Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АУДАРМА
Перизат Алмазова. Ғашық жүрек – ақ бұлттардай ар т...

17.02.2019 6950

Перизат Алмазова. Ғашық жүрек – ақ бұлттардай ар тұнған...

Перизат Алмазова. Ғашық жүрек – ақ бұлттардай ар тұнған... - adebiportal.kz

 

Мен – мәңгілік,

Мен – шексіздік!..

Судай тұнық, Күндей жарық, жылумын.

Аспан, Жермін –

«Періштемін», Сұлумын!

Әппақ қармын,

Терең көлмін, тұнықпын.

Көзімді ашып, жұмған сәтте

Ару таңда нұр тұрды

Нұр дүниеме қош келдіңдер!..

Әй, өмірім, жыр өмірім,

Мен сен үшін құлпырдым!

 

…Құлпырдым мен,

Биіктерге ұмтылдым...

Ұлы Қазақ,

Ұлы Қырғыз жұртымның -

Тұлпарын да,

Сұңқарын да ұшырдым,

Қазақ – оң қол, Қырғыз – сол қол,

Мен екі Елдің құтымын!

Құндызымын, Жұлдызымын,

Туғанымын...

Шыным – үнім:

Ерке қызы – гүлімін!

Осы екі егіз Елдей Ұлымын!

 

Қос Ананың ақ тілеуі:

Үмітті ақта, құлыным!

…Мен,

Мен – мәңгілік,

Мен – шексіздік!..

Кейде қармын...

Қара жердің мұзымын.

Тірлік-дәмнің тұзымын,

Тулап тұр ғой, тасып тұр ғой.

Толқып тұр ғой жүрегім!..

 

Мен өмірдің бал қаймағын табар ем...

Жанарыма сыйып кетер бар әлем!

Мен бақытты Адамдармен Ұлымын!

Бір Құдайдың құлымын!

 

 

***

 

 

Қайнап –
Мұз боп,
Күйіп, жанып,
Бұрқылдап,
Жүрек!..Жүрек!..
Соғып, соқпай,
Қорқытад(ы)!..
Толқып, тасып,
Тұла-бойым солқылдап,
Сел менен сел,
Жер ағызып
Асықты,
О-о-о, Таудай тілек,
Аспандатты, тасытты!!!

Тулап,
Теуіп,
өкпе, бауыр
тұр тыңдап...
Тоқтап, жүріп...
Таудай болып толқындап.
Ай, жаным-ай!..
Жан жоғалды,
Таба гөр!
Жерді айналып,
Жер түбінен қол бұлғап...

Қайнап –
Мұз боп,
Күйіп-жанып, солқылдап!
Өмір! Өмір!..
Мәңгі емес,
ол бірақ!
О, Жаратқан,
Шаша көрме топырақ..
Биік шыңда
Отырамын
Ой құрап...

 

 

 

 

 

***

 

Үмітіме үкі тағып
Үлпүлдеп!..
Әппақ теңіз,
Сөз – құдірет
гүл сөйлеп...
Қара жерім кірпік қағып
Үлгірер,
Көк аспаным
Күнім күлер,
Жарқырап.

Бұл өмірім,
«Сүй, Сүй, Жаным, мені ғана сүйші» деп...
Ғашық болар атырап!
Сүй,
Өмірді,
Сүйіншілеп,
күлімдеп...
Е-ей-й, жарықтық!
Құдіреттің құты көп!
Көк аспанды,
Қара жерді
Жетіп өп!
О, Тәңірім,
Ішім – жалын,
Сыртым – өрт…
Қашан келер...
Қашан келер...
жазым көк?!

 

 

***

 

- Бармын,
Жоқпын...
Отпын...
Шоқпын...
Жанып тұрам лапылдап!
Маған, саған,
Күн күлімдер жарқылдап!
Жамандықты
Жақсы жеңіп алға асар!..
Өмір – өлім...
Түбі әйтеуір, алмасар!
Шындық!.. Шындық!..
Шығыстан шын «Шын» сұрап,
Қориды ит...
Қорқып тынар
Қыңсылап!..
Ит тірлік-ай!..
Тұрмыс билер
Тызылдап...
Ақша!.. Ақша!..
Ақыл сатқан ызыңдап...
Қойылған ба
Жанға жалын қызыл бақ?
Шын бақыт – күш!
Тасып шалқы!..
Шын жырлап!
Бүгін қыс па?..
Аяз тұр-ау сақылдап!
Е-е, еш нәрсе емес!
Қыс Нұр төгер жарқылдап!

Жалықтырар
Жалған жарық сүйкімді ап...
Құлақ түрер бірлі жарым
Күй тыңдап...
Оойй, сұмдық-ай!..
Бұл несі?!

Жан дүниенің руxын тап..

Мен жүремін...
Гүл өмірден
Гүл ұрлап!..

 

 

***

 

 

…Өмір, Өмір!..
Тұп-тұнық Ай
жап-жарық,
Мөлдір бұлақ,
Ақ сүт,
әппақ май ағып...
Алақанға аспанымнан бал тамып,
Көк жүзінен жұлдыз ұшар таңданып,
Кірпігіме періштелер қонақтап,
Жымияды,
сыбырласып таң қалып.
Жақсылық көп!..
Өмірді құш,
Таң жарық!!!

…Жарық Нұрым
аспаныма қонды анық...
Шексіздікте
шіренеді
Ай қалқып.
Қара жаным қара жерде жай балқып,
Өмір өзі өкпелей ме?..
Толғанып...

…Өмір, Өмір!..
Қос бұрымы байланып.
Өзім қалдым мына өмірге
Хан сайланып,
Ақыл,
Білім,
Сұлу сезім байқалып.
Өмір – сұлу!..
Өмір - ұлы!
Айталық.
Өмірді сүй!
Қаймағына айналып!..
Өмірді сүй тамырына байланып!!!

 

https://www.youtube.com/embed/s74QYXbRIg8

 

***

 

Ұш!..
Ұша ғой!..
Көкке шаншып, талмай қанат қағамын!
Көлді сүйіп,
Өртке күйіп табаным!
Аспан мен Жер ортасында барамын.
Нұрға оранып қас пен кірпік, жамалым,
Дүниенің балын ұрттап, саумалын...
Мен – Күн қызы!
Ұлы Күннен жаралдым...
Мен өлердей сүйем мына Өмірді!..
Сен де сүйгін,
Өмір Мен боп көрінді!

Қара жердің бұрқыратып аршасын,
Аластайын айна бұлақ, баршасын.
Сүттей ақ таң, жас жаныммен құмарттым,
Жұпар исі аңқып тұрар гүлбақтың...

...Ұш!
Ұша ғой!..
Көкке шаншып, талмай қанат қағамын,
Бұйра-бұйра толқындатып барамын...
Айдың мөрі сүтке тамар сұлулық...
Өмір сүрем...
Жарқ еткізіп...

Жарық Әлем қабағын!

 

 

***

 

Ақбоз үй,

Ақшаңқан үй – Алатау бір,

Түндігін өлең түрген, от алау- жыр.

Кереге ырыс-құтқа кенелгенде

Рух алып ықыласпен отауға кір

Уықтар ұлы көшпен теңелгенде...

 

Ақбоз үй,

Ақсұңқарын көкке шаншып,

Қондырар төбесіне. Неткен ғашық?..

Алысып ауыздықпен Арғымағы

Ғарышқа зулап ұшып, жеткен тасып.

 

Көшпелі елім,

Алтын тұмар тағынып,

Ақбоз үймен ғұмыр кешкен сағынып.

Айналайын, аруақты бабалар,

Басымды ием, мөлт-мөлт жасым ағылып...

 

Ақшаңқан үй

Алатауды жамылған,

Әлдилейсің, мен өзіңе бағынғам.

Сенде – Өмірім,

Сенде – Тағдыр-тәлейім,

Аластайсың киеңмен жан-рухымды –

Жарылайын Ағымнан!

Жәннат, жұмақ – бағымнан...

 

 

***

 

...Менің жолым -
Өмір жолы...
жорға жүйрік, тұлпардай,
Қанат қағып ұшам көкке сұңқардай.
Алатаудың ақ бұлағы сыңғырлап,
Елік қыздар еркелейді наз көңіл,
Жұлдыз тамған түнін, гүлін жазды өмір...

Шіркін, өмір!
Егізімдей -
Бір жұлдызым аспанда,
Көрінер ол Алатаудан асқанда...
Аңсарымды алған менің,
қараймын -
Қара жерге
жанарымнан жас тамбай...

...Түзу жолдар,
бұралаңсыз -
алға ұмтылған, алқынған...
Сезім-тұмар сомдалғандай алтыннан.
Алты ай көктем, алты ай жазым Ай туар,
Ай астында қаншама сыр айтылар...
Ғашық жүрек - ақ бұлттардай ар тұнған,
Гүлін сүйген жұпар шашып,
бал тұнған...
Аңқыған...

 

 

***

 

 

Ұйқысы түннің -шашбаулым,
Күлкісі күннің сыңғырлап...
Жетіқарақшы, үркердей саулайды көктен жыр құлап...
Толқындар сұлу
тоқтамай толқып тербелер,
Мөлдіреп тамшы мұхитқа тамса емделер...
Махаббат сезім - бұлқынар жүрек мұң құрап...
жыр бұлақ.

Жыр бұлақ сұлу -
Сүйсінтіп көзі сүйдірген,
Аңсаған, асау
ынтыққан жүрек күйдірген...
Құлпырған жаным,
Көкке самғатқан жыр құсым,
Сиқырлымысың...
Аспанда, Жерде
Сағынып мені жүрмісің?!
Пах, шіркін,
Сүю!!!
Өмірге мəңгі ғашықпын!
Балқып та кетем,
шалқып та кетем,
от болып кетем!

Жүрегім,

Мені

тасыттың!

Ғашықпын...

 

 

Қырғыз тілінен аударған Гүлбақыт ҚАСЕН

 

 

Суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар