Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
С. Қирабаев: Абай - қазақ әдебиетінің классигі...

08.08.2015 5604

С. Қирабаев: Абай - қазақ әдебиетінің классигі

С. Қирабаев: Абай - қазақ әдебиетінің классигі - adebiportal.kz
Адам баласының бәріне ортак дүниежүзілік мәдениет әрбір халықтың алдыңғы қатарлы ой-пікірлерінен, ұлы ақындар мен ойшылдардың творчестволық байлығынан құралатыны белгілі. Ұлылар өз халқының рухани мәдениетін бүкіл дүниежүзілік озық үлгілерімен табыстырып, оған өз ұлтының өзіне ғана тән ерекшеліктерін, ой-пікір байлығын, сөз өнерінің үлгісін қосады. Абай - қазақ халқының осы топқа қосқан ұлы ақыны, классигі. Оның мазмұны жағынан аса терең, гуманистік-философиялық ой-толғамдарға бай, адамдықты ардақтап, оның рухын биікке көтерген оптимизмге толы жарқын творчествосы кешегіні бүгінгіге жалғастырған алтын көпір сияқты өзінің туған халқын, сол арқылы өзі бауыр тұтқан адам баласының бәріне ерекше қызмет етіп келеді. Ол біздің халықтың ұлттық оянуына, сана-сезімінің көтерілуіне, әдебиеті мен мәдениетін жаңа сапада қалыптастыруға, қазақтың әдеби тілін орнықтыруға барынша мол еңбек сіңірді. Сондықтан біз оның ұлт мәдениетіндегі орнын өзі тектес ұлылармен ғана салыстыра қараймыз. Әсіресе, біздің аузымызға ақынның өзі ұстаз тұтқан, шығармаларынан көп тәлім алып, аударған Пушкин түседі. «Пушкин есімін атағанда, - деген еді Н.В.Гоголь, - орыстың ұлттық ақыны туралы ой келеді... Пушкин - ерекше кұбылыс және орыс рухының бірден-бір көрінісі болар: ол орыс адамының даму үстіндегі, тіпті екі жүз жылдан кейін болатын бейнесін елестетеді. Онда орыс табиғаты, орыстың жан дүниесі, орыс тілі, орыс мінезі соншалықты таза, әбден аршылған әсемдікпен көрінеді. Оны тек оптикалық шынының көтеріңкі бетіндегі тегістік сәулесімен ғана салыстыруға болады». Осы сөздер Абайға арнап та айтылған сияқты. Сондықтан біз әрдайым мақтанышпен қайталап, «орыс» деген сөздің орнына «қазақты» қойып, «қазақтың табиғаты, қазақтың жан дүниесі, қазактың тілі, казақтың мінезі» деп бастаймыз.
Абайдың қазақ әдебиеті алдындағы ұлы қызметі оның ұлттық әдебиетте шындык дегеннің не екеніне бірнеше per кеңіл аударып, оны тұңғыш аша білуі деуге болады. Ол қазақ өмірін, оның адамдарын, табиғатын, жан дүниесін терең білді және соны бірінші болып көркем әдебиет бетінде жан-жақты бейнеледі. Ол шындықтың ақыны болып туды, солай өмір сүрді. Оның өлендерін оқи отырып, одан сәл де болса, жалғандық табу қиын. Бәрі де бар, болған және қазақтың ұлттық табиғатына тән шындық мөлдіреп көз аддыңа келеді. Ұлы суреткер есебінде Абай оны көркем бейнелеудің жаңа жолын тапты. Оның өлендері өзінін карапайымдылығымен, табиғилығымен құйылып, ойға, сезімге ұялайды. Сондықтан ол қазақ әдебиетіндегі тұңғыш ұлы суреткер саналады.
Жазу өнерінің қарапайымдылығы мен табиғилығын Абай қазақ поэзиясының ұлттық сипатына айналдырды. Оның ұғымы, танымы, бейнелеу жүйесі түгелдей ұлттық шындықтан өрбіп, біртіндеп терендейді. Жаңа ой, жаңа сөзге лайық стиль де жаңарып, өзгеше көркемдік куатқа ие болады. Ондағы тіл байлығы, суреттеу кұралдарының әр алуан түрлері, теңеулер мен метафора, күштеусіз, төгіліп, ұйқасып тұрған тармактар, ішкі үйлесімдер қазақтың сөз өнерін әсемдік әлемінің биігіне көтереді. Осымен Абай қазақ сөзін ұстартып, әдеби тілдің негізін салды.
Абай қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет өз заманында халықты толғандырған қоғамдық және саяси өмір проблемаларын күн тәртібіне қойды. Ол қазақ коғамының қайшылықты жақтарын, замандастарының алауыз берекесіздігін, патшаның отаршылдық саясаты қоздырып отырған рулық тартыстардың елдің бірлігіне келтірген зиянын қатты сынай отырып, еңбекші елге іш тартты, халықты қараңғылықтан жарыққа сүйреді. Ол халықтардың оңашаланып өмір сүретін дәурені өткенін, ендігі жерде ел болудың кепілі дамыған көрші елдермен қарым-катынас жасауда екенін айтты. Елді сол жолда бірігуге, ынтымақтастыққа шақырды. Уақыт талабын заманынан оза шауып түсіну - Абайдың даналығының белгісі.
Абай шығармаларының тақырыбы әр алуан. Одан қазақ қоғамының тағдырына, адамдардың тіршілігіне байланысты ақындық сырды да, жалпы қауымды билеген берекесіздік, еңбексіздік, жалқаулық жайлы ойлар мен сынды да, жаңа үлгіде жазылған табиғат пен махаббат лирикасын да, өмірдің киындығы мен қоғамдағы адам орны, еңбегі туралы ой-толғамдарды да, кәрілік пен жақындарының, балаларының өлімі жанын жаралаған ақын-әке сезімін де кездестіреміз. Осылардың бәрі бірімен-бірі жалғасып, тұтас ақындық әлемді құрайды. Өмірдің шныы мен Абайдың сыны онда араласып, белсенді ақын позициясын әңгімелейді. Ол - қазақ әдебиетінде әйелдердің тағдырына бірінші көңіл бөлген ақын. Оның кіршіксіз, таза, терең сезіміне үңіліп, ананы, даналықты, достыққа берік адал сезімді жырлады. Оның табиғат лирикасы адамды, оның жан дүниесін терең ашудағы ұлттық әдебиеттің бірінші жаңалығы болып табылады. Ол жылдың мезгілдерін жырлауда үлкен суреткерлікке жетті. Қазақ әдебиетінде өлең сөздің қоғамдық күшін, көркемдік қуатын көтеруге арналған бірінші ақындық программаны да Абай жасады. Ол кедей ақындардың күн көріс кәсібіне айналып, бағасы түскен өлең сөзді (ән мен күйді де) өз биігіне қойып, оқырманның, тындаушының талғамын тәрбиелеуге белсенді араласты. Акынның бұл саладағы ұлы қызметі орыстың классикалық әдебиеті эстетикасымен, Белинский, Чернышевский көзқарастарымен ұштасып жататыны ғылымда әлдеқашан дәлелденген.
Абай ақын боп сөз жазып қана отырмаған, өз өлеңіне өзі ән шығарып таратқан. Оның композиторлық шығармашылығы біздің халықта ерекше бағаланады. Егер ол ақын болмаса, осы әндерімен-ақ, композиторлық еңбегімен ұлы адамдардың қатарына кірер еді. Қазақ даласында бірінші шырқалған Татьяна тек Пушкинді ғана насихаттап, халыққа таратып қойған жоқ, сүйгеніне қосыла алмаған мұнды орыс қызын қазақ құрбыларымен табыстырды.
Абайдың өмір сүрген ортасы дәстүрге бай емес еді. Оның көргені, естігені - халық әдебиеті, бай фольклор, жеке ақындар творчествосы болды. Жасынан әке ырқымен ел ісіне араласқан Абай мұны жетік білді. Ел басшылары, ру ақсақалдары бас қосқан алқалы жиындарда қиыннан қиыстырып сөз айта алатын, тапқыр, шешен адамдар ғана кұрметке ие болатын. Абайдың үлкен әкесі Өскенбай да, әкесі Құнанбай да осындай, сөз ұстаған белгілі билер болған. Осы жолға түскен Абай да жасынан сөз сырын жақсы білді, сөз қуып, дау ұстаған талай мүйізділердің сынынан өтті, шешен атанды, би болды, төбе билікке де сайланды. Бірақ ақындық үшін бұлар жеткіліксіз еді. Мұны түсінген Абай халық даналығының тар шеңберінен шығып, бетін дүние жүзі әдебиеттерінің озық үлгілеріне бұрды. Ол шығыстың классикалық поэзиясын да, орыстың, сол аркылы Еуропаның демократтық әдебиетін терең зерттеді. Сөйтіп дүние жүзінің озық әдебиеттерінен сусындады. Ол Фирдоуси, Низами, Сағди, Хафиз, Науаи, Фзулилерді ұстаз тұтты, солардың үлгісімен өлендер де жазды. Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты, Салтыков-Щедринді, Достоевскийді, Лев Толстойды, Чернышевскийді, Добролюбовты, Писаревті окыды. Орысша аудармалары арқылы Гете мен Байронды білді. Абайдың алғашқы өмірбаянын жазған Кәкітай Ысқақовтың айтуынша, ол Бокльді, Милльді, Дрэперді, Дарвинді, Спинозаны, Аристотельді, Сократты оқыған. Семейге жер ауып келген орыс революционерлері (Михаэлис, Леонтьев, Долгополов) Абаймен достасып, ақынның жүйелі оқуына көмектескен. Абайдың ой-өрісін кеңейткен де, дүниеге көзін терең ашып қарауға үйреткен де, ақындық шабытын қанаттандырған да осылар. Осыдан кейін ақын өзі де «Шығысым Батыс боп кетті» деп мойындаған. Осыларды оқу Абайды қараңғылықтан ағартушылыққа, көшпелі тұрмыстың етекбастылығы мен рушылдықтың әдет-ғұрпынан халықтық демократизмге алып шықты. Ол халқына, кейінгі ұрпаққа орыстың тілін, өнерін, еңбекшілдігін үйренуді өсиет етті. «Мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста тұр... Оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады», - деді. Оның ақындық ойында философиялық, эстетикалык, саяси ұғымдар кеңейді. Оның ойшылдығы адамды жетілдіруге, оның қоғамдағы орнын табуға, пайдалы қызмет істеуге үйретуге («Кірпіш болып қалану») арналды. Әдебиеттің ұлттық дәстүрін жаңарта отырып, ол әдебиет бетін адам сезімін суреттеуге бұрды, адамды танудағы табиғаттың рөлін ашты. Шындықты өз сезімі арқылы, өз басынан өткен уақиғалар негізінде тануға жетті. Сөйтіп рухани өскен, байыған Абай де­мократтық орыс поэзиясының арнасында кызмет еткен ұлы таланттар тобына кірді. Ол Пушкиннен, Лермонтовтан, Крыловтан классикалық аудармалар жасады. Оның бұл саладағы еңбегін тек аударма деп қарау жеткіліксіз. Ол ұлы ұстаздарымен творчестволық жарысқа түсті. Орыс туындыларын қазақ өмірінің шындығына жақындата отырып, өз сезімінің, геройлар психологиясының күшімен терендете түсті. Татьяна мен Онегин хаттарының осындай сыпатын кезінде орыс зерттеушілерінің өздері-ақ мойындаған. Оның Онегинді өлтіру сырының өзі-ақ орыс әдебиетіндегі оқшау адамдардың тағдыры жайлы Чернышевский, Добролюбов мақалаларымен таныс болғанын байқатады. Көшпелі қазақ ауылынан шыкпай-ақ, сонау Шыңғыстауда жатып, өз бетімен білім алып, қазақ даласына дүниежүзілік мәдениеттің шырағын жакқан Абайдың осы еңбектерін үлкен Азаматтық ерлік демеске бола ма?!
Абай бүгін бізді өзінің өмірге, тіршілікке деген көзқарасының тұтастығымен тартады. Оның замандастарына, болашақ ұрпаққа арнаған өсиеті бұрынғылар айтпаған сөз болғандықтан емес, ақынның өз заманының шындығын өзі жинақтай, корыта білуімен, жұртқа оны бұрынғыдан басқаша, өзгеше көркемдік қуатпен жеткізе білу өнерімен қымбат. Ол қазағын, елін сүйді. Оның бойын, ақыл-ойын табиғатпен туысқан, адам жаратылысының шынайы қалпын бұзбаған қайраткердің әділетсіздікке қарсы ашу-ызасы, кегі тудырған «өзгеше махаббат» («Странная любовь». Лермонтов) сезімі биледі. Оның өлендерінде адамгершілікті мұрат тұтқан адамның сезім күйін бейнелеген лирика мен ұнамсыздықты сынаған сатира араласып жататыны да соңдықтан. Адам бұлай өмір сүрмеуі керек - ақын шығармаларының түйіні осы. Ол ақылға, еңбекке сүйеніп өмір сүруді, жамандық жасамауды, адамгершілікті сақтауды қалайды. Мұны айтқанда, тек халық даналығына, фольклорға ғана сүйенбейді, қазақ ортасының өзі көрген шындығына бунтарлықпен қарап, адамгершіліктің жаңа нормаларын іздейді. Батыс пен Шығыстың әдебиетін, ойшылдарын, әлеуметшіл-саясатшыларын қарағанда, Абайдың іздегені де осы. Осы ізденіс ақынның өзін де рухани тазартып, адамзатқа ортақ ойларға жетелейді. Соларды өз халқына үлгі етіп ұсынады. Ол қоғамдық ойды оятты, оны тәрбиелеуші болды, адамдықтың жаңа нормаларын өмірге батыл кіргізуді талап етті. Оның әкенің ұлы болмай, адамның ұлы болу жайындағы ойы да осы­дан туған. «Әкенің баласы - дұшпаның, адамның баласы - бауырың» деген ол. Ол адамды жүрек, ақыл, сезім билеуін, адамның адамға дос болуын, сенің тағдырың бүкіл адамзаттың тағдырымен байланысты, біріңе-бірің қонақсың дегенді көп айтады. Мұның бәрінің негізінде адамның рухани азаттыққа ұмтылуы идеясы жатыр.
Абай беймезгіл заманда өмір сүрді. Оның идеясы, ізденісі қараңғы қазақ қауымы үшін түсініксіз болды. Заманынан оза шауып, келер ұрпақтың тілімен сөйлеген дананы саңырау, соқыр, мылқау қайдан түсінсін. Оның заманына «Жұмбақ» болуы да осыдан. Өзі де өлеңінде «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп», «Мыңмен жалғыз алысқанын» жазады. Ол заманының бар қайшылығын жүрегіне басып, ауыртпалығы басына тиіп, күрсініп өтті, ерте қартайды. Көшпелі тұрмыс пен надандық, рушылдық жайлаған елдің бетін өнерге, білімге, кәсіпке бұрам деп, татулыққа, бірлікке шақырған жырлары «Қалың елі-қазағына» дарымады. Оның өлендерін толтырып тұрған мұң-зар, ашулы ыза, заман трагедиясын арқалаған данышпан ақынның ауыр сезімі осыдан туады. Зарын ол өлеңге төгіп, өлеңін ғана өзіне серік етті.
Ақынның прогресшіл көзқарасы қараңғы, надан ортада кері әсер туғызды. Оны «орысшыл» санады. Әкесі Құнанбайдың да Абайдың бойынан көрген үш мінінің бірі осы «орысшылдығы» еді. Ақынның жер ауып келген революционерлермен достығы жергілікті әкімшілікті оған қарсы қойды. Абайдың үйі тінтіліп, өзіне қастандық жасалды. Бірақ Абай өзі іздеп тапқан әділдік жолынан қайтқан жоқ. Ол патша әкімшілігінің ар жағында орыстың халқы барын, онымен жақындасудың қажеттігін көрді, таныды. Бүкіл қазақ қауымы «орыс» деген сөзді кұбыжық көріп (олардың көргені отаршылдық саясатты жүргізген урядниктер мен приставтар ғой), одан шошынып тұрған заманда, орыс халкымен достыққа шақырған Абай сөздері бүгін қандай актуальды естіледі. Ақын өзіне сүйенішті жастардан тапты. Маңына талантты жастарды жинады, балаларын, жақын жас достарын орысша оқытты. Бұл қасарысқан кертартпалыққа қарамай Абай жолының қазақ даласына кең жайыла бастағаны, туысқан халықтармен қарым-қатынастың ұлғаюының басы еді. Ол өзбектін, татардың еңбекшілдігін, кәсіп игеруге ұмтылысын құптады, қазаққа үлгі етті. Абай патриотизмі мен интернационализмі осыдан бастау алады. Тек ұлылар ғана басқа халықтарды өз халқы­мен табыстырады, оларды сыйлауға, сүюге үйретеді. Олардың творчествосын халықтық ететін де осы ерекшеліктері. Ұлыларда ұқсастық та көп. Ол ұксастықтар олардың тағдырында, творчествосыңда, қалдырған ой-пікірінде, сөз өнерінің биіктігінде. Сол ұқсастықтар оларды өз халқының ақылшысы етеді, қоғамдық ой-пікірдің басына қояды, кейінгіге үлгі етеді. Қысылғанда сырласар досың да, ақыл сұрар ұстазың да сол болады. Оларды өмір бойы оқисың, мәңгі үйренесің.
Абайда көшпелі қазақ өмірінің ащы сабағы мен дүниені шолған кыранның қырағы көзі бар. Ол ұсақ-түйекті көзге ілмейді, оған алданбайды, дүниеге биіктен қарайды, халық тағдырын, бүгінін, келешегін тұтас көреді. Сондықтан Абай творчествосы - қазақ халқының тарихы - бүкіл даланың эпосындай елестейді. Абай - халқының, оның ұлттық өмірінің символы. Оның өлмес творчествосында халық рухының жарқын күші, қайғысы мен қуанышы сакталған. Ол соның бәрін көркем сөздің күшімен бейнелеп, бүкіл адамзат мәдениетінің тарихына қосты.


1995 жыл
Қирабаев С. Көп томдық шығармалар жинағы. Т.5. –
Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2007. – 194-200-беттер.

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар