенен де асқан батыр барына күмәнсіз сенуің керек. Әйтпейінше жеңіске жету мүмкін емес» (Оспан батыр)

Әлқисса

Қол аяғы кісендеулі алып тұлға батыр Оспан арайлы,

Қақпан басқан көкжал қасқыр секілденіп көк аспанға қарайды.

Алпамсадай түкті кеуде, білек, самай бұлшынынан қан ағады

оны ешбір сезбегендей аласұрып жарайды,

Маңайында оқты мылтық, сайман алған сақшыларды

шоқтай жанған жанарымен «сабайды»

Еңгезердей есіл бітім ер тұлғасын еңкейтпейді тіктейді,

Тауға қарап түнереді өзін де сол тауға балап тізе белін, бүкпейді.

Жалт қараған қарасымен, оқыс жылдам қимылымен

тобырларға үркек үрей жүктейді,

Енді алдыңғы уақыттан тек өлімнен басқа ештеме күтпейді.

Қалай мейілі қарасаңда темір құрсау тор қаптаған түнек түрме, абақты,

Бұл түнек, тор көкке шапшып аласұрған қанша арыстан азаматты

түкке тұрмас қаншықтарға талатты.

Тау тағысы Оспанның да жан жағынан

жау иттері абалайды жүзді алмас жарақты,

Не қыласың құдіреті күшті тағдыр бұл күнді де алға тартып

хас ерлікті қанатты ғой қанатты…

І

Қытайдың бар армиясын бастаған

Алысты да, жақынды да ақылымен, айласымен жасқаған

Бар еді бір генералы

қулық, сұмдық жан ұясы, және шешен, тас табан

Оспан жайлы көп естіген бұрын соңды басқадан.

Алғашында көзге ілмеген:

«Қазақтың аз қарақшысын

қас қағымда жояа салам» – деп шешкен,

Қаншама мың әскер сайлап:

«Құртып кел» – деп жарлық беріп

талай рет уақытқа шек кескен.

Өзі дағы талай барған

Бірақ айла таба алмаған,

ер Оспанның қарасын да көре алмаған. Содан соң:

«Әттең қолға бір түсірсем» – деп тістеніп

көз көрмеген қазақ ермен өлгендейін кектескен.

Содан бері көп уақыт өтті жортып

дүниенің дүрлікпесін ескермей,

Бұл генерал шыдамады «ОСПАН» – деген көшке ермей.

«Оспан сөйтті:

Жүз әскерді, мың әскерді, бүкіл бүтін қосынды да

түгін қоймай жайпап кетті…» күнде естілді дес бермей,

Қалатұғын еш шара жоқ өштенбей.

Осылайша ол қаншама жыл құрбан шалып құр атын,

Өзін өзі қорға балап, өзін өзі басқа сабап ұратын.

Күні бойы ОСПАН деп ол ауа жұтып,

ал жатқанда ОСПАН деп ол басын қойып жастыққа,

Таң атқанда ОСПАН деп ол

қара басқан өз түсінен зәресі ұшып төсегінен тұратын.

Енді міне құдай берді тау тағысын кісендеуге

тағы да бір сатқын қазақ жол ашты,

Өйтпегенде батыр Оспан артына ертіп кетер еді

барша Қазақ алашты.

Онда сірә таудың елі өз жағына шешер еді таласты,

Амал қанша Қытайлардың айласы мен бағы асты

Сол генерал: «ОСПАН ҚОЛҒА ТҮСТІ» – деген

жақсы хабар келгенде,

Қолды аяққа тоқтамады

көп байланған көңілінің бұлты ашылып шерменде.

«Өзім барып көрем – деді, барып «сәлем» берем – деді,

батыр Оспан «жолаушылап» келгенде,

Әгәрәкім көрмей қалсам тыныш өле алмаспын мен өлгенде»

– деп хабар сап бес қаруын асынып,

Ер Оспанға кездеспекке өзі келген асығып.

Келе сала: «Алдыма оны ап кел деді, жетектеп,

Ол кешікпей менен шыбын жанын сұрап

жалынғанын көресіңдер бас ұрып…»

Жарлық екі етілген жоқ,

кешіккен де жоқ әрине уақытты санатып,

Қаншама мың көпшілікті жинап қойған

алдын ала жариясын таратып.

Үлкен алаң ортасына қарулы әскер қоршап алып келді де,

Құрсауланған ер Оспанды отырғызды

генералдың қарсы алдынан қаратып.

Сап-сарала сәнді бастық

бұрқылдатып тарта отырып шылымын,

Саусағымен тарай тұрып маңдайына ентелеген тұлымын.

Тұтқын ерді бастан аяқ тінтіп шықты көзімен,

Анықтап бір алмақ үшін

бұрын елден естіп келген шала-шарпы ұғымын.

Ауыздардан ауыздарға жалғастырып аңыз етіп

айтса адамдар айтқандай-ақ:

Аңғал-саңғал алып дене нар мүсін,

Кең пішілген алып тұлға келбет пішін –

паш еткендей көшпенді елдің ата баба арғысын.

Қар боратқан түксиінкі қалың қабақ

адам жетпес бұлт үйрілген қарлы шың.

Отырысы, оқыс шашпаң қозғалысы –

жыртқыш таймас аш қырандай айқастырған шалғысын.

Сосын барып көзін тіктеп қарап еді тау ұлының көзіне,

Ол да тура тесе қарап отыр екен өзіне.

Көздеріне көзі түсіп кеткен кезде

селк еткендей шошып қалды генерал,

Қарсыластың жанарынан

ешқашанда қайтпайтұғын өткірлікті сезіне.

Бірден қарсы кеп қалған соң

тез тайсақтап кете алмады қытай жігіт сынаптай,

Көп алдында аз мұз ғана телмірісті намыс туын құлатпай.

Бірақ, бірақ

Қарсы алдынан тіке салған

жан шошырлық қанталаған екі көз,

Оның тұла бойын өртеп бара жатты шыдатпай…

Жан шошырлық қанталаған сол екі көз ішіп жейді

хас дыраумен қақ маңдайдан ұрғандай,

Терең, тұнық, көмір қара –

қарсы алдыңнан қарап тұрып қатерлі тор құрғандай.

Неге болса дайын алғыр онысын еш жасырмай,

«Кел екеуміз сайысайық, тайталасқа түсейік» – деп тұрғандай.

Бұдан арғы тайталасқа қарсы тұру қолдан келер іс емесін түсінді,

Түсінді де көзін жылдам басқа жаққа ала қашты

қайсарлықтың құсын бойдан ұшырды.

Іштей шексіз тамашалап таңырқады

өрт пен тастан жаратылған таңғажайып мүсінді,

Рәсіми екі үш сұрақ ұсынды:

«Кімсің – деді, не қылмыспен келдің» – деді

зілі сөнген айбарменен ақырды,

«Жауап бер» – деп қолындағы тапаншасын

шошаңдатты сұс көрсетіп батылды.

Сосын тағы ескертті оған:

«Егер бізге өз еркіңмен басыңды иіп

қызмет етсең және ерлік көрсетсең,

Үлкен сыйлық беріледі, қолбасшы боп сайланасың.

Бұл әрине саған берген зор мүмкіндік ақырғы.

Кәзір маған жауабыңды айт ой жібермей басқаға,

Сөзің маған ұнар болсын,

онда қыста көк балдырған гүл егесің тасқа да.

Егер сөзің ұнамаса және менің айтқаныма көнбей жатсаң

осы алаңда, осы халық алдында,

Ертең түсте атыласың. Ал кәнеки сөйле» – деді,

мұртын сипап кеуде керіп мастана

Сонда ғана батыр Оспан орынынан көтерілді

маңғаздана көз жіберіп алысқа,

Ашу, ызы және мысқыл тебіндеген

өң келбеті бекінгендей ұзақ ұлы жарысқа.

Алаң толы көп қалайық тым тырыс боп ішке тартып демдерін,

Қарап тұрды алып тұлға арысқа.

Маңғаз батыр аз тұрды да нажағайдай жалт бұрылды

масаттана сауал қойған дұшпанға,

Өр мінезін тоғыстырып сабыр салмақ ұстамға:

«Өй ақымақ не деп тұрсың сандалып,

Танымасаң Қазақ деген бір халық бар өр халық

Өлсе дағы ол бас имейді сен сықылды тышқанға.

Сол биіктен көтерілген мен көкбөрі Оспан деген ерлікпін,

Жүзі деп біл өрттіліктің, өрліктің.

Көп дұшпанға қолым тиді, оғым тиді тар жолында теңдіктің,

Нарқы осындай, парқы осындай боп келеді ертеңі асқақ елдіктің.

Қылмысым сол:

Жанынан да, арынан да биік қойып ас қамын,

Әлін білмей жайын елге қол көтерген шапырлардың

қанын судай шашқаным,

Лайламай тазалықтың, ұлылықтың бастауын,

Биіктерден асқаным.

Сендей сайқал қайдан ұқсын

ондай асқар асқақтықтың астарын.

Жәңе тағы не дедің сен:

«Егер бізге басыңды иіп ерлік етсең сыйлық берем» – дедің бе,

«Ал өйтпесең атыласың тегінде…»

Өй байқұс – ай өлім деген сендер үшін қорқыныш ә,

ал біз үшін ойыншық,

Көк тағысы қыран бүркіт

інге кіріп күн көрмейді, көз жұмады көгінде.

ОСПАН деген – ордалы елдің қолға ұстаған

қынабы жоқ қылышы,

Ол иілсе ел сынады, шайқалады ырысы.

Өйтіп мына тұғырлы елді

тұтқын етіп сатқын өмір кешкенше,

Тұлпар кеудем оқты мылтық ауызына

қарсы тұрып тамамдалсын, дұрысы.

Ерлік деген дұшпанына бас иіуден басталад деп

қандай әкең нұсқады,

Сен жақсылап ұқ мынаны

біздер сірә жалғамаймыз жамауға әкеп қысқаны.

Таудың елі тауға ғана бас иеді,

тілейді олар құзар биік ұшпаны,

Қатындарға қатын болып жарық көру

сен секілді сүмелектің ұстамы.

Өлімменен таусылмайды

батырлардың маңдайдағы бақ кені,

Хас қыранның қанатына тарлық етер

жаймашуақ жат көгі.

Батыр болсаң қолымды шеш қылыш ұстат

жекпе жекте басыңды бер ерлікпен,

Оған дәтің жетпейді екен қымсынбаймын

қарсы алдымнан қарап тұрып ат мені.

Әй білмеймін оған дағы дәтің жетпес

сенде жалын көрінбейді ақ алмастай жарқылдар,

Ондай жалын сенде болар жөні де жоқ

әлмисақтан табан жалап тамақ табар салтың бар.

Қол аяғым байлауында

қол, тізеңді қалтыратып атсаң мүмкін көз жұмып,

Менің ерлік еркіндігім күнде сенің түсіңде кеп

тышқан алған мысықтай боп алқымдар.

Болды менің сөзім бітті, не қыласың қыларыңды қыла бер,

Жүз жыл мүмкін өтсе дағы мені ұмыт қып өшірмейді

алтын Алтай қырқасы мен құба бел.

Ел басына оңайлықпен бақ қонбайды

есілдері жанын пида етпесе,

Ел жері үшін жанын қиған қыршындарын

мәңгі бақи құрметтеумен тынады ел»

Осылай деп батыр жігіт айтар сөзін айтып әбден болғасын,

Қарсы қарап күлімдеді, басын шайқап мүсіркеді қолбасын.

Сосын сона-ау мұнар тұнған

көк аспанға ұзақ қарап күрсінді де бұрылып,

Шынжыр кісен құрсаулырын сүйретіп ап жүре берді

жау ішіне қалдырғандай жолдасын.

Көпті көрген әккі бастық қозғалмады, түк демеді

ашуланып айрылмады нарқынан,

Оспан батыр көз алдында

ұзап бара жатты айнымай батырлықтың шартынан.

Арлан төбет көк бөріге алыс шеттен абалаған

иттеріндей ауылдың,

Жан жағынан

мылтық сайман қаруларын шошаңдатып

бір топ сақшы еріп кетті артынан.

Қытай сардар бөлмесіне келген соң да көп отырды сарылып,

Жалтармайтын қайсарлықты жауып қойып жайсаңдыққа, салынып.

Құлағынан өшпей қойды әлгіндегі кекке толы ащы шындық табы нық,

Көз алдынан кетпей қойды

өлімнен де тайсалмайтын тауға тартқан тағылық.

Ол ойлады:

«Әй адамзат біздер неге осығұрша жауласамыз тістесіп,

Ақыл ойдың талғамын да ары кеткен арам тамақ күш кесіп.

Ардың туы секілденген әлгі батыр азаматта

алты атамның қанды құны кеткен жоқ,

Не жетпейді ағамдай ғып артына еріп аралассам іштесіп.

Ол да ертең атылады,

мен де бір күн оқты мылтық ауызында жан берем,

Осылайша жалғасады

жалған намыс тамақтанып таң атырар қанменен.

Менің де әлгі құрсауланған хас батырдан айырмам не

қуыршақпын күн өткізген жарлықпен,

Амал қанша қолдан келсе еркін беріп:

«Асқар биік тауларыңда

Арқар, Киік секілденіп ойнақ салып қал» дер ем.

Не шара бар онда ертең мен тұрамын дар ағаштың астында,

Жан беруге болар еді қолдан келмес бөгеу салу

қыңыр қисық «САЯСАТ» деп аталатын тасқынға.

Енді сенің келбетіңді көруге де менің дәтім жетер емес

құдай жазса о жалғанда дотасармыз армансыз,

Жолың болсын хас тұлға»

– деп күбірлеп тағы біраз отырды да:

«КЕЛІҢДЕР» деп дауыстады,

келді жетіп жарлық күткен жақындар,

«Былай болсын – деді, сардар:

Әлгі қазақ батырында менің бөлек қақым бар.

Тілесе егер майлы тамақ ет беріңдер,

тыныш ұйқтап шықсын бүгін маңайына бармаңдар,

Ертең түсте сауыт сайман киіндіріп,

қару жарақ асындырып жалғыз оқпен атыңдар»

(күбірледі: Қолдан келген бар көмегім осы болды

дәтке қуат дәрі болып көңілімде сақталсын,

Дәрменсіздік дәу басыма құлама шың шатқалсың.

Қанды тарих қас қағымның қалтарысын қате қылмай қаттарсың,

Таудың тағы тарлан ұлы тары өмірден батырлықпен аттансын)

– деді бастық жалаңдаған жарлық ары жалғасты да жымдасты,

Өр Алтайдың өр шыңдарын артқа тастап күлімдеген күн қашты.

Айналаны түнектеніп түн басты.

Мұнар тұнған құм төбелер

мың жыл бұрын жер боп кеткен молалармен мұңдасты.

ІІ

Түн ортасы, түрме төрі, шам жарығы Оспан отыр ойланып,

Мына өмірдің соңғы сағат, минуттары өтіп жатыр айланып.

Батыр оған быж-шыж болып қам жемеді көңіліне қайғы алып,

Басқа жағдай қинайды оның жүрегіне тас кесек боп байланып.

Өлім деген бас ауыртар жағдай емес

демің бітсе басқа түрге енесің,

Сол мәселе:

Өмір сүрген уақытта

адалдықпен аса алдың ба адамдықтың белесін.

Батыр бүгін соны ойлады

өзіне өзі есеп беріп ар алдына жүгінді,

Көз алдынан көлбеңдетіп

тағдырының тауқыметті кейін қалған елесін.

«Қане ойлап көрейінші

осы менің аз өмірім өткен жоқ па бекерге,

Дәуірімде дәрменді іске қол создым ба дәтке қуат етерге.

Жиырмасыншы ғасырменен бірге келдім

өмір деген тыштығы жоқ тайталасты мекенге,

Не бітірдім таласпенен күн өткізіп

тайғанақтап сол мекеннен кетерде.

Атаға ұл, ағаларға ізгі іні, інілерге аға болдым ардақты,

Жарға жолдас, ұл қызыма әке болдым салтанатты салмақты.

Ағайынға ағайын да боп шыдадым,

жауларыма жау да болдым жан жақты,

Бірақ, бірақ тағдыр менің тағдырымды қалай қалай аунатты.

Елім дедім, жерім дедім, ұрпақ дедім, ұлтым дедім

жүк көтердім арықтап,

Осыларға көз алартып бір жұдырық бергендерге

мың жұдырық артық бердім шарықтап.

Көп замандас жігіттерді артыма ерттім

жақсылықты жамандықты бірге істеттім талқыламай парықтап,

Бірақ менің осы істерім жөн болды ма,

дөң болды ма төрелігін кім айтады анықтап.

Жәңегі сол … дегендерім нақ болды ма

немесе жай жалған намыс қоздырдым ба бостан босқа қадалып,

Келемажға қалдырды ма кемістікке жол салдырып шалалық.

Осы, осы, осы менің ой жетпеген дүнием,

Келешегім менің қандай істерімді

рухына жапсырады үлгі, өнеге – пана ғып.

Батырым деп бағалай ма,

Қарақшы деп қаралай ма қай тарапқа жетелейді көшімді,

Дұшпанынан сақтануды теңдік дей ме,

Тітіркенбей бас шабуды ерлік дей ме керемет бір кесімді.

Қайтпас менің қайсарлығым есерлікке ереже боп жау таба ма кесірлі,

Сайыпқыран жайсаңдығым өткірлікке өсиет боп қайтара ма өшімді.

Жеңілісім, жеңісім бар ол әрине мақтан да емес,

өкініш те боп қалмайды мен үшін,

Дарынмен де, арынмен де аз уақыт

жаушылықтан сақтап жүрдім ел ішін.

Ғылым, білім әуелбастан алыс қашақ тартты менен желісін,

Тарлық етіп қинамады,

кеңдік қылып сүйретіліп қалған да жоқ кіреукем мен кебісім.

Не түсіндім.

Өмір деген жарыс, күрес, соғыс екен,

басқа ешқандай ғажабы жоқ төр екен,

Бейнет, қайғы, сөгіс, мақтау – солар үшін төгетінің тер екен.

Жұмсақтан да қаттылығы, ақкөңілден алауызы көп екен,

Болды бітті ақыр соңы барар жерің көр екен.

Жарыс болса озу менен тозу да бар,

күрес болса жығу да бар

тек бір жаққа жазылмайды жығылыс,

Соғыс болса жеңіліс пен жеңіс деген

екі жаққа кезек келіп тұратұғын құбылыс.

Батырмын деп бас көтерсең

сенен асқан батыр шығар алдыңнан,

Нашармын деп жаси қалсаң

сенен төмен сан мың адам

сан себеппен көріп жатыр қырылыс.

Тірлік деген – тікенектен тіккен орда

тілектінің жағдайы жоқ тыш табар,

Билік деген – күтімі көп, бітімі жоқ бітеу тұмса бір биік бар,

оған жуық болады екен ақыл есі қысқалар.

Атақ деген – шығуға оңай, төмен түсу сатысы жоқ ұшпа бар,

Адам деген – қуаныштан қайғы жасап шығаратын ұсталар…

Не бітірдім?

Ештеме де бітірмедім

дүниеге желіп келіп куәсі боп желігі көп шақтардың,

Аялдамай аттан түсіп аттандым.

Мысалы сол балшық илеп кірпіш соқпай

кептірген жан секілді,

Желік қуған жас баланың ісін ғана атқардым.

Екі көзім қанталап,

Бүтін елдің ауырлығын нар атандай көтермек ем арқалап.

Сүзгіш бұқа секілденіп

маған қарсы көз алартып тұрып алды шартарап.

Елу бір жас аздық етті босқа қалды зар зар еткен зар талап.

Мен жететін меже қайда, өзегімді өртке салып нені арман еттім мен:

Сол арман ғой жүрегіме шемен болып шекеме шер шектірген.

Төрткүл мына дүниенің төрт бұрышын мекен етіп шет жүрген,

Төбел аттың төбеліндей аз қазақты

бір төбеге жинап әкеп бір шаңырақ көтеріп,

Көп қазақтың құлы болып көрге кірсем деген едім көп кірген

Әттең, әттең амал қанша түк бітірмей

панасы жоқ жетім қыздай жылай жылай кеттім мен.

Қылқындырып қыл арқанды салса дағы мойныма,

Үзер едім быт-шыт қылып іс бітпеді

құдай мені қолдамай-ақ қойды ма.

Ой дүние-ай!

Қайран Қазақ.., қайран Қазақ…

ақыр түбің қайда барып.., қайда барып…

қалай тамам.., қалай тамам.. болады…» –

– деген кезде қан аралас жалғыз тамшы жетім көзжас

сырғып түсті, сырғып түсті қойнына.

(Оспан батыр Оспан болып жаралғаннан көзінен жас төгіп пе еді

көкірегі қара түнек мұң қонып,

Төккен, төккен ер басына іс түскенде сын болып.

Ойлап тұрсаң өмір қызық естен кетпес үш жылапты

үш рет те әйелден боп жылапты,

Тұңғұйыққа тірелгендей ет жүрегі құм болып.

Не десеңіз:

Сонау ерте жиырмаға да ілінбеген албырт бұла кезінде,

Бір сулуға ғашық болған дауыл ойнап бозбалалық сезімде.

Қанша өртеніп жалынса да адам ба деп көзге іліп ескермеген сол ару,

Сонда жігіт шек қоя алмай төзімге:

«Мына сұлу ат болса егер жүген құрық тигізбеген бір адам,

Он аттатпай шалма салып,

аң болса егер жалғыз оққа іліндіріп шыдар едім жырадан.

Аспан көктің ақ еркесі алтын қанат құс болса егер

құрған тоға түсірер ем шаршамай,

Маған деген сезімі жоқ

шын сүймеген жат жүрекке не шара деп» жылаған.

Онан кейін

Алладан да артық сыйлап аялаған жан анасы мәңгілікке құлаған

Сонда батыр өзіне өзі шек қоя алмай ағыл тегіл жасын төгіп шырадан:

«Қандай күшті жау шапса да бір тал самай шашына да дақ түсірмей

анамды мен аман сақатап қалар ем,

Ара түсер еш амал жоқ тура ажалға не шара деп» жылаған.

Кейінірек күнде неше кез келетін

кескілестің біреуінде ер шыдамын сынаған,

Жолдастары жалғыз өзін жау ішіне қалдырғаны бар еді бір

қол ұштарын жеткізе алмай кім адам.

Сонда өзінің екі қызы

жан таласып атысумен алып шыққан әкесін,

Сонда есіл ер:

«Ерге бермес менің батыр қыздарымды

атқа мініп, мылтық ұстап көрмеген бір ерсымақтар

қатын етіп алады ау деп» жылаған)

Қайран Қазақ.., қайран Қазақ… Елім… деген

қайран есіл түндігі жоқ түрме ішінде кешті жалғыз сарсаңды,

Ащы көзжас шерлі мұңын ішке жұтып

тар кеудені ойран етіп тамсанды.

Содан барып өзін өзі сабасына түсіргендей

көк жалынмен ауыр-ауыр күрсініп,

Көп отырды ,

отырды да күңіреніп

мынандай бір ән салды:

«Қысылмай қызыл тілім сайра менің,

Ер Оспан елге тіккен байрақ едің.

Ұмыт қып күндіз күлкі, түнде ұйқыны,

Қорғаған қаласың – ау қайран елім.

Астымда ат, айналамда дос барында,

Дұшпанның шөптей шаптым бастарын да.

Қайтейін қалың елге қамал едім,

Қысқа өмір өте шықты-ау қас қағымда.

Қайран ел жылқы баққан шұрқыратып,

Қор болдың қайғы шерге жұлқылатып.

Доңызға айландырмақ ойлары бар,

Доңыздар қыран елді қырқып атып.

Адамзат бәс тігесің құтырасың,

Бәрі бір сұм жалғанға ұтыласың.

Сенемін қазақ деген қайсар елім,

Бір күні бұл құрсаудан құтыласың.

Өмірде ашық тұрар бес күн есік,

Көп жерде кертартпадан өшті несіп.

Жанымды ар намысқа айырбастап,

Керейге кек әпердім кескілесіп.

Өмірдің өртке оранған бұралаңы,

Түбінде ер жігіттен сын алады.

Бұл қазақ Оспансыз да өмір сүрер,

Кім менің жан сырымды ұға алады.

Ұрандап «Жәнібектеп» ақырғанда,

Батылдық қашушы еді батырдан да.

Шуылдап қалың Керей жоқтарсыңдар,

Қор болып батыр Оспан атылғанда.

Өлім тұр тісін қайрап тосып алдан,

Қымсынып мен аулақпын шошынардан.

Бұл Оспан тірісінде талай өлген,

Бұл кеуде талай оқты тосып алған..

Ақырғы сөзімді қас, хан тыңдасын,

Қазақтың намыс оты лапылдасын.

От шашқан оқты мылтық аузында да,

Нарттығым наркескендей жарқылдасын.

Осылай аспан көкте бағам қалсын,

Жас ұрпақ жазылмаған жарамды алсын.

Артына мәңгі өшпейтін жалын тастап,

Тағы, мәрт, тарлан өмір тамамдалсын.

«Жүгірген тау жебелеп көк бөрілер,

Бір күні ат артына бөктерілер»

Деген сөз риясыз шындық екен,

Кез болды шектеулі өмір шектелінер.

Тоқтат деп қалың жауды жол ортада,

Қалың ел ту ғып тіктің топ ораңа.

Ал енді алтын Алтай құшағыңды аш,

Симадым, сия алмадым жон арқаңа,

Қайсар ұл кеңдік болсын кегіңде де,

Қан болсын көзжасың да, теріңде де.

Қан қақсап Қазақ үшін қан төкпесең,

Мен тыныш жата алмаспын көрімде де.

Өмірін гүлдендірген азаппенен,

Мәңгілік майдансасқан мазақпенен.

Бір ұлың жарық үшін жанып өтті,

Қалың ел қош есен бол Қазақ деген…»

ІІІ

Дар тақтасы дарабоз жан дара тұрды

анталаған көп халықтың алдында,

Нұр шуағы қап-қара боп сорғалады ақ уыз сүт таңның да.

Өр Алтайдың ақ самалы еспей қойды көк өрім шақ шалғында.

Ешкім тіке қарамады қашқалақтап алып батыр алғырға.

Алтын күн де шықпай қойды

қара түнек бұлт астына нұрлы жүзін далдалап,

Қабақтарын олар да ашпай қойды соно-оу

аспан көкті иықтаған құлама құз жарқабақ.

Халық тұрды үн шығармай ағыл-тегіл іштей жылап

көзін жұмып «Алла-лап»

Оқты мылтық кезеніскен отыз шақты әскер тұрды

жарлық күткен қара дінді қанбалақ.

Батыр Оспан тік кеудесін қозғалтпастан

алға қарай бір аттады анталап,

Алдындағы отыз әскер абыр-сабыр үрейленді

шүріппеге қолын қойып көз сұқтарын қанталап.

Қара түнек жауын құйып келе жатты қыбыладан қыр жақтан.

Жігерлі де қатал үнмен сөз бастады

есіл берен жай бір тұрып нар тағат:

– О жасаған! Пендең едім пенделікпен өмір кешіп

пенделікпен тамамдалып барамын,

Мені адам еткен елдің ұлы болып жаратылып

құлы болып күн өткізіп,

Құрбаны боп арандалдым даланың.

О жасаған саған мәлім дүниеге ашылған жоқ араным,

Жетім тайдай ҚАЗАҚ деген сорлы елімнің зары болды зар – әнім.

Мені жоқтан бар болдырған қасиетті қайран далам, паң далам,

Сай саласын мал бітеген, мал жетпеген тау мен тасы аң далам.

Елін қорғап, жерін қорғап, тілін қорғап тамамдалған әр бабам,

Мен дағы сол қайда туып қайда өлмеген

қөп қазақтың біреуімін сар далам.

Мені ардақтап аялаған соры қалың сорлы елім,

Үзбек болып тепсем дағы үзе алмадым

сенің тары тағдырыңа лақтырған торды елім.

Көп іздедім таба алмадым сені аман алып шығар жол дедім,

Енді уақыт таусылғанда

өзегімді өртеп тұрған қайғы шерім сол менің.

Ер боп туып жаратылып лауладым өрт болып

Кем боп сірә көргемін жоқ сергелдеңде сес көрсеттім серт болып.

Жем боп желке қидырмадым құламасам мерт болып,

Тең боп мыңмен тайталастым дер кезінде делебеме «дерт» қонып.

Ешқашанда дұшпандарға әлсіз етіп көрсеткем жоқ

ҚАЗАҚ деген халықты,

Сарбаздарым тайталаста өжеттікпен өктемдікті сан ұтты.

Таудың халқын тау ішінен, ат үстінен

Кім болса да жеңе алмайтын таудың заңын талғамсызға танытты,

Млиондар ондығымды дегеніне көндіре алмай зарықты.

Көп ит бір жақ, көк ит бір жақ болған кезде

Арыстан боп ақырдым,

Қасиетті бабалардың арманы асқақ аруағын

ұран етіп шақырдым.

Атар таңды оқ жастанып атырдым

Тіс батпайтын қара тасқа азуымды батырдым

Жауға түссем жалын атып тұрушы еді шабытым,

Атар таңның атушы еді таңы тың,

Мен ұрандап «ЖӘНІБЕКТЕП»

ақбоз атпен жауға қарсы шапқанда,

Жауларымның көздеп атқан оғы шейін өзгертетін бағытын.

Оспанның сол Оспандығы елден ерек жаралған соң еңселі,

Басын иіп жапырылды жауларымның өңшеңі.

Қан төгіскен кескілесте оқ өткізбей сақтап жүрді

ет денемді қазақ қойдың сеңсеңі,

Қылышымның дірілдеген өткірлігі

Қазағымның күлімдеген қыз тағдырын аз уақыт өлшеді.

Мені медеу ес санады ел жұртымның шаласы да, данасы,

Сақтап қалдым мен соларды

өртке толып жатса дағы аспан мен жер арасы.

«ОСПАН» десе жауларымның өзі тұрмақ

уанатын ес білмейтін жылып жатқан баласы.

Мен кеткен соң неше ғасыр шулап жатар

Алтайымның даласы.

Анашымның ақ уызын өмір бойы көк жалын ғып таусадым,

Содан кейін еске алғам жоқ алдымдағы қара шобыр жау санын.

Кең әлемге сиыспаған көп Қытайды

тартпаменен шөп шапқандай қаусадым,

Деп ойладым «көп болсаңда көп кешікпей таусамын»

Амал бар ма таусатын ем таратпасам қосынды,

Ежелгі сол қазағымның алауыздық ауыруы

тағы менің алдыма кеп тосылды.

Оның да бір ем дауасын табар едім

көп ҚЫТАЙҒА МОНҒОЛ, ОРЫС қосындары қосылды,

Содан кейін қаным судай жосылды.

Бір басымды үшке бөлдім

от пен судың арасында жан таластым алыстым,

Талай талай Қытайдың да, Монғолдың да,

Орыстың да басын кестім, қан іштім.

Көрдім және көз алдымда аттан түсіп жан бергенін

жанашырым азаматым арыстың,

Ақыры сол маңдайыма

Алла жазған тағдырыммен табыстым.

Аздық еттім үш төбетке бір қасқырдың салауаты жетпеді,

Дәрмен күшім дәрілі өрттей арманымды шектеді.

Бұл қайғы емес қол аяғым темір тормен кісендеулі жатса да,

Өр сенімім көкейімде көк ормандай көктеді.

Оқасы жоқ бұл дүние шыр айланып өтеді ғой өтеді,

Көк дауылда шұрқыратып

көкалалы көп жылқыға тиген көкжал

қапелімде қақпан басса нетеді.

Мен сенемін елім сенің несібеңді Алла несіп етеді,

Бір Оспанды тапқан елдің

он Оспанды жаратуға дәт дәрмені жетеді.

Өкінбеймін тағдыр жазған тағдырыма иілем,

Жауларымнан жеңілгем жоқ

рухымның өрт қалпымен қалғанына сүйінем.

Тек ғана сол мыңға жалғыз төтеп берген

ер басымды қор етіп,

Темір арқан құрсауменен байлап қойып

бір жаманның атарына күйінем…

Сәлем деңдер отқа жанбас, суға батпас

ҚАЗАҚ деген қайсар елдің ұрқына,

Барша әлемге тарасаң да ту тігіңдер

ата бабаң аруағын тастап кеткен жұртына.

Бір тамшы су тимесе де таңдайыңа,

бір тілім нан жұқпаса да ұртыңа:

У ТИМЕСІН ҰЛТЫҢА!..

У ТИМЕСІН ҰЛТЫҢА!!.

У ТИМЕСІН ҰЛТЫҢА!!!

– деп тоқтады.

Оның сөзін ел тыңдады,

кәрі мен жас жігерлері топырақ боп тыңдады,

Жер тыңдады,

жаңғырық қып жалғастырды

Атырау мен Арқа жаққа Алтай асқар шыңдары.

Келін-кепшек, қыз тыңдады құрсақтары бүлк етісті,

жас сәбилер құндағында шіреністі

тал бесіктер сықырлады сынғалы,

Мың жылдардың алдындағы молалар мен көр тыңдады,

орынынан аунап түсті қайсар елдің аруақты ұлдары.

Оспан батыр алға қарай тағы да бір аттады,

Қарулы анау әскерлерді үрей билеп тағы оқталды атқалы.

Оспан батыр еш тайсалмай әскерлерге көзін қадап

алға қарай тағы да бір аттады,

«АТЫҢДАР!» деп айғай салды әскер басы

шарт етісті… шарт етісті… отыз мылтық шақпағы.

Оспан батыр жығылмады

еш теңселмей кейін қарай бір-ақ рет аттады,

«АТЫҢДАР!» деп құтырынды әскер басы

шарт етісті… шарт етісті… отыз мылтық шақпағы.

Оспан батыр жығылмады

еш теңселмей кейін қарай тағы да бір аттады,

«АТСАҢДАРШЫ, АТЫҢДАР!» деп құтырынды әске басы

шарт етісті… шарт етісті… отыз мылтық шақпағы.

Оспан батыр жығылмады

еш теңселмей кейін қарай тағы да бір аттады,

ТОҚТАДЫ…

Шарт еткен жоқ мылтықтардың шақпағы.

Күлімдеді, батырлығы алдаған жоқ

рауандап келе жатты көкіректің шоқ таңы.

Айналасын жауып бара жатты күрең,

күрең қызыл, қызыл күрең «от табы»

Қарт Алтайдың қарлы басы көшкін атып күңіренді

кеудесінен құлап түскен тас кесегін жоқтады.

Қазақ деген қасиетті қауым ұлттың

сан мыңдаған отауының ошағында жайнап жатты

сексеуілдің шоқтары…

Қазақ деген қасиетті қауым ұлттың сан мыңдаған азаматы

«НАМЫС» атты мылтықтарын оқтады.

Қазақ деген қауым ұлтты қалай қарай жетектейді

хас тағдырдың соқпағы…

«Айла күшін асырып еңіреген ерді ат үстінен допша қағып түсіру, оның басын алып олжалаубатырдың ісі. Сондай-ақ өзінің басын қанжығаға байлату да батырлардыңпешенесінен алыс емес. Ол әрине заңдылық» (Оспан батыр)

2012.09.06 – 2012. 09.09

Байыт Қабанұлы

images.jpg

ОСПАН БАТЫР

(поэма)

Келмейтін оңай орайға,

Оспанды жазу оңай ма?

Әуелі тағзым жасадым,

Хан Кене, Зуқа, Қара ойға.

О, Тәңірім, қолдай гөр,

Оспан жайлы созылды,

Ойлануым он айға.

Қатпарын қалыс тарих,

Қанеки, қазып таниық.

Көтерген қанның салмағын,

Көтергін ойды нар иық.

Кеселі өткен заланың,

Кешегі зарлы даланың,

Көл болып жасым,

Жаным да

Кешеді қанын қаламым.

Жанына батқан жаладан,

Жайлаған улы санадан.

Жан сауғалап босқаны,

Жер жүзіне тараған.

Жұрттағы жұрты жарылып,

Бірі қытай, бірі орыс,

Әр кімдерге қараған.

Әй-шүй жоқ әлім жеткені,

Жұлмалап жерін талаған.

Батысын орыс жаулады,

Шығысын қытай жалмады.

Сарқыны аты шулының,

Сыртында моңғол-қалмағы,

Қоршауда тозған қазаққа,

Қол ұшын берер қалмады.

Қай құдайы қарғады?

Шыныменен рас па,

Қу дүние жалғаны?!

Алды да арты қоршалды,

Айналасын тор шалды.

Алаштың қаны қақсатты,

Алтай атты зор шалды.

– Жалмаймын,– дейді,– жапырам,

Замана құсып запыран.

Заманға күйген жүректе,

Зарилеп боздап жатыр Ән!

Өз жерің – көрің, өз бейтің.

Өле-өлгенше төз дейтін.

Мәңгілік ғұмыр кешіпті,

Жасын боп жауға төнбей кім?

Бауыры бүтін пенде жоқ,

Өзегі темір өлмейтін.

Бұтағы тастан болса да,

Бұдырды сүргі өңдейтін.

Біздің ата-бабамыз,

Бұзықты тілге көнбейтін,

Батасымен қайырып,

Бір ауыз сөзбен жөндейтін.

Алладан алған ақ бата,

Жұлдызы мәңгі сөнбейтін.

Сары ала сырмақ салдырып,

Күн қайда көсіп аяқты,

Төр алдында көлбейтін?!

Мекеден зәмзәм алдырған,

Сусыныңды қандырған.

Шариғат, ғылым жолымен,

Шамшырағыңды жандырған.

Алашқа жүрген батасы,

Абақтың абыз атасы.

Үрімжіде азаптан,

Дүниеден өтті өзегі өрт,

Жетпіс екі жасында,

Үлімжі ұлы Ақытың,

Иманнан тапқан бақытын.

Ереуіл атқа ер салар,

Замана күтті уақытын.

Панасыз қалған ғаріп жан,

Данасыз қалған халық таң.

Кескілеп шауып тастапты,

Шаріпханды гоминдан...

Арғымақ қазақ атылды,

Ақымақ қазақ сатылды.

Сталин жебеп Шың Сысай,

Зұлымдық зәрін асырды.

Көзін жойды көгендеп,

Алпыс мың астам асылды.

Қан жылаған осы бір –

Таңбалықтан қылмысы,

Жиырмасыншы ғасырды!

Қызылды бірі жақтады,

Қылығын құптап, ақтады.

Сорлаған қазақ арада,

Оған да, бұған жақпады.

Үш жаққа тартты ел сенген,

Серкелері бастағы.

Талағанның қазақты,

Тарс айырылды талағы.

Белсенген қазақ мықтысы,

Бел аспады талабы.

Қараша үй – қара шаңырақ,

Қаншасы қалды қаңырап.

Адыра қалды қайран жұрт,

Ағайын келер аңырап,

Жан-жақтан жатар жаз бойы,

Бала-шаға жамырап.

Адыра қалды қанағат,

Адыра қалды аманат.

Алтайдың қойны-қонышын,

Жайлады сұмдық жаманат.

Қоғамы қорқау заманда

Қорлықта алған адамға,

Азаттық алып берем деп,

Шаншылған жауға найзадай,

Түнекті тілген найзағай,

Ойнап шыққан батырды,

Оспан сынды жасынды,

Жырлауға тәңірім, нәсіп ет!

Ұлытып таудың бөрісін,

Тарылтып елдің өрісін.

Еркелетер ессіз жел,

Ел менен жердің көрісін.

Шыңғыртып қырдың құланын,

Шулатып түздің ұланын.

Шыңырауға ылақтырып,

Шырқыратып ылығын.

Қандырмай қанға құмарын,

Ит айласын асырып,

Күштінің арты көндіріп,

Құрады елдің құралын.

Ал Оспан тауға бұрды бет,

Асынып мылтық – тұмарын.

Мінгені жарау ақ тарлан,

Жетіліп жездей қақталған.

Бес байталды бүлдіріп,

Бестісінде ақталған.

Төрт аяғын ойнатып,

Томарға тұяқ ілдірмей,

Қырық жерден құрылған,

Құтқарған шақты қақпаннан.

Еңіреген егесін

Ажалдан талай ап қалған

Бар ма екен атта арман?!

Ақиқат көзін ашқандар,

Оспаның жайлы дастан бар.

Естіген кезде дүбірін,

Топырақ арттан шашқандар,

Бұралқы иттей бұлтыңдап,

Қорғансыз жерде қылтыңдап,

Қорғанды жерде жылтылдап,

Молаға қарай қашқандар.

Пәлекет десіп саспаңдар.

Ақ-қарасын әркімнің

Айыратын аспан бар.

Құйын боп жүрген Құбда,

Жеті жігіт Оспан бар,

Осыдан жырды бастаңдар.

Шетінен шойын жілікті,

Шетінен жүйрік білікті.

Жеті өзенде жетілген,

Жеті жігіт бірікті.

Жеті атасын сұрасаң,

Жүректерін түк басқан,

Көк бөрі текті түрікті.

Естіген өлген үрейден,

Сұрмерген сұсты Сүлеймен.

Екпіні емен жапырған,

Белдесер кім бар дүлеймен.

Жұртының жоғын жоқтаған,

Жүрегін жауға оқтаған.

«Атайын, сен тұр, мен» дейтін,

Жамихан, Қапас, Тоқтаған.

Бесінші ері Шертиман,

Ішіне қара шер тұнған.

Жәнібектеп! жауға шапқанда,

Артынан тайпа ел тұрған.

Алтыншы кемел Келесті,

Алынбас ол бір белесті.

Жетеуі атқа қонғанда,

Айдарынан жел есті.

Жетінші батыр Оспанды,

Жұртымен жымдас досжанды.

Құбыда құмға жасырып,

Жетеуін Тәңір қосқанды.

Қосынның бұлар басы еді,

Қосылған сайдың тасы еді.

Қайнаған кектен жаралған,

Қара судан нәр алған,

Қазақтың қанды жасы еді.

Оқтан алқа тағынған,

Таланған сайын қағынған.

Айнымайды айласы,

Құмға сіңген сағымнан.

Ұмытқан мүлде малдасты,

Жолына шалып мал-басты.

Қара қой сойып қанына,

Бармағын бірлеп матырып,

Азаптағы қандасты,

Азаттау үшін андасты.

Қанжардай қадап жұмыла,

Саусағын сұмның сұғына.

Жеті жігіт бекінді,

Құбының ұйтқып құмына.

Бір Алла, десіп жалғыз Жар,

Құлақ кесті құлына.

Милиардқа:

– Мә!,- деген,

Барып тұрған жұлын, ә!

Батыр ед Оспан аса тым,

Ер аты мәңгі жасасын.

Оқ тиген оң жақ жамбастан,

Сәл ғана сылтып басатын.

Бетбе-бет келген шайқаста,

Келтірмей тілге қасының,

Қанын судай шашатын.

Білетін беске әр тасын,

Жерінің ойын, тасасын,

Оңынан тисіп, солынан,

Соңынан түскен қас жауын,

Бір түнде келіп басатын.

Аузына тығып қасасын.

Мойнынан түспей мылтығы,

Ұйқысыз өткен мың түні.

Қара нардай кісі еді,

Ай мүйіз – арқар тұмсығы.

Қарасынан жазбай танитын,

Жылқыны және тыңшыны.

Тыңшының сайрап жататын,

Жасырған ішке тың сыры.

Зуқаның алған батасын.

Аралдың жайлап ашасын.

Көктоғайда көктеген,

Шіңгілден шығып кетпеген.

Жебе тілді ер еді,

Қазақтың қара түндігін,

Қайыра сілкіп ашатын.

Шыңжаң деген ұлыстан,

Шың сысаймен ұрысқан.

Ақтеке би, Ноғайбай,

Есімхан және Ырысхан,

Тізе қосып солармен,

Топ жарған Оспан жұлдызды,

Шыға келген шығыстан.

Оспандай ерін көксеген

Жалаңаш төсі желді өпкен,

Жиылды жасақ жер-көктен.

Бораған оқтың астында,

Босанып қазақ қатыны,

Қылышын ұстап оянды,

Торсықтай ұлы жөргектен.

Кейіпкер емес жырдағы,

Қайтқан бірақ шын бағы.

Құла төбел күн кешкен,

Құбыда, қақта, құмдағы.

Құдайын еске түсіріп,

Гоминнің батқан тырнағы.

Қайқы бас етік, кең қоныш,

Қара ала ширдік-сырмағы.

Шешілмей келген мың жылдық,

Қайраңдап қалған жұмбағы.

Қошуыт, өліт, торғауыт,

Жоңғардың жомарт жұрнағы.

Етегі көлдей көлбіреп,

Танауы тудай желбіреп,

Оспанға келіп қосылды

«Бізге де теңдік келді», деп.

Нұдырғын – түріп жеңді бек.

«Өршөөгөн Хөх Тэнгэр Өд!»

Ақ сары ат пен көк сары ат,

Екеуін күнде торыған

Аспанда жеті қарақшы.

Алтайдың тауын қорыған,

Құмылда жеті қарақшы.

Көктегіге ой жетпес,

Жердегісін қойсын ба,

Артынан түсті талапшы.

...Қып-қызыл сол күн кеш еді,

Қылмыстың нағыз кесегі.

Ұстара сылып түскендей,

Қонған бір бағын бес елі.

Көзімен көрген тірілер,

Ол жайлы былай деседі...

Иан атты сол заман,

Болған әскер бастығы.

Бұратана халыққа

Бұрғыдай батқан қастығы.

Төбе шашы тікендей

Мамықтан көрпе, жастығы.

Қасына жанды шыдатпас,

Маңайының ластығы.

Одыраң қағып оянған,

Оспан десе сақтығы.

Әзәзіл айыр құйрықты,

Әйгілі елге бұл мықты.

Полктің командиріне,

Береді би деп бұйрықты:

– Өзегі өрт оқпанның,

Аман-сау жүрген оқтан мың.

Бүлікшіл, банды – бірінші,

Керегі басы Оспанның.

Ұқтың ба?!

Ұрты дірілдеп,

Генерал көзі – био індет.

Оқ жыландай шашып тұр,

Жарадай бітеу іріңдеп.

– Өгіз мойын, есалаң,

«Оттапты!» депті өш алам.

Ұста да тірі,

Жұрт жиып

Құлағын, мұрнын, кес,

Арам!

Мытылып түсті шылымы,

Ызадан керіп тұлыбы.

Кісі жейтін төбеттей,

Түр-түсі мына қылығы.

Сонан соң...

Сонан ырсиды.

Көк бездей көзі тырсиды.

– Басын кес!– деді тағыда,

Жылан жұмыртқалағыр жағына.

Бас кесу, иә, мұралық,

Байланған бұның тағына...

Айтуға шындық шешінгем.

Сан сауалдың сайраған,

Түйіні қане шешілген?

Сайынан сая таба алмай,

Бұлынай барған кесірден.

Бейжінге жеткен бүлінбей,

Бөкенің басы кесілген.

Қобдаға қоныс аударған,

Атасам біраз есімнен,

Асылбек, Қылаң, Жантайлақ,

Есілдер басы кесілген.

Басын кесіп бағзыдан,

Осылай қытай есірген.

Сарысүмбеде сарнаған,

Қара көпірде қақсаған,

Алтын басы Зуқаның ,

Қалай кетер есімнен.

Тағы-тағы... тағы да...

Кімдер бар еді есілден?

Не қызық қалды қазағым,

Бас кеткен соң төсіңнен.

Бағытың да баянсыз,

Бас кеткен соң көшіңнен.

Осынша бастың кегі үшін,

Білегін түріп Оспандай,

Батырың шығып шешінген!

Оған да кезек төніп тұр.

Төрт тұстан және жер-көктен,

Анталап ажал төгіп тұр.

Арашаламай Адамды,

Құдай-ау,

Құдай неғып тұр?!

Іркілмей өрнек-үрдістер,

Ілгерлей бермек үлгі істер.

Үзіліп неге кетті екен,

Үйір-үйір үндістер?!

Қамақта мырза үй-іші,

Тасиды қаны, жиі іші

ашиды

Оспан ойласа,

Тарылып кетер тынысы.

...Генерал Иан ашулы,

Азуға азу басулы.

– Тағысы түздің,- деді ол,-

Білмейді үркіп, жасуды.

Қорғасын оқты қор қылма,

Түрмедегі қазаққа.

Итше талап мазақта,

Шыққанша жаны азапта.

Келгенін қарсы атыңдар,

Атуға алған қақың бар.

Бұлдаған бұтын айырып,

Мойнын бұрап, шатын жар!

Иілмейтін иттердің,

Кеудесін сөйтіп басыңдар!

Саған да!

Маған!

Шағым бар!

Жіліншігін шағыңдар!

Оспанның екі күшігін,

Шешесінің көзінше,

Шешіндіріп тырдай қып,

Екі қолын шабыңдар!

Атадан қалған жосындай,

Бұйрық түсті осындай.

Көргеннің қалай шыдасын,

Сұбханы ұшып шошынбай.

Оспанның екі баласын,

Тепкілеп әкеп анасын.

Ертістің енді боямақ,

Қып-қызыл қанға жағасын.

Қағынған Киттің шабағы,

Баланы қазір шабады.

Енесінің көзінше,

Егесіне сес қылып,

Басқаға берер сабағы.

Шыңғырта ұрып Мәмейді,

«Көзіңді аш» деп ақырып,

Шашынан жұлып сабады.

Шыбықпен шып-шып осқанда,

Күн тимеген Анардан,

Шыпылдап қан тамады.

Қақ жарылып қынабы,

Жарқ етті қылыш – қырағы.

Тәнінен суы сорғалап,

Қос ұлдың ұшты құлағы.

Қас-қағымда шырқырап,

Айналды қанға айналды,

Даланың ерке құланы.

Мәмейдің есі барды-жоқ,

Оқ жауды, ойран тұрағы.

Атқан да, шапқан аярдың,

Алды-артынан ытқыды,

Қызыл ала құмағы.

Есіріп аққан Ертіске,

Еңірей Мәмей құлады...

Қар астынан гүл жарып,

Жауқазындай көктеген.

Үлбірейді үш бәйшешек,

Аузынан уыз кеппеген.

Екі жастан арасы,

Жетіге де жетпеген.

Паналап Мәмей шешенің,

Көйлегінің етегін.

Жүруші еді

жендеттер

Қинаған соң неше күн,

«Жатсын,– деп мәңгі шірімей»,

(Бұ айтқаны шыны ма ей?!).

Ылақтырды бір құдыққа,

Үшеуінде тірідей.

...Түзеле ме елім ес біліп?

Құдық та өлген ескіріп.

Тұрады екен сол тұстан,

Сәбилер даусы естіліп.

Ет кесседе етінен,

Қайтпады Оспан бетінен.

Қасындағы ерлердің,

Қарайған қаны шетінен.

Бүйідей тиіп шептегі,

Гоминдан қолы азайды.

Үрімжідегі итаршы,

«Өкіметке бағын» деп,

Күнде келіп қажайды.

Сондай бір хатты алды Оспан,

Араға салған ағайды:

«Төбеңнен жайды түсірер,

Мыңдаған жүйрік ұшағым.

Ал сенің мықты қаруың,

Қонышыңдағы пышағың.

Қайт райдан, қайтпасаң,

Қан қабады құшағың.

Айтқаным айтқан, ақылға ер,

Қамықпа дара, құсалым.

Керейден шыққан кесел ең,

Тереңге кеткен түбірің.

Жетеңе мәлім жеткізер,

Жауынның жаман сібірін.

Сарғайрақталып сақталған,

Бірі едің сары сүрінің.

Адымың жетпей алысқа,

Созылды сорлап сіңірің.

Тарамыс тозды, аяны:

Сусының бір-ақ сімірім.

Апалап келіп арызын,

Айта алмайды сіңілің.

Атырау қиыр, қата ма,

Алтайға бауыр Сүгір үн?

Ертеңгі күнің ертегі,

Баянды шағың бүгінің.

Жидіп жерге түскен күн,

Көк бөрінің түгінің.

Заманға зауал, күйлеме,

Десеңіз болсын тып-тыныш,

Қайғысыз, қансыз түбі інім!»

–Сөз бопты!– жимай айылды.

Жасады Оспан қайымды.

Қайыры құрдым, бірақ та,

Былай деп жауап қайырды:

«Мейірім, адамгершілік

Мертігіп жеңді жауыздық.

Көн теріден тер шығып,

Жоғалды мүлдем ауыздық.

Мыйын жеп қарық

Қауызын

Жағы ұзын қажап жауыр ғып.

Өлім не

өмір қалауым,

Мойнымда қылша ауыр жүк.

Атаның жолын қусаңыз,

Қарамай ұрт пен ұлтыңа

Алар ем бәрін бауыр ғып.

Амал не?!».

...Батыстан қызыл ықтырып,

Шығыстан шұбар ысқырып.

Ақ боз ат ішін тартады,

Тұқыра желіп, пысқырып.

Ымыраға жүгінген,

Құрылды сырттан үш құрық.

Ортасы тозақ оты еді,

Қақпасында үш құлып.

Тордағы тарғыл жолбарыс,

Қабады шынжыр ышқынып.

Шығысын да батысын,

Арадағы шатысын,

Айбаты әлем алады

Ара-тұра ықсырып.

Пай-пай-пай, неткен мықтылық!

Пай-пай-пай, неткен күшті ұрық!

Ырқына идіре алмай тұр,

Ана жақтан мұрты ырық.

Қарауылдан түспеді,

Қап-қара қанға күпті ұлық!

Болмайды ағы күйенің.

Тақпаған заман күйегін.

Аталық дені опат боп,

Еліккен кезі биенің.

Атаулы діні апиын боп,

Қадірі кеткен киенің.

Қызыл, көк көшке ермеген,

Қысқа жіп – қолын сермеген.

Қызылға қырын көз тастап,

Айдарға дес бермеген.

Алтайдың күдір Көкжалы

Жайында бір хат жасырын,

Жетті суыт Мәскеуге.

Жеті жерінен мөрлеген.

Төшкі, үтірі екшелмей,

Келген хатты көргенде.

Кремль еті дір етті,

Жауар күндей қабарып,

Емен найдың артымен

Сталин түртіп иегін,

Ағытты ойдың тиегін...

Ғобиға сіңген құйрығы,

Қорғаннан анау Қап тауға,

Шашылған адам сүйегін

Тұрғандай санап саусақпен:

«Россия сені сүйемін...

Теріскей Алтай менікі,

Күңгейі күңгірт, ие кім?

Қызылдың бассын солдаты,

Ертістің ермен жиегін».

Картаға төніп шүйілді.

Азияның үстінен

Түтінді найын үйірді.

Сонан соң сәл-пәл тыныстап,

Танауын көкке шүйірді.

Алтайдың қап-қап алтыны,

Алтайдың саф-саф алтыны,

Көз алдына үйілді.

«Алтын көрсе періште

жолдан таяр демей ме»,

Ауласы көздің шелденіп,

Тас қара қасы түйілді.

Бармағын ішке батыра,

Таянды оң жақ бүйірді.

Ақ боранның ішінен,

Көкжал көрді үйірлі.

«ОСМАН» деп кенет ықыстап,

Үріккен аттай тіксініп.

«Осман» деп қайта күбірлеп,

Қаптауға төнді төрт көзі,

Баяғыдай тік тұрып,

«Жо-жо-жоқ, Осман!

ОСПАН ғой.

Кездейсоқтық қосқан ғой,

Бірі – Осман, бірін Оспан дейд,

Шайтаны алғыр мұсылман!».

Генералисмус сәл қысылған.

«Осман де, Оспан бәрі бір».

Қолына ап Оспан фотосын,

Күжірейтін һәм жотасын,

«Сұсты екен түсі тажалдың,

Қалауы болар ажалдың.

Көрерміз сонда, көрерміз,

Үнемі бақыт әкелмес,

Сұлуы сұсты ажардың?

Бұл мүмкін,

Емес ұқсасық.

Ана Осман – түрік түрпісі,

Зілзала зауал сілкісі.

Қаптаудың түгіл,

Орыстың

Тиылған кезі күлкісі.

Ал мынау – Оспан жетілген,

Аңдыған алар бір оқтық,

Алтайдың орман түлкісі.

Ә, солай, Коба, жаңылман!

Ол – түрік, қазақ – түркісі.

Шайтаны алғыр,

Шайтандар!

Ұқсайды:

Қаны!

Түр!

Түсі!

Тыймаса жаман түпкісі.

Осман да, Оспан бір кісі!.

Жаншыту керек қинайды,

Тый дегенге, тыймайды.

Ашынған арлан бопсаға,

Айылын әсте жимайды?!

Қию керек желкесін,

Баса алмайсың еңсесін.

Қып-қызыл қанмен қорқытып,

Батырмасаң тырнақты,

Бұратана халықтың,

Дегенімді екі етпей,

Қаймақтап еді серкесін.

Жұлынып жатып көктейтін,

Бұ не деген бұзық ұлт,

Жиған екен ерте есін.

Көңілім?!

Сап-сап көңілім».

Төменнен шықты темір үн:

«Пайдаңа асыр, әуелі,

Ұзарта тұрғын өмірін».

Келе ме,

Төрде лас деуге.

Болатын қанға мас деуге.

Ала құйын ар жағы,

Көмірдей қара тас кеуде:

– Жедел хат жолда, тап қазір,

Чойбалсан келсін Мәскеуге!

Қоя жаздап қан сиіп,

Қазықтай қаққан қалшиып

Көмекші:

– Жолдас, Сталин,

Құп болад!-деді талша иіп.

Қолдан ап қолға бермеген,

Еш бір жан естіп көрмеген.

Құпия әрі төтенше,

Жедел хат Ұланбатырға

Жер емес, жетті жүйткітіп,

Аспанмен емес желменен.

Заманнан,

Келер ғасырдан,

Келешектен де жасырған.

Сойқанды бір іс басталды,

Мәскеу ден Ұланбатырдан.

Тәуелсіз, дардай есімді,

Бітімі бөлек кесімді.

Алайда, ада Атаның

Атынан шулы, кесірлі.

Бай дәулетін құраған,

Боғадалық билік құлаған.

Кеңесшілері кермиық,

Өңкей бір ала, құладан.

Басы таз, табан тесілген,

Екі жүз жылға ақыры,

Егемендігі кесілген.

Бостан бір ел ғой,

Күн бар ма,

Айырмасы аз жетімнен.

Бостандық атын жамылған.

Алдынан қорқып, арттағы

Ағасына жалынған.

Оның да отыз жетіде,

Ордасына от түсіп,

Ортаңғы қолдай ордалы

Айырылған есілден.

Маңдайға біткен ұлының,

Маңдайы оқпен тесілген.

Бүкіл, бүтін тағдыры,

Кремльде шешілген...

Бұлдырап артта бараны,

Құт ұя қалып барады.

Құпия хатқа Чойбалсын,

Шұқшия ұзақ қарады.

Жүректе үрей, қорқыныш,

Әйтеуір, Сібір, жол тыныш.

Боранды күндей ұйтқиды.

Ішінде бөрткен толқыныс.

Шойын ой басқан Чойбалсын,

Салмағын сезді зор қылыш.

Сезеді көнген Моңғолдың

Бостандығы жолында

Жүрегі темір,

Қол – құрыш.

Мықтыдан құрбан шалғанды.

Милыға салған талғамды.

Бәрінде беріп сол жолға,

Аман да, есен қалғанды.

Бас министр маршал Чойбалсын,

Жол ұзақ, ұзақ ойлансын.

«Өлтірді, атты, шапты» деп,

Бұған да жұрты қойған сын.

Мәскеудің мөрін мүлт етпей,

Қынадай қырып боздағын,

Қыранның көзін ойған сұм.

Әлемдік әйдік ғұлама,

Сұңғыла діндар, ылама.

Тірідей көміп, жойған сұм,

Қап-қара қанға тойған сұм...

Өзгертіп сәл-пәл ескі үнін,

Тауысқан жандай бес күнін.

Меңіреу кейіп мүлгіп кіл,

Жиегін түртіп көшкінің,

Заматта зорға бұрылып:

– Сөйлеңіз, жолдас, Чойбалсан,

Келеді Сізден естігім.

Кәйніктің қара күшіндей,

Салмағы зындан түсіндей.

Балталап ұрса бұзылмас,

Құрыштан құйған мүсіндей.

Жасалған қолдан құдайдың,

Чойбалсын көріп кеспірін.

Бір аттап тоқтап, ант етті:

«Айта алмасам, кеш тілім!».

– Халхин ғол – қиыр шығысым.

(Бұ күнде сөздің шыны – сын).

Ай даладан аң қоймай,

Атып жеп Соен бұғысын.

Тапжылмай жатыр Жапондар,

Ақситып тістің ұрысын.

Германның бағып сыбысын.

Он түмен онда шерігім,

Бағып тұр елдің ырысын.

Орыстың қаруы болмаса,

Оталар Моңғол Ұлысым.

Құжынаған түстігім,

Құжа-хиятад сұғы сұм..

Қытайға, жолдас, Сталин,

Қоспайды, кәміл сеніңіз,

Өлседе моңғол жынысын.

«Жоғарыға жалтақтап,

Жасаған күнің құрысын».

– Батысшы, жолдас, Чойбалсан?

Деп Сталин,

Қозғалсын.

Тіксінер түр жоқ, маршалда,

Олдағы құйған қорғасын.

– Батыста, қазақ-хасығым.

Қабағы қату, қасы мұң.

Бөліп берген үйірден,

Бүлінсе түсер жасыным.

Барғанда отыз тоғызда,

Басып жер бетім, жасыдым.

Қамалым екен,

Иірсем

Алшыдан таймас асығым.

Айтуыңыз бойынша,

Оның да отыз сегізде,

Сылып алғам асылын.

Ал бүгін соның тұқымы,

Жайыпты үрім-жасылын.

Ойдың да ойлар мал қамын,

Сылтысам сүйер балдағым.

Тағдырдың сыйы, тайғақта,

Ауғанды басар салмағым.

Тұғыры ауыр, түгі тік,

Қазақтар бас бармағым!

– Тағы да қандай мықты бар?

Мақтаудың бәрін тыққылар!

Уақыт алтын заманда,

Мәселе ғып, жүк қылар?!

– Одан әрі Оспан бар,

Біреулер айтад оспадар!

Біреулер айтад қозғалмас,

Қара таудай жатқан нар.

Оқ дарыта алмапты,

Аңдып жүріп атқандар.

Сирағынан келмейд дейд,

Саудыратып кеудеге,

Орден-медаль таққандар.

Оспаннан апты сазайын,

Араға отты жаққандар.

Қалқаға салып қазақты,

Қайыңнан сына қаққандар.

Алтайды аңыз кезіп жүр,

Жердегі күшті Көкбөрі

Алады десіп Хақтан нәр.

– Жел сөзге, маршал,Чойбалсан,

Шынымен сеніп тұрсыз ба?

– Араттың үні құнсыз ба?!

– Жарайды, маршал,Чойбалсан,

Шайқасқа қалай тыңсыз ба?

Керегі қазір сол Оспан,

Қытайға оңнан жол ашсаң.

Орыспен қандай қырсыз ба?

– Халқына пана қысылған.

Әскере діншіл-мұсылман.

Кешегі сізге шабарман,

Шыңсайдың құтын ұшырған.

Сталин:

– Демек, күрескер,

қол ұшын созып, үлес бер.

Молотов айтты:

–Таймайтын,

қабан мойын сіреспе ер.

– Болғаны ұлтшыл – қайраткер,

қандауыр шығар, қайрат бер.

Чойбалсын қосты іркілмей:

– Ала да білер, бере де,

Қаһары қатты, айбатты ер.

Антына адал, бірбеткей,

Бәрін де демейд шайнап бер.

Жалаулатып жүргендей,

Қарақшы емес, ел тонап,

Шауып кел, дейтін, айдап кел.

Тұғырыл Керей тұқымы,

Алтайдағы аймақты ел.

Қазанан қаспақ кетпеген,

Қара кебеже – қаймақты ел.

– Тоқтаңыз, жолдас,Чойбалсан,

Қайтесіз қозғап ескісін.

Ғұмыры бардың кешкісін.

Қолдаған жөн қызылдың,

Шыңжандағы кектісін.

Оспанды оңға бұрыңыз,

Қазақтың салып ептісін.

Еншілемек ежелден,

Аспанның ортақ көк түсін.

Көкірек ондай шығыстан,

Көп шыққан бірі – Шыңғыс хан.

Деп тоқтаған Сталин,

Шыңғыстың даңқын көксеп тұр,

Шабынған қара бурадай,

Қайытып інген жын құсқан.

Сендіріп өзін ырза қып,

Танытып бөтен мырзалық.

Молотовқа бұрылып,

Былай деді, ырғалып:

– Қару бер, берсең қайрап бер,

Солдатыңды сайлап бер.

Болмаса да кемеңгер,

Оқпен де отпен демеңдер.

Қалауын қалыс қалдырмай,

Ерекше ен сап елеңдер.

Тамыры таяз қашанда,

Тез құлайды емендер.

Сонан соң таяп маршалға,

Жақындап тоқтап аршылға.

Түтінді терең бір сорып:

Би деді, Чойбалсынға:

– Кешікпей жедел қайтыңыз,

Халыққа сәлем айтыңыз.

Оспанға барып жарасар,

Жарамды болсын салтыңыз.

Алдынан тік сөйлемей,

Көктемгі саздай балқыңыз.

Секемшіл дейді соңында

Қалмасын қара, салқын із!

«Аулауға шыққан арланды,

Бәріміз де аңшымыз».

...Шаршаған тарлан ақылдан,

Ұйқысыз таңдар атырған.

Дамылсыз келіп Мәскеуден,

Чойбалсын Ұланбатырдан

Қарамай қысқа, ақпанға,

Қобдаға қарай басқанда:

«Сүйенген иең СыСыСыР

Қобалжып босқа жасқанба!»

Дегенде дауыс тосыннан,

Селк етіп дене шошынған.

«Көк Тәңірім, кешір!» деп,

Алыстау барып қосыннан,

Нөкерлерінен сескеніп,

Бір замат дара отырған.

Қалың еді қоштан мұң.

Қалған көңіл достан мың.

Қапысын тауып қалайда,

Қосшы ғып Мәскеу қосқанның.

Мұхитқа батқан моңғолдың,

Халін білмек оңаша,

Орайы келсе Оспанның.

Түркінің мынау дерегі,

Бәйдіріг – Бәйтерегі.

Аң ғана жортқан даланың,

Аязы сорды денені.

Қанып ұйықтап тұрғандай,

Қарыштай басып аяқты,

Ширығып маршал келеді.

Арғымақтың сұлуы –

Ай қасқалы келеді.

Арланымен Алтайдың

Айқасқалы келеді.

Аяғына отырып,

Аңызды батыр аңысын,

Байқасқалы келеді.

Бәтуаға келмесе,

Ат құйрығын шорт кесіп,

Шайқасқалы келеді.

Құла түздің аң-құсын,

Періштедей паң құсын,

Үркердей шоқ-шоқ иіріп,

Жайпасқалы келеді.

Қанғай тауын жиектеп,

Қазақ тауын иектеп,

Алтай тауын бетке алып,

Тәңірі берсе тілекті,

Сутай тауға сусындап,

Жайғасқалы келеді.

Жұғымды жанға, ағзаға,

Ауасы жұпар Ақ дала.

Тітіркенді денесі,

Төнгенде көктен күркіреп,

Көк шегір сона –

Қандала.

Тарихтан өшпейді,

Төгілген адал қан ғана.

Саналы ойын сарқыған,

Әділет іздеп әлемнен,

Сапарға шыққан сан дана.

Соның бірі Чойбалсын,

Қарайды көктен паңдана.

...Қымызды күміс тостаған,

(Қымызға су қоспаған).

Көгілдір қадақ желбіреп,

Алтайдың шулы арланы,

Ағайын болып келді деп.

Нөкері орыс, қазақтан,

Алдынан шықты Чойбалсын,

Іші удай,

ал сырты –

Сәбидей сұлу елжіреп,

Ақыры бұ да көнді деп.

Бірі – Көкжал,

Бірі – Арлан,

Екеуінде бір арман.

Қос тағысы даланың,

Қосақтасып отырды.

Қазандарын кәдімгі

Ошаққа асып отырды.

Қалқаның көзін мұң басқан,

Қазақтың көзін қан басқан.

Қос ағысы саланың,

Ашынған уы жараның.

Бірі – торда,

Бірі – орда.

Қандай тағдыр Тәңірден,

Бұйырады қаламым...

Жалғаған тілдің арасын,

Ылғамай адам аласын.

Тесілді Оспан тілмашқа,

Томағасын сыпырған,

Қырандай қадап қарасын:

– Кебісті шешіп кірейік,

Ішікті жылы үй ілейік.

Екі елге Тәңірден,

Есендік бірге тілейік.

Маршалдың зауқы неліктен,

Ауды бізге білейік.

Аю көрген қояндай,

Аңырмаңдар сілейіп.

Зұлымдық болса мұнысы,

Отырған осы орнында,

Езуін жыртып, ілейік.

Танаудың өсіп имегі,

Тілмашқа және би деді:

– «Арқар ауып несі бар,

Болмаса аяз Арқада».

Гоминдан зорлық қылмаса,

Несі бар қазақ қалқада.

Сол бір отыз тоғызда,

Қорғанған елге құйды оқ,

Құдайы деп пе, алқа ма!

– «Құйыршық» тиіп қақсатты,

Құрылған істі ақсатты.

Шатастырып, шарпыстық,

Ақиқатты, жаңсақты.

Демеңіз сөзді қуысты.

Мағиландай туысты,

Өз қолымен аттырып,

Аңыратқан қу ішті.

Мұны көрген ағайын,

Арасы біраз суысты.

– Ағайын ермен жұлысқан,

Ол маған қандай туысқан?

Жең ішімен жалғасып,

Дарадан жылқы қуысқан.

Жағадан алып жақынын,

Шығып бір кеткен уыстан.

Елдікті сатып, залалы

Адамға тиген жуысқан.

Зардабы мол жаманнан,

Маршал артық жуысқан.

Чойбалсын отыр байсалды,

Оспандай оғаш жайсаңды.

Қырымен сынап көзінің,

Былай деп жауап қайтарды:

– Алтай мен Қобда арасы,

Алтайдың жалды дарасы.

Қонысын бердім қорымай,

Келген соң қазақ баласы.

Екі жақсы жарасса,

Болмайды іште наласы.

Бұзбадым бүтін қаймағын,

Құрадым ұлттық аймағын.

Жарлысынан сұрыптап,

Дарғысын өзім сайладым.

Бүтінделді босқан ел,

Боздатып бота-тайлағын.

Қаласын салып білім ап,

Елі бейбіт болғасын,

Салып жатыр сайранын.

Сәбетке көмек жолдады,

Жылы тон, жақсы ат, айранын.

Құптады Оспан маршалды,

– Дұрыс,- деп осы байламың.

Ажасыз арсыз алшайды,

Бейтіме барып талтайды.

Ел басқарған бұрынғы,

Гоминдан бүгін қартайды.

Қорлықта қалған туған жер,

Құтқару мақсат Алтайды.

Алтыныма жарыды,

Алсыныма сарыды.

Арысты қамап абаққа,

Алды мен артын қарыды.

Арылсақ айыр ылаңнан,

Алтайдың жанар жарығы.

– Төгілмек керек тер тегін,

Өзінің тиған тентегін.

Білсек дейміз батырдың.

Қайтармақ қалай ел кегін?

– Құлжада қорым сартым бар,

Ұстанған ислам салтын нар.

Торғауыт, қошуыт қосылды,

Қалмақтан қалған сарқындар.

Сайысуға келгенде,

Сайып қыран жарқылдар.

Түнғатып жортса қосыным,

Таң ата төсте салқындар.

Бостандығын аңсаған,

Байлаулы жатқан халқым бар.

Берсеңіз қару, текке алман,

Беретін актым, алтын бар.

Қайтарам деген кегіңді,

Халқыма берген антым бар.

Ағат бассаң пернені,

Адастырар пендені.

Жырғапты жарлы, «жақсы ғой»,

Қолына билік бергені.

«Тойғаны, шала байыған»,

Сойып жеу болар ермегі.

Жұмыршаққа жаға ма,

Қымыздың ашты, кермегі.

Басқаша байқұс не етеді,

Қарынның қамы көргені.

Өліп-өшіп жейді ғой,

Тірілгендей өлгені.

Мидан туып тұрмай ма,

Өмірдің сұлу өрнегі.

Сөзіндей ұлы ғайыптың,

Мұны естіп бас сайдтың.

Тұманға батты жанары,

Салмағын сезіп айыптың.

Иесіз ел кешеді,

Ескексіз күйін қайықтың.

Алдырмай сырын Чойбалсын,

Сөйледі сонан жайылып,

Суындай сұлу Жайықтың.

– Кедейшіл Кеңес Одағы,

Қолдайды сізді о дағы.

Моңғолға берген қол ұшын,

Гоминнің болған боданы.

Іші толған қара бас,

Сіріңкенің қорабы.

Көршім тыныш болмаса,

Көңілім қалай жай табар,

Отқа түскен, су кешкен,

Отан үшін мендағы,

Бұ дүние қонағы.

– Иншалла,– деп Оспанда,

Қостап бетін сипады.

«Халқым,– деп туған бұ да бір,

Турашыл әрі аз қипағы.

Төрт құбласын тең ойлар,

Сары бел екен құйқалы.

Көңілге қонған нәрлі сөз,

Тыңдаған сайын ұйытады»,–

Деп ойлап қолын ұсынды,

Маршал да мұны түсінді.

Жүзінде сол сәт таза мұң,

Естіді Оспан ғажап үн:

– Болысам,- деп батырға,

Гоминның тиып мазағын

Тізе қосып,

Алтайдың

Арылтам деп азабын.

Сар мойнақ мылтық асынған,

Мың атты шерік – қазағың,

Алдыңа батыр келіп тұр,

Иіліп сәлем беріп тұр!»,–

Дегенде Оспан нарттанып,

Сапары сәтті ақталып.

Көңілден жөнки жөнелді,

Көшкен бұлттай күдігі

Келген еді сақтанып.

Чойбалсан ырза ішінен

Оспанды отыр нақ танып...

Парығы іскен пайдадан,

Базардан келген қайнаған.

Мүшесіне дән ырза,

Өзін көріп айнадан.

Сылаңдаған арудай,

Жыл бойы жемдеп байлаған.

Қалды танау, ай қабақ,

Танадай көзі жайнаған.

Бұлағындай Бұлғынның,

Сулығы – шолпы сыңғырлап,

Сілекейі мөлдіреп,

Ауыздығын шайнаған.

Иісі жұпар аңқыған,

Деміне жаның балқыған.

Құлжа мойын, құлан төс,

Омырауы шалқы нән.

Қасқа жүген, ер-тұрман,

Күміспен сүттей күптелген

Қойғандай құйып.

Құйғытса

Бәкідей шапқан бүктелген.

Туған жердің тумасын,

Ту ұстап жүйтку жүктелген.

Аруға мұндай шөлдеген,

Арындатып Оспаннның,

Алдына тартты көлденең.

Торғынды-торқа жанатты,

Тойлық тай-тай манатты.

Қызғалдақ қырдың гүліне,

Иіс су, айна, тарақты.

Ортаңда жүрген он жылдай,

Орысқа водка-арақты,

Мергендерге мінезді,

Айғасқа тұлпар қанатты,

Оспанның желпіп шашбауын,

Отты мол қару, жарақты,

Батырға арат сыйы деп,

Елдегі ең бір беделді –

Баласы ұлттық көсемнің,

Полковник Ғалсын таратты.

Айтқаны болды Мәскеудің,

Алыстан шалған санатты.

Моңғолда – Майқын толғайда,

Марсиып қызыл таң атты.

Тұрмайды жалды ат өртеңде,

Симайды сана өлшемге.

Ішінен тынып Оспан тұр:

«Қытайдан шығып,

Орысқа

Болман,– деп, бодан өлсемде!».

...Азаттық аңсап ашынған,

Қырық жыл қытай басынған.

Алаштың батыр ұл-қызы.

Алқалы мылтық асынған.

Аумаған көкті қақ тіліп,

Орманға түскен жасынан.

Керемет күшке айналды,

Кектері ішке жасырған.

Ерлігіне тұшынған,

Абылай ханы ұсынған.

Ер Жәнібектің Ақ туын,

Алаштың адал Хақ туын,

Ақ сандықтан алдырып,

Күркірете көтеріп,

Дүркірете желгенде,

Жауының құтын қашырған.

Өкпесі қара қазандай,

Қабынып бір басылған.

Жапырылып жолында,

Жаратқанға жалбарды,

Шыңжандық бүкіл мұсылман.

Көшкіндей күші бірліктің,

Бес Боғдада жуынған.

Азаттық үшін күресіп,

Бостандық үшін тіресіп,

Белін бекем буынған.

Тасындай сайдың сарбаздар,

Мінгені тұлпар-аттары,

Алшаң-алшаң басқанда,

Апшысын жердің қуырған.

Сұсымен-ақ қорсынған,

Қолқасын жаудың суырған.

Он бес мың Оспан шерігі,

Жау қамалын бұлаған.

Жеменей, Жайсаң, Жәйірден,

Қобық, Баркөл, Сәйірден,

Айдаһар түгіл, суырып,

Алмастың жүзін майырған.

Тарбағатай, Іледен,

Өгіздей өктем іреген,

Қыран құстай шүйіліп,

Қияннан жемін тілеген.

Ақырып теңдік сұраған,

Хас батырлар құраған.

Азаттап Алтай-аймақты,

Сарысүмбеге құлаған.

Алтайдың қазақ, қалмағы,

Тілемеген тамұқты,

Ақ киізге көтерген.

Хан Оспан қатты қамықты.

Тұзаққа келіп түскенін,

Аңғал батыр жаңа ұқты.

Суырылмаған сынақта,

Қылыштай қында жанықты.

Айналасы қазған көр,

Жағаласқан жан мен көр,

Қапыда кетті қан мен тер.

Айнала ұран қызыл ту,

Аламан-сайыс ызың-шу.

Хан Оспан әкім аймаққа,

Мінгендей қотыр тайлаққа.

Жолынан алып қылғанын,

Батқандар кімдер қаймаққа?

Құралы қайда, қайда қол,

Қан кешкен тар жол, тайғақта.

Маңайы толған дінсіздер,

Болмады жан сіз, кімсіздер.

Қара түндей қабақтан,

Қан жауып, тамды шым-шым тер.

Дәлелхан болды қолбасшы,

Ол қашан түйе қомдасты?..

Ол қашан қаңсып құм кешіп,

Боранда түтек жонды асты?

Орыстан алған тәрбие,

Оқығаны көп әмбие.

Сап-сары ала генерал,

Батырған тізе әр жүйе.

Батырмен болған зор тартыс,

Тектейтін үлкен мәнге ие.

Шақыртты Оспан: «Түзерлік,

Дәлелхан, бар»,– деп әңгіме:

– Жылқышы атаң үкірдай,

Бертіңгі әкең Сүкірбай.

Оқыған жігіт келгенде,

Болар-ақ деп ем шүкір жай.

Бүтінге еніп бір бүлік,

Бүлінгені ме, бүкіл жай.

Басымен алған бағыма,

Көк шегір келіп түкірді-ай.

Қазақтың көзі ашылмас,

Бұл бұраудан құтылмай.

Басыңды қатыр, қарағым,

Баянсыз баққа құтырмай.

Сенейін десем сынапсың,

Жылпылдап тұрған жұтылғай.

Атып-ақ тастап кетер ем,

Ата жолдас кешегі,

Сыйладым өткен ұрқыңды-ай.

Дәлелхан сонда сөз алды,

Арысқа толды көз алды:

Бар сырым, толық айталман,

Меселдеңізді, бірақ, қайтарман.

Қызылдың қолы ұзыны,

Баяғыда-ақ байқалған.

Саясатқа сұңғыла,

Болмасақта майталман.

Арқырап шапқан айғырдың,

Артпады бағы байталдан.

Қаһарың күшті, қайтейін,

Қазаның заман шайқалған.

Алашты аман сақтайық,

Оңға да шіркін толқыған,

Солға да шіркін толқыған.

Аз шықпаған атақты,

Абақ Керей Молқыдан.

Ертең келіп есе алар,

Салғандар бүгін қорқып ән.

Антымнан мен де қайталман.

Аруақты ата Айтуған,

Атына заты сай тұрған.

Алтын құрсақ анаңыз,

Азулы жауын жамсатып,

Ағып түсер жай туған.

Және бір батыр Машанды,

Жау десе жайнап жасанды,

Жолайырықта тұрғанда,

Атамыз мықты екен деп,

Қақсай берем қашаңғы.

Арғы атам рас Жылқышы,

Сізбенен біздер жыртысы.

Керейден күдер үзбеймін,

Басында болған бақыты –

Айналып қонар жыл құсы.

Бәрінен жаман ертеңгі,

Қытайдың дауыл жұлқысы.

Орыстан босқа қорқасыз,

Жұтарын жұтып бұл күнде,

Тояттап отыр бұ кісі.

Мына маған сіз еге,

Басасыз ылғи тізеге.

Қойыңыз сұрақ «Сөзіме,

Аспайд деп құлақ бұ неге?».

Сыңар жақ кетіп не етесің.

Сынар шақ пышақ жетесін.

Мүдде бір, батыр,

Мақсатқа,

Жолымыз бөлек жететін.

– Бабамыз ауған арқадан,

Атамыз алған қалқадан

Қонысты неге?

Қайғысы

Қазақтың қашан тарқаған.

Алпауыт елдің алашты,

Қайсысы, қалқам, алқаған.

Үйретін ит екенсің,

Құшағынан қызылдың,

Табамын деген марқадам.

Айтудан көмей жыртылды,

Бірақ сөз. Бұзба шырқымды!

«Баяғы жартас бір жартас»,

Қайтейін асыл ұрқыңды.

Жырғап, қай жетіскеніңнен

Ширатасың мұртыңды.

Қарғысын өзің байладың,

Қызылға тастап ұлтыңды.

Атаңнан қалған мысқалдай,

Көре алмадым жылтыңды.

Көлденең несін тартасың,

Тілі жат, жақсыз ұртыңды.

Апанға айдап барасың,

Алласыз қылып ұлтыңды.

– Болмадым болат қасыңда,

Жорықта жолда расыңда.

Емеспін қанды көйлегің,

Шын айтам,

Шынға ашынба!

Қауға бас қара сен емес,

Ажырата алмас қасында.

Сойыл ап тұра шабатын,

Солақай албырт жасың ба?

Орыстың құрған тұзағын ,

Білмедің бе, басында?!

Өкпеңді алып қолыңа,

Енді келіп тасынба!

Орысқа бодан бар қазақ,

Үйірге таман жақында!

Орыстан шықсаң,

Шап беріп

Қытайың басар тақымға.

Күндердің күні болғанда,

Зар боларсың, арысым,

Алақандай ақымға!

– Баққаның арты ақсақтың,

Сөйлейсін сөзін жаңсақтың.

Ауырған жандай емессің,

Азаттық туын аңсап тым.

Алматыда алшаңдап,

Сенімді серік жан таңдап.

Жүргеніңде мен болсам:

Бостандық үшін қаншама

Қан ішіп, қанға жан саттым.

Еркіме тиме,

Ал саған

Бәрінде бердім мансаптың.

Түпкі бір атаң Көбеген,

Сарқын ед қалған көнеден.

Керейдің шығып шебіне,

Көшкінді тосып бөгеген.

Сені де анаң әлдилеп,

Ақ бесікке бөлеген.

Атаға тартып тумаған,

Тай екенсің емеген.

Қымызға салса жібімес,

Дінің қатты не деген.

Кеспесе өшпес түбінен,

Кім салды екен бөлек ен.

Қызылдың алдым қаруын,

Қаруы еді зәруім.

Боданы болып, бас иіп,

Ішейін деп пе ем зәр-уын.

Шорт кесіп Оспан тоқтады.

(Бәлкім іштей боқтады).

Жебелі жүйрік жанарын,

Түнекке-түнге оқтады.

– Жетеді!

– Білмеймісің осыны,

Күштінің қылған жосыны.

Қонып алды қораңа,

Қытай, орыс қосыны.

Болашақта біз үшін,

Қайсысының хош үні.

«Дағдарған алаш» мендағы,

Тамұқтай болған кеңбағы.

Сәбеттен қазір күшті жоқ.

Ойланғаным ел қамы.

Абақтан екшеп мен болдым,

Көкпарға кеткен көк лағы.

Алдыңғы жағың ақ қорған,

Ақ қорған қашан жақ болған.

Арт жағың қалқа,

Араға

Қалқан қып орыс сап қойған.

Түстіктен келіп, бүйірлеп,

Түрткенін, сірә, сарт қойман.

Батыстағы бауырың,

Бауырында жаттың қап қойған.

Тәңірден басқа Батырым,

Тірек жоқ, тірек

Қатты ойлан!

Доғарып сөзді, таласты,

Татпай ас, тары таң асты.

«Қиығын тастап көзінің»,

Біріне-бірі қарасты.

«Шолпан жұлдыз батқанда»,

Қоштаса алмай тарасты.

Баспайтын сірә бүлкілге,

Сенбейтін ерді кім-кімге.

Алладан аян келді ме,

Ажалың келіп арбаса,

Өзгереді күлкің де.

Елге тарты ер Оспан,

Сүмбені тастап бір түнде,

Адыра қалып шен-шекпен,

Мансап, атақ мүлкің де...

Қытайға арқа қақтырып,

Орысқа орден тақтырып.

Жеңісханұлы сарайын,

Жамбастай жатып бап қылып.

Төрт қатынға жыл-жылда,

Төбелді құлын таптырып.

Қыр-ойға шықса ордаға,

Қызыл қарағай жақтырып.

Иығына оқалы

Зерлі шапан жаптырып.

Қуығы қысса қысылмай,

Қалаған тұсқа шаптырып.

Көз жұмып, тілін тас түйіп,

Жаттың жағын жақ қылып.

Бейжіннен пәрмен жеткенде,

Бейуаз атын басқа ұрып.

Тамырласын танымас,

Атанып әділ жақсы ұлық.

Отырар еді-ау, отырса,

Орыс пен қытай осырса,

Құзғындай қара қарқылдап,

Жынды су ішіп тарқылдап.

Кеудесіндегі көп темір,

Керегі жоқ көк темір,

Күн көзіне жарқылдап.

Қылымсу іске қанық боп,

Жылым су шыққан жарық көп.

Қағанат құрған халық жоқ,

Қазанында нарық жоқ.

Алты алаштың алдында,

Атанар еді анық боқ!

Оспан ба, оны қалайтын,

Күштінің артын жанайтын.

Бас имеген көк жалды,

Екі тұстан ұтылап,

Уақыт жетті талайтын.

Пісірген бұрын жоспарды,

Талай күн, ойлап, талай түн.

...Жасалды құрту жоспары,

Жасаған одақ-достары.

Кейінгі және бұрынғы,

Тіс қаққан, кәрі мосқалы.

Жинаған қала, ой-қырдан,

Қырғыз, қазақ, ойғырдан.

Қызылдың қолын қырып сап,

Жайратқан жапон, немісті,

Жеңімпаз елді таң қылды.

Орыс пенен мұңғылың,

Осы іске жұмыла,

Одақ құрған мәңгірді..

Саудыратып сан түрлі,

Орденін ала жүгірген,

Оларға және саңғырды.

Төгілген қан мен терімнің

Өлшемі темір емес деп.

Алтайы алақанында,

Айлалы батыр сан қырлы,

Алдынан тосқан аюдың,

Аузы-мұрнын қан қылды.

Мұхиттан өтіп атағы,

Америкада жаңғырды.

Шырмаған елді шығай бақ,

Тұрмайды бақыт ығай нақ.

Қу үйде жатқан Оспанға,

Әлихан төре мөр басқан,

Хат келді үшбу дұғайлап.

– Армысың, батыр Оспаным,

Жауыма жарау қосқаным.

Құлжада отыр құлазып,

Бауырың ойлап дос қамын.

Төңірек түгел күйіп тұр,

Менің де маңым от-жалын!

Араша болған Алтайға,

Армысың, Оспан, оқпаным,

Алапат өрттің алдына,

Қалқан ғып оққа тосқаным!

Қарағұрым ішінен,

Көрінген жалғыз бостаным!

Бір көруге зар едім,

Жараның берсін жар емін.

Жағалассаң бір басың,

Бір полкке пар едің.

Бөрі текті шетінен,

Бөрікті ерлі бар елің.

Еңіреген жігіттің,

Елі табар заң емін.

Алтайды жатқа алдырма,

Қолында кәпір қалдырма!

Кезек екі келмейді,

Басына ноқта салдырма!

Жараңа дұға жапсырдым,

Жағаға сұқты ақтырдым.

Жолыңа бердім ақ бата,

Сүйгені Тәңір-тақсырдың.

Ілеге ие болармын,

Алтайды саған тапсырдым!

Шаншылып тік туыпты ай,

Жанына жұлдыз жуытпай.

Жолдады Оспан жауапты,

Ат ізін де суытпай.

– Қырық жыл құл боп қырқысқан,

Қырық жыл қарғы-қыл қысқан.

Басшысы Шығыс Түркістан,

Дұғайлап сәлем жолдадым,

Әлихан Сізге бір құстан.

Төбеден бақ жауған жоқ.

Теп-тегін бақыт алғам жоқ.

Арманым талқан болса да,

Алдағы мақсат ауған жоқ.

Қаныммен алдым бостандық,

Шықпады сенген достан түк.

Жан алып жүріп, жан берген,

Қасырет құшқан Оспанды ұқ!

Қып-қызыл тулар жайнап тұр,

Қып-қызыл тілі сайрап тұр.

Атыстан көз ашпаған,

Алтай деген аймақ бұл.

Анау атам заманнан,

Азиядағы қаймақ бұл.

Аруақты қозғама,

Атады деп киесі,

Аңырап қырда сайғақ тұр.

Намысымды қайрап тұр,

Қаным бойда қайнап тұр.

Әлихан төре атың бар,

Шыңғысхан текті затың бар.

Ақырып теңдік сұрауға,

Сеніңдағы қақың бар.

Ақырып бір айбат қыл.

Келетін ертең ұрпаққа,

Керек емес айғақ құр.

Үйшіктен шығып қайрат қыл!

...Қазақпен кімдер атысты,

Таң қылып шығыс, батысты.

Әлі де күңгірт ақиқат,

Алтайдан Оспан ығысқан,

Майданға осы қатысты.

...Қош дейін Алтай, Қобдаға,

Қош дейін Алтай, Қобдаға,

Барамын өтіп Боғдаға.

Соңымнан қолын бұлғайды,

Сора-сора сорлы Ана.

Батпаған басты алуға,

Моңғолдық сәлем Сағдаға,

Кезеген мылтық кезінде,

Кеңес үшін жан баға.

Бидайдың орны диірмен,

Адасып жүріп үйірден.

Солдатын шығын қылмасын,

Дәлелхан, Ысқақ, Жағда-аға.

Бодандық басын байлаған,

Басқаның қоғын шайнаған.

Бауырларыма таңдана,

Бостандық іздеп барамын,

Саламат болғай Сары дала.

Сағынып бірде келермін,

Аман бол, Алтай – Арлы ана!

Айналып аман келермін,

Тапсырдым Тәңір-Аллаға.

Алтайым төрім аунаған,

Анамнан менің аумаған.

Сайран салған сан жылдар,

Сая еді тау маған.

Амалсыз ауып барамын,

Тыныштық бермей жау маған.

Заманым бейбіт кезінде,

Шалғыны ем өрттей лаулаған.

Алалы жылқы, қызыл қой,

Алдыма симай айдаған.

Бір жайлауда желіге,

Жетпіс жеті құлын байлаған.

Ағайын, көрші, жұрағат,

Туыс еді айналам.

Сабада қымыз салқындап,

Қазанда құрты қайнаған.

Қырық күн қунап жатушы ед,

Қонаққа келген қайманам.

Мекеннен бостым еріксіз,

Қай жерге барып жайланам?

Қалдың-ау, Алтай қансырап,

Алдымнан шықты сан сұрақ.

Топырақ мендік бролғанмен,

Таппады одан жан тұрақ.

Алтайым, ант етейін,

Аман болсам, Айналам!

Аман болсам, Айналам!

«Жаңа жердің» ғұң-сағы –

Қытайдың жылы-жұмсағы.

Бағынбай тұрған бұлқынып,

Бұрыннан қалған қылтаны.

Солардан сойыл сұрыптап,

Ептісі мен еттісін,

Оспанға орыс жұмсады.

Ай туған түні тұтылып,

Одан да кетті құтылып.

Артынан атқан ажал-оқ,

Тимеді бәлкім тұқырып.

Аяз, қар, көк мұз, жаңбырлы –

Жалаңаш қылыш – тағдырлы.

Оспанның салды ізіне,

Бүйідей тиген Жапонға,

Даңқты батыр Дандырды.

Дандыр да таппай Қаптықта,

Алты ай азып, қаңғырды.

Әділ соғыс әйгілеп,

Әділетсіз қылған іс,

Есінен ерді тандырды.

Таусылар төзім алмастан.

Тоқтайды үміт, тағат та.

Тоспайды тағдыр, сағат та.

Қуалап жыра-жылғаны,

Сағалап сай мен саланы.

Далаға сондай жарасып,

Жайғасқан көшті жайратып,

Тағы бір қанды таң атты.

Оянған шошып аң-мен құс,

Азан да қазан шулады.

Үзіліп түсті өркештен,

Өрімдей өмір шумағы.

Үйірлі жылқы шұрқырап,

Арқанда аттар тулады.

Күркірі жер қозғалтып,

Көк қанат көкте зулады.

Сіркіреп төстен бұршақтай,

Қорғасын оқтар

Малына,

Қарамай жанға

Ілгенін

қуырдақтай турады.

Қазақтың қасаң тарихы,

Біле ме, бұлар туралы?

Мүмкін айыр қанатта,

Өзінің қандас-туғаны.

Аэроплан – айыр қанатты,

Бауырын бояп балақты.

Әппақ қардың бетіне,

Адамның қанын

Ал қызыл

қызғалдақтай шашып таратты.

Ұзағанмен орыстан,

Құтылмады мол ыстан,

Айналасын алған өрт,

Тарылды елі қоныстан.

Атағы кеткен Қырымға,

Шатағы жеткен ұрымға.

Қызылдың күйін барласаң,

Шамасы жетпей бір ұлға.

Қайрансыз қатын-баланың,

Жемтігіне үймелеп,

Ұқсайды қонған шыбынға.

Бұл кезде Оспан жекілген,

Елінің шеті сетілген.

Сырлы бір аяқ сияқты,

Қырық жерден кетілген.

Қашқанда қайда барады,

Қақпан сүйреп бекінген.

Қараша үйлер көбейді,

Жесір менен жетімнен.

Дүние-жалған, әттең-ай,

Кеше май жеп кекірген.

Гоминдан шіреп, ол отыр,

Қысылғанда өзі кеп,

Кіреді деп көпірген.

Солайы солай болды да,

Көмек берді сорлыға.

Көлінен қазды үркіткен,

Коммунаның зорлығы, ә.

Қару алды, Оспан, шәй алды,

Ақысыз, пұлсыз, жәй алды.

Алғанның бар салмағы,

Ойып түсер жаяңды.

Толқыған батыр тал түсте,

Жағын жиі таянды.

Басқан ізі сайрайды,

Басыңда болмай бостандық,

Бақыттың жоғын баянды.

Мөрін аңдып моңғол жүр,

Қуған иттей қоянды.

Тапсырып жақсы аттанып,

Шайнатсам деп қаяңды.

Аспаннан төнген ұшағы,

Алапат ажал құсады.

Аттылы-жаяу босқан жұрт,

Боялды қанға құшағы.

Ақ қорғанға енсе де,

Таусылған амал тұсады.

Қыс демей,

Демей қар, жаңбыр.

Қажыған шоғыр құсалы.

...Қормарал елден, қостардан.

Хабары бардан жоспардан.

Жетті сыбыс Оспанға,

Дұшпаннан және достардан.

Қаралы жерді өксітіп,

Байлаулыдан, достардан...

Жыртысын қостап, жыртысқан.

Қой десе, қоймай тыртысқан.

Жоқ кешегі Үш аймақ,

Кешегі Шығыс Түркістан.

Сары бауыр сарбаз, солдаттар,

«Соғыспа!» деген алды ақпар.

Жалынды ұран, жанталас,

Жай түскендей алла-ау-акпар!

Қаз-үйректей қаңқылды,

Қаңырап қалды айлақтар.

Қызылға оқша борады,

Қаралы қарғыс: –Жайрап қал!

Оспанды орып атқылап,

Орден алған мандаттар.

Алты алаштың алдында,

Ақиқат айтып жалбақтар.

Көмулі жатқан көмбедей,

Ол да бір аппақ таңдақтар.

Тарих – айдын, айдында,

Әлі де біраз тайғақтар.

Күн санап өскен шендері,

Генерал, мойор саңлақтар,

Алжыған есі адасып,

Мүмкін біраз сандырақтар.

Алайда іздеп таппайтын,

Өлген бар,

Тірі айғақтар.

Бетімен жүрген бұл күнде,

Жетекпен кеткен тайлақтар.

Осынау қанды тарихтың

Күйінген күйін шертеді,

Бүлінген бүгін,

Артында

Алтайда қалған Сайғақтар!

Қиылған қыран қанат та,

(Тышқанның мұрнын қанат па!).

Әлихан төре аулақта,

Бақилық мырза қамақта.

Қарауылы желкеден

Деп тұрғандай тіс жарсаң,

«Өзіңді өзің тамақта!».

«Дәлелхан қайда, генерал,

Келді ме кезі, дем алар?».

Әр саққа әр кім жүгіртті,

Өлді,

Тірі,– деп олар.

Татымады-ау, тұсаққа,

Қара ма, жоқ, ісі ақ па?

Үкімін ұрпақ береді,

Шайдтар кеткен ұшақта.

Құдайдың басқа салғаны.

Тағдырдың болмас талғамы,

Бұл да бір ғасыр қылмысы,

Ақтаңдақ – тарих талғаны.

Қылышы ауыр болса да,

Қынына түспес салмағы.

Бейжінге билік бұйырды,

(Жаназа айту қиынды).

«Түркістан Шығыс» желкеден,

Кескендей пышақ қиылды.

Дуалы – қорған,

Жамбылы – ық.

Орталық – Бейжін –

Ханбалық.

Маңдайға мәңгі жазбаған,

Таңдайды қағам таңданып.

Тарихыңның тоң беті

Таңсық па, қазақ,

Құбылай

Қондырған жұрт паңданып?

Ілгені көкшіл көбенте,

Қазіргі тұрғын хань-халық.

Құныперен тулайды,

Қытай десең шамданып.

Құбылайдың құрым іздері,

Құм ішінен табылар,

Іздегенге шам жағып.

Таудағы жыртқыш қазағым,

Жан бағып жатыр мал бағып.

Ұлысы – Қытай, ұлты да

Он сегіз мың ғаламға

Көз тігеді қамданып.

Хан балық – Ханның қаласы –

Хан Орда нағыз ескіше.

Екінің бірі естісе:

Етек пен жеңді түрініп,

Естері шығып,

Үріккен

Ербиіп тұрмай ешкіше.

Оспанның ендігі тағдыры,

Тулай ма асау бестіше?!

...Жазыла алмады жазда ауыл,

Қайғы-бұлт шөгіп қазбауыр.

Қыраттан асса ар жағы,

Қылпылдап тұрған қандауыр.

Күзеуі қайда кең қолтық?!

Сонарға салды ізді ауыр.

Сәулесін айдың сіміріп,

Туырлық, үзік, жан жауыр.

Елең қақан еліктей,

Қорқытың көлін жүзді ауыл.

Оспанды мақтап сатқанды,

Сатқандар сыйға батқанды.

Саудыратып төсіне,

Темір-терсек таққанды.

Арқасынан олардың,

Анау-мынау қаққанды.

Ал Оспанға АҚШ-тың,

Тыңшысы деп Жапонның

Жоқ жерден жала жапқанды.

Жырғатам деп және айтты,

Індетіп оны тапқанды.

Оспанды отап, құртуға,

Алуан айла тапқанды.

Әйтседе жерді қапқанды.

Қайлалы батыр баспады,

Құрылған тұзақ, қақпанды.

Елудің келіп күзінде,

Қайыздан пана тапқанды.

Он мың түтін соңында,

Жасағы сиреп, қызылға,

Шабуға Оспан батпады.

Қордаланып қор жиып,

Көктемді күтіп асыға,

Мақайды қыстап жатқанды.

Қыс еді.

Қансу өлкесі.

Аңсатқан Алтай сөңкесі.

Ақ шомнан әзер қылтиған,

Тапал таудың өркеші.

Топырақ алтын, зер тегі,

Алтын да басар еңсені.

Жастанған мылтық қос-қостан,

Ұрғашы

Түгел еркегі.

Иірілген үркердей,

Жиылмаған желкені.

Шоқ-шоқ қонған ауылдың,

Күйі көзге ертегі.

От-ошақтың басында,

Сыңсыта сұлу ән айтып,

Көңілдің күйін шертеді.

«Ағажай, Алтайдай, жер қайда- ай!»...

Көсей жағып отынан,

Ел орынға отырған.

Қызыл іңір кез еді,

Тыныштықты опырған,

Дүмпуден қара жер шөгіп,

Қара аспан құлап

Шошынған.

Күн көрген заман жағымен,

Ұзаған қолдан сағым ең.

Мықыны мықты ойнаған,

Мұңлының қонған бағымен.

Азаттық арман бақ еді.

Ат үсті алтын тақ еді.

Алдына қойған мақсатқа,

Алласы-Тәңір жақ еді.

...Кеудесіндей нар құздың,

Керейдің ханы Марғұздың.

Кебінін Науыр кигізген,

Атадан қалған жалғыздың.

Жесірін алмақ құтырып,

Кетпеген дейді құтылып...

Жүз саба

Тойда

Шерікпен

Жайратқан жауды

Торы ұлдың

Әжесі бике Құтұлық.

Көнеден келген бұл аңыз.

Мәніне көңіл бұрамыз.

Құтұлық құты дарыған,

Оспанның ерке шорасы,

Әзиза болған бұла қыз.

Оның өзі бір аңыз.

Сол аналар алдында,

Жуылар ма екен күнәміз?!

Онында жебе ұштаған,

Он үште мылтық ұстаған.

Он беске келген жасында,

Атқан оғы үстеп ұшпаған.

Қолына үйде батырдың

Су құйған

Түзде ту жиған.

Болған бірі үш таған.

Қасына жігіт жақындап,

Таямаған үш қадам.

Қарауылға ілінген,

Құтылмаған ұшқан аң.

Мінгені қыздың қарагер,

Қарагер сүйген бала да ер.

Қадағанда тұяқты

Қақ жарылған қара жер.

Қопсаңмен ақты жұлдыздай.

Суда жүзген құндыздай.

Құдайым өзің сақтай гөр.

Азаттық үшін алысқан,

Алаштан шыққан бір қызды-ай.

Айналды бір таң ғасырға,

Бір оққа бір жан татыр ма?!

Қарагер ат құлады,

– Оқ тиді!

– Кімге?

– Батырға?!

Байқады батыр баранын.

Естіді даусын даланың.

Жығылған атты жастанып,

Атысып жатқан баланың.

Бұрыла солай құйғытты,

«Қалай тастап барамын?!

Міңгестіріп аламын».

Аспанда жұлдыз ағады,

Айдында Ақ боз тағалы.

Айқасып тұяқ, алмас мұз,

Алауын нарттай жағады.

Оқ түскен жердің арасын,

Қуалай шауып, нанасың.

Түлкіге түскен бүркіттей,

Әкетті іліп баласын.

Табанға басып ащы-уын,

Қамшыны басып,

Тақымын

Қысқаны батыр сол еді,

Сырғасын сезді атының.

Барады Бозы тайғанап,

Қақты екен тұяқ қай қанат?

Алғашқы түнге ақ дала –

Ақ көрпедей жайған ақ.

Аунап тұрған үшеуін

Ажал жатыр аймалап.

Алтын ердің қасы деп,

Аққан көздің жасы деп.

Боқтатпаған бір жанға,

Кепкеніңнің басы деп.

Алтай үшін отта өскен,

Азаттық үшін оқ кешкен,

Аталарың осы деп,

Апаларың осы деп,

Айтылатын Батырың,

Жарғандай мұздың жатырын.

Қарагер атты қалқан қып,

Түсірді жауды бір-бірлеп,

Заманның күтіп ақырын!

Шар етті дауыс.

Әзипа:

– ӘКЕ-Е!!!

Батыр бұрылды.

– Оқ бітті... бітті...

Еңіреп,

Әкенің құша аяғын,

Әзипа келе жығылды.

Әкесі – Оспан он бір жыл,

Аранын ашқан ажалдың,

Ауызын жапқан тығынды.

– Жасыма, балам, ап қайғы,

Әкеңді олар атпайды.

Құтылып, құлын, кетер ек,

Амал не, амал... ат тайды.

Азаттық үшін айқасқан,

Ақ құлын алла ақтайды.

Қып-қызыл жалын, нар тұман,

Қоршады алды-артынан.

Қаймағын қайран жұртының,

Қынадай қырып қалқыған,

Қытайдың қызыл әскері.

Қырғыннан әпден жалқыған.

Жауған оқтан жанып мұз,

Жолданды зарлы ән Алтайға,

Қайыздан ұшып, қалқыған.

Құшты батыр баласын,

Сүйіп, маңдай қасынан.

Құшырлана иіскеді,

Алтайдың жасыл аршасы,

Аңқыған арда шашынан.

– ЖАНДЫРҒАН МҰЗДЫ, ЖАЛЫНЫМ,

Аман бол, аман, жарығым.

Ұқтың ғой,

Қызыл, ағы не,

Ым-жымы бірдей бәрінің.

Еңкейтпей еңсе, мүсінді.

Қаперге алмай қысымды.

Белінен шешіп белбеуін,

Қызына жайлап ұсынды.

Әкенің қалың қасынан,

Әзипа сырын түсінді.

Ұрпаққа жалға,

Белдікті

Босатпа!– дегенін түсінді.

Аязда, қарда от та арман.

Бөгеті болса жоқ та араман.

Ақ боз ат айыл жимады.

Боратып жауған оқтардан.

Ақ боз ат епті аса тым,

Ой жерден ойнап басатын.

Қиналмай қырдан асатын.

Алдына қара түсірмес,

Сүймеген шаң да шашасын.

Тостаған тұяқ ілгенін,

Көз көрім жерге шашатын.

Бұлғынның тұнық таңына,

Шайқаған таза қасасын.

Қабағын ердің таныған,

Табанын тасқа жаныған.

Таң сәріде тынығып,

Айға шабар пырақты,

Тамшылап тері бауырдан,

Сорғалап қаны сауырдан.

Мінер жақ асып аяғын,

Айлаға бермес ақылды,

Жақыны, досы ақырғы.

Иіп басын, иіскеді,

Қасына келген Батырды.

– Қалдырмай жаудың өтіне,

Қиып ең оқтың өртінде.

Құйылсын саған ескерткіш,

Жазмыш қой, БОЗЫМ, өкін бе!

Қадаған қайсы ит екен,

Адамға емес атқа оғын.

Бауырға басты Оспан да,

Мойнынан құшып АҚ БОЗЫН!

Танауы боздың дірілдеп,

Әлде нені күбірлеп.

Құлаққа есті бір үн кеп.

Ып-ыстық жасын төкті-ай кеп,

Етегін тонның тілімдеп.

Ғасырды, жылды өткерген,

Тұмары жұлдыз көкте өрген.

Ойымды соған көп бөлгем,

Балбалды жасты көп көргем.

Шекара – жиек, көк белден.

Қасқайып қарап тұратын,

Кеудесін құды кек керген,

Құландай қазақ батыры,

Қазандай басты бөктерген.

Балбалды жасты көп көргем.

Шекара – жиек, көк белден.

Орайлы ойда бір нүкте,

Сөзімнің мәні бірлікте.

Өлгендер жауап бермейді,

Өткеннің жөні болса да,

Тіріден сұра тірлікте.

Дүниеге дейін келтіріп,

Кінә бар ма, үн-түнсіз,

Кесілетін кіндікте.

Тесіксіз үйің көрмен тең,

Төбеңдегі түндікте.

Желбегей ішік...

Нар тұлға жасырмаған

Хас күйін!

Малынған аппақ алтынға

Шаншылған құды жас құйын!

Қазақ үшін тәйірі,

Азаттықтың жолында

Болып па еді бас бұйым!

Жақшасын ашты жарты айы,

Желкесінде Алтайы

Ал қызыл түлкі бас киім.

Қасқайып қабақ қақмастан,

Қарсы алған жауын хас батыр,

Күлтегіннің мәңгілік,

Көк тасындай ТАСТҮЙІН!

22.01.2007ж.

Бақытбек БӘМІШҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар