Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Өтен Ахмет. Дөкейді күту...

11.01.2020 3233

Өтен Ахмет. Дөкейді күту 18+

Өтен Ахмет. Дөкейді күту - adebiportal.kz

(Әңгіме)

Д. Қонаевтың аруағына арнадым.

Автор.

Біз – үшеуміз. Мен – бұрынғы ұстаз, Амантай – кешегі ұсақ шенеунік және Кәмен – зейнетке шыққанша іліне тұрайын деп әйел мен еркектің тән ләззатын дәріптейтін ұятсыз газетте жұмыс істейді. Жас жағынан замандас болғандықтан үй алдындағы кәрі еменнің көлеңкесінде ара-тұра өстіп бір мезгіл басымыз қосылып қалатын жайымыз бар. Ортада кейде сыра, кейде шарап- өмір-тірліктің ыстық – суығы, бәсеке – қызуы артта қалып, ойы да, бойы да шау тартқан жандарға бұл да бір өзінше қайталанбас шуақты сәт. Бүгін әңгімені Амантай бастады.

- Түнде еңсегей бойлы ер көкем түсіме кірді. Тап сондағыдай. «Тым дарақыланбасаңдаршы, жігіттер-ау. Судың да сұрауы бар ғой», - деп анадайдан жымия қарап өтті. Ұйқымнан біртүрлі елегізіп ширақ ояндым, - деп барып бір тоқтады. Әдетте Амантай дәл бұлайша көсілтіп әңгіме айтуға пәлендей құлық таныта қоймайтын. Бүйрек беті май жаққандай жылтырап, өз-өзінен күлімсірей түсіп, тым-тырыс елеусіз ғана отырар еді. Ылғи да айналадағы жұрт сөзіне бас шұлғудан аспайтын, ара - тұра стақандарға сыра құйып қойғанды ғана місе тұтатын досының аяқ астынан әңгімешіл бола қалуы Кәменді қатты алаңдатқандай еді. «Бәлі, келелі сөз айтқан сенің не теңің?», - деп, біржола тыйып тастарын, әлде «қоя тұр» деп ауыздан қағып, осыдан үш күн бұрын санитарлық бақылау мекемесінің бастығымен қосылып таза спирт ішіп, екеуінің қалай мас болғандығы жайында қызық хикаясын қалай бастап кетерін білмей іштей толқып дағдарған-ды.

- Өй, сені күнде тыңдап жүрміз ғой, одан саған мүйіз шықса,- деп, Кәменнің алабұртқан көңілін біржола басып тастауыма тура келгені. Ол жақтырмаған қалып танытып иығын қиқаң еткізді де:

- Айтары болса, мейлі білсін,- деп, орындыққа арқасын тірей шалқайған. Амантай оның мардымсынған оғаш қылығын елеген жоқ. Бәріміздің стақандарымызға жағалатып сыра құйды. Сосын өз ыдысынан бірер ұрттап, тамсанып, шөлін басқан соң:

- Мен ол кезде шалғайдағы малды ауданда комсомол жағында істейтінмін, - деп, әлгінде үзілген әңгімесін даусын қоңырлатып жалғап та жіберді. - Аупартком хатшысы шақырады деген соң барсам, біріншісі, екіншісі, үшіншісі –бәрі түгел отыр. Төртінші адам – танауы саңырайған төртбақ шойқара, тұтынушылар қоғамының төрағасы Құлмағамбет. Ана үшеуден оқшаулана дүңкиіп, төменірек жайғасқан. Құдды бір есік баққан қара құл іспетті. Бәрі үнсіз, тымырайысып алған. Әлдебір ауыр істің жауапкершілік салмағы жаншып тастағандай.

- Жастардың да өкілі келді,- деп, төрде отырған бірінші хатшы, ат жақты, қыр мұрын, бұйра шаш Айтқали Серғалиевич әуелі ақырын тық-тық жөтеліп алды.

Үшінші хатшы Марал шағын, талдырмаш денелі, үріп ауызға салғандай қыз біткеннің көріктісі деуге болады. Кіршіксіз аққұба өңіне терең судың тұнығындай үлкен қара көзі өзіне сондай жарасып, шапағат нұрын шашып тұрғандай өзгеше бір жұмбақ рең береді. Оған толқынды қолаң шашы, ақ күріштей маржан тістері қалай жарасатынын білсеңіздер ғой. Жасы жиырмалардың бел ортасында, әлі қыз. Қыз ғой, әрине, күйеуге тимеген соң. Мектепте мойнына қызыл галстук тағып, балаларға жетекші боп жүрген жерінен аудандық комсомол комитетіне бір-ақ секірген. Ол жерде де көп бөгелмей аупарткомның идеология жөніндегі хатшысы болғанына да екі-үш жылдың жүзі өтті, білем. Маралдың қызметте тез өсуін кейбіреулер Айтқали Серғалиевичпен арадағы ерекше ықыластарының арқасы десіп бопсалайтыны да бар.

- Жолдастар, - деді Айтқали Серғалиевич. Қапелімде тамағына тұра қалған жетім қақырыққа ренжігендей, соның кесірінен сөзі бөлініп, биік беделіне орны толмас нұқсан келгендей жүзі тұнжырап, қабағы кіржие сөйледі. - Жолдастар, аудандық партия комитетінің, жалпы аудан еңбекшілерінің тарихында алтын әріптермен өрнектелетін бір үлкен ерен оқиға болғалы тұр.

- Ой, шіркін-ай, біздің де жұрт қатарлы ел екенімізді таныта алатындай жұлдызды сәттің келгені ме ақыры,- деп, жайнаңдады Марал.

- Иә, солай, - деді Айтқали Серғалиевич мақұлдап. Маралдың орынды-орынсыз сөзге киліге беретінін іштей жақтырмаса да аузынан қағып, мыжып тастауға қаймығатынын да байқатып алғандай еді. Сонысын жуып-шайғандай дауысына жігер үстеп, ширыға түсті.

- Елдігіміздің қандай екені алдымен осы отырған бәріміздің үлкен қонақтың көңілінен қаншалықты шыға алатынымызға байланысты болады ғой.

- Манадан бері біріншінің аузына жалтақ-жалтақ қарап қойып, үнсіз отырған екінші хатшы мен де бармын ғой дегендей осы жерде бір қозғалып қойды. Бойы ортадан аласа, тым қортық, бітеу мойын Шәкенді, өстіп өзі тірлік жасамаса, үстел тасасынан байқамай да қалуымыз мүмкін екен.- Ол кісінің талғамын, нені ерекше ұнататынын білген абзал-ау, - деді ақыры екінші хатшы, өзі кішкентай болса да, даусын зілдендіріп, ыңырана сөйлейтін әдетімен.- Сырттай көріп жүрсек те қол алысып, сөйлесіп, әлдеқалай дастарқандас болудың әзірге сәті түсе қойған жоқ еді. Жұрт болса әр түрлі айтады.

- Бізге қазір ондай алыпқашпаның керегі жоқ, - деді Айтқали Серғалиевич, жақтырмағанда мойнын жартылай бұрып әлдеқайда қарап кететін әдетімен, аузын жұдырығымен қалқалай тық-тық жөтеліп қойды. Тамағын аршып, түкірігін жұтты. Иығын қопаңдата ширығып, жалдана түсті.

Біріншінің ширыққаны басқалар үшін салмақ артқанмен бірдей еді. Бәрінің бір сәтте жүздері тұнжырап, қабақтары салбырап, ұштығын табу қиын ауыр ойдан ойсырай шөгіп, жасып қалғандай болды шеттерінен.

Мыналардың милары атала боп сонша күйзелулеріне қарағанда республика ақсақалының талғамы, сірә, ешкімге ұқсамайды-ау. Жұрт ішетінді ішіп, жұрт жейтінді жемейді-ау. Рас, сырт дақпырттан сыпайы, сырбаз кісі деп естиміз ғой. Және қазақилығын сездіріп, ылғи да халқына іш тартып қарайды-мыс.

Әсілі бұл қонақ күту дегеніңіз де өзінше бір ғажайып өнер. Өмір тәтті, сен соның қожасысың, адам баласы бақытты болу үшін жаралған деген қағидаға көзіңді жеткізе түсетін салтанатты сәтің. Есімде, бірде облыстың біріншісі ауданымызда бес күндей қонақ болғаны бар. Мақсаты шөп дайындау мен егін шығымын көріп, байқап қайту екен. Ел көзінен жырақтау, шоқ қайыңның ішінде қадірлі қонақтар үшін арнайы салынған оңаша үй бар. Сонда түскен. Құрметті қонағымыз күнде түске дейін ұйықтайды. Тұрған соң жеңіл-желпі бас жазып, ішіне ел қондырады да, қасында нөкерлері, егіншілер мен шөпшілерге кеттім дейді. Шындығында даладан түлкі, қарсақ аулайды. Киік қуып безілдетеді, жалпасынан түсіріп құс атады. Ау салып балық сүзеді. Содан кештете, бір жағы шаршап-шалдығып, бір жағы шабыттанып дегендей шоқ қайың ішіндегі оңаша ақ үйге жетіп жығылар еді.

Бұл кезде мен сияқты жандайшап қонақ күтушілер қамданып отырамыз. Қой сойылған, ет асылған, жал-жая, қазы-қарта туралған, хрусталь құмыраларда қымыз, уылдырыққа да орын табылған. Облыстың біріншісі орта бойлы шапаты ғана кісі-тін. Келген бетте бір тостаған салқын қымызды бас алдырмастан жұтқызып, жалын ата демігіп тұрған орыс моншасына сүңгітіп жібереміз. Бірер жігіт қайың жапырақ сыпыртқымен шабынтып, желпінтеді, иіс майы бұрқыраған қымбат сабынның көбігімен сылап-сипап жуындырады, ух-ах дегізіп бұлақтың салқын суымен шайып-шайып алады. Содан ол анасынан жаңа туғандай боп тазарып, үстел басына келгенде, қадірлі қонағымыздың мұрны мен көзі май жаққандай мәрмәрша жылтырап, бүкіл әлем аяғының астында жатқандай марқаяр еді. Сосын дастарқан басындағы әңгіме-мәжілістің тізгінін өз қолына алады да, қала мен ауыл арасындағы айырмашылықтың жойылуға айналғанын, мұның өзі аға халықтың туысқандық көмегінің арқасында мүмкін болып отырғанын айта келіп, жомарт өлкенің қазына байлығы Отан игілігіне жаратыла беруі үшін деп ұрандатып тост көтереді. Өзі шалқая беріп тартқанда, рюмкесін қоса жұтып қоятындай көрініп кететін. Хрусталь рюмкенің серейген ұзын сирағы болмаса, шынында сырғып өңешіне кетіп қалар ма еді, қайтер еді деп ойлайсың. Мұндайда жергілікті майда-шүйделердің жайы мәлім. Ішкісі келсе де ішеді, ішкісі келмесе де ішеді. Шашбаушылардың арасында бізге көрші Ленин ауданының бірінші хатшысы Мэлс Талқанбайш Қойбағаров денесінің алпамсадай ірілігіне сене ме, қонақтан бір мысқал да қалыспайтын. Ол сарқып ішсе, бұл жұғынына дейін қалдырмайтын.

Обком хатшысының бір қызық мінезі- кісіге тост бергенде, немесе ол сөзін бітіргенде, биыл пәлен тонна шөп дайындауың керек, пәлен тонна астық бастыруың керек, қалай да пәлен тонна ет өткізесің, тікелей басыңмен жауап бересің, ұқтың ба? –деп, әлгі байғұстың жауапкершілігін есіне салып, екі аяғын бір етікке тығып, мысымен басып, жасқап жасытып отырар еді. «Достығымыз өз алдына, қызмет жөні бір бөлек» деген мәтелсымақты да аузынан бір тастамайтын. Тек әбден қызған кезде барып қана жұмыс мәселесі жайына қалып, әзіл-оспақ қалжыңға қарай ойысар еді. «Слушай, дейді Қойбағаровқа, өзімсіне иығынан соғып қалып, сенің аты-жөнің, жолдастардың айтуына қарағанда, қазақ халқының революциялық өсу жолын көрсететін сияқты. Қане, түсіндірші». Қойбағаров болса кеше айтып едім ғой, алдыңғы күні де сұрағансыз демейді, басқа шашбаушылар да бір әңгімені қайта-қайта айтқыза бергеннен май шыға ма демейді, өйткені бұл лауазымды дөй қонақтың мас бола бастағандығының белгісі ғой. Ар жағында күлкіден ішек түйілдіретін небір қызықты саяси және эротикалық анекдоттарға кезек беріледі. Оның да ар жағында үйді-үйге қайтатын да мезгіл жетеді. Оны да ойламасқа болмайды.

Сонымен, Қойбағаров кеше де айтып едім ғой демейді. Аты-жөнінің әлеуметтік астарын ақтарып, жіліктей бастайды. Арғы аталарымыздың кім болғаны есте жоқ дейді, бүкіл кеш бойы қанша сілтесе де әрі тың, орнықты, даусы да күж-күж, ал атамыздың атын Қойбағар қойған, себебі, ол кезде қазақтар бар байлығын қой санымен есептеген. Өскенде алдына көп қой бітіп, байысын деп ырым еткен ғой. Бірақ атам өскенде де шыр бітпеген кедей болыпты. Ол кісі ұлына, яғни менің әкеме Талқанбай деп ат қойған. Себебі, иесіз бос жатқан қазақ даласына қоныстанған орыстардың егін салып, бақша өсіріп, тұрмыстарын тез түзеп алып жатқандарын көреді ғой. Нан бар жерде аштық болмайтынын аңғарса керек. Ал енді менің атымның Мэлс қойылуы революциялық жасампаздық идеялардың әсерінен. Әкем байларды тап ретінде жойып, осы өңірде тұңғыш колхоз ұйымдастырған адам. Ұлы революционерлер Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин есімдерінің бастапқы әріптерінен менің атымды құраған. Мені де солардай идейный болса екен деп армандаған ғой.

Лауазымды қонақ бұл әңгімені кеше де, алдыңғы күні де айтқызғанымен шаруасы жоқ, бірінші рет естіп отырғандай қарқ-қарқ күліп мәз болады. «Вот умный казах, как далеко смотрел» дегенде құшырланып кететіндігі сондай Мэлсті иық тұстан пергіштеп-пергіштеп жібереді. Мэлс боксердың жұдырық соғып үйренетін мақталы қапшығы сияқты. Мыңқ деп қозғала қоймайды. Қайта иығын төсеп жымия түседі. «Тек есімімдегі соңғы әріп қинап жүр, дейді кәдімгідей мұңайып, Сталин онша идейный болмай шықты ғой. Соңғы әріпті құртсам, есімім Мэл болып қалады. Қалай ойлайсыз, Мэл естір құлаққа ерсілеу емес пе?»

Лауазымды қонақ күлкіден жарылып қала жаздайды. Көзі түк көрмей кетіп, қолымен жан-жағын қарманып үстел үстінен су іздейді. Жандайшаптардың бірі ұсына қойған фужерден сусын ішіп, әупірімдеп демін басады.

- Сен Сталиннен шын безіп жүрсің бе? - дейді сосын. - Бекер. Қара халықты тыныштандыру үшін айтылған сөздер ғой. Соның өзінде оның шынайы коммунист, жанкешті революционер болғанына шәк келтірген ешкім жоқ. Одан да мә, мынаны тартып жібер,- деп, өз қолымен фужерге ернеулете арақ құйып ұсынады.Мэлс ойланбастан тартып жібереді.

Лауазымды қонақтың күлкісі қайта үдейді. Қиқ-қиқ, шиқ-шиқ.

- Вот, қызық, бір өзінде төрт бірдей ұлы адамның есімі: Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин… Вот қандай қу болған сенің Талқанбай әкең. Феодализмнен социализмге секірген соң солай секіру керек қой. Вжик и готово. Тфу, капитализм. Даму деп осыны айт! Тарқылдап тағы күледі. Суланған көзін сүртіп, демігін басады.

- Жолдастар, - дейді байсалданып,- капитализмнің қара түнек қыспағын, қанау азабын көрмей бірден социалистік жарқын өмірге қадам басқан, бұл күнде коммунизмнің салтанатты сарайын күмбездеп жатқан, еңбекқор, ерікті қазақ халқы үшін жақсылап бір алып қоялық.

Жұрт рюмкелерін көтергенше, Мэлс:

- Аспаннан құймақ жаумайды. Еркіндік алып, коммунизм құрып жатқан болсақ, соның бәрі ұлы орыс халқының арқасы. Әйтпесе, миллиондаған гектар бос жатқан тың жерді кім жыртып, кім игерер еді. Жер қойнауындағы қазына байлықтарды: көмірді, темірді, мысты, қорғасынды, мұнай мен газды кім қазып алар еді. Осыншама көл-көсір шаруаның басы-қасында білмегенімізді үйретіп, ақылшымыз болып жүрген сіз секілді білікті орыс азаматтарының орны тіпті бөлек. Біздің жарық күніміз, қамқоршымыз сіз үшін ішемін,- деген жүрекжарды сөздерін түйдектете тоғытып айтып та үлгереді.

- Олай болса,- дейді лауазымды қонақ, - ықыласыңды ісіңмен көрсет. Бұл үлкен фужермен іш дегені. Ләпбай. Мэлстің қолындағы рюмкесі сиқыршының таяғы жанап өткендей қалпақтай дәу фужер болып шыға келеді.

- Сендер, қазақтар, молодессіңдер, субординация сақтай білесіңдер,- деп, лауазымды қонақ жүрегін толқытқан ризашылық сезіммен үні дірілдеп, көзіне жас алғандай болады.- Мен де сенімен біргемін. Ол да рюмкесін фужерге алмастырып ала қояды.

Бұдан кейін екеуі де қалжырай бастайды. Басқа шашбау көтерушілер де бұл кезде қатты қызу: гу-гу әңгіме, ду-ду күлкі.Еденге құлап түскен шанышқы-қасықтардың тарсыл-гүрсілі жиілей бастайды. Хрусталь рюмкелердің маса сирақтары сынып қалып жатады. Ақ дастарқан беті кір айғыздан тұтасып баттаса бастайды. Соңғы той тарқар тост айтылады. Кетер аяқ ішіледі. Сол екі ортада бір бәтеңкесін киуді ұмытып, жалғыз аяқтап жүрген лауазымды қонақты жандайшап жігіттер араб мебелімен жабдықталған жатын бөлмеге қолтықтап алып кетеді. Сол екі ортада Мэлс шығар есіктің қайда екенін таппай сенделіп қалады. Ых-ых, пых-пых дегені болмаса, тіл күрмеліп сөйлеуге келмейді. Әлекедей жаланған күтуші жігіттер машинаға әрең деп жеткізіп, артқы орындыққа кескен бөренедей көлденеңінен сұлата салады. «Әй, осыдан аман қалсаң да, басың оңайлықпен жазылмас» деп ойлаймын. Қайда, ертеңінде түс ауа түк көрмегендей беті жылтырап қайта келіп тұрады.

Сол көп қызықты күндердің бірінде Мэлс лауазымды қонақты өз аулында әспеттеп жеке күткен еді. Тікұшақпен кетті, қарсы алыңдар деген хабар жетіп, аспаннан көз алмай қарап тұрғанбыз. Алыстан әуелі шегіртке сияқты жылтыңдады да, іле қуатты моторы жер-дүниені күңіренте кернеп, жетіп-ақ келді. Есік ашылса да ар жағы үңірейген қараңғы қуыс. Тікұшақшы терезеден ішке көтеріліңдер дегендей белгі беріп жатыр. Не боп қалды деп, салонға көтерілсек, мәссаған, қонағымыз ес-түс жоқ, орындықта қылжиып жатыр. Аузынан шыққан арақ иісі жанап кетсең, жүрек айнытады. Бірақ қайтерсің, жазған құлда шаршау бар ма, екі жігіт қап сүйреткендей екі жақтап көтеріп алғанбыз. Сендерге өтірік, маған шын, шалбарының ауын сол күйі былғап қойған екен…

Иә, лауазымды қонақтардың талайын көргенбіз. Әспеттеп күтіп- ап, құрметтеп шығарып салуға үйренгенбіз. Ал мына келе жатқан қонақ, ауданның бар жақсысы жиналып, ақыл қосып жол таппай қиналуларына қарағанда, жолы өте ауыр адам, сірә.

- Менің білуімде, - деді Айтқали Серғалиевич астындағы орындығын бір қозғап қойып,- ақсақалдың дәмнен жақсы көретіндері - құлын еті, армян коньягі.

Айтқали Серғалиевичтің бір мінезі- орынбасарларын, басқа да лауазым тұтқаларында отырғандарды әлдебір шаруа жайында ақылдасуға шақырды деген аты болмаса, олардың өзіндік дербес пікір білдіргенін жақтырмайды, ұсыныс айтқандарын ұнатпайды. Ақылдасты деген аты ғана, шынтуайтында бәрін өзі пішіп, өзі ғана кеседі. Оның осындай өзімшіл қылығын жақсы білетін төңірегіндегілер көкейде пісіп тұрған сөздің өзін іркіп қалар еді. Құр әйтеуір бастарын салбыратып, қабақтарын кіржитіп, ақыл қосарлық жөн таппағандай боп өтірік қиналады. Ал қазір біріншінің әлгі сөздерді айтуы мұң, қырық жылғы жұмбақтың шешуі жаңа табылғандай бәрі бір демде еңселерін көтеріп, жадырап сала берісті.

- Бәсе, біздей қара жаяу емес, үлкен жерлерде болып жүреді, Айтекең білуге тиіс қой, - деп, Марал бүкіл бет аузымен нұрлана күліп, төсін кергіштеп, қырлана түсті.

- Е, шүкір, армян коньягін де, енесін арда емген семіз құлынды да табамыз, - деп, осы жерде тұтынушылар қоғамының төрағасы Құлмағамбет те бір төбе көрсетіп қалды.- Ол жағын қатырамыз. Құдай біледі, қатырамыз.

- Мені қинайтыны ол емес, - деген Айтқали Серғалиевич айналасындағылардың желпініп еңсе көтергенін онша елемей, мойнындағы бес батпан жүктен әлі де арыла қоймағанын ескерткендей, байсалдана сөйледі. - Ақсақал қармақ салып балық аулағанды ұнататын көрінеді. Ал біздің аудан, өздерің білесіңдер, өзен-көл жағынан тым жұтаң ғой.

Айтекең тағы да үнсіз қалған. Кабинет ішін ауыр үнсіздік билеп тұр. Сол ауыртпалықтан үйдің қалың қабырғасы қайысып, биік төбе аласарып бара жатқандай да еді. Қолдарынан келсе аудан шетінен өзен ағызып, көл орнатып қоюға бар. Әттең… Ойланып-толғанып, қинала түскеннен басқа амалдары жоқ.

- Айтпақшы, - деді Марал кенет қуана дауыстап, -Қызылсайдағы Қарасу ше? Жанында ағашы да бар.

- Өй, ол, - деп, Шәкен иығын қиқаң еткізді, - былтыр обкомның біріншісін қонақ еттік емес пе, соқыр шабағына дейін қалдырмай сүзіп тастады ғой.

- Қолдан балық жіберсек қайтер еді? - деп қалды Құлмағамбет. Бұл біріншінің алдын ораған сөз болатын. Отырғандар ыңғайсызданып қалды. Соны аңғара қойған Құлмағамбет:

- Айтқали Серғалиевичтің осындай бір идея айтқаны есімде еді,- деп, ағаттығын тез жуып-шайып үлгерді. Бет-аузы көгіс тартып түсі бұзылып бара жатқан бірінші иығын қомданып, қайта жалданып шыға келді.

- Иә, басқа жол жоқ, жолдастар,- деп, желіп ала жөнелді,- Қарасуға қолдан балық жіберу керек. Оны жем шашып, семірту керек. Сосын ақсақалдың қармақ салатын жерін белгілеп, судың астынан да, үстінен де ағаштан тепсең жасап, көл жиегін кір-қоқыстан тазартқан жөн. Ал осының бәрін кім істейді, балықшылықтың ыңғайын білетін кім бар дейсіңдер ғой, оны да ойластырдым. Осында қазандыққа от жағатын Метрей деген шалды естулерің бар шығар. Кезінде Балқаш суына ау тартқан кәнігі балықшы көрінеді. Соған тапсырамыз. Ақсақалға қонақасыны да сол Қарасу басында бергеніміз дұрыс болар.

- Тамаша! Өте табылған ақыл, - деп, Марал қуанғаннан жас балаша қол шапаттап жіберді.

- Метрей шал ма? Ішкіштеу өзі, мінезі де қисық, - деген Шәкен тағы бір уайымның шет жиегін шығарғандай еді, Айтқали Серғалиевич тыңдамай қолды бір сермеп тастады.

- Сұрағанын беріңдер. Ал Метреймен сөйлесуді, жұмысын бақылауды Амантайға тапсырамыз,- деп, бұрылып маған қарады. - Қарсылықтарың жоқ па?

- О, Амантай ма, Амантай қатырады, - деді Марал.

- Біз де қарап қалмаспыз, көмектесерміз, - деді Құлмағамбет.

- Ойпырым-ай, қатты қиналып ем, әйтеуір, жолы табылып жақсы болды ғой, - деді Шәкен.

Сөйтіп ақыры айта беретін мақсат айқындалды, міндет бөлісілді дегендей. Айтқали Серғалиевич иығынан ауыр жүк құлағандай қутыңдап, желіп барып, терезе әйнегін ашты. Қалтасынан сигарет суырды. Біріншіні өз ойымен оңаша қалдырар уақыт жеткенін түсіндік те, басқамыз тегіс ақырын жылыстап кабинеттен шығып кеттік.

Қазандықтың отын жағушы Метрей шалды табу оңай болмады. Шолақ көшенің шаңын бұрқылдатып қаланың шетіндегі шатыры қисайып кеткен, қабырғасының балшығы түсіп қотыр-қотыры шығып тұрған ескі бәкене үйге келсем, есігінде салақтап қара құлып тұр. «Метрей қайда?» деп, көлеңкеде тауық жүндеп жатқан көрші кемпірден сұраймын ғой. Ол аузынан бұрын қолы қимылдап, сырахана жақты сілтейді. Айтқан жобасы дұрыс шықты. Сырахана жанындағы жалғыз жетім талдың көлеңкесінде, қолында мата дорба, Метрей отыр.

Ол шөлмек толы дорбасын бауырына қыса түсіп:

- Біздің бастан ми қашқан, оңайлықпен ештеңе ұқпайды, - деп, желкесін қасыды. Көмейін түсіне қойдым. Сыра әпердім. Бір стақан шарап сыйладым.

Сыра мен шараптан кейін Метрейдің бетіне қан жүгірді, мұрнының ұшы қызарып, шекесі де шып-шып терлеп жіпси қалды.

- Былай болсын, - деді әуден соң,- мен ол Қарасуды білемін. Оған табан балық, сосын аздап алабұға жіберуге болады. Табан балыққа су болса жетіп жатыр, оңайлықпен өлмейді. Ал алабұға өліп қалмас үшін аздап ақшабақтың ұсағын жіберуге тура келер.

- Метрей ағай, - деймін алдында қүрақ ұша иіліп, - сіз қалай айтсаңыз, солай болады ғой. Жем де табылады.Қарасуды жабдықтауға қажетті материалдарды да жеткізіп береміз.

- Жақсы, - деді Метрей. Күрешке түбіндегі сыра қалдығын сарқа жұтып тамсанып қойды.- Ақысын ойластырдыңдар ма?

- Енді ол жағы болады. Орта есебін жасаймыз.

- Орта есептеріңе қарсы емеспін, - деді Метрей, - оған қоса күн сайын жұмыстың аяғында бір шөлмек портвейн. «Талас» па, «Агдам» ба- бәрібір. Тіске бастырар жағына онша емеспін, сонда да оны да ескергендерің дұрыс.

Айтқали Серғалиевич: «Әкесінің құнын сұрамас, не тілесе орындаңдар» деп, қадап тұрып тапсырған ғой. Метрейдің қойған шартына келісуіме тура келді.

Дайындық қызу жүріп берді. Алыс-жақын жерлердегі тоған шаруашылықтарынан табан балық та, алабұға да, ақшабақтың ұсағы да әкелінді. Қап-қап жем жеткізілді. Кептірілген шегіртке, көбелек, инелік, тағы сол сияқты шыбын-шіркейлер. Десте-дестесімен сүргіленген ақ тақтай да табылды. Қайдан, кімнің есебінен- онда менің жұмысым жоқ. Адам күші, техника бөлінген. Ана жерден барып ананы ал дейді. Барамын, аламын. Біздің қолға алған шаруаларымыздың маңыздылығын, жауапкершілігін түсінбейтін жан жоқтай: қайда барсаң да ойдағыңды емеурініңнен танып лып-лып еткен адамдар. Сұрағаныңды «мә, мә» деп лақтырып-лақтырып жібереді.

Қарасудың айналасындағы етек жыртып, балтыр тырнайды-ау деген тікенекті қара отынға дейін шаптырып тастадық. Көлшіктің жиек-жиегі реттелді. Көл беті айнадай жылтырап, көздің жауын алды. Өлі емес, қолдан жіберілген балықтар шоршып ойнап, табиғаттың сәнін келтірді. Обалы не керек, Метрей де сөзінде тұрды.

Шоқ ағаштың Қарасуға жақын келген тұсынан шөбі қалың алаңқайды ақ тақтаймен қоршаттық. Биіктігі кісі бойы қол созым. Бейсауат жүрген біреу-міреу көріп қоймасын деген сақтық баяғы. Ақ тақтайдан қиыстырылып ұзына-ұзақ сәкі бекітілді. Төр басына қадірлі қонақ үшін деп шегірен былғарымен тысталған үлкен кресло қойылды.

Жаз бойы әуеден тамшы тамбай дүниені ыстық аптап қуырып тұрған. Ауданымызға асыға күткен құрметті қонағымыз келіп түскен күннің ертеңінде, күн шығар алдында, себезілеп жаңбыр жаусын. Соның өзіне шөліркеп пысып жатқан кең атырап дүр сілкініп желпініп қалды. Ауада шөп иісі аңқыды. Бұта-бұта арасында бозторғай әнге басты. «Құтты қонақ келді» деп ырым етіп, біз де мәз болып жүрміз.

Біз деп отырғаным - аупарткомның екінші хатшысы Шәкен, тұтынушылар қоғамының төрағасы Құлмағамбет, сосын мен. Әлекедей жаланған қызметші үш-төрт жігіт және бар. Аппақ ақ дастарқан жайылған үстел үсті – ертегі-аңыз. Өңештен өтетін қою-сұйық тағамдардың түске кіретіндері де, түске кірмейтіні де майыса сыңсып тұр. Қоршаудың ық жақ шетіне таман орнатылған көшпелі темір пештегі үлкен ақ кәстрөлде жаңа сойылған құлын еті шымырлап қайнап жатыр. Пеш жанында аспазшы әйелдерге бұйрық беріп Құлмағамбет жүр. Бұтында ақ шалбар, үстінде ақ көйлек, басында ақ чепчик – қалпақ. Тіпті аяғына да ақ бәтеңке киіпті. Ол аздай етегін салбыратып беліне ақ алжапқыш байлап алған. Өзі ірі, танауы саңырайған қара адам, тұтас ақтың ішінде ерекше тұлғаланып көрінеді екен.

Жоспар бойынша қадірлі қонақ сәскеге таман, сағат он бірлердің шамасында келуге тиіс еді. Уақыт болды. Біз де дайынбыз. Елеңдеп қоршаудың дарбаза жақ аузында жүрміз. Әуелде әне-міне келіп қалатындай көрінген. Бірақ күткен қонақ айтылған уақытта көріне қоймады. Жарты сағат өтті. «Қап, құлын еті шыдамсыз езіп алатын болдым-ау» деп, жыларман болып Құлмағамбет жүр. Шәкеннен де маза кеткен. Біресе отырады, біресе тұрады. Өзінде қабақ жоқ. Енді қайтсін, аудан аралаған қадірлі қонақтың қасында Айтқали мен Марал. Ал бұған қазан бақтырып қойды. Сонда да болса «бөрі арығын білдірместің» керімен бізге ауық-ауық дікеңдеп қояды. «Жолға қараңдар, келгенін байқамай қалып жүрмейік» деп ескертеді. Біз, жігіттер, кезекпе - кезек ағаш қоршаудың басына шығып алып, жол қараймыз. Ал қонағымыз әлі жоқ. Бұған да етіміз үйреніп сақтықты ұмыттық па, қалай, бір-бір сыра шөлмек сіміріп, анекдот айтысып қарқ-қарқ күліп отырғанбыз. «Ойбай, келіп қалды!» – деген оқыс дауыс шыққанда, қолымыздағы бөтелкені де, шарбақ басында шоқиып отырған өзімізді де қайда қоярға жер тапсақшы. Сөйткенше машинаның алды қақпа аузына жетіп те қалды. Кенет дар еткен оғаш дыбыс естілген. Менімен қатарласа бірге отырған аупартком ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы Жәкеннің жарқыраған майлы бөксесін көріп қалдым. Асығыс түсе бергенде шалбарының балағы шарбақтың басына ілініп қап, ышқырлығына дейін қақ айырылған екен. Абырой болғанда, қоршаудың ішіне емес, сыртына құлап, тұра салып шоқ ағаштың қалыңына қарай безіп берді. Күлкіден өліп барам, бірақ күлетіндей шама да жоқ еді.

Бақандай бір аудан басшыларының лауазымды қонақты пәлен күн бас қатырып, сонша толғанып күткен еңбегінің ақыры немен бітті дейсіңдер ғой. Айтуға да тұрмайды. Жалпы, ол ақсақалды бәрің де жақсы білесіңдер, еңсегей бойлы, иман жүзді, өте кішіпейіл мәдениетті кісі ғой. Соншалықты сыпайы да екен. Креслоға отырмады.Ағаш сәкіге отырды. Креслоға Маралды отырғызып қойды. Маралда ес жоқ. Белін қынатып көгілдір жұқа жібек матадан көйлек киген екен, омырауының ойығы молдау, аяғы оқтаудай түзу, шашын бұйралатып, қобырата тараған, құлағындағы жақұт сырғасының жарқылына аузындағы алтын тістерінің сәулесі қосылып, бір түрлі шуақтана, әрлене түседі. Әсіресе мәрмәрдан қашалғандай жұмыр, түзу аяқтарын әлсін-әлі оңнан солға, солдан оңға, бірінің үстіне бірін алмастырып қойғанда шымыр, тығыз бөксе одан сайын жұмырланып, мықындығы бөлектеніп, алма төсі тырсылдай дөңгеленіп, кеудеңде егер жаның бар болса, өзіне еріксіз қаратқандай-ақ. Еңсегей бойлы ақсақалдың ыдысына дәм салып, фужеріне қымыз құйып беріп, оның үстіне лауазымды қонақты денесінің жұмсақ жерлерімен жанап кетуге тырысатындай, көз арбайтын тартымды, көрікті тұстарын көрсетіп қалуға асығатындай, өзінің аузы-мұрны толған күлкі: тек күлкі мен наздан жаратылған бейкүнә періште дерсің. «Па, шіркін, біздің Айтқали Срғалиевич,- деймін іштей, неге екенін қайдам, өзгеден гөрі өзіміздің бірінші хатшыға бек сүйсініп. Маралдың арқасында марқасқасың, алысқа барасың».

Бірақ қадірлі қонақ Маралдың өзіне деген қызметін сыпайы қабылдағаны болмаса, иімек түгіл иілген де жоқ. Жарты рюмке коньяк ішті. Құлын етінен бір жапырақ шұқып жеп, дәм ауыз тиді. Фужерді орталап қымызбен шөлін басты. «Ас дәмді екен, кім дайындады?», - деп сұрады. Бір ауыз жылы сөз естісем екен деп қиялиланып жүрген Құлмағамбет «Мен» деп ақсақалдың жанында шыр айналды. Қатыны ұл тапқандай ыржалаңдағанда екі езуі екі құлағына жетіп барды. Айтқали Серғалиевич оны қонаққа «Біздің ауданымыздың ең шебер аспазшысы» деп таныстырды. Еңсегей бойлы ақсақал «рахмет» деді, Құлмағамбеттің қолын қысып. О, со кездегі тұтынушылар қоғамы төрағасының кейпін көрсеңіздер ғой. Саңырайған кең танауы ішінен әне-міне пыр-пырлап бақыт құсы ұшып шығатындай мерейленіп тұрды-ау сабазың.

Еңсегей бойлы ақсақал арнайы алдыртқан резеңке етікпен су кешіп, жарты сағаттай бөгеліп қармақ салды. Бірақ Метрей диуана семіртемін деп тым тойындырып қойған ба, балық қаппады. Қадірлі қонақ рахметін тағы бір айтып, сосын «Тым дарақыланбасаңдаршы, жігіттер-ау, судың да сұрауы бар ғой», деді де тез жиналып жүріп кетті. Тәттісі мен ащысы араласқан алуан түрлі ас-судан белі қайысқан үлкен үстел сол күйі қалды. Ешқайсымыз да ақсқал айтқан әлгі елеусіз сөздің байыбына бармаған сияқтымыз. Қонақ кетісімен бәріміз күйедей жабылып екі күн, екі түн ішіп-жегенде де түптеп тауыса алмадық-ау деймін.

Көбіміз мол олжаға кенеліп, тегін дастарқаннан ішіп-жегенге мәз болсақ, Құлмағамбеттің мерейі тасып, аруақтанып кетті. Екі күн, екі түн оңаша құрған сауық тойымызды өзі басқарып, өзі атқарды. «Менің қолымды көкемнің өзі алды, ол біздің заманның тірі пайғамбары», деп қоқиланды. Қыдыр дарығанмен бірдей деп бөсті. «Арнайылап менің қолымды ғана алды. Алса, басқаларың қайда қалдыңдар?» деп, тағдырдың өзіне ерекше ықыласты болғанын дәлелдеп-ақ бақты. Не керек, Құлмағамбет үш ай бойы оң қолын жумай жүрді, амандасқысы келгендерге ала қашып ұстатпады. Әбден күстеніп, иістеніп бара жатқан соң ғана, оның үстіне әйелі жұқпалы ауру таратып бәрімізді қырып тастайсың деп ұрса берген соң, моншаға амалсыз барыпты деседі.

Амантай әңгімесін үзіп, сәл ойлана бөгелген. Кәмен қолындағы газетті үстел шетіне лақтырып тастай салды.

- Қызық емес,- деді есінеп. Не қызық емес, газеттен оқығаны ма, жоқ әлде, Амантайдың әңгімесі ме? Көңілге келген күдіктің түйінін өзі шешті.

- Екі күнге созылған сауық-сайранды көзге елестетуге болады. Вот оның жөні бөлек. Нағыз қызық сол ғой. Әттең, ішінде мен болмадым.

- Бәлкім, солай да шығар,- дейді Амантай, қарсыласуға сөз таппай мұңая төмен қарап.

Кемеңгер Абайдың «Масғұт» поэмасы еске түседі. Есірткі ішіп, жынданып алған қара тобыр дені сау Масғұтқа «Сен массың, ауышсың» деп, жабыла тиісіп, итше талап өлтіріп тастай жаздайды ғой. Жан тәтті, ақыры Масғұт та есірткі ішіп, жынды тобырға қосылып кете барады емес пе. Қай буында болмасын ел басқару тізгінінде жұртқа жаттанды сөз айтып, арасында шошқаша күйсеп ішіп-жегенді ғана білетін – бірінен бірі өткен нақұрыстар. Солардың алдында құрдай жорғалап құл боп жүрген жергілікті кадр дейтіндер. Біздің ақсақал оларға не істей алсын. Қолынан бар келгені сол шығар, бірер жерде қазаққа қаратып былай деп сыбырлап айтыпты-мыс: «Жас ұрпақ орыстанып барады, қайда қарап жүрсіңдер?»; «Елдің қазынасын босқа шашып- төкпеңдер, артық ысырап- харам»… Ал бұл кезде қазақтың мұндай сыбыр сөзді түсінетіндей миы түгіл, еститін құлағы да жоқ еді...

Амантай әңгімесін аяқтаса да біз Кәмен екеуміз оған біразға дейін қыбыр етпестен сүйсіне қарап қалыппыз.

Ауадан күннің ыстық табы сезіледі. Аспан ашық. Талтүс.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар