Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Ойсыздық пен ойшылдық хақындағы хаттар...

19.06.2021 4749

Ойсыздық пен ойшылдық хақындағы хаттар 12+

Ойсыздық пен ойшылдық хақындағы хаттар - adebiportal.kz

Ақын, аудармашы, көркем тілді көсемсөзші Дәулетбек Байтұрсынұлының адам бойынан табылуға тиіс ізгі қасиеттер туралы жазған кітабын екінші мәрте оқып шықтым. «Төлеген оқыған хат» отыз үш хаттан тұрады. Отыз үш тақырып, отыз үш ой, отыз үш - табылмайтын тағылым, терең таным бүгінгі таңда бізді мазалап жүрген сұрақтардың жауабын іздеседі. Автор ойымен келіспеске лажыңыз жоқ. Себебі, айтып отырған сөзінің бәрі рас. Біз ол кеселдермен күресіп жүрміз-ау, бірақ іс жүзінде емес... Ғибратқа толы хаттарын бір оқыған аз! Үш қайтара оқысаңыз көп емес екенін көңілге бекем байладық!

Ақынның ізденісі, тапқан жолы, ежелгі дәуірдегі дәстүрді жалғауы оқып шыққанға оңайға түседі. Тілі жеңіл болғанмен көтерген жүгі ауыр, зіл, батпан! Жинақтағы «Жүрек төрі», «Махаббат пен эгоизм», «Моян және иіс», «Ұлттық деңгей», «Қарапайым сауат», «Жастар жылының жан сөзі», «Он бес мың теңге», «Керуен және ит», «Қарттар үйі», «Ерлік ескірмейді», «Оралу мен доғару» тақырыбындағы тағылымды әңгімелері осы сөзіміздің дәлелі. Бұл кітапты мектеп қабырғасында қызмет ететін ұстаздар қауымы, жас педагогтар оқу қажет. Ғылымға жол бастайтыны, білімге бағдар көрсетері айқын. Бала тәрбиесі мен оған тәлім берудің қыр-сырын осы жинақтан табарына бек сенмін.

Әлқисса, өзіміз емес кітаптың сөзін сөйлетейік. Аталған кітап «Көркем мінез» тақырыбымен басталыпты. Біздің қоғамдағы сан адамға жетпей жүрген сана мен талайдың кеудесін көтеріп жүрген тәккәпарлық дейсіз бе, соқыр сенімге құрылған дін дейсіз бе, жамандығын ерлікке балап, жақсылығын базарға салатын адамдар дейсіз бәрі-бәрі осы алғашқы толғамға жүк болыпты. Адамдар бойына біткен алуан түрлі мінезін тастап кете алмай сүйегіне сіңген жаман әдетімен исламға кіретін болса, нәтижесінде сәлдесі, сақалы, шапаны ғана өзгеретіні тілге тиек етілген. Намаз оқып, таспих тартып жүрген «сақалды» сайқалдар көз алдымызға келе қалды. Өзінің үйі тұрмақ намаз оқып, құдайға құлшылық етуге мешітке барып өзі секілді біреуге сыбырлап әлдекімді жамандап отыратын әпенділер көлбеңдеді. Бұл аз десеңіз автор діни көзқарас пен наным-сенімді сұйылту арқылы ел ішіне іріткі салуды көздейтін көлденең көк аттылардың және ондайлардың тым көп екенін де осы алғашқы тақырыпты қаузап отырып жайып салады.

«Тамыр және жеміс» бұл автордың жоғары аталған толғамымен тақылеттес тақырып. Туындыгер әмбе өзінің ойын осы ой-толғауында жалғастыра түседі. Үзінді келтіріп көрелік. «Қоғамды жайлаған дерттің тамырланғаны сонша, шырмауықтай оратылып өмірдің тынысын буып тастады. Мемлекеттік қызметкер - бюрократ, мейірімсіз, дөрекі. Билік халықтың қажетінен гөрі қағаздың қажетін көбірек ойлайды. Жоғары мен төменнің байланысы үзілген.... Жеміс ағашының тамырынан нәр алатынын білсек, улы жемісті түбінен тамырымен қопарып тастауға тиіспіз» делініпті. Шын мәнінде жаман әдеттің туу себебін іздесек, автор айтқан мінездің орысқа бағынған, соған бодан болған шақта жұғып, дерттегені даусыз. Д.Байтұрсынұлы айтып отырғандай отаршылдардың түпкі мақсаты ағы болсын, қызылы болсын, қазақ халықын отарлау, бағындыру, басын құлдыққа байлау болғанын айтады. Содан бері тілінен, ұлттық сипатынан айырылған халықты ауруы асқынған мешел һәм мақұрым адамдар жайлағаны рас-ты.

«Ұятсыздық дегеніміз әдемілік, тәртіпсіздік дегеніміз еркіндік болып саналатын «салт» қалыптасты. Әйелдер қабығынан аршылған жұмыртқадай жалаңаштанды. Шашы жалбырап, омырауы салбырап, балтыры тырдай...» Бұл «Төлеген оқыған хат» кітабындағы үшінші тақырып «Ұлттың жаны». Қазақ деген ұлттың жаны өзгеріп кеткені өтірік емес. Сөйлеуі, тілі, мінезі, тіршілік формасы, киінуі, ойлау жүйесі астаң-кестең шықты. Қазақтың түр-тұлғасы, пошымы баяғыдай болғанымен парасаты қатты жүдеп кеткенін айтқан автор осы кеселмен күресуді де алдымызға тартады. Неге бұлай болып шыққанын да мәйекті тілмен мәлімдейді.

Қазір «жетістікке» жеткен, ақылгөй мотиваторлар қаптап алды. Айтатыны ақыл мен ақша. Қалтасы тесілген, жүйкесі жұқарған кедей байғұс соның аузына өзінің аузынан сілекейі шұбырып, қарап отырғанын аңғармайды. Нанына ақшаны әрең тауып отырып солардың семинарлары мен тренигтарына бағасы удай қымбат билет сатып алудан тайынбайды. Адам жетістікке жету үшін ерте тұру, ұйқыны азайту керек дегенге саятын ойлары ғана жөн, ал қалғанының барлығы да құр ауадан ақша жасауды армандайды. Жә, біз мұны неге айттық. Автордың «Ұйқы және азан» тақырыбындағы толғамы әсер етті бұған. Өз жанымыздан сөз қоспай авторға жүгінсек, төмендегідей: «Таңғы ұйқының қызығына бата бермей, нәпсісін жеңіп қағынып-сілкініп қарғып тұру мұсылман үшін аса маңызды. Жалпы адам баласы үшін ол мұсылман болса да, дінсіз болса да ерте тұру тіпті зор маңызға ие. Әлемдегі мемлекеттер мен ұлттарға назар аударсам, күн шықпай ерте тұратындардың тірлігі озық, оларда білім де, байлық та, ұрпақтың өсімі де, өзгеріс те, бақыт та анық көрініп тұрады».

Осымен бірге кітап авторы айтқан тәмсіл де қатты әсер етті. Ит байғұс таңға дейін тынымсыз жүгіріп, міндетін орындап, күннің ащы ыстығы бүйірін қыздырғанда ғана есінеп орнынан тұрса, қой жарықтық, түнімен жусап, бырт-бырт күйсеп жатып ұйықтайды. Бірақ ол күн шықпай бір қараңғы, бір жарықта ұйқысынан оянып, дүр сілкініп орнынан тұрып өріске беттейді-мыс. Бірақ ит үш айда бір туса да, әр жолы жеті-сегізден күшіктесе де қаптап жүрген, милиондаған ит жоқ. Қой болса, бес айда бір туып, ішінара егізден туатынын қоспағанда негізінен бір ғана қозы туар, алайда, мыңғырып өсіп, қора-қора болып шығады екен. Ойын осылай түйіндеген сөз иесі қойдың сипаты басым болса, қарның тоқ, киімің бүтін, ұрпағың өсіп өнетіні, иттің тірлігін істесең, ішкен-жегенің жұғын болмай, ұрпағың телім-телім болып қалмасына кім кепіл екендігін екшеп өтеді.

«Қазақ тілді басылым» әлемдегі қазақтардың хал-күйінен хабар береді. Адам қай мемлекетке барса, сол елдің тілімен, заң-түзімімен өмір сүреді. Содан соң олар ұзақ уақыт сол елде тұра берсе, бірте-бірте сол ортаға бейімделіп өзінің қалай өзгеріп кеткенін де сезбей қалады. Бұл өмір сүрудің қажеті үшін табиғи жүзеге асатын ассимляция. Осы хақындағы көрген-білгенін кітап авторы төмендегідей мәтінде шегелеп айтыпты: «Жер шарындағы жалпы қазақтың санынан үш миллионы кеміді дей беріңіз, олай дейтінім, тілі кеткен, діні кеткен, дәстүрі жойылған қытайласқан топты қазақ деп айтуға ауыз бармайды. Мұндай сорақы күйге, «мәңгүрттікке» жеткізген әлемнің қожайындығына таласып отырған шығыстағы қытай империясы». Бұл біздің ұлтқа төнген зауал, қаны бір қазақ баласының қасіреті. Осы ойларды ортаға салып отырғандықтан да болар кітаптың бағасы тіптен арта түседі екен...

Дәулетбек ақын «Екі жәшік алма» туындысында біздің қоғамдағы адамдарды марапаттау мен сыйлауды үдетіп жібергендігі туралы ой толғайды. Сырт қарағанда атаққа кенелу, медальға малдану жаппай үрдіске айналды. Ал бұдан шын құрмет пен марапаттың құны тіптен төмен түскені түсінікті. Тіпті осы атақты алған күннің өзін де орден медальдің қасында бір тиын ақшасы, адам өміріне пайдасы тиетін титтей үнемі жоқ құр темір, бос қағаз ғана болып шығады. Авторға жүгінсек: «Ең жоғарғы «Еңбек ері» атағының өзі автобуста тегін жүруге жарамайды. Еңбек ақысы артпайды, дәрежесі көтерілмейді. Сонда да қазақтар атақ-дәрежеге өліп-өшіп ұмтылады, барын салып алуға талпынады. Қазақтың осы атаққұмарлығын білген әлдебір белгісіз қоғамдық ұйым шұғыл қимылдап, орайлы сәтті қолдан жібермей «Қазақстанның құрметті азаматы» деген атақты ойлап тауып бес мысқал төс белгі, бір жапырақ куәлігін бір милион бес жүз мың теңгеге сатыпты» осылай дейді ашынып отырып ағынан жарылып. Оқып отырып қоғамда белең алағн осы бір үрдісті көзімізбен көре отыра «жарылып» кетпей не қылып жүрміз деген ойдың келегенін жасыра алмаспыз.

Автор жазған «Суицид» өте ауыр тақырып. Жазғанды қайдам оқып отырып мына біз ойға тұншығып қалдық. Неге? Өйткені осы мәселе біз ғұмыр кешіп отырған қоғамдағы жаныңды жаралайтын, ауыр әсер қалдыратын әңгіме. «Бүгінгі таңда өзіне өзі қол салу қоғамдық дертке айналып, ер-әйел, кәрі-жас бәрін қамтыды. Бұл індет тиылмай отыр, тіпті анау жазғы емтихан аяқтаған кезде жасөспірімдердің мемлекеттік ҰБТ-дан өтпегендерінің арасында белең алып талай ата-ананы, талай отбасыны зар жылатып қайғыға батырады» дейтін ақиқат ашына айтылады. Төмен баға алып, жоғары оқу орнына түсе алмай қалғаны үшін мезгілсіз мерт болып жатқандарда иманның әлсіреуі, адамдардың азғындық жолға түсіп, түңілуі деп түйген ләзім.

«Еркек ұстаздар қайда кетті?» тақырыбы тәлім-тәрбие, білім-ғылымды қаузайды. Бүгін мектептердегі ер мұғалімдердің саны тым азайып кеткенін мәселе етіп көтереді. Осы арқылы ер адамның тәрбиесін алмаған ұлдардың қызтекелік пен оданда сорақы мінезге бой алдыратынын айтып, егеменді еліміздің ұлтжанды ұлдарын тәрбиелеу үшін ер мұғалімдердің саны артса деген арман-мұратын ақтарып салады.

«Қайран елім» автордың өзі айтқандай тарих пен тағдырдың байланысы туралы екен. Көлемі тым ұзақ емес, өзінің жеке басында сапырылысқан қиялдың қысқа ғана үздіккен үзік көріністерін шолып шығады. Тіршіліктегі адамның тірегі тіл, тілінен айырылған ұлт тінінен ада болып, тоз-тоз болып құрдымға кетеді. Өз ойымыз да автор ойымен үндес болған соң, кітап сөзіне кезек берелік: «Адамға күллі тәлім-тәрбие, мінез, намыс пен ұстаным тек тіл арқылы, орнығады екен. Тіл кеткен соң, бәрі жат, бәрі бейтаныс болып жүре бермек. Сол тұрғыдан айтқанда, өткен ғасырдағы диктатуралық қысым, қатаң режимдегі саяси тұқыртулар ең алдымен тілден айыру арқылы, ұлтты ұзақ мерзім аздыру, айныту тәсілімен жолдан шығарды». Бұған қоса, үш милионға таяу этникалық қазақтың басына қара бұлт үйіріліп ауыр күн туғанын, Қытай коммунистері бір ұлт жасау үшін, ұлттық «бөлшектенушілікке қарсы күрес», «тероризмге, экстремизмге қарсы күрес» дегенді желеу етіп, жеңін түріп, жебір пиғылмен аз ұлттарды тілі мен дінінен айыру саяси науқанын, яғни ішкі «соғысты» бастап кеткенін көңілге бекітеді.

«Жағымпаздық пен құрмет» толғамында парақорлық пен жағымпаздық тәуелсіздікке төніп тұрған қауіп екені сөз болады. Оның зардабы сыртқы жаудан да жаман, іштей ірітіп-шірітетін сұмдық екені тәпсірленеді. Жағымпаздық кеселінен екі жүзді мунафиқтар, әділетсіз судиялар, сатқын полицейлер, білімсіз шенеуніктер жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай жамырап сала беретін болады. Ары қарай ойланудың өзі ауыр тиетінін түсіндік. Өзінің түйсігі бойынша пайымын ортаға салған ақынның айтар сөзі осы. «Жүрегі кірлеп даттанған нақұрыстар көрсоқырлықпен жағымпаздықтың етегінен мықтап ұстап, пасықтық тәсілді тіршілік көзіне айналдырады» деп қайырыпты Д.Байтұрсынұлы. Келіспеске лажың жоқ, шырылдаған шындық болған соң шымбайыңа батып-ақ кетеді.

«Ұмытылған тақырып» ұялы телефонға телмірген біздің буынның дауасыз дертін тәпсірлепті. «Сотовый» деген бәле болды, бұрын қалай өмір сүрдік екен, қазір қарыс жерге шықсаң, ала жүресің, болмаса, жарты денең жансызданғандай күй кешесің, тіпті өзіңді ұмытып кеткендей сыйпаланып қаласың. Өзіңе сенбейсің, телефоныңа сенесің, бұрын есте сақтасақ, енді оның бетіне жазып қоямыз. Өмірімізге дендеп кіргені сонша хабарласатын телефон, көретін телевизор, оқитын кітап, суретке тартатын фото аппарат бәрі бір затқа мінгестіріліп тасталғандықтан бұра тарту деген жоқ. Жеті жастан жетпіс жасқа дейін осы бір алақандай көк темірге байланып қалдық» деген авторы ойы, жаһандану дәуіріне жұтылып бара жатқан жұртшылықты елестетті...

Осы жинақтағы «Бет бұру», «Қазақтың күй құдіреті», «Сіз аттас ақын», «Сенің арқаң», «Сапарға шығыңдар!», «Кіндік пен сырға», «Мінезді ақын», «Тоғысқан алыптар ойы», «Телефон және екі сом», «Ақыл мен мақұл», «Бозмұнар» сынды толғамдардың сыны мен сыры өте керемет өрілген. Көз жүгіртіп емес, көңілге бекітіп оқысаңыз ой шырмауына шырмалып шындық іздеуге сіз де ұмтылып, адам баласына қажетті аса бағалы дүниені табуға ынта білідерсіз, мәртебелі оқырман!

Аталған кітап хақында алғаусыз пікірлер мен пайымдар, толғаныстар мен толғаулар осыған дейін де еш толастамады. Дәл осылай болуы керектей сезіледі. Қарапайым оқырман ретінде, толайым толғам мен ой орманын аралап шыққан, содан соң өз жүрегіне үңілген жан есебінде бұл заңды құбыслыс деп баға артқанымызды тағы жасырмаймын. Бұл кітап бүгін айтып, ертең естен ұмыт болатын дүние емес екеніне көз жеткен соң қаламға қол создық. Осы кітапты оқып шыққан соң өзімізді «Төлеген ұстаздай» сезініп, төңірегімізге соның көзімен қарап әрнені дәл сол кісі секілді бағамдай бастадық па? Қалай?!..

Қуат ҚИЫҚБАЙ,

Жазушы, Семей қаласы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар