Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

02.10.2018 5476

Рух жыры

Рух жыры - adebiportal.kz

І. Қаһарман Бауыржан тұлғасы

Ақын Күләш Ахметова шығармашылығындағы ерекше арна оның поэмалары. Мәселен, «Болашақ үшін» поэмасы қазақтың даңқты батыры, қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлына арналады. Оқиға желісінде түгелімен майдан даласындағы сұрапыл күндер, жаудың зұлымдығы, елі үшін туған азаматтардың ерлік істері суреттеледі. Поэма «Майданға! Майданға!», «Өрт», «Серт», «Жеңіс», «Заңғар», «Ой», «Салтанат» атты тарауларға бөлінген. Алғашқы тарауларда соғысқа аттанған ерлердің артынан қалған аналары мен жарларының мұң-шері тілге тиек болады. Ақжаулықты аналар боздақтарына дұға-тілектерін тілеп, зор сеніп артып шығарып салады. Ал азаматтар болса, бабалар рухына сыйынып, отан алдындағы борышын атқаруға батылдықпен аттанады. Жыр жолдарына зер салайық:

Аналар тілек айтты, қол жайысты,

Қарлығаш ұясынан зарлай ұшты.

Ерлердің екпінінен дауыл тұрып,

Қалың қол табанында жер қайысты.

Найзағай жиі-жиі шақпақталып,

Майданға азаматтар жатты аттанып.

Ежелден біздің елдің рухы асқақ,

Сенімін қалды сонда сақтап халық.

«Өрт» атты екінші тарауда өртке оранған майдан даласы, қанды шайқас, жауынгерлердің ерлігі мен батырлығы шеберлікпен суреттеледі. Қыршын кеткен ерлердің қасіретті тағдыры көңілге қаяу түсереді. Алайда олардың есімдері халық жадынан ешқашан шықпайтыны анық. Автор бұл тарауда отан үшін отқа түскен жауынгерлердің ішкі жан-дүниесіне де үңіледі:

Адамның әлсіз неге кейде өнері,

Ақиқат –

Қиналсаң көп ой келері.

Жауынгер жүрегінде жүрді-ау сонда

Ана, жар, бауыр, бала бейнелері.

Бұл жыр жолдарының өзі-ақ соғыс тауқыметі мен зардабын бейнелеп тұрғандай. Осы тұста ардақты азаматтардың соғыстың әр минутында асыл анасы, аяулы жары мен бабаларын еске алып, соларды жаудан аман сақтап қалуы үшін шайқасқа түскенін автор жеткізеді.

«Серт» тарауында отан-ананы ақтық демі үзілгенге дейін қорғауға серт берген батырлардың асқақ рухы жырланады. Жалынға оранған далада жауынгерлер өмір қымбат демей, отан қымбат деген қағиданы берік ұстап жеңіске ұмтылады. Бұл орайда автор ержүрек ерлердің оптимистік рухын көркем тілмен бейнелейді. Жыр жолдарындағы лепті сөйлемдер жиі қолданылған. Себебі автор жауынгерлердің батыл сөзін оқырманға әсерлі етіп жеткізуді мақсат еткен. Бұл бөлімде серт берген ерлер тек жеңіске жетуді ұлы арман деп біледі. Келесі тарау «Жеңіс» деп беріліп, «Серттің» заңды жалғасы қызметін атқарады.

«Жеңіс» тарауында жеңіс ұғымының мәні әдеттегіден өзгеше суреттеледі. Өйткені бұл жеңіс көзге жас әкеледі, жүрекке қаяу түсіреді. Ұлы жеңісті гүлмен қарсы алған адамдардың көңілдері де гүлдей ашылғаны жыр жолдарында сұлу сөзбен сипатталған. Автор поэманың бұл тарауында жеңісті күні елмен бірге шаттыққа бөлеген батыр Бауыржанның аталы сөзін келтіреді:

Жеңіс жетіп, жібіді қалған ызғар,

Туған жерге сұңқардай самғаңыздар.

Әділетті соғыс бұл – біздің соғыс,

Иесіз қалған заттарды алмаңыздыр.

Сән сарайлар салып бұл өңірге әлі,

Жайнатамыз көтеріп көңілді әлі.

Өмір мәні – Отанның бүтіндігі,

Ұсақ-түйек нәрсе емес ӨМІР МӘНІ.

«Заңғар» тарауы ұлы батыр Бауыржан Момышұлының бейнесін ашуға арналған. Автор мұнда отанға адал қызмет еткен тұлғаның образын жан-жақты суреттейді. Батыр Бауыржан мен қаламгер Бауыржанның бейнесі қатар жырланады.

Автор жеңіске қол жеткезгенімен, майдан даласы, соғыс зардабы ел жүрегінде сақталып, санасында жаңғырып тұратындығын жыр жолдарында қайталап өтеді. Ары қарай батыр Бауыржанның бейнесі суреттеледі:

Баукеңе кең табиғат бәрін берген,

Сөнбейтін – жалын берген жауынгерден.

Бастысы жан-жүрегін өзі ашатын

Тамаша жазушылық дарын берген.

Бойыңда болғаны да –

Жастан ерлік,

Мақтанып көрген емес босқа кергіп.

Бас тартып

Шекпенінен кәрі даңқтың,

Қатеңді өзің айту – асқан ерлік!

Әдебиетте прозада болсын, поэзияда болсын Бауыржан Момышұлының образы суреттелген. Алайда Күләш Ахметованың туындысы тілінің көркемдігімен, көлемінің ықшамдылығымен айрықшаланады. Поэманы мектеп бағдарламасына да кіргізсе, оқушыларға қиындық тудырмайтыны сөзсіз.

Бауыржан Момышұлының ерлік істерін ұрпақтарымыз ғасырлар бойы үлгі тұтып, құрметтейтіні анық. Поэманың арқауы да мақсаты да ұлы тұлғаның көркем образын ашу, оның ерлігін өлеңсөзбен халық жүрегіне жеткізу.

«Ой» атты тарау да тақырыбына сай оқырманды ойландырады. Бұл тараудың философиялық астары бар. Автор адамдарды бейбіт күннің қадірі мен бағасын түсінуге үндейді. Сонымен қатар адамның адамшылық қасиеттерден алыстап бара жатқанына өкінішпен қарайды. Ақын жыр жолдарында адамзатқа ортақ проблемаларды алға тартады. Мәселен, заман алға жылжыған сайын адм баласының тойымсыздығы, өзімшілдігі, дүниеқұмарлығы артып бара жатқаны авторды күйіндіреді:

Тигенде құдіреттің ақ алмасы,

Ұшады алмадайын адам басы.

Табады оған дейін сан сұмдықты,

Өзінше әр ғасырдың замандасы.

Опасыз өмір мәнін

Тез білгесін,

О, адам,

Жарыс ойлап, оздың несін?

Шығады жер беінде зұлымдықтар

Әркімнің ойлауынан өз мүддесін.

Автор бұл тарауда соғыстың қасіретінен тағылым алуға үндейді. Себебі соғыстың әкелген зардабы бізге сабақ болуы тиіс. Бұл үшін адам өзінен бастауы жөн екенін ескере отырып автор: «...Қаруды өндірудің құралы көп, Пиғылды түзетудің амалы жоқ» деген тұжырымға келеді. Демек, күллі адамдар пиғылы мен ниеті түзу болса, адами құндылықтар жоғалмайды деген қорытынды жасайды.

«Салтанат» атты соңғы тарау бейбіт күнді ұлықтауға арналады. Бұнда автор жас ұрпаққа бабалардың ерлігі мен өрлігінен үлгі алуға шақырады.

«Болашақ үшін» поэмасының тәрбиелік мәні зор. Автор ерлік пен елдікті ұлықтап жас ұрпақты батыл да батыр тұлғалы азамат болуға баулиды.

Поэманың тілі – шұрайлы, тағылымы зор.

Ақын творчествосындағы Бауыржан Момышұлының бейнесі – ОТАН үшін, туырлықтай қасиетті жер үшін жаныңды қиюға бағытталған қыршын бейне. Қаһарман Бауыржан тұлғасы – аңызға айналған Батырдың әскери тактикалық маневрі, саяси қырағылығы, от пен оқтың арасындағы жанталасы. Рух жыры арқылы Бауыржан батырды сүюге, оның тылсым әлеміне бойлауға болады.

ІІ. Адамзат тартқан азап

Күләш Ахметованың «Ғасыр қасіреті» атты экологиялық толғауы мән-мағынасы адамзат дәуіріндегі аса зор проблемаға арналып жазылған. Бұл толғауда автор экологияның бұзылуы, адамдардың жерді қадірлемей жатқандығы сыналады. Алдымен автор әр ғасырдың қазаққа әкелген қауіп-қатері мен зардабына тоқталады. ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ұлы нәубетті еске түсереді. Халықтың ашаршылықтан қырылыуын зор күйініш сезімімен еске алады. Бұдан соң ХХІ ғасырдағы табиғаттың ластануы мен оның адамзатқа әкелген зауалын жазады. Арал мәселесі, космосқа ракеталардың ұшуы, жан-жануарлардың азаюы, ауа мен жердің өзгеруы сынды мәселелерді қозғайды. Автор жыр жолдарында халықты табиғат байлығын қорғауға, ізгілік пен тазалыққа мән беруге үндейді:

Ақын заман көштерін еске алады,

Ескі кетіп, жаңа өмір басталады.

Адам бүгін ауасын, топырағын

Қорғамаса бірлесіп, кеш болады!

Ұраным – бұл!

Қолдамас мұны кімдер?

Ақыл-ойы әлемнің, бірігіңдер!

Жеңу керек ізгілік жер бетінде,

Келу керек мейірімді ұлы күндер!

Қорытындылай келгенде, ақын Күләш Ахметова шығармашылығында махаббат, достық пен адамгершілік, мейірімділік пен ізгілік туралы тақырыптармен қатар отан, жер, қоршаған ортаны қорғау сынды жалпы адамзатқа ортақ проблемалар қозғалады.

Ақын поэмалары тағылым мен өнегеге құралған. Себебі бұнда ұрпақты отансүйгіштікке, адамгершілікке, ерлікке тәрбиелейтін ұлағатты мәнді жолдар молынан ұшырасады. Мәселен, «Болашақ үшін» поэмасындағы қазақтың батыры Бауыржан Момышұлының образы оқырманды бейжай қалдырмайды. Поэмада ел үшін адал қызмет еткен асыл ердің әр қадамы биік рухқа, адалдық пен қайсарлыққа негізделген. Бұндай тарихи тұлғалардың бейнесін танытатын туындылар жас ұрпақты ізгілік пен адамшылыққа баулиды. Ендеше Күләш Ахметова жырларының тағылымы зор, болашаққа берері көп екені күмәнсіз.

Елдос Тоқтарбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар