Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Өтен Ахмет. Ыстық тас...

01.11.2019 4285

Өтен Ахмет. Ыстық тас 18+

Өтен Ахмет. Ыстық тас - adebiportal.kz

(Әңгіме)

Қол жүгін санаторидің екінші қабатындағы бөлмесіне жайғастырып, сыртқа жеңілденіп шыққан Тастан көңілінің әлденеге қатты алабұртып тұрғанын байқады. Көзі де кіре беріс босағадағы телефон-автоматқа түсе берген. Бірер аттап жетіп барды да, арада жыл өтсе де көкірегінде мөрдей басылған таныс нөмірді асығыс тере бастады.

Телефон қоңырауы үздігіп үш соғылғанда барып, аржақтан біреу тұтқаны ақыры көтерді-ау.

- Алло…

Қуанғаннан Тастанның екі бетінде лып етіп қан ойнап шыға келді. Соның өзі, деді іштей, жолы болған деген осы ғой.

- Сағыныш…

- Тастан, бұл сенбісің?

- Иә, келіп қалдық тағы да. - Тастан ақырын жөткірініп тамағын аршыды. - Сағыныш…

- Әу.

- Өзгердің бе?

- Көрсең, білерсің.

- Көргенше асығып тұрмын.

Арғы жақ үнсіз қалды. Тастан шыдамай тағы да өзі сөйледі.

- Кездессек қайтеді?

- Уақыт табуға болады.

- Онда мен сені өзің білетін жерден күтейін. Ұмытпаған шығарсың?

- Өзің жатырқап таба алмай қалып жүрмесең...

«Қап, деп ойлады Тастан, телефон құлағын ұясына қондырып жатып, соңғы сөзді несіне айта қойдым пысықсып». Іштей солай деуін десе де, оны сол сәтте-ақ жүрек-қолқаны тереңнен қозғап, жан-тәнін шоқтай қарып, ысытып әкетіп бара жатқан көл-көсір зор қуаныш дарияның асау толқынының жалындағы елеусіз жоңқадай жұлды да әкетті.

Тастан жас балаша көңілі алып-ұшқан күйі есік алдына жүгіре шықса, жазғы күн шақырайып тас төбеге келіп қалыпты. Маңайдағы шеңберленген биік жал мен шың-құздарға жарыса өрмелеген қалың қарағай мен шырша жан-жақтан саулаған мол сәуледен одан сайын шырайланып, сұңғылана түскендей. Төңірек-маңай марғау тыныштыққа бөгіп тұр.

Санаторий сыртына қарай шығатын тас жолдың оң жағы ойпаң. Ойпаңдағы қалың ағаш арасы бүлдірген жапырақтарымен шырмала тұтасып жатыр. Жемісі байқалмайды. Әрлі-берлі өткендерден не қалушы еді. Әйтсе де деген есек дәмемен Тастан жолдан шығып, жапырақ арасын шиырлап тіміскілене бастады. Табиғат шіркін жомарт қой. Қанша сүзіп ақтарсаң да оңайлықпен сарқыла қоймайды. Әуелі үш түйір жеміс, одан соң тағы бесеуін тапқан. Жеп қойсамба деп оқталып бір тұрды да, қалтасынан қағаз шығарып, бір жақ басын шиыршықтап қауашақ жасап, тапқандарын соған теріп жинауға кірісті.

«Сағыныш менің келгеніме қуанды, жолығуға бірден келісті. Маған деген өкпесін ұмытқан-ау, сірә. Қандай ғана алтын адам. Мен ғой оны түсінбей кергіп, босқа лағып жүрдім. Осы жолы бәрі басқаша болады…»

Тастан қалың жапырақ арасындағы қып-қызыл жеміс түйіріне қол соза беріп, ол да тап мына жемістей көп ішінен бөлектене жарқырап, ерекше боп көрініп еді-ау, деп ақырын өз-өзінен жымиып қойды.

Ол жолы Тастанның санаторияға алғашқы келуі еді. Шахтада тіреу қойып жатқанда, кенет қысым түсіп, төбе құлайтын болған соң, жалғыз өзі арқасын шірене тосып, жолдастары қауіпсіз жерге қашып шыққанша ұстап тұрған-ды. Содан белі шойырылып қиралаңдады да қалды. Обалы не керек, дәрігерлер көп сөзбайға салған жоқ, қолына жолдамасын ұстатты да, дереу осында емделуге жөнелтті.

Алғашқы бетте, жарты айға созылған үздіксіз ем-дом кезінде, Тастанның онда-мұнда мойын бұратындай шамасы бола қоймады: ал санаториядағылардың, кімнің ауру, кімнің сау екені белгісіз, әйтеуір үлкені де, кішісі де тамақты жапыра жеп, кино деп, би деп әрлі-берлі тынымсыз жосылады да жүреді екен. Сондайдың бірі - мұнымен палаталас, орта бойлы, ақсары жігіт кеш түссе болды, қолды-аяққа тұрмай қақшаңдап кетеді. Тау етегі, қол созымдай жерде аудан орталығы - шағын қалашық тиіп тұр. Жастары көп, қызығы мол - әлгінің солай қарай аңсары ауады да тұрады. Айтуынша, сондағы қыз-бозбаланың біразымен жақсылап танысып та алыпты. Сол күні ол бұған: «Ертең Каздауысты Қазыбек бидің тойы болады, барайық та барайық», деп жатып кеп жабыссын. «Сұлу қызбен таныстырам, маған өмір бойы риза боп өтесің», деп те қызықтырып қоймады.

Ортадағы көгалды алаңқайға қатарластыра жайнатып кигіз үйлер тігілген. Жағалай шеңберлеп жұлдызша шамшырақтар тізбектері өрілген. Той думаны қараңғы түсе, самала шамдардың жарығында кемерінен асып төгілгендей боп, мереке салтанаты онан сайын шалқи түсті. Анау үйде айтыскер ақындар сөз семсерін суырса, мынау үйде домбырашылар тобы құйқылжыта күй төгіп, тыңдаушының құлақ құрышын қандырып жатыр. Кенет сырттағы қалың нөпір халайық алаңқайдың шетін ала биіктеу тұсқа орнатылған ағаш тепсеңге қарай жапатармағай лап берген. Тастан да қасындағы жолдасымен бірге солай қарай мойын бұрған еді. Ағаш тепсең жанында тұрған көкшіл түсті автобустан қынамабел қызыл қамзол, желбіршек етекті ақ көйлек, үкілі тақия киген бойжеткен қыз шығып, аудан өнерпаздарының концертін бастайтынын хабарлады. Кейбіреулер тепсеңге жақындау оңтайлы жерден орын алуға таласып у-шу болысып қалды. Біраз жұрт тағатсыздана қол шапалақтап еліріп кетті. Сөйткенше, жаңағы автобустан қаздай тізіліп қуыршақтай боп қазақша киінген қос бойжеткен шыға келді де, қошаметшіл қауымға қарап жайраңдай күліп, биік ағаш тепсең үстіне қарай ақырын көтеріле берді.

Тап осы кезде қасындағы жолдасы «әне» деп Тастанды бүйірінен түртіп қалды да:

- Менікі сол жақ шеткі қараторысы, - деді мұның құлағына ақырын ғана сыбырлап.

Той думанның ың-жыңының арасынан өзгеше бітім нәзіктікпен, басқа дыбыстардың бәрін ысырып тастап, ойлы да сазды іңкәр әуен қалықтай жөнелген. Қашаннан қалада тұрып шет елдік пе, басқа ма, ылғи да сөзі түсініксіз алқын-жұлқын музыкаға тұла бой бітімі әбден үйреніп кеткендіктен бе, микрофон алдындағы қос құрбы әншінің көмейлерінен бұлбұл ұшқандай болды да, оқыс әсер-сезімнен Тастанның жүрегі өрекпи бұлқынып дір ете қалды. Бір жылы ағын бойын билеп, бауырын елжіретіп, жан дүниесін майдай ерітіп әкетіп бара жатқанын байқады. Апырмау, біздің қазақ әнінің де осыншалық сырға тұнған әуезді болатынын білсемші, деп ойлап қойды.

- Көрдің бе?- дейді жолдасы аш бүйірінен түрткілеп. - Анау оң жақтағысын айтамын. Дұрыстап қарап ал.

Ағаш тепсең бұлар тұрған жерден әжептәуір тұс. Анықтап қарауға көз жетпейді. Қос бүйірден сығалаған прожектор жарығында қатар тұрған әнші қыздар алыстан мінсіз мүсіндей боп қана толқиды.

Ән аяқталып, жұрт дүрілдете қол соғып жатқанда, бұлар да көкшіл автобусқа қарай жылжыған. Автобус есігі алдына әнші қыздармен бетпе-бет қатар келіп қалды. Тастан өңмеңдей беруге ұялып, сәл шегіне тұрды да, жолдасы қыздармен әңгімеге айналып шүйіркелесе кетті.

Қыздар әлден соң, автобус ішіне кіріп жоғалды да, бойжеткендерден босаған жолдасы әлденеге мәз бола күлімсіреп, Тастанның қасына келді.

- Әртіс киімдерін ауыстырып қазір қайта шығады, - деді ол қутыңдай түсіп. - Бәріміз бірге шұбырып жүргеннен мән жоқ. Мен өз адамымды аламын да жоғалам. Ал сен өтірік болса да бірдеңе айтып құрбысын алдандыра тұр, жарай ма?

Бәрі соның айтқанындай болды. Ол «өз адамын» қолтықтап автобусты айналды ма, ағаш арасына кірді ме, әйтеуір лезде көзден жоғалды.

Сағыныш қасында, көпшілік дүрмектің шетін ала тұрып қалған Тастан не істерін білмей дағдарды. Өзінің көптен бері әйел затына қырындап әзіл айтпағанын ойлап, аузын ашса аржағынан сөлекет бірдеңе шығып кетердей өз-өзінен жасып, қуыстана түсті. Сағыныш болса, үлбіреген толықша бетінде жұмбақ жымиыс үйіріліп, бұдан көз алмастан жаутаңдап қарап қойып тұр. «Ау, жігітім, бұның не тұрыс, үндемес ойнағандай», дейтіндей ме, қалай...

Тастан іштей батылданып, «һім» деп бір қырланып алды да:

- Сіз ән салады екенсіз ғой? - деді. Мұнысы қызды бұрыннан білетін, бірақ аяқ астынан оның өзіне беймәлім жаңа өнерін байқап, соған таңырқаған адамның сөзі секілді естілген. Соны бірден аңғарған Сағыныш:

- Ұнаттыңыз ба? - деп жігіттің өзіне қарсы сұрақ қойды.

- Өмірімде дәл бұлай бүкіл жан-дүниемді қопарып, жүрегімді жұлқып өткен ән мен әншіні естіп көрмеппін.

- Мен әнге тек екінші дауыспен қосылам.

- Кімдікі бірінші, кімдікі екінші деп бөлгем жоқ. Тұтасымен қабылдадым, - деді Тастан.

Сағыныш жігіт жүзіне риза көңілмен көзі күлімдей жалт етіп бір қарады да, топ ортасынан ақырын жылыстап шетке қарай шыға берген. Тастан қыз соңынан ілесті. Бұлар ілгерілеген сайын ағаш арасы қалыңдап, адамдардың өзара дабыр-дұбыр дауысы, самала жарық біртіндеп көмескілене бастады. Әңгіме болсын деді ме, жоқ әлде, қыз алдында ашылып сөйлескенді жаны қалады ма, Тастан өзінің шахтер екенін, оқыстан аздап жарақат алып, енді міне, осындағы санаторияда амалсыздан емделіп жатқанын айтып салды. Сол, сол-ақ екен, екеуара әңгіме бөгетін бұзған топан суындай ағытыла жөнелсін. Жеке бастың талғамы – кім нені ұнатады, жеке бастың қызығушылығы – кім немен әуестенеді, жеке бастың арман-мұңы – кім нені көксейді - бәрі айтылып жатты.

Ағаш арасынан, аулақтан шам жарығы жылтырайды, той тойлағандардың құмыға үздігіп жеткен емен-жарқын дауыстары естіліп қалып тұр.

- Бар қызық-тамашадан құр қалып қоярмыз, - деді Тастан. Сағыныш үндеген жоқ. Бұрыла берген Тастанның қолтығынан ұстады. Қыз иығы денесіне тиіп, қолының сыртымен майыса солқылдаған бойжеткен белінің қозғалысын сезгенде, Тастан өз көңілінің дарияның толқын ұрған сеңіндей аласұрып кеткенін байқады. «Апырау, маған не болды бүгін, - деді өзіне-өзі таңырқап, бұрын-соңды қыз көрмеген шикіөкпе бозбаладай балқып-еріп барамын ғой, тегі».

Атақты айбынды бидің тойы таң атанша, одан ертеңіне сәске түске дейін созылған. Тастан мен Сағыныш біресе ана ауыл, біресе мына ауыл тіккен үйге бас сұғып шығады. Бір жерден күй тыңдап, бір жерден ақындар айтысына құлақ тіксе, тағы бір жерден ет жеп, шай ішіп жүрек жалғайды. Қайда барса да көпшілік жапырылып Сағынышқа төрден орын береді. Өлең айт деп қолқалайды. Сағыныш болса көкшіл көзі нұрланып, жүзі жайнап Тастан жаққа бір қарап алады да, әнге қамшы басады. Тұла бойы тұнып тұрған сырлы әуез дерсің. Бір жерде айтқанын екінші жерде қайталамайды. Жұрт дүрлігіп қол соға бастаған кезде, Тастанды қолынан жетелеп ол үйден шыға жөнеледі.

Өстіп қуаныштан тарыдай бөгіп, бақыттан шалқып жүрген бір сәтте Тастан өздерінен бөлініп қалған жолдастарын айтып еді. Сағыныш жігіт қолтығынан қыса түсіп, иығымен еркелей сүйкеніп:

- Оларға біздің қажетіміз жоқ қой, қайтеміз іздеп, - деді наздана күліп.

Иә, несін айтасың, ол бір пейіш түніндей қайталанбас ғажайып сәт еді-ау…

Тастан қағаз қауашағын бүлдіргенге жартылай толтырып-ап жол танабына қайта көтерілді де, асығыс жүріп кетті. Ойында тек Сағыныш. Оның көңілде сақталған алуан мінез-қылығын еске алумен келеді. Сағыныштың бір қасиеті уәдеге берік, сөзге тұрғыштығы болатын. Ол аудан басында, бұл санаторияда, сәске түс, кеш демейді, уақыт табылса болды, айтылған мезгілде, айтылған жерге тез жетіп келетін… Кенет Тастан өз ернін өзі ауырта тістеп алды. «Сен мұндар, Сағыныштың ол мінезін жеңілтектікке, оңайлыққа баладың ғой…»

…Қыс ызғары тарқаған жазғытұрымғы уақыт. Тастан қыз қолынан демей ұстап құз басына, биікке қарай тік өрмелеп келеді. Аспан шайдай ашық, күн тас төбеден елжірей төніп тұр.

Жетекке еру жалықтырды ма, әлде намысына тиді ме, Сағыныш қолын жігіт қолынан босатып-ап, желаяқ ор қояндай орғып, шырша-қарағайы сиреп, тастарының арса-арсасы шыға жақпарланып жатқан құз басына қарай жеке дара суырыла тартты. «Қуып жетші, кәне», деп қояды сықылықтай күліп. Тастанға оны қуып жетпек түгіл, ілесудің өзі мұң болды.

Терлеп-тепшіп, алқына демалып биіктің басына көтерілгенде, Сағыныш қожыр тастардың арасынан мойны ғана көрініп, қылтия қарап тұр еді.

- Тастан, мен үйшік таптым, бұл біздің үйшігіміз болады,- дейді мәз болып.

Әмірі күшті Алланың құдыретінде шәк бар ма! Шынында үш жағынан бірдей текшеленген тас қабырға, екі адам еркін сиятындай қуыс. Табанда да керіп салған тері бөстектей жалпайып тұтас, жылтыр тас жатыр. Күн дәл төбеде тұрғандықтан қуыс іші жылып, табандағы тас бедері сипаған алақанға ыстық күлшедей тиеді. Тастанның қызды манадан олай сүйреп, бұлай сүйреп шарқ ұрып іздеп жүргені де осындай жан жұмағы оңаша пана болатын. Әлденеге тәтті сазып, іші қылп ете қалған Тастан шақырайған күн астында жеңіл оттағы табадай жалындап тұрған жалпақ тасқа шалқасынан сұлап жата кетті.

- Ыстығын-ай, рахатын-ай! - Дәл жанында не істерін білмей тұрып қалған Сағыныштың жұмыр, жалаңаш балтырынан бір қолымен орай құшақтады да, отыршы деді. Қыз отырды. Жаныма қисайшы деді. Қыз айтқанын істеді.

Бір мезет екеуі шалқаларынан түсіп үн-түнсіз қатар жатты.

Астарынан ыстық тас, төбеден елжірей төнген күн нұры миларына шапты, жүректерін өртеді. Сәт сайын алқындырып, күйдіріп-жандыра түсті…

Осыдан кейін-ақ Тастан мен Сағыныштың оңаша кездесулері жиілей берген еді.

Рас, алғашқы бетте Тастан шексіз ләззаттан естен айырыла мас болғандай бір ғажайып күй кешіп жүрді. Бүкіл өмір бойы аңсаған, жанұшырып іздеген адамы Сағыныш сияқты болып көрінген. Десе де көңілінде бірте-бірте әлдебір түсініксіз салқын ойдың сүреңсіз ұшқыны да пайда болған еді. Сонысы асқына келе, Сағыныш тым ләззатшыл сияқты-ау өзі деп қарап жүріп іштей бүлінетінді шығарды. Оны өзін тастап кеткен алғашқы әйелімен салыстырды. Ол әйелі өте сирек күлетін, бірақ сәндене киініп, кафе-ресторандарда саусақтары алтынға малынып, қымбат тамақ ішкенді жақсы көруші еді. Тастан екеуі, әсіресе, дүние боқ төңірегінде жиірек қыжылдасып қалатын. Тастан айтатын: Мен қабырғамды қайыстырып шахта жұмысында жүрмін. Сөйтіп өліп тапқан бар табысымды үстіңе жапсырып, одан қалды серілік серуен қызығынан артылтпайсың деп. Ол айтатын: Еркек табыс тапса, оның қызығын алдымен әйелі көрмегенде, кім көруші еді. Тиын санап бетіңе жалтақтап қарап отыратындай мен сенің күңің емеспін деп. Ондайда Тастан жұмыс істемей-ақ шахтаға бір түсіп шықсаң білер едің табыс құнын деп ышқынатын. Әйелі оған суық жүздене қарайтын да қоятын. Үй шаруасымен айналсқан болып, сырт айналып кететін. Тастан өзімен өзі бұрқ-сарқ қайнап отыратын да, көп ұзамай жұмыс кезегіне баратыны есіне түсіп, сүйретіле келіп төсегіне жете құлайтын да, қалың ұйқыға бас қоятын.

Осылайша алғашқы алған әйелімен үш жылдай отасып тұрды. Үш жыл ішінде әйелінің бұған деген суық қабағы бір жібімеді. Бұл да оған болымсызға шашылып табысымды үлгертпейсің деп күңкілдеуін қоймады. Сөйтіп жүргенде, әйелі мың болғыр, бір күнде қарасын батырып жоқ болды. Тастан жұмыстан келсе, үстел үстінде бір жапырақ қағаз жатыр. «Мен ұйықтап жатқанда сен болмайсың. Сен ұйықтап жатқанда мен болмаймын. Көп ақша айлығыңды үлгертіп ұстайтын басқа жақсы қатын тауып аларсың», депті. Дүниеден бір киерлік киімдерін ғана алыпты. Басқа ештеңеге тимеген. Тастан әйелінің ың-шыңсыз өзі кеткеніне қуанса да, тым дүниқоңыз деп күстаналап жүргенде, ештеңе алмағанына біртүрлі іші мұздап, көңілі құлазып, кең үйде жалғыз өзі шоқайып, үн-түнсіз түнере отырып қалған.

Сағыныш та ертеңгі күні алғашқы әйелінің керін келтіріп, табысын үлгертпей босқа шашатын әсіреқызылшыл болып жүрмес пе екен?

Тастан төсектен тұрып, жауырыны мен қара санының бұлшық еттері шиырылған асықтай бұлтылдап барып тумбочка ішінен үш литрлік шыны банка шығарды. Банканың үштен біріндей түбінде сарғыш сұйық шайқалады.

- Ішесің бе?

- Жоқ,- деді Сағыныш төсектен басын көтерместен. «Неткен таусылмайтын мол шырын, қашан келсем де ылғи алдымнан шығады», деді іштей тыжырынып.

- Витамин! – Стақанның жартысынан асыра құйып, Сағыныштың қолына зорлағандай етіп ұстатқан. - Денсаулыққа жақсы, ішіп қой.

Сағыныш амалсыз басын көтеріп, стақан шетінен ауыз тиіп ұрттады да, ыдысты иесіне қайтарды. Шырын ескіріпті. Қышқылданып жылымшы татиды. Жүрегін кілкітті.

Тастан стақандағы шырынды банкаға қайта құйды да, бастапқы орнына мұқият жайғастырып келіп:

- Алғашқы әйелім, жамандағаным емес, дүние қадірін білмеді ғой,- деді төсектің шетін ала отырып жатып. - Жасыратын несі бар, біздің жұмыс ауыр болғанмен, шүкір, табысымыз жаман емес. Ендігі машина мініп жүретін кезім еді.

- Үш жыл үйленіп тұрғанда кішкентайларың болмады ма? - деп сұрады Сағыныш кенет.

- Болған жоқ. Болмағаны дұрыс болды, әйтпесе алимент төлеп басым қатып жүретін бе едім.

- Өз балаң үшін өкініші жоқ шығар?

- Ә-ә, балам болмағанына сен қайта қуан.

- О, қойшы, жоқты айтып қайтеміз, - деді Сағыныш. Ұмтыла еркелеп, Тастанның иығына асылған.

- Сірә, дегенім ғой. Жалпы, өмірде аңқау болуға бомайды. - Тастан қыз жүзіне сынай қарап қойды. - Мәселен, сен маған неге сонша құлай берілдің. Алдап кетсем қайтесің?

Жігіт иығына еркелей асылып іңкәрліктен көңілі тойып отырған Сағыныш денесін сол сәтте суық ұрғандай шошына қалшылдап кетті. Кейін шегініп отырды. Тастан одан қабағы түйліге көз алмай жауап күтіп қалған еді.

- Мен де күйеуден шыққан әйелмін, - деді Сағыныш. - Мүмкін еркексіреп жүрген шығармын. Қорқытып қайтесің.

- А-а, солай ма еді, - деді Тастан таңырқап.- Оныңды маған неге ертерек айтпағансың?

- Ретін таппай жүрдім. Сонсоң… Сағыныш төсек үстінен сырғып түсті де, асығыс киіне бастады. – Сонсоң, сені қалай жақсы көріп кеткенімді өзім де білмей қалдым ғой.

- Мен де. Сонда да алдын-ала білісіп алғанымыз артық емес еді.

Сағыныш киініп болып, кетуге ыңғайланды.

- Жүрегімді де берген шығармын деп ойлаушы ем… Бақытыма ма, сорыма ма, өзімде қалды.

Сағыныш шұғыл адымдап есікке тақап қалғанда барып, не болып жатқанын сонда ғана сезгендей Тастан өз-өзінен сасқалақтап:

- Оу, қайда барасың?- деп, соңынан ере шықпақ болып еді.

- Керек емес,- деді Сағыныш, - жолымды өзім де табам. Бикештің үлбіреген ақсары жүзінде түпсіз шүмектей сорғалаған көз жасы тарам-тарам жол салып та тастаған еді…

Бүгін де аспан, Сағыныш екеуі алғаш танысқандағыдай, шайдай ашық, тас төбеге шығып алған күн-күлше елжірей төніп тұр. Ыстық табы тәннен өтіп, сүйекке де жетті. Тастан нұрлы шуаққа қорғасындай балқып, Сағынышты көргенше көңілі алып-ұшып келеді. Жаншылып қалған жоқ па дегендей қолындағы қағаз қауашақтағы бүлдіргенге ауық-ауық пысықсып қарап та қояды.

Оң жақ қолтық тұстан төбесі қожыр тасты биік құз ашылды. Жанай өтіп, арғы жақ ойына шықса болды, тау өзені үстінен салынған көпір тиіп тұр. Сол жерде… Шынымен, дәл бұрынғыдай, араларында тап бір ештеңе болмағандай Сағыныш келіп күтіп тұрар ма екен. Өйтсе, ескі өкпесін ұмытқаны да. Ал ол жолы араларында боған кірбеңді жуып-шайғысы кеп бикеш соңынан қанша жүгірді: бұл телефон шалады, ол сөйлеседі, жолын тосып күтіп алады, әңгімелеседі; бірер мәрте киноға да апарды. Бірақ соның бәрінде де жай таныс, әрі кеткенде жақсы сыйластық шеңберінен аспады-ау ол, аспады.

Көп ұзамай санаториядағы емделу мерзімі аяқталған Тастан әлдене қымбатынан аңдаусызда айырылып қалған адамдай ала-құла пәс көңілмен еліне аттанып кеткен болатын. Талай түн жалғыз жатып Сағынышты ойлады: дөңбекшіді, күйіп-жанды. Одан басқа қолынан не келсін. Оған деген сезімін қоламтаға көмген шоқтай көңіл түкпіріне жасырып тастап, жұрт қатарлы жұмысын істеп, бұйырған нанын жеп, су-суанын ішіп, күйбең-күйбең жүре берген. Араға жыл салып, онда да себеппен, екінші келмеспін деген жеріне қайта оралып соғып, көңіл көмбесіндегі сол қоламта шоқтың лап тұтанып, қайта лаулауын көрдің бе. «Ақшасы құрысын, маған десең отқа жақ дермін-ау». Тастан асыға түсті.

Тау өзені үстіндегі темір көпірге бұл бер жақтан іліккенде, ар жақтан қызыл белдемше -костюм киген Сағыныш та жалт ете қалған еді.

- Біздің үйшігіміз орнында ма екен, жүр Сағыныш, тез жетейікші, - деді Тастан алғашқы амандық-саулықтан кейін бикешті асықтыра сөйлеп. Өздері талай рет шығып-түскен таныс сүрлеумен олар құз басына қарай өрмелей жөнелді.

Біраздан соң Сағыныштың жүрісі өнбей, алқына баяулап артта қала берген. Тастан бұ несі деп таңдана жүріп, Сағыныштың аяқ-қолы, бөксесі жұмырланып, белінің де былтырғы өзі көргенінен әлдеқайда кеңіп, толыса түскенін байқады. «Семіруге бейім емес пе өзі?» Артынша «туһ» деп өз ойынан өзі түңіліп:

- Сағыныш-ау, тауға шығуды ұмытып қалғанбысың? Былтыр ор қояндай тастан тасқа қарғушы ең, - деді даурыға дауыстап.

- Сен оза бер,- деді Сағыныш терлеп-тепшіп алқынып тұрса да, көңілді болуға тырысып.

Тастан үйшікке бұрын жетіп, таңырқай тамашалап тұр. Баяғы бәз қалпында: үш қабырға, табанда жылтыр жалпақ тас. Тазалығы айнадай. Адамнан қалған із болса күн жеп, жаңбыр шайып, жел айдап әкететіні-ау.

Тастан қоламтадағы табадай ысып тұрған жалпақ тасқа шалқасынан түсіп жата кетті. Сәлден соң жанынан Сағыныштың қаздиып тұрған жұмыр, жалаңаш балтырларын көрді. Тастан жоғалтқан қуаныш-бақытым қайта айналып келді деп ойлады. Шаттықтан басы айналды. Жалаңаш, жұмыр балтырды сол қолымен орай құшақтап: «Отыр» деді. Бикеш отырды.

- Мынау саған,- деді манадан қолынан тастамай жүрген ораулы қағазды ұсынып, - жолай теріп алдым.

- Ә, рахмет, - деді бикеш. Қағазды ораулы күйінде іргеге таман қоя салды.

- Жантайшы қасыма, - деді Тастан үні дірілдеп.

- Жантаймаймын ,- деді Сағыныш,- ішім бүріп ауырып тұр.

- Ішім деймісің? - Тастан жатқан жерінен басын көтеріп алды.

- Ішімде бөпем бар ғой.

«Бөпем? Менің… Қалайша біздің? Арада бақандай бір жыл өтті ғой…» Тастанның жүрегін суық толқын ұрып, маңдайынан мұздай тер бұрқ ете қалды.

- Қалайша?

Сағыныш сұраққа жауап берудің орнына біраз үнсіз отырды да:

- Мен өзіңді көргім келді. Сен қалай да мен үшін әлде қалай адам емессің ғой, - деді байсалды қалпын өзгертпей.

Тастанда өң жоқ, түс жоқ, аңырып отыр.

Кенет шоқы етегінен біреудің:

- Сағыныш, мен келе жатырмын, қайдасыңдар? – деген ашық та жарқын даусы естілді.

- Бұл кім - деді Тастан ұйқысынан шошып оянған адамдай елегізіп.

- Күйеуім ғой.

Үйшік аузында еңгезердей бойшаң жігіт пайда болды: қою қасты, қыр мұрын, қалың бұйра шашы толқындана желкесін жауып тұр. «Менен жас қой өзі», деп ойлады Тастан.

- Сұңғат,- деді жігіт бұған қолын ұсынып.- Ал сізді білемін. Сағыныш сыртыңыздан бәрін айтып сипаттап, жақсылап таныстырып қойған.

Тастан өзінше бірдеңе деп міңгірлеген болды, бірақ онысын өзгелер түгіл өзі де естімеген еді.

- Біздің жаққа жол түсіп келіп қалыпсыз, үйге жүріп қонақ болыңыз, - деді Сұңғат. Кекетіп тұр ма деп еді, жоқ, жігіт жүзі байсалды, ашық екен.

- Алда уақыт бар ғой, көрерміз, - деді Тастан әупірімдеп тілге келіп.

- Ал онда бізге рұқсат беріңіз.- Жігіт келіншегіне қол созып, отырған жерінен тұрғызып алған. Олар қатар аяңдап, ақырын құлдап, етекке қарай түсе бастады.

- Ой, Сағынышым-ай, өзің дегенмен де тым еркін, еркесің-ау. Қайда шығып кеткенсің. Құрсағымдағы бөпеге зақым келтіріп алармын деп ойламайсың, ә? - деп күйеуі келіншегіне кейіген боп ақырын сөйлеп қояды.

Құз басындағы жалпақ тастың үстінде жалғыз отырып қалған Тастан көкірегін әлдебір ащы кермек ағынның удай ашытып бара жатқанын сезді, кеудесін кере қатты күрсінді. Талтүстің қапырық ыстық ауасы іштегі жан жарасы жалынға май құйғандай қалшылдап, дірілдеді. Көз алды сағымдана бұлдырады. Кірпік ұшында шық моншақтар мөлдіреді. Ол не? Шақырайып жалындап тұрған күн қызуы айдап шыққан тер ме, шыбын жан шырылының нәрі–көз жасы ма, оны тек жалпақ ыстық тастың жылтыр бетін сипалана міңгірлеп жалғыз отырып қалған Тастанның бір өзі ғана білсе-дүр...

Көрнекі сурет: Рокуэлл Кент "Жалғыз басты әйел"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар