Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Өтен Ахмет: Делдалдарсыз әлемдік өркениетке тура к...

14.04.2017 3559

Өтен Ахмет: Делдалдарсыз әлемдік өркениетке тура кіруге болады...

Өтен Ахмет: Делдалдарсыз әлемдік өркениетке тура кіруге болады... - adebiportal.kz

Латын әліпбиіне көшу Қазақстан үшін пәлендей таңсық та тосын әңгіме емес. Таңсық болмайтыны, еліміз 1929 жылдан 1940 жылға дейін латын әліпбиін пайдаланған. Тосын болмайтыны, тәуелсіздік алған бойда аты-жөнімізді қазақыландырып бір ізге түсіріп алайық дегенмен бірге, латын әліпбиіне көшу мәселесі де қатар көтерілген еді. Яғни бұрынғыны айтсақ, тәжірибеміз бар, кейінгіні айтсақ, ойланып, бір шешімге келердей жеткілікті уақыт өтті. Алайда қайсыбір істі қызу бастап, аяғын сиырқұйымшақтандырып жіберетін бір түсініксіз мінезіміз бар ғой. Басты қауіп, менімше, міне осы.

Әркім өзінің кім екенін ойлап, аты-жөнді қазақыландырып алу еш қиналмай оңай шешіп алатын шаруамыз болатын. Арада жиырма алты жылдай уақыт өтті, шешілді ме? Жоқ. Осыдан он бес жыл бұрын жарияланған «Өй, сонда тұрған не бар дейсің...» деген мақаламда мен былай деппін: «Ру-тайпа шежіресін жасау арасында аты-жөнімізді қазақы қалыпқа түсіріп алмаққа ой кештік. Орыс тіліндегі «ов», «ев», «ин» сол тілдің ережесінде тәуелділікті көрсетеді. Ойбай, орыстың жалғауы қазақ тілінің арасында неғып жүр? Ұят екен, қорлық екен. Бұлай қала беруі жөн емес. Басымызда ерік болмаған соң, амалсыздықтан көніп келгенбіз ғой. Енді еркінбіз. Шу жануар, шу деді... Руын қосып жазамыз, Кетпеновті Тарази деген сияқты Кетпени деген дұрыс. Үрімі, тегі деу керек. Қасқырбайдың Бөлтірігі десе тіпті қатып кетеді. Тағы біреу әйелдің қамын жегенсіп, түгенше келіні деп жазайық деп бүйректен сирақ шығарды. Айтылды-айтылды – бәрі де далада қалды. Оны айтасыз, аты-жөнімізді таңбалаудың тәртібін бұрынғыдан да нашарлатып, қайтып түзелместей етіп былықтырып алдық. Дәлел ме? Бұрын «Ә» дыбысы жүретін он жердің жетеуінде қазір «А» дыбысы қолданылады десе болады. Әсем – Асем, әруақ – аруақ, Шәйзада – Шайзада. «Һ» әрпінің қолданылуы жойылуға жақын: қаһарман – қахарман, Гауһар – Гаухар, Шәһкәрім – Шәкәрім. Біріккен сөздер бір ғана ұғымды білдіретіндіктен жазғанда жігі ажыратылмайды. Ал қазір аты-жөніміздегі осы жікті ажыратып, арасын сызықшамен бөліп тастаған мықтылар қаптап кетті. Шіркіндер екі әкеден туған ба деп ойлап қаласың. Құлмұхамбет – Құл – Мұхамбет, Мырзаәлі – Мырза - Әлі. Сонда дейміз-ау, Мұхамбетқұл, Әлмырзаны қалай жазбақ керек. Мұхамбет – Құл, Әлі – Мырза деп пе? Олай болса есім соңындағы «байлар» мен «бектерді» не істейміз? Олардың «Құл» мен «Әліден» қай жері кем?» («Ақжол Қазақстан», №№70-71, 2003 ж.)

Латын әліпбиіне көшу ағылшын тілін үйренумен үндес, тіпті егіз десек болады. Ал ағылшын тілі бүгінгі озық ғылымның, бизнестің, технологияның тілі. Әріге бармай-ақ, берідегі Қытайды алсақ, Қытайдың дамуына мұрындық болған 1990 жылдарға дейін Англияның отары болып келген алақандай аралға тығылған Гонконг, АҚШ-та, Батыс Европада оқыған, әр салада жұмыс істеп, мол тәжірибе жинаған қытайдың отаншыл азаматтары. Көп ұзатпай Қытайды басып озамыз деп жанталасып жатқан индиялықтар да осыдан біраз уақыт бұрын әжетханасы болмаса да әр үйде компьютер болуына басты мән беріп, озат технология құлағына жармасқанын жақсы білеміз. Бұл – көпшілікке мәлім жағдай, сондықтан ары созбай, мәселенің тоқетеріне көшсем, шатасатын жеріміз де осы тоқтері. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегі жарияланғаннан кейін, қазір қоғамда осыған байланысты ой бөлісу қызу жүріп жатыр. Соның негізгі сүресі мына төмендегіге саяды. Латын әліпбиінде 26 әріп таңбасы бар, қазақ тілінде 28, орыс тілінен енген сөздер үшін кирилл таңбасын қосқанда қазір 42. Осыларды қалай үйлестіріп, көңілден шығар майлы ортасын табамыз? Латынға бізден бұрын көшіп кеткен туысқан түрік елдері баршылық. Олар бір-бірімізден алшақтамайық, қайта жақындаса түсейік деген уәжбен ортақ 34 таңбаға келісіпті. Біреулер осы ұйғарым дұрыс, біз де қосылайық десе, босада жаңа әліпбиге көшеді екенбіз, олай болса, баяғы айбынды Шыңғысхан, Алтын Орда заманынындағы бітік жазуына қайта оралайық деушілер де жоқ емес. Енді біреулер әріп санын көбейтпеу үшін, үндестік заңы бойынша, буындардағы дыбыстардың орналасуына қарай оқығанда жуан жерінде жуан етіп, жіңішке жерінде жіңішке етіп айтайық дейді.

Бітік жазуы –қимасымыз. Бірақ бітік жазуын тек бүгінгі қазақтікі ғана деуіміз дұрыс па? Оған ортақтасып отырған басқа да ағайындарымыз бар ғой. Бұл, әрине, тарихи жадының әңгімесі. Солай бола тұра басқа түрік халықтары жаппай латынға көшіп жатқанда, біздің бітік жазуын ұстап қалғанымыз қалай болар екен? Алабөтен ерекшелігіміз сияқты көрінгенмен, басқаны былай қойғанда, сол түпкі тегіміз бір ағайындас халықтармен қарым-қатынасымызға нұқсан келіп жүрмей ме бұдан? Өркениеттің экспресі космостық жылдамдықпен зымырап тұрған осы заманда, алдағы уақытта оқшаулану арқылы көгеріп-көктейміз деуге қандай қисын бар? Жоқ қой. Түрік халықтарының жарқын болашағы түрік халықтарының бірлігінде екенін қазір дана түгіл, бала да біледі.

Үндестік заңына сүйенгісі келгендердің долбарына байланысты жоғарыдағы мақаламнан тағы бір үзінді келтіре кетсем, артықтық етпес: «Қарағандыға келген бір сапарында қырғыз жазушысы Өскен Дәнекеевпен әңгімелескен едім: «К» деп жазасыңдар, «Қ» деп айтасыңдар, бұл қалай?» Жауабы қайран қалдырған. «Түрік нәсілді ағайындар арасын ешқашан жақындатпау үшін империяның залымдықпен әдейі қадап қаққан шірімейтін қайың сынасы бұл. «Дауыссыздан кейін жуан дауысты келсе «к» «қ» болып, «г» «ғ» болып оқылуы керек. Мысалы, «кыргыз» деп жазылғанды «қырғыз» деп оқу керек. Ал жастар қалай жазылса солай оқып, айтып, тіліміз әбден бүлінуге айналды», дегенді қырғыз ағайын.

Біз ағайыншылықты сыйлайтын, бауырмалдықты құрметтейтін, әрдайым татулық пен бірлікке ұмтылатын халықпыз. Олай болса, латынға бізден бұрын көшкен түрік халықтарының ортақ шешіміне қосылғанымыз жөн секілді. Бізде өзбек, қырғыз, түрік деп алалап сөйлеушілер аракідік болса да кездесіп қалып жүр ғой. Түбірінен қате. Бұл – «Бөліп ал да билей бер» дейтін империялық арам ниетті қитұрқы саясаттың адам санасына сіңіп қалған бүгінгі жаңғырығы. Сонымен бірге, отаншылдық пен рушылдық туралы теріс ұғым туғызатын санадағы рулық шектеулік пен мешеуліктің сыртқа шыққан жабайы көрінісі. Мәселен, біздің көл-көсір фольклорымыздан өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, тағы басқа деп тіл тигізу, кемсіту кездесе ме? Жоқ. Түрік халықтарының жаппай латынға көше бастауы үлкен рухани серпілістің басы. Осы үдерістің ішінде біздің бауырлардан бөлектенбей, бірге болғанымызды дұрыс деп есептеймін.

Сонымен, латынға көшудің сыртқы әлеуетін алсақ, өз мүддесі үшін өз саясатын жүргізіп, екі ортаға перде құрып, алдымызды орап тұрып алатын тілмаштарсыз, делдалдарсыз әлемдік өркениетке еш бөгетсіз тура кіреміз. Талантты, талапты жастарымыз үшін, бизнестегі іскер адамдар үшін алдарынан тіршіліктің барлық саласында рухани жаңғырудың сан тарау өрісті жолдары ашылады.

Латынға көшу ішкі мәдени, әлеуметтік әлеуетімізді де нығайтады. Ой өрісі, түсінігі кеңіген қабілетті адамның өзіне деген сенімі, қоғамдық белсенділігі артады, мінез-құлқы да жақсы жағына қарай күрт өзгереді. Тіпті жыры ұзаққа созылған, Жолаев – Джолаев, Шыныбаев –Чыныбаев, Әсел – Асель, Елдана – Элдана болып жүрген, аты-жөнімізді таңбалаудағы келеңсіздіктерді де ретке келтіріп береді.

Әр нәрсенің пісіп жетілетін уақыты болады десек, әділін айтсақ, Тәуелсіздігімізді алған бетте қанша асығып шу көтерсек те латынға көшуге дайын болмағанымыз рас. Әңгіме ақша-қаражатта ғана емес. Біз көп ұлтты елміз. Ол кезде қазағымыздың өзі қатты ала-құла болатын. Қазір, шүкір, өзгерді. Өткен бейсенбі, осы айдың 13 күні Астанамыздың Жеңіс даңғылы бойындағы балалар кітапханасында осы мәселе бойынша пікір алыстық. Сонда мен орыс ұлты өкілдерінің, орыс тілділердің қоғамымыздың рухани жаңғыруы үшін Елбасымыз алға тартқан мәселені толық қолдайтынын, латынға көшу ортақ үйіміз Қазақстанның өркениеттің көшінде болуы, бала-шағаларының, немерелерінің қоғамды кемелдендіре түсіп, бақытты өмір сүруінің кепілі деп түсінетіндерін байқадым.

Мен сөзімнің басында латынға көшу мәселесінің күн тәртібіне қойылуында тосындық жоқ дегенмін. Яғни осы сала ғалымдарының ойланып-толғанып, салмақтап-саралап бір шешімге келулері үшін уақыт жеткілікті болды. Өз басым ондай дайын шешім бар шығар деп ойлаймын. Бізді аяғымыздан шалғысы келетіндер тарапынан «лингвистердің бір уәжге тоқтайтын түрлері жоқ» деген пікір таратылуда. Шындығында әзірге сөйлеп жатқандар көбіне журналистер, ақын-жазушылар, өздерін саясаткер санайтындар. Әрине, пікірдің бәрін есту керек, білу керек. Ең бастысы ала-құла елдің пейілін білу керек. Пейілі қаралар да жоқ емес. Бірақ некен-саяқ. Қораның сыртында тұрып үріп, бақшамызға тас лақтырып жатқандарда бірлі-жарым болса да көрініп қалды. Алайда бүгінгі Қазақстан шын мәнінде ынтымағы жарасқан, бірлігі бекіген біртұтас мықты қоғам. Сондықтан әлгіндей бірлі жарым шетін дауыстардан қаймығудың, жалтақтаудың еш қисыны жоқ. Осы мәселемен арнайы айналысқан ғалымдарымыздың бір тоқтамға бекіген ортақ шешімдері болса, жариялау керек. Пісуі жеткен, халық қолдайтын істі неғұрлым ертерек қолға алсақ, соғұрлым көздеген мақсаттарымызға да ертерек жетеміз.

Өтен Ахмет, жазушы, ұстаз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар