Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Раушангүл Мұқышева. Мажар әдебиетіндегі тұраншылды...

19.11.2018 4279

Раушангүл Мұқышева. Мажар әдебиетіндегі тұраншылдық

Раушангүл Мұқышева. Мажар әдебиетіндегі тұраншылдық - adebiportal.kz

Тұраншылдық – мажар халқының тарихында қоғам, ғылым, мәдениет, өнер салаларын қамтыған құбылыс. Тұран қозғалысы өкілдерінің аттары Мажарстанға ғана емес, Еуропа жұртына кең танылған қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар, архитекторлар, суретшілер, өнер адамдары болды. „Еуропаға бұл ұғым қалай тарады?” - деген сұраққа жауап беру үшін мажар зерттеушілерінің еңбектеріне жүгінейік: «Тұраншылдық теориясының соңғы талдауы Макс Мюллер атты тілшіге тиесілі. Ол 1861 жылы Еуропа мен Азиядағы үнді-еуропалық және семит тобына жатпайтын тілдердің барлығына „тұрандық” деген ат берді. Оның жіктеуінің мәнісі мынадай еді: тілдерді екі ірі топқа: отырықшы халықтар тілдері және көшпенді халықтар тілдеріне бөліп, соңғысын „тұран тілдері” деп атады. „Тұран” сөзі – көне иран сөзі. Алғаш рет Авестада және Фирдоусидің шығармаларында ұшырасады. Ираннан солтүстікке дейінгі аумақты белгілеген. Ол жерді иран және иран емес тайпалар мекендеп, оңтүстіктегі егіншілікпен айналысатын халықтарға үздіксіз шабуыл жасаумен болған. Еуропа қауымына „тұран” сөзі Абылғазының „Шежіре-и Түрк” („Түркілердің шежіресі”) деп аталатын жұмысының аудармасы арқылы танылды. Бұл сөзді еуропалықтар Каспи теңізінен Памирге дейін созылған аумақ деп түсінді. Ал тілші ғалымдардың басым бөлігі әуелде географиялық мағынадағы терминді жылдам филологиялық термин ретінде қолдануға кірісіп кетті. Алайда соған қарамастан ұзақ уақытқа дейін бұл ұғым урал-алтай халықтарының жалпы атауы ретінде жүрді.» (Германус, 1916; Немет, 1921 – Ева Кинчеш Надь 1991: 43).

Жиырмасыншы ғасырдың басында мажар тұраншылдығы eрекше өзекті тақырып болды. 1910 жылы Алайош Пайкерт құрған „Мажар Тұран қоғамының” (Мажар Азия қоғамы) құрамында географтар Иенө Чолноки мен Пал Телеки, түркітанушы Армин Вамбери, иврит, араб тілдерінің маманы Игнац Голдзихер және Михай Карой бар еді. Тұраншылдар Шығысқа бет бұрғанда мажар ұлттық санасын жаңғыртуға және мажар ғылымы мен экономикасына қажет маңызды деректерді іздеді: «Қоғамның мақсаты –бізбен туыс Еуропа және Азия халықтарының ғылымын, мәдениетін және экономикасын зерттеу, дамыту және мажар мүдделерімен үйлестіру. Aлтруистік бағытты ұстанады, саясатқа, дінге және наным-сенімге байланысты мәселелерге, жеке бас мүдделеріне қызмет етпейді. Жұмысы негізінен ғылыми сипатта,іскерлікпен айналыспайды. Мақсаттарына басқа тұран емес халықтармен үндестікте және олармен бірлесе отырып жеткісі келеді» [„Тұран” 1913/1: 51 – Егей 2002: 7].

Алайда тұраншылдардың шығысқа бағытталған сауда-экономикалық жоспарлары да болды. Шығыс нарығын игергісі келді. Немістердің, бельгиялықтар және голландиялықтардың үлгісімен экономикалық мүддені де көздеді. Азияны батыс отаршылары секілді тонауды мақсат етпейтіндіктерін, мүмкіндігінше тұран халықтарына Еуропаның білімі мен тәжірибесін алып баратындарын, сөйтіп оларға әлемдік өркениетке қол жеткізуге көмектесетіндерін айтты: «Мадьяр халқы Тұран даласынан жаңа Отанын іздеуі керек. Басқыншы емес, отаршы емес, көмекші ағайын, тұран даласы халқының оқытушы шебері ретінде» [Чолнаки 1922: 21]. Географтар жер астын байлығын зерттеді, Кіші Азияға, Каспиге, Кавказға, Арал Теңізіне экспедициялар жөнелтілді. Осы экспедициялардың нәтижесінде көптеген этнографиялық деректер жиналды.

Тұраншыл қайраткерлердің ұлттық басылымы „Тұран” атты журналда әр түрлі тақырыптағы зерттеулер, мақалалар жарық көрді. Олар тұран халықтарымен одақ құру, мәдени байланыс орнату туралы және олардың тілі мен әдебиеті, этнографиясына қатысты материалдар жариялады. 1913, 1917-1918, 1922-1944 жылдары барлығы 27 маусым шығарылды. „Тұран” журналының финн-угор көрсеткішінің алғысөзінде Емеше Егей басылымға: «Екі дүниежүзілік соғыс арасындағы туыс халықтарды іздеу бағытындағы материалдармен танысу және сыртқы әлеммен байланыстарымызды зерттеу үшін таптырмайтын дереккөздер»,- деп баға береді. [Егей 2002: 13 бет]. Соғыстан кейін бұл басылымның шығуына тыйым салынды, алайда саяси жүйе ауысқан соң, 1980 жылдардың соңынан бастап қайта жаңғырды.

„Тұран” қоғамының тұсаукесеріне орай шығарылған санында „Тұран идеясы және Тұран халықтарын таныстыру, ұйымның мақсаты” деген атпен Иенө Чолнакидің көлемді жазбасы жарияланды. Автор: «Мажар халқы туыссыз емес, жетім емес, себебі туыстары өте көп. Еуропаның шығысында, Азияның ішінде және Азияның шығыс қиырында көптеген тұран халқы өмір сүреді,» - деп жазды. (Чолноки 1922: 3-4). Тұраншылдар өз ұлтын, мәдениетін, көне тарихын мақтан тұтты: «Мажарлар Еуропаны атқа отырғызды, атқа мінуді үйретті. Ат – тұран халықтарының ең мықты этнографиялық белгісі. Үзеңгіні қолданған, сауытсыз немесе жеңіл сауытты тұран халқы жeңілмейтін қарсылас болды. Рим легионерлері жаяу әскер еді, олар жиналып болғанша, тұран атты әскерлері оларды қоршап алды, қалаларын бағындырды. „Гусар” сөзі де мажарлардікі. Жеңіл атты әскерді қолдануды Еуропа мажарлардан үйреніп, римдіктердің атты әскер дәуірі пайда болды. Мажарлар Еуропаға келмесе, атты әскерлер ордені, аттылар дәуірі болмас еді. Түймелі жейде, сауыт, семсер – мажарлардың әкелгендері […]. Мажар корольдерінің мемлекетті билеуі де конституциялық негізде болған. Еуропа құрлығында алғашқы нағыз конституциялық мемлекет кұрған – бізбіз. Біздің жерімізде инквизиция секілді қан төгу болған жоқ […]. Әйелдеріміз еркектермен бірдей құқықта болды. Дін негізінде адамдарды қудалаған жоқпыз, тұтқындарымызды азаптаған жоқпыз» [Чолноки 1922, 12-14].

Мажар тұраншылдығының тарихы оның алдындағы ғасырлардан бастау алады. Тұраншылдықтың негіздері 19-ыншы ғасырда-ақ қаланды. Сол уақыттағы мажар ғылымының тіл білімі, этнография, тарих, археология және шығыстану секілді салаларында жазылған еңбектердің қомақты бөлігі осы тұраншылдық қозғалысының әсерінен туған. Оған себеп – мажарлардың өз ата-тегін, ата жұртын тұран халықтарының арасынан іздеуі. Мажарстан Ғылым Академиясының академигі Армин Вамбери, мажар түркітануының негізін қалаушы ғалым, тұраншылдықтың ең көрнекті өкілі және оны ғылыми негіздеуші болды. Әрине, оның ғылыми тұжырымдары негізінен этнографиялық, тілдік зерттеулерге сүйенді. Мажар тұраншылдарының ішінде дилетант ғалымдардың да болуын бұл қозғалыстың халықтың әр түрлі әлеуметтік топтарына кең таралғандығымен түсіндіруге болатын секілді. Яғни олардың құрамында тек кәсіби мамандар мен ғалымдар болған жоқ, білім дәрежесі, деңгейі әр түрлі азаматтар да болды.

Tұраншылдық өнерде де өз ізін қалдырды. Сол кездегі мажар елінде салынған ғимараттарда, қылқалам туындыларында шығыстық белгілер көптеп орын алды. Ақын, аудармашы Янош Арань (1812-1882) – Мажарстан Ғылым академиясының мүшесі, мажар тілінің тегіне байланысты „угор-түрік соғысы” деп аталған ғылыми талас-тартыста Армин Вамбериді қолдаған ақын. Мажар романтизмінің көрнекті өкілі Арань өзінің көркем туындыларында тарихи тақырыптарға жиі жүгінеді. Мажар романтикасының ерекшелігі – тарихилығында. Араньның шығармашылығын мажар әдебиетіндегі орнын тек тұраншылдықпен шектеп қоюға болмас. Себебі тұраншылдық мажар әдебиетінде ерекше із қалдырғанмен, мажар әдебиетінің жалғыз тірегі емес. Араньның шығармашылығын мажар әдебиеттанушылары едәуір кең мағынада қарастырады. Тұраншылдықтың әдебиеттегі бастауы ақын өмір сүрген кезеңде қалыптасқанын мойындауымыз керек. Сол кезде мажар әдебиетінде мажарлардың ескі тарихы, ғұндарға, сақтарға байланысты тарихи аңыздар көркем әдебиеттің сюжеттеріне айналды. Мажарлардың „Аттила” туралы эпостары сақталмаған. Алайда мажар әдебиетінде романтизм өкілдері батырлық жырларды қайта тірілтуге тырысқан. Солардың бірі – Янош Арань. Ол Аттиланың тағдырына қатысты „Буданың өлімі” деген поэма жазды. „Буда өлімінің” мақсаты мажардың ескі тарихын жазу, аңғал ұлттық эпосты қайта жандандыру. Әуелде тағы бір ұлы мажар ақыны Михай Вөрөшмарти және реформа уақытындағы романтиканың ізімен мажарлардың Еуропаға көшуі барысындағы шайқастарды суреттеуге талпынды.

1848-1849-ыншы жылғы Габсбургтер үстемдігіне қарсы ұлт-азаттық көтерілістің жеңіліске ұшырауы, өзгерген тарихи жағдай ғұндар тарихына назар аудартты. Жалпы тұраншылдық мажар тарихында мажар халқының шығу тегіне қатысты сұрақтармен тікелей байланыста туып, ел басына қиындық түскен сәттерде ерекше сипат алып, үдеп отырған. Араньның көтеріліс аяусыз басып жаншылған соң, іле-шала эпос жазуды қолға алуын осымен түсіндіруге болар. Арань Янош шығарманың жазылуына аса ыждаһаттылықпен кіріскен. Сол кездегі тарих ғылымы ғұндар мен мажарлардың туыстығын теріске шығармаса, ақын соны өз поэмасымен бекітуге күш салды. Көне жылнамашылар Анонимус, Кезаи, Туроцилердін ескі тарихи жазбаларын, Арнольд Ипоидің „Мажар мифилогиясын”, Франция тарихшысы Тьерри Амаденің Аттила туралы зерттеулерімен егжей-тегжейлі танысты. Ақынды парсы шайыры Фирдоусидің „Шах-намесі” де шабыттандырды. Иран және Тұран халықтарының бірнеше ұрпақтарының бір-бірімен шайқасын ғұн-гот күресімен салыстырды.

Әуелде Янош Арань ғұн эпосын трилогия болады деп жоспарлады. Алайда ақын діттеген мақсатына жетпеді. Тек бірінші бөлім толық жазылып, „Буда өлімі” деген атқа ие болды. Янош Араньның шығармасында Буда Аттиланың ағасы деп беріледі. Буда патша Аттиламен інісімен (Етелемен) билігін бөліседі: «Iнім сен қылыш бол, Мен таяқ болғаймын, Тәңірім жақсылыққа жақсылық жолдайды.» Алайда биліктен бас тарту тыныштыққа емес, екі ағайын елдің арасындағы араздыққа себеп болады.

Етелеге көктен түскен белгі бар. Ол – әлемді билеуге бұйырылған ғұндардың құдайы Хадурдың ғажайып қылышы. Бұл қылышты бір сиыршы тауып Етелеге тапсырады. Осы сақ патшаларының Құдайдан барлық халықты жеңу үшін алған бір ғажайып, керемет күшке ие қылышы туралы аңыз Иорданес жылнамасында да баяндалады. [Mажар халқының аңыз-ертегілері 2015: 19-20]. Сақтарды мажар аңыздары ғұндардың бабалары санайды. Янош Арань поэмасында ғұндардың құдайы Хадур: «Бұл қылышпен жер бетіндегі халықтың бәрін билейсің, бірақ ең алдымен сен өзінді билеуің керек!» - деген шарт қояды. Алайда Аттила бұл шартты орындай алмайды, ағасы Буданы өлтірeді.

Янош Арань Буда мен Аттиланың бас араздығынын сөз ету арқылы, мажар ұлтының бірлікке мұқтаждығын жеткізгісі келеді. Детренің аярлығын байқамаған ұлттың қаперсіздігі, жаудың қайдан келетінін аңғармағандығын сынайды. Сөйтіп поэмада Буданың салған қамалы, қазіргі мажар елінің астанасының орнындағы ескі қала, ағайын араздығының қанына малынады. Hogy mily nagy az ország, s kicsiny az ő fészki" = «Аясы кең елімнің ұясы тар», - дейді Арань. [Арань 1864: 225]. Поэманың басты ойы: «Ұлтты құтқаратын – бірлік».

Мажар тұраншылдығының нағыз „ұраншысы” деп Арпад Земплениді (1865-1919) атауға әбден болады. Ақынның қайтыс болғанына жиырма жыл толғанда қаламдас достары оған арнап естелік жинақ шығарады. Бeла Викар ол туралы: «Арпад Земплени – Михай Чоконаи Витез, Шандор Петөфи, Янош Араньдардың қатарындағы ақын, яғни мажардың ұлы ақындарының бірі,» - деген баға береді [Викар 1940: 3]. Мажар тұраншылдығы туралы мейлінше сыншыл көзқараспен жазылған, осы қозғалыстың 19-ыншы ғасырдың бірінші жартысынан бастап күні бүгінге дейінгі тарихын қамтыған, ең жаңа зерттеу – Аблонцзи Балаждың „Шығысқа мадьяр!” (Kéletre magyar! 2016) кітабы. Осы зерттеудің Земпленидің өлеңімен аталуы және осы өлеңінің бір шумағын эпиграф етіп алуы кездейсоқтық емес. Ғалым тұраншыл ақын туралы: «Земплени Шығысқа қатысты мазалаған ойлардың, түп-тамырымызды қайта табудың „барды” болды»,- дейді (Аблонцзи 2016: 13).

Aқынның 1900-1910 жылдары жазылған „Тұран жырлары” (Turáni dalok) атты өлеңдері мен балладалары көркемдік-бейнелілік жағынан да мажар әдебиетінің үздік туындылары саналады. Негізінен аңыздық және тарихи, батырлық жырлардан тұрады. Оның „Шығысқа Мадьяр!” өлеңі мажар тұраншылдарының ұранына айналған өлең болды:

Шығысқа мадьяр!

Бұрыл шығысқа!

Кез бол даңқты,

Ұлы туысқа.

Ондағы ел-жұрт

Қарамас атүсті.

Қалдыр өзіне

Күнбатысты.

Сегіз ғасыр бойы

Қаныңмен сенің

Батыстың бүтін

Діні мен жері.

Шығысқа мадьяр,

Қара шығысқа,

Мыңжылдықтарда

Еркін тыныста…”[1]

Бұл өлең мажар халқының арасына кең тарады. „Тұран жырларында” Земплени нанымы – шамандық, жаратылған жері – аспан мен жердің арасы, намысты, текті тұран халықтарын мадақтайды. Земпленидің түсінігінде финн-угор халықтары да Орал мен Алтайды мекендеген текті тұран халықтары. Өлеңдерінің қаһармандарының бірі – мажар шаманы „Талтош”:

Қара тұлпарға мініп, талтош қанатын көкке ілді.

Бүркіттей айналып, ұшты жарқанат секілді.

Алдыңғы қос аяғы қос қанатындай қара аттың,

Ескекті қайықтай ағысқа қарсы дара ақты.

Түн қара қоңыр, жұлдыздар ұйқыда қазір,

Астында ашулы бұлттар шайқасқа әзір.

Дүлей жел жармасты талтоштың кебенегіне,

Шапаны желбіреп, жарқылдап енді түн еліне, -

деген жолдармен өлеңімен басталатын жинақтың екінші жыры сібірдегі вогулдардың дүниенің жаратылу туралы аңызын баяндайды.

Өлеңнің аты „Нуми-Таром және Иелемпи”. Өлеңнің оқиғасы жер жаралмаған заманда өтеді. Астыңғы әлем – көк теңіз, үстіңгі әлем – көк аспан. Астыңғы көкте бесік жүзіп жүр. Оның күміс шынжырының бір шеті – суда, бір шеті – көкте. Осы бесікте кіндік баулы құрсақтағы баладай бір ұл мен қыз өмір сүрген. Kөк аспан мен көк теңізді шарлағанмен, құрғақ жер таппаған олар Таром шалдан көмек сұрайды. «Бесік-үйіміз тұрақтайтын шөкімдей болса да, қара жер бер!»- деп жалбарынады. Нуми Тaромның[2] рақымы түсіп арал береді. Сол жерде Иелемпи[3] өмірге келеді. Өсе келе Иелемпиге ол жер де тарлық етеді, еркін шапқылап ойнауға да жарамайды. Онын үстіне Күн де жоқ, қараңғы. Иелемпи шынжырмен өрмелеп үстіңгі көкке шығып, қараңғыда тұрған алтын үйді көреді. Ол – Торумның алтын үйі, жеті қақпасында жеті күзетшісі тұр. Таром Құдай оған: «Судың астындағы топыраққа қол жеткізсең, қалағаныңдай үлкен жерге ие боласың,» - дейді. 77 рет суға сүңгіп, тұншыға жаздап судың бетіне шығады. Соңғы рет сүңгігенде қолында бір уыс топырақ ілінеді. Oл топырақтан Жер жаралады. Уралдың тауының жаралуы туралы аңызда баяндалады. Жер айналып, аяқ астында айналып болмайды. Есі шыққан Иелемпи Таромнан көмек сұрайды. Ол белдігін беріп: «Oсымен байласаң, Жер тұрақтанады,» - дейді. Ол белдік Орал таулары екен [Земплени 8-19].

Земплени шумерлер және аккадтардың мифтік-эпикалық батыры Гильгамешті жырға қосады, „Эдда” жырының оқиғасымен „Балға”, „Кек” деген өлеңдер, ханты, вогул аңыздарының ізімен де өлеңдер жазады. Мажар аңыздарының сюжетімен Аттила туралы „Құдай қылышы” деген баллада жазады. Сент-Галлен оқиғасы, сібір татарларының балладасы, Нимродтың ұлдарына өсиеті секілді мажар, урал-алтай халықтарының аңыздарына, тарихи оқиғаларына сүйенген жырлар өреді. Осылардың бәрін оқырманына тұран халықтарының жырлары деп ұсынады.

Мажар әдебиетіндегі тұраншылдықтың тағы бір мықты өкілі – Андор Козма (1861-1933). Оның „Тұран” атты дастаны мажар әдебиетіндегі іргелі туындылардың қатарынан орын алды. Онда тұран халықтарының атасы Тұрдың[4] дүниеге келуі, ер жетуі, жаулармен айқасуы, оның ұрпақтары, соның ішінде мажарлардың тарихы да баяндалады. 188 беттен тұратын қомақты жырда Тұр нәсілінің тектілігі, батырлығы жырға қосылады. Дастанда Тұрдан жеті ұл тарайды: Хунор, Мадьяр, Шом (суоми немесе финндер), Угор, Түрік, Татар, Күн (мажарша Нап, күншығыс халықтары) [Козма 1926:77]. Бұл дастан қазақтың батырлар жыры секілді жеті-сегіз буынды тармақпен жазылған.

Серена Пап-Вари Елемерне Сиклаидың „Тұран аңызы” (Turáni legenda, 1921) атты кітабы, Мария Кисейдің мажар халқының тоғыз ғасырлық тарихынан сыр шертетін „Тұрандықтар” (Turániak, 1944) романы да тұран қозғалысының ықпалымен туған туындылар. Шағын мақалада тұраншылдыққа қатысты туындылардың барлығын қамту мүмкін емес. Болашақтағы зерттеулерде басқа шығармаларға да кеңірек тоқталамыз.

Мажар тұраншылдығы мажар халқының ұлттық сана тарихында айырықша орын алған, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан, үздіксіз талас-тартыстардың өзегіне айналған құбылыс. Бұл қозғалыстың мажарлардың ұлттық мақтаныш сезімдерін биікке көтеруде маңызды рөл атқарғанын теріске шығаруға болмас. Тұраншылдықтың ықпалымен туған көркем туындылар, ғылыми зерттеулер (олардың тұраншылдықты қолдау-қолдамау мәселесіне қарамастан) мажар ұлтының рухани қазынасына қосылып жатқан еңбектер. Бұл қозғалысы мажар халқының рухани дүниесіне, тұран халықтарымен мәдени байланысы тарихына жаңа бейнелер, жаңа деректер қоса бермек. Ал тұран халықтары, әсіресе қазақтар үшін, мұндай көркем туындылардың маңызы әрқашан жоғары. Сондықтан зерттелуі бұл мақаламен аяқталмайды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Кинчеш Надь Ева - Kincses Nagy Éva. Turáni gondolat//Őstörténet és nemzettudat – Tұрани ой-сана//Көне тарих және ұлттық сана. Szeged, 1991

Егей Емеше - Egey Emese. A turan cimű folyóírat és a finnugor néprokonság két világhaború közötti Magyarországon //A turan című folyóirat 1913, 1917-1918, 1922-1944 finnugor mutatója – Тұран журналы және екі дүниежүзілік соғыс арасындағы Мажарстандағы финн-угор туыстығы//Туран журналының бибиографиялық 1913, 1917-1918, 1922-1944 финн-угор көрсеткіші. Budapest, 2002.

Чолноки Иенө - Cholnoky Jenő. A Magyarországi Turán-Szövetség. A turáni gondolat és a turáni népek ismertetése, a szövetség célja – Мажарстан Тұран Қауымдастығы. Тұрани ой-сана және тұран халықтарын таныстыру, қауымдастық мақсаты. Budapest, 1922.

Мажар халқының аңыз-ертегілері (ауд. Раушангүл Мұқышева). Астана, 2015

Арань Янош - Arany János. Buda halála – „Буда өлімі”. Pest, 1864

Викар Бела - Vikar Béla. Aprolékos holmi Zempleni Árpádról //Zempléni Árpád emlékezete (szerk. Rubinyi Mózes) – Арпад Земплени туралы жиған-терген естелік// Арпад Земплениді еске алу (ред. Мозеш Рубини) Budapest, 1940

Аблонцзи Балаж - Ablonczy Balázs. Keletre magyar! – Шығысқа мадьяр! Budapest, 2016

Земплени Арпад - Zempléni Árpád. Turáni dalok – Тұран жырлары. Budapest, 1910

Токарев С. А. Мифы нардов мира. Москва, 1988.

Козма Андор - Kozma Andor. Turan ősrege – Тұран дастаны. Budapest. 1926

[1] Өлеңді мажаршадан аударған мақала авторы- Р. М.

[2] Финн-угор халықтарының космогониялық мифтеріндегі әлемді жаратушы құдай. Комилерде – Ен, марийлерде– Кугу, удмурдтерде – Инмар, Обь угорларында – Нуми-Торум [Токарев 1988: 563-564].

[3] Әр түрлі финн-угор халықтарындағы аспан құдайының бейнесі [Токарев 1988: 564]

[4] Тұра (авест.), Тұр (парсы) иран мифологиясында тұран халықтарының Атасы (оларды әуелде көшпенді шығыс иран тайпалары, кейінірек түркілер деп түсінген) (Әлем халықтарының мифтері, 1988, II.: 534)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар