Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Рафаэль НИЯЗБЕК. Көңілімнің көк туы желбіреген күндер

20.08.2018 319

Рафаэль НИЯЗБЕК. Көңілімнің көк туы желбіреген күндер

Сәуірдің отызыншы жұлдызында таңсәріде алып қырандай қанатын қомдап, жер танабын қуыра гүрілдеп, көкке көтерілген ұшақ сол самғаған бойы Стамбұлға алты сағат ұшты. Жерге екпіндей келіп қонғанда салонда отырғандар қауіп-қатерге ұрындырмай аман жеткізген ұшқыштарға дән риза болып, дүркіреп қолдарын соғып жіберісті.

Жыл басында Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының лауреаты атанған болатынмын. Мәртебелі марапат 4-6 мамыр күні Түркия Республикасы Токат провинциясына қарасты тарихи Никсар муниципалитетінде салтанатты түрде тапсыру жоспарланған. Бұл сыйлық, сөз жоқ, жалғыз менің шығармашылық еңбегіме ғана емес, сонымен бірге түрік елінің өзінің ежелгі ата жұрты қазақ халқына және қазақ әдебиетіне көрсеткен зор құрметі еді. Бұған қалай қуанбассың. Көкірегім күмбірлеген күйге толып жүре берген. Осындай қуаныш үстінде зайыбым Гүлжанды, сүйікті қызым Лаураны, жүрегімнен көктеп өскен қызғалдағым – немерем Маликаны ертіп жолға шыққан едім. «Қуырдықтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, тұтас бір өңірді алып, ұзына бойы созылып жатқан заманауи үлкен аэропорттың ішіне кіргенде қызықтың көкесі сонда болды. Оның үстіне үш дүркін операция жасалған көзімнің көру аясы өте тар еді. Сеңдей соғылысып, ығы-жығы сапырылысқан қалың жолаушылардан бағыт-бағдарды айыру қиынға соқты. Есіме өзім жақсы көретін рухани ақын бауырым Бауыржан Жақыптың: «Стамбұлдың аэропорты шексіз үлкен, жұптарыңызды жазбай бірге жүргейсіз, ағасы. Әйтпесе, бір-біріңнен көз жазып, адасып қалуларың кәдік» деген сөзі есіме түсіп, бойымды тез жиып, төңірегіме сергек қарай бастадым. Қызым Лаура түрік тілін біршама тәуір білетін еді. Сол жүгіріп жүріп, Анкараға ұшатын ұшақтың қашан, қай мезгілде болатынын аэропорт қызметкерлерінен сұрап, бар мән-жайға қанығып келген соң ғана өрекпіген көңіліміз аздап басылғандай болды. Сонда да көкейден бір күдік кетпеді. Қасым ақынның «Келер екен келер күн не дайындап» деген өлең жолдары есіме түскенде жүрегім тағы да атқақтап кетті.

Арада үш сағат өткенде әуе кемесі жерден көтеріліп, Анкараны бетке алып самғай жөнелгенде Құдайға бір табан жақындадым ба қалай, Жаратқан Иемнің шапағат-нұрынан жан дүнием лезде тазарып жүре бергендей болды. «Е, Алла, қайда жүрсем де өзің жар бола гөр!» дегеннен басқа аузыма сөз түспеді.

Анкарада бізді қарсы алып тұрған жазушы-дипломат Мәлік Отарбаевтың төбесі алғаш көрінгенде көз алдым мұнар мұңнан арылып, айналам түгел жап-жарық боп жарқырап кетті. Бір қайыры бар дүниенің қыр-сырын ажарлы ашып, шебер суреттеп жазып жүрген Мәліктің өзі де жаны таза, сұлу жігіт еді. Көрген бойда көркем жүзінен сағыныштың сарнаған бауырмалдықтың ақ самал шуағы есіп, мұздаған жүрегімді жылытып, жан дүниемді нұрландырып жіберді.

Арман қуған адасып, ақша қуған ен дәулетке кенеліп, Құдайын ұмытып, бай-кедей боп, екіге бөлініп, дай-дай тартысып, аласапыран күй кешіп отырған қазіргі беймаза кезеңде Мәлік секілді сертіне берік азамат жігіттің болғаны да үлкен бір ғанибет екен. Күні бұрын қаланың қақ ортасынан ірге көтерген бес жұлдызды зәулім қонақ үйінен қызым мен немереме жеке бір бөлме, зайыбым Гүлжан екеуімізге жеке бір бөлме дайындатып қойыпты. Көптен көріспеген нағашымыздың үйіне келгендей емін-еркін жайғасып, мәре-сәре боп, жадырасып қалдық. Сол кезде әйелімнің де, қызымның да, немеремнің де көздерінде күн күліп, жүздері бал-бұл жанып, албырап тұрды.

Түркияда қызмет атқарып жүрсе де ата-баба салтын берік ұстанған Мәлік кешкісін бізді үйіне қонаққа шақырды. Көзінен нұр төгілген келіншегі Құдай қосқан жан серігін би етпесе де, үйін би түсетін ақ орда ете білген шапыраштының шырайлы қызы екен. Есік ашып, ішке кіріп келгенде бөлме іші мейірім шуағына бөленіп тұрған көріп, жанымыз жадырап сала берді.

Кең жайылған дастарқан үстінде құс сүтінен басқаның бәрі бар еді. Қазы-қарта деймісің, жеміс-жидек деймісің, қойшы, әйтеуір, басқа да түрлі тағамдарға сықасып тұрған. Мұндайда адам баласы ішпей, жемей тойып қала ма, қалай? Сонда да буы бұрқырап, бабымен пісіп, бал татыған жұмсақ еттен қарпып көп асап жібесем керек-ті. Кекірек атып, кейін шегіндім. «Досыңның асын жауыңдай жапырып же» деген осы шығар, бәлкім.

Көңілді дастарқан үстінде өз өрісін тапқан жарастықты әңгіме тереңнен тамыр тартып, шер-шеменді қозғай келіп, сырлы сұқбатқа ұласып кетті. Бұрын Алматыда кездейсоқ кезігіп қалғанда сәлемдескен күйі қасымда көп кідірмей сырғып өте шығатын Мәліктің жазғандарын қалт жібермей оқып жүрсем де, неге екенін қайдам, оның жан-дүниесіне үңіліп: «Ол – кім? Кейін өскенде елге тұтқа бола ала ма, жоқ па?» деп, болашағына барлау жасап, онша бағамдай қоймаған едім. Сөйтсем, оның жөні бөлек көрінді. Қадыр ақын айтушы еді: «Атылмаған жанартаулар қауіпті» деп. Сол рас болмаса, неғылсын?! Жайшылықта көп үндей қоймайтын Мәлік қайшылыққа құрылған мына дүбірлі дүние жайында шерлі шежіре қозғап, ақтарылып әңгіме айтқан сайын оның табиғи болмысы жан-жақты ажарлы ашылып, бұлттан шыққан күндей жарқырап, айқын көрініп, көз алдымда сәт санап биіктеп өсіп бара жатты.

* * *

Қонақ үйге бізді жеткізіп салған Мәлік ертеңінде Анкара қаласының тарихи орындары мен көрікті жерлерін өзі аралатып таныстырмақ болды. «Қала сайын бір үйің болсын» деген, міне, осы.

Бұл менің шетелге тұңғыш шығуым еді. Көңілім күпті болмай қайтсін. Жетпіс бес жыл бойы жалғандықтың жағасына жармасып, қым-қуыт өмір кешіп, жол тоздырған тұяқтай жұқарып, мұқалуға айналған шақта Алла Тағаланың мейірімі түсіп, желкен керген кемемді алып айдынға қайыра салып, ел аралап, жер көріп қайт деп бойыма қуат құйып, жігерімді жанығаны шығар, кім біледі? Иншалла, ұзағынан сүйіндіргелі тұр.

Айтылған уақытта жазушы інім Мәлік жетіп келді де, бізді көлігіне мінгізіп, әлдеқайда асығыс жүйткіте жөнелді. Жасынан техниканың құлағында ойнап өскен кәнігі шопыр секілді. Қай көшеге тізгін бұрса да ешбір қараға ұрынбай қаптаған көліктің ара-арасымен ылдым-жылдым ағызып өте шығады.

Мамырдың бірі еді. Аспанда түйір бұлт жоқ. Сондай ашық-тын. Оның үстіне ертеңгі ауа тұп-тұнық, мөлдір еді. Айнала түгел шұғылаға малынып, айнадай жарқырап тұрған.

Мәлік бізді қайда алып бара жатқанын жасырып айтқан жоқ-ты. Мүмкін тосын сый жасамақ болған шығар. Ұлпа ауданының орталығына жетіп, тізгін тартқан еді. Кенет сол маңнан бой көтерген тәуелсіз мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қоладан құйған сом тұлғасын көргенде қуанышымызда шек болмады. Тіпті Елбасының өзін осында кездестіргендей шат-шадыман күй кешіп, жапа-тармағай суретке түсіп, арқа-жарқа болдық та қалдық.

Туған елін ұлт-азаттық көтеріліске бастап, жер-жаһанды дүр сілкіндіре жалт қаратып, жаңа мемлекет құрған Ататүріктің әйгілі мұражайына тізгін бұрғанымыз сол еді. Бәлкім, жолбарыс жүрек ұлы қолбасшының рухынан шығар, аспан асты ағындаған ақ сәулеге толып жүре берді. Әрнені бір ойлап, көптен бері жүрегім мұздап жүрген-ді. Көкірегімнен сұп-суық бір зат қорғасындай еріп, ағып түскенде көңілім сергіп, едәуір жеңілденіп қалдым.

Ататүріктің мавзолейіне кіріп, рухына тәу етіп тұрғанда, Құдайдың құдіреті, оның кеуде – жүрек тұсынан өмір лебі есіп, жан-дүниеміз жаңарып, түлеп сала берді. Ұлы қолбасшы «ерліктің не екенін менен біліңдер» деп суық тас қабірдің өзін жылытып жатқандай көрінді.

Өзекті жан өлмей тұрмайды. Ал Тәңірі сүйген арыстан кеуде азамат ерге өлім жоқ екен ғой, кім білген.

Ертеде, жас кезімде Мәскеуге барған бір сапарымда ұзына бойы шұбатылған кезекте тұрып, Ленин мавзолейіне бас сұққаным бар-ды. Неге екенін қайдам, сонда «күн көсемнің» тот басқан темірдей саржағал жүзінен өліктің сасық иісі аңқып, танауымды жарып жібере жаздаған. Содан қашан тысқа шыққанша тынысым тарылып, жаным қиналып, ақ тер, көк тер болғаным әлі есімде.

Бұрын қара жүрек тирандар, жауыз патшалар жеңілген елдің бас сүйегінен алып мұнара тұрғызып, қызықтаған болса, Ленин солардың бәрінен асып түсіп, жер бетіне өлім сеуіп, өлгендердің сүйегінен қарақшы қызыл қоғамның ірге тасын қалаған жоқ па?! Ендеше, оның саржағал жүзінен өліктің сасық иісі аңқып есіп тұрмағанда қайтеді.

Бірақ Ататүрік те жаңа қоғам құру жолында қанқырғын майдан ашқан жоқ па?! Ал оның қабірінен өмір лебінің самаладай сарнап есіп тұратыны қалай? Өйткені ұлы сардар туған елінің азаттығы үшін атойлап атқа қонған еді. Сондықтан оның соғысы – ұлт-азаттық соғыс яғни ізгілікті соғыс болатын.

Иә, солай. Сонау 1919 жылдың 19 мамырында Самсунда елді ұлт-азаттық көтеріліске бастаған ұлы сардардың мұражайын аралап көргенде бұған көзіміз анық жетті. Өйткені, құлдыққа жаралмаған жаужүрек елге керегі бостандық яғни жан-дүнесінің азаттығы. Сол үшін қарау күштерге қарсы жойқын майдан ашқан. Қаным төгілсе – төгілсін, бірақ арым төгілмесін деп шайқасқан. Расында да, мұражайдың ішінде осы ұлт-азаттық соғыстың қанды шындығы тұнып тұр. Қабырғаларына жағалай қаз-қатар ілінген фота-суреттерден жолбарыс жүрек ер түріктің күреске толы өмір жолдары мен ерлік іздері айқын көрінеді. Ал Парламент үйінен Ататүріктің көкбөрі елін жарқын болашаққа бастап, жүрегін жалау етіп сөйлеген өр дауысы саңқылдап естіліп тұрғандай. Оның «Біз әкім бола аламыз. Министр де бола аламыз. Тіпті Президент те бола аламыз. Бірақ ешқашан өнер адамдары бола алмаймыз. Сондықтан өнер адамдары біздің емес, біз өнер адамдарының қолынан сүюіміз керек» деген өсиеті де түрік елінің қанына сіңіп, апталап айлар, жылжып жылдар өткен сайын өз өрісін тауып, қанатын кең жайған күйі кеңістік ауада толқып тұр. Өйткені бағзы заманнан бері ұлт боп берік қалыптасып, әдебиеті мен мәдениеті дамып, өнері өрге жүзген бұл ағайынның серт пен сөзді әлі күнге дейін тең ұстап келе жатқан қасиеті қай жерде де білінбей қалған емес. Серттен сенім, сөзден кие, ауыздан дуа кеткен қазіргі усойқы уақытта бұған сүйсінбеске шара қайсы?

Заманында жарты әлемге айдын асырып, сес көрсетіп, семсерін сертке ұстап өткен жаужүрек селжуктер бұл байтақ өңірді жаулап алып, тамырын терең жіберіп, орныққан бойда тастүйін бекініп, Ангара қорғанын тұрғызған. Ақыры келген соң талай тарихи шайқасты, талай тарихи қияметті бастан өткерген қорғанға барып, сыр-сипатымен танысып қайтпау, шынында, әбестік болар еді. Ат басын солай бұрып, қорғанның ішін аралап, басына баспалдақпен шығып, төңірекке көз жүгіртіп қарағанымызда дүние түгел жарқырап, өткен дәуірдің тыныс-тіршілігі ақжалданып, көзімізге елестеумен болды.

Биік қорғаннан төмен түсіп, ілгері қозғала бергенде зайыбым Гүлжан:

  • Әлгінде қорғанның басына басқышпен көтеріліп оңай шыққан сияқты едім. Түскенде жаным мұнша қиналады деп кім ойлаған. Қорғанға сүйенбегенде табаным тайып жығылып, сүйегім шашылып қалар ма еді, қайтер еді? – деді борша-борша боп терлеген бет-жүзін, мойнын қол орамалмен сүртіп жатып.

Таңдайына Тәңір түкірген бе, қалай? Мәлік әзіл-қалжыңға да шебер көрінді.

  • Апай, сіз қорғанға сүйенген жоқсыз, қорған сізге сүйеніп жерге түсіріп жіберді ғой, қалай байқамағансыз? – дегені.

Кез-келген әзілдің түбінде зіл жатады деуші еді. Бірақ Мәлік бауырымның мына бота қалжыңы құлаққа сондай жұмсақ әрі жағымды естілді. Зайыбым жаны жадырап, едәуір марқайып қалды.

Есіме Ғафу аға (Қайырбеков) түсті. Өзі де сөздің киесі қонған шешен ақын еді ғой. Қалай ұмытайын. Кейде сағыныштың сазы сарнағанда толқын жарып, су бетіне қалқып шыға келген сүңгуір қайықтай жарқ-жұрқ етіп, көзіме елестеп тұрып алатыны бар. Алда-жалда жиын-тойда бас қосып қалғанда ұтқыр сөйлеп, әзіл-қалжыңның көрігін қыздырып, өзін де, өзгені де өсіріп отырушы еді, жарықтық. Қазір ондай азамат ақын қайда? Көзден бұлбұл ұшпаса қай..да...а?!

* * *

Талтүс еді. Күн ысып, терлеп-тепшіп шөлдеп, шаршай бастағанымызды аңдаған Мәлік:

  • Осы маңайда, жақын жерде бір ақын досым тұрады. Соның үйіне барып, шәй ішіп, шөл басып, аздап тынығып алмасақ болмас. Қаланың қалған көрікті жерлерін содан соң аралап көрерміз, – деп, бізді ай-шайға қаратпай көлігіне мінгізіп алды да, үлкен көшенің біріне түсіп, ілгері ағыза жөнелді.

Есік ашып, табалдырықтан аттай бере үйге емес, антиквариат дүкенге кіргенімізді аңғарып:

  • Оу, Мәлік, бізді қайда алып келгенсің? – дедім жүзіне таңырқай қарап. Ол жауап берудің орнына жымиып күлді де қойды. Онысы: «Шұрқ етпе, бәрі ойдағыдай» дегені.

Сол екі ортада дүкен иесі де басқа бір бөлмеден қылтиып шыға келді. Бізді көрген бойда емен-жарқын кеп амандасты да, көп сөзге бармай «кәне, төрлетіңіздер» деді қонақжайлылық танытып.

Дүкеннің екінші қабатында оның шағын асханасы бар екен. Жоғары көтеріліп, бос үстелдің біріне жайғасқан соң Мәлік бізді ақын досына, ақын досын бізге таныстырды. Әсерлі әңгіме үстінде оның Қызылорда, Қарағанды облыстарында болғаны, сол сапарда дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың үш-төрт өлеңін түрік тіліне аударғаны қызды-қыздымен айтылып қалды. Сонда ғана оның кім екенін біліп, алабөтен тірлігіне таңданбасқа шарамыз қалмады. Бірнеше өлең кітаптары жарық көрген, жүрегінен жыр төгілген ақын асхана ашып, дүкен ұстайды деп кім ойлаған. Бірақ бұл елде бәрі заңды, бәрі табиғи көрінді.

Ал бізде ше? Кәсіп қуып, дүкен ашайықшы, кәне. «Күн көрістің қамын ойлап, ақындықты саудаға айырбастаған алапес» деп, сан-саққа жүгіртіп, жүрегіңді жұлып жемесе неғылсын. Беу, дәурен-ай, десеңші, қотыр серкеш қой бастаған зауал туып, адамдардың пиғылы бұзылып бара ма, қалай?

Түрік елінің ақынға деген ізгі ілтипатын көргенде тіпті солардың ақыны боп кеткің келеді. Көрші үстелде өзінің отбасымен бірге бір егде кісі тамақтанып отырған еді. Сол орнынан жедел көтеріліп, қасымызға жайғасты да, қалта телефонын ашып, түрік тілінде жазылған бір өлеңді мәнерлеп оқи бастады. Ешкімнен рұқсат сұраған да жоқ. Соған қарағанда еркін жүріп-тұруға үйренген Құдайдың бір еркесі сияқты.

Бізге оның бұл қылығы расында да оғаш көрінді. Танымайтын кісілердің қасына ай жоқ, шай жоқ жетіп кеп отыра кеткені қай басынғаны деп әдепкіде шамырқанып қалғанымыз рас. Соны жіті аңғарған ақын Ибраһим Терзиоғлу сөзге араласып:

  • Бұл кісі Рагып Булут деген атақты архитектор. «Атакүле» атты бәйтеректің авторы. Жаратылысы солай. Киіп-жарып жүрмесе көңілі көншімейді. Оның үстіне қыжылды өлең жазатын шайырларды жақсы көреді, – деді оның жаңағы қылығын жуып-шайып.

Рагып Булутқа ішім жылып, жүзіне тіктеліп қарап:

-Түріктің егде тартқан кісілерінің бәрі сіз секілді ұнатқан өлеңдерін қалта телефонға жазып, өстіп жұртқа оқып, таныстырып жүре ме, - деп сұрадым көңілімді бір әуестік билеп.

Жауап қысқа болды.

  • Бәрі бірдей емес. Бірақ тоқ етерін айтқанда бұ елдің жырсыз күні жоқ. Өлең мен өнер, білген кісіге, өмір емес пе, - деді шекеге шеге қаққандай нық сөйлеп. Соны айтқанда көздері ұшқын атып, жасарып, жайнап шыға келген. Бұдан кейін өлеңді – өмір, өнерді – сұлулық демей көр.

* * *

Түскі үзілістен кейін Қазақстан Республикасының Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі мені қабылдап, мекеме қызметкерлерімен кездестіріп, әдемі әдеби кеш өткізді. Жиынды өзі ашып:

– Сіздер жақсы білетін боларсыздар, Рафаэль Ниязбек ата-бабадан қалған, ұлттық сөз өнері мен әдебиет дәстүрін асқан қырағылықпен, кемел көрегендікпен жалғастырып, поэзия әлеміне жаңа леп, тың серпіліс, соны ырғақ әкелген қазақтың көрнекті ақыны. Жаңашылдығымен, заманауилығымен ерекшеленді. Ақын қазақ тарихындағы от ауызды, орақ тілді батырларымыз сынды еркін стилі мен көркем тілі арқылы өз өлеңдерінде бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің, қоғамның ішінде белең алған рухани індеттің ең бір нәзік тұстарын көтереді. Ащы шындық пен бұлтартпас ақиқатты айтып қана қоймай, қайта серпілуге, қайта оянуға шақырады. Қайсар жүректі, өр рухты ақынның қаламынан туған лирикалық және эпикалық өлеңдерімен қатар, поэмалар мен аңыз-дастандары бір төбе. Әрбір шығармасы жаңа тақырыпты, тиянақты ойды арқау етеді, – деді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген осы. Көңілім едәуір көтеріліп қалды.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен бұл жыр кешінде өткенге өткел салып қарап, төл тарихымызға жіті үңіліп, төрт құбыламызды түгендеп, болашақты бағамдап, күнге қарай жол тартқан көрікті көшіміздің сән-салтанаты, еліміздің елдігі, ерлеріміздің ерлігі және жастарымыздың жасампаздығы... бәрі-бәрі шежіре тілмен сыр боп шертіліп, содан соң Тәуелсіздік жайлы, достық жайлы, туыстық, бауырмалдық жайлы жазылған тұнық ойлы өлеңдерге кезек тиген еді. Сөйтіп, залға жыр тыңдауға жиналғандар да, осы жолдардың авторы да мұнар мұңнан арылып, бір жасап, сергіп қалысты.

Тағдырдың талқысын көп көріп, көрігінде қайнап, пісіп-жетіліп, жетпіс бестің биігіне көтерілген қарт кісі, кім қалай десе де, жаңа танысына сыни көзбен қарап, ой қаузамай тұрмайды. Несін жасырайын, ішке кірген бойда көз алдым жап-жарық боп кетті. Расында, бұл тегін нәрсе емес-ті. Өйткені бұл кезде елшінің көркем келбетінен, жылы жүзінен бір нұрлы көктем есіп тұрған-ды. Жаның жадырамай қайтеді. Айналасына шуақ шашып, майдан қыл тартқандай баппен сөйлегенде Самарқанның көк тасы да еріп жүре бергендей.

Осындайда Баласағұнның: «Өмір – теңіз, жүзіп өтем демеңіз, ізгіліктен жаралмаса кемеңіз» деген өлең жолдары еске түседі. Осында айтылған ізгі қасиет Абзал Сапарбекұлының бойынан да байқалмай қалмады. Өйткені ол ізгіліктен жаралып, жақсылыққа бола туған арлы азамат болмаса Елбасының сенімін ақтап, Түркиядағы елшілік қызметін жемісті атқарып, толыққанды тұлға боп танылып, аз уақыттың ішінде үлкен абырой, беделге ие бола алар ма еді. Әрине, жоқ.

Бірақ бұның бәрі, сайып келгенде, бүкіл түркі әлемінің көшбасшысы атанған Елбасының арқасы шығар. Әйтсе де оның бұл биік дәрежеге өзінің білім-қарымымен, ерен еңбегімен жеткені және өтірік емес.

Егеулі найза елші жігіт сөзге де ұста көрінді. Арғы-бергі әдебиеттің ірі өкілдерін саралап айтып келіп:

– Екі елдің әдеби, мәдени байланысын бұрынғыдан да нығайтуды көздеп соңғы екі жылдың көлемінде отыздан астам қазақ, түрік қаламгерлерінің кітаптарын аудартып, бастырып шығардық. Бұны біздің Қазақстан Жазушылар одағына жасаған бауырмалдық көмегіміз деп түсінген жөн. Бұған, әсіресе, бала кезінен Түркияда оқып, осы елдің тілін жетік меңгерген жазушы-дипломат Мәлік Отарбаев айрықша көп еңбек сіңірді, – деп, тоқталып бір тыныстап алды да, сөзін қайта жалғады. Жүзіме күлімсірей қарап:

– Биылғы жылы 75 жасқа толған мерей тойыңыз Түркияда алғаш тойланып отыр. Еуразия Жазушылар қауымдастығының «Кардеш каламгер» әдеби журналының бір саны сіздің шығармаларыңызға арналды. Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының қолдауымен түрік тілінде өлеңдер кітабыңыз жарық көрді. Журналға енген өзіңіз жайлы жазылған еңбектерді және өлеңдеріңізді түрік тіліне аударған тағы да осы Мәлік бауырыңыз болатын. «Бағалай білгенге бақ қонады, қуана білгенге құт қонады» деген атамыз қазақ. Ендеше, Мәлікті шетке қақпай бауырға жақын тартып, жылы жүз танытып жүріңіздер. Ағадан ізет, ініден құрмет болмаса, ондай тірлікте қандай қайыр бар,- деді бұлшық еттей бұлтылдап ойқастаған ой тастап.

Бұл жалғыз маған емес, бүкіл қазақ қаламгерлеріне қарата айтылған ауқымды сөз еді.

* * *

1996 жылы құрылған Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының (TURKSAV) «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығы осы жолдардың авторымен қатар әзірбайжандық жазушы Сона Валиева, неміс мәдениет қайраткері Мұса Сердар Челеби, нидерландық мәдениет қайраткері Мехмет Түтінжү, Түрік тарихшылары Ахмет Ташағыл, Рафик Туран, әдебиеттанушы Рамазан Коркмаз, журналист Туран Шахинбаш, «ТРТ» музыкалық телеарнасы, «Айла» тарихи фильміне де берілген болатын. Сонымен не керек, сыйлық иелерін марапаттайтын күн жақындап, буынып-түйініп, асығыс жолға жиналдық.

Анкара әуежайынан көкке самғай көтерілген ұшақ Самсунға бір сағат ұшты. Одан әрі қонақтарға арнайы бөлінген «Мерседес» шағын автобусына мініп, жол бойы түрік елінің жасыл желек жамылған сұлу табиғатын тамашалап, тарихи Никсар муниципалитетіне кешке жақын жеттік. Түрік ағайынның ыстық ықыласы қанша ұзақ жол жүрсек те шаршап-шалдыққанымызды сездірмеді.

Ататүрік кезінде басшы боп тұрғанда ұлттық әдебиеттің ірі өкілдерін дәріптеп, сөз өнерінің құдіретін, қасиет ерекшелігін былайғы жұртқа жеріне жеткізе түсіндіріп, шегелеп айтып, сүйегіне сіңіріп кетсе керек. Шайыр десе, біздің әкім-қаралар секілді шалқасынан түспей әлі күнге дейін өнер қуған өрендерін өрде ұстап, үстінен құс ұшырмай баптап келеді. Түріктің азат ойлы іргелі ел болуы содан шығар, бәлкім.

Бізді 3 мамыр күні ертеңгі сғат 10-да губернатор Селами Папанкал, одан соң қаланың мэрі Өздулек Өзжан қабылдады. Бұл екі азамат та жөн-жобаға жетік жігерлі жігіттер екен. Емен-жарқын қарсы алып, бірден ашық әңгімеге ойысып, жұртты түгел баурап алды.

«Қонақ аз отырып, көп сынайды» демекші, менің бір байқағаным: бұл екі мырзаның қызмет бабын асыра пайдаланбай шағын кабинеттің өзін місе тұтып, өздерін қарапайым ұстай білгендері болды. Әдетте шағын кабинетке жайғасқандар табиғатынан шымыр келе ме, қалай? Қала тіршілігін ұршықтай үйіріп, шашау шығармай жүйелі басқарып отырғанын көргенде жаның сүйсінеді.

Сол күні ғасырлардан ғасырларға көшіп, жауын-шашынға мұжылып, құламай сақталып келе жатқан жаны сірі әйгілі мешіттерге барып, ұлт мұратын сатпаған ұлыларға, ғұламаларға құран бағыштап оқып, одан соң қаланың тарихи орындарын аралап, одан соң көкпар, жамбы ату, найза лақтыру сияқты ат ойындарын тамашалап, одан соң концерт, кино фильмдерін көріп, осы секілді сауық-сайраннан бір сәт тыныстап, аяқ суытуға уақыт болмады.

Ертеңінде марапаттау салтанаты басталып, сыйлық алған қонақтар ретіне қарай мінберге көтеріліп, Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының президенті Яхия Акенгин мырзаға алғыстарын айтып, бір-бірінен асып сөйлеп, ізгі ниеттерін білдіріп жатты. Құдды аламан бәйге секілді сезілді. Неге екенін қайдам, қасымда отырған Мәлік бір уақытта жүзіме шамырқана жалт қарап:

- Аға, мұндайда жаттанды құр сөздің бәсі арта қоймайды. Одан да Түрік елі хақында жазылған өлеңіңізді оқыңыз күркіреп, - деді қызынып.

Сөйтіп, Мәлік мені мінберге жанып-жанып шығарып жіберген еді. Оның үстіне аруақ көтеріп кетті ме, білмеймін. Арқам қозып, тұла бойым дуылдап қызып, қайрауы жетілген семсердей жарқылдап, дауысым ашылып, саңқылдап оқи жөнелгенімде, несін айтасың, залдың іші жаңғырып кетті. Көз алдым тұманданып түк көрінбеді. Тек есімде қалғаны - өлең оқылып біткенде жұрттың бәрі дүрк көтеріліп, дүркіреп қол соғып тұрғаны болды.

Бұдан кейін жазушы-дипломат Мәлік Отарбаевтың аудармасымен түрік тілінде жарық көрген «Біз осындай елміз» атты жыр жинағымның тұсаукесер рәсімі өтіп, қуанышқа қуаныш қосылып, айдынымды одан әрі асырып жіберді.

Сол салтанатты жиында жұртқа тегін таратылған бұл кітаптың алғысөзін жазғандардың бірі – Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының президенті Яхия Акенгин:

- Түркітілдес елдер әдебиетінің ірі өкілі, көрнекті ақын Рафаэль Ниязбек – қазіргі қазақ ақындарының ішіндегі айтулы есімдердің бірі. Туыстас түркі жұртының маңдайына біткен ақын Мағжан Жұмабаев поэзиясының, шығармашылық өмір жолының жалғасы. Ақынның өлеңдерінде түркі халықтарының ортақ идеясы сақталған. Біздер – түркітілдес мемлекеттер ұзақ және тамырлас ортақ тарихымызда әртүрлі аймақтарға бөлініп, түрлі саяси өзгерістердің жетегінде жүрдік. Бірақ соған қарамастан түбіміздің бір, тіліміздің бір, діліміздің бір екендігін еш уақытта ұмытқан емеспіз, - деп толғанса, кітаптың екінші алғысөзін жазған Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуп Омароғлы:

- Көрнекті ақын Рафаэль Ниязбектің шығармалары Қазақстанда ғана емес, түркітілдес елдерде де жарық көрді.Тіпті батыр шешен халқының ерлігін жырлаған мәшһүр поэмасы үшін ақын Рафаэль Ниязбек Шешенстан мемлекетінің ең жоғары наградасына ие болды. Шешенстанның Халық батыры атанды. Бауырлас қазақ ақынының осындай мәртебеге жетуі біздер үшін қуаныш.

Оның көптеген өлеңдері түрік ақыны Нихал Атсыздың туындыларымен үндеседі. Сондай-ақ ол қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, өмір-тіршілігін жырлай келе, тауы мен табиғатын, суы мен нуын шебер суреттейді. Осылайша лезде күрескер ақын образынан жүрегі нәзік лирик ақынға ауысады. Бұл қасиет әрбір ақынға берілмеген, - деп тебіренеді.

Ендеше, түрік ағайынның ағынан жарылып, ақтарыла жазған бұл сөздерін семсер етіп, сертке ұстап өтпеске шара қайсы?!

Жер танабын қуырып, көкке көтерілген ұшақ Алматыны бетке алып, самғай жөнелді. Көңілімнің көк туын желбіреткен күндер артта қалып бара жатты. Бірақ оған бола көңілім жабырқай қойған жоқ-ты. Өйткені, алда өз елімнің көктемі күтіп тұрған.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар