Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Прозашы Арман Әлменбеттің аудармалары...

09.11.2015 2663

Прозашы Арман Әлменбеттің аудармалары

Прозашы Арман Әлменбеттің аудармалары - adebiportal.kz


Жуырда Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен өткен «Алтын көпір» халықаралық аудармашылар байқауында жас прозашы Арман Әлменбет 1-орын иеленді. «Әдебиет порталы» аудармашының Ю. Казаковтан, А. Чеховтан, М. Павичтен және В. Осеевадан аударған шығармаларын назарларыңызға ұсынады.


Adebiportal.kz



Құрдым


(Ю. Казаковтан)


1

Сол бір қорқынышты да ерекше күн Агеев үшін керемет басталды! Екі айдан астам геодезиялық партияның қатарында жүріп, Ленинградқа жеттім-ау деген беті осы. Пойыздың қараңғы купесінде ұйқысын қандырып, тыңайып алған, сергек. Вокзалдың алаңына шықты да, бірден такси аялдамасына барды.

Үйіне, әлбетте, троллейбуспен де баруына болар еді, бірақ екі ай бойы қапырық күркелер мен шатырларға түнеп, қаңғыбасша күнін өткергеннен кейін, шұлғау мен етіктердің иісі, кір, шаң, ыстық секілді қолайсыздықтардан соң, қайткенде де таксимен жеткісі келді! Сөйтіп, кезегі келген кезде, таксидің жүргізушісі орынсыздау ширақтықпен бұның заттарын салысты да, ленинградтық ерекше мәнермен: «Қай жаққа баруды бұйырасыз?» – деп сұраған. Машина жеңіл ғана сілкініп, орындықтың арқалығына жабыстыра орнынан қозғалған кезде Агеев аяғын созды да, темекісін тұтатып, өзінің үйіне аман-есен жеткенін бір ойлап қойды.


Көптен бері күтіп жүргендей, Невский даңғылының қым-қуыт тіршілігі алдынан көлденеңдей берді. Қала көзге таныс қызғылт, жасыл түске боялған үйлерімен, Аничков көпірімен, Казан шіркеуімен, жылтыраған, құрғақ, көмір түстес асфальттарымен, істіктері жарқыраған Адмиралтействосымен – сәл солға қарай Исаакийдің ауыр алтын малақайымен қарсы алды. Сирек болатын осындай шуақты күні өзінің туған қаласы ақыл жетпес кереметтігімен, соншалықты көңілді кейіпте, құжынаған тіршілігімен, бар сән-салтанатымен алдынан шыға келгенде, Агеев шаттана демін бір алды.


Содан кейін күні бойы қызбен кездесуге дайындалған адамның бақытты күйіне еніп, басы айналып жүрді. Киімін ауыстырды. Бөлмесінің кеңдігіне, жаңғырығының күштілігіне бұрын байқамаған адамша таңғалды. Невскийге барды. Шуымен, адамы мен тауарының көптiгiмен, таза жерiнiң, резеңкенiң, әтiрдiң, темекiнiң иiсiмен қашан да көңiл аулап тұратын үлкен дүкендердiң бiрiне кiрдi де, асықпай, көтерiңкi көңiл-күймен таңдап жүрiп жаңа белбеу, галстук, төрт жұқа шұлық және он шақты шыт орамал сатып алды. Сөйттi де, рахаттанып, бiр жағы алаңдай отырып шашын, сақал-мұртын алғызды. Шаштараз қыз да Агеев үшiн бүгiнгi күн ерекше екенiн сезгендей жұмысын барынша баяу, ұқыптылықпен атқарды. Болған соң бағалы иiс су себудi де ұмытқан жоқ.


Шаштараздан шыққан соң, еріксізден-еріксіз ресторанға кiрдi. Крахмалданған майлықтарға, хрустальдарға, көне пышақтар мен шанышқыларға елжiрей қарап отырып салқын салат, қаны сорғытылмаған бифштекс жеп, бiр шәшке қара кофе iштi. Салат та, бифштекс те, iшiнде адамы болмай құлазып тұрған ресторанның өзi де, өңiрi жiбектен тiгiлген қара костюм киген, аяғын ақсаңдап басатын, сұмпайы жүздi даяшы – осының бәрi Агеевке ғажайып болып көрiндi: көптен берi бұндай жағдайды көрмей, дәмдi тамақты сағынып қалған едi.


Үйге келген соң, тағы да жуынды, шалбарын үтiктедi, көйлегiн киiп көрдi, галстугын бiрнеше рет шешiп, қайта байлады. Өзi өзiне барған сайын ұнап барады. Толқуы да күшейе түстi, сағатқа қарауы жиiлеп, кештiң тезiрек болуын тiледi, шыдамы таусылып бара жатты. Ол сәт те жетті, бiржолата киiнiп болды, соңғы рет шашын қайырып, қайта түсiрдi, соңғы рет айнаға мұқият қарап алды да, далаға шықты. Иығы көлбеу, артында тiлiгi бар әдемi пиджагы, тiзеден төмен тар болып тiгiлген, балтырына жабыстыра киген шалбары, жағасы тiк аппақ көйлегi, жiңiшке етiп байлап, қысып тартып қойған галстугы, пиджагының етегiн керi серпи, сол қолын шалбарының қалтасына салып аяңдаған жүрісі көшедегiлердiң назарын бiрден аударды. Күнге әбден күйген дидарынан сергектiк, жастық, ғашықтық сезiлiп тұрды.


2


Мамырдың соңында Ленинград ерекше өзгерiп, құпияға толып кететiндей, Күн баяу батады, үйлердiң терезесi, автокөлiктердiң әйнегi, шiркеулердiң iстiктерi мен күмбездерi жалында қалғандай ұзақ жылтырайды. Нева қара көк тартып, қоюлана бередi, Саринкс мүсiндерi тың тыңдайды – бәрi тынышталып, тұншығады. Түн еңкейе түседі, су арналары көлеңкеге көмiледi. Ғимараттардың сұлбасы тұнжырай қалады, ұзына бойы даңғылдардың көрiнiсi үрей туғызады... Тек көшені жуатын меңiреу машиналар ғана қыбырлап, алаңдарды ызыңдай таптап, су бүркіп жүредi. Қала қалың ұйқыға кетедi.

Бәрi де өзге кейiпке енедi. Бәрi де үлкейiп, иен қалғандай, елестердiң қарауына өткендей болады. Аспан жарығын шашады, шапақ ығысып кеткен, Петропавловканың алып қамалдары түнередi. Қысқы сарай өлiк секiлдi, бозара қалған, Сарай алаңы бос жатыр, Исаакий күңгiрт тартып, алтын малақайы күмiс секiлдi көрiнедi. Бұл түн ақылдан адасып, сандырақтау секiлдi созыла түседi. Махаббатты, өлеңдi, үнсiздiктi қажет етедi ол.


Өзiнiң бақытсыздығына, сорына көрiнген болар, сондай түндердiң бiрiнде Агеев Сарай көпiріне барды. Көпiр адамға толып, қозғалуға дайындалып, тыншып тұрған едi. Ескерту ысқырығын естiген соң, кешiккендер о жаққа да, бұ жаққа да жанталаса жүгiрiсiп жатқан. Жарты сағаттан соң Агеевке әлемдегi бар нәрсенi ұмыттыратын қыз да көпiрдiң бергi бетiне жүгiрiп өтіп, шаршағаннан әрi қорыққаннан ентiгiп тұра қалды.


Көпiр сол сәтте сiлкiнiп қалды да, рельстері тiктеле түсiп, асфальттың жiбек түсті, қою сұр ленталарын жоғары көтерiп, фонарларды, сымы салбыраған бағаналарды шалқайта екi жаққа үнсiз ажырай бердi. Аяқтың астынан қап-қараңғы, қорқынышты шыңырау пайда болды. Мiне, ендi көпiр тiктелiп, трагедиялық ишарамен қолын көтерiп қатып қалған әртiс секiлдi қозғалыссыз тұрып қалды.


– Не деген қорқынышты көрiнiс! – деп қыз сыбыр етті. Бойын да сол сәтте жинай бастаған. Агеев оған әдейілеп байыптай қарап едi, өне бойы дiр ете қалды. Мықыны тар, жеңі шолақ, судырлаған шақпақ көйлегі керемет жарасады. Қолының жалаңаш болғанынан өзі қымсынып та тұр. Шашын қысқа қылып қиған, көзінен бақыттың нышаны байқалады. Бейнесінен жастықтың ғажайып сиқыры анық сезілгені сонша, Агеев шаттана әрі неге болса да дайын адамның кескінімен: «Өлген жерім осы шығар!» деп ойлады.


Көпірмен көтерілгеннен кейінгі әсерлерінен екеуі де айыға бастады. Ол жерден алысырақ кетіп, жағалауға қарай аяңдады... Бір мезгілде қыз тоқтай берді де бұған түк түсінбей қарап:

– Қай жаққа бара жатырмыз? – деп сұрады. – Мен басқа жаққа жүруім керек қой.

– Қайда болса да жүре берейік те! – деді Агеев қуанышпен әрі қызға қожалық ете сөйлеп. Енді қарсы келмесін білді. – Қыдырайықшы!

– Қыдырайық? – деді қыз. Үнінен кіршіксіз тазалық байқалды. Жүзін бұрып әкетті де, жол бойындағы жақтаудан еңкейіп, суға қарап тұра қалды. Агеев қыздың құлағы қызарып кеткенін байқады. Оның әлі кішкентай ғана қыз екенін, бұндай жағдайда өзін қалай ұстап, не айтып, не қою керек екенін білмейтінін, және бұның өзі секілді оның да танысып, қыдырғысы келетінін, бірақ әдептен аттап кетем бе деп қаймығатынын түсінді.

– Атыңыз кім? – деп сұрады.

– Леночка, – деді суға қарап тұрған күйі баяу ғана.

– Ал онда, Леночка, жүріңіз! – деді де, қолтықтап алды. Қыз именіп қана, нәзік адымдап соңынан ере берді. Үстіндегі жібек көйлегі судыр-судыр етеді. Бұл оның алғашқы жібек көйлегі болса керек. Қысқы арыққа дейін барды да, кері бұрылды. Бұл жер қараңғы, түп-түзу болып созылған қабырғалар қараяды, ағып жатқан судың иісі мұрынға келеді, арт жақта көпір ұзына бойына созылып жатыр, одан әрі Эрмитаждың кіреберісі көрінеді.

– Құдай-ай, мамам не ойлайды екен енді! – деп Леночка жалынышты түрмен Агеевке қарады. Сөйтті де, сол сәтте қылығынан қысылып, өкшесімен тас жолды тықылдата асығып басып, жүгіре жөнелді. Сол түні ерекше шешімтал болған, ақсұр жүзі қобалжығаннан бұрынғыдан да бозара түскен Агеев тек қана махаббатқа, құштарлыққа, өмірді қиып жіберуге сұранып тұрғандай еді. Сондықтан да қыз көңілі құлай кеткен.


Қуып жетті де, қолынан қайта ұстай алды. Қыздың қолы дірілдеп, ерні кезеріп, басы айналып бара жатқандай сезілді. Агеев ештеңені бағамдай алмады, тек «өлдім-ау» деп қана ойлады. Кейін әңгімелеп айтар болса, ешкім сенбейтіндей жағдайда тұрғанын білді. Екеуі каналдарды бойлай жүрді, бір жерлерден кері бұрылды, бір жерлерге қайта айналып келді, жан жоқ болса да шамы жарқырап жанып тұрған Сарай алаңында жүрді, төбесіндегі күмбез көмескі ғана ағарып, періште мүсіндері түнеріп, қатып тұрған Исаакийдің жанынан өтті, өздері секілді үнсіз қыдырған қыз-жігіттер алдарынан шығып жатты, бірақ бұлар ештеңені де байқаған жоқ – араларында атауы жоқ, өне бойыңды билеп алатын, өміріңді бір-ақ күнде өзгертіп жіберетін бір нәрсе басталған еді. Екеуі тек таң алдында ғана емен-жарқын әңгімелесіп кетті. Әрине, өздерінің өмірі жайлы, армандары туралы сөйлесті. Бірін-бірі тапқандарына таңғалысты, кездеспей кетулері де мүмкін еді-ау деп, ойларынан шошынды.


Күн көтерілгенде барып қоштасты. Леночка Таврилік бақтың қарсысында тұратын, Агеев оны үйінің дәл алдына дейін, екінші қабаттағы емен есіктің алдына дейін шығарып салды. Екі жақтан да түрлі-түсті етіп безендірілген подъезд терезелерінен жарық түсіп тұрды, Леночканың беті күлгін-қызғылт түске боялды. Осы сәт ол бейтаныс та мұңлы секілді көрінді. Кетерде Леночка:

– Мен қорқамын... Осындай түн менің өмірімде енді қайтып болмай ма деп қорқамын! Сондай бақыттымын, тіпті дертке шалдыққандаймын. Енді осы үшін зардап шегетін секілдімін... Құрдымның алдында тұрғандаймын! – деп қалды.

Қызды сүйгісі келді, бірақ батылы бармады. Тек құрғақ ерінін қолының сыртына ғана тигізді. Төменге түсіп, подъезд алдында сәл тұрды да, төменнен көзін алмай үйіне қарай жүріп кетті. Жеңіл бір мұңды ғана сезініп келе жатты.


Сол жолы алдағы сенбі күні кездесеміз деп келіскен еді, бірақ Агеев келесі күні аяқ астынан іссапарға кетіп қалды. Кетер алдында, заттарын жиыстырып, вокзалға қарай жүргелі отырғанда Леночкаға барып, кетіп бара жатқанын ескертіп, мекен-жайын жазып алатындай уақыты болды, бірақ барған жоқ... Бір сәттік, орынсыз бірбеткейліктің кесірінен бармай қалды. Сенбі күні кездесуге бармай, белгілі бір уақытқа қыз үшін жоқ болып кеткенінде қыздың өкпелеп, жабырқап қалатынын, өкпелейтінін, есесіне, одан соң қайтып келгенінде кездесулері қандай бақытты болатынын ойлағанда, бойын қуаныш кернеп кеткен еді.


Осынысы үшін кейін қалай өкінді десеңізші! Не деген тәтті сағынышпен әрі азаппен өтті десеңізші соңғы екі айы. Түн ортасында қапырық лашықтарда жиі оянып, одан әрі жатуға шыдамы жетпей, орнынан тұрып, қалың шөп қаулаған аулаға шығып кететін. Шөпті кешіп бара жатқанда, қамаудағы қойлардың әрі-бері дүрлігіп жүгіргені естілер еді. Тылсым, құдіретті сұлулықтың иесіндей болып түнгі шабындық, иіліп тұрған егін, тұнып тұрған шық, картоп жапырағының, шаңы бұрқыраған, бүкіл Ресейді алып жатқандай көрінетін жолдардың ащы иісі алдынан шығатын... Кезіккен бөренелердің біріне отырып, тұла бойының әбден шаршағанын сезініп, Леночканы ойлап темекісін тұтататын. Оның даусын, сөзін, жанарын, қолын, түнгі ғимараттарды, қараңғы тұстар мен жарықты, Неваны, өзінің ақымақтығын есіне алатын, ширығып, кеудесі қысып, көзіне жас келіп қалатын. Бұнысын біреу көріп қоятындай өзімен-өзі отырып қысылатын сосын.


Енді, міне, үйіне, Ленинградқа да жетті. Әлі де бозғылт түндер аяқталған жоқ, аспанның мөлдірлігі мен шыныдай тазалығы со қалпында, тастар да әзірге суи қоймаған. Сол үшін де күні бойы кешкі кездесуі туралы ойлап, рахаттанып жүрді, әдейі ешкімге соққан жоқ, ешкімге қоңырау да шалмады. Екі ай бойы ішінде жиналған аяулы сезімін, көрген-білгенін бұзып алғысы келмеді. Тек Леночкаға ғана тұманды таңдар, деревнялар, күркелердің иісі, шегі жоқ орыс жолдары туралы, сел алдында жалын атып жарқ ететін, адамның зәресін алатын найзағайлар жайлы әңгімелерін айтқысы келді... Бүгін Леночкаға ғана арнап сырбазданып киінді, әдеміленді. Оның аңқаулықпен кешіретінін, махаббатын ойлап қобалжи түсті, денесі бір мұздап, бір ысыды.


3


Сол түні екеуі қыдырған жерлермен жүріп келе жатыр. Бұрыннан көріп жүрген үйреншікті жерлері енді қайран қалдырып келеді. Манеждің, Исаакийдің, Адмиралтействоның жанынан, Бас Штабтың кіреберіс жағынан өтті. Мойканың үстімен өткенде көпірлердің асты соншалық қараңғы болатынына бірінші рет таңғалды. Тұнжыраған Инженер қамалы артта қалды, Фонтанка жағалауына шықты. Сол жақта Жазғы бақтың ағаштары қарауытады, бақ ішінен ағараңдаған мәрмәр мүсіндер бұтақтар арасынан сығалайды. Алда – Неваның көкшіл суының бетінде – Прачечный көпірдің қап-қара, анық сұлбасы жатыр. Одан әрі жылымшы болып көрінетін бос кеңістік, арғы беттің көкшіл сұр түспен көшіріп салынған бейнесі. Агеев тоқтап, баяу ағып жатқан Фонтанканың мөлдір суына, тамыры судың түбіне бекіп, сабағы жоғары қарай ұмтылып жатқан, шылауға оранған балдырларға қарап, ойланып тұрып қалды. Содан соң, шолақ көшелердің біріне қарай бұрылды.


Не деген түсініксіз көше еді! Бәрінен қызығы, Агеев бұл көшеде бұрын-соңды болмаған екен. Биік сұр үйлердің жоғары жақтары бір-бірімен қабысып кеткен деуге болады, төменге жарық болар-болмас түсіп тұр. Әрі-бері өткен жүргінші де жоқ. Түп-түзу сызылған ұзын дәліз алыстағы күңгірт сағымға сүңгіп жоғалғандай. Адамның жоқтығы, мына қараңғылық мелшиген түннің ұзаққа созылатынынан хабар беріп тұрғандай, жоғарыдағы жылтырап тұрған тегіс те жансыз терезелер – осының бәрі үнсіз ымыртта Агеевке жағымсыз әсер етті.


Кенеттен мас адамды көзі шалды. Су құбырына сүйеніп, қолын жерге тіреп, басын салбыратып отыр екен. Отырысынан оқыс қимылдайтындай нышан байқалған жоқ – кәдуілгі мас, бұндайлар үлкен қалада көп болады. Әйткенмен, неге екені белгісіз, Агеевтің денесі түршігіп кетті. Мас адам басын көтерді де, ешқандай мағынасыз, бедірейіп Агеевке қарады. Артынша Агеев әлдекімнің тыпыр-тыпыр етіп, әлсіз аяңдап, соңынан ілесіп келе жатқанын сезді. Артына жалт қарады, неге екенін өзі де түсінбестен тағы да селк ете қалды: мас адам бұған мағынасыз тесіліп, артынан жүріп келе жатыр екен. Агеев жүре берді де, артындағы мас темекі немесе араққа ақша сұрай ма деп елеңдеп, біраз уақыт құлағын түрумен болды... Бірақ мас адам үндеген жоқ, тек қана қинала, қырылдай демалғаны, аяғын асыға басқаны ғана естілді. Мас адам озып, өз жолымен кетер деген үмітпен Агеев жүрісін ақырындатып көрді. Сол сәтте мас та жүрісін баяулатты. Агеев енді оны байқамаған адам болып көрінуге тырысып, соңынан ергенін сезбеген адамдай жолдың арғы бетіне өтті де, тыңдап көрді: мас адам әлде де соңында келе жатты. Осы кезде Агеев тоқтады да, масқа қарай бұрылды. Ол да тоқтап, ентіге демалып, көзі жыпылық-жыпылық етіп, еңкейіп, екі қолын тізесіне тіреп тұра қалды. Агеев оның түріне енді жақыннан қарады. Түк мазмұны жоқ, әбден қажыған адамның түрі екен, жиіркеніп кетті. Соншалықты бақытсыздықтың, қалың сордың ізі байқалады. Бірбеткейлікпен ызбарлана қарайды. Агеев жалма-жан айналасына қарады: алдыңғы жақта да, арт жақта да тірі жан жоқ екен. Осындай ерте уақытта адамның болмауы, осынау сұрғылт сүреңсіздік, жансыз терезелер, жолдың әр жерінде шашырап жатқан жаңбырдан қалған шалшық сулар, осының бәріне Агеев тағы таңғалды.

– Ал? – деді дөрекі түрде Агеев. – Не керек?

Мас адам жауап қатқан жоқ. Бірақ сап-сау адамның зымиян күлкісі қас-қағым сәтте жүзінен жүгіріп өтті. Сасқалақтап қалған Агеев бұрылды да, тез-тез басып, жүріп кетті. Бұл жолы шынымен де шошынып қалған еді. Тездетіп осы бір тар дәлізден шығып кеткісі келді. Бірақ соңынан ілесуін қоймаған мастың ентіккені со күйі естіліп тұрды, тесіле қараған көзін де сезіп келе жатты. Осының бәрі қорқынышты түске ұқсап бара жатты... Оған не керек сонда? Не үшін жанын салып соңынан қалмай келеді? Сосын неліктен соншалықты сау, соншалықты зымияндықпен жымиып қарайды? Мына көше неліктен иен, неліктен сонша түнеріп тұр, неге адам жоқ? Неғылған түсініксіз сәт бұл?


Агеев күйгелектене түсіп, ашуы күшейіп келе жатты. Енді артына қарауға жүрегі дауалаған жоқ. Әлгінің мағынасыз, әбден қажыған және де ішіңдегіні біліп тұрғандай мыстан түрін тағы көрем бе деп қорықты. Жолдың келесі бетіне өтті, арасында тоқтады, тездетіп жүріп көрді, мас адам да дәл солай істеп отырды.


Әйтеуір, бір мезгілде жүргінші адамдар кездесе бастады, Литейный көшесіндегі автомашиналар мен трамвайлардың дауыстары естілді. Агеевтің соңынан қалмай ырсылдай ентігіп келе жатқан үн де жоғалды. Агеев демін алды да, құрысып қалған арқасын жазуға тырысты. Артына қарап еді: мас адам жоқ екен. Агеев тіпті көпірге де шығып қарады – мас адам жоғалып кетіпті!


Агеев өз ойымен өзі әлек болып Литейный көшесін кесіп өтті де, ескі қамалдары бар әдемі көшелердің бірімен Таврилік баққа қарай бет алды. Көп ұзамай көңілі орнықты да, бәрін ұмытып кетті. Леночканы есіне алғанда бойын билейтін тәтті сезімін қайта тапты. Алыста қалған мамыр түні, одан кейінгі екі ай жалғыз өткізген күндері есіне түсті. Жазғы кештің күн батысы күрең тартқан сайын Леночканы қалай аңсағаны ойына келді. Міне, оның үйіне де жетті. Өзіне таныс подъезге қарап, қорқыныш пен махаббатты бірдей сезіне тұрып, темекісін тартты. Леночка әне-міне шығып қалатындай, бұны көріп, қуана жүгіретіндей немесе көрмеген, бір жаққа асыққан адамға ұқсап кете беретіндей көрінді. Ол не халде екен? Жағдайы қалай? Бұны ойлай ма, күте ме екен? Бұл оны жақсы көргендей, ол да бұны жақсы көре ме? Әлде алыста қалған сонау бір сенбіде келмегені үшін әлі де кешіре алмай жүр ме?


Агеев енді күтіп тұра алмады, темекісін лақтыра салды да, қараңғы подъезге кіріп, баспалдақпен көтеріле берді. Екінші қабаттағы есік тарс ете қала ма деп құлағын түрді, бірақ өзінің жүрек қағысынан басқа ештеңе естіген жоқ. Міне, өзі талай қиялдаған жер, міне, сырттың жарығын күлгін-қызғылт-сарғыш етіп ішке түсіріп тұратын ғажайып терезе, міне, Леночка тұратын пәтердің есігі... Қобалжығаннан бозарып, жүрегінің дүрсілінен өзі дірілдей, ішінің, аяғының әлсіреп, салқындап бара жатқанын сезіп тұрып қоңырауды басты.


Есік ашыла қоймады. Бар күшін жиып, қоңырауды тағы да басты. Пәтердің ішінен сылдыр еткен қоңыраудың дыбысы құлағына келді. Жауап тағы да болмады. Ескі жарма есік қарсы алдында үнсіз мелшиіп тұрды да қойды. Бір кезде, әйтеуір, асықпай басқан аяқтың дыбысы естілді. Есік ашылды. Агеевтің көзіне бірден түскені – дәліздің қабырғасына сүйеп қойған, жаны, үстіңгі жағы күміспен әшекейленген қоңыр табыттың қақпағы болды. Және пәтердің ішінде жан түршігерлік тағы бір нәрсе бар еді: түкпірде сыбырласқан дауыстар, ақырын басқан аяқтың дыбыстары, мықты шыршаның ағашынан жасалған, дәрілік және*...


*Әңгіменің соңы сақталмаған. Әлдекімдер жазушының саяжайын бұзып кіріп, бірталай қолжазбаны жойып жіберген.



Үшеуінің қайсысы?


(А. Чеховтан)


Мария Ивановна Лангердің ескі де салтанатты саяжайының террасасында оның қызы Надя мен әйгілі мәскеулік саудагердің ұлы Иван Гаврилович тұрған.

Кеш ғажап еді. Табиғатты суреттеудің шебері болғанымда ғой, бұлттардың арасынан мейірлене қарап, жарығын төгіп тұрған айды, саяжайды, Надяның ажарын суреттер едім... Ағаштардың сыбырласқанын, бұлбұлдың әнін, субұрқақтың шалпылдағанын да суреттеген болар едім... Надя тізесін жұмсақ орындықтың шетіне тіреп, баспалдақтың таянышын ұстап тұрды. Шаршаңқы тартқан, мақпалдай тұңғиық көзі ағаштар өскен жасыл алаңқайға қарап қалыпты... Айдың солғын жарығынан шырайлы бетінің қызарғаны байқалады... Иван Гаврилович оның сырт жағында, қобалжып, қолы дірілдеп, қою сақалын жұлмалап қойып, тұрды. Сақалын жұлмалаудан жалыққанда, ұзын, сиықсыз жағасын екінші қолымен сипап, ысқылай бастады. Иван Гаврилович әдемі емес. Деревниялық аспазды еске түсіретін шешесіне ұқсайды. Маңдайы шағын, тар әрі тегіс; мұрны таңқы, қырсыз, дөңес боп келетін жері керісінше ішке кірген; шашы тікенектей. Жаңа туған мысықтыкіндей сықси, кішкентай көздері Надяға сұраулық белгісімен қарап тұрды.


– Мені кешіріңіз, – деді тұтығып, абыржи тыныстап, бір сөзін қайталап, – сезімдерімді... айтып тұрғаным үшін... мені кешіріңіз, бірақ сізді соншалық сүйіп қалдым, ақыл-есім түзу ме, жоқ па, оны да білмеймін... Кеудемде сізге деген сезімдерді айтып жеткізу мүмкін де емес! Мен бар ғой, Надежда Петровна, сізді алғаш көргеннен-ақ құлап түстім, яғни ғашық болып қалдым. Сіз ғафу етіңіз, әрине, бірақ... енді... (Тыныштық). Табиғат керемет болып тұр!

– Иә... Ауа-райы керемет...

– Ал осындай табиғатта мынадай жаратылыс иесін... енді сізді дегенім ғой, жақсы көру қандай рахат... Мен бақыттымын!

Иван Гаврилович осыны айтқан соң терең бір демалды да, сақалын жұлмалап қойды.

– Бақыттымын, иә! Сізді жақсы көремін, қайғыдамын, ал... сіз ше? Маған деген әлдебір сезіміңіз бар ма? Сауаттысыз, білімдісіз... бәрі жақсы... Ал мен ше? Менікі саудагерлік атақ... басқа ештеңе жоқ! Тура солай, ештеңе жоқ! Ақша көп қой, бірақ нағыз бақыт болмаса, сол ақшадан не пайда? Бақыт болмаса ақша дегенді антұрсын, иә... іші бос, сырты жылтыр бірдеңе. Тамағың тоқ, енді... жаяу жүрмейсің... бос өмір... Надежда Петровна!

– Енді?

– Еш... ештеңе емес! Мен, негізі, бірнәрсе айтуым керек еді...

– Не нәрсе?

– Сіз мені жақсы көре аласыз ба? (Тыныштық). Сіздің шешеңізге... анаңызға дегенім ғой, сізге арнап қолым мен жүрегімді ұсынғанмын, ал о кісілер бәрі сізге байланысты деді... Сіз ата-ананың нұсқауынсыз да сөйлей алады екенсіз... Маған не деп жауап бересіз?


Надя үнсіз тұра берді. Ағаштың діңі мен оюлы жапырақтар әрең-әрең көрініп тұрған жасыл алаңқайға қарады... Ағаштардың бастары желден қозғалып, содан түскен көлеңке төменгі жақта қыдырып жүргендей екен. Қыздың үнсіздігі Иван Гавриловичтің демін тарылтты. Көзіне жас тығылды. Қайғы басты. «Егер бас тартса не болады?» – деп ойлады және сол ой жалпақ арқасын аяздай қарып өтті...

– Мейірімділік танытыңызшы, Надежда Петровна, – деп тіл қатты, – жанымды азаптамаңызшы... Мазаңызды алмас едім, махаббаттан ғой... Сондықтан... (Тыныштық). Егер... (Тыныштық). Егер жауап бермесеңіз, өлсем өлемін.

Надя Иван Гавриловичке қарай жүзін бұрды да, күлімсіреп қарады... Қолын созды да, мәскеулік саудагерге сирена әніндей естілген дауыспен былай деді:

– Сізге алғысым зор, Иван Гаврилович... Мені жақсы көретініңізді көптен білемін, және қалай жақсы көретініңізді де... Бірақ мен... мен... Мен де сізді жақсы көремін... Жан... Сіздің жұмсақ жүрегіңіз бен адалдығыңыз үшін жақсы көрмеу мүмкін емес...

Иван Гаврилович аузын ашып қалды да, күліп жіберді, содан соң бақытты кейіпте алақанымен бетін сипап өтті: түс емес пе өзі?

– Егер сізбен тұрмыс құрсам, – деп Надя сөзін жалғады, – ең бақытты әйел болатынымды білемін... Бірақ, білесіз бе, Иван Гаврилович? Жауапты кішкене күтіңізші... Қазір сөзіңізді қабылдай алмаймын... Бұл қадамды жасамас бұрын жақсылап ойланып алуым керек... Ойлану керек... Шамалы шыдаңыз.

– Көп күтемін бе?

– Жоқ, көп емес... Бір күн, әрі кетсе екі күн...

– Онда болады, иә...

– Сіз қазір қайтыңыз, жауапты хат арқылы берейін... Қазір үйіңізге қайтыңыз, мен барып ойланайын... Сау болыңыз... Бір күн...


Надя қолын созды. Иван Гаврилович ұстады да сүйіп алды. Надя басын изеді де, алыстан сүйгеннің ишарасын жасады, содан соң жылдам басып, есік алдынан жоқ болды... Иван Гаврилович екі-үш минут тұрып ойланды да, гүл егіліп, шөп өсірілген алаңды кесіп, аттары тұрған орман ішіндегі жолға қарай беттеді.

Дел-сал, бір күн бойы ыстық ваннада ұсталған адамдай әлсіреп қалған... Жүріп келе жатып бақыттан күле берді.

– Трофим! – деп ұйықтап жатқан атқосшысын оятты. – Тұр! Кеттік! Шайыңа бес сары тиын! Түсіндің бе? Ха-ха!


Осы аралықта Надя үйдің ішімен өтіп, үйдің қарсы бетіне шықты да, сатымен түсіп, ағаштар мен бұталардың арасынан өтіп, келесі беттегі орман ішіндегі жолға барды. Бұл жерде бала кезден бірге өскен досы, жиырма алты жастағы жас жігіт – барон Владимир Штраль күтіп тұрған еді. Штраль – кішкентай, толық денелі, басының қасқасы білініп үлгерген томпақ неміс еді. Биыл университет курсын бітіріп, Харьковтағы иелігіне кетіп бара жатқан, соңғы рет қоштасуға келген беті... Аздап масайған, орындыққа жантайып, «Срелочек» әнімен ысқырып жатыр екен.


Надя жүгіре-жүгіре шаршаған, ентігіп келді де мойнына асыла кетті. Сыңғырлай күліп, желкесін, шашын, жағасын жұлмалап жатып, жігіттің терлеген майлы бетін түк қалдырмай сүйіп шықты...

– Бір сағат күттім ғой, – деді барон қыпша белінен құшып тұрып...

– Қалай енді, бәрі жақсы ма?

– Жақсы...

– Ертең кетесің бе?

– Кетемін...

– Оңбаған... Тез келесің бе?

– Білмеймін...

Барон Надяның бетінен сүйді де, тізесіне алып орындыққа отырды.

– Сүйісу болады ғой, – деді Надя, – Кейін... Алда әлі уақыт жетеді. Қазір істі ақылдасайық. (Тыныштық). Воля, ойландың ба өзің?

– Ойландым...

– Қалай енді? Той... қашан?

Барон тыжырына қалды.

– Тағы да сол әңгіме ме! – деді. – Мен саған кеше жауап берген жоқпын ба... дұрыс жауабын айттым... Ешқандай той туралы сөз болмайды! Кеше ғана айттым ғой... Мың рет айтылған әңгімені қайта бастаудың керегі не?..

– Воля, бірақ біздің қарым-қатынасымыз бірнәрсемен аяқталуы керек қой! Қалай түсінбейсің? Аяқталуы тиіс емес пе?

– Аяқталуы тиіс, бірақ тоймен емес... Сен бар ғой, Nadine, жүзінші рет қайталап айтайын, үш жасар қыз сияқты аңқаусың... Аңқаулық жақсы әйелге жарасады, бірақ бұл жағдайда олай емес, жаным менің...

– Демек, үйленгің келмейді ғой? Солай ғой? Сен турасын айт, ұятсыз неме, турасын айт: үйленгің келмей ме?

– Үйленгім келмейді... Не үшін болашағымды құртуым керек? Сені жақсы көремін, бірақ саған үйленсем, мені құртасың ғой... Маған не байлық, не иелік бере алмайсың. Үйлену деген, достым, жарқын болашақтың жартысы болуы керек, ал сен... Жылаудың керегі жоқ... Сергек ойлау керек... Махаббатпен құрылған неке ешқашан бақытты болмайды және далбаса болып аяқталады...

– Соқ өтірікті... Өтірік айтып тұрсың! Дәл солай!

– Үйлен, содан соң аштан өл... Қу кедейлерді көбейт... Ойлану керек қой...

– Ал ана кезде сен қалай ойландың... есіңде ме? Маған үйленемін деп сөз беріп едің ғой... Сөз бердің ғой?

– Сөз бердім... Бірақ одан бері жоспарым өзгерді... Сен де кедей адамға тұрмысқа шықпайсың ғой? Онда неге маған кедейге үйлен деп мәжбүрлейсің? Өзіме өзім ондай иттік жасағым жоқ. Менің болашағым бар, сол болашағым үшін ұжданымның алдында жауаптымын.

Надя орамалымен көзін сүртті де, кенет күтпеген жерден проваслав немістің мойнына қайта асыла кетті. Жабысып алды да бет-аузын түгел сүюге кірісті.

– Үйленші, – деп міңгір етті. – Үйленші, жарқыным! Мен сені жақсы көремін ғой! Мен сенсіз өмір сүре алмаймын ғой, жарығым менің! Тастап кетсең, мені өлтіресің ғой! Үйленесің ғой? Иә?

Неміс ойланды да, сенімді дауыспен:

– Қолымнан келмейді! Махаббат деген жақсы нәрсе, бірақ бұл дүниеде ол ең бірінші мәселе емес... – деді.

– Демек, үйленгің келмейді ғой?

– Жоқ... Олай ете алмаймын...

– Қаламайсың ғой? Үйленгің келмейтіні анық қой?

– Үйлене алмаймын, Nadine!

– Сұмырай, оңбаған... түкке татымайтын неме! Алаяқ! Неміс! Мен сені жек көрем, қаным қараяды, суқаным сүймейді! Ұсқынсызсың! Ешқашан жақсы көрген емеспін! Сол күнгі кеште көнген себебім, сені адал адам ғой, үйленеді ғой деп ойладым... Сол кезде де сені суқаным сүймейтін! Саған тұрмысқа шыққым келгені, сен барон, бай болғандықтан ғана!

Надя қолын сермеді де, бірнеше қадам Штральдан алыстап кетті, сөйтіп тағы да тілімен біраз шақты да, үйіне кетті... «Текке келген екенмін, – деп ойлады үйіне бара жатып, – Үйленгісі келмейтінін білдім ғой. Оңбаған неме! Сол кеште ақымақ болдым! Сонда көнбеген болсам, осылай келіп, қайдағы бір немістің алдында жалынудың қажеті болмас еді».


Саяжайдың ауласына кірген соң, Надя бөлмесіне бара қойған жоқ. Аулада кішкене жүрді де, жарығы сығырайып тұрған терезенің алдына барды. Бұл – консерваторияны жаңа бітірген, бірінші скрипка Митя Гусевтің жаз кезінде тұрып жатқан бөлмесінің терезесі еді. Надя терезеге үңіле бастады. Иықты, жирен шашы бұйралау, кескінді жігіт үйде екен.Төсекке сюртуксыз, желеткесіз қисайып, роман оқып жатыр. Надя ойланып тұрды да, терезені қақты. Бірінші скрипка басын көтерді.

– Кім екен?

– Мен ғой, Дмитрий Иваныч... Терезені бір минутқа ашыңызшы!...

Митя сюртугын жылдам киді де, терезені ашты.

– Бері келіңіз... Маған қарай өтіңіз... – деді Надя.

Митя терезенің алдына келді де, бірер сәттен соң Надяның алдында тұрды.

– Не болды екен?

– Жүріңіз! – деді де, Надя Митяны қолынан ұстап алды.

– Былай ғой, Дмитрий Иваныч, – деді, – Маған жазбаңыз, айналайын, махаббат хатын жазбаңыз! Өтінемін, жазбаңыз! Мені жақсы көреміз, және жақсы көремін деп айтпаңыз!

Надяның көзінен жас жылтырап көрінді, бетін, қолын бойлап өтіп, тамып жатты... Ең шынайы, ыстық, ірі-ірі жас тамшылары еді...

– Мені жақсы көрмеңіз, Дмитрий! Мен үшін скрипка тартпаңыз! Мен ұсқынсыз, жиіркенішті, жаман адаммын... Мені күстәналап, жек көріп, ұру керек...

Надя өкіріп жылап, Митяның кеудесіне басын қойды.

– Мен ең жексұрын адаммын, ойларым да жексұрын, жүрегім де...

Митя не істерін білмей қалды, міңгірлеп бірнәрсе айтты да, Надяның төбесінен сүйді...

– Сіз мейірімдісіз, жақсы адамсыз... Шын сөзім, мен сізді жақсы көремін... Бірақ сіз мені жақсы көрмеңіз! Мен әлемде бәрінен бұрын ақшаны жақсы көремін, байлықты, арбаларды... Ақшам жоқ екенін ойлағанда өліп қала жаздаймын... Мен сұмпайымын, өзімшілмін... Мені сүймеңіз, жаным, Дмитрий Иваныч! Маған хат жазбаңыз! Мен күйеуге тиемін... Гаврилычқа шығамын... Көрдіңіз бе, мен қандай адаммын! Ал сіз болсаңыз... мені жақсы көресіз! Қош болыңыз! Мен сізді күйеуге шыққан соң да жақсы көретін боламын... Қош бол, Митя!


Надя Гусевті асыға құшақтап, жылдам қимылмен бетінен, мойнынан сүйді де, қақпаға қарай жүгіріп кетті.


Бөлмесіне келген соң, Надя егіліп жылап отырып мынандай хат жазды: «Қымбатты Иван Гаврилыч! Мен сіздікімін. Мен сізді жақсы көремін және сізге әйел болғым келеді... Сіздің Н.».

Хатқа мөр басылды да, керекті жерге жөнелту үшін қызметшінің қолына берілді.


«Ертең... сыйлыққа бірнәрсе ала келер...» – деп ойлады да, Надя терең демін алды. Осы терең демалу оның жылауын да тоқтатты. Терезенің алдында аз отырып, сабырға келген соң, Надя тез-тез шешінді, ал тура түн ортасы болғанда құстың жүнінен жасалған, әдемілеп тігіліп, әдіптелген қымбат жамылғы арасында ғана дір ете қалып ұйықтап жатқан, жас, әдемі, бұзылған сұмпайыны жылытып жатты.


Сол түн ортасында Иван Гаврилович кабинетінде әрі-бері адымдап, армандарын дауыстап айтып жүрді. Ата-анасы кабинетте, оның армандарын тыңдап отырды... Балаларының бақыты үшін қуанып, өздерін бақытты сезінді...

– Жақсы қыз ғой, текті жерден, – деп жатты әкесі. – Кеңесшінің қызы, өзі әдемі. Тек бір-ақ қиын жері бар: фамилиясы немісше! Адамдар сені немістің қызына үйленді деп ойлап қалатын болды...



Махаббат хикаясы


(М. Павичтің «Шаймен салынған пейзаж» романынан үзінді)


Күні кеше болғандай есімде қалыпты: өрімдей жас кезімде, қазіргі Разин деген фамилиямды иеленбей тұрған уақытта, тіпті өзімнің кім екенімді анық білмей, қалтамда соқыр тиын болмай, кедейшіліктің қамытын киіп жүрген шағымда бір таныстарым ұйымдастырған кешке бардым. Үстімдегі киімімнен, өзімнің жасымнан ыңғайсызданғандықтан, жұрттан оңашаланып, бұрышта тұрғанмын. Бұнымды көрген үй иесі мені алты кішкене дөңгелегі бар, сол дөңгелектерімен бөлменің ішінде ақырын-ақырын жылжып жүре алатын ескі диванға апарып отырғызды. Отырған соң, өзімді қолайлы сезіне бастадым. Жанымда отырған қызға назарым түсіп еді, маған көзін алмай қарап қалыпты. Басында жанарынан от шашып тұрғандай, тесіле қарады да, ақырын-ақырын ұшқыны сөне бастады. Әбден сабасына түскен кезде, ол маған әпкесі екеуінің басынан өткен бір оқиғаны баяндап бергісі келетінін айтты. Сөйтті де, сөзін бастап кетті.


– Бір мың тоғыз жүз қырық тоғызыншы жылдың күзінде біз әпкем екеуіміз театрға бармақ болдық. Жастық шағы сол кезбен сәйкес келген адамдар жақсы біледі, антракт кезінде театр алдындағы алаңға сырт киімсіз шығып, антракт біткен соң жып-жылы боп тұрған залға қайта кіріп, қойылым көруді жалғастыратын сол кездің бір дәстүрі болатын. Солай істеу адамдарға ұнайтын, және билет тексерушілер жыртылған билетпен қайта кіруге рұқсат беруші еді. Сол күні «Богема» қойылатын болды, ал бізде үш билет бар еді: әпкем екеуімізге, сосын анамыз айтқан тағы бір адамға. Ол адам бізге туыс болып келеді екен, бірақ біз оны білмейтін едік, тіпті ешқашан көрмеген адамымыз болуы да мүмкін.


«Неғылған адам екен, түрін көретін екен өзінің» − деді әпкем үйден шығып келе жатқанда. Бірақ туысқанымыз театрға келген жоқ, себебін бізден гөрі өзі жақсырақ білетін шығар. Ақыры келмейтін болған соң, үшінші билетті сатайық деп шештік. Ол кезде опера мен драмаға билет қанша қымбат болса да, сұранысқа ие болатын. Қаланың кешкі мезгілі үстел үстінде ұмыт қалған кешкі асқа ұқсап суып бара жатса да, керемет болып тұрған. Желден көтеріліп, ауада араласып жатқан жапырақтардың көрінісі долматиндық итке ұқсап тұрды. Сол желдің арасында, театрға кіруге ұмтылған жастар, есіктің аузына кептетіліп, у-шу болып жатты. Қараң-құраң еткен адамның арасынан, опера афишалары ілінген бағанаға сүйеніп, сыраны шөлмектің аузынан ішіп тұрған жас жігітке көзіміз түсті. Неге екенін, біз оны аяп кеттік те, артық билетімізді ұсындық.


«Екінші қатарда отырасыз», − деп әпкем нақтылай түсті.


Бізді билетті саудалап тұр, алдыңғы орын болса, оған бәрібір ақшам жетпес деп ойлаған болуы керек, әлгі жігіт онша жақтырмаған адамның кейпімен: «Ештеңе етпейді, мен сырамды осылай түрегеп тұрып-ақ бітіре саламын», − деп жауап берді.


Әпкем теріс бұрылып кетті, мен болсам оған билетті тегін бергелі тұрғанымызды айтып, түсіндіре бастадым. Ол жартылай ішілген шөлмегін сол жерге қалдырды да, әпкемнің қолындағы билетті алды. Сөйтіп, театрға кірдік.


Оның мұрты мен қасы көмірмен ысқылағандай жылтыр еді. Үстінен жағымды иіс аңқып тұрды, мұрны болса, өз алдына әдемі екен, кей кездері таңғы астың түскі асқа айналып кететіні секілді мұрыны иегімен жалғасып кеткен деуге де болатындай. Жаңа танысымыз бізге театрды ұнатпайтынын, театр да оны соншалықты жақсы көріп бара жатпағанын айтты. Опера оған трубаның, флейтаның, ұрмалы аспаптардың көмегімен от жағу секілді көрінеді екен. Немесе ғажайып әуендердің отын ғаламат дауыспен жағу. Алайда, ойланатын болсақ, сол отты тезекпен-ақ жағуға болатынын да айтты.


«Богеманың» бірінші көрінісі кезінде ол «Жабырқаудағы» арияны ақырын ғана, бірақ нақпа-нақ, әдемілеп ысқырып, әндетіп отырды. Антракт кезінде сыртқа демалуға шыққанда, сыраның шөлмегін қолына қайта алып, ішіп тұрғанын көрдік. Екінші акт басталған кезде орнынан көрінбеді. Жанымызға шашын төбесіне түйіп, бөдененің жұмыртқасы секілді әшекейді бірнеше жерден қадаған (жас кезіндегі сән үлгісі болуы керек) қартаң әйел келіп отырды. Біз жас жігіттің тиімді келісім жасағанын түсіндік. Бізден бір динар да төлемей билет алып еді, енді қойылымның қалған үштен екі бөлігін кемпірге арзанға сатып, түскен ақшаға сыра алуға кеткен болды. Біз солай ойладық. Бірақ қателескен екенбіз. Үшінші актіде біздің жанымызға он жастар шамасындағы, тісі кетік, қолы дәкеленген қыз келіп отырды. Бұл қыз бір кітапты ала келген екен, соны қаракөлеңке залда парақтады да отырды. Сахнада болып жатқан әрекеттерге онша көңіл бөлген жоқ.


Қойылымнан кейін ол қызды шығаберістен бір ер адам мен әжептәуір әдемі киінген әйел күтіп алды. Біздің жас жігітіміз операның үшінші актісінің де мәселесін шешіп қойған екен. Театрдан шыққанда, билеттің ақшасына сатып алған кезекті бір шөлмегін қылқылдата ішіп тұрғанын көрдік.

− Керемет оқиға екен, − дедім бейтаныс қызға, − маған айтып бергеніңіз үшін рахмет.

− Осы оқиға болғаны үшін сізге рахмет, − деп жауап берді ол жұмбақтай.

− Түсініп тұрған жоқпын, − дедім мен.

− Қалай сонда?! Сізге бұл оқиға таныс емес пе? − деп сұрады сол кезде.

−Ж-жоқ, − дедім тұтыға. Мектеп партасындағы баланың құлағына ұқсап жадымда әлдене өсіп келе жатқанын сезіп отырмын. Бірақ есіме ештеңе түспеді.

− Сол кезде билетті сатып жіберген жас жігіт мына сіз едіңіз ғой!

− Мен бе?! − Мен шынымен де таңқалдым. Таңғалғаным соншалық, оның айтқанына ұқсас ешнәрсе есіме оралмай-ақ қойды. Бірақ бейтаныс қыздың әңгімесі ойдан шығарылмағанын, айтып отырған қара күңгірт оқиғасы шындық екенін біліп отырдым...біліп отырған болуым керек.

− Бұның бәрін сіз қалай ғана айдан анық біліп отырсыз? Ештеңені шатастырып тұрған жоқсыз ба? − деп сұрап көрдім сосын.

− Егер мен шатастырған болсам, сізге билетті берген әпкем бар ғой.

− Әпкеңіз қайда қазір? − деп сұрадым. Мойындаймын, ақымақ адамның сұрағы. Әйтеуір, бірнәрсе айту керек болған соң, сұрай салып едім.

− Осы жерде. Сіздің жаныңызда отыр. Ар жақ жаныңызда. Айтқандай, біз қазір тура сол кезде операда отырғандай отырмыз.


Осы кезде мен келесі жағымда отырған адамға алғаш рет қарадым. Тура қарағандағы бет әлпеті грек қыздарына ұқсайды екен. Кенеттен «Евгений Онегиннің» қолжазбасының шетіне Пушкин салған Амалии Ризничтің профилі есіме түсті. «Аумаған Амалии Ризнич, – деп ойладым мен, – сүйсе, жұлдызқұрт үстемеленген екі шиені жегендей әсер сыйлайтын еріні бар қара торының әдемісі». Көзімді алмай қарадым, ол болса, менің жанарыма алаңсыз сүңгігендей еді. Алты дөңгелекті диван бізді бөлменің дымқыл ауасының арасынан алып шығып, алысқа әкетіп бара жатты. Мен оны бұрын-соңды көрмегеніме сенімді едім, бірақ сөйте тұра оның мені танитынын ішім сезіп тұрды. Әлде жағымсыз әсерден бе екен?.. Егер сіз біреуге жағымсыз әсер қалдырған болсаңыз, епті ұрының жылдамдығымен ол оқиғаны ұмытуға тырысасыз және қандай жағдай болса да, ол адамды кездескен жерде танымайсыз.

– Сен мені көрдің ғой, көгершінім, – деді ол, – тіпті жақсылап тұрып көрдің. Біз екеуіміз баяғыда танысқанбыз. Әлгі операға барардан әлдеқайда бұрын. Ол кезде жасым жетіде еді, қолымда қуыршақ бар-тұғын.

– Содан не болды?

– Сен маған: «Жеті жаста бала туу қиын шығар?» дедің.

– Енді не істейсіз, – мен енді апалы-сіңлілердің екіншісінің алдында қашқақтай бастадым, – адам жуаға ұқсайды. Әр қабатының астынан екінші қабаты шығады; ашып қаласың, ар жағынан не шығатынын Құдай білсін. Ал ең соңында жеткен кезде, ештеңе жоқ екеніне көзіңіз жетеді. Түк те жоқ болып шығады.

Осыны айтқанымда ол жаңбыр суына малтыққан адамдай болып, маған тұздай көк көзімен тесіліп қарап отырды да, қарлығыңқы дауысымен:

–Түк те болмайды дейсің бе? «Түк те жоқ» деп сіз айтып тұрсыз ба! Жуа мен су. Ал көз жасы ше? Төгілген көз жасы қайда қалады? Сол туралы ұмытып кеттіңіз ғой, мырзам.

Бірдеңе қылып құтылу керек екенін ұқтым. Фрейдке сілтеме жасаудың өзі енді мені құтқара алмайды. Міне, тура осы кезде қапысыз қадам жасадым және істі шешуші кезеңіне алып келдім.

– Әлгі туыстарыңыз ба еді, кім болып келуші еді сіздерге, ана ақымақ немені айтам? Театрға келмей қалған жігіт ше? Соған не болды? – деп сұрадым жалма-жан. – Ол неге келмей қалыпты?

– Келді ғой, келді, – деп жауап берді көк көзді сұлу, – келгенде қандай!

– Не болды енді оған?

– «Не болғаны» несі? Ол сіз ғой! Сіз Атанас Свиларсыз, солай емес пе? Әрине, біз ол кезде сізді тани алған жоқпыз. Сіз де көпшіліктің ішінде кездесіп қалған екі қыз Вида Милут пен Витича Милут деген туыстарыңыз екенін білген жоқсыз.

– Сіздердің аналарыңыз ше? Жағдайы қалай? – Мен әңгімені отбасы тақырыбына ауыстыруға тырыстым.

– Біздің анамыздың о дүниелік боп кеткеніне біраз болды. Ол, тіпті, біз операға барған кезде де бұл өмірде жоқ болатын. Біз оны әңгімені әсерлеу үшін айттық. Содан кейін, сіз бізге тіптен де туыс емессіз...

Мен оларға туыс болмағандықтан, күйеулеріне айналдым. Екеуіне бірдей деуге де болады.


Кім ақымақ?


(В. Осеевадан)


Бір үйде Ваня есімді ұл, Таня атты кішкентай қыз, Барбос дейтін ит, Устинья деген үйрек, Боська дейтін балапан болыпты.


Бірде бәрі есік алдына шығып, орындыққа жайғасыпты: Ваня, Таня, Барбос, Устинья, Боська. Ваня оң жағына қарайды, сол жағына қарайды, шалқайып, жоғары қарайды. Іші пысты! Содан Таняның шашын тартып кеп қалды. Таня ашуланып кетті де, Ваняға жауап бергісі келді, бірақ қараса, ұл бала, денесі ірі, күші де көп. Содан Барбосты бір тепті. Барбос қыңсылады да, өкпелеп, тісін қайрады. Қауып алғысы келді, бірақ Таня қожайыны, оған тиісуге болмайды. Содан Устиньяның құйрығын арп етіп, тістеп қалды. Абдырап қалған үйрек қауырсынын сипады. Балапан Боськаны шұқып алғысы келді де, ол ойынан тез қайтты.

Барбос болса сұрақ қойды:

– Устинья, сен неге сонда Боськаны шұқымайсың? Сенен әлсіз ғой.

– Мен сен сияқты ақымақ емеспін, – деп үйрек Барбосқа жауап берді.

– Менен де ақымақ біреу бар ғой, – деп ит Таняны көрсетті.

Таня оны естіп қойды.

– Менен де ақымақ біреу бар, – деп Таня да Ваняға қарады.

Ваня өзінен кейін біреу бар ма деп қарап еді, ешкім жоқ екен.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар