Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Рухани құндылықтар мекені

19.03.2021 640

Рухани құндылықтар мекені 12+

Өткен күннен сыр шертіп, тарихтан тағылым беретін орынның бірі – музей. Қасиетті өлкенің тылсым сырларына бойлап, жан-жақты танысу үшін Шымкент қаласындағы Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейіне арнайы ат басын бұрдық. Сан ғасырлық тарихы бар Оңтүстік өлке рухани құндылықтарға өте бай болып табылады. Бүгінде сол тарихи жәдігерлерді сақтап халыққа насихаттау жолға қойылған. Дамудың даңғыл жолына түскен Шымкент қаласында рухани мұраларымызды дәріптейтін нысандар көптеп табылады. Ұлтымыздың ұлылығын ұлықтап, халқымыздың тарихын жандандырып отырған мекемені Ақмарал Асанқызы басқарады екен. Үнемі ізденісте жүретін білікті басшы музейдің қала дамуында ерекше орын алатынын айтады.

Заманауи үлгіде салынған музейде тарихи кезеңдермен тақырыпқа сай жәдігерлер қойылған. Ежелгі ерте дәуірден басталатын музей залында адамзаттың пайда болуынан бастап, ағаштар, өсімдіктер, жан-жануарлар, археологиялық қазбалардан табылған заттар жинақталыпты.

Ғасырлық тарихы бар музей қорында 106 мыңнан астам жәдігер сақтаулы екен. Олар біздің заманымызға дейінгі және жаңа дәуірден сыр шертеді. Солардың бірі Қазақстан териториясындағы ең алғашқы адамзаттың өмір сүрген ошағы болғанын дәлелдейтін Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы, «Қараүңгір» тұрағы. Сол жерден алғашқы адамдардың пайдаланып, тұтынған заттары табылған.

Палеонтологиялық бұрышта ерекше жәдігерлердің бірі ғалымдар зерттеген құс жамбасты динозавр сүйегі. 1979-80 жылдары Ташкент-Самара темір жолының Қазығұрт асуында құрылыс жұмыстары барысында кездейсоқ табылған. Динозаврдың басқа бөліктері сол кезде Мәскеу қаласына музейге әкетіледі де бізде бір бөлігі ғана қалған.

Музейдің ерекше құнды жәдігерлерінің бірі қазақтың соңғы ханы – Кенесары Қасымұлының қылышы. Бұл қылышты музейге 1931-жылы Кенесарының немересі Әзімхан Кенесарин өткізген. Ханның барлық әскері сол кезеңде қызыл былғарыдан жасалған, қызыл қынапты қылыш ұстаған екен.

Бұл киіз үйде қазақтың батыр балуаны Қажымұқан атамыз отырған. Ауылдан-ауылға көшіп, халыққа цирк өнерін көрсеткенде өзімен бірге алып жүріп, осы киіз үйде тұрған екен. Бұл киіз үй 1930-35 жылдары қара ағаштан жасалған екен. Ішінде ХІХ ғасырдың аяғында жасалған төсек ағаш тұр. Сыны кетпей сақталған екен. Жанына беті былғарымен қапталып, күміспен көмкерілген жағылан сандық қойылған. Ұлттық мәдениетіміздің айғағындай бұл жәдігерлерде өңірлік ерекшеліктер де жоқ емес.

Ақмарал Құдайбергенова, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

"Оңтүстік өлкесінің өткені мен бүгінгі бай да шежірелі тарихына, өзгеше сала - өлкетануға қатысты қасиетті дүниелерді тірнектей жинақтап, сақтап, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, оны халық зердесіне, келешек ұрпақ санасына сіңірумен айналысып келе жатқан Түркістан обылстық тарихи-өлкетану музейі – жүз бір жылдық тарихы бар көне музейлердің бірі. Музейіміздің осы жүз бір жылда жүріп өткен жемісті жолы, қалыптасқан дәстүрлері, өзіндік өрістері бар. Музей өзінің төл міндетін атқару мақсатында ғылыми ізденіс жұмыстарын, облыстық деңгейде көрмелер ұымдастырып, көпшілік іс-шаралар, лекциялар, лекторийлер, онлайн сабақтар өткізіп келеді. Музей мен оның филиалдары әсіресе жастарды жаңа қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, халқымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайту міндеттері бойынша елеулі жұмыстар атқаруда. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын, Президентіміздің жаңа Жолдауы мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты айтулы еңбегін іске асыру жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Өткен жылғы дүние жүзінде белең алған пандемияға байланысты музей мен оның филиалдары қызметкерлерінің онлайн режиміндегі белсенді ізденістерін де атап өткім келеді".

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы «Таным мен тағылым» бөлімінде біле білсек, біздің музей саласы қызметкерлері үшін айрықша маңызды міндеттер алға қойылған. Тарихи дәйектерді жинақтауда, мәдени мұраларымызды насихаттауда біздерге үлкен жауапкершілік жүктелетіні аян.

Біздің музей құрылғаннан бергі жүз бірінші жылды бастан өткеріп отыр. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің негізі 1920 жылы қаланды. Алғашқы уақытта оның міндеті қала мектептерін көрнекі оқу құралдарымен қамтамасыз ету болды. Сондықтан ол Сырдария халық ағарту бөлімінің педагогикалық зертханасы және педагогикалық музейі болып аталды. 1925 жылы музейді қайта құру жұмысы жүргізілді. Оны іске асыру барысында Орта Азиялық табиғат және көне ескерткіштерді қорғау кеңесінің ғылыми қызметкері Массон қатысты.

1938 жылы музей облыстық тарихи-өлкетану музейі болып қайта құрылды. 1941-45 жылдары музейдің барлық жұмысы әскери тақырыптар аясында жүргізілді. Соғыстан кейінгі кезеңде музей экспозицияларында, негізінен өлкенің социалистік құрылысына үлкен көңіл бөлінді. Ғылыми-зерттеу жұмыстары да халық шаруашылығын қалпына келтіру мәселелеріне арналды. 1948-49 жылдары музей тарих ғылымдарының докторы А.Н.Берштамның басқаруымен КСРО Ғылым академиясының жүргізген археологиялық экспедициясына қатысты. Сондай-ақ Ленинградтағы СССР Ғылым Академиясына қарасты антропология және этнография музейімен және Қазақ ССР Ғылым Академиясының Қарасу мекеніне жүргізген ғылыми экспедициясына қатысты, оның барысында палеолит дәуіріне байланысты өте құнды құжаттар алынды. Көп жылдар бойы музей Қазақ ССР Ғылым Академиясына қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы археология және этнография институтының Отырар қалашығын зерттеген ірі ғылыми экспедициясымен өте тығыз байланыста болды. Кейінгі жылдары музей өз бетінше бірқанша археологиялық экспедициялар ұйымдастырды, атап айтар болсақ: Алтынтөбе, Жүзімдік және Жуантөбе, Күлтөбе қалашықтары, Бөріжар қорымын және Боралдай өзенінің жоғары ағысындағы аудандарды, Бөген су қоймасындағы аймақтарды, Қостөбе обаларын және ежелгі Сайрам жерлерін зерттеуге ден қойды.

Ең алғаш құрылғаннан бастап 1975 жылға дейін музей Қазан төңкерісіне дейін салынған, бұрынғы Шымкент уезінің әкімшілігі орналасқан ғимаратты иеленіп келді. 1977 жылы музей жалпы көлемі 2367 шаршы метр қамтитын жаңа ғимаратқа көшті. Музейде археология және этнография, қор сақтау, экспозиция, экскурсиялық қызмет және ақпараттандыру сынды бөлімдері жұмыс істеді. Тәуелсіздікке дейін музей қоры 50 мыңға жуық құнды жәдігерлермен толықтырылған.

2014 жылы музей бүгінгі басқосу өтіп отырған жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында және облыс аудандарында музейдің 7 филиалы мен 1 секторы жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсетуде. Олар: Түркістан қаласындағы Саттар Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейі, Шымкент қаласындағы «Ерлік», «Хакім Абай» музейлері, Ескі Иқан ауылындағы Міртемір әдеби-мемориалдық секторы мен Сайрам, Түлкібас, Сарыағаш, Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейлері.

Облыстық музейде:

  1. Ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету (қор жұмыстары бөлімі)
  2. Ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету (тарих, этнография және археология) бөлімі
  3. Ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету (қазіргі заман тарихы) бөлімі.
  4. Ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету (табиғат және экология) бөлімі.
  5. Көрмелік және экспозициялық жұмыс бөлімі.
  6. Экскурсиялық бұқаралық жұмыс бөлімі.
  7. Ғылыми әдістемелік қамтамасыз ету бөлімдері жұмыс атқарады.

Алдағы кезде бөлімдердің атаулары мен атқаратын мақсат-міндеттерін, ғылыми-тәжірибелік бағыттарын қайта талдап-таразылап, Қоғамдық ғылыми-тәжірибелік кеңеспен және Ұлттық музеймен ақылдасып, жетілдіре түссек деген ойдамыз.

Музейде филиалдармен қосқанда штат саны – 113 адамды құрайды. Шығармашылық қызметкерлер саны – 30 адам. Қазіргі таңда облыстық музейде 2 «Мәдениет саласының үздігі» бар.

2004-2011 жылдары іске асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында көптеген мәдени-рухани құндылықтарымыз түгенделіп, еліміздің тәуелсіздік тұғырының бекемдеуіне септігін тигізді. Осы орайда, музей қызметкерлері ғылыми-зерттеу және ғылыми жинақтау жұмыстары бойынша «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Ордабасы ауданында орналасқан Бөріжар қорымындағы зерттеу жұмыстарына қатысты. Өлкеміздің тарихын зерттеуді тереңдетуге бағытталған бағдарлама бойынша 2011 жылдан бері Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының, Түркістан археологиялық экспедициясы құрамында Күлтөбе, Ханқорған, Сайрам қалашығындағы зерттеу жұмыстарына қатысып келеді.

Үлкен тұлғалардың тарих беттерінде қалған іздері, ғылымда, өнерде, басқа да салаларда қол жеткізген табыстары, тарихи құнды деректері туралы жәдігерлер жинақталып, қорларымыз толықтырылуда. Қазір 110 мың құнды жәдігерлері бар музей бүгінде өлкемізге алыс-жақыннан келіп-кетіп жататын қонақтар мен жергілікті жұртшылықтың игілігіне айналған, сана мен зердеге қозғау салатын тарих пен тағылымның ордасы, мәдени-рухани орталық.

Алайда, тоқмейілсуге де, атқарылған істерге қанағаттануға да болмайды. Бүгінгі уақыттың, қазіргі кезеңнің, болашаққа арналған бағдарламалардың, Елбасы мен Мемлекет басшысының, халықтың, жас ұрпақтың талаптары аса жоғары екенін терең түсініп, жауапкершілікті жете сезініп, жан-жақты жаңаруға, жаңғыруға тиіспіз.

Ғылыми-сараптамалық ізденістерімізді барынша жетілдіре отырып, тарихи-өлкетану музейінің абыройын арттырып, беделін биіктетіп, басты брендтердің біріне айналдыру үшін жаңаша ізденістер, ұлағатты ұмтылыстар, ұйымшылдық пен талапшылдық, бірлік пен ынтымақ аса қажет.

Музей – мәдениет мәйегі дейміз. Әрбір қызметкер өзінің ішкі мәдениетін, білімі мен білігін биіктету үшін ең алдымен өзіне, өз жұмысына сын көзімен қарап, кемшіліктерін түзетуге ұмтылса, сонда ғана ортақ мақсатқа жетеміз. Ұжымымызда, филиалдарымызда өз істерінің нағыз шеберлері, тәжірибелері мол, ізденуден талмайтын майталман мамандар баршылық.

Біз осы тарихи-өлкетану музейінде бес-алты жыл жұмыс істегенбіз. Сегіз жылдай «Ерлік» филиалында еңбек еттік. Осындай аса жауапты, сындарлы кезеңде Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейіне басшылық жасау сеніп тапсырылды. Әрине, бұл сенім үлкен жауапкершілік жүктейді.

Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Қоғамдық ғылыми-тәжірибелік кеңесін құрдық. Оның құрамында қоғам қайраткерлері, ғұлама ғалымдар, ардагерлер, ақын-жазушылар, журналистер, депутаттар, кітапхана, басқа да маңызды мәдениет мекемелерінің басшылары бар. Кеңестің арнайы жоспары бекітіліп, ғылыми-тәжірибелік ізденістер қызу басталып та үлгерді.

Сол Қоғамдық ғылыми-тәжірибелік кеңес жоспарына сәйкес «Жүз бірінші жыл жаңаруға бастасын» атты басқосу өтті.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар