Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Қырмызы түсті өмір...

03.10.2022 5590

Қырмызы түсті өмір 14+

Қырмызы түсті өмір - adebiportal.kz

Табиғи қазбалардың ішінде графит атты минерал бар деп естимін. Оның ерекшелігі қарындаштың өңезіндегі жұққыш қабілетке ие жазарында. Сол жұмсақ графит химиялық заттармен суарылғанда, миллион градус ядролық  реакторға тең-тайы жоқ, берік  зат ретінде, не алмазды кесе алатын бірден-бір кескіш құралдың жүзі ретінде қолданылады екен. Графит те қырық шырақты әйел табиғаты іспеттес. Нәзік әрі қаһарлы. Мейірімділікте жүзі жылы, қаттылықта суық. Алмасты да қиып түсетін қауқарға ие. 

Уақыт пен тұрмыс  илеуіне түскен қаланың қалыпты өмірі кейде зеріктіреді. Тым бірсарындылау. Көңілсіз.  Бұл – бір менің ғана емес, қазіргі көп замандасымыздың басындағы хал тәрізді. Меніңше, ішкі-сыртқы саяси процесстер мен қоғамның қазіргі ахуалы әдебиет өкілдерінің пессемистік толғақтарына тікелей әсер етуде. Әлденені көксеген көңілі мен аңсарын кім қалай басқа арнаға аударарын білмедім. Өз көңіліме төрт мезгілдің өзіне тән жаңбыры мен бұрын-соңды естіп-білмеген сазгерлердің әні қатты ұнайды.  

Мысалы, ерте көктемдегі көк нөсердің, жаздыгүні аңқасы кепкен даланың топырақ-жапырағын бір жарылқап тастар ақ жаңбырдың, себезгілеп ұзақ жауатын сіркіреме жаңбырдың, немесе төбеңнен құйғытып өтер өткінші жауынның,   күрең күзде қорғасындай көк бауырлап келіп, қыстың ызғарын сездіретін қарлы жаңбырдың әсері табиғат-ананы қалай тазартса – жаңбырдан кейінгі иіс (petricor) пен әсерлі музыканың қысқа мерзімді ләззаты  менің көңіл-күркемнің кірін дәл солай жуып әкетеді. 

Есенғали Раушанов: «Табиғат тазарып тұру үшін жаңбыр керек, ал адам тазарып тұру үшін ақындар керек»,-дейді. Қандай ғажап пікір. Әйткенмен, ақындарды ғана емес, Құдайдың өзі әр ғасырда адамзатты ауыр уайымнан айықтырып, рухын көтеріп, ділін тазартпаққа әншілер мен сазгерлерді де тудырып отырғандай. Ән өнерінің тарихында найзағай-ғұмырының жарқылы күллі адамзаттың санасын сілкіп, түйсігін түртіп, жадын жаңғыртып, жүрегіне мыңжылдық қуат дарытқан  тұлғалар өткен. Ол тұлғалардың тағдыры «өткінші жауын» тәрізді тым қысқа.  Ал өнері өміршең. 

Айтпағым, француз кинорежиссері Оливье Даанның 2007 жылы жарыққа шыққан  «La Vie en Rose» (Қырмызы түсті өмір) атты фильмі бар.  Бұл кинотуындының түсірілуіне француздың даңқты әншісі Эдит Пиафтың (шын есімі Эдит Джованна Гассион) шынайы ғұмыры арқау болған. Шамасы, торғай құсын француздар «Piaf» десе керек. Торғайдың өзі мекен ауыстырмайтын, көлемі жұдырықтай ғана кішкентай құс. Ұлтымыз ертеде қардың еруін, көктемнің келуін екі нәрсемен болжай білген. Оның бірі, қыс аяқтала бере қойдың құмалығын қарға тастау арқылы. Егер құмалақ қарға батса, көктем айы жақындағанының белгісі деп сенген. Және  қардың көбесі сөгіліп, тоң-мұзы еріп, еріген қар суын ең әуелі торғайдың ішуі – қыстың аяқталып, «Амал мерекесі» келгенін білдірген екен. Иә, шынашақтай ғана құстың шырыл қағып, көктемнің хабарын жеткізуіне қайран қаласың. Француз әншісінің бағын ашқан алғашқы ұстазы, кәсіпкер Луи Лепленің Эдитті «торғайға» телуі де бекер емес.   

Эдит Пиаф 1915 жылы, 19-желтоқсанда Париждің 20-ауданындағы  Белливель көшесінің нөмірі 72-інші үйінде туған. Эдиттің ата-анасы да өнерден  алыс емес адамдар. Шешесі Анита Майяр әнші болса, әкесі Луи Гассион цирк акробаты болып күнелтіс қамын жасаған. Нормандиядағы жезөкшелер жатақханасында өскен бүлдіршін қыздың жанары үш жасында көру қабілетінен айрылып, алты жасында қайта қалпына келген. Көп өнертанушылар бұл тылсымға тікелей Құдай ана Терезаның қатысы барын айтады. Бақыты кем балалық шағын жезөкшелердің жылуы жоқ лас, қабырғасы сыз тартқан сүреңсіз жатақханасында өткізген Эдит Пиаф тоғыз жасында Париж көшелерінде ән айтып, ақша таба бастайды. 

Кәсіпкер Луи Лепле дейтін кісі Париждің Макмахон авенюі мен Трайон көшесінің қиылысында ән айтып тұрған тоғыз жасар Эдиттің дауысын естіп, таңғажайып талантын таныған соң, өзінің Le Gerny's деген шағындау концерт залында өнер көрсетуін сұрайды. Тірнектеп жиған табысын әкесіне әкеп беретін Эдит кәсіпкердің бұл ұсынысын қобалжи һәм қуана қабылдаған. Сүйтіп, көшенің тентек әнімен танылған Эдиттің бағы мен жұлдызы қатар жанған. Кейін есімі әлемге әйгіленіп, қалың ел оның дүбірлі даңқына дүркірей қол соғады. Гастрольдік сапармен Грекияға, Америка Құрама Штаттарына, Германияға барып, жеке концертін өткізеді. 

18-19 ғасырдағы француз ұлты өз өнері (әсем музыкасы, көркем әдебиеті, кереметтей сәулет ескерткіштері, ғаламат сурет кескіндемелері) арқылы адамзаттың ортақ мәдениетіне қыруар үлес қосқаны жасырын емес. Ал, қазіргі Францияның кейпі өткен дәуірлерде суреттелгендей ме? Он тоғызыншы ғасырдағы Виктор Гюго, Оноро де Бальзак, Ги де Мопассан, Франсуа Шатобриан, Жорж Санд, Гюстав Флобер, Эмиль Золя, Стендалдардың, жиырманшы ғасырдағы Жан-Пол Сартр, Оскар Уайльд, Альбер Камю, Франц Кафкалардың дәуірі тура келместің кемесіне мінгесіп кете барғандай күй. Ол күй Эдит әндерінің энергиясы мен атмосферасынан анық сезіледі. Оның драмалық дауысында нәзіктікке ұласқан бір діріл бар. Қарлығыңқы діріл. Осы дірілдің баяу үзіліп барып жалғасқан тұсында француз ұлтының жаны мен тұтас фольклоры көшіп жүргендей. 

Өз жүрегін мұңға бөлеп, әнмен әлдилеген әншінің тағдыры  трагедияға толы. Бар-жоғы 47 жыл өмір сүрген ол бейуаз үмітіне, бейопа махаббатына  өкпе артпаған. Әсіресе, ғашығы Марсельдің қазасы жанына қатты батып, жалғыздықтың құшағындағы өмірі сағат санап кеми берген.  Аяулы жаны баянсыз бақыт пен саясыз сезімдерден қажыған. Өмірінің соңғы он жылын Ланнес бульварындағы сәулетті үйінде өткізген Эдит күйзеліс пен депрессиядан арылу үшін «морфин» есірткісін қабылдаған. Ақыры 47 жасында қатерлі ісік ауруына шалдығып, қаза табады. 

Оливье Даан автобиографиялық «La Vie en Rose» (Алқызыл түсті өмір) фильмін көрерменге жақсы әсер қалдыру үшін барынша интерпретациялаған сыңайлы. Режиссердің шешіміне сай фильмде уақыт тілінің шығыршығы кері айналады. Яғни, фильм картинасындағы хикаялар бір сызықтың бойымен өрбімей,  бүлдіршін Эдит пен бойжеткен Эдиттің өмірі паралель суреттеледі. Аты аңызға айналған француз әншісінің рөлін Марион Котийяр да өте шынайы, әрі сәтті сомдаған. Әртіс Котийяр ханым Эдит Пиафтың сұлу да сезімтал образын ашу үшін біршама (фильмнің әр сахнасындағы қас жұлдыруы, әдемі әрленген бейнесі, теңдесіз харизмасы, Эдиттің жан тебірентер мұңлы көздері мен эмоциясын айнытпай салуы) құрбандықтарға барғаны көрініп тұр. Нәтижесінде, еңбегі ақталып, үздік «басты рөлі» үшін Оскар сыйлығын жеңіп алады. 

Эдит Пиаф пен Роза Бағланова бір ғасырда өмір сүрген тағдырлас таланттар 

Өткен ғасырда қазақ топырағынан небір қайқылар мен сайқылар, дүлейлер мен сүлейлер, дүлдүлдер мен бұлбұлдар түлеп ұшқан. Олар ұлт басына төнген қасіретті, зұлматты жылдары туған перзенттер. Әрқайсысы құлап бара жатқан ұлтымыздың киелі шаңырағына бір-бір уық болып қадалған. Ұпайын түгендеген. Мәдениеті мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан. Сол перзенттердің бірі – ән өнерінің падишасы  Роза Тәжібайқызы.

Тақырыбымызға тұздық болған француз әншісі мен қазақ халқының сүйікті қызы Роза апамыздың ортақ автобиографиялық  ұқсастықтары бар. Розаның әкесі Тәжібай өте парасатты, біршама тілді меңгерген полиглот, жоғары шенді  әскери адам. Ал анасы Ақкүріш айналасына танымал әнші болған.  Халық әндерін нақышына келтіре орындайтын анасының асыл қасиеті қызына дарып, Роза апамыздың ән айтуған деген икемі төрт жасында байқалған. Өкініштісі, тағдырдың жазуымен Розаның әкесі мезгілсіз дүние салады. Жұбайынан айрылып,  тұрмысы ауырлаған Ақкүріш анамыз жанұясын бастап Ташкенттегі туысының үйіне көшіп барады. 

Роза апамыз сол үйдің ауласын сыпырып жүріп, әредік ән айтады екен.  Таңмен таласып, құмыр бұлбұлдай  ән салатынын естіп жүрсе керек, қай бір күні қақпадан Құдай айдап Кары Якупов кіріп келеді. Келеді де: «Ертең сағат 10-да филармонияға кел, мен сол филармонияның директоры Кары Якуповпын», - дейді. Роза апамыз айтылған уақытта  филармонияға барады. Барса, Кары Якупов кішкентай Розаның өнерін тамашалау үшін өзбек филармониясының барлық әртістерін жинап, сахнаның алдыңғы қатарына отырғызып қояды. Дарынды қыздың әнін құлақ қойып тыңдағандар таңданысын жасырмай, қошемет-көңілдерін білдіреді. Тамсанып, таңдайларын қағады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейтін аталы сөздің жарқын мысалы осы емес пе? Қандай ұқсастық. Француз әншісі Эдит Пиафтың бағын кәсіпкер Луи Лепле ашса,  Роза апамыздың ән өнеріне аяқ басуына Кары Якупов себепкер болған. 

Алғашқы қадамын Ташкент филармониясындағы ән-би ансамблінде өнер көрсетуден бастаған Роза Тәжібайқызы көп уақыт өтпей-ақ ұйымның бас солисі дәрәжесіне дейін көтерілген. Осы ансамбльдің құрамында жүріп, он тоғыз жасында майдан даласына  аттанған ол қазақ-өзбек әндерімен қоса, «Темная ночь», «Катюша» «Огонек» әндерін орындап, оқ пен оттың ортасында қан кешіп жүрген кеңес әскеріне жалынды рух сыйлайды. 

Эдит Пиаф ше? 1944 жылдың маусым-тамыз айларында немістер жаулап алған француз жерін азат ету операциясы басталады. Операция барысында үкімет өтінішімен Эдит Пиаф  арнайы Германияға барған. Кейбір деректерде Эдит Пиаф пен оның хатшысы Андре Бигар бастаған бір топ өнерпаздар неміс тұтқынына түскен француз әскерилерін босату үшін жалған құжат жасатып апарғаны айтылады. Жеті аптаға созылған тур барысында Эдит Пиаф он бір лагерде өнер көрсетіп, тұтқындағы француз әскеріне жалған құжат таратып, қашып шығуына септескен. Неткен жүрек жұтқандық десеңізші! Демек, Роза Бағланова да, Эдит Пиаф та аспан асты, жер үстіне ақырзаман орнатқысы келген фашистік Германияның басқыншылық соғысына қарсы қарлығаш көмектерін тигізген қаһармандар! Замандас  әншілердің соғыстың отты ортасында ән салып, сарбаздар өмірге деген құлшынысын арттырып қана қоймай, көңілдеріне қуаныш ұялатуының өзі бәс-бағасыз биіктік емес пе?

Исі адамзат әулетінің шаңырағын шайқалтып, шаттық-күлкісін ұрлаған сұрапыл соғыс Роза Тәжібайқызының есінде тек өшпестей қанды ізін қалдырады. Сұм соғыста сүйіктісі ажал құшқан  оның жан-дүниесі қатты құлазиды.  Ол аздай 1944 жылы майдан даласында жауынгерлерге концерт қойып жүрген оның бетін снарядтың жарықшағы  жанап өтіп, екі көзіне зақым келеді. Жанарының нұры әлсіреп, екі көзі бірдей көрмей қалған әнші 1979 жылы амалсыз ота жасатқан. Бұл туралы өз сөзінде: «Алдымен Жаратқанның, содан соң дәрігерлердің құдыретімен жанарымды сақтап қалдым», - дейді.

Иосиф Сталиннің қабылдауында үш мәрте өнер көрсеткен Роза Тәжібайқызының теңдессіз таланты мен сұлу көркіне Никита Хрущев, Леонид Брежнев сынды Кеңес Одағының басшылары да қатты ғашық болған деседі. Осы оқиға хақында көп айтыла бермейтін мынадай жағымсыз естелік бар. Ертеректе Никита Хрущев Қазақстанға іссапармен келеді. Құрылтай аяқталып, жиын тарқағанда ел ағалары Роза Бағланованы бас хатшының жанына қалдырып кеткен. Хрушев оқыс қимылымен әншінің қолынан ұстап, қапсыра құшақтай бергенде Роза апамыз «біріншінің» қолын қағып жібереді. Хрущев теңселіп барып, құлап кете жаздаған. Сонда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Дінмұхаммед Қонаев: «Шалға қолыңды ұстатқанда ештеңе де болмаушы еді. Ол кісі енді Қазақстанға қырын қарайтын болды ғой»,-деп ренжулі кейіп танытқан (Тележурналист Ұлдай Ибайдуллаеваға берген сұхбатынан үзінді). Ниеті түзу, көзі ашық, жүрегі әділ оқырманның бұл сұхбатта айтылған ақпарға қалай жаны ауырмасын? Ұлтымыздың бағына туған ән падишасын әлгі жердегі «ел ағалары» харассментке қалай қиды? Роза Бағланованың осы естелігі кеудеге күдік ұялатып,  ұлылардың қадіріне жете алдық па деген күмәнді ойымыздың шоғын үрлей түседі. 

Қазақ әдебиетінің алып қаламгері Мұхтар Әуезов «Ақмаңдайлым» әнін естігенде: «Пәлі, мына ән жиырмасыншы ғасырдың төбесінен тамшылап тұрған лириканың өзі ғой» -  деп биік баға беріпті. Дүние жүзінің 54 мемлекетінде өнер көрсетіп, 30-ға жуық тілде ән салған апамыздың дауысына қайран қалған  атақты композитор Соловьев-Седой ол кісіге «Толянушка» әнін арнайды. Роза Тәжібайқызы қазақ өнерінің ғана жемісі емес, әлемдік ән өнерін де игерген тұлға. Ол  Александр Вертинский, Галина Уланова, Майя Плисецкая, Игорь Ильинский, Аркадий Райкин, Даниил Шафран сияқты әлемге әйгілі тұлғалармен бір сахнаға шыққан бірінші қазақ қызы.  

Адамзаттың ортақ өнеріне әр ұлт өзіндік құндылығын қоса білуі ләзім. Өз бояуын. Өз дауысын. Өз қайғысы мен қуанышынан туған ішкі үнін. Ол сонысымен де құнды. Қымбат. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында Эдит Пиаф француз ұлтының өнерін шырқау биікке шығарды. Роза Бағланова  қазақ ұлтының мәртебелі рухын қайта қайрап, жаңғыртты. Екеуі де өз ұлтының ерке қыздарына айналды. Асылында,  ізгі өнердің тамыр-сабағында қайрақтай көк тасты да тесіп өтетін қасиет болады. Екі өнерпаздың бойынан да осы қасиет табылады. Бір-бірін жалғызсыратпайды. Сонысымен  мәнді һәм мәңгі. 

Хош. 1962 жылы 25 қыркүйек күні Парижде «Ең ұзақ күн» фильмінің тұсаукесері өткен. Фильмнің премьерасына арнайы шақыртылған Эдит Пиаф Эйфель мұнарасының биігіне шығып ақырғы мәрте «Мен ештеңеге өкінбеймін» атты әнін әуелете шырқайды. Содан соң  сахнаға шықпаған. Қисық әрі қыңыр, еңкіш тартқан тәкаппар болмысымен буалдыр тұманға сіңіп жоғалған…

Сіз жаңбырлы күндері Эдит Пиафтың «Milord» әнін тыңдап көріңізші. Жауын екпіні үдей түскен сәтте әннің көңілді қайырмасын қайта қойыңыз. Осы бір әнге Эдиттің асау жанының бұлқынысы мен жан шыдатпас жалғыздығының табы сіңген.  Оның мәңгі өлмес рухы осы бір әннің көңілді қайырмасына билеп, Париж көшелерін кезіп жүргендей. 

«Қырмызы түсті өмір» фильмінің финалында Эдит Пиаф журналистке сұхбат береді. Сұхбат барысында өлімнен емес, жалғыздықтан қорқатынын айтады. Қандай ауыр сөз.  Қатыгез қоғамның мейіріміне шөлдеп, жабығып өткен Эдит Пиаф  ендігі Құдай анасының қасына қайта оралды. Ол оны жалғызсыратпағай!

 

Сұхбаттан үзінді:

-  Сүйікті түсіңіз қандай?

 - Көк.

-  Сүйікті тағамыңыз?

- Беф-брезе. 

- Өмір сүру қағидаңыз қалыпқа сия ма, Эдит ханым?

- Иә. Қазірдің өзінде қалыпты өмір сүремін.

- Ең адал достарыңыз кім?

- Менің шынайы достарым – маған адал!

- Егер сіз енді ән айта алмасаңыз?

- Өмір сүре алмас едім...

- Өлімнен қорқасыз ба?

- Жалғыздықтан көбірек қорқамын.

- Құдайға сыйынасыз ба?

- Иә, себебі махаббатқа сенемін.

- Мамандығыңызға қатысты ең жарқын естелігіңіз қандай?

- Әр шыққан сайын сахна шымылдығының көтерілуі...

- Әйел адам ретіндегі «ең көркем» естелігіңіз қандай?

-Алғашқы сүйісу.

- Сізге түн мезгілі ұнай ма?

- Әрине. Егер жарығы көбірек болса!

- Ал таң ше?

- Егер жақын жерде пианино болса ... Иә. 

- Әйелдерге  қандай кеңес берер едіңіз?

- Ғашық бол!

- Ал жас қыздарға?

- Ғашық бол!

- Кішкентай қыздарға ше?

- Ғашық бол!

- Сіз кім үшін киім тоқып отырсыз?

- Кигісі келетіндер үшін!"

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар