Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Оуяң Ю. Қорлық-зорлықтан ләззат алғысы келетіндерге айтам

09.12.2018 546

Оуяң Ю. Қорлық-зорлықтан ләззат алғысы келетіндерге айтам

Оуяң Ю, Австралияның батыс әлеміне белгілі ақыны, жазушы. Қытай-ағылшын тілдерінде жазады. Роман, жыр жинақ, монаграфиялық және өзгеде ғылми еңбектерден тұратын 106 кітаптың авторы. 1996 жылы ағылшын тіліндегі поэзия және әдеби аудармаға қатысты 4 конкурыстың жеңімпазы атанған. 1997 жылы Австралияның үздік аударма әдебиет сыйлығымен марапатталған. 2011 жылы «Ағылшын сыныбы» («English Class») романы Австралияның оңтүстік Уилист штат гобернаторы атындағы әдебиет сыйлығына ие болған. Бейжің универсиетінде, Гонкоң универсиетінде, Швед универсиетінде жұмыс істеген. Қазір Шанхай универсиетінде сабақ береді және поэтикалық семинар жүргізеді.

Оуяң Ю қазақ ақындарын ағылшын, қытай тілдеріне аударған.

Өткен жазда Оуяң Ю мырза Астана қаласының 20 жылдығына байланысты шет ел ақындарының қатарында Қазақстанға келді. Астанада, Баянауылда болды. Сол кезде аудармашы есебінде бірнеше күн қасында жүрдім. Шығармашылық жолына қарап отырсаң, ақынның 1991 жылы Қытайдан Австралияға қоныс аударуының мән-мағынасы бөлек. Ақын осы қадамы туралы «мен саяси имигрант емеспін» деген. Сол тұста қытайдан кетіп жатқан өзге қаламгерлермен арадағы парқын көрнекілендіргендей сипат беретін бұл сөз шын мәнісінде оның шығармашылық ұстанымына көбірек назар аудартады. Мұндағы түйін ақын өлеңдерінің сол кезеңнен қазірге дейін постмодернистік және алғадайлықтан (avant-garde poetry) танбай келе жатқандығында. Жоғарыдағы екі атау кейде тоғысса, кейде бір-бірінен алшақ жататыны белгілі. Әсіресе, бастан ақыр алғадайлықтан жазбау оңай шаруа емес. Ақынның «өлеңге ұқсамайтын өлең жазғым келеді», дегені бар. Ол және «алғадайлық деген заманға қарсы жүзу және үздіксіз жаңалық іздеу», дейді. Ақын өлеңдері тіке түйсікке, мезеттік әсерге құрылған, танымдағы жаттанды түсініктер мен мәтіндегі формашылдықтан қашады, бәріне күдікпен қарайтын, үлкен, айқайлап айтатын ақиқаттардан жерінген көңіл-күй басым. Ұғым емес, адам факторы алға шығады. Өлеңдері тұғыр мен тұтастық ақырласқаннан кейінгі дүниедегі жеке адамның мәтіндегі болмысына жақын.

Төменде ақынның оқырман талғамына жақын және Қазақстанда жазған өлеңдерін жұрт назарына ұсынып отырмыз.

Аудармашыдан

АСТАНА, ӘСЕМ ҚАЛА

Ұшақ жерге құлдилағанда

Жарып шыққан жерден бәйтерек секілді бұлттарды

Түйреп өтті

Жақсы ақындар ешқашан жағымпазданбайды

Жақсы өлең ешқашан оңай аударылмайтыны сияқты

Оңай келген дүние, оңай кетеді

Жаратушы оны алып қойып, қиындатады

Нөлден төмен қырық, нөлден жоғары қырық градустың арасында

Бой көтерген қала

Мен тұрмын ой түзеп домбыра тартқан тас мүсіннің қасында

Басты қайтару керек

Қалайда қайтару керек

Кешегі емес, бүгінгі күн үшін

Қоқыс сандығының бетін гүл дестесімен көмкеріпті

Көз жасын төгіп өткен бұлт

Кірпігін кербез қағып жылыстап барады

Арғымақ мінген қала

Есіл атты өзеннен қарғып өтіп барады

Шыр айналып аспанда жүр құс

Түйілген қыран сияқты ұшақтар қонып жатыр дамылсыз

Есімінде «нұр» деген сөз бар бауырым

Қатар келеді жанымда

Ол мені – есімінде дәл сондай «нұр» (昱) сөзі бар мені жиі сөзге тартады

Бұл Астана - «А ...» дегенде ауызыңа тола түсетін қала

Жиырмадағы жігіт жасында

Бұл бір көрікті, әсем, жалын атқан, төбесінде бұйра бұлттар жортқан

Күндей, гүлдей жайнаған қала.

САБЫНДЫКӨЛ

Сабындыкөлдің жағасында тұр едік

Бір иіс келді

Кәдімгі әйел тәнінен шығатын хош иіс секілді иіс

Біз Гулак аралдары туралы айтыстық

Ол маған:

Негізі Солженицинің жазғандарының барлығын өзі жазбаған

Олар, тағдырластарының жазбасы, деді

Мен:

Ол жер керемет пе, дедім

Ол тұрып:

Гулак аралдары ма, көркімен керемет, деді

Мен:

Ендеше Гулак аралдарын саяхатшыларға ашу керек екен

Ақша десе жарқұлағы жастыққа тимейтіндерге сыбырласа ғана жетіп жатыр

Олар ертең-ақ сонда топ ете қалады

Олар тұтқындар отырған барлық камераларды ашар еді

Қорлық-зорлықтан ләззат алғысы келетіндерге айтам:

Кім аш отырғысы келсе, ол тас бөлмеде отырсын

Таяқ жегісі келгендер болса, сабап, таяқтасын

Сонда ғой боқ қарындары тартылып

Екі аптаның ішінде жіптей болып шыға келер еді

Ал жазғыштар болса, жаза берсін

Естелік пе, эссе ме

Тіпті, «Гулак аралдарынан көрген-білгенім», деп жазып тастаса да бәрібір...

Ол күліп кетті

Мен жымиып қана қойдым

Менің осынау алып ұшқан қиялым Сабынды көлдің жағасында

Екеумізді тағы бір рет сілкіп алды

ҚАРСЫЛЫҚ

Мендегі қарсылық

Адам қолымен жасалған дүниелерге бағытталған

Айталық, темір шынжырға

Мен шынжырдың көнесін үзіп

Жаңасын жасадым

Жасап болып

Аңсай бастадым өткендегісін

Сол баяғы тат тасқан шығырықты

Негізі мен

Шынжырмен біте қайнасып кеткенмін

Мен де шығырықпын

ЖЕТІСТІК

Табысқа жетудің жарқын үлгісі

Ай мен жұлдыз ба дедім

Басқаны қой-ақ қой

Тіпті, адамдарды айтпасаң да болады

Кім болсаң да мейлі

Кітаптан тау тұрғызсаң да, бәрібір

Аспанда ай мен жұлдыздай жарқырағаныңды көргенім жоқ

ЖОҒАРЫ НЕМЕСЕ ТӨМЕН

Мүмкін, тозақ аспан да

Бейіш жердің астын да емес пе өзі

Интернетте жариялап жіберген дүниең

Жер астына жолдап жібергеннен не айырмасы бар

Әсілі бәрінен кереметі ортасы

Жоғарыға да, төменге де түкіргенің бар

Мүмкін, бұл біз ескермей жүрген аксюма

Табанымыздың астында тұрса да төбемізден іздейтін бұрыннан әдетіміз бар

ЕМІ ЖОҚ СЫРҚАТ

Адам мен адам тілдесе алмайды

Тілдесуге мүмкіндігі жоқ болғандықтан емес

Тілдесуге шарасыздықтан

Содан да

Жалғыздық деген

Емі жоқ дерт

КӨКТЕМ

Көктемнің жауыны бір тынбастан үш апта жауды

Күннің көзі анда-санда жылт етеді де жасырынбақ қойнаған баладай тасалана қалады

Гүлдер қауашақ жарып жатыр

Қауашақтар да күлтесін төгуде

Сол баяғы біреулер келіп, біреулер кетіп жатқан дүние сияқты

Төбеме көтергенім ескі әрі жыртық шатыр еді

Аяғымдағы кебісім малмандай су болды

Үстімдегі бұлғары шапаным мың батпан ажырғы сияқты

Бірақ, сол баяғы әнге салып келемін, сол ұмтылмайтын әуен

Ең өкініштісі темекіні қоя алмайтыным

Сұқ саусағым өткен өмірімнің өң-түсіндей сап-сары

Көше бойы толған қоқыс, мен қарап та қойғым келмейтін дүние

Оларды жұрт не деуші еді, бірақ, маған енді бәрібір

Менің тек қана бар дауысыммен жұлқына айқай салғым келеді:

Көктем, менің көктемім

Келесің-ау, кетесің, бүгін мындасың, ертең андасың...

Мен дәл осы сәтте

Дүр етіп бүршігін жарып

Соңынан үнсіз ғана күлтесін төккен гүлге қауашағына ұқсап кеткен жоқпын ба?!

БІР АДАМ – БІР ТАҒДЫР

Бір адам бір тағдыр

Білдік, деп жүргеніміз білімсіздік емес пе өзі

Құс биікте қанатымен самғағанымен

Оған жазылған тіршіліктің із басқа да

Қайсы дінді айтсаң да өзегі бір

Қағаз бетінде көрінбейді жазулар

Жүрек үнсіз соққан дән емес пе өзі

Аңсаған топырағына түсіп, қауызын жаратын сәтін күткен

Жер мен табиғат, аспандағы жарық күн

Бәрі де бір күні солар

Біздер де келмеске кетерміз

Сол сәтті үнсіз отырып ойға алудың өзі ғажап

Өлеңдерді қытай тілінен аударған: Ардақ Нұрғазы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #ардақнұрғазы
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар