Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Өтен Ахмет. Ескі дос...

16.04.2020 3822

Өтен Ахмет. Ескі дос 16+

Өтен Ахмет. Ескі дос - adebiportal.kz

(Әңгіме)

Бір кездегі курстас досы Адайдың амандық-саулығын бір білсем-ау деп іштей ылғи ойлап жүретін. Сәті түссе, соны іздеп, тауып алуға ұйғарды. Баяғы Түлкібайда аз уақыт бірге болғаннан кейін, оны екінші қайтып көрмеген еді. Тек осыдан біраз жыл бұрын, көз таныс біреулерден, Алматы жағында жүрген сияқты деген болмашы сыбысын ғана естігені бар-тын. Үйленген-үйленбегенін де, басында өз панасы бар-жоғын да білмейтін. Студент шағында орташалау оқығандықтан жатақханадан орын тимей, көбіне қаланың шет жағындағы тау бөктерінде оқшаулау тұратын, қазақыланып кеткен ұйғыр отбасының жертөлесін жалдаушы еді. Бір білсе, сондағылар біліп қалар, қалай да өзі туралы бір із қалдырған шығар деген үмітпен Төлен мәні жоқ берекесіз шуды артқа тастап, жол-жөнекей Арбат көшесін бір сүзіп өтіп, бірден солай қарай тартып кеткен-ді.

Ескі қабырға, бұрышында 27 деген нөмір. Баяғы жас кезінде көргеніндей емес, қабырғаның үш жерінен тіреу қойылған. Қораның шіріп кеткен ағаш шарбақтарының сыртынан орай тікенекті сым жүргізілген. Бұрын жемістері төгіліп, жайқалып тұратын бақ қараусыз қалған-ау, ішін жабайы қалың қурай басып кетіпті. Түрткіленіп жүріп, тұтаса жалбыраған қалың шырмауықтың арасынан шалқайып жатқан қақпа аузын әрең деп тауып, ішке өткен.

Есікті терісі сүйегіне жабысқан, тырыли арық қара әйел ашты. Өзі насыбай атады екен.

- Бұл үйде адам түгіл, атжалманның өзі де тұрғысы келе қоймас. Алма бұл үйді, - деді ол езуіндегі насыбайын түсіріп алмас үшін сөйлегенде астыңғы ернін жымқырына түсіп.

- Неге?

- Мақпалға кезінде осы үйді арзанға тауып берген мен болатынмын. Бар тарихын білгесін айтамын да.

- Мүмкін онда Адайды да білетін боларсыз? Бір кезде ол да осы үйде бөлме жалдап тұрған еді.

- Мұқатов па? Құлпытасында солай деп жазылған. Иә, тап солай. Мұқатов.

- Құлпытас... Ол...

- Мақпалмен бірге жаназысына мен де қатысқам. Жатқан жері оңды-ақ, су бармайтын биік. Тек жаназасында қабыр қазғандар мен бізден басқа ешкім болмады. Сіз не, мені шынымен танымай тұрсыз ба? Екеуің бірге оқыған жақсы дос едіңдер ғой.

- Таныдым, неге танымайын. Сіз...

- Иә, мен сол үйдің бай алмай қойған баяғы кәрі қызымын ғой. Сендерге қарап, аузымның суы құрып қатты қызығушы ем. Жақсылап мәнті пісіріп беретінмін. Сонда да маған қарамай қойғансыңдар, кәрісініп. Ең болмаса анда-санда қойныма бір-бір кіріп - шығып жүрсеңдер нелерің кететін еді. Өй...

- Ім, иә, сол жылдары сіздің қолыңыздан жеген мәнтінің дәмі аузымнан әлі кеткен жоқ.

- Рахмет. – Кедергі келтірмесін деді ме, ерніндегі насыбайды оң қолының сұқ саусағымен сылып алып, шарбақ іргесіне қарай сылқ еткізіп тастай салды.

- Ол қалай өлді, білсеңіз...

- Білгенде, білемін ғой. Қара базар жанындағы күресіннен өлі денесін біреулер тауып алса керек. Тым салынып қатты ішіп кеткен еді, байғұс, жұмыссыз сенделіп. Бір құлағын кесіп әкеткен дей ме... Әлде, егеуқұйрық жеп қойған ба... Жарайды, мен кеттім, сүтім таусылып қалыпты, сүт алуым керек. Сүтсіз құрғақтай нан жеу қиын. - Бұрыла беріп: - Сізді аузынан тастамай ылғи есіне алып отырушы еді, байғұс, - дегенді үстеп жіберді.

Ол кетті, бұл тіл-аузы байланып, тұрған жерінде қыбыр етпестен мелшиді де қалды. Кемпір бүкшең-бүкшең етіп біртіндеп ұзап барады.. «Апырай, деді іштей, қас-қағым арасында, бірер ауыз сөзбен-ақ, адам басына таудай қайғы үйіп тастауға болады екен-ау».

Дүниеге қалай келсе, солай өз жолымен бақилық боп кеткен екен ғой, Адай дос...

Әтіркүл үшін екеуінің зыр жүгіріп ақша іздеген күндері көз алдына келе қалды. Жерде ақша жата ма, екеулеп жүріп көше-көшеден бөтелке жинап алып өткізген. Мәз еткендей соншалық жарытпады. Сосын ет комбинатына барып, күні бойы сасып кеткен терілерді, бір орыннан екінші орынға сүйрелеп, дестелеп үйіп берген. Сүйтіп ақысына бір қыдыруға жарарлық тиын-тебен қаратқан еді екеулеп. Шіріндінің иісінен тұншығып өліп қала жаздаса да, қуаныштарында шек болған жоқ. Сол қуаныштың қызуымен кешкісін Медеу аңғарында алау жағып, орталарында болашақ әртіс Әтіркүл, той тойлауға кіріскен.

Қай жерде, қалай үлгергенін, Адай ішіп ала қойыпты. Ішкені жарықшақ даусы мен ойнақшыған көзінен анық білініп тұрды. Ол аздай, бәрі от айналасындағы диірмен тастардың біріне қатарласып отыра бергенде, Адай күртесінің іш қалтасынан қағазға шиыршықталған үш марихуана алып шығып, бірінен соң бірін ерніне тізілтіп қыстырып қойды. Қасындағыларға - Әтіркүл мен Төтемге қараған да жоқ.

- Мен бүгін сүйіктім үшін біраз ақша таптым. Төлен де көмектесті. – Марихуананың біреуін ернінен алып Әтіркүлге ұсынды. – Білесің ғой, бұл темекі емес, жиі-жиі тартқыштап бұрқылдатудың қажеті жоқ.

- Білемін. Үйреткенсің, - деді Әтіркүл.

- Солай ма, үйреткен екем ғой. Сен ше, көрсейші сенде бір, - деп, Адай бұрылып Төленге қарады. -Жаман болмайсың.

- Шахта астында проходчик боп істегенімде улы газды көп жұтқанмын. Дүниеде түтін иісінен жек көретін нәрсем жоқ, - деді Төлен ат тонын ала қашып.

- Негізінде шошитындай түгі жоқ мұның, - деп, сөзге Әтіркүл араласты. -Асықпай ішіңе ақырын тартып сорасың, түтінін өкпең мен қарныңда неғұрлым ұзақ ұстасаң, соғұрлым жақсы, сонда сүйегіңе шейін сіңіп, теңдесі жоқ керемет кәйіп аласың.

Әсері ғажап. Арада екі минөттей уақыт өте ме, өтпей ме, бойынды шаттық билеп, көңілің жадырайды. Айналаңа құдды бір сонау биік таудың басынан, - Алатаудың қарлы шыңдарына қарай қолын бір сермеп тастады. - қарап тұрғандай боласың. Кез келген құбылыс, мысалы, мына оттың жанынан ызылдап бұзаубас ұшып өтсе де, шөп арасынан шегіртке шырылдаса да, бетіңді дыз еткізіп маса шағып кетсе де қызық, ішек-сілең қатқанша өз-өзіңнен қарқылдап-шиқылдап күле бергің келеді. Күле бересің.

Бірде, Адайдан жасырып, жалғыздан-жалғыз өзім оңаша қалғанда да тартып көргенмін. Бірақ ол жолы онша ұнаған жоқ. Марихуана да алқагөлге ұқсайды екен, көпшілікке қосылып тартсаң ғана жарасама деймін. Көпшілікпен отырып тартқанда тыныс алудың қажеті жоқтай көрінеді, өйткені демің тоқтап қалғандай күйде отырасың. Өзіңді жеп-жеңіл құс қауырсыны шығармын деп ойлайсың. Дегенмен, сол алғашқы тәжірибеден кейін-ақ басыңда «бұл шөпті осылай жалғастырып тарта берсең, түбі жақсылыққа апармас» деген бір суық ой да кенет сумаң ете түседі екен. Мен өзім сүйтіп біртүрлі күдіктеніп қалдым. Соған қарағанда, мен мұны қойғым келген күні қойып кете алатын шығармын деп ойлаймын...

Алаулаған от бәсеңсіп қызыл шоққа айнала бастаған кезде, астарына үйден ала шыққан көрпешелерін төсеп, үстіне қатар-қатар аунай-аунай кетіскен еді. Әтіркүл басын Адайдың беліне сүйей құлады да, юбкасының жырығын алдына қарай келтіріп, ышқырлығын көтеріңкіреп қойды. Адай жауырынын үлкен қой тасқа тіреп, ерніндегі марихуана түбіршегін ауық-ауық қорсылдата сорғыштап, оң қолының алақанымен Әтіркүлдің біресе толқынданған қалың қолаң шашынан сипаса, біресе саусақ ұшымен жарылардай боп тырсиып кеткен еріндерінен түрткілейді. Енді біраздасын сол қолын қыздың жарқырап жартылай ашық жатқан уыз саны арасына сұғып жібереді де, қара атлас лыпасының екі елі аша тұсын ақырын жайлап, жоғары-төмен сүйкелеуге кіріседі. Жігіттің бөбек саусағы қыз ерніне тигенде, анау еріндерін ашыңқырай қаба өбіп, борпылдата сорып-сорып алады.

Төлен олардан көзін тайдырып, қарсы алдарынан көлбей биіктеп, тас төбелерінен мұнарта төнген тау шыңдарына қарайды. Ойында Әтіркүл. Мына антұрған шайтан қыз төсекте қандай екен өзі дегенше, Адай оның қолына жаңа тұтатылған марихуана шылымын ұстата қояды.

- Бұл соңғысы, кезектесіп шегейік.

- Мен бір айтқан сөзімнен айнымаймын. Әуре болма.

- Өй, өзің де бір. Рахатыммен бөлісейінші десем...

- Рахмет... Адай, сенен бірдеңе сұрасам.

- Сұра. Бәрібір қазір қолымда соңғы марихуанадан басқа түгім жоқ.

- Әтіркүл екеуіңнің қылығың.

- Онда тұрған не бар екен?

- Осындай ойындардың салдарынан дүниеге бала деген бәлекет келетінін ойлағасын сұрағаным ғой.

- Өй, сен де.

- Келтірсек келеді, келтірмесек келмейді, - деді Әтіркүл.

-Менің айтпағым ол да емес еді, - деді Төлен.

- Енді не? –деп сұрады Адай.

- Шешең сені туарында қалай толғатқанын білесің бе?

- Жоқ.

- Неге?

- Сұрағам жоқ, ол айтқан жоқ. Неге сұрадың?

- Жәй.

Көзін бадырайтып аша қойған Әтіркүл екі саны арасында жатқан Адайдың қолын көтеріп аузына әкелді де, саусақтары ұшынан шөпілдетіп сүйіп-сүйіп алды:

- Айтып берсейші білетініңді, досың ғой.

Адай қолын одан дереу босатып алды да, езуіне қыстырған марихуана қалдығын қайта тұтатып, қатты бір сорып, сосын орнынан үн-түнсіз тұрып кетті.

- Ренжітейінші деген ниетім жоқ еді, - деді Төлен ағаттығы үшін ақталғандай болып.

- Ренжіткен жоқсың. Бар болғаны ұмытсам дегенін сұрадың, - деді Әтіркүл. – Мен білсем де білетінімді сездірмей жүремін. Ал сен естен тандыра дүңк еткізіп төбеден ұрғандай еттің. Қобалжыма, біраздасын өзі-ақ қайтып келеді. Ол қазір туалетте марихуанасын сорғыштап, сондай бірдеңемен өзін күшейтіп жатқан болар.

Кешке қарай тым ұзарып кететін таудан түскен көлеңкелерге қарап, олар үнсіз отырып қалған. Кенет, дәл жандарынан сораңдап Адай пайда бола кетті. Қолында – шарап. Тығынын ағытып, аузынан бірер қылғыта жұтып алғаны көрініп тұр.

- Күштісі дұрыс болатын еді, күштісі жоқ. Осыған қанағат.

- Ал, Төлен дос, сұрадың, енді тыңда, - деді сосын Әтіркүл екеуміздің арамыздағы өз орнына жайғаса беріп. - Қазақияның бір қызық интим тарихын айтып берейін мен саған.

Менің әкемнің әкесі өзінікі өзіне жетерліктей орташа шаруа екен. Жалғыз ұлы, яғни менің әкем жарыместеу боп өседі. Жасы қырыққа келгенше ләухиланып жүре берген болса керек. Баяғы төңкеріс, бірін бірі қуған, бірін бірі қырған ию-қию заман ғой. Сол дүрбелеңнен аман қалғанына қуанып, қой, ұрпағым үзіліп қалмасын деп ләухи ұлын, яғни менің әкемді туа бір көзі қыли, бір аяғынан бір аяғы қысқа қораш қызға үйлендіреді. Үй іші қанша күтсе де, ол бала көтермей қояды. Бұл кезде, өйтіп-бүйтіп жүріп сауат ашқаны арқасында, менің әкемнің наны жүріп, ауданда жүн-жұрқа жинайтын мекемеге бастық болып өседі.

- Әтіркүл, - деді Адай осы жерде сөзін бөліп, - дүңгіршекке барып келші, көремісің, шарабым таусылды. Бұл әңгіменің саған қызығы жоқ, естігенсің.

Әтіркүл жігітіне мұңая бір қарады да, қобырап кеткен шашын жол-жөнекей жөндей сап, айтқан жағына қарай үн-түнсіз кете барды.

Туған анасы туралы әңгіме айту Адайға оңай болып отырмаған секілді. Көмейіне өксік қадалғандай, демін жиі-жиі алып, тынысын реттеп, үзілген сөзін қайта жалғады:

- Алдымызда жүрген үлкендердің өміріне қарасақ та, өз өмірімізге қарасақ та, тіпті бұрынғылардың қалай өмір сүргені туралы естісек те, бұл елдің басына бақ құсы қонбағалы көп заман өткен сияқты...

Осы кезде анадайдан жылт етіп, Әтіркүлдің төбесі көрінді де, Адай жаңа бастай берген сөзінің аяғын жұта қойды. Әтіркүл болса таяп келіп, билеп, қазір сиқыр көрсетем деп, кенет дорбасы ішінен «Московская» арағын суырып ала қойған еді, арақтың көгілдір шынысы кешкі күннің жалқын сәулесіне жалт-жұлт етіп шағылыса кетті. Адайдың таңғалғаны сондай:

- Бәлі, бақалшы сұм мынаны саған қорықпай қалай сатқан? - дегенде, бақырайған көзі ұясынан шыға жаздады. - Соншалық тәуекелге баратындай сен оған қапелімде не жақсылық жасай қойып ең?

- Сатқан жоқ, былай-ақ бере салды. Бірақ, жаман сөз шығып кетпес үшін, ештеңе айтпаймын. Анаң туралы жаман сөзді онсыз да өзің көп айтып жүрсің ғой, сол да жетер.

- Анам жайында жаман айтып үлгергем жоқ. Ал арақ сыйлаған бақалшыға келсек, кезінде сенің шешеңе қыста отын түсіріп беріп жүрген сумақай пысық біреу болды ғой, - деп, Адай да қарап қалмады, аямай Әтіркүлге тілінің бізін сұғып алды. Сосын бөтелкеден бір құйып ішіп, қалғанын жанына қойды да, әлгінде үзіліп қалған әңгімесіне қайыра оралды.

Адамның қызметте өсуі деген де бір қызық нәрсе, біреу қызыл дипломы бола тұра, үстелден бас көтермей мықшиып қағаз жазудан әрі аспайды. Біреу әлдебір курс бітіріп-ақ лауазымды жылы жерге орналасып, майлы жілік мүжіп, ойына не келсе, соны істейді. Ол да ескі-құсқы жинайтын мекемеден ауданаралық базға бастық болып ауысып, аяқ астынан дүркірейді де кетеді. Жора-жолдас көбейеді. Жақсы ыдыс-аяқ, киім-кешек, үй мүліктеріне қолдары жетпей жүрген, әсіресе әйелдер жағы төңірегіне қатты үйіріледі. Солардың ішіндегі ышқыры бостармен ауызданады. Әккіленеді. Басында өзінен үлкен әрі кеміс қызға үйленіп, ауға жарымай ашқарақтанып қалғандықтан ба, ұзын етектінің ыңғайға келгенін құр жібермеуге тырысады. Бірте-бірте бойын нәпсіқұмарлық жеңеді. Үстінен қарайтын тікелей бастығының жаңада ғана үйленген үшінші қатынына көңілі ауады. Оны қайтіп өзіме қаратсам екен деп қиялдай бастайды. Сондай кезде, өрекпіген ентігін басу үшін, шкап ішіне жасырып қойған арағынан бір стақанын толтыра құйып ішіп алатын әдет табады. Сосынғысы тіпті қызық. Терезенің бір жақ қапталын ашып қойып, шалбарын, сідік тигеннен сарала-сарала болған дамбалын төмен түсіріп жіберіп, шелтиген кішкентай сайманын жалаңаштайтынды шығарады. Бүкіл әлем оның сол бір болмашы шелтегіне естері кете қызыға қарап қалғандай, мә, көрсеңдер көріңдер дегендей шалқайып, шірене түседі. Үшінші рет үйленіп алды ит, және кейінгісі алдыңғысынан кемі он жасқа кіші боп келетінін қайтерсің деп, іштей бастығына кек жинайды. Өзі болса, өзінен бес жас үлкен, мүгедек әрі бала таппайтын кәрі қатынмен қанша уақыттан бері бірге тұрып жатыр. Қиялы кетеді шарықтап, әуелеп. Бастығының жас әйелі мұның осылай жалаңаш тұрғанын көрген екен. Көрген екен де есі кете қызығып, тізерлей жорғалап кеп... Ал мұның кәрі қатыны ондай қылық көрсетпек түгіл, ондайдың не екенін білмейді де, топас неме. Бірде осылай да осылай, қазір мұны бүкіл әлем құмарлық ойыны – өнер деп біледі, сондықтан деп емеурін танытқаны сол еді, сезімсіз семіз тас надан, тап бір жылан жұтатындай бақырып...

Осылайша бастығына сырттай кектеніп, әрі оның үшінші алған жас қатынына қызығып ғашық боп жүрген күндердің бірінде, әлдебір қағазы үшін кештетіп кабинетіне асығыс кіріп келмей ме. Алашадағы кір дақтарын жүресінен отыра қап өршелене сүртіп жатқан еден сыпырушының үстінен түседі. Уыздай жас, жұмысқа жаңада ғана тұрған еді. Бұған дейін де оны осындай жұмыс үстінде бірер мәрте көргені бар. Ойнақшыған отты жанары, қабағы астынан кісіге ұрлана қарайтын жымысқы қылығы көрген сайын есінде қалып қоя беруші еді. Басына шешім бірден келе қалады. Төрт бұрышты шағын қағазға «ақша болады» деген сөз жазады да, еден сыпырушының алдына тастай салады. Сосын есікті бекітіп, жарықты сөндіріп, терезе алдына барып, арқасын жақтауға сүйейді де, шалбары мен дамбалын тізесінен төмен қарай түсіреді де жібереді. Сосын бүкіл әлем мұның шағын кабинеті ішінде қазір болар кереметке сарыла көз тіккендей қайталанбас бір ғажайып күйді бастан кешіп тұрады марқайып.

Жас әйел кабинет иесіне не керегін айтпай-ақ түсінеді. Бұл өмірде теңдік жоқ қой, мықтылар бар, әлсіздер бар. Мықтылар әлсіздерге өз дегенін істетпей қоймайды. Оның үстіне сен егер әйел болсаң. Әйел болғандықтан ол осындай шайтан ойыннан бір рет оңбай ұтылған да еді. Ауылда қатар өскен жігіті аламын деп жүріп-жүріп, ақырында алмай тастап кеткен болатын. Бір жаманның бір жақсылығы дегендей, соның арқасында мұндайдан тәжірибесіз емес-тін. Тек бұл жолы қалай да ұтылмауы керек. Шелектегі сабынды сумен аузын жақсылап сүртіп жіберді де, ана пәленің жаман дәмін білдірмесін дегені ғой, тізерлеген күйі жорғалап кеп... Көз жұмулы. Аузына шала жуылып, шала піскен жылқының қыл-қыбырлы қартасы түсіп кеткендей ме. Құдай оңдағанда бір минөтке де жетпей тыз етіп тез біткені. Ұшып тұрып, туалетке қарай жүгіре жөнеледі. Барып, қайта-қайта лоқсып, құсып та алады, ұзақ түкірінеді. Болашақ үшін соншалық қымбат баға емес, ештеңе етпейді, ештеңе етпейді деп, өзіне-өзі басу айтып, жұбатады да.

Адамның айын оңынан туғызайын десе, Жаратқанға не дерің бар, үлкен бастықтың мойнына көп ақша мініп, сотқа тартылып кетеді. Қызмет орны ғана емес, қойнындағы жас тоқалы да босап қалады. Бірге ішіп-жеп жүрген сыбайлас достарымның арқасында ол жерге енді мен қонжимағанда, кім қонжияды, ол жерге қонжисам, байсырамаса отыра алмайтын жас тоқалын мен иеленбегенде кім иеленеді деп, қиялы қияға өрлеп, кеудесіне нан пісе бастаған ол, яғни менің әкем, кабинетіне кіріп келгенде, Мақпал, яғни менің шешем үйреншікті жұмысы, кірлеп кеткен алаша дағын сүрткілеп жатады ғой. Ол бұрынғы қалыптасқан дағдысын өзгертіп, бұ жолы оны көрген бойда арақ құйып ішпейді, әдеттегісіндей терезе алдына барып шалбары мен дамбалын шешпейді. Сірә, басына кішкентай шелтегіммен әлемді таңғалдырайыншы дегеннен гөрі тосындау басқа ой келген болу керек. Мақпал қателеспеген екен. Ол Мақпалды қолынан тартып тұрғызып алады да, бетін ары қаратып үстелге екпетінен жатқыза салады. Пысылдай жүріп көйлегінің етегін түреді, лыпасын сыпырып сирағына дейін түсіріп жібереді, сосын бірден енеді де кетеді. Сүйтіп ол үлкен бастық болсам деген арманым орындалатын болды деген сеніммен, соның құрметіне деп түңғыш рет толық күшіне енген сайманының бар құдыретін құшырлана көрсетіп, оны өстіп жақсылап бір сынап алады.

Осы сағаттан бастап есептегенде, арада тура екі жүз жетпіс үш күн өткенде іңгәлап, бір әулетті болашаққа жалғастырушы жаңа тамыр боп дүниеге Адай, яғни мына мен келіппін.

Анам босана салысымен жас сәбиін, яғни мені құшақтап алыс ауылдағы туыстарына кетеді...

Әкемді өмірі көргем жоқ.

- Атың Адай деп қалай қойылған?

- Менің атымның анау Адай жұртына еш қатысы жоқ. Айналасында жанашыр ешкімі жоқ, жақын-туыстан ада екен деп, сайқымазақ біреу Ада дей салыңдар деген болу керек. Айтылу ыңғайына қарай, кейін Адай атанып кетіппін.

- Әкең қазір бар ма?

- Жоқ. Бұрынғы бастығының тоқалы мені зорлады деп арызданса керек. Ұзақ мерзімге сотталып, түрмеде өліпті, әңгүдік неме.

Әтіркүлді ымдап шақырып–ап қасына отырғызған. Оның көзі қызарып, жасаурап тұр екен. Сол қалпында Адай оның қолы мен бетінен алма-кезек шөпілдетіп ұзақ сүйді. Сосын, кенет, бір шетте шоқиып отырған Төленге бұрылып:

- Солай, менің дүниеге қалай келгенім туралы бар білетінім осы, - деді. – Ал, енді әңгімемнің тұздығы болсын, мынаны да жадыңа алып, көкейіңе түйіп қой, әр нәрсеге қызығып, білсем деп ізденіп жүретін досымсың ғой. Батыстық зерттеуші ғалымдардың дерегіне сенсек, отыз жастан асқан діншіл әйелдердің тең жартысы мастурбациямен айналысады-мыс, әрбір үшінші әйел неке үстінен ойнас жасауды армандаса, әрбір төртінші әйел құрып кеткенде өмірінде ең болмаса бір рет бір мезгілде екі немесе одан да көп еркектен ләззат алсам-ау деп қиялдайтын көрінеді-міс... Міне солай. Сондықтан өмірі көрмеген, атын да білмейтін менің әкеме, мені қалай туып, қалай толғатқаны жайында, өмірінің басқа да шуақты сәттері туралы қызықты дерек қалдырмаған менің шешеме мен сияқты, сен де оларға түсіністікпен қарарсың, сөкпессің деп ойлаймын...

«Бұл қалай, бұл не өмір, деді Төтем іштей жаны ышқына шамырқанып, кейбіреулер анасының құрсағынан шықпай жатып бақытсыз...»

Ол Адаймен оқуға түскен күндерден жақын тартып, достасып кеткен болатын. Әсіресе, Алматының темір жол бекетінің басында бұзықтар жабылып пышақтап кеткенде, Төлен отадан кейін бір жетідей қала орталығындағы әскери госпиталда жатқан еді. Сонда Адай артынан іздеп келіп бір шыны айран, екі бәліш әкеп бергені бар. Қызығы сонда, әлгілерді көшеден бөтелке теріп өткізіп, соның ақшасына алыпты. Сол досының жүрісі де қызық, ойы да қызық, темекі, марихуана, арақ - шарапқа құмарлығы да басқалардан өзгешелеу болатын. Бұл өмірде өзіңнің қолыңнан келмейтінді басқаның ісінен көріп, ондайға куә болудың да өзіндік ұлағаты жоқ емес қой. Иә, Адайдың өзінің дос қызы Әтіркүлмен қарым-қатынасы да өте ашық әрі тым еркін; өзі құралыптас замандастары арасында көпшілікке мұндай қылықпен көріну дегенің ол кезде, Адай сияқты ілеуде біреу болмаса, басқалардың қиялына да келмейтін іс еді. Ал Адай мен Әтіркүл құдды бір басқа планетадан ғайыптан түсе қалған адамдарға ұқсайтын.

Осы кездесуден кейін Төленнің оған деген достық көңілі суымаса да, оның істегенін істей алмайтынына көзі жеткен еді, сосын да бұдан былай алыстан сыйлассақ та жетер деп, бойын одан біртіндеп аулақ сала бастаған болатын...

Оқу бітіргесін жолдамамен барып, бір уақыт Түлкібайда екеуінің басы қайта тоғысқан. Әттең, Адай бұл кезде марихуанасын қойса да, араққа салыныңқырап кеткен еді. Аяғы жақсы болмады. Жүрген ізінен шу шыға берді. Араққа үйір адамға мектеп қол емес, бір жылға жетпей жұмысынан тайған. Содан қайтып оны көрмеген де, ол жайында ештеңе естімеген де болатын...

Жығылғалы жарбиып тұрған ескі үйге Төлен соңғы рет мүсіркей бір көз тастап қойып, іштей «иманды бол» деді де, ақырын аяңдап өз жөніне кете барды...

Көрнекі сурет: Павел Федотов "Анкор, және анкор". 1852 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар