Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
От культі немесе мистикалық махаббат...

11.10.2017 7932

От культі немесе мистикалық махаббат

От культі немесе мистикалық махаббат - adebiportal.kz

От - жарық пен жылу беретін наным –сенімде өзіндік орны бар табиғат құбылысы. Ол ертедегі адамдардың табиғат құбылыстарының ішінде сыйынып, табынатын обьектілерінің бірі болды. Оның өзіндік себебі бар. Ертедегі адамдар табиғат құбылыстарынан болатын аптаттардан үнемі үлкен зардап шегіп отырған.

Банзаровтың отқа табыну шамандарға парсылардан кірген деп есептейді. Оның өзі әлі толық зерттеуді қажет ететін даулы ұсыныс. Отты алғаш меңгеруде адамзат санасында үлкен үрей болғанын мифтік шығармалардан аңғару қиын емес. Тіпті әлемдік мифтік шығармаларда Прометей мен Койоттың құдайлардан от ұрлағанын еске түсірудің өзі жетіп жатыр. Қазақы аңыздарда бұл (жынды көбелектің) түнгі көбелектің отты айналшақтай беруіне қатысты аңызбен сабақтасады.

Отты көргенде құдды қазіргі жан-жануардың оттан өлердей қорқатыны секілді адамдар да алғашында қатты үрейленетін. Алайда, араға ұзақ уақыт салып ертедегі адамдар оттың сырын ұғып, оның пайдалы жақтарын да көре бастаған. Сол кезде адамдар бір жағынан оттың қандай зат болмасын құртып күлге айналдырып жіберетін қорқынышты күшін көріп үрейленсе, екінші жағынан оттың шикі азықтарды пісіретін, суықтан сақтап, жылу беретін, жабайы жыртқыш аңдардан қорғайтын, қорқынышты қараңғы түнде жарық түсіретін пайдалы қасиеттерін байқап, оған деген шексіз құрмет көрсетті. Шоқан Уалиханов қазақтардың отқа қатысты нанымы туралы «Қырғыздардағы шамандықтың қалдығы» деп аталатын көлемді мақаласында былай дейді: «От шаңырақтың жебеушісі, сондықтан қырғыздарда келін жаңа отбасының табалдырығын аттаған кезде үлкен үйдегі отқа табынуы керек. Бұл моңғолдарда да бар салт және ол некелесу салтының орнын ауыстырады. Қырғыздарда ол көптеген ұсақ-түйек жақтарын жоғалтқан, яғни моңғолдармен салыстыратын болсақ, бүге-шігесіне дейін қолданылмайды».

Отты кие тұтқан халық оны дүниетаным мен діни танымда да қадірлегенін бажайлауға болады. Отқа май тамызу дәстүрі біздің қазақ тіршілігінде әлі де бар. Бірақ үйлену салты еуропалық үлгіге сәйкес өзгеріске ұшырап бара жатқан қазақтардың отқа май құю салты осы ғасырда жойылып кетуі ықтимал. Шоқан Уалиханов бұл жөнінде былай дейді: « Қырғыздар нағыз есерсоқ, шәлкес адамды от соққан, от аттаған деп атайды. Отқа табына отырып, оттың ашуынан қорыққан және сондықтан оттың ашуымен қорғанған.

Оттың қуатымен металл қорытылып, түрлі құрал-сайман, қару-жарақтың жасалуына байланысты адамдардың отқа деген құрметі тіпті күшейгенін байқаймыз. Отқа деген қатынас пен сенімдер алғашқы адамдардың отты құдіретті күш, киелі құбылыс санауын туғызды. Пәле-жаладан сақтап, жамандықты аластайтын қасиеті бар деп табынды. Бұрынғы таным бойынша от жарық нұрдың, күн көзінің нышаны. Аспандағы күннің адам өміріндегі ықпалы қандайлық болса, оттың да сол жарық жұлдыздың бір бөлшегі ретінде қарастырылуында түп-негіз бар От пен күннің арасындағы мифологиялық байланыс та айқын көрініп тұр. От пен күнді байланыстырғанда қос ұғымның әсерінен оның киелі мәні арта түседі. От-күннің жердегі елшісі істпетті. От пен күннің түсі-қызыл және сары. Қызыл от пен қызарып батқан күннің түсі - қанның түсі.

Қан- тіршіліктің күре тамырында тулап жатқан негізгі сұйықтық. Демек от-кие миотивінің түсін қызыл деп тануымызға болады. Қызыл және сары от пен күнге баланатын киелі өң болып саналады. Мифтік танымының қызыл түске қатысты ұғымдарының өзінде осы от пен күннің өңінен шыққан нанымдарды сабақтастыруға болатындай.

Отта магиялық күш те бар деп саналады. Жалпы –құдіретті күш, зиянкестерді қорқыта алатын қасиетке ие болғандықтан ауырған адам, жолаушы, көшке жаңа ерген үй, жас баланың бесігі, қала берді ауырған малды да аластау әдісіне салған. Мұндай жоралғыларды магиялық ырымдар деп атаса да болады. От- ілкі заманда микро зиянды ағзаларды құртатын ең негізгі құрал болған. Оттың тазартатындығы туралы осындай көне түсінік қазақтарда ғана емес, әлемдік діндердің барлығында күнәһарды тозақ оты тазалайды деген ұғыммен астасып жатса керек.

Қойшыбек Мүбарактың «От-Ару» деп аталатын әңгімесінде от культі айқын көрініс тапқан. Аты жоқ кейіпкер отқа ғашып болады. Оттың ішінен ару бейнені көреді. Бірақ ол жақындай бергенде от жоқ болып кетеді. Отты қолға ұстау мүмкін емес қой. Автор оттың осы қасиетін жақсы деталь етіп алған. От-арудың жанған жеріндегі жылуды місе тұтып жүрген жігіт қызды қолымен ұстап көруді құп көреді. Осылайша ауылдағы бір жынды шалдың ақылымен сандық түбінде жатқан сарымойнақ пышақты алып отқа лақтырады. «Аңдып отырған жігіт пышақты дәлдеп тұрып оттың ортасына қарай лақтырып қалды. Пышақ межелі жерге дәл түсті. Шыңғырған қыздың даусы шықты. Жігіт лаулаған оттың ішінен өзінің түсінде көретін от-аруын көрді. Отқа қойып кетпекке ұмтылып еді:

-Жақындама жаным, жазым боласың. Өртеніп кетесің, кет әрмен, кет әрмен,-деген қыздың даусына сәл тосылып қалды».

Біз осы үзіндіден от пен адам арасындағы байланысты байқаймыз. Алайда отқа ұмтылған жігіт біз өмір сүріп жатқан кеңістікте енді ғұмыр кеше ала ма? Оттың да біздің кеңістіктегі ғұмыры шектеулі. Ол жандыруға тиісті затты өртеп болған соң, сөнетін табиғи құбылыс. Демек, бізге от қаншалықты жақын болса, соншалықты жат. Біз оған қаншалықты тәуелді болғанымыз бен ол бізге тәуелсіз. Сонда автор От пен адам арасындағы мистикалық махабаттың шешімін қалай бермек? «Жігіт өзін отқа бірақ атты. Қыз бен жігіттің құлында-құлын даусы шығып жанұшыра шыңғырған дауыстарын кең мойнақтың екі жағындағы ауыл да естіді. Сыртқа шыққан олар жотадан лаулаған оттың көз жеткісіз аспанға созылып жатқанын көріп аң-таң қалысты. Бірақ ешкім де жақын баруға батпады. Тек таң атқан соң ғана мойнаққа келгендер оттың орнынан жалқы сармойнақ пышақты тауып алды. Сабының аз жерін ғана күйік шалған екен».

Оқырманның көкейінде сұрақ пайда болады. Сонда жігіт от-арумен басқа әлемге кетті ме, әлде күлге айналып жоқ болды ма? Егер күлге айналып өртеніп кетсе, пышақ неге өртеніп кетпеген? Демек, от үшін мәңгілік мекен болып табылатын бізге беймілім кеңістікке кеткені ғой. Автор шешімді оқырманның өзіне қалдырады. Әңгіме отқа қатысты мифтік таныммен бедерленіп, мистикаға ұласқан. Мистика болғандықтан мұнда жігіттің де, қыздың да портреті жоқ. Тек От –аруға ессіз ғашық, тіпті мына дүниені мансұқ көрмейтін жігіт пен оттан жаралған сұлу сұлба ғана елестейді. От-аруға ғашық жігіт Отанын тастап өзі үшін белгісіз бір кеңістікке кетіп қалды. Анығында біздің Отан деген сөздің түбірінде От-семасы қылаң береді. Адамға азық пен қуат жылу берген қазақы ұғымдағы отбасы және ошақ киелі саналып, қасиет тұтылады. Тіпті металлдың алғашқы күйден келесі күйге өтуіне де оттың көмегі қажет. Біз физикалық заңдылық бойынша заттың үш күйі бар деп есептейміз. Қаттының сұйыққа, сұйықтың буға айналуына ең алдымен от керек. Демек Қойшыбек Мүбарактың кейіпкері де екінші күйге өтіп кетті. Оны от-ару буға айналдырып жіберді. Аспан кеңістігіне буға айналып қана көтерілуге болады. Әңгіменің негізгі идеясынан отқа құштар жынды көбелекке қатысты өзекті аңғарамыз. Сондықтан да бұл әңгімені біз талдау объектісіне алдық.

Қойшыбек Мүбарактың «Құбыжық» әңгімесінде де тәңірлік танымдағы оттың рөлін көрсететін подтекстер көптеп кездеседі. Әңгімеде от жағалай бақсылық ойын салатын Бақсы шал, оның сары бауыр бүркіті мен қамшысы мифтік сарынға негізделген әңгіменің мәнін аша түсетін детальдар болып табылады. «Бақсы бір кезде бүркіт болып піштәктап ала жөнелді. Сол кезде босағада отырған бүркіт те үйдің төбесін ала айнала ұшып піштіктай жөнелді. Аузынан ақ жалын бүркіп буырқанған бақсы бір сәтте барып саябырлап, өзін босатуды бұйырды.». Енді келесі сөйлемге мән беріңіз: «Бүркіттің даусы құлағына жеткен бақсы шал орнынан атып тұрып зіркілдеп, бұрқырап бақсылық ойынға қайта кіріскен. Аузында лапылдап жанған қарағайдың дәу бұтағы қып-қызыл оттың ішінде арлы-берлі ойқастап жүр» «- Алас! Алас! Бар пәледен қалас. Кет, пәлекет, кет! Суф,-деп кемпір бір қолында қарақұрым киіз, бір қолында үлкен кесе толы су бар. Қарақұрым киізбен қағып тұтатқан аршамен аластап, су бүркіп ұшықтап жатыр», «Отты өшіріп алмаңдар! Үстіне май құйыңдар,- кемпір шыр-пыр бола бастады.... Отты жағыңдар! Отты-кемпір өзі талықсып кетті. Ел от жағу үшін жанталасып, бірін-бірі соға-моға қайшыласып жатқанда арлы-берлі бұлқынып жатқан келіншек ышқына бір айқайлады да, неше қабат арқанды бырт-бырт үзіп орнынан тұрды».

Негізінен «Құбыжық» әңгімесінде қазақтың мифтің танымдарының көп бөлігі көрініс тапқан. Адам мен Албастыдан құбыжықтың пайда болуы, адамды албасты қалай басатындығы, Албастыға айналған адамның қандай болатындығы туралы сауал осы әңгімеде ашыла түскен. Мифтік сарында жазылған әңгімеде мистикалық детальдар бар болғанның өзінде соншалықты нанымды. Нанымды болатындығының өзі арғы таным мен түпкі қиялдан ауытқымаудың нәтижесі деп білеміз. Мәселен, екі кештің арасында әйел адам суға бармайды, қазақта сондай тыйым бар. Ал барған жағдайда не болады? Албасты басады. Әңгімедегі кейіпкерді де албасты басады. Албасты басқаны соншалық, ол өзін игере алмай бір ауылды қырып салады. Албасты басардың алдында ол үйге кіріп келе жатып, табалдырықты сол аяғымен аттайды. «Тәйт ары, табалдырықтан сол аяғымен аттағаны несі,-деп саңқ ете қалды. Үйдегі отырғандардың барлығы келіншекке жақтырмай қарасты». Мұндай тыйымдық мәні бар детальдар үй ішінде отырғанда бірнеше рет кездеседі. Тіпті шай ішіп отырғанда, келіншек сол аяғымен табалдырықтан аттап келгенге дейін бір бала да кемпірден ескерту естіп үлгереді. «Есікті керіп тұра қалған балаға төрде отырған кемпір «Керме босағаны»,-деп зекіп қалды.» Демек, ырым мен тыйымды бұзу Албасты басып, қарғысқа душар етеді деп есептейтін таным идеясы әңгімеде толық ашылған. Тіпті әңгіме тәңірлік мифтік танымға әдейі негізделіп жазылғанын байқау қиын емес. Себебі таулы орман арасында жалғыз күнелтіп жүрген албасты басқан келіншектің қолына түсіп қалған аңшы буаз маралды атады. Егер буаз маралға тиіспегенде ол сондай бақытсыздыққа душар болмас па еді? Кие мотиві әңгімеде былай берілген: «Алдында іші салбырап тууға жақын буаз марал бір жамбасынан қан сорғалатып тәлтіректеп қашып барады. Түс ауып кеткен кез. Сай етегіндегі сылдырап аққан судың бойында аңшы жігіт арып-таласып үлкен маралды жәукемдеп жатыр. Көп ұзамай барлық етті бұзып, жас терінің үстіне тастады. Маралдың ішінен шыққан өлі бұзауды шаранасымен қасындағы бір ұшқаттың түбіне тастай салды да, анадайда жатқан буыншағынан кішкене бір дорбадан тұз алып, жас етке себе бастады... Етті әбден турап болды да, астауымен бір шетке қойып, әлгінде ғана ұшқаттың түбіне тастай салған шаранадағы бұзауды алып, суды бойлап, аз-кем жүрді де қолындағысын тереңдеу бір жеріне тастай салды. Шарананың сары-жасыл нілі суды сәл лайлады да, лезімде өзі жоқ болып, су тұп-тұнық қалпына келді. Үдірейе сәл қараған жігіт жалма-жан буыншағына келді де, арлы-берлі қопарыстырып жүріп бір ақ шүберек тапты, төр шетінен елідей жалпақ әрі ұзын қылып жыртып алып, су бойындағы балапан қайыңның бұтағына байлады. «Қандай да болсын, бір сыры бар су-ау»,-деп күбірледі» Осылайша буаз маралдың етін жәукемдеп, төстігін қақтап жеген аңшы жігіт ақырында Албастының қолына түседі. Буаз маралдың киесі ұрады. Автор кие мотивін бір бұл оқиғада емес нақ осы кеңістікте, осы аңшымен Албастыдан туған баланы ауылға алып кеткен аңшы жігіттердің де аузына салады.

Автор кейіпкерді албасты басу сәтін де біздің таным қабылдай алатындай етіп жеткізген. «Келіншектің аузы жыбыр ете түсті.Үні сыртқа шықпады. Бұлақтың терең тұмасына шелекті батыра су бетінде қалқып тұрған малдың шикі өкпесін көрді де тағы аузы жыбыр ете қалды. Суды ала беріп қараңғы су түбінен өзінің жап-жарық суретін көріп: -Көтек...-деп селк ете бойын еріксіз жинай берді. Қас пен көздің арасында су ішіндегі өз бейнесі адамның қу қаңқа сүйегіне айналып білегінен бас салды».

Малдың шикі өкпесінің су бетінде қалықтап жүруі - қазақ фольклорында «Алтын сақа» ертегісінде кездеседі. Өкпенің су бетінде жүзіп жүруі-бір жайсыз жағдайдың болуынан оқырманға хабар беретін деталь. Демек бүгінгі мифпоплэтикалық проза да түпкі детальдарды пайдаланады. Мифтік жанрда қалам сілтейтін прозаик те, оқырман да халық ауыз әдебиетінен хабарсыз болса, ұлттық танымға жақын дүниені қабылдай алмаған болар еді. Сондықтан бұл детальді біз өз қабылдауымызға жақын деп отырмыз. Қазақы танымда өкпе-бауыр түсінігің өзінде үлкен мағына бар. Бауыр- әдетте ең жақын адам. Ал өкпе-керісінше, ту сырт. Мүлдем бөлек таным, бөгде, таныс емес тылсымға қатысты өкпенің деталь ретінде пайдаланылуын орынды деп есептеуге болады. Егер «Алтын сақа» және осы әңгімеде де өкпе емес бауыр жүзіп жұрген болса, онда оқырман тосылып, селт етіп, ары қарай не болар екен деген күй кешпеген болар еді. «Құбыжық» әңгімесі мамыражай қазақ аулының түнгі пейзажымен басталады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар