Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Өтежан Нұрғалиев. Ұмытылған ақындар...

26.11.2018 8105

Өтежан Нұрғалиев. Ұмытылған ақындар

Өтежан Нұрғалиев. Ұмытылған ақындар - adebiportal.kz

Ауыз әдебиетінің өкілі

Ақынның қалай ұмытылатынын, қалай сұраусыз кететінін осы Өмірзақ Қожамұратовтың тағдырына қарап білуге болады.

Сен ақшаңа қарадың,

Көңіліңде бар алаң.

Мен бақшаға қарадым,

Гүл шоғынан нәр алам.

Сен саудаңды мақтадың:

Біле білсең пайда деп.

Мен тауларды мақтадым:

Таудай болу қайда,деп.

Сен бастыңғыңа сендің,

Жағынып жалпаңдайтұғын,

Мен жастығыма сендім,

Тастарды талқандайитұған!

деген сияқты тақпақтары болатын. Өмірзақ Қарақалпақстанның Кенимех деген жерінікі. Сол жақта Нарата деген тау бар. Әйтеке би де, Базар жырау да сонда. Менің туыстарымның көпшілігі ертеректе осы аймаққа қоныс тепкен. Сырбай Мәуленовтың кезінде «Қазақ әдебиеті» газетін насихаттау үшін Қарақалпақстанға барғам. Осы сапарда Обком қызметкерлері маған Қожамұратовты таныстырды. Бұл Өмірзақтың әбден қажыған, пессимизмге бой ұрған тұсы екен. Бұдан кейін өзі де көп ұзаған жоқ-ау деймін. Өз өлеңдерінен өзі жалыққан. Өлең жайлы әңгіме жоқ. Мені жүдә жақсы таниды. Бірақ менімен сөйлеспеуге тырсты. Бәрін біледі. Ол бір сөзінде: «Мен өз тағдырыма ризамын. Поэзия деген нәрседен мүлдем күстім» дегені есімде. Мен оның биігінен құлап, тоқыраған сәтін көрдім. Төлеген Айбергеновтың «источнигі» осы Өмірзақ. Төлеген осы Қожамұратовтың бастаған жолымен жүрді. Ал қазіргі уақытта Айбергеновтен бұрын тағы бір «Айбергенов» шыққан деп ешкімге дәлелдей алмайсың. Өйткені, Төлеген «звезда первой величины». Пушкин сияқты ғой. Бірақ Пушкиннің алдында Державин бар болатын. Державин болмаса, Пушкин Пушкин болмас еді. Сол сияқты Өмірзақ Қожамұратов болмаса, Төлеген Айбергенов те болмас еді. Өмірзақтың ізбасарлары өте көп. Соларды бірі – Қалбай Әбдіраман. Ол да трагедиялық тұлға. Сотталды. Қазір Маңғыстау жақта түр...

Өмірзақ өлеңдері қарақалпақ поэзиясымен астасып кеткен. Дүниедегі ең шерлі халық, ең жыршы халық, поэзияның соңына түскен халық – қарақалпақ қой. Қарақалпақ пен қазақ жырын салыстырсаң олардікі «оргинал» да, біздікі көшірме сияқты. «Қобланды батыр», «Алпамыс батыр» жырларының түпнұсқалары қарақалпақтарда ғана сақталған. Осы ауыз әдебиетінен өсіп шыққан ақындардың бір нұсқасы Құжамұратов еді. Ол әдебиет әлемінен жоғалған элемент, я болмаса жұлдыз сияқты ағып кетті. Бірақ Қожамұратов десе елеңдемейтін, оның әруағына бас имейтін ақын жоқ.

Өлгенде мені көмбеңдер...

Марат Отарәлиев менен жеті-сегіз жас кіші. Дулат Исбековтың құрдасы. Екеуі бір койкада жататын. Дулат Мараттың алдында борыштар. Дулатты жазушы қылған осы Марат Отарәлиев. Марат «поэт-хулиган» дегеннің нақ өзі. Ол хулиган болып ешкімнің басын жарған жоқ. Ол поэзияда «бунтарь». Тек қана ағысқа қарсы жүзеді, ешкімді мойындамайды. Оны оқудан шығарып жіберсе де, «оқып» жүре берді. Өзінің ұстаздарына қарсы өлең шығарды. Мен оны Шевченкомен салыстарамын. Шевченко:

Өлгенде мені көмбеңдер,

Украинамда, жерімде.

Қазылсын қабірім, кең байтақ

Сүйікті туған елімде –

десе, ал Марат былай дейді:

Өлгенде мені көмбеңдер,

Көмусіз қалар ойым бар.

Өлсем де тойып жатайын,

Спиртке салып қойыңдар.

Бұл оның спиртті ішейін дегені емес, ең таза нәрсенің ішінде жатсам, жұрт қарап тұрса дегені. Бұдан асқан ерегесу бола ма?! Ол қоғамның нағыз қатал кезінде еркін жүрудің идеалына айналды.

Буфет көшіп келеді көшеменен,

Біраз арақ ішіп еді кеше менен –

дегені және бар. Екі-ақ жол. Буфет деп отырғаны – ағасы. Ұзындығы бір жарым, көлденеңі бір жарым метр әлгінің. Өзі ішкізеді, өзі әжуа қылады. Марат деген сол. Өмір бойы осылай жүрді. Атырау жақтағы аудандық газетте бөлім меңгерушісі болып жүріп, өкпе ауруынан қайтты. Әскерде жүрген кездегі өмірі туралы кезінде «Жалын» журналында жарияланды. Ол Отанды төбелес, өмірді көтеріліс деп ұғатын топтан. Мараттың да кітаптары жарық көріп жарытпады. Дулат егер Маратты түсінетін болса, оның кітабының әлдеқашан шығуына көмектесер еді. Мараттар табиғи кристалдар ғой. Ол Зейнолла Тілеужанов сияқты бұзықтарды тәрбиелеп шығарды.

Жезөкшені періштеге балаған...

Тағы бір қайшылықты тұлға Сырдың Зейнолласы еді. Зейнолла Шүкіров 12 жасында түйеден құлап, белден айырылған. Бұл жатып алып жазатының өзі. Островский сияқты. Өзінің көтеріп жүретін адамдары бар. Ол заманында култь болды.

Түн желі, шайқамашы, қинамашы,

Сыбдырлап сумаңдайды шие ағашы.

Қалды ғой қадалғалы жаттың ерні,

Бетіме, келіншек-ау, бір қарашы

деген тәрізді қыз-қырқынға арнаған өлеңдерімен атағы шыққан. Біздің Саин көшесінде тұратын қыздар сияқтыларды идеалға айналдырған. Бұл Мопассан секілді жүргіш қыздарды ақтайды. Соларды періштелермен салыстырады. Мәселен француздарда әйелдің жаманы болмайды. Сол тақылеттес «сексуалный революцияның» насихатшысы – Шүкіров. Шүкіровты әдебиеттің аға ұрпақтары алақанында ұстады. Алайда қазір ол да ұмытылды. Жалпы ұмытылмайтын нәрсе көкте Алла, жерде жейтін тамағың ғана ғой.

Шүкіровке табынуға кезінде Мақатаев та барған. Барып, табынып, Зейнолланың қасында жатып «кіші атаның ұрпағы» деген атақ алып қайтқан. Содан бері қарай Мақатаевтың батырлығына батырлық, ақындығына ақындық қосылды. Ол шындығында Зейноллаға табынайын деп барған жоқ, оған «қара таңбаны» тапсырайын деп барған болатын. «Қара таңба» деген ағылшындардың пираттарында кездесетін ғұрып. Бұрыннан атағы шыққан пиратқа сол орынға дәмелісі келіп «қара таңба» тапсырады. Ол «сен біттің» деген сөз. Осы кезде пиратымыз айла жасап әлгінің басын шауып алу керек. Өйте алмаса, қадірсіз болып, өз орнын босатып береді. Ол енді пират емес. Ақындар да сол сияқты. Әуелі қонақ болып барады, содан кейін арақ ішеді. Арақ ішкенен кейін өлең оқиды. Сол кезде қайсының әруағы басым түседі, сол ұстазға айналады. Шүкіров пен Мақатаев арасындағы әңгіме осы. Содан кейін Шүкіров: «Мен бүгіннен бастам жолымды Мақатевқа бердім. Мен екінші сорттағы ақынмын» деп мақала жазды.

Негізі, Мақатевтың түбі Қожамұратовтың елі жақтан. Мұны бәрі біледі. Бұл туралы жазылды да. Мұқағалидың атасы Самарқандағы Жалаңтөс баһадүрдің әскерінің құрамында болған. Бұл құпия Зейнолла Шүкіровтің үйінде тұңғыш рет айтылып, екеуі бірін-бірі құшақтап жылап, мауқын басады...

Бүгінде біз Зейнолланы тек ауыр тағдыр иесі ретінде ғана еске аламыз. Ол шындығында да өз заманынның үлкен ақыны еді. Көзден кетсе, көңілден кетеді деген сол...

Дайындаған: Бақытбек ҚАДЫР


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар