Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Отырардың жусаны...

22.05.2018 6113

Отырардың жусаны

Отырардың жусаны - adebiportal.kz

2020-жылы ғұлама философ, энциклопедист ғалым Әбунасыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толады. Біз әлі күнге дейін ұлы бабамыз жайлы көңіл тұщынтарлық көркем дүние жаза алмай келе жатқанымыз анық. Осы орайда, Әбунасыр ғұлама өмір-жолын көп жылдан бері зерделеп, көркем шығарма жазуға ниеттенген белгілі қаламгер Жолтай Әлмашұлының бір әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.

ОТЫРАРДЫҢ ЖУСАНЫ

(тарихи-абстракциялы әңгіме)

«...Оны Шығыстың ойшылдары мен оқымыстылары көзі тірісінде-ақ аса қатты қадірлеп, «екінші ұстаз» деп атады...»

«…Ол – өз дәуіріндегі ақындардың падишахы…»

(тарихи жазбалардан)

– Қайран, Халеб!..

Қарлығыңқы үнмен тамағын тырнап алып, күрсініс күркесіне маңдай тіреген. Осы екі ауыз сөз кеудесінің тұңғиық түкпірінде тұншығып жатқан кесек-кесек кермек ойларды жұлқылап-жұлқылап барып, қайта-қайта тартқылап, дереу оятып та жіберген. Жүрек тұсын дүңк-дүңк ұрғылаған.

Көз алдында арқандай шұбатылған, басы бар да аяғы жоқ, ұшы-қиырсыз ұзақ-қ жол шұбатыла шашылып жатқан.

– Халеб, саған айтамын, менің алыста қалып қойған жусан иісті сағыныш-қалам – Отырарым сияқтысың...

Күбірлеп айтқан. Ернін жыбырлата, көмейінен әзер-әзер cөз сауған. Даусы зындан түбінен естілгендей әлсіз. Үні бәсең. Тек кеудесінде... аласапыран дауыл, алапат боран азынай соғып, аударылып-төңкеріліп, өріп келе жатқандай-ды.

Көңіл аласапыранын әуенмен қымтап тастамақ болды ма, болмаса басқа бір сыздауық сезім мазалап кетті ме – әйтеуір оқыс оң жағына мойын бұрып, қол созар жерде сүйеулі тұрған саз аспабы – Қыпшағиды қолына алып, ақырын ойнай бастаған. Әп дегеннен көңілді әуен төгіліп кетер деп еді, бірақ ол да мұң көрпесіне басын сұғып, қымтанды. Қыпшағи осы жолы Әбунасырмен бірге жансарай сағынышын сыздықтата, мұңды мақаммен жеткізіп тұрған-ды.

...Көзінің алды тұманданды.

* * *

Баяғыда-а болатын.

Бала кезі еді.

Отырардың дәп түбіндегі, айқұш-ұйқыш, алабажақ тіршіліктен мүлде ада, момын ботадай болып бұйығып қана бұратылып жататын кішкене ауылда көңіл көрпесін серпіп жіберген. Серпіп жіберіп барып, азан-қазан даңғаза тіршілікке көз тіккенде байқап-түсінгені: әкесі – әскербасы; күнде ат үстінде; баласын еркелетіп, әкелік мейіріммен басынан сипауға, басын сыйпау былай тұрсын, көзіне көрінуге де сына уақыт таппай жатады екен...

Күнге әбден күйіп, жүздері тотыққан, көздері ғана жылт-жылт ететін күйелеш-күйелеш балалармен ұзақты күн кідің-кідіңдесіп, майтабанға тие қалса, дыз-дыз ете қалар ыспа құм үстінде арлы-берлі жүгіріп ойнайтын. Ойынның да түрі көп: сарбаз болып, таяқ сілтесіп, қала берді бір-бірімен алысатын; сондайда бұған «сен әскербасының баласысың, жеңіліп қалсаң тіпті ұят, басқаның ештеңесі кетпес, өз басыңа масқара» деп, бірге туса да, ерте піскен қауындай, көзге іліне бастаған пысықай қатарлары қайрап сөйлейтін; шым-м еткізгендей ғып, шапқа түртіп айтатын.

Ойлап қараса, әкесі жәй ғана қосын жеккен қолбасшы емес екен. Айбыны алысқа кетіп, шартарапты шарлап жатқан. Айнала анталаған қарадауыл жау дөң айбат көрсете алыстан дүбір байқатса да, Әбунасырдың әкесінің сырт сесінен кәдімгідей-ақ тайсалатыны сезіліп қалатын. Бір ғана адамның мың-мыңдаған жасаққа осынша арыстан айбарлы бола алатынына іштей таңданып та жүретін. Е, ендеше бұл неге осал болуы керек? Мейлі, сарбаз болар, басқа болар – өмір деген бетпе-бет майдан! Шаппа-шап тайталас! Жеңіп шықса – нағыз ер! Жеңіліс тапса – боркемік! Боркемік екенсің, онда өз сорыңнан көр, бұдан былай ешкім де «ер жігіт екен» деп көңіл қойып, есепке алып, ескермес. Тірлікте әлсіздердің орны төр емес, етекте. Етек те биігірек, ол мүлде елеусіз төменде. Көптің сылп-сылп еткен көн етігінің табанының астында.

Жеңілгісі келмейтін.

...Жеңілген де жоқ. Ылғи жеңіп жүрді. Бірақ, көңіл кеңістігінде біраз уақыт желбең қағып, жалау-матадай жалп-жалп етер жеңіс те мәңгі ме? Жеңе білген адам, өкінішке орай, бір қалтарыстарда жеңіліп, намыстың өрмек торында тортадай тулайды. Алма-кезек дүние.

Әуелі әкесі... өкініш торының қара ілгегіне ілінді. Кезекті жан алып, жан беріскен шайқаста қарсыластары айла асырып, найзалап кеткен-тін. Қансырап жатқан қаһарлы әскербасының шарасыз бейнесі әлі күнге көз алдында көлбеп тұрып алады. Сөйлегенде ерні ернінен қашқалақтап, жақындамай, жуыспай қойып, қатты қиналған кезін ұмытар ма!

Шошақ бас баласын қасына шақырып, әлсіз де қуатсыз дәрменмен қолынан әзер деп қыса ұстап жатып:

– Ешкімнен ешқашан бүгежектеме! – деген. – Бұқпа мінез болсаң, ойлаған мақсатыңа жеткізбей тастауға құштар қара құзғындардың құлына айналасың...

– Мені тастап кетпеші, әке-е!.. Мен қайтем-м?..

Жыламсыраған. Көзінен мөлт-мөлт етіп сансыз моншақ төгілген.

– Көз жасыңды, о, сорлы бала, мына менің алдымда осы қазір жаңбырша жаудыр! Керегіңше көлдет! Ал, бұдан кейін айналаңа, жауыңа, досыңа да, тіпті тірі пендеге көрсетуші болма! Олай етсең, өзге жұрт боркемік, жасық деп ойлайды. Жасықтарға «әп, бәрекелді, енді былай өрле» деп, жол берген заманды һәм адамды естіген де, көргем де емен...

– Жасым тыйылар емес, әке! Еріксіз тамып кетеді...

– Мен... мен өлсем де, бойға біткен жігер-күшімнің жалыны сені қай кезде де жебеп-демеп жатады. Рухым тіпті де көртопырақ көрпесіне көне қоймас! Соны біл, балам...

Әкесі қатты қысылған. Әзер деп, кеудесінің арғы түкпірінен әлсіз леп шығарып қана, қинала демін алғандай болып, ақырғы рет жылаңқы балаға сөніп бара жатқан жанарын бар қуатымен бұрып-тіктеген.

Соңғы сөзін сыбырмен ғана ұлының алдына төсеген.

– Туған елдің тілдей тұтамын да есіңнен шығарма! Қайда барсаң да, қай жердің тұз-дәмі тартып, жұмыр жерді жалпағынан басып жүрсең де – туған топырағыңа деген ыстық сезімің бір сәтке де салқын судай суымағанын қалар едім. Суытпа оны.

Сосын үзіліп кетті...

* * *

...Көзінің алды тұманданып кеткен сәті еді, кенет... дауыс естіген.

– Уа, ақыл-ойдың асқан падишахы, сенің де жете алмаған арманың, бітіріп болмаған ісің бар ма еді?..

Жауап жолдады.

– Қалай жоқ дейін! Бір шаруа екінші шаруаға есік ашады – ғылым жолы солай! Бір арман екінші арманды түрткілеп оятады – адамның жаратылысы сондай...

– Поу десе! Сөзің сөз-ақ! Ал, енді... кісі қандай биік дәрежеге, аспанауи атақ-даңққа, айтып тауысуға ақыл жетпес мансапқа қол жеткізсе де, оның бәрі де туған топырақтың құдіреті мен қасиеті алдында түк те емес деседі. Сенің бұл жүрісің – қай жүріс?

Енді жауап жолдамады, ой бүркіп жіберді.

– Онсыз да кеудемді алмас қанжардай кескілеп, барынша боршалап, жаныма маза бермей қойған ащы ойды еселеп есіме салып тұрғаныңды қарашы! Рас, сенімен келісемін, осы күнге дейін жинаған, басыма қонған барша бақ-дәулетті бір ғана туған жерімнің саф ауасына қазір-ақ айырбастай салар едім, әттең... Бір түп жусанын қолыма қыса ұстап тұрып, құшырлана иіскеп барып, үзіліп кетсем де армансыз болар едім, әттең...

– Ха-ха-ха! Өтірік! Шып-шылғи жалған сөзді лекіте соғып, лепіре айтып тұрсың, сұңғыла философ...

Осыны айтты да, дауыс әп-сәтте қараңғылық қойнына сүңгіп, зым-зия бола қалған.

– Сен... сен кім едің?.. – деп, ұмтыла түсіп барып, қайтадан сабыр ойлаған. Елесі несі? Елеспен сөйлесіп-тілдескені неткені! Жас күнінен бері осы елес пен сағымды аса ұната бермейтіні қайда! Елес біткен алдамшы. Елес деген кісіні түзу жолға бастаушы ма еді? Бұл, дәу де болса, сол Сейд-Білік айтқан, соның аузынан шыққан бір бүйірі қисық шоқайма сөз...

Қайран, Сейд-Білік! Екеуміз де сонау-у алыста жатқан Қыпшақ даласынан, Қас-сақ елінен едік, арманымыз да, аңсарымыз да бір арнада тоғысып жатушы еді. Бірақ... сен мені, ал мен сені түбірлеп түсіне алмадық білем. Бәрін де, тіпті философия майданы алаңындағы азды-көпті сүрінулерің мен қателесулеріңді де кешіруге бар едім, алайда сол бір сойдақы тілің өмір бойы кеудеме қадалған шошқа тікендей болып тұрды да қойғанын қайтермін...

Иә, сен ойы мен қыры асты-үстіне шығып, мидай араласып жататын ғылым жолында аспанауи серпіліс пен биік баспалдаққа қол жеткізу үшін айла мен қулық... керек деген жоқпысың! Тіпті менің де өз жағыңа шығып, қолдап сөйлеген қимылымды талап еткен тілегің бар-ды. Ал, мен... неге қоштауым керек! Қулық пен айла – әлсіздердің әрекеті! Әлсіздердің ғана емес, арамзалардың қолшоқпары! Оның жолы – жайраң, болашағы – айраң... Түбі тесік шелекпен су тасыған адамның әрекеті сынды ақырының қайыры қайырсыздыққа байлап берер бірнеме...

Ақ шымылдықтай ақшаңқан ойымды ашық айтам деп сен екеуміз бір-ақ сәтте басараз адамға айналып шыға келгенімізді қарашы. Бұлай болар деп ойламап ем. Сенің ақыл-парасатыңа сенгім келген еді ғой. Сөйтсем...

...Миым солқылдап, қатты ауыртып, сыздатып ала жөнелді...

* * *

Ағайындары өзара кеңес құрған. Бас қосып отырып, сөзді сөзге жалғап, келелі кеңеспен жас бозбаланы жақсылардың ізгі жолына шам алып түсуге бағыттап та қойып еді..

– Қара күшпен ешкімді де жеңе алмасымыз анық. Әкең кәтепті қара нардай күшті, айбарлы болса да, бәрібір қараниет жауларының айла-шарғысына түсіп, алданды да, темір тепкі көріп, жеңілді. Жаны шырқырап тұрып, тордағы шортандай бұлқынып барып, айласыз күйде тізерлеген. Оны өзің де көрдің.

– Енді не істеймін?

– Оқу керек. Білім деген бұйдалы сапарға белді қыл арқанмен тартқандай бекем буа талап қылып, досың бар, дұшпаның бар – бәрінен озып шық. Бір жетсең – тек ақыл-парасатыңмен жеңіске жетіп, ой-қуат батырына айналасың.

Ойланды. Көп күн ой теңізіне шомылып, сүңгу орнына суын шалпылдатты.

Отырар медресесінде алған білімі тым таяз, салмақтағанға салмағы қаңбақ сықылды жеп-жеңіл екенін өзі де іштей бағамдады. Білімнің түпсіз, таусылмас шыңырау-шұңғылы кісі оп-оңай жете алмас тұңғиық екенін сезіне түскен. Содан соң... ойы май жұтқан көкіректей кілкілдеп тұрса да, арман сапарына аттануға көз батырлық қылған.

Алдымен Шаш қаласына табаны тиген. Одан соң Самарқан, Бұхара...

Білген сайын білгісі келе түскен.

Оқыған сайын оқи бергісі келген.

Білім деген айқұш-ұйқыш әлемді, өкінішке орай, сонша терең, сонша тұңғиық, сонша түпсіз теңіз деп расымен де білмепті! Ұйықтай ұйытып, құрдымдай қуырып, тарта түсер ме түпсіздігіне...

Бәрінен бұрын бұны қалт-құлт қайық-тірліктің үстіне отырғызған – діни кітаптар. «Құран Кәрімді» әлденеше рет оқып, ой түйіп, жанына азық еттім десе, сол қасиетті кітаптың түсіндірмесі – хадистер топтамасы онан бетер өзіне ұйытқан. Хадисшілер қандай дана, қандай ойшыл да өзімшіл! Сөздері теңіз тамшысындай болып, мөлт-мөлт ете қалып, қалай-қалай төгіледі! Зілдей сезімнен құтқарып, жаныңды жадыратып, байлаудағы басың бір-ақ сәтте азаттыққа шыққандай, ойыңды биікке самғатып жіберетінін айтсаңшы! Ауыр халден арылып, ілез-демде салмақсыздық әлеміне кіріп кеткендей, жеңілдеп сала бересің!

Дін жолын ұстанған діндар адамдар арасында Әбунасыр өзін аса ыңғайлы сезініп, қасиетті кітаптың аяттарын айтып, ел мен жұртқа жақсы мұраттың әңгімесін төгіп-төгіп, қиюластыра баян етіп қоюшы еді.

Діни уағыз – айтарға қолайлы да ыңғайлы. Дін сөзін өз әуезіңмен жатқа айтып төгілдірсең, айналаң толы – діндарлар... Олар сенің терең де сұңғыла біліміңе бас ұрады, құрметін аямайды, жолыңа ақжайма жаяды. Алайда...

Әбунасыр тек дін имамы – діни хадистерді әуездеп сыздықтатып қана отырар насихат адамының деңгейімен тоқтап қалуға болмасын іштей ойлап, одан бетер қайрала түскен.

Білген үстіне біле түссем, одан да әрі қазына, үңги түссем деген. Ұлы арманға ұйыған. Осы жеткенім – білім шыңы екен деп бір сәт те тізгін тартпаған.

Арманы ұзақ-қ еді.

«Жібек жолы» бойымен жолаушылап жүре берсе, барар жері де, басар тауы да көп. Таусылмас көп. Шегі жоқ. Бірақ, Әбунасыр ішкі дауысқа құлақ төсеп, ойға батып, жансарайына билік берген.

«Ел қайда, мен қайда? Әкем үзілер алдында не деп еді? Жалғанды жалпағынан басып жүрсең де, еліңді, жұртыңды ұмытушы болма дегені ше! Мен осы қай қиырда адасып, қай жаққа бет алып барамын?»

Аяқ астынан көңіл шешімін жасады. Түйінді ойға тежеу тілеп, құрық салған.

Ең әуелгісі, әрине, өз көңілінің шешімі! Өзінің аңсар-арманы! Ал, оған қоса... Қас-сақ даласының беделді бегі арнайы хат жолдап, туған топыраққа оралуын, мұндағы жас шәкірттерге білім мұхитынан сусындауға пұрсат етуін қалапты. Бұл да туған жерге мойын бұруына барынша ықтиярлық ой тұтатып, тосын жол ашқан.

Елге қайтты.

Отырарға келіп, өз бетінше медресе ашып, жас шәкірттерді білім әлдиіне орап, оқытпақшы болған. Әлемнің телегей-теңіз, мұхиттай шексіз, тәтті сезімдей озық ойын бүлдіршіндерге барынша талдап-түйіндеп түсіндірмек ниеті бар-ды.

Айтпақшы... туған топыраққа сонша асығып-аптығып оралуына тағы бір, бәлкім, ең негізгі себебі осы болар – Отырар маңында әнебір жылдары қос жанары ботадай мөлдіреген бір сұлу қалып қойған, сол тартты ма? Әуелден-ақ сол қызға – Керім-айға деген ынтызарлық сезімі күндіз-түні қызулы шоқтай алаулап тұрушы еді. Тіпті бірер күн көрмей қалса болды, еңсесін албастыдай болып бірнеңе баса түскендей күй кешіп, шарасыздық қорасына қамала беруші-тін.

Сол Керім-ай... Әбунасырдың қайта оралғанын көргенде қуанғаны соншалық, бота көздерінен еріксіз моншақ төгіп жіберген. Әзер деп, ыстық ниетті сөздерін тауыса сөйлеп, жұбатқан болды.

Сұлу жанарын кірпігімен жасырып, мөлтілдеген моншаққа тежеу бере алмай, қайта-қайта кемсеңдеген ару қыз енді бір сәтте:

– Сыршыл үніңді, сұлу әуеніңді өлердей сағынып жүрдім ғой... – дегені. Әбунасыр оның ойын дөп баса қойып, иығына іліп жүретін саз аспабын – Қыпшағиды қолына алды да, бір күйді төгілдіріп берген. Бұл – ару қызды үздіге іздеп, барынша аңсаған сәтінде өмірге әкелген сағыныш күйі-тін. Қыз сонда ғана еңсе тіктеп, жанарына от пайда болып, жігіттің иығына ақ тамағын асып барып, саябыр тапқан-ды.

Жігіт күй ойнап отырса да, ару қыздың тұңғиық жанарынан баяғы, өзіне аса ыстық сыр-сезімді іздеп, соны көргісі келіп, ұмтылып-ұмтылып қалып еді, қызғаншақ кірпіктер бәрібір бұның ойын қостамады, қызғаныш қорасынан шығармай қойды.

...Қала бегі білімді жастың ізгі ниетін әуелде қуана қостап, дереу құп көрді де. Дәріс жүргізетін орынды да орайластырып қойған. Алғыр шәкірттерді өзі таңдап, сабақты бастап та жіберген-ді.

Алғашқы сәттерде, айтары жоқ, Әбунасырға еркіндік тиіп, өз ойындағыны орындап, талапты балалармен қым-қиғаш білім майданына араласып кетіп еді: күннің қалай тез-тез өтіп кетеріне де түсінбей қалып жататын; таң атса, кеш кіреді; дәрісті бастап жіберсе, толқыма ойлары тең жарым тұсында тұсауланып қала береді; сырғып жатқан уақыт қой...

Сынап-күнде алынбаған елесі бар-ды...

Бір жолы... бұның дәрісханасына басына дағарадай сәлде ораған бір діни кісі келіп кірді де, үнсіз ғана ең шеткі орынға жайғасқан.

Отырды. Тыңдады. Мүлгіп тыңдады. Дәріс аяқталғанша тырс етіп, ләм демеді. Сол үндемеген күйі шығып жүре берген.

Әбунасыр аң-таң.

Не үшін келді? Не ойлары болды? Неге үнсіз кетті?

Бар мәселе түйіні сосын барып ширатылып, ашыла түскен-ді.

Артынша қала бегі өзіне шақырды. Қатулы қабақпен қарсы алған.

Айтты:

– Сен, білімді бозбала, балаларға хақ-тағала жолын нұсқайтын діни дәріс бере ме десем, қайдағы ақылға сыймас қияли хикаялармен, бас-аяғы жоқ пәлсапамен басын қатырады екенсің! Бұның қалай?

Жас ұстаз жасқанбады, жауабын да нақтап жеткізді.

– Рас, мен оларға әлемнің ең озық философ-ойшылдары жайлы айтамын. Түсіндіре айтамын, біліп өссе екен деп арман қыламын.

– Ол кімге керек?

– Дін адамы жан-жақты білімді болса, көп білсе, алыс-жақынды саралап-салмақтай алса, ол жаман ба? – деді әлі де батылдана.

– Жас баланың басын біздің дініміз үшін дарақ бола алмас дүбара мәселелермен осы кезден қатырмай-ақ қой. Саған айтқан жалғыз ғана өтінішіміз – бала шәкірттің діни сауатты болып шығуы емес пе еді?

– Ол жағынан да ақсамайды. Көр де тұрыңыз...

– Жоқ! Саған енді сене алмаймын. Әкең жақсы кісі еді. Ал, өзің...

Медресе ұстазы шыр-пыр болып, мысал үстіне мысал қосақтап, өзінің ұстанған бағытын есе-есе мағынамен түсіндірмекке талпынған. Қала бегі әңгімені қысқа қайырған. Кесіп тастаған.

Сөз тез түйінделді.

* * *

...Ғазиз көзінің алды тұманданып кеткеннен кейін, аз-мұз ес жинап, тағы да Отырарын ойлап, жансарайын ерменнің дәміндей болып, ашыта жөнелген ащы сезімнен аза бойы қара болған сәті-тұғын.

Кенет... әлгі бір үн қайтадан құлағының түбінен шырылдап қоя бергені.

– Сен, Әбу, жас күніңнен-ақ өз соқпағыңнан қияс кетіп, айдалада адастым деп ойламайсың ба? Шыққан жерің де, жаралған тегің де бір өзіңе әмбе аян еді ғой. Ешкім есерленіп-екілене қақпасын соғып кіре бермейтін даңғыл соқпағы бар дін жолына түсу орнына...

Әбунасыр сөздің аяғына дейін сабыр жеткізбеді, орта тұстан өзіне еншілеп алды.

– Дін! Дін дедің бе? Сол дінді мына өздерің түптеп-түгендеп, барынша түсініп алдыңдар ма әуелі? Ақыл-санасы терең кісі мұны бек ұғына алса керек. Дін мен философия, қалай бұлталақтатсаң да, егізденіп құлдилаған қос өзеннің жылғасы іспетті...

– Пай, пай! Тағы да баяғы әуен... Тағы да бірбет мінезің... Дінді әлі де ой-дүниеңнің ортан бел биігімен бағалағың келеді. Жоқ, дін – философиядан биік! Одан тым жоғары... Шырқауда-а...

– Келісем! Келісемін сенімен! Бірақ... философияның да барша ғылымдардың атасы бола алатынына кесірлік келтірме. Мен оны әлденеше рет қадап жазғам, қазір де айтамын...

– Жазғансың! Тағы да жазарсың. Оған титтей шүбәм де, күмәнім де жоқ есебі. Алайда, есіңде болсын, қасиетті дін хақында Әбу Бәкір Мұхаммед Разидің «Дінді жоққа шығару» трактатына ұқсас қыңыр пайым түзетін болсаң, сондай пейілің байқалса, айтпады деме, кещенің ащы тағдырының қамыты сенің де қылша мойныңа ілгек салмақ...

Ойшыл селк етті. Селк етті де, дауыс жаққа аударыла қарап алып:

– Мені кім деп тұрсың, сен сығыр? – деген. – Көзіңді ашып қара. Мен – Әбунасырмын...

– Білем! Кіммен сөйлесіп тұрғанымды неге білмейін. Сөзімді у араластыра ащылап айтуыма ешкім де емес, өзің себепкер. Діннің даңғыл жолы дегенді тіпті мына сен де кей-кейде мойындағың келмей жататыны өтірік пе?

Сабасына түсе, енді байыппен айтып, жауабын да сіңірдей шегеледі.

– Қателеспейтін кім? Ол, шамасы, ештеңеге араласпайтын, түк те істемейтін, не еріншек, не топас жан болар, сірә!.. – деді.

– Қателігің мын-сан! Жас күніңде сүрініп кеткен соқпақ жол сені әлі күнге адастыруға құштар... Ең болмаса, егде жасқа келгенде сабырға кезек беріп, салиқалы ойға ілгек салмайсың ба, Әбунасыр...

Осыны айта салып, дауыс та жоғала берген. Ұстаз қайтара жауап айтып үлгермеді.

Дін демекші...

Сейд-Білік бір жолы тіл безей сөйлеп, былай деп қуақыланған:

– Ей, Қас-сақ ұланы, өз бағытыңнан адасып, соқпағыңнан сүрініп кетпейін десең, қырсығына баспа, дін өкілдерімен де ымдасып-сырласып жүре бер, қарсы пікір айтып қасарысқаннан қай жыртығыңа жамау табарсың! – деп, көсемсіп ала жөнелді.

Әжептәуір шамдансын осыған.

– Қашан және қай кезде мен дін адамдарымен шәлкем-шәліс келіппін! Олар мені, мен оларды түсініп, көңіл тілімен ымдасып келе жатқалы қаш-шан! Тек... өзімнің біржола дін даңғылына ауысып кетпегенім болмаса...

Сөзді енді өзінше ширатып, сыздықтата сабақтаған Сейд-Білік:

– Қанша жерден ақылдымын, жолым даңғырап жатыр деп ойласаң да, бүкіл мұсылман философиясының озығы Әбу-Жүсіп әл-Киндиден асып кете алмасың көктегі жұлдыздай кәміл! Ал, ол... дінмен дос болған кісі деседі, – деді.

Мынадай кіді мінез Әбунасырдың еріксіз шалт қимыл жасауына жайма төсеген.

– Әл-Киндимен жарысып жүрмін бе? Керек десең, ол да мен үшін ұстаз... – деп, аз-кем кідірді. – Әй, Сейд, сен бар ғой, араға байқатпай шала тастай салатын әдетіңді қашан қояр екенсің, а?.. Мен қай жағын түсінбей жүр екем? Түсіне алмай, сүрініп кетіп жатам ба – айтшы әділдігіңді...

– Міне, мәселенің түп түйткілі қай жерде бұғып жатыр? Сен бәрін біле тұрып, білмеген кісінің күйін танытудан танбайсың. Бірде діни адамсың, ал бірде...

– Жоқ! – деп ашуланды. – Олай емес! Тап осы айтып тұрғаның өз сөзің һәм көкейдегі кесімді ойың болса, онда басар қадамың да, барар биігің де белгілі екен...

– Мен бе! Мені қайтесің сен! Өз басыңды ойласаңшы... Сүрініп кетіп, соқпақты мұрнымен сүйетін мен емес, тап мына сенсің, Әбунасыр-р...

* * *

...Ел ішінде білінген жат мінез – қылт ете қалар кілт мінез бұған кәдімгідей кесек ой артқан. Тап бұлай қақ маңдайдан ұрғандай тар тосқауыл, ауыр қарсылық бола қояр деп ойламаған.

Көп күн кермек қиялдың қасат-қасат қабатын көрпе ғып оранып, жамағаттан алшақтап жатып алған. Ауыр сезімнің ізіне түсіп алып, алысқа кетіп, шегіне жете алмас сағым даланы қиял тұлпарымен ұзақ шиырлаған.

Көңіл шешімін сонда да дөп басып, көпке дейін таба алмай қойғаны.

Ақыры... бір күні «Жібек жолы» бойымен керуенге ілесіп, тағы да алыс-с жолға шықты. Өзінің ең сүйікті адамын сағымды сапарға қия алмай, бір түн бойы қасында болып, бар сезім-ойын ыстық демімен сездірген Керім-ай да амалсыз қол бұлғаған... Бұл да қашан ұзап кеткенше қол бұлғауын доғармады. Ал, қолында Отырардың бір уыс жусаны бар-ды.

Сол жүргеннен ұзақ сапар шегіп, ең ақырында Бағдад шаһарына да мұрын тіреп, ұлылық қақпасын батыл көңілмен дүрс-дүрс ұрып тұрған.

Оның да жөні бар.

Бағдад – сол кезде араб халифатының ең үлкен орталығы, былайша айтқанда кіндік шаһары саналып тұрушы еді. Барлық ойшылдар мен философтар осы жерге шоғырланып, бір-бірін іздеп тауып, маңдай түйістіріп жатқан-ды. Мұнда білімге бас қойған оқымыстылар үшін аса қажет орын – өте бай кітапхана бар. Әлемдегі барша ойлы да парасатты, ақылды бастарға «кел, қазынамды керегіңе пайдалан» деп, есігін айқаралап қойған мырза қала.

Тағы бір себеп – Бағдад халифатын басқарған Аббас әулетінің сенімді уәзірлерінің көбі дерлік түркі тектес аталық жандар-ды. Фараб қаласының маңынан шыққан көшелі кісілердің де ұрпақтары осы төңіректен бой көрсетіп қала беретін.

Топырақтастарын сығалап, нығырлағандай болып, орын іздеп сабылғаны емес, тірек іздеп тірнектеп кеткені де емес, бірақ сырт жерде жүргенде еріксіз қандасыңды аңсап тұратының да рас. Кей-кейде сондай сыңар сезім сыздықтата мазалап кетіп отыратын.

Бары-жоғы сол ғана.

Әйтсе де Аббас әулетіне аса жақын әрі ықпалды кісілер арасында – Қыпшақ даласының, былайша айтқанда Қас-сақ елінен атағы жер жарған ұлдары жүргені ілкіде көңілге қуаныш ұялатып тастайтын да, қиялына қанат бітіріп, жігерлендіріп ала жөнелетін-ді.

Айтпақшы, жас философ көңіл шешімін жасап болып, енді қайтсем де Бағдад шаһарына жолға шығуым керек деп жинала бастаған кезінде қала бегі шақырып алып:

– Бағытыңды біліп отырмын, – деген. – Ендеше жолың ақ болғай! Сонымен бірге, ел атынан өзіңе айтар да, артар да міндет-жүгіміз болып тұр.

– Айтыңыз! Құп көрем оныңызды...

– Біздің Отырардың да жүк тиеген керуені әні-міні аттануға әзір. Сен, ылажы болса, сол керуенге жолбасшы бол. Тіл білесің, жөн білесің дегендей....

– Мақұл! Құп!

– Ал, бұл еңбегің елеусіз қалады екен деп тағы ойлама.

– Құп!

Өстіп, Бағдад сапарына өзінің жеке басының ғана арманын сүйрелеп бара жатпаған, осы жолы туған топырақтың да бір кәдесіне, елеулі кәдесіне жарап жатқан-ды. Сол ой әредік кеудесінің терең түкпірінен жылымшаланып аққан бір жылы ағынды сездіріп қоюшы еді...

...Бағдад шаһарының халифы әл-Мұхтадир мырза Әбунасырды алғаш көрген сәттен-ақ жылы қабақтанып, құрмет сезімін байқатқан. Оның көп-п себептері бар. Сонау алыстан асыл да қымбат бұйымдарды шашау шығармастан, аман-сау жеткізген керуенді бастап келгені бар, оның үстіне тіл білерлігі тағы бар, ал одан үлкені – Әбунасырдың кісі таң қаларлық білімі мен парасаты-тын. Сондықтан да Отырардың зерек ұлы әп дегеннен-ақ аса зор құрметке бөленіп, қаһарлы халифтің алдынан бір-ақ шыққаны күні кеше ғана сияқты еді. Міне, сол ырза ниет әлі күнге жалғасып, тілекші ниет үзілмей, ғылым жолына түскен түркі азаматына даңғыл жол ұсынған. Әрине, Бағдад халифін күнде көре бермейді, күнде сырласудың да сәті түспейді, әйтсе де көңілінің терең түкпірінде «ол кісі мені біледі, іштей құрметі зор» деген сезім алаулап қоя беруші еді. Сол отты сезім бұны алғы күндерге мейлінше құштарландыратын...

Бұның бәрі де Әбунасыр үшін аса қолайлы жағдай туғызған.

Ол Бағдадқа тез-ақ сіңісті.

Сол елдің ежелгі тұрғынындай, таңды қуана атырып, кешіне мінәжат етіп, емін-еркін өмір сүре бастаған.

* * *

Алдымен, әп дегеннен жылы қабақ танытып, туысындай табысқан рухани ұстаздары – Юханна ибн Хайлан мен Әбу-Башар Митта.

Бірі – аса білімді ғалым әрі аудармашы болса, екіншісі – ойшыл, медицина мен логика саласының маманы.

Екеуі де білім-ғылым аспанында қыран құс мінездес, көк жүзінде қанша шарықтаймын десе де шектеліп қалмас еркін ойдың адамы. Жас күнінен ғылымға бас қойған, оқымаған кітабы жоқ алтын милы асылдың сынығы. Сөйлескен кісінің көңіл сарайын кеңітіп сала беретіні бар. Айтары да, ой салары да жетерлік. Әсіресе, Әбу-Башар Митта... терең ғұлама. Оны сыйламайтын жан бұл Бағдадта бар деп бір кісіні сендіре алармысың?..

Сөйлесе – тілдесе келе байқағаны – ол Аристотельді, Платонды, Әл-Киндиді, Птоломейді, тағы басқа данагөй ойшылдарды оқып қана қоймай, еңбектеріне өзінше баға бере білетін түпсіз тереңдігі таңдандырған. Осындай еркін пікірлі адамды көрген соң Әбунасыр да жансарайын жаңартып, ойын сілкілеп, өзінше қанаттанған.

«Мен неге осындай қияға ұмтылған жас қыран бола алмаймын! Неге ойды қайта-қайта тұсап ұстауым керек? Ғылым деген әртүрлі еркін пікірлердің тайталасына негізделсе – менікі қандай ойтұзақ?»

...Біраз жыл Бағдадта тұрып қалған Әбунасыр алдымен тіл үйренбекке уәжіп етті. Әсіресе, көне грек тіліне ынтарзарлана кіріскен. Мақсаты тым биік-ті.

Күндердің күнінде әйгілі грек философы Аристотельдің еңбектерін өз тілінде түсініп оқыды. Талдап оқыды. Бойына сіңіре тартып бара жатқан.

Содан соң... Аристотель жазбаларына жанар тіктеп, әрі қарай тереңдете түсініктемелер түзу үшін ынта пырағын әзірлеуге кірісіп кеткен-тін.

«Метафизика», «Категория» «Бірінші және екінші аналитика» секілді еңбектеріне екі көзін сата, бар ынта-зейінін аударып, жаңа дүние есігін ашуға ұмтылған-ды.

* * *

...Көзінің алдында елес секілденіп, енді бірде тұманданып, сосын қайтадан ашылып, қайта-қайта есін алған сол сәтте... әлгі бір үн тағы да тасқа тасты соққандай болып, тақылдап ала жөнелгені...

– Уа, философ, сенің және бір қателігің бар, соны білемісің? – деді.

– Қателік кімде жоқ! Жұмыр басты пенде болып жаралудың өзі – қателік, – деді философ.

– Неге?

– Өйткені, сол жұмыр бастың ішкі қалтарысында жақсы мен жаманды қорытатын ғажайып бір зат – ми бар. Сондай атасы тегін асыл қазынаға бас ие бола жүріп, көп пенделер уақытын босқа өткізіп ала береді. Міне, қателіктің басы...

– Е, ол енді сенің қиялыңдағы ой. Ал, мен... нақты болмысқа иек арта тұрып сөйлейін. Өзің Бағдадқа келе-сала, ай-шайға қарамастан Грекия мен Римнен қуғын көріп, қашып-пысып келген ғалымдарға әкеңді көргендей бас ұрып, соларды ұстаз санадың. Тіпті грек ғалымына бой үйретіп алғаның сонша, ұсынысына елпең қағып, айтқанына ләббай деп, көне грек тілін үйренуге құлшына бет қойдың...

Ақыл-ойдың арланы қасқыр көзденді.

– Осы ма қателік дегенің? Онда ойың мүлде тұсаулы екен. Әбу-Башар Митта, рас, грек деген талантты елдің перзенті. Юханна ибн Хайлан да – басқа діндегі кісі. Тіпті ол ғана емес, атақты астроном – Әбубәкір бин Сираж да менімен діндес емес... – деп, сөйлеп берді.

– Міне, өзің де біледі екенсің. Сен солайша жат діндеске құлдық ұра жүріп, өз дініңе сатқындық жасадым деп ойламайсың ба?

Қасқыр көзінен от шаша, ұлыма дауысқа кезек берген.

– Дін мен ғылымды шатастырма! Ғылымда дін де, жер де, жерлес те болмайды, болуға тиіс емес...

– Жарайды. Ғылым дедің, ә! Е, олай болса өзіңмен діндес-туыс әл-Киндиге неге қырын қабақсың? Оны неге өте сирек тілге тиек етесің? Әлде бақталастық па?

– Әбу-Жүсіп маған ұстаз. Ғылымдағы құс жолындай жарқыраған өте-мөте жақын ұстазым...

– Өтірік! Сен де осы күні жалған күйменің өтірік божысышы секілденіп, көз алдауға бас ұра бастапсың...

Кермек сөз шамбайына батып кеткендей болып, ыршып кетіп:

– Өтірік деген өлексемен әу бастан араздасып кеткен жанмын! – деді Әбу. – Бірақ, сен сөз тізбеледің ғой, ашып айта кетейін, Әбу-Жүсіп әл-Кинди де Аристотельді өзіне ұстаз санайды. Оның көп еңбегі Аристотель-ғұламаға арналған. Демек, біз екеуміз бір кісіге шәкіртпіз. Одан да өткізіп айтарым – Әбу-Жүсіп мұсылман әлеміндегі алғашқы ұлы философ. Оның бұл атақ-дәрежесін ешкім де тартып алмақшы емес. Ендеше, маған «қызғанасың ба» деп қиялап сөйлеуің қиянат болмас па екен?..

– Ақталу ғой! Көбік сөзді көпірте айтып, өз бойын сынық тарақпен тазалағысы келген айлалылардың әрекетіне ұқсаңқырап кетеді...

– Ай, бұл не сөзің? Не деген қисық адам едің өзің! – деп, Әбунасыр қайтадан бөрі жанарланған.

Бұл кезде дауыс жоғалып бара жатқан...

Есесіне тағы бір үн, бірақ бұл жолы жіп-жіңішке қыз үні естілген.

– Уа, сен кім едің?

– Мен... мен Керім-аймын.

– Жаным-ау, қандай күйдесің? Қатты сағынып, өлердей аңсап жүрмін-ау өзіңді...

– Жоқ, бұл сөзіңе сене алмаспын.

– Неге?

– Шын сағынған адам ақықтай болған асыл сағынышының бет-жүзін көріп, бір тояттауға асығып-ұмтылмас па!

– Ал, мен... мен сондай ынтызарлықты күнбе-күн бастан кешіріп жүрген болсам ше! Ұшарға қанатым болмай тұр емес пе...

– Сенгім-ақ келеді! Бірақ...

Осыдан соң қыздың нәзік үні де үзілген әуенге ұласты...

Әбунасыр «Керім-ай, сен менің мәңгілік сағынышымсың...» деп дауыстап барып, елес екенін сезіп, көңіл сабырына қарай қисая берген...

Қашан, қалай және не үшін алып үлгергенін өзі де аңғармапты – қолында бір тал жусан...

* * *

Юханна да, Әбу-Башар да, тіпті бин Сираж да Әбунасырды іш тартып, бойдағы қабілетін аса жоғары бағалап жүретінін көктегі жарық күн де, жердегі жайқалған жасыл желек шөп те куәландыра алатын-ды. Алайда, қай кезде де адамдар арасында әлде қызғаныш, әлде көре алмаушылық, әлде тобықтан шалу секілді сайтани түртпектер болып қалып жататыны – кезек-кезек алмасатын ай мен күндей ақиқат!

Бағдад қаласында тегі түркі, қыпшақ даласынан білім қуып келген жігіттер бар-ды: бар емес, көп болып шыққан, қадам сайын кездесе кететін...

Соның бірі – ең алдымен танысқан елгезек жас Сейд-Білік-ті.

Жо-жоқ, түкке алғысыз, тегі де, түгі жоқ жан деуден аулақ.

Жақсы ғалым. Оқығаны да мол. Зерек.

Кезінде Аристотельді зерделеп, бірнеше ғылыми мақалалар жазған. Ойлары орнықты. Пікірлері нық.

Әбунасыр сол Сейд-Біліктің сыйлаған кітабын асықпай, ой бере оқып шыққан.

Аяғына жеткенде қиялына күдік аралас бір сезім лып етіп кіріп кетіп, кенет атойлап шыға келмесі бар ма!

Сейд-Білік, өкінішке орай, Аристотельді қанша оқып, еңбектерін сана ұясына қондыруға талпынғанымен, түпкі дәнін алақанына салып тұрып, ой қазанында әлдилей алмаған. Әлдилесе де атүсті. Өйткені, ой қорытуы ұшқары, философия тілімен айтқанда – кері ағыс....

«Бірінші ұстаз саналған үлкен ойшылға, әлемдік аты бар философқа бұлай баға беру – әділетсіздік! Өзі толық түсінбей жатып, қалайша түйінсөз айтады? Осылай ой соқпағын бастап кетуге қандай хақы бар?..»

Батыл еді, бетке айтары бар-ды. Жастықтың қызуы ма? Сол әдетіне басып, Сейд-Біліктің кемшін жағын жасырып ұстамай, бүлтелектемей, туралап жеткізген.

Қыпшақ даласынан шыққан әйгілі білім бәйтерегімін деп ойлап жүрген ол бұның сөз-пікірлерін күле қабылдаған. Ештеңе демеген. Таласпаған. Тартыспаған.

Философ досы, сосын да, бек түсінді деп ойлаған. Үнсіздік – келісім белгілі емес пе!

Кейінірек грек философтарының еңбектеріне түсініктеме жазғанда арасында Сейд-Біліктің де азды-көпті қателіктерге жол бергенін, сүрініп кетер сәттері барын сипай айтып өткен. Жеңіл-желпі.

Бар тайталас содан кейін өрбіп-өршіп кеткені.

Бұны сүріндірмек болды. Айла-шарғы ойлаған.

Әр жұмысына сынай қарап, әр сөзінен ілгек іздеген.

Қайтсем – тәубасына келтірем деген мысық тілеу.

Байқамай жүре берер ме еді, қайтер еді, бір күні Әбу-Башар бұған:

– Осы Сейд-Білік деген жігіт саған неліктен өш? – деп сұраған.

Әбунасыр аң-таң.

– Мен онымен доспын.

– Жоқ, достық ондай болмайды. Дос деген көзіңше кесек ет асата салып, көңіліңді масайрата мелдектетіп қоятын емес, сыртыңнан да сыйлы сабаға тартуға бейіл адам.

– Ол маған қай кезде де ақ тілек тілеуші...

– Сейд-Білік сенің жазбаларыңды жиып алып, қайта-қайта көртышқанша кеміріп, кемшілік теріп жүр. Бұл не?

– Сонда... менде мүкістік көп пе? Бәлкім, қате қадамдарым баршылық болар?..

– Әзірге сенің жазба еңбектеріңмен мүкістікке жол салар жаман иіс сезілмейді. Ал, Сейд-Білік... Қысқасы, өздерің шешетін шаруа бұл. Менікі – ескерту.

Топырақтас танысын іздеп, шарқ ұрған.

Көргенше асыққан.

Ол, бірақ салқын. Тым салқын. Әзер амандасқан. Тілінің ұшымен ғана.

– Не де болса, айтып барып алқымда! Көзімді жеткізе кеңірдекте!-деп, жүздесу сәтінде-ақ ағынан жарыла лақылдата төгілген. – Ақиқат алдында пенделік асқақтықты былай асырып қойып, екеуміз де тізе бүгуге, тізерлеп тұрып сөйлесуге тиіспіз. Одан биік шың жоқ...

Қас-сақ ұланы түшкірердей боп иегін тым биік көтере тұрып тіл қатқан.

– Себебін білмей тұрған шығарсың, ә! Осындай мәймөңке мінез, өтірік аңқаулықты тумай жатып ми қаңқасына қалай ұялатып аласыңдар, ә?

– Неге өтірік? Мен шын сұрап тұрмын. Не үшін өкпелісің?

– Мені сынап, өзің мықты болып көрінгің келе ме? Ел көзіне...

– Ол сынау емес, ақиқатты су бетіне шығару. Екеуінің арасы жер мен көктей.

– Ендеше, екілене сынайтын, сын садағының ұшына байлап жіберетін кісі таппай қалдың ба? Неге маған шүйлігесің?

– Өйткені, сен... сен Аристотельді толық түсінбей, бұрмалап жіберіп, кейінгілерді теріс бағытқа бастап отырсың...

– Жарайды, – деді Сейд-Білік. – Жарайды, мен грек философиясын өз деңгейінде түсіне алмаппын. Сонда, сеніңше, араб Әбу-Жүсіп Әл-Кинди керемет түсініп пе? Жік-жапар ішіне еніп алып па?

– Әл-Кинди ойлары, ашығын-ақ айтайын, сен екеуміздің мүмкіндігімізден әлдеқайда шығандап кеткен. Оның жазбаларын бөлек алып, бөліп қарап, жаңаша талдап жазса да артық емес...

– Ал, сен ше? Сен бір-ақ сәтте бар маңызын ми қауашағыңа құйып ала қойдың ба? Тере берсе, тәйт дерің жетерлік. Табамыз қажет болса...

– Онда жаз. Айт мінімді. Қолыңды қақпаймын да қарсыласпаймын...

– Өз қандасыма өзім қарсы шығам ба? Білем кемшілігіңді. Бірақ, ешкімге де ләм демеспін. Өз қолымды өзім кесу – мінезіме жат.

– Бұл ақиқат жолы емес. Ғылымда жерлестік, туыстық, тамыр-таныстық деген болмауы ләзім. Ғылым – адамзатқа ортақ... Ортақ қазына! Сосын да әділ сөз керек. Аса қажет. Ауадай қажет...

* * *

Әттең, сақал-мұрт қойып алып, сыпай-салтаң тіршілік кешкен, әрқайсысы өздерінше білгішсініп-астамсып кетіп жататын... көп пенделерді мүлде ұқпаған екен. Ғылымның жықпылдарын жағалап кетіп, терең қыртысына бойлап енем деп жүріп, адамдардан алыстапты. Олар жайлы ойламапты.

Досынан жауы көбейіпті.

Байқап қараса, бұған тіс қайрап жүрген тек Қас-сақ перзенті Сейд-Білік емес, олар сансыз көп: құмырсқадай қаптаған қара-құрым...

Қаладағы «Білімділер үйінде» болған басқосуда осыны өзі де байқады.

Сөз арасында бір жас ғалым:

– Мырзалар, сіздер арамызға жақын жылдарда келіп қосылған Фарабтық Әбунасыр туралы не ойлайсыздар? – деп көпке сауал тастаған.

Ақбас кісі жағын қайшылап алып, ыңырана сөйледі.

– Ондай жасты қазір ғана естіп тұрмын.

Қою мұрт бір қырындап қана, тілін төсеп уын безеген.

– Қазіргі жастар өзінен басқа ешкімді танымайды да менсінбейді. Естуімше, Әбунасыр деген адам – өркөкірек. Таланттыларды әдейі іздеп жүріп, тіміскілеп, таңдап-іріктеп алып, соларды іреп - сойып, содан ләззат алады деседі.

Әбунасыр шыдай алмай:

– Мырзалар-ау, әуелі менің жазғандарымды оқып-таныспайсыздар ма? – деген. – Қиянаттың да түптің-түбінде сұрауы болмас па?

«Танысатын не бар, білеміз бәрін де, сіз философияның асқар шыңы саналып келген асылымыз – Платонды сынамақ болыпсыз» деп екі-үш кісі жүре сөйлеген.

Сейд-Білікке қараған. Ол үнсіз.

Ләм демеді.

«Менің еш қатысым жоқ» дегендей, басын төмен салып, мелшиіп тұра берген.

Алғашқы соққы Әбунасырға өте ауыр тиді. Еңсесін езіп жібергендей.

«Басқа қалаға кетсем бе екен» деп те ойлап тұрған.

Жо-жоқ, қорыққаны емес. «Жауларым сүріндірер» деп сақтық жасағаны да емес. Бар ойлағаны – қоныс аудару. Таңғы шықтай тап-таза ойларын кірлетіп алмауы үшін жаңа шаһар іздегені еді бұл...

Кісі бір жерде тұрақтап тұрып қалса – ол да тұйық су сияқты. Борсиды. Тұзданады. Ылайланып кетеді.

Адам екеш адам да су мінезді. Үнемі ағын көріп, сай-саланы қуалап жүгіріп тұрмаса, тоқырайды. Ойы көмескіленеді. Қиялы тұзақталады.

Әрі ойлап, бері ойлап – ақыр аяғында басқа қалаға кетуге түпкілікті шешім қабылдап та қойып еді.

Бұл шешімге келуіне тағы бір үлкен себеп – Бағдад шаһарының халифі Әл-Мұхтадир де соңғы уақыттарда бұның өзіне қырын мінез байқатып, кей іс-әрекеттеріне сын көзімен шүйлігіп, үнемі тобықтан шалып жіберуге ыңғай байқатып қала беретін-ді. Мұны аса білгір психолог-философ адам ежіктеп түсіндіріп жатпаса да, аз-кем емеуріннен өзі-ақ сезіп-байқап жүретін-ді. Осы жағы да ерік-жігерге ентелеп еніп алып, қамшы басуға еріксіз итермелеген...

Енді соның қолайлы сәтін күтіп қана жүрген кезі-тін...

* * *

...Көзінің алдындағы тұман ой бәрібір маза бермей, әр салаға жетелей берді, жетелей берді. Қиялына нелер келіп, нелер кетпеді дейсің! Басы да, аяғы да жоқ түпсіздік...

Тағы да дауыс естілген.

– Ай, данышпаным, терең болудың жөні осылай деп, ең болмағанда өзіңнің қандасыңды ел алдында масқараламай, абырой-беделін ойлап қойсаң, тағыңнан түсіп қалар ма ең?..

Жанарында қайтадан от тұтанды.

– Сен... Сейд-Білік туралы айтасың ба? Ғылым деген ұлы мұхитта жерлес, туыс, ағайын болмауы керектігін сан рет айттым, бүгін де қайталаймын. Шын ғылым-тек таланттылар ғана отыруға тиіс алтын тақ! Әйтпесе, ғылым ғылым атынан садақа...

– Поу, десе!Айтқышсың-ау, философ! Айтпақшы, философ деген пендеңіздің ең бірінші, тіпті ең үлкен кемшілігі – осында! Олар өмірден өз қиялымен теориялық тағдыр жасап алмаққа құмар.

От-жанар онан бетер қызуланды.

– Тағдыр атаулы, қалай десең де, белгілі бір жүйенің бұйдасына байлаулы. Адам жарық дүниеге келеді, өседі, ой қуады, арманға арыстан боп атылады. Бұл не? Бұл теориялық тұжырымға бастамай ма?

– Еһ, Әбунасыр, алғырлығыңды қайтейін, өмір атты мұхитта бәрібір емін-еркін жүзбедің, көңіл көкжиегінде көмескі бейнең қалықтап тұрып қалатын сынды.

– Неге?

– Сенің артыңда із бар ма?

– Ал, ғылым... Ғылым ше? Оны неге есепке алмайсың, а?

Осылай деп, бар даусымен жауап қатып, бейтаныс адамды жаңғырықпен тұншықтырмақшы еді, әлдеқайдан өзінің сүйіктісі – Керім-айдың асыл жүзі жылт етіп көріне қалғаны.

– Намыстанба, Әбуім! – дейді. – Бәрі де шындық қой...

– Қай шындықты айтасың, Керім-айым?

– Бүгінгі өмір шындығын... Сен ғылым жолына түсем деп, мына өмірде басқа да қызықтар бар екенін мүлде ұмыттың. Тіпті естен шығарып алдың...

– Кісінің жер бетіне пенде болып жаратылуы – ең алдымен айтулы іс тындыруға бағытталмас па! Бұл өмірге бос келіп, бос кетіп жатқандар қаншама! Солардың ішіндегі көптің бірі болғым келмесе – сол үшін де кінәлімін бе?..

– Әбуім-ай, мына дүниеде оттан да ыстық сезім бар – оны махаббат дейді. Ал, сен болсаң... (сөзінің аяғын жұтады)

– Махаббат дедің бе? Махаббат, әрине, ұлы ұғым. Оның жолына жан құрбан болса да жарасар... Алайда, сол махаббаттың түр-түрі болса ше! Айталық, ғылымға, білімге деген ынтызар-махаббат...

– Сен жер бетіндегі құмырсқадай қаптаған көп адамдар сияқты емес, мүлде бөтенсің, Әбунасыр! Мен сені өмір бойы түсінсем деп ұмтылдым, енді түсінуден қалып барады екем... Амалым қанша-а...

Дауыс жоғалып бара жатыр еді...

* * *

...Бағдадқа аса бір ынтық күймен, қимастық сезіммен қош деп айтып, енді тағы бір шырақты шаһар – Шам қаласына тағдыр іліктірген.

Бірақ, онда да дау-дамай. Талас-тартыс. Әркім өзінікін дұрыстайды. Талантсыздар таланттыларға өш.

Осында жүріп «Қайырымды қала тұрғындары туралы», «Философияның дінге қатыстылығы» секілді терең иірімдерге толы жаңа трактаттарын – ойлы дүниелерін қағаз бетіне түсіруге жанталасқан. Құмарта кірісіп, құлшына аяқтауға асыққан.

Жаңа шаһарда өмір сүріп жатып, өз құлағымен естіді. Халеб қаласының билеушісі – Сайд ал-дуаль Хамдани деген кісі өнер адамдарына аса ілтифатты деседі. Екінің бірінің аузында – сол адам! Жақсы ісі. Ізгі жақсылығы.

Тіпті кеудеге өр қиял қонақтатар бір әңгімені құлағы шалып, ішінен «әй, азаматым-ай» деген риза сезім соқпағын жалғап жібергені бар.

Сайд әміршінің кең сарайында сарбаздар мен жауынгерлер ғана тұрмайды екен, онда ақындар мен сөз қадірін білетін өнерлілер де аса құрметке бөленіп жатады деседі. Кімде-кім өнерлі болса – осы сарайдың аса сыйлы қонағы. Қандай жылы жүрек, неткен ыстық ықылас! Мемлекет басшысының осылай ізгі ниетке бет қойғаны – талайлардың тас мінезін жұмсартып жіберсе кәні!

Әркімдерден сұрау салып, қазына ізденіп, бәрін біліп алмаққа ынтызар көңіл дегеніне жетпей тынбастай-ды..

«Ол кім? Қайдан келген адам? Тегі кім?»

Білді. Білетіндер табан астынан табыла кеткен.

Хамдани мырзаның тегі – түркілік болып шықты.

Әкесі ертеректе Қыпшақ даласынан осы жаққа жүк артып шығып, ақыр аяғында түбірлеп қоныстаныпты. Жайласыпты. Баласын Шам қаласында оқытып, білім биігіне көтерілуіне барынша жол ашыпты.

Сол бала – осы Сайд.

Өзі бірнеше тілді қатар біліп өскен өр жігіт. Әлем ойшылдары мен философтарының еңбектерімен жақсы таныс. Оның үстіне... ел билеген басшы. Қайырымын қыстыра отырып, қаталдығын да қопсытып қояды. Ел билеушінің қылтыңдап-жыртыңдай беруі шарт па?

«Шіркін, барып танысып алар ма еді! Қас-сақ елінен келгендерге іш тартар ма екен, жоқ әлде... көргісі келмей ме! Мүмкін елге қара қазандай өкпесі бар да шығар. Кім білген...»

Үміт пен күдік аралас күндер өз жөнімен жылжып-жылжып, көңіл кемеріне келіп, толас тауып, лықылдап тұрған.

Осы екі аралықта жасаған жалғыз батыл қадамы – Хамдани мырзаға үш-төрт кітабын беріп жібергені. Өз қолтаңбасын әсем сөздермен тізіп жазып тұрып, жылы сөздерін де аямаған.

Бір жолы... Халеб қаласының билеушісі Сайда ад-дуаль Хамдани мырзадан Әбунасырға арналған бөлекше ыстық сәлем есік сығалады: өз сарайына келіп қайтуға шақыртты; қызметшісін жіберіпті; жәй шақыру емес, өтіне айтқан ізеті де сезілген.

Баласы қатты ауырып қалған екен, соны емдеуге емші іздеп сасқалақтаған аса бір қиналыс кезі секілді.

Бар шаруасы сол-ақ па?

...Сайд Әбунасырды сырттай біліп-танып, көп дерек жинастырып қойыпты.

– Қандасым екенсіз, әдейі танысайын деп қолқа салдым! – деді баланы емдеп болған соң. – Енді қаласаңыз, менің сарайымда біраз уақыт мырза қонақ болыңыз...

– Мұнда не істеймін?

– Оқисыз, жазасыз. Ғылыммен айналысасыз.

– Оған мүмкіндік бар ма?

– Әрине, болады. Керек кітаптарыңызды жеткізіп отыратын қызметші әзірлетіп қойдым...

Билікте жүрген адамдардың сөзіне де, мінезіне де аса қатты еліп етіп, тым сене бермейтін. Олар айтады. Айтады да ұмытады. Олар уәде береді. Береді де естен шығарады. Олар бір көргенде ашық, ақжүрек. Ал, екінші кездескенде – мүлде басқа бас сүйекті адам!

Ондайларды аз көрген жоқ. Талайымен терезесі тең отырып, табақтас болған. Алғашында жылы сөзіне емексіп, көңілдегі үміт ұшқынын лаулатып ала жөнелетін. Бірақ ол жалын лап етіп, тез шалаға айналады.

Сенімі ақталмайды.

Лауазым иесі, сөйтсе, ғалымның тап-таза сезімімен ойнап жүріпті. Соны сезген сәтінде жүрегі шаншып кетіп, қатты қынжылып қалушы еді.

...Халеб әміршісінің ақ сарайында өмір кешіп, әрсалалы ойға ерік беріп, күндіз-түні қиял кемесінен шыға алмай жүрген кездерде... Бағдад шаһарынан бір жайсыз хабар сумаң етіп бөлмесіне кіріп келгені. Ол хабардың екі түрлі мәні бар-ды. Алғашқысы – өз елінен, туған топырағынан арман пырағын мініп білімпаз Сайд-Біліктен мәңгілікке айрылғаны болса, ал екіншісі... Иә, осы екіншісін естімей-ақ қойғаны дұрыс еді. Бірақ құлағына жетті. Сөз-өсекке бейім жандар естіп-білмесіне қоймады. Сейд-Білік үзілер алдында жазып кетіпті-міс. «...Әбунасыр, әрине, ғылым саласында асқан үздік, сұңғыла философ. Ол жағын тек мен ғана емес, барша оқымыстылар мойындады. Алайда, ғылым үшін жаралған алғыр мінезбен поэзияға араласуы – үлкен қателігі. Әбунасыр – ақын емес, бола алмайды да. Онысы – бос әурешілік-к... Таза пікірімді тура айтып үйренгенмін. Мұны философ досым іштей түсінуі керек...»

...Жаны сыздап, біршама уақыт өзіне-өзі келе алмай қалған. Әуелде дос-жерлестің өрескелдеу, тіпті артықтау айтқан пікіріне қиналған жоқ, оны мәңгілікке жоғалтып алғанын алдымен бас қайғы қылды.

«...Әттең, тағы біраз жыл жүре тұрғанда, кім біледі, ақылға келіп, үлкен де ұлы істер тындырып кетер ме еді!..»

Содан соң тағы да ойланды: «...Таза пікірді тура айтамын дей ме? Ал, сол пікірдің ақ-қарасына кім төреші екен? Оны кім бағалай алады?..»

Хатты оқып болып, жүрегі сыздап, өзін қоярға жер таба алмай, бөлмені бөгелек қуғандай әрлі-берлі тоқтаусыз кезіп жүрген сәтінде, есік қағылды.

– Кіріңіз!

Ішке бет-аузын тұмшалап алған, бойы тіп-тік, жүрісі ширақ бір әйел заты аяқ басқан. Әбу аң-таң. Бұрын-соңды бұл бөлмеге ешбір әйел заты бұлай бас-көктеп кіріп көрген емес.

– Сен... кімсің?

– Мен... сіздің жырларыңызға ғашық бейкүә бейбақпын. Бұл батылдығымды ғайбаттамассыз. Өлердей ғашық жан едім...

Көзіне көзі түсті. Өте таныс, бұрын да көрген әдемі жанар, бота жанар.

«Ау, мен бұл әйел затын қайдан көрдім екен? Танимын ба сонда?...»

– Біз таныспыз ба?

– Жоқ, ұстаз! Сіздің тануыңыз еш мүмкін емес.

– Ал, сонда-а...

– Мен осы сарайда қызмет ететін қызметші қыздардың басшысымын. Атым – Гүл-хадиша...

– Жөн екен! Ал, не бұйымтайыңыз болды менде?

– Мына өлеңдеріңізді күнде оқып, жаттап жүр едім. Қолтаңба жазып бермес пе екенсіз.... – Қалтасынан оралған қолжазбаны суырған.

Мұны көре тұрып, Әбунасыр риза пішінмен «менің жырларымды жастанып жатып оқитындар да бар екен ғой» деп, іштей масайрап барып, қолтаңба жазып беруге кіріскен...

Ғұламаның қолынан қолтаңба алып болысымен әйел заты сыпайы басып, бөлмеден шығып жүре берді. Ол ілез-демде көзден ғайып болса да, Әбудің жансарайы астан-кестең.

«...Көздері қандай! От қой, от... Апыр-ау, осы қызметші әйелді мен тап бүгін емес, талай рет көргем жоқ па! Әрбір кездескен сәтінде сонша иіліп, барынша ізет жасап, құрмет сезімін әйгілеуші – тап осыХадиша емес пе! Неге, неліктен ықылас-ниетін сезіп-біле алмадым екен? Мүмкін, ол... мені сүйетін де шығар, ә! Қой, бұл енді артық. Тым артық сөз. Мені сүйген және мен де сүйген ару қыз алыста, сонау Отырар жерінде қалды, сағына күткен Керім-айым бар емес пе...»

Тағы да ой шылбырын тарта түскен.

“...Апырмай, әлгіндей көз... неткен отты да өткір еді! Айтқандай сол жанар... иә, сыршыл жанар менің Керім-айымда бар еді, мынау соның көшірмесі ме? Бірақ, ол бұлай тіке қарамайтын, ұяла, жанарының астымен ғана... Кірпіктері көз тұңғиығын кісіден жасыруға ұмтылатын... Ал, мен... соншалық ынтыға түспеуші ме ем...”

Кенет... жүрегі шым-м етті.

Керім-ай қайда, бұл қайда? Арада қаншама жылдар сусылдап өтіп кетеді ме? Сорлы қыз сағына-сарғая күтіп, әбден төзімін де тауысып алған болар, ә! Әрине, сөйтті. Шыдамның да шегі бар...

Айтпақшы, әнебір жылы Отырар жақтан келген керуенді күтіп алғаны есінде. Сол жолы бір жылмақай жігіт Әбуді оңашалап тұрып:

– Сізге жеке сәлемдеме бар! – деген.

– Ал, ол қайда?

– Менің қалтамда.

– Ендеше, бермейсің бе?

– Асықпаңыз. Әуелі айтарым бар.

– Ол не?

Жылмаң жігіт көздерін ойнатты. Ойната тұрып, әзілін де айтып үлгерді.

– Өзіңіз алыста жүрсеңіз де, сұлу аруларды өлердей ғашық етіп, сезім торында қамап ұстай білесіз, ә?

– Керім-ай... Сол ма?

– Әрине, сол кісі. – Сосын жан қалтасынан екі-үш бүктелген хатты алып, Әбунасырға ұсына берген.

Философ үшін бұл сәлемдеме ең қымбат, ең асыл бұйымнан да артық еді. Дереу ашып жіберіп, жылдам-жылдам оқыған.

«...Аңсаған асыл жаным – Әбуім, біз бұл күнде екеуміз...» деген сөздерді оқып тұрып, еріксіз көз жасын мөлтілдеткен...

«...Ол менің балам ба? Ұрпағым ба?.. Шіркін-ай, оны көрем бе, көре алмаймын ба?..»

Ұлы ғұлама өз жанын қоярға жер таба алмастан, ұзақ аласұрған-ды...

Осындай кермектеу ойға ерік беріп тұрып, тұңғыш рет Әбунасыр өзін-өзі қатты жек көрді...

* * *

Одан бері де талай уақыттар сырғып өте берген.

…Тағы бір алаңдаулы, аласапыран күндердің бірінде, өз бөлмесінде туған жерге деген сағыныш сезімін жыр жолдарына түсіріп, ой тұңғиығына батып отырған-ды. Сырттан тысыр естілген.

“Кім болды екен?..”

Ойлап үлгергенше, есік ашылып, ішке осы сарайда тұрып жатқан сарбаз-ақын Әбу Фирас кіріп келген.

– Әбу Фирас, бұл сен бе?

– Мен. Сізге әдейілеп соғып тұрмын.

– Е, не боп қалды?

– Жақсылық хабар бар.

– Ол қандай?

– Мына жазбамды оқыңыз. Өзіңіз де түсінесіз.

Әбунасыр бір парақ жазбаны қолына алды да, оқи бастады: “…Поэзия – дөңгелеген алтын түйе, оның басы – Әбунасыр Мұхамедке, өркеші – Әбу Нуасқа, нығы – Омар ибн Рабиаға, кеудесі – Әбу Таммамға тиді, қалғаны – ішек-қарын – оны сарай жарапазаншысы екеуміз бөлісіп отырмыз...”

Оқыды да еріксіз күліп жіберді.

– Бұл тым артық сөз! Мен... мен анығына көшкенде, ақын емеспін. Философпын.

– Жоқ, ұстаз, біз сізді ақындардың падишасы деп атауға ортақ шешім қабылдап қойдық. Сіз сол атаққа ылайықсыз...

– Поэзия падишахы атану үшін өте ғажайып жыр жазу аз, одан бөлек барлық өлеңдерің ел аузынан түспей, бірден-бірге көшіп, жатталып жүруі ләзім, – деп, басын алып қашқан.

Әбу Фирас айтты:

– Көп жазу – таланттың таңулы белгісі емес! Аз жазу – тағы да тасқа түскен таңбадай ұлылық ұстыны болмас. Не де болса саз жазу керек-ақ. Сіздікі – саз...

– Апырмай, мен ақын емес ем! Қиып салып тұрсың-ау...

– Тартынбаңыз, ұстаз, біз бұдан былай сізді поэзияның бас сардары деп танитын боламыз...

Бұдан әрі Әбунасыр не айтарын білмей, үнсіздік күйін кермелей берген...

Үнсіздікті көкірек сарайының терең түкпірінен естілген бір сазды үн дереу бұзып кеткені.

– ...Ғаклия көзбен қарасаң,

Дүние – ғажап, сен – есік!

Жайлы көзбен қарасаң,

Дүние – қоқыс, сен – меншік!..

Осындай өлең мақамы болушы еді-ау әнебір жылдары! Өз көкейінен төгіліп шыққан жыр-жауһар осылай ма еді!.. Уақыт ағынымен бірсін-бірсін ұмытылып бара жатқанын қарашы... Әбу-Фирас «сіз ақынсыз» деп, неге нығырлай береді? Әй, бірақ, нағыз ақын болу – дүниедегі ең бір талантты, ең ізгі ойлы, ең маржан сөз тере білген жанға ғана бұйыратын сирек бақ шығар...

«...Ондай бақыт қайдан қона қойсын біздің басқа!»

Ішкі сезімге беріле аһ ұрған сәтінде алыста, туған жерде, Отырар шаһарының маңында қалып қойған ботагөз қыз – Керім-ай көз алдында қайталап елес берді. Ол бұған әуелде еркелегендей боп тіл қатты да, артынша қабағын түйіп алып, қоштасу тектес бір лебізін жолдап жатты.

«...Қайда жүрсең де, нені мақсұт етсең де – бір Алла қолдаушың болсын, Әбуім! Мен сені бәрібір сүйдім, сүйе де берем, өле-өлгенше сүйіп өтем... Арманыңа ақ жол болып төселдім, жаны таза асыл жан...»

...Әбунасырдың жаны езіліп кеткендей болып, тұншыға дем алды.

* * *

...Сайд қанша жерден аңқылдаған ақкөкірек болса да, Халеб қаласының билеушісі. Демек, лауазымды адам. Ал, лауазым дегеніңіз...

Әуелгі елпек мінезді де өзіне бұрыннан белгілі, билеушілер басында кездесе беретін, әбден таныс кезекті түлкібұлаң ойынға балаған. Соның бір көрінісіндей сезінген.

«Қай күні кетіп қалам» деп үміт-күдік аралас сағат-сәттері өтіп жатқан.

Алайда бәрі де басқа бұйдамен маталды. Осы жолы өзі де, сезімі де сүрінді: қателескен екен. Хамдани, расымен-ақ, ниеті де, ойы да таза кісі болып шықты. Ол ұлы философқа үлкен қолғабыс тигізді. Соңғы еңбектерінің жарық көруіне тікелей себепші – осы Сайд.

Осы шаһарға тұрған кезінде, расын айтқанда, тұңғыш рет билік қызметшісінің шынайы бейнесін оймен емес, көзімен тамашалап, қиялына шегелеп барынша тани түскен.

Содан соң жазуға отырған. Тағы бір еңбекті аяқтап тастамақ. Жазуы керек. Жазбаса болмайды.

Бұл жолғы трактаттың аты да өзгеше. «Мемлекет қызметшілерінің нақыл сөздері».

Осындай өте маңызды еңбекке білек сыбанып, тәуекел еткенін Халеб билеушісі де байқаған. Ұрлана көз салып, кітап атына да аса мән берген.

«Аяқтаса екен! Үлгерсе екен осы жұмысын жазып шығуға» деп сыртынан тілеулес болып жүрді...

* * *

– Қайран, Халеб! – деп ұлы философ тағы да әлсіз, тым шарасыз үнмен күбірлеген. – Сен маған туған қаламдай болдың-ау! Отырарымды өліп-өшіп сағынғанда сен арқылы мауқымды бастым ба, қалай...

Қас-сақ перзенті біраз уақыт болды, қатты науқас. Сырқаты күннен-күнге меңдеп барады. Төсекте жатып, төбеге көз салған.

Көзінің алдынан Отырарда өткен балалық шағы дөңгеленді.

– Қайтадан өзіңе орала алмадым ғой, Отырарым-м...

Жан қалтасынан бір түп жусанды шығарып, тағы да, бірақ бұл жолы соңғы рет, құшарлана иіскеген. Сол жұпар иіспен бірге балалығы да, бала махаббаты да – бәрі сана сарайында жарқ-жұрқ еткен. Сол ұлы елестің арасынан жанары боталаған Керім-ай да көрініп қалып жатты...

«...Сен аман-саумысың, менің мәңгілік махаббатым? «Біз екеуміз» деп хат жолдап едің әнебір жолы, сол ұрпағым аман ба? Аман болса, неге мені іздеп осында келмеді екен, а? Әлде-е...»

Өз ойынан өзі шошына, кеуде тұсын ашыта жөнелген сезімнен үріккен аттай болып, ыршып түсіп еді...

– Қайран, Керім-айым!..

Кеудесін кермек ой кескілеп, осып-осып өткендей болған. Енді жанында жатқан қолжазбаны ақырын сипап қойды. Ол – «Мемлекет қызметшілерінің нақыл сөздері» деген трактаты. Азғана уақыт бұрын түйінін түйіп, ойын аяқтаған-ды. Сөйтсе де көңілдің терең түкпірінде жеткенінен жетпегені көп сияқтанып, дегбірі қаша түсетін.

«...Өмір неткен қысқа!» деп ойланды іштей. «Өмір кеткен шолақ-қ... Адамға тірлікте істегісі келетін, орындағысы келетін істі түп-түгел атқарып шығуға неліктен мұрша бермейді, Алла-Тағала? Мұнысы – қиянат емес пе? Жаратқан иені кең де жомарт, барынша кеңпейіл дейді екенбіз, сөйтсек ғұмыр келтелігін ойламаппыз. Үлгермейсің, әй үлгере алмайсың! Қаншама ізгі ойлар... Армандар-р... Еһ, өмір-р...»

Соңғы бір сәттерде зеңгір көкке қарап жатып ішінен қиял әлеміне беріле түскендегі әлдебір тосын ойлары осы-тын...

...Кенет құлағына өзі жазған, туған жерге деген сағынышын кестелеген жыр жолдары жаңғыра, қайтадан естіліп қалып жатты. Әлдебір дауыс (қыз даусы болар) оны құйқылжыта оқиды. Дауыстап-дауыстап, саңқылдап айтқан.

– ...Қашықтасам туған жер – қалың елім,

Не бір жүйрік болдырып жарау деген.

Шаршадым мен, қанатым талды менің,

Шаңыт жолға сарылып қарауменен!

Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,

Қасіреттің жасына көз жуанар.

О, жаратқан, көп неткен ақымағың,

Құм сықылды тез ысып, тез суынар...

...Оның қос жанарына лық-лық етіп, мөп-мөлдір бейкүнә жас толып кеткендей болды...

* * *

...Ақыл-ойдың алыбы атанған Әбунасыр сексен жасқа тақағанда Халеб шаһарында мәңгіге көз жұмған. Оның мәйітін қала билеушісі Сайда ад-дуаль Хамдани аса құрметпен арулап жуып, Шам шаһарына жақын маңдағы қорымға жеткізіп, жер қойнына мәңгіге табыстаған. Онымен бірге ондаған ел билеген атақты көсем кісілер де ілесе еріп келіп, ғұламаны қия алмай, қайғы үстінде бірге жоқтасып отырып алған-ды. Олар да Әбунасырдай ұлы ұстазбен қимай-қимай қоштасқан.

Басына белгі қойылды.

Өзге емес, Сайд Хамданидың өзі белін шарт буынып, мәйіт басында, толқи толғап, құран оқыды. Жүрелеп отырып, даусын соза, ұзақ-қ оқыды...

– Сіздей ғұлама жан енді қайтып туа ма, тумас па?.. – деп, соңғы жағында даусы дірілдеп, әзер тілге келген.

Үлкен жүрек осылай тоқтады. Мәңгіге дамылдады.

...Ал, алыстағы Отырар шаһарында тағы бір көктем қылт ете қалып, артынша, қыр беттен жас жусандар жұпар шаша дүр-р көтеріліп, кең даланы қуалап бара жатқан-ды.

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар