Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Өтежан Нұрғалиев туралы бір үзік сыр...

27.07.2018 7460

Өтежан Нұрғалиев туралы бір үзік сыр

Өтежан Нұрғалиев туралы бір үзік сыр - adebiportal.kz

(Тірі болғанында биыл Өтежан Нұрғалиев 80 жасқа келер еді, ақын туралы бірер сөз)

Жарқамыс интернатына жатып, орта мектептің соңғы сыныбын оқып жүрген кезім. Интернат үйі – өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдарындағы аупарткомның ұзын да еңселі ғимараты болатын. Биік терезелерінің алдында қаз-қатар тізіліп, сүмбіл теректер бойын көкке созып тұрған Жарқамыстағы ең көрнекті, көзге бірден шалынатын бұл ғимарат алыстан менмұндалап тұратын...

Арада қанша жыл өтсе де, сол теректер әлі күнге дейін менің көз алдымда. Жарқамыс ойға оралғанда алдымен сол интернат, сол теректерді елестетем. Алыста қалған балалық сезімдердің, арманшыл, қиялшыл шақтардың белгісіндей болған, өмір жолымда жан-дүниемді жылы әсерге бөлеген сәттердің белгісіндей болған сол бір теректер мен үшін – Жарқамыстың мәңгілік, ұмытылмас бейнесіндей еді.


Жарқамыстың сүмбіл теректері еске түскенде, қазақтың ұлы ақыны Өтежан Нұрғалиев тұрады көз алдымда. Жем бойында туған Өтежан ақын - Жарқамыс мектебінің түлегі. Алматыдан университет бітіріп, оның да сол күзде Жарқамыс мектебінің жаңа ұстазы болып келгеніне бірінші жыл, ал мен болсам - осы мектептің сол жылы интернатына жатып оқып жатқан жаңа шәкіртімін. Екеуміз де – былайша айтқанда, жаңамыз. Тірі ақынды, жазушыны бірінші көрген сондағы әсерімді дәл айтсам, таң-тамаша бір әлемге тап болғандай күй кештім-ау деймін. Өтежанның киім киісінің өзі оны даралап тұрғандай еді. Сол кездің «модасы» бөкселігі тізеге дейін тарлау, кең балақ «күліш шалбар», галстук орнына мойынға көбелектеп байланған бант. Жүріс-тұрысының өзі бөлек, мұғалімге тән дағдылы салиқалылық Өтежан-ұстаздан аса сезілмейтін. Әйтсе де жас ұстаз Өтежанның бізге әдебиет пәнінен дәріс оқуы әдебиетке деген менің ерекше ынтамды өрлеткеннің үстіне одан сайын өрлетке түскендей болды. Әдебиет пәні сабағына арналған әрбір 45 минөттің қалайша өткенін сезбейтінмін. Қазір ойлап отырсам, Өтежан әдебиеттің мектеп пәні ретіндегі дәстүрлі әдістемесінің шеңберінен шығып кете-тұғұн.

«Әдебиет – ғажайып сөздің тұнық әлемі, сөз өнері», – деп бастап алып, бейнелі сөздерімен ұлы Абайдың, Сәкен, Ілияс пен Қасымның өлең өлкесін шарлап, қарасөздің құдіретін мектеп оқулығындағы классиктеріміз – Мұхтар, Сәбит, Бейімбет, Ғабиттен өрнектей іздеп толғанатын. Осы сәттерде қоңырлау даусы сәл ғана жұмсара түсіп, өзіне ғана жарасар мінезбен, мәнермен сөздің көркемдік кестесін төгетін, сөз құдіретінің ішкі сырына ден қоя отырып, өзгеше бір сұлу әлемнің ішіне өзімен бірге біздерді алып кіруші еді. Қазіргі күндерге шейін Өтежан ақынның поэзиясымен оңаша қалып, Өтежан өлеңдерінің өлкесін шарлағанымда, ақынның сол өзім алғаш көргендей бейнесі жадыма оралады. Шынтуайтына келгенде, Өтежан бір кездегі алыс ауылдың мен сияқты шәкірт баласына ғана ұстаз болып қана қойған жоқ, жылдар өте келе қазақ өлеңінде өзгеге ұқсамайтын шыншыл, сыршыл лирик, түпсіз терең эпик-ақындығымен, өзінің өміршең жыр әлемімен халқына да рухани ұстаз болып қалды. Өтежан Нұрғалиев бір түкпірдегі Жарқамыс ауылынан қазақ поэзиясының шырқау көгіне бой созған сүмбіл теректің бірі де бірегейі еді!..

Өтекеңмен кейін Алматы шаҺарында жүздесіп жүрдім. Бұл кезең ақындық кемеліне келген бірегей тұлғаның «Соғыстың соңғы жазы» мен «Афина мектебін» жазып жүрген жылдары еді. Шалқар шабыттан туатын шығармашылық жұмыстың – тәтті азаптың тауқыметін тарту екінің бірінің басына болмайтын бақыт десек те, елден Астанаға оралған ақынның шекесі шылқитындай жағдайы болмады, әлдекімнен қалған ескі пәтердің құрқылтайдың ұясындай бір жарым бөлмесіне тығылып күн кешті. Ол сол кездегі Фурманов көшесінің бойындағы сары үйдің жартылай жертөлесіндегі (подвалындағы) (Калинин көшесінің қиылысында қырқыншы-елуінші жылдары М. Әуезов тұрған үйдің) «Академкітап» дүкеніне жиі баратын, Өтежан аға екеуміз үнемі жолда, 9-шы троллейбуста жиі кездесетінбіз. Мен - Баспа комитетіндегі жұмысыма, ол кітап дүкенге асығып бара жатады.


- Менің адаспай баратын жұмыс орным - «Академкітап». Мені осы көшенің бойында көріп қалатын жек көретін таныстарым Жазушылар одағына бара жатыр деп ойлайды. Менің жағдайымды біледі ғой, Жұбаннан үй сұрайды, қызмет сұрайды, қала берді, марапат пен атақ алып беруді сұрайды дейді ғой. Қайдан білсін ондағылардың маған оның бірін де бермейтінін. Одан да өзіме осы «Академкітабым» немесе Гогольдегі букинисім жақынырақ, келсем, маған есігі қашанда ашық. Ал мына дүкен бар ғой, біліп қой, адам аяғы сирек баратын жер. Қаланың қақ ортасында болса да, көп ешкім бара бермейді, сондықтан ба, қолға түспейтін небір кітаптар содан табылады. Әлгі атақты үнді буддисі, дін ілімінің рухани мықтысы Ошоны (Чандра Мохан Джеин) білесің ғой, соның «Өмір құпиясын» іздегеніме көп болған, соны таптым өткенде...

– Апыр-ай,ә?! – деймін өзімше таңданыс білдіргендей болып.
Ошоның атын ғана естігенім болмаса, осыған дейін сол мықтыңыздың ештеңесін оқымағаныма іштей қысылып та тұрған сыңайымды сезді ме:

– Ошоны жұрттың бәрі жапа-тармағай оқи бермейді ғой, әрине. Оның кім екенін, өзіңнің кім екеніңді түсіну үшін де кейде осындай мықтыларды оқу қажет. Өзі қыңыр болған адам, айтқанынан қайтпайтын нағыз білгір-ойшыл болған. Шындық іздеп, ақиқаттан кейде адасып жүргенімде осы Ошомен іштей ақылдасып отыруды ұнатамын. Ақиқат пен әділдік іздеп Одаққа барғаннан гөрі алтын уақытымды кітапқа өлтіргенім дұрыс қой, солай емес пе! – дейді де, Өтекем өзіне керек аялдамадан түсіп қала береді.

Кітап іздеу – оның стихиясы екені Өтежанға қатысты естеліктерде көп жазылып жүр. Дәлірек айтқанда, ол жан-дүниесіне ұдайы маза бермейтін «шатынаған шар айнадай шындығын», өз ақиқатын өзінше, Өтежанша іздеп жүретін және оның осындай «қыңырлығын» екінің бірі түсіне бермейтін тұлға болатын. Сонысымен де Өтекең қайталанбас қазақ ақын-тұлғаларының бірегей қатарында қалды.


«Соғыстың соңғы жазының» бірінші кітабындағы «Бақыт деген не?» деген баллададан («Екі қапшық ұн көтерген көк есек») «менің жырым көтереді майысып, сол кезеңнің шатынаған шындығын» деген жолдарды оқығанда ақын өз болмысының ақиқатын сол жалаңаяқ, ашқұрсақ кезінен тани бастағанын иландыра жеткізеді.Тұтас бір кезеңнің эпикалық бейнесі жазылған осы поэтикалық панораманың өзегі – адам болып өмір сүріп, адам болып қалудың мехнаты, қиындығы, тартысы, талан-тағдыры арқылы Ақтамның Төбегөңнің, Жарқамыстың ғана емес, барша қазақ ауылының психологиясына, жалпы тіршілігіне тән нешеалуан образдардың галереясы жасалып, көз алдыңызға келеді. «Ала күздің (!) жыртық көйлек бұлттарына» бала Өтежанның көзімен тағы да бір қарап, аппақ құмы табаныңыздың астында сусыған Жем бойындағы тіршілік, өмір тіршілігі өз қойнауына қарай еліктіре береді. Бұл образда күздің өзі жәй күз емес, сол қиын кездің жадау бейнесіндей болған «Ала күз» ғой, байқасаңыз...

Үш кітаптан тұратын «Соғыстың соңғы жазының» алғашқы томы шыққан жетпісінші жылдары Өтежанның осындағы біраз кейіпкері әлі көзі тірі, ауылда тіршілігін жасап аман-есен жүріп жатқан болатын. Бұлардың Өтежан ақын таныған тағдыры өмірдің нақты шындығы екені қанша айна-қатесіз болса да, әркім мұны өз түсінегінің деңгейінде бағалап, әртүрлі қабылдағанының да кәусі болуға тура келді. «Мұнысы несі, қай-қайдағы қырық жылғы оқиғаны жазып, пәленшекеңді дәріптегені ме, әлде мазақ қылғаны ма» дегендей сөздер әркім-әркімнен естіліп қалатын. «Өлең қылуға ештеңе таппағасын соғыс жылдары Жемнің арғы бетінде Қаратөбе колхозының бес жүз қоянын баққан Шоңды былай деп жазыпты: «... түні бойы ойлансаң да сен мейлі, сол бір күндер түсіңе де енбейді, Шатыбайдың жырасында Шоң кемпір қоян бақты десең ауыл сенбейді».Тіпті оны қойып өзінің нағашысы, сол жылдары басқарма болған Жақияны да оңдырмапты, майданнан оралған Сағындықтың оған жас та болса, басшымызсың, басқармасың деп Керманнан әкелген сүрік бешпет кигізгенін өлеңге қосыпты: «басқарма тұр былғарыға малынып, бұрынғыдай тығылмайды тарылып. Ақ көйлекті жағасы тік бастықтан қатындар тұр соғым сұрап жалынып». Бұл қатардан ұста Кемелбай мен кантөж болып, бір көзін соғыста қалдырып, орнына әйнек көз салдырып оралған, ауданның зәгәтопшігі Балаби де қалмапты: «... бір жаманы – Кемелбайдың тілі ұзын, бір тынбайды әңгімеден күнұзын, айт көзіңнің тарихын деп Кемелбай сапырады қайта-қайта қымызын». Міне, қайталанбас көркем образға айналып, қазақ поэзиясының жауһар үлгісіне ұласқан шындықтың кейіпкерлерін айнытпай сол табиғи қалпында өлең тілімен көркем сомдап жырлаған Өтекеңнің ел аузындағы, бүгінгіше айтсақ, имиджі, беделі сол жылдары Жем бойындағы алыс ауылда осылайша дүркіреп-ақ тұрды.

Ал сол тағдырлы жылдардың бейнелі шежіресінің бас кейіпкері - ақынның өзі, басқарма үйінің «ботасын баққан ақын», «сельсоветтің секесен жылғы хатшысы Ақмолданың ауданға, бастыққа асығып атпен шауып бара жатқанда өңірінен ағытылып түсіп қалған «Варшаваны алғаны үшін медалін» Бестөбенің жусанды кең жазира қырқасын кезіп, әр жусанның түбірін аяғымен түрткілеп іздеген мектеп шәкірті – болашақ ақын Өтежанның өзі: «Бестөбеде адам ізі, аң ізі, Бестөбеде сары шілденің тамызы, Бестөбеде көк жусанның ішінде қыдырып жүр Ақмолданың аңызы» дейді. Алба-жұлба үсті-басын «Карменмен» иіссулап, басы айналып, елтіп айдалада құлап қалған бала Өтежан өзінің кейіпкерін, яғни өзін: «... өлген құстай түлкі жұлып қанатын, ала жарғақ жыртық тоным болатын, «Карменімді» шаштым соған асығыс, әлденеге таппай тағатым. Терісі бар – «Кармен» құйған лақтың, үстімде тон – исі бөлек бірақ тым, «Карменімнің» қу шынысын құшақтап қар үстінде айдалада құлаппын» деп сол жылдардағы өзінің сәл қожанасырлау, сәл әсіре арманшылдау, бірақ соған қарамастан жүдеулеу жетім бала кейпін көз алдыңызға әкеледі. Өмір айнасынан Өтежан көрген сол бір шындықтардың көрінісі осындай еді. Ақын сол шындықтан жаралған өз болмысын ел тағдырымен тұтастырады. «Қалай ғана ақтар екем оны мен, қайтсем ғана сақтар екем оны мен – қайтсем ғана бірігеді Жолдарым біздер үшін жанкешкендер жолымен?!» деген «Соғыстың соңғы жазының» бас кейіпкері Өтежан ақынның Ең зор адами түйіні де, міне, осында еді!


Әдеби басылымдарда ара-кідік жазылған бірер шолуларда, бірер мақалаларда ғана аталып өткені болмаса, «Соғыстың соңғы жазы» кезінде өзіне лайықты биік бағасын алған жоқ, Қазақ әдебиетінің, соның ішінде қазақ поэзиясының өткен мыңжылдықтың 70-80 жылдарындағы тарихында өзгеше құбылыс болған бұл шығарманың сипаты толық мәнінде ашылмағаны өкінішті. Өйткені өзгеге ұқсамайтын ақынның сол «дұрыс» ортадан бөлектеу даралығы, «өзіме-өзім Платон боп, өзіме-өзім Сократ, жар басында жалғыз өзім тұрып қалдым тоқырап» деген адами ақиқаты өзі ғұмыр кешкен кезеңнің аясына сыймады, сол уақыттың «түзу» жолымен жүруге көнбеді. Оның жан-дүниесін шынайы түсінетін достарынан гөрі, оны түсінбейтін, мойындамайтындардың қатары көбірек болған тәрізді, сондықтан болар «жалғыз өзім тұрып қалдым» деген жағдайынан ол шындығында кете-кеткенінше айнымай өтті.


Ақынның «Мамонттарға апаратын жол» деген поэмасының кеңестік баспагерлер редакцияламаған авторлық түпнұсқасының соңғы шумағы «Ақиқаттың жолындағы тұлпар шерткен тұяқпен,Қорқыт Ата қолындағы қобыз шерткен қияқпен, сұңқар шерткен қанатпен, мұңлық төккен КӨЗ ЖАСПЕН қартайғанда Боз далаға... бас иесің... БОЗ БАСПЕН» деп тәмамдалады.

... Өтежан ақын дүниеден өтерінен шамасы бір жылдай бұрын Жарқамысқа, Жем бойына жалғыз, ешкімді жанына ертпей, елеусіздеу ғана келіп саналы ғұмырында өмір бойы жырлап өткен туған жерінің, өскен жерінің құмшағылдарын, өзегін, сай-саласын, жусанды қыр-беткейлерін асықпай аралады деп еске алысады ауылдас ағайындар. Ақтық сапарға аттанар сәтінің жақын сезінгендей, жүрегінде мәңгі сағынышқа айналып, дәйімде өзіне қарай тартып тұратын ыстық мекеніне – боз далаға ақын боз басын иіп соңғы тағзымын жасапты.


... Өтежан аға әнебір жылдары маған ұстаз болған сол мектеп, сол интернат, Жарқамыстың сол сұлу да сүмбіл теректері менің жадымда, жүрегімде қалған мәңілік сағыныштың бейнесіне айналып өмір сүріп келеді. Ой-санамдағы, көңіл-зердемдегі қымбат естелікті - көкке бой созып, мың сан жапырағы сыбдыр қағып тұратын сол теректерді ұмыта алмай жүрмін. Ал сол сүмбіл теректердің бірі – шар айнадай шындығының жасампаз жырын болашақтың биігіне де жеткізе беретін Өтежан-терек!..

Мәди АЙЫМБЕТОВ,

жазушы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар