Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Постмодернистік пәлсапа...

16.03.2021 4824

Постмодернистік пәлсапа 12+

Постмодернистік пәлсапа - adebiportal.kz

Табыттың темір я ағаш болуы

шарт емес,

Ол – үстіміздегі киім шығар,

Қабір үнсіз...

Мен үнсіз...

Мүмкін, мола деп отырғанымыздың өзі

...осы үнсіздігіміз шығар.

Философия мен поэзия - ұзыннан ұзақ көлбеп жатқан таудың жүлгелес екі шыңы сияқты. Екеуіне баратын жол әртүрлі болғанымен, нәтиже қашан да біреу. Ол – шың басы. Бұл ойларды философ Хайдеггер тіпті де қуаттандыра түседі. Поэзия мен философия ғылымының арасында қайшылық көп. Кейде от пен су сияқты отаса алмауы да мүмкін. Поэзияға пәлсападан көрі музыканың нәзіктігі, суретшінің шеберлігі, мүсіншінің қырағылығы көбірек жақын. Және керек. Тіпті осы үшеуінің үйлесімділігі оның жаны. Өлеңнің қанатын құс сияқты еркін қалықтата алады. Заманында Стефан Цвейг неміс ақындарын, олардың қатқыл философиялық сезімге құрылған, құрғақ ойлардан тұратын, қиялы пәс, қанаты сынық өлеңдерін қатты сынға алған. Және барлық неміс ақындарына Гегель, Ницше бастаған философтардан қашуды тапсырады. Сендер неміс поэзиясының табиғатын тас-талқан еттіңдер деп ашулана жазады. Бұл батыс дәстүрі үшін түсінікті дүние болса керек. Ал, қазіргі таңда дәл бұлай дөп басып, кесіп-пішіп айту қиынға соғар еді. Әсіресе шығыстық танымдағы оқырман мен қаламгер үшін ой мен сезімнің қатар өрілуі табиғи құбылыс. «Ақылдың шолғыншысы — ойқұмарлық»,- деп жазады ғой Шәкерім. Бұл дәстүр қазақ поэзиясында берік және өз табиғатын сақтап өзгеше ынтызар жолмен қалыптасқан. Мағжан, Сұлтанмахмұт, Қасым, Жұмекен, Өтежан осылай жалғаса берер арна әлі үзілген жоқ. Оның үстіне постмодернистік мәдениет пен философия үстемдік құрған бүгінгі заманда, ғылымдар ортасынан, танымдар тоғысынан қайшылық іздеу әбестік болар еді. Өйткені, постмодернистік сананың басты ерекшелігі – адамзат мәдениетіндегі өзін бәрінен биік санайтын абсолютті мойындамайтыны. Ол нәсілшілдікке, әсіре діншілдікке, жабайы ұлтшылдыққа, еуропоцентризмге қарсы. Біз сияқты өткен тарихы мен қазіргі кезеңін қайтадан жасақтап жатқан ел үшін бұл танымның құндылығы айрықша деп ойлаймыз. Постмодернизм қашан да өзінікінен басқа құндылықтарды ысырып тастайтын үлкен ұғымдарға қарсы. Кезкелген ұлттық құндылықтар мен мәдениетке, мейлі ол үлкен иә кіші болсын, сыншыл көзқарас танытуға қауқарлы. Бұған қарап постмодернистік сананы қайшылықсыз, даңғыл жол деуге болмайды. Ол көп қырлы, көп мағыналы, көп бағытты танымдағы кеңістікте өмір сүретіндіктен, теңгерімділігін жоғалта қоймайтын мәдениет. Біз аз ғана сөз шығындап, тілге тиек еткелі отырған Ықылас Ожайұлының поэзиясы — міне осындай, постмодернистік мәдениетпен қуаттанған, өз топырағында, өз философиялық ырғағында өркендеген өзгеше өлеңдер шоғыры. Кейде жас баладай аңғал-саңғал, кейде күңіренген дана қарттай. Кейде құмыққан қобыз. Кейде ішексіз домбырадай сынық, күңгірт, жетім һәм бейуаз. Бірақ осылардың бәрінен жасандылық пен қайшылық көрмейсіз. Ауыр, заңды, табиғи үйлесімнің әлдиі, әдейі қолданған олпы-солпы тармақтарын да нұрландырып жібереді. Ықылас поэзиясында сөз тірі, ой тірі ағза, табиғи болмыс ретінде бүр жарады. Оның өлеңдерін оқып отырып, оған тек мәтін ретінде қарау саяздық болар еді. Ықыластың соңғы жылдары жазған өлеңдері санадағы жылт еткен бір сәтті ғана ұстайды. Одан тұнған мөлт еткен мәтін ауаға ілінген бір шоқ гүл сияқты, яки бір отты шар сияқты күй танытады. Бейне бір жұтым мәтін мәңгілік кеңістікте теңселіп тұрғандай. Ол кеңістік өз әлемін қалай бастауды, қалай аяқтауды, қалай өміршең етуді жақсы біледі. Уақытқа барынша тәуелсіз. Сондықтан да аяқталуды, тиянақ табуды қажет етпей қалған қысқа өлеңдердің сарыны, құлағыңда тіленіп барып өксіп тынған домбыраның соңғы қағысы секілді ұзақ тұнып тұрып алады. Және ол қорғасындай ауырлығын сездірмейді. Шыжғырып күйдірмейді. Алаңдатады. Сезіндіреді. Алқындырады. Мұндай тып-тыныш күйдің ішіндегі алқыну – жанның ең ауыр жазасы болса керек-ті.

Енді біз аспанға қарамаймыз,

Білмейміз тіпті биіктік жайлы,

...бұл – адамизаттың құрдымы.

Кейін...

көрде тұрыңыз,

«шіркеу қоңырауына

тым ұқсас еді» деп дауласатын боламыз

...ат ауыздығының сылдыры.

Ол бір өлеңінде өзінің «Құдайға» айналғаны туралы жазады. Мына дүниеге іштегі Құдайының көзімен қарайды. Мұндай өлеңдер біздің алаш әдебиетінде жиі ұшыраса бермейтіні рас. Көбіне тұншыққан, булыққан кейіпте кездеседі. Ықыластың бұл өлеңінен мұндай кеп барынша ашық, батыл, анық көрінеді. Және ол өзінің шын мәніндегі «Құдай» екеніне сенімді хәлде жазады. Бұның салмағын бағамдау сол үшін де ауыр. Ықыластың кез келген өлеңі осы адам болмысы арқылы көрінетін шын Құдайдың рух-дидарына жақын. Ал бұл өлеңде кері төңкерілген сана арқылы сөз саптайды. Сол сананың мешеулігіне налиды. Оқып көрелік.

Мен аяқ астынан «Құдай» боп кетсем

Адамдар бес уақыт атымды айтар,

даңқымды сатар

ішіне орап тұмардың.

Сонда деймін-ау

Маған жылағаннан,

сұрағаннан басқа

жұмысы жоқ па бұлардың.

Базбірінің бауыр еті қара ниет болса да

«О, Жаратқан

жолын мұның оңғар» деп

Жалбарынар жасын төгіп түнімен

(Жаратпасам да мұны мен).

Менің ақы алмайтынымды,

жершіл болмайтынымды

мынау жұрт

түсіне алма ма шынымен.

Біз қаншалықты өзімізді және өзгені, солардың ішінде мүлгіген жетім құдайымызды сүйе алдық. Аялай алдық, өсіре алдық. Сенім өлген, сезім солған, құштарлық оталған, мейірімі топыраққа сіңген (Жұмекен) біз құрған аш-жалаңаш қоғам, Құдайдың қай деңгейдегі этикалық бейнесіне лайықты? Өлмеген, бар болған, тірі Құдайға біз қаншалықты қажетпіз? Шынымен Ол бізге осы өлеңнің көзімен қарап тұрған жоқ па? Өлеңді оқып отырып суық ақылға суарылған пайымды, ыстық сәулеге орап мұнтаздай етіп жеткізе алған ақынның тәуекелділігіне бас изейсің. Өзіңде толық байыбына бара алмаған таяздығыңды, Шәкерімнің «Ар ілімі» жазалап жатқанын ең әлсіз түйсіктерің арқылы сезіне бастайсың. Ары қарай оқиық.

Пейішім – пенденің көңілі,

Тозағым – ұяты,

Мекенім – жүрегі екенін

жып-жылы қан болып

сыбырлап айтады әр сөзім

(Көрсетіп көп сенім қатесін).

Тамырдан тіл қатқан осы үнді

Тіпті, көбінің

еш естігісі де келмейтінін қайтерсің.

Ай, көрдім ғой нелерді

Небір найсап

шымырлатты-ау төбемді.

Жүндей түтіп жібергім-ақ келгенді

Кештім бәрін,

ұмыт қылдым

енді мен...

Мейірімді «Құдаймын» ғой себебі.

Біздің алпыс екі тамырымыздың елеусіз тұсына жасырынған, жүрегіміздің терең түкпіріне тығылған ызы мен кек араласқан үрей жарылуға шақ. Ницше «Өлтірген Құдайдың» бізге сыйлар жаңа мүмкіндігі қаншалықты сенімді? Бұл өлеңнің екінші бағдары соны меңзейтіндей. Құдайлық сенімнен «жапа шеккен» адам санасын, оның ақылы мен қарым-қабылеті, өркениеті қаншалықты мұратына жеткізе алар. Енді біз өзімізге, өз қолымызбен жасаған әлемімізге «Мейірімді Құдай» бола алармыз ба? Бодлердің поэзия табиғаты адамгершілікке жат дейтін сөзі бар. Оны Жидтің «Сапасыз өнер жақсы ниеттен туады»,- дейтін оқыс пікірі қуаттай жөнеледі. Мен бұндай пайымның қай мағынада және қай қоғамға лайықты екенін бағамдаймын. Оның бір ұшығы біздегі жалған моральы мен жалған демократияға, аярлық пен жиіркенішке толы пейілсіз кейпімізге тиесілі екені анық. Өлең ақынды мазалаған осы сұрақтардың бұтағынан өсіп шыққан тікенек жемісі. Аңдаусыз түпсанада ұзақ ұйықтап келе жатқан үрей, шығармашылық сілкініс үстінде шын болмыстың тілегін баян етеді. Тілдің қандай күйде де өмір сүретіні, жалғандыққа қас қуатты болатыны содан. Ықылас Ожайұлының Серікбол Қондыбайға арнаған өлеңіндегі мына бір шумақтар біз ұмытқан, түйсінуден қалған шын бейнемізді, түптамырымызды тура көрсетуге талпынады. Өкініштісі біздің жарытып та дұрыс түс көре алмайтынымыз қандай қораш...

Ол біздің әлдеқашан көріп,

әлдеқашан ұмытқан

ілкі түсімізді

қайыра жору үшін

исі адамзат нәсілінің

ілкі нүктесіне өтті,

...түпкі тініне жетті.

Ол абақ таңбасындағы

Өлім – түпсана,

Өмір – бейсана,

Қиянат – арам ой,

Түс – өңіміз,

Тағдыр – өзіміз деген бес пешене жазуды оқыды.

Бұндай ыстық хәлге кімнің жанқуаты шыдас берер екен. Бұл бір күйден басқа бір күйге, бір бейнеден басқа бейнеге өтетін физикалық құбылыс емес. Бұл рух әлемінің шарпысуы. Мұнда сіз тамырын басқан жан күйі, өз болмысыңызбен біртұтас кеңістік бойында жатуы шарт. Мұндағы уақыт – өткені де, кеткені де жоқ, мәңгілік бүгін. Серікбол Қондыбай бұл туралы: «Қоғамның қазіргі орын алып отырған қиындықтары мен тауқыметтерін оңтайлы шешу үшін бастапқы уақытқа қайыра оралуға тура келеді»,- дейді. Біз ұмытқан бастапқы уақытқа талпыну ұғымы поэзия, музыка, сурет өнерінде өміршеңдік танытады. Адам баласы бағындыра алатын тылсым, міне осы өнерде, өнер тілінде қозғалысқа түсе бастайды. «Өлім – түпсана, өмір – бейсана, түс – өңіміз»,- дейді ақын. Ежелгі рим ақыны Лукрецийдің пайымынша түс көру барысында адам жанына алғаш рет құдайлардың ғажап бейнесі көрініс беретінге ұқсайды. Менің ойымша бұл ілімді біздің санаға Г.Сакстың мына бір шумақ жыры жақындата түсетіндей: «Ақындар жаралған, досым, өз-өздерінің түсін жоруға. Қиялдан жаралған қосын, ғажайып түсінде шолуға. Өлеңдер жаралған сосын, түстерге жорамал болуға». Міне ақын Ықылас Ожайұлының кірпияз, тосын мінезді, «бір мәтіндік тар ойлау жүйесіне» (Т.Әсемқұлов) сыймайтын, ішкі биік сенімнің қарсылығынан туған поэзиясы - «көк қанат бейіс құсындай» (Абай) жұпарлы түс әлемінен туған бекзада жырлар. Өткен мен кеткенді мәңгілік бүгіннің қауызына сыйдыратын бұл түстің ұзаққа созылмағы аян.

Ол кейде жұлдызы жусаған аспан астында, ішіндегі жан күйін, қоңыр салқын ыңылын шайқап алмай, ғасыл арманын қаужап, жан азабына сүйеніп, азалы әнін астындағы аттың аяңына қосып, ілкіден баяу келе жатқан жалғыз атты жолаушы сияқты. Оның адастырмас Темірқазығы – ары мен ұяты ғана.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар