Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қуандық Түменбай. Тасбақа...

18.09.2022 6303

Қуандық Түменбай. Тасбақа

Қуандық Түменбай. Тасбақа - adebiportal.kz

(Әңгіме)

Бұл өзі тірі тасбақа емес, есік алдына қоладан құйған сұлба. Бірақ, тірі жәндіктен аумайды-ау, аумайды. Тіпті, жер бетіндегі тасбақаның 250 түрін білетін біреу бар шеберлігін жұмсап жасаған ба дерсің. Табиғаттың осы бір сиын Құдай жаратқан екен, ал қолы епті біреу бау-бақшасы құлпырған есік алдына еппен әкеп қонжита салған секілді. Төңкерілген қауашағы қандай жып-жылтыр. Сыртындағы бұжыр-бұжыр сызығына дейін көзге анық көрініп, жұмыртқадан жаңа ғана жарып алған ба дерсің. Тор-тор, теңбіл-теңбіл сызықтары қандай әдемі. Сірә, тасбақаны жанына серік қылған біреудің қолтаңбасы болар. Салбырап тұрған тіліне қарашы, шөп тістеймін деп шығарып, сол күйі тартып ала алмай  қалған сияқты. Тіл – тасбақаның өмір сүру құралы, адамның да басты құралы – тіл. Тілі болмаса адамзат бір-бірімен қалай қатынас жасайды? Қоғамдағы өз орнын да таңдай алмайды. Жан-жануар да тілі болмаса ештеңенің дәмін татып, ащы-тұщыны айыра алмайды. Ал тасбақа тілімен ұясына шөп тасиды. Асықпайды. Мимырт бүлкілі өзіне сондай жарасымды. Тасбақа аяң деген осыны көріп айтылған сөз болса керек. Адамзат сияқты алашапқынға түспейді, жетер жеріне тасбақа аяңмен-ақ жетеді. Бүркітбай сатып алмаққа ниеттенген үй алдындағы жүзімдік пен шие көмкерген бау-бақшаға тақау тұрған тасбақаның жансыз сұлбасына сұқтана қарап, іштей балаша қуанды, үйге келгендер «тасбақасы бар екен» деп айтатын болды» деп өз-өзінен масаттанды. «Достарым мен жерлестерімді шақырғанда жағаларын ұстап, таң қалатын шығар» деп масат сезім бойын биледі.

Бүгін құжат дайындау үшін сатушы мен сатып алушы нотариусқа бару керек. Бәрі дұрыс, қағазда мін жоқ. 5 сотық жері, 8 бөлмесі бар, тіпті көше бетте ілулі пошта жәшігіне дейін тіркелген.  Керілген етшең әйел қағаздың қол қоятын ең соңына дөңгелек мөрін басып, төрт-бес қағазға қолтаңба тастады да, «Енді есеп айырысуға болады» деп жеңілдеп қалғандай «уһ!» деп бір демін алды. Ойнақшыған көкшіл көздері мен қызыл ала шәй көйлекті керіп тұрған асқабақтай топ-томпақ көкірегі, тұлабойы түгел теңге тілеп тұрғандай көрінді.

Екеуі нотариустың төлеуін бөліп төлеп,  Ақжар ауылы, Сарыарқа көшесіндегі №41-ші сатылған үйдің  ауласына келді де, Бүркітбай бума-бума ақшасын ішкі қалтасынан қол сұғып алып, жерге тастады.

- Ертең соңғы жүгімізді алып кетеміз? – деді кәріс Ким. 

- Біз де ертең көшіп келеміз, - деді Бүркітбай.

Сағат тілі айналып, тәулік өтті.

Қазақ Бүркітбайдың жүгін артқан жабық мәшине Сарыарқа көшесі, 41-ші үйдің алдына келіп тоқтады. Мәшинеден түскен көңілі кең жайлау қазақ өз жеріне өзі би боп, қаладан далаға қоныс аударып, табан тірегеніне мәз көңілмен асып-тасып, өзіне-өзі келе алмай тұр. Еңселі қызыл кірпіш үйдің алдынан қола тасбақаның дөңкиген жон арқасы көрініп қалды. «Жұрттың таң қалғаны былай тұрсын, бала-шаға мініп-түсіп ойнамай ма?» деп балалық шағынан бір белгі көз алдынан жалт ете қалды. Қарасирақ кезінде құмды жерде тасбақаны көріп өсті. Осы сәт жан-дүниесі дір етіп, жансыз сұлбаға бір қарап қойды. «Әдемі. Қорбиып тұрысы қандай әдемі. Тасбақаның тілеуі ақ...» Бала күнінде шыңғыртып тұрып осындай бір тасбақаның  дөңгелек сауытын сыпырып ап, басына киген. Кинодағы бәрін қырып-жойып жүрген каскалы неміс болам деп алабұртқан бала қатыгездікке салды. Сонда сауытынан айырылған тасбақаның шыңғырған даусына шыдай алмай жалаң табандар қос құлақтарын қолдарымен басып тұрған. Тасбақаның денесінен титтей де қан шыққан жоқ, қызыл құмға салп етіп тиген тілін, кісіні тесіп жіберердей боп қараған екі нокат шүңірейген көзін көрді. Екі ноқат көзден күйіп тұрған қызыл құмға екі тамшы жас мөлт етіп тамып кетті. Дөп-дөңгелек сауытты денесінен айырып, басына киіп ап, жерде жыбырлап жатқан салбыраған тіл мен екі ноқат көзді айдалаға құлаштай лақтырды. «Сол жерден қазір мұнай атқылап жатқан шығар» деп бір ызың көкірегінен жүгіріп өткенде кәріс Ким жүк салғышы бар  шағын мәшинемен зырғып кеп үй жанына тоқтай қалды. Қол алысып болғасын сұрай алмай жүрген бір сауалды Бүркітбай аузынан шығарды.

- Ким дос, сен енді Кореяға көшетін шығарсың? – деді.

Ол риясыз жымиды.

- Жоқ, онда маған не бар. Екінші сорт боп қайтем. Қазақстаннан жайлы жер жоқ. Енді Қапшағайға көшем. Балық аулайтын фазендам бар. Қапшағайға Қонаевтың атын берді, енді онда да жақсы болады. Мен соңғы жүгімді салайын! – деп қасына ерген екі жігітке қарап «кеттік» деді де, қола тасбақаны орнынан көтере бастады. 

- Оу, Ким жолдас, актіде тасбақа жазылмаған ғой, онда тасбақа туралы бірауыз сөз жоқ. Ол менде қалу керек.

- Онда келісім шартты қайта жасаймыз. Бұл біздің үйдің киесі. Өзі Қызыл кітапқа енген. Сіздердің киелеріңіз жетіп-артылады емес пе? Сіздерде жылқы кие емес пе? Құмда жортқан тасбақаны қайтесіздер, - деді күлімсірей қарап.

Сол сәт Бүркітбайдың көз алдында тасбақа селт етіп, шыңғырып жібергендей болды. Бала кезінен құлағында қалған ащы дауыс қайта естіліп, тұла бойы селк-селк етіп, бір орнында тұра алмай қозғалақтап кетті.

- Онда актіні қайта жасаймыз, - деді әрең сөйлеп.

- Мен осы тасбақаны көріп тұрып, үбірлі-шүбірлі болдым. Бұның пейілі адал. Ешкімге зияны жоқ, тұмсығымен шөп тасып күнін көрген бір әулие жәндік. – Кәріс әлі күлімсіреп тұр, жайбарақат тұрысы Бүркітбайдың жынына тие бастады.

- Мен ақшасын төледім ғой.

- Тасбақа сатылмайды. Мен оны алып кетем. Әйтпесе келісім шартты бұзамыз. Жүріңіз, кеттік нотариусқа.

Екеуі тағы да етшең әйелдің алдына келді. Ол үшін өтінішпен келген адам өтімді, әр сөз қауашаққа сылдырлап түскен тиын, таң атқанда «бүгін өтініш көп болса екен» деп көкірегі бүлкілдеп тұрады.

Ким мән-жайды түсіндірді.

- Тасбақаның ақшасын жеке төлейін, - деді Бүркітбай.

- Жоқ, ол сатылмайды. Оның ешкімге зияны жоқ, өзімен- өзі жүрген бір міскін. Ол адамды жаманаттан қорғап тұрады.

- Мені де қорғасын да...

- Сіз тасбақаны... – деп Ким мүдіріп қалды да, одан әрі сөйлеп кетті. – Осы тасбақамен бірге қазақ жерінде пәлен жыл өмір сүріп келе жатырмын. Бірге ала кетем, әйтпесе үйді сатпаймын, - кәрістің өңінде бүлкілдеген күлкі тұр. Бүркітбай танауы делдиіп ашуға булықса, ол езуі жиырылып, күлімсіреуін қояр емес. Осы сайқымазақ кейпі оның ызасын келтіріп, мына біртұтам кәріс түйенің  жарты етіндей өзін келемеждеп тұрғандай көрінді.

- Әй, ақшасын екі есе төлейін. Бала-шаға менде де бар, үстіне шығып ойнаса деп едім.

- Менің  де жеті балам бар.

- Ой, сенің де, бала-шағаңның да, тасбақаңның да, тап әкесінің...  Не, маған үй табылмай қалат деп тұрсың ба?! Тасбақаңды бала күнімізде талай шыңғыртқанбыз, енді қайтып жоламайтындай ғып... – Шымкентшелеп боқтап жіберсе де, кәріс түк болмағандай жайбарақат күлімсіреп тұр.  Жұп-жуан жүндес білегін сілтеп, салып жібергісі де келіп еді, бірақ семіз әйел үшін тағы бір эпизод пайда боп қауашаққа ақша ытқытып жүрем бе деп сақтанды. Оның асқабақ кеудесі ақырын күтіп, шәй көйлекті шертіп, көтеріліп-басылып тұр.

- Онда келісім шартты бұзамыз ғой. Бұл үшін екі жақ тең бөліп, 7 мың 300 теңге төлейсіздер. – Етжеңді әйел жып-жып етіп тез сөйлеп, дыңылдап оталып тұрған төрт бұрыш компьютерін  іске  қосты. 

Кәріс Ким лезде келісім-шартты бұзу туралы өтініш жазды, Бүркітбай болса селт тұрып қалды. «Балдарға тасбақасы бар үй алатын болдық» деп айтып қойып едім. Мына кәріске ерегіскенде арыстаны бар үй сатып алам» деп нотариус әйелге үн-түнсіз көзін қадады.

Ол қалам мен қағаз ұсынды.

- Бұны қайтем?

- Үйден бас тартам деп өтініш жазасыз, - деді әйел жайраңдай қарап.

Бүркітбай  дір-дір еткен қолына қара бояулы қаламды алып, ақ параққа «Арыз» деген  бір ауыз сөз жазды. 

Кәріс Ким  күлімсіреуін тия алмай  қарап  тұр. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар