Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Перизат Алмазқызы. Сүй, өмірді, сүйіншілеп, күлімдеп...

22.01.2020 1572

Перизат Алмазқызы. Сүй, өмірді, сүйіншілеп, күлімдеп... 12+

«Тасыған нұр, тұлпар ғұмыр байлығым»- деп шабыттана жырлаған қырғыз халқының жалындаған жас ақыны Перизат Алмазованың өлеңдері маған өте ұнады. Перизаттың өлеңін аударған қазақтың танымал, талантты ақын қызы, жыр әлемінен өз орнын ойып тұрып алған, халықтың жүрегіне жол тапқан - Гүлбақыт Қасен. Гүлбақыт Қасен Перизат Алмазованың жырларын тереңінен толғанып, Перизаттың тебіреністері мен тұнық судай тереңдігін, жарық күндей жалынын, ой жүйесінің тамырын тап басып аударған.

Мен - мәңгілік,

Мен - шексіздік!..

Судай тұнық,

Күндей жарық, жылумын.

Аспан, Жермін –

«Періштемін», Сұлумын!

Әппақ қармын,

Терең көлмін, тұнықпын.

Көзімді ашып, жұмған сәтте

Ару таңда нұр тұрды...

Нұр дүниеме қош келдіңдер!..

Әй, өмірім, жыр өмірім,

Мен сен үшін құлпырдым!

...Құлпырдым мен,

Биіктерге ұмтылдым...

Ұлы Қазақ,

Ұлы Қырғыз жұртымның

Тұлпарын да,

Сұңқарын да ұшырдым,

Қазақ - оң қол,

Қырғыз - сол қол,

Мен екі Елдің құтымын!

Құндызымын,

Жұлдызымын,

Туғанымын...

Шыным - үнім:

Ерке қызы - гүлімін!

Осы екі егіз Елдей Ұлымын!-деп асқақтай жырлаған Перизат ақынның өлеңдегі көңіл-күйін, жүрек лүпілін, қырғыз, қазақ халқына деген махаббатын қырғыз тілінен аударғанда, Гүлбақыт ақын өте шеберлік танытқан. Жалпы әдебиеттің ең бір күрделі де қиын саласы ол - аударма. Бір халықтың тілінен екінші халықтың тіліне аударма жасағанда, сол халықтың ұлттық үрдісін, мәдениетін, әдебиеттегі ерекшеліктерін, тілінің құнарлылығын сақтай отырып аудару - үлкен таланттың ғана қолынан келеді. Туысқан қырғыз-қазақ халқының талантты қос ақыны бірінің өлеңін бірі аудару арқылы әдебиет деген ұлы әлемде екі халықтың рухын табыстырды. Қырғыз, қазақ халқына үлкен сыйлық жасады. Қымбатты ақын қыздарым! Гүлбақыт Қасен мен Перизат Алмазқызы! Әлемдегі алып мұхит әдебиет айдынында ақ жол тілеймін! Қанаттарың талмасын! Жұлдыздарың жарқырай берсін!

Заида Елғондинова,

ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері

Таудай тілек

Қайнап – Мұз боп,

Күйіп, жанып,

Бұрқылдап,

Жүрек!..

Жүрек!..

Соғып, соқпай,

Қорқытад(ы)!..

Толқып, тасып,

Тұлабойым солқылдап,

Сел менен сел,

Жер ағызып Асықты,

О-о-о, Таудай тілек,

Аспандатты, тасытты!!!

Тулап,

Теуіп, өкпе, бауыр тұр тыңдап...

Тоқтап, жүріп...

Таудай болып толқындап.

Ай,жаным-ай!..

Жан жоғалды,

Таба гөр!

Жерді айналып,

Жер түбінен қол бұлғап...

Қайнап – Мұз боп,

Күйіп-жанып, солқылдап!

Өмір! Өмір!..

Мәңгі емес, ол бірақ!

О,Жаратқан,

Шаша көрме топырақ..

Биік шыңда

Отырамын Ой құрап...

* * *

Үмітіме үкі тағып

Үлпүлдеп!..

Әппақ теңіз,

Сөз - құдірет гүл сөйлеп...

Қара жерім кірпік қағып

Үлгірер,

Көк аспаным Күнім күлер,

Жарқырап.

Бұл өмірім,

«Сүй, Сүй, Жаным, мені ғана сүйші» деп...

Ғашық болар атырап!

Сүй, Өмірді, Сүйіншілеп, күлімдеп...

Е-ей-й, жарықтық!

Құдіреттің құты көп!

Көк аспанды,

Қара жерді Жеті өп!

О, Тәңірім, Ішім – жалын,

Сыртым – өрт…

Қашан келер...

Қашан келер...

жазым көк?!

* * *

- Бармын,

Жоқпын...

Отпын...

Шоқпын...

Жанып тұрам лапылдап!

Маған, Саған, Күн күлімдер жарқылдап!

Жамандықты

Жақсы жеңіп алға асар!..

Өмір - Өлім...

Түбі әйтеуір, алмасар!

Шындық!..

Шындық!..

Шығыстан шын «Шын» сұрап,

Қориды ит...

Қорқып тынар

Қыңсылап!..

Ит тірлік-ай!..

Тұрмыс билер Тызылдап...

Ақша!.. Ақша!..

Ақыл сатқан ызыңдап...

Қойылған ба

Жанға жалын қызыл бақ?

Шын бақыт - күш!

Тасып шалқы!..

Шын жырлап!

Бүгін қыс па?..

Аяз тұр-ау сақылдап!

Е-е -ешнәрсе емес!

Қыс Нұр төгер жарқылдап!

Жалықтырар Жалған жарық сүйкімді ап...

Құлақ түрер бірлі жарым

Күй тыңдап...

Оойй, сұмдық-ай!..

Бұл несі?!

Жан дүниенің руxын тап..

Мен жүремін...

Гүл өмірден Гүл ұрлап!..

* * *

…Өмір, Өмір!..

Тұп-тұнық Ай жап-жарық,

Мөлдір бұлақ,

Ақ Сүт, әппақ май ағып...

Алақанға аспанымнан бал тамып,

Көк жүзінен жұлдыз ұшар таңданып,

Кірпігіме періштелер қонақтап,

Жымияды, сыбырласып таң қалып.

Жақсылық көп!..

Өмірді құш,

Таң жарық!!!

…Жарық Нұрым аспаныма қонды анық...

Шексіздікте

шіренеді Ай қалқып.

Қара жаным қара жерде жай балқып,

Өмір өзі өкпелей ме?..

Толғанып...

…Өмір, Өмір!..

Қос бұрымы байланып.

Өзім қалдым мына өмірге

Хан сайланып,

Ақыл,

Білім,

Сұлу сезім байқалып.

Өмір – сұлу!..

Өмір - ұлы!

Айталық.

Өмірді сүй!

Қаймағына айналып!..

Өмірді сүй тамырына байланып!!!

* * *

Ұш!..

Ұша ғой!..

Көкке шаншып, талмай қанат қағамын!

Көлді сүйіп,

Өртке күйіп табаным!

Аспан мен Жер ортасында барамын.

Нұрға оранып қас пен кірпік, жамалым,

Дүниенің балын ұрттап, саумалын...

Мен - Күн қызы!

Ұлы Күннен жаралдым...

Мен өлердей сүйем мына Өмірді!..

Сен де сүйгін,

Өмір Мен боп көрінді!

Қара жердің бұрқыратып аршасын,

Аластайын айна бұлақ, баршасын.

Сүттей ақ таң, жас жаныммен құмарттым,

Жұпар исі аңқып тұрар гүлбақтың...

...Ұш! Ұша ғой!..

Көкке шаншып, талмай қанат қағамын,

Бұйра-бұйра толқындатып барамын...

Айдың мөрі сүтке тамар сұлулық...

Өмір сүрем...

Жарқ еткізіп...

Жарық Әлем қабағын!

* * *

Ақбоз үй,

Ақшаңқан үй – Алатау бір,

Түндігін өлең түрген, от алау- жыр.

Кереге ырыс-құтқа кенелгенде

Рух алып ықыласпен отауға кір

Уықтар ұлы көшпен теңелгенде...

Ақбоз үй,

Ақсұңқарын көкке шаншып,

Қондырар төбесіне.

Неткен ғашық?..

Алысып ауыздықпен

Арғымағы Ғарышқа зулап ұшып,

жеткен тасып.

Көшпелі елім,

Алтын тұмар тағынып,

Ақбоз үймен ғұмыр кешкен сағынып.

Айналайын, аруақты бабалар,

Басымды ием, мөлт-мөлт жасым ағылып...

Ақшаңқан үй Алатауды жамылған,

Әлдилейсің, мен өзіңе бағынғам.

Сенде – Өмірім,

Сенде – Тағдыр-тәлейім,

Аластайсың киеңмен жан-рухымды –

Жарылайын ағымнан!

Жәннат, жұмақ – бағымнан...

* * *

...Менің жолым –

Өмір жолы...

жорға жүйрік, тұлпардай,

Қанат қағып ұшам көкке сұңқардай.

Алатаудың ақ бұлағы сыңғырлап,

Елік қыздар еркелейді наз көңіл,

Жұлдыз тамған түнін, гүлін жазды өмір...

Шіркін, өмір!

Егізімдей –

Бір жұлдызым аспанда,

Көрінер ол Алатаудан асқанда...

Аңсарымды алған менің, қараймын –

Қара жерге жанарымнан жас тамбай...

...Түзу жолдар,

бұралаңсыз - алға ұмтылған, алқынған...

Сезім-тұмар сомдалғандай алтыннан.

Алты ай көктем, алты ай жазым Ай туар,

Ай астында қаншама сыр айтылар...

Ғашық жүрек - ақ бұлттардай ар тұнған,

Гүлін сүйген жұпар шашып, бал тұнған...

Аңқыған...

Гүл өмір

Ақ, көк, қызыл,

Жасыл гүл-гүл өмір мәңгі

жұпар шашып жайнайды,

Бұлттар билеп,

Жұлдыз біткен жымыңдайды,

ойнайды.

Айдын көлдің маңдайынан

сыйпалайды Тәңірім,

Жан Рухымды құлпыртады,

әрі сұлу, әрі мұң...

қажетіңе төгілейін гүл-өмір!

Өртті өзеннен жыр ұрттайын,

Оттай бір,

Жанарымда жарқырайды шоқтай нұр...

Сөндіре алмас нөсер, жауын, дауыл да,

О, гүл-өмір,

Садағам бол,

Мың тағзым!

Шексіз саған құрметім де

Мың тағзым!

Сен – падишам

Жер кіндігін аспан кесіп ақырын...

Кірпігіне тақты тәжін, моншағын.

Бір қажетке жарата ма жаңбырын –

Ақ, көк, қызыл, жасыл гүлдер ақырын

Махаббатпен жерге жаяр тамырын!

Тамырымда ақ жүрегім – құт, жаным,

Сен – Падишам,

Сен – Төресің,

Сұлтаным!

Сезім-сыры өмірімнің ұққаным,

Күн сәулесін сүйіп, сүттей ұрттадым...

Жер кіндігін аспан кесіп ақырын...

Ағыл-тегіл тамшылатсын жаңбырын,

Секіреді елігі мен лағы мың...

Алатауға таққан кие тұмарын,

О, махаббат,

Сені құрмет тұтамын!..

Бұлақтай мөлдіре...

Е.., Ей!.. Таза бұлақ,

Мөлдір суы ойнап аққан,

Тау мен тасқа еркелеп ойнап жатқан.

Көкке ұмтылған бәйшешек сүп-сүйкімді –

Шашын нұр мен суәулеге аймалатқан.

Қара жердің уызы қаймақтанар...

Тұлабойды балқытып, рақат табар!

... Рақаттанып жанартау жанатындай,

Қиядағы сұңқардың қанатын-ай!

Етегінде ойнақтап еліктерім,

Құшақтасқан құлындар шабатындай...

Міне, өмірдің өрнегі...

Жарықтық-ай,

Таң атады, батады...

Қалыпты ұдай...

...Таң атады,

Батады...

Ағады су!..

Оттай жанып

Адамзат қаламысың?!

Көңіл босап, мөлдірер...

Жанарда – жас...

Бар әлемге бір тамшы

Тамады шын...

Тамады жас!!!

* * *

...Айналайын,

Алтын - Өмір,

Күміс - Көңіл жарықтық!..

Жасы - шекер,

Жасы - шербет...

Бәрі - құт.

Төгілердей тәтті, шырын балқаймақ,

алақанда, әппақ бұлт та, тамардай бір таңдайға...

...Айналайын,

Қасиетті қара жер!

Топыраққа төгілгенде маңдай тер,

Ақ сүтіңнен нәр алайын,

Еркелейін, әлдиле,

Адам Ата, Хауа Ана тірілер,

Тірілгенде жан дүнием!

...Айналайын!

Алтын - Өмір, өмірім!

Бірде жылар,

Бірде күлер көңілім.

Қара жерге ақ жауындай төгілдім,

Ақ бидай боп кең даладан көріндім,

О, Құдірет,

Ұзақ болсын ғұмырым,

Мықты болсын тұғырым!

Әумин!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар