Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Сәбит Дүйсенбиев. Қаздар қайтқанда ...

16.08.2019 5087

Сәбит Дүйсенбиев. Қаздар қайтқанда 16+

Сәбит Дүйсенбиев. Қаздар қайтқанда  - adebiportal.kz

Бұл ол кезде Құрманғазы атындағы консерваторияның театр факультетінің бар болғаны бірінші курсында оқитын. Әйтсе де сары ауыз балапан емес. Бұдан бұрын екі жыл қатарынан келіп, оқуға түсе алмаса да, жастар жатақханаларының алдында ән айта жүріп, елмен араласып, ысылып қалған‑тын. Әлі есінде, 8‑наурыз мерекесінің қарсаңы еді. Бір күні Ауыл шаруашылығы институтының студенті Тұран арсалаңдап жетіп келді.

–Ертең ЖенПИ‑дің қыздарымен кеш өткіземіз. Бірге жүр. Бірақ... – деді ол алдын ала ескертіп. – Ішінде Сәуле деген сұлу қыз бар. Соған тиіспесең болды. Қалған қырық қыздың ішінен, маңдайынан шертіп тұрып, қайсысын таңдаймын десең де еркің.

– Әрине, мен өздігімнен тиіспеймін. Ал егер өзі ыңғай білдіріп жатса, өкпелемессің, – деді әзіл‑шыны аралас. Олай деп айтуы да тегін емес‑ті. Сұлтанхан – орта бойлы, қияқ мұртты, қалың бұйра шашты, адамды үйіріп ала қоятын тартымдылығы бар, жайдары жүзді жігіт.

Олар Таулы Қырат деген жерден бір орыс кемпірдің үйін жалдаған екен. Ертеңіне әлгі жігіттерге еріп, гитарасын арқалап, сонда барды. Кең бір бөлмеге стол жасалыпты. Сұлтанхан қаз‑қатар тізілген орындықтардың біріне жайғасып, кірер ауызға таяу отырды. Бір уақытта далада қыздардың күлген дауыстары естілді. Келді‑ау. Сәлден кейін бәрі біртіндеп кіре бастады. «Мені көрдің бе?» дегендей, әрқайсысы әрқилы қылық танытып, өтіп жатыр. Бірақ бұлардың бірде бірі Сұлтанханға ұнамады. Бір уақытта толқынданған бұйра шашы иығына түскен, қызыл шырайлы өңі албыраған, мойылдай көздері мөлдіреген, ал сол көздерді әсемдеп қоршаған кірпіктері ұп‑ұзын қыз еріксіз назар аударды. Әсіресе сол көз бен кірпіктер сиқырлы бір әлемге жетелей жөнелгендей. Оның үстінде күрең қызыл көйлегі бар еді. Ал күрең қызыл түс Сұлтанханға ерекше ұнайтын. Сұлтанханның есі кетті. «Бірақ мынандай қызды айналдыру оңайға түспес‑ау» деген ой ғана ептеп оны сабасына түсірді.

Сәлден соң бәрі де орын‑орындарына жайғасып, танысу басталды. Әркім орнынан тұрып, атын айтып жатыр. Әлгі тәкаппар қызға кезек келгенде, ол сәл іркіліп барып: «Сәуле» деді сыпайы түрде. «Мынау Тұран айтқан қыз болды ғой. Қуын қара, ең сұлуын таңдапты». Мұнан соң жігіттер қыздарға сыйлықтарын табыс етті. Ендігі кезек әнге келді. Бірнеше жігіт ән айтқан болды. Бірақ дауыстары жоқ екен. Бала қораздардай қиқылдап‑шиқылдап берекені кетірді. «Сен айт» деп бүйірінен түртті қатар отырған Тұран. Бұл тұста мезі болған жұрт екеуара әңгімеге кірісіп, сыбыр‑күбір көбейіп кеткен екен. Тамаданың «әңгімені доғарыңдар» дегенін тыңдар емес. Сұлтанханның сүйіп орындайтын екі‑үш әні бар еді. Соның біреуіне тоқтады. Ол гитараның сым шектерін баяу шертіп, шырқай жөнелгенде әлгіндегі сыбыр‑күбір сап тыйылды. Әнді әуелете жөнеліп, соңғы қайырмасына келген кезде, көзі кенеттен әлгі қызға түсті. Қыз бар ынтасымен бері қарай бұрылып алыпты. Ал мойылдай қара көздері оттай жанып, ұшқын атады. Сұлтанхан әннің сөздерінен жаңылып қала жаздады. Әупірімдеп әрең‑әрең өз‑өзіне келді.

Ал үзілісте жігіттердің бәрі де жапа-тармағай Сәулеге ұмтылып еді, ол ешқасысының да ұсынысын қабыл алмай, Сұлтанханды биге шақырды. Сол күні екеуі түні бойы бірге биледі. Басқа қыздармен билеп жүрген Тұран, көздері тоқайласқан тұста, қабағын түйіп, жақтырмай қарап өтеді. Таң бозарып атқанда, бәрі улап‑шулап қыздарды шығарып салды.

Сол күннен бастап Сұлтанхан сұлу қыздар мекенінен шықпайтын болды. Екеуі қол ұстасып жүріп сырласады. Әңгіменің тиегі ағытылып, тіпті таусылмайды. Байқағаны, Сәуле өнерге өте ынтық жан. Тіпті оның да осы жолға түсуіне бір мүмкіндік туған екен. Бірақ қазақы көнбістік жолын бөгепті. Жоғары класта оқып жүрген кезде, Алматыдан жас таланттарды іздеп барған мамандар, оны киноға түсуге шақырады. Сұлу бойжеткеннің рөлін ойнауға ол соншалықты құштарланады. Бірақ қарапайым ғана шопан әкесі «әртіс болып кетесің» деп ырық бермейді. Әттең, әттең... Әкесі сонда рұқсат бергенде, өмірі мүлде басқа арнаға бұрылып, көпшіліктің көзайымына айналып жүрер ме еді?

Мұнан соң ол ылғи түсінде киноға түсіп жүріпті. Атақты актрисаға айналып кеткен екен дейді, айнала қоршаған көрермендер жолына гүл лақтырады. Ал таңертең оянып кеткен кезде, әлгі түстің елесін іздеп, мұңайып қалады.

– Әрине, мұңаятындай жөнің бар. Адасып жүрсің. Сен өнер үшін жаралған жансың ғой, – дейді Сұлтанхан.

Осындай ортақ тақырыптары болған соң ба, ұзақты кештің қалай өткенін аңғармай қалады... Осылайша біл жыл уақыт өте шықты.

Тағы да көктем келді. Осы бір кез – көктем бабына еніп, адамзат атаулыны еліктірген шақ. Әсіресе ғашықтар атаулы ішпей‑жемей мас. Сұлтанхан Сәулені қала шуынан аз уақытқа болса да, алысқа әкетсем деп армандап жүрген. Соның сәті түсе кеткені. Баяғы топ ұйымдасып тауға шығып қайтуды ұйғарды. Ертеңіне сәске түсте жиналып жолға шықты. Бәрі де жеңіл киінген. Ықшам киім қыздардың құлын мүшесін айқындай түседі. Сәулеге көзі түскен кезде, оны жеп қоярдай құштарланып, көңілін алай‑түлей сезім билеп өтті.

Бұлар улап‑шулап Медеуге қарай баратын 6‑шы автобусқа отырды. Автобустың ішінде Сұлтанханға жерлес қыз жолықты. Қасында бір құрбысы бар екен. Екеуі жөн сұрасты.

– Қайда барасыңдар? – деді ол.

– Тауға серуендеп қайтайық деп едік. Өздерің ше?

– Біз де. Түсетін жерлерің бар ма?

– Жоқ. Барған соң бір ыңғайын көрерміз.

– Ендеше бізбен бірге жүріңдер. Менің туысқан ағамның үлкен саяжайы бар. Біз соған бара жатырмыз.

– Ондай болса, кәнеки. Келістік.

Осы бір аралықта қасындағы құрбысы Сұлтанханға көз салып қутыңдаумен болды. Оның мына қылығын ұнатпаған Сәуле қабағын түйіп, жақтырмай қарап қояды.

Олар барған бетте тауға шықты. Саф ауа жандарын жадыратып, табиғатпен сырласқандай сезімді бастарынан кешті.

Ал кешкілік тағы да баяғыдай жай қайталанды. Сұлтанхан ән айтқан кезде, әлгі қыз тіпті жақындай түсті. Соны сезген Сәуле:

– Қайтайық, – деді.

– Жарайды, – деді Сұлтанхан.

Екеуі жұртқа қарамай ертерек қайтып кетті.

– Сонша неге асықтық? – деді былай шыққан соң.

– Анау қыз саған қарай береді?

– Қараса қайтеді екен. Жеп қояды дейсің бе? – деп өтірік ұрысқан рай танытты. Содан кейін қайтіп жауап берер екен деп, қулана сұрақ қойды: – Қыздар бір көргеннен ғашық болатындай мен соншалықты сұлу жігітпін бе?

– Сен мен үшін жігіттің сұлтанысың. Мен сені ешкімге де бермеймін, – деп сыңғырлай күліп, біреу мұны тартып әкетердей, қолынан тас қып ұстап алды.

Әлгі оңаша саяжай жатса‑тұрса оның есінен кетпей қойды. Жерлес қызды іздеп тауып алып, «достарымызбен бірге бармақшы едік» деп, кілтін сұрап алды. Ал енді Сәулені қалай көндіреді? «Сонда барып ән айтып, жыр оқиық» десе ше? (Сұлтанханның танымал ақындардың өлеңдерін төгілдіріп оқитын және бір қыры бар-ды). Өнер десе ішкен асын жерге қоятын Сәуле келісуі тиіс. Расында да солай болды. Бұл бір керемет кештер еді. Екеуі қосылып ән айтып, би биледі. Сәуленің әп‑әдемі даусы бар. Бірақ соны сыртқа сездірмеуге тырысады. Бәрінен де ол Сұлтанханның әнін тыңдауға құштар‑ақ.

– Ән айтшы, ән айтшы, – дейді екі көзі шоқтай жанып.

Сұлтанхан ән айтса, ол бар ынты-шынтымен елітіп тыңдайды.

– Өзімді көкте қалықтап жүргендей сезінемін, – деді ол осындай шалқып-тасқан сәттердің бірінде, неге екені белгісіз баяу күрсініп. – Бұл менің ең бақытты шағым...

Ән‑жырдан қол босаған кезде ұзақ сүйісіп, аймаласады. Екеуі өмір бойы бірге боламыз деп серттесті. Шексіз жақсы көру бір босаңдыққа да әкеліп соқтырған жайы бар‑ды...

Мұнан соң бірін‑бірі бұрынғыдан да жақсы көріп кеткен‑ді. Сәуле гүлдей жайнап, күн өткен сайын құлпыра түсті. Сұлтанхан байқайды, оған ғашық жандар көп‑ақ. Бірақ жігіті бар екенін білген соң, көбісі ынтызар көңілдерін жеткізе алмай үнсіз қалды. Ал жеткізуге талпынушылардың ішінде оның кластасы Таңат бар еді...

Ауыл шаруашылығының болашақ мамандары өздері шефтік қамқорлыққа алған (ол кезде сондай дәстүр болатын) сұлу қыздар мекеніне баратын кезде оны қалдырмайтын, бірге ала жүретін. Содан олар топтанып ән айтып, әлсін‑әлсін болмашы нәрсеге күліп, жатақхананың алдын думанға бөлейді. Бұндай кезде Сәуле ылғи да қасына таяп, бір бүйірін жылытып тұратын. Ал бүгін жоқ. Қайда жүр? Біртүрлі мазасыздана бастады. Қыздардан сұрап еді, олардың бірі: «Ғашығыңды көргенше тағат таппай барасың ба? Сәл шыдасаңшы, қазір кеп қалар», - деп әзілдеді. Әлден уақытта көрінді‑ау. Жанында сүмпиген біреу бар. Оларды алыстан байқағаннан‑ақ, топтан бөлініп, алдарынан шықты. Сәуле жеткен бойда, асып‑сасып «сыныптасым» деп қасындағыны таныстыра бастады. Екеуі танысқан рай танытты. Бірақ, азу тістерін ақситқан арландар сияқты, бір‑бірлеріне айбат шегулері басым еді. Мұнан соң келгенінде әлгі жігіт және алдынан шықпасы бар ма? Қызғаныш оты тұтанып, Сәулеге ашуланып: «Мынау неғып жүр?» - дейді. Сәуле: «Қанша айтсам да түсінбейді, қыр‑соңымнан қалар емес», - дейді ақталып. Содан бұзықтау бір жігітті ертіп алып, қараңғыда торуылдап жүріп, бір қалтарыста әлгінің сазайын берді. Бұдан соң ол көрінбей қалды.

Бірде Сұлтанхан Сәулені тым кештетіп шығарып салып келе жатқан. Ойда жоқта бүйірден шыға келген екеу оған тап берсін. Қапелімде есін жиям дегенше, екеуі екі жақтан біраз соққылар жаудырып үлгерді. Байқайды, талдың тасасында үшінші біреу тұр. Іс насырға шауып кетер ме еді. Осы сәтте жатақхананың сыртқы есігін жабуға шыққан кезекші әйел байқап қалып, «аттандап» айғай салды. Әлгілер қараңғыға сіңіп ізім‑ғайым жоғалды. Сұлтанхан үстінің шаңын қағып, қайтпаққа ыңғайланып еді, кезекші әйел жібермей ішке кіргізіп, милицияға телефон соқты. Сәлден соң жеткен тәртіп сақшылары, оны өздерінің машиналарына мінгізіп, біраз жерге дейін жеткізіп салды. Жол бойы Сұлтанхан: «Әлгі үшінші кім? – деп ойланумен болды. – Сәуленің кластасы емес пе?» Әй, сол‑ау. Басқа кім дейсің.

Махаббаттың мықтылығы – өліп‑өшіп сүюмен емес, оны қаншалықты қорғаумен өлшенеді екен. Міне, осы сынақта Сұлтанхан сыр берген еді... Жаз шыға, оқу жылы аяқталар тұста, Сәуленің аяғы ауыр екен деген сыбыс тарады. Әлгі сөзді алғаш естіген кезде: «Мен әлі жалаңаяқ студентпін, қалай үйленбекпін?» - деген ой келіп, бойын қорқыныш биледі. Осы аралықта Сәуленің сұлулығын көре алмаған көріксіз қыздар: «Бала Сұлтанханнан емес, кластасынан екен», – деп өсекті қарша боратсын. Сұлтанхан, әрине, ондай қаңқу сөздерге сенген жоқ. Бірақ соны себеп етіп, ол жаққа баруды сирексітті.

Ең соңғы барғанында, есік алдында жерлес жігіт кездесті де, сонымен бір нәрсені қызу талқылап тұрған сәтте, Сәуленің шыға келгені. Ол мұны жеңінен тартып, оңашаға шақырып, әлдене айтқысы келгендей болды (әлде сол жайды айтқысы келді ме екен?) «Сәл кідіре тұр», - деген Сұлтанхан, басталған әңгімені аяғына дейін жеткізуге ықыласы ауды. Сөйтіп едәуір бөгеліп қалыпты, бір қараса Сәуле жоқ. Бір жаққа асықты ма екен, кетіп қалыпты.

Бұның сыңайын сезді ме екен, Сәуле өз тарапынан бір ауыз сөз айтпады. Содан кейін бұл, бар жауапкершілікті оның мойнына артып, ештеңе естіп‑білмегендей, ақырын жылыстай берді...

Жаз бойы меңдуана жеген адамдай мең‑зең боп жүрді де қойды. Жатса да, тұрса да көз алдынан Сәуле кетпейді. Өмір бойы бірге боламыз деп серттескен сөз есіне түседі. Бір сәт өзінің қылмыскер адам құсап, қашып‑пысып жүргеніне жыны келеді. Енді бірде Сәуленің тізесіне жатқызып, жып‑жылы, нәзік саусақтарымен шашынан сыйпағаны ойына оралады. Анасы қайтыс болғалы, оны ешкім де дәл осылай аялап еркелетпеп еді. Оның осы отырысы тентектеу ұлын еркелеткен анаға да ұқсап кететін. Ал осындай адамға бұның опасыздық жасағаны қалай? «Оның не кінәсі бар еді?» – дейді өзін‑өзі сөгіп.

Күзде, ауылдан оралған бетте, бір күш итермелеп қоймаған соң, солай қарай барды. Сұрастырып көрсе, Сәуле сырттай оқуға ауысып кетіпті. Жатақхана алды қаңырап бос қалғандай, бар қызықты әлдекім тонап кеткендей, көңілсіз еді. Жапырақтары түскен ағаштар да сидиып, көзге біртүрлі көрінеді. Өткен күннің елесін іздегендей, ол едәуір уақыт тұрып қалды. Оның ойын тура төбесінен естілген құстар үні үзді. Аспанға қараса, тізбектеліп тырналар ұшып барады екен. Тыраулаған үн жүрегін тырналап, онсыз да құлазыған жан‑дүниесі астан‑кестең болды. Тіпті өзін қоярға жер таппай, екі қолымен басын қыса ұстап, безек қағып жүгірді. Көшеде көрген жұрт, мұны жынданған шығар деп ойлаған болар. Ентігіп, жатақханаға әрең жетіп, төсегіне құлады. Ертеңіне құлқын сәріде тұрып, гитарасына жармасты. Құлағынан кетпей қойған ән – «Қаздар қайтқанда» еді. Бұрын ол бұл әнді айтқысы кеп талпынған, бірақ кілтін таппаған. Енді ішкі әлемін дүр сілкіндірген сағыныш құдіретімен үндесіп, жанын жай таптырмай тұр. «Тіпті, айта түс, ішкі күйігіңді бас» дегендей, алдыға түсіп, жетелей жөнеледі. Енді қайтып Сәуленің оралмайтынын сезді ме екен, әннің сөзін бұл өзінің басынан өткен жайға ыңғайлап, өзгертіп алған еді.

Қаздар қайтып барады мекеніне,

Күндер зулап осылай өтеді ме,

Ойладың ба,ойладың ба, Сәулем‑ау, өміріңді

Кеткеніңде тағдырдың жетегінде.

Бақыт құсым, Сәулем‑ау, бола алмадың,

Сені іздедім, аңсадым, таба алмадым.

Оралғанда, оралғанда, қаздар да мекеніне,

Мекеніңе сен неге оралмадың?

Осы әнді жүз қайтара айтып, әбден бабына келтірді. Мұнан соң таяуда өткен бір жиында орындап беріп еді, жұрттың бәріне ұнады.

Сәуле қысқы сессияға келмеді. Мұнан соң екеуінің жолы тоқайласпай‑ақ қойды. «Көзден кетсе, көңілден кетеді» дегендей, бірте‑бірте ұмытыла берді... «Ұмыттым» дейді‑ау. Әр күз сайын қаздар мен тырналар қайтқанда, бұл олардың соңынан ұзақ қарап қалатын. Сәуле құсқа айналып, солардың соңынан ілесіп, сағымға сіңіп кеткендей көрінетін.

Кейіннен гастрольде жүргенінде, спектакльден соң оған баяғы жерлес қыз жолықты. Өткен‑кеткенді әңгіме етіп, екеуі біраз отырды. Бір орайы келгенде, ол Сәуле туралы сұрады. Бұл мүлде хабарсыз екенін айтты. Ол, сол оқиғадан соң, көп ұзамай бірге тұрған құрбысын жолықтырған екен, соған Сәуле: «Сендер білетін сыныптасым «басқа біреуден бала көтерсең де саған үйленемін» деп, қыр‑соңымнан қалмай жүр, мүмкін соған тұрмысқа шығатын шығармын...» дегендей дүдамалдау бірнәрселерді айтыпты... Одан арғы жағы белгісіз.

Кейінгі кезде эпизодтық ұсақ‑түйек рөлдерден аса алмағанына күйінген ол, театрдан біржолата кетті. Өзі бауыр басқан сахнамен қоштасу оған оңайға тиген жоқ. Біразға дейін томаға‑тұйық жүрді де, тамадалықты кәсіп етті. Алғашында айына бір‑екі рет той басқарса соған қуанатын. Ал кейіннен жұрт құлақтанып, «әнді керемет айтатын тамада шығыпты» деп, таласа‑тармаса шақыратын болды. Бәрі де «Қаздар қайтқанданы» естері кетіп тыңдайды. Кейбір риза болған мәрт жігіттер қалтасына жүз долларлап ақша салып кетеді.

Кезекті бір той басқарудан кейін, үйіне кештетіп жетіп, табалдырықтан аттаған соң, әйелінің қолына мың долларды ұстатып еді, ол лезде күлімдеп сала беріп:

– Сұлтанхан‑ау, театрдан ауыз жарымайтын бірнәрсе табатын едің, оның қасында мынау тамадалығың тіпті тамаша болды ғой, – деді.

Сұлтанхан сілейіп тұрып қалды. Әйеліне ала көзімен ата қарап, «сахнаның киесінен сен не ұғушы едің?» деді іштей мүсіркеп.

Жаңа әлгінде үйге жеткен бойда жастыққа бас қояр едім деп келе жатқан, енді төсекке жатса да көзі ілінер емес. Өткен өмірін тағы да ой елегінен өткізеді. Кеше ғана сахна табалдырығын имене аттағандар, бүгінде атақ‑даңққа бөленуде, ал солардан бұның таланты кем бе еді? Кем емес, артық еді. Бірақ кеудесіндегі бұлқынған сезім, жарық көре алмаған сәбидей, іште тұншықты. Жанбай жатып сөнді. Соған іші ашиды. Егер шабыты асып‑тасып жатқанда, ол мынандай кәсіппен айналысар ма еді? Айналыспас еді ғой.

Өнер жолы қиын. Шын ұмтылғандар, оның соңына біржолата түсіп, дүниенің бар қызығын тәрк етіп, кейде өмірден жалғыз өтеді. Ал өйтпеген жағдайда, қасыңда жайлы, тілекші әйелің болу керек. Бірақ ондай әйел, өкінішке орай, Сұлтанханда жоқ. Қай жағынан келгенде де, бұған жар болуға лайықты жан Сәуле еді ғой. Бірақ, оң мен солын танымаған тым жас кезде жолықты да, қадірін жете бағаламады. Ойлап қараса, Сәуле бұның өнері үшін өзін құрбандыққа шалып жіберген екен. Жолына тұрмайын деп, алдына кеп бір ауыз сөз айтпады. Онымен тағдыр қосқанда, биік асуларды бағындырар ма еді? Енді бәрі кеш. Бұның өнерінің шыңы – «Қаздар қайтқанда» ғана болып қалды.

Бір жолы ол той басқарып жатқанда, қасына бір келіншек келді.

– Сіз баяғыда ЖенПИ‑дің жатақханасының алдына кеп ән айтқанда, біз бәріміз балконнан жапа-тармағай қарайтынбыз, – деп тіл қатты ол.

– Иә, иә, – деп, елеңдеді.

– Әндеріңізді соншалықты құмартып тыңдайтынбыз. Сол кез қандай тамаша еді.

– Иә, ол кез енді қайтып оралмайды, – деп күрсінді бұл.

– Содан кейін... – Күмілжіді әйел.

– Иә, айта беріңіз, іркілмеңіз.

– Сіз Сәуле деген қызды ұнаттыңыз. Екеуіңіз жарасатын едіңіздер.

– Жарасатын едіңіздер дейсіз бе?

– Қозы‑Көрпеш – Баяннан аумайтынсыздар.

– Қайдан. Сәуле Баяндай болса болған шығар, ал мен Қозы‑Көрпештей бола алмадым ғой, – деді ағынан жарылып. Содан кейін осы бір сәтті пайдаланып қалуға тырысып үздіге сұрады: – Сіз Сәуле жайында ештеңе естіп‑білмедіңіз бе?

– Жоқ. Әйтсе де жерлестерінен сұрастырып көруге болады.

– Сұрастырып көріңізші. Бір жылы хабар айтар деп үміттенемін.

Сол күннен бастап Сұлтанханның мазасы май ішкендей кілкіді. Әйелі, жалғыз ұлдың соңынан Астанаға кетіп еді. Көбіне бұл сыртта, гастрольде жүрді де, кішкене кезінде перзентіне көңіл бөле алмады. Сол себепті ме екен, баласы бұған суықтау. Бұны іздемейді де, ашылып сөйлеспейді де. Бар сырын анасына ғана айтады. Кейінгі кезде дағдарыс деген шықты да, тойға шақырушылар азайды. Көбіне бұл жалғыз. Сонда оңашада ой мүжиді. Бұрын Сәулені ойламаған кезде тып‑тыныш жүріп еді, енді әрбір сәт жаңғырып, бәрі есіне түседі.

Егер Сәуленің жақсы көргені рас болса, ол мұның қателігін кешірер еді. Содан кейін бұл оның тізесіне басын қойып, өмірден көрген теперішін баяндар еді...

Бірақ Сәуленің дерегі көпке дейін шыға қоймады. Шынымен құсқа айналып сағымға сіңіп кеткендей ізім‑қайым жоқ. Сұлтанханнан дегбір кетті. Ойлағандыкі ме екен, кейінгі кезде ылғи түсіне кіреді. Жас кезіндегідей беті албырап, мойылдай қара көздері жәудіреп, кірпіктері таяқтай боп, төбесінен төніп тұрғаны. Таң әлетінде оянып кетеді де, содан дөңбекшіп ұйықтай алмайды.

Әбден шыдамы таусылғанда бір хабар жетті‑ау. Тойда кездескен келіншек телефон соғып, бірге оқыған жерлесінің Сәулені іздестіріп жатқанын айтып, қуантып қойды. Ол осыдан көп жыл бұрын Сәулені көшеде кездестіріпті. Қасында сүйкімді ер бала бар екен. Бұның әлгі балаға жалтақтап қарай бергенін байқап: «Иә, сол сүйген жігітімнен туған бала. Екеумізді қосылуға тағдыр жазбады. Қайтейін... Өткен күн енді қайтып оралмайды. Қазір бір әзірбайжан жігітіне тұрмысқа шыққанмын. Мінезі жайсыздау. Сондықтан көп ешкіммен араласпаймын», – деп, өз жайынан аз‑кем мағлұмат беріпті. «Сұлтанханды содан кейін көрдің бе?» деп сұраған екен, ол: «Жоқ, – депті. – Тек, бір жолы теледидардан әнін тыңдап, шыдай алмай далаға атып шықтым». Демек ол, «Қаздар қайтқанданы» тыңдаған болды. Тыңдап, ішіндегі құсасын бір босатқан болды.

«Сәуленің сіңлісі аудандық кітапханада жұмыс істейді екен, сол арқылы тауып алуға болар» деген хабарды естігеннен кейін, жанына бір досын ертіп, ертеңіне‑ақ жолға шықты. Таңертең аттанған олар, түс әлетінде межелі жерге жетіп үлгерді. Бұл ауылда Сәуленің сіңлісі ғана емес, әпкесі де тұрады екен. Бұлар адасып жүріп бірінші әпкесінің үйін тапты. Есікті ұзын бойлы, арық, аққұбаша келген ер кісі ашты.

– Сәуленің әпкесінің үйі осы ма екен?

– Иә.

– Ал, Сәуленің қайда екенін айтып жібере алмайсыз ба?

Ол кісі бұларға «көктен түстіңдер ме?» дегендей таңдана қарап:

– Сәуле қайтыс болып кетті ғой, – деді тұнжырап.

– Қой, қалжыңдап тұрған жоқсыз ба? – деп, сеніңкіремей, оның бетіне үңілді. Үлкен кісінің түрінде ешқандай қалжыңның ізі байқалмайды. Соны сездірте:

– Иә, қайтыс болып кетті, ‑ деді нығыздап.

Сұлтанханның төбесінен біреу ауыр соққымен қойып жібергендей, сілейіп тұрып қалды.

– Ал сіздер кім боласыздар?

– Достары едік.

– Ендеше ішке кіріңіздер.

Бөтен екі еркекті көріп, жазғы сенектің алдында ыдыс жуып тұрған әйел, бұларға аңтарыла қарады.

– Сәуленің достары екен, – деп ескертті күйеуі.

Сіңлісі есіне түсіп, көңіл‑күйі бұзылды ма, әйел көпке дейін томсарып үндемеді. Мына қалпында дым айтпай шерменде күйде қайтарар деп қауіптенген Сұлтанхан:

– Мен Сәуленің студент күнгі жігіті едім, – деді нықтай түсіп.

Мына сөзге аса елең ете қоймаған әйел, «онсыз да тегін жүрісті адам емес екендеріңді сезіп отырмын» дегендей, басын болар болмас қана изеп, жайлап әңгімесін бастап кетті:

– Аяғы ауыр болып осындағы бір кластасына күйеуге шыққан. Сәби дүниеге келгеннен кейін жігіттің әпкелері «бала бізге ұқсамайды» деген жайсыздау әңгіменің шетін шығарды. Осы жай қайталана бергеннен кейін, Сәуле ақыры ол үйден кетіп тынды...

«Баяғы әңгіме рас болды ғой. «Басқа біреуден екіқабат болсаң да алам» деп көлгірсіп, қақпанына түсіріп, ақыр аяғында далада қалдырған екен ғой. Сүмелек, қолынан келмейді екен, ондай сөзді неге айтады десейші? – деп кіжінді Сұлтанхан. – Сәуленің жайын түсуге болады. Бір жағы аяғы ауыр. Жігіт басымен айтып тұрған соң, соның жылы сөзіне алданып, паналаған ғой. Бір жағы елдің пыш‑пыш сөзінен қашқан».

Осы бір тұста әйел басын көтеріп:

– Айып етпесеңіз, сізден бір нәрсе сұрасам бола ма? – деді.

– Иә, сұраңыз.

– Сәуле екеуіңіздің араңызда бір нәрсе болып па еді?

– Иә, болған, – деп Сұлтанхан төмен қарады.

– Бәсе, «біз ондай сөздің шығуына қандай негіз бар?» деп, қайран қаламыз. Сәуледен ондай шығады деп кім ойлаған. Жаңа әлгінде сіз келіп тізе бүккенде, отырған қалпыңыз Еркебұланды көз алдыма елестетіп жіберді. Сонда ғана ішім бірнәрсені сезгендей қылп ете қалды.

– Иә, сол жігіттің де кесірі тиді. Жұрт бала содан екен деп өсек гулетті, – деп Сұлтанхан, ақталғысы келгендей бір нәрселерді міңгірледі.

– Сәуле бұдан соң бір әзірбайжан жігітіне тұрмысқа шықты. Қаншама қазақ жігіттері соңынан жүгіріп еді, бірақ ешқайсысына да мойын бұрмады... Дәм‑тұз тартқан шығар. Бірақ одан да бақыт тауып, шекесі шылқи қойған жоқ. Ол өзі мінезі жайсыздау әрі қызғаншақ адам еді. Ақыр аяғы өзінің көлеңкесінен қызғанып, шатақ шығарып жүргені. «Түлкінің терісі өзіне сор» деп, оның сұлулығы өзіне сор болды ғой. Біз жанымыз ашып: «Ажырасып кетпейсің бе?» деп үгіттесек, «Қайта‑қайта ажыраса беремін бе? Неге де болса шыдайын» дейтін. Сөйтіп оған үш ұл тауып берді. Бірақ жаны темір емес қой, әлгіндей кикілжіңдерден жүйкесі жұқарып, әртүрлі ауру жамап, ақыр аяғында бұл дүниеден өтті де кетті...

«Әттең, – деп пендешілік танытты Сұлтанхан. – Егер үйленгенімде, қазіргідей бір баланың бетіне қарап отырмай, көп баланың маңдайынан иіскеп, шексіз байлыққа кенелетін екем ғой».

Осы арада, әпкесінің үйіне бөтен біреулердің келгенін естіп, сіңлісі де келіп қалды.

– Сәуленің достары екен, – деп таныстырды әпкесі.

Бір нәрсені іші сезгендей:

– Неше жылдан кейін іздеп келіп тұр ма? – деп күңк етті сіңлісі.

Сәлден соң Сұлтанхандар жүретін болды. Сіңлісінің күйеуі оны Еркебұланға апарып қайтуды ұйғарды.

Машинаның ішінде жігіт самбырлап сөйлеумен болды. Ол Еркебұланның сабырлы, он саусағынан өнері тамған бала екенін айтып мақтап қояды. «Үйленейін деп жүргенде шешесі қайтыс болды, содан бір басты екеу етуді кешеуілдетіп жүрген жайы бар...», - дейді. Енді бірде ол Сұлтанханға қарап: «Сондай бір тамаша жаннан қалайша айрылып қалдыңыз?» – деп сөгеді. Ал Сұлтанхан өз ойымен өзі әуре. «Сенің өміріңнің қиындықпен өткеніне мен кінәлімін. Әттең, әттең... Егер баяғыда әкең рұқсат бергенде, сен атақты актрисаға айналар ма едің? Мен сияқты орта жолда қалып қоймай, өнер көгінде жұлдыз болып жанар ма едің?»

Бұлар келгенде Еркебұлан орнында жоқ екен.

– Күз ғой. Біреулердің үйіне жылу жүйесін орнатып жүрген болар, – деп түсіндірді жолбасшы.

Ол ауылдың шетіндегі осы бір мекемені күзетеді екен. Сөйтіп, елден саяқ, айдалада жалғыз түнеп, өз ойымен өзі арпалысып, өз жарасын өзі жалап жататын болса керек...

Олар күнбатыс беттегі бейітке соғуды да ұмытқан жоқ. Төбенің басына тырмысып үлгерген сәтте, ол дәл баяғыдай құстар даусын естіді. Аспанға үңіліп қарап еді, қаңқылдап қаздар қайтып барады екен. Ең соңындағы біреуі, топтан қалыңқырап, осылай қарай мойын бұрып, алаң көңілмен бара жатқан секілді...

Сәбит Дүйсенбиев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар