Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Сағадат Ордашева, жазушы: Көкірегінен кілең өлең-с...

28.02.2017 3974

Сағадат Ордашева, жазушы: Көкірегінен кілең өлең-сөз аққан жұртшылыққа «таразы» керек

Сағадат Ордашева, жазушы: Көкірегінен кілең өлең-сөз аққан жұртшылыққа «таразы» керек - adebiportal.kz

-Сағадат апай, әңгімемізді қазір не жазып жүрсіз, осыдан бастасақ. Жалпы, қай шығармаңызда өз тағдырыңыз бар?

fbf61a7d42adab0575bfafe80f4c3ae9.jpeg

- Желкеңнен жүгендеп отырған талап болмаған соң ба, қазір жазып жүрген жоқпын. Жалпы, жазу мен жазбаудың да айырмасын ашып, себебін айтып, жарытып жауап бере алмаспын. Ал, шығарма ішіндегі кейіпкерлерімнің бәрі өзім болуым да мүмкін. А.Тарковскийдің көптеген фильмдерінде өзі жүреді. Өзінің ұстанымы, өзінің тағдыры. Ертеректе түнгі кафеде ыдыс жуушы болып жұмыс істедім. Күндіз оқуым бар. Сол кезде жазылған «Ақ кеме» атты шығарманы жан дүнием булыққанда жазған едім. Түнімен жын қаққандай у-шу боп жататын кафеде Құдайға жалбарынғандай болып,ұлы өнерге алаңдап қарай беруші едім. Қабырғада ілінген айлы түндегі теңізде шалқыған ақ кеме салынған суретке көп аңсарым ауды. Суретшінің жалғыздығы, жан сұлулығы, мұңы, көз жасы төгілгендей әсер еткен сурет менің көз алдым тұманданғанда, қиналғанда алып шықты. Сол суретті ұрлап кетуге де шақ қалдым. Алайда, шығармамдағыдай ұрлағам жоқ.

-Өткен жылы «Жұмадағы раушан» атты романыңыз жарияланды. Сол туралы айтып берсеңіз?

-«Жұмадағы раушан» осыдан екі жыл бұрын, бір айдың ішінде жазылды. Бірақ, оған дейін ойымда көп пісіріп,іштей жазып жүрдім. Мені қазіргі ерлі-зайыптылардың ортасындағы қарым-қатынас, отбасылық мәселелер көп қинайды. Ажырасуға бейім әйел-келіншектердің, қоғами түсініктердің қайшылығыойландырады. Осы кітапты жазар алдында психологиялық еңбектерді ақтарып шығып, біраз отбасының өміріне араластым. Батыс өңіріне,адайларға келін болудың өзі – үлкен мектеп. Отбасында кикілжің болмай тұрмайды. Отбасының ойрандалуына себепкер деп әйелді айтар едім. Әйел адам Абай айтпақшы «соқпа дерттен өлмейді», «қырық шырақты». Бір шырағы сөнсе, бір шырағын қайта жаға алатын әйел бойындағы қуатты тек тірілтсе болды. «Жұмадағы раушан» осы жайлы. Жалпы, жазуды шартты түрде ғана «эксперимент» деп қабылдаймын. Кез келген шығарма келесі әңгімеге ұқсамауы мүмкін. Әртүрлі стильде, әртүрлі пафоста жазуға кірісе беремін. Таласбек Әсемқұловтың «өнердің өзі –эксперимент» дегені бар емес пе? Осы тұрғыдан, экспериментке жиі ұрына беретіндіктен, өзімді қалыптасқан жазушымын деп айта алмаймын. «Қазақ әдебиетінің» редакторы Жұмабай ағам ешбір әңгімемді жаратпайды, баспайды да. Соған тіпті, ренжімеймін. Ағаның талғамына шүбәм жоқ. Ал «Жұмадағы раушан» алғаш «Арбасу» деген атпен «Жамбыл» журналына жарық көрді. Алайда, жазу бөлек те, жазылғанның оқырманға жетуі бөлек әңгіме ғой. Жетпей жатса, оқылмай жатса жазылуындағы олқылық шығар. Өйткені, кереметтей дүние жазып тастадым деп айта алмаймын. Бұл тек бір аудиторияны қамтыған дүние болды. Өзім қабілетімді сынап көрдім. Отыра қалсам, жазып тастай алады екенмін. Бірақ, жазу үшін жаналқымнан алған кейіпкерлер болу керек, болмаса ешқашан жазбаймын. Дегенмен, «Жұмадағы раушанды» әйелдер қауымы бір парақтап шықса екен деп армандаймын.

-Бүгінде Алматы мен Астанадан өзге аймақтағы жастардың шығармашылығы тасада қалып қойған жоқ па?

-Онысын анық білмеймін. Алматыда тұрғанымда ақын-жазушы ағалардың көзіне көп іліне берген соң, «жақсы жазасың, мықтысың өзің, кел басамыз ғой» деп мақтап, жанашырлықпен сүйрей беретін. Басқа облыста тұрудың да өзгеше ләззаты бар дер едім. Өзіңмен-өзің. Жұлдызды салюттар мен фейерверктер жоқ. Көпшік пен мақтау жоқ. Елеу мен ескеру жоқ. Өзіңмен өзің шығармашылық не үшін керек екенін шын ұғасың. Өйткені, өлеңің мен өнерің ғана жұбатарыңа айналады. Ал, Алматы мен Астана кейде жұтып та жібереді. Қазір «Үш таған» журналында қызметтемін. Тірі кейіпкерлермен аралас құралас өмір кешудемін. Жазуға мүмкіндік мол. Ақтөбенің әдеби жұртшылығымен жақында ғана таныса бастадым. Мейірхан ағам, Бауыржан, Ертай ағаларымыз бар, күнде кездесіп қаламыз. Бірақ, ешбірінде ақын едім, керемет едім деген мақтану жоқ. Қалың қара нөпірлі ақпараттың астында, қара тер газеттің жұмысымен жүріп ақын екенін де ұмытып кететін шығар. Жалпы, бізде «мойнын созбаған түйеге жантақ жоқ» қой. Оған ренжудің реті бар ма?

-Енді әңгімемізді қазіргі әдебиеттің хал-ахуалына қарай бұрсақ. Қазір бізге әдебиеттегі болып жатқан үдерісті зерделеу жетіспейтін сияқты?

-Тауар бар да, таразы жоқ демекшісіз ғой? Постмодернизм деп неге шулаймыз осы? Уақыт пен қоғамның тамырының атын осы – постмодернизм деп алайықшы. Бұл қоғамда байқасаңыз, ұстаз жоқ, бәрі оқушы. Бәрі барлық нәрсені біледі, барлығы ешнәрсе білмейді. Ешкімге ақыл керек емес, бәрінде ақыл бар. Бұл қоғамда нағыз (оригинал) бен жасандыны айыра алмайсыз. Нағызда өнер, жасанды да өнер. Жасап та жазуға болады, жан қоссаң егер. Өйткені, қойны-қонышымыз толған білім. Бірақ, ешкім озып бара жатқан жоқ, ешкім кейін қалып бара жатқан жоқ. Ешқандай идеал жоқ, ешқандай біртұтас идея жоқ. Бір топта, бір партияда жүргендердің өзі бір идеяны ұстана алмайды. Постмодернизм – дәстүрден бас тартқан қоғам, бірақ рухы дәстүрге мұқтаж. Мұқтаждық өз атын танымай әртүрлі сарында шыға береді. Постмодернизмде - дәстүрлі буындар жалғастығы, ұстаздық пен шәкірттік ұғымдары, бір мектеп өкілі атану атымен жоқ. Ол әрине, әдебиетте де жоқ. Сөйтіп жүргенде, кілең көкірегінен өлең-сөз аққан жұртшылыққа «таразы» керек. Не үшін керек? Таразылаушының өзінде мектеп жоқ. Таразылаушының өзі надан. Сын дегеніміз – сөзді сөз ету, сөйлем тұтастығын екшелеу, тақырып пен идеясын «мықты айтқан» деуімен ғана тынатынсын – сын ба? Сын өзінің тестологиялық тұрпатынан баз кешіп, қашан өнертану, құдаймәнділік кебін киеді? Өнертану – құдайтану екеніне күмәніңіз бар ма? Онан қалса, адамтану. Сын жоқ дегеннен гөрі, өнер бар ма деп сұраңыз. Өзім арасында сын мақала жазып тұруға тырысамын. Әрине, ішіме білім сыймағасын. Бірақ, мақсатымда сынайын, нағыз бен жасандыны айырып берейін деген ой болмайды. «Ой ешкімдікі емес»(А.Сүлейменов) қой. Тапқан ойыңды рухың қандай формада құйып беріп тұр – сол қызық. Маған қызығы да осы.

-Еліміздегі белгілі әдебиетшілер біздің әдебиет полистилистикалық стилге толық жауап беретінін айтып жүр. Дегенмен, әдебиеттің кейбір ағымдары біздің әдебиетке әлі келмегенін мойындауымыз керек сияқты?

-Қазақ әдебиеті – жазба әдебиеті – жас әдебиет. Кеңес кезінде ғана әдебиет толыққанда жазылғанын ескерсек, әдеби ағымдар бізге әлі келмеген боп шығады. Бірақ, неге ағым бізге келу керек мысалы? Бізде өзіміздің ағым бар. Әлемге мойын созудың, әлемде қандай стиль дамып жатыр, қандай ағым бар деуден гөрі – өз ұлттық дүниетанымызға бүгінгі көзбен сүңгіген адам міндетті түрде бүгінгі жаңашыл ағымды қалыптастыра алады. Өзімізден өсіп шығатын құнар бар, сіз бұрынғы қазақ емессіз, қазіргі бүкіләлемдік пікірлерге, оның үстіне советтік ұстанымдар қаныңызға кіріккен бүгінгі қазақсыз – сіз дәстүрлі ата-баба құндылықтарын жаңаша формаға салып айта аласыз. Мейлі, сүйіңіз Достоевскийді, мейлі пір тұтыңыз Камюді. Мейлі шетел асып кет, мейлі шетелден білім алып қайт. Мен орысша өскен ұрпақпын, бірақ, қазақтың қандай ұлт екенін келін болған сәтімнен түсіне бастадым. Мысалы, Ақтау театрында С.Потапов қойған Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау» қойылымы – біздің бүкіл тұрпатымызды, болмысымызды, өз бойымыздағы ұлттық мінездің ағысын ашып бере алды деп ойлаймын. Таңқаларлығы, осындай терең байлығы бар, өз діңгегі мықты ұлтқа сырттан ағым іздеудің өзі, ағымға қарай ығысудың өзі білімсіздік. “Үйрен де жирен” демей ме? Бәрібір афроамериканец бола алмайсың. Алайда, постмодернизм әдеби ғана ағым емес, ол қоғамдық формат. Сол форматта қазақ боп қалудың да формасы бар. Әркім өзі болмай, өз ұлтының тамырына байланбай ешқашан жеке тұлға болып сөз айта алмайды. Қазақтыққа қайтуымыз керек. Қайтуым керек.

-Бұрын кітап оқу рухани қажеттілік болған сияқты. Қазір көркем әдебиеттен гөрі, іскерлік әдебиет көп оқылатыны мәлім. Бұл бұрынғыдай оқырманды тартатын шығармалар тумай жатыр деген сөз бе?

-Бұл – постмодернизм кезеңі. Оқырман өлең оқымайды деп еңіреу– ессіздік. Өлеңді оқысын деп жазбасын. Өлең арқылы Тәңірмен өзім сөйлесемін деп жазсын. Мен де солай жазам. Төлен Әбдіктің, А.Сүлейменовтың, Т.Әсемқұловтың ойлары осыған саяды – ойласаңыз болды, жазу - екінші тағдыр, жазған екенсіз, өзіңізді жұбатсын, кейін өзгелерді жұбатады. Ешкімге жетіп бармаған өлеңі үшін ақын-жазушы өкінбесін. Өйткені, байқап отырғанымыздай, сіздің, менің шығармаларымның қоғамдық үлкен рухани апаттардан құтқарып қалатын қуаты жоқ.

-Осыған дейінгі әдебиетпен әлемдік деңгейге шыға алмағанымызды есептесек, әдебиетке жаңашылдық керек деп ойламайсыз ба?

-Жаңашылдық керек шығар. Қалай жазса олай жазсын, автор өз ұлттық болмысын жоғалтпаса болды. Жаңаша жазу үшін – білім керек. Тіл білу керек. Бірнеше тіл. Бірнеше мәдениетті зерделей білу керек. Мысалы, Ардақ Нұрғазының еңбектері қытай, ағылшын тілдеріне аударылып жатыр. Ардақтың өзі екі-үш тіл біледі, меніңше. Арасында бірен-саран ақын-жазушының еңбегі шетел асып аударылады. Бірақ, жазарманның өзі де шет тілін білетін мол сауаты бола тұрып, өзінің ішкі мазмұнын жоғалтып алса тағы болмайды. Жас жазушы Мерей Қосынның шығармашылығында қостілділік мәдениеттің көлеңкесі анық сезіледі. Алайда, Мерейдің әлемге шығудың, әдеби ағымды игерудің жолына түскенін құптаймын. Сіз өзіңіз ауыл ішінде отырып, еш білімге ұмтылмай, «азаннан кешке дейін қазақ едім, қайтейін» деп зарланумен ештеңе бітіре алмайсыз. Етегің толған еңіреудің заманы өтті. Еңіре алайда, мәдениетті еңіре.

-Таласбек Әсемқұлов бір мақаласында «Әлемдік әдебиетте постмодернизмнің өзі ескірген тәсіл» дегенге саятын ой айтады. Біз неге әдебиеттегі осы ағымда жазып жүргендерді «Сәтсіз эксперимент» деп қараймыз?

-Әлемдік әдебиетпен санассаңыз солай шығар. Жалпы, өмірдің бас-аяғының өзі – «сәтсіз эксперимент» қой. Шығармашылықтың бәрі эксперимент. Бүгін ертеңге ұқсамайды, ертең арғы күнге. Жалпы, әдеби ортада пікірлер алуандығы болуы керек қой. Сені жоқ деген сайын бар бола түсесің. Сені бар деген сайын жоқ бола түсесің. Бұл постмодернизм – жабайы айтқанда – рух тілінің сандырақтауы. Ол сандырақтан құдайды да, басқаны тауып ала бересіз. Ал, бұрынғы советтік әдебиеттің түгелге жуығында бір тип, бір болмыс жүретін еді. Қазір бәрі өзгеше. Күшті емес пе?

-Егер, қаламгерлерге атақ шығармашылығымен келетін болса, «Атаққа қызықпаймын...» деп жүргендердікі өзіне сенімсіздігі ме, әлде пафос па?

-Пенде болған соң атының айтылғанын бәрі қалайды. Драматург Ш.Құсайыновтың бір жазбасын оқып қалдым: «Жазу бар, жазудың оқылуы бар, оқылғасын назарға ілігуі бар, бәрі өз уақытында болуы тиіс екен» (өз сөзіммен айтып отырмын) деген сипатта. Атақтан бұрын, абырой болсын. Абыройың болса атақтың өзі келеді.

-«Кек жуғанның» шыққанына да біршама жыл болды. Оқырмандарыңызға қашан жаңа кітабыңызды ұсынасыз?

-Қаржы табылса келесі «Жұмадағы раушан» деген кітабымды шығарғым келеді. Жалпы, кітап шығаруға соншалықты бейіл емеспін. Шықса шықсын, шықпаса жатсын. Одан бөлек тағы бір кітаптың басын құрауға жарап қалған шығармаларым бар. Алайда, шықсын, шықпасын оған уайымдамаймын. Шықпағаны да жақсы. Бәлкім, біраз уақыт өткен соң жазғандарымның түкке тұрғысыз екенін білсем, қатты өкінетін болам. «Кек жуған» да студенттік өмірдің өткелең кезіңінде жазылды. Бірақ, жақсы дүниелерді, жаңа авторлардың жазғанын ашу, сын тілінде аудару мақсатымда бар.

-Егер сіз Әуезовті кездестірген болсаңыз, одан не сұрар едіңіз?

-Білесіз бе, Мұхтар Әуезовпен кездесіп қалған поездағы әңгімем бар, «Жүрдектегіжолаушы» деп аталатын. Қарсы алдымда отырған Мұхтар Омарханұлына ештеңе айта алмадым сол кезде. Шығармамда. Тек мені жұбатқан, еңсемді көтерген, мейірімін төккен Әуезовті көрдім. Жан дүниемде осындай үлкен кездесу болғаны рас. Осы орайда айтқым келеді: Тәкен Әлімқұлов, А.Сүлейменов, Т.Әсемқұлов секілді үш алыптың шығармасын қайта қайыра оқыған сайын үшеуіне де ұқсас ішкі толқынды, ықпалды, бір бірінің аузына түкірген жалғастықты сезінемін. Үшеуі де «сәске, талтүс» іспетті түс мезігіліндегі оқиғаны көп суреттейді. Осы сәскеде тұрған не бар деп ойлаймын. Таласбек ағаның «Талтүс» романын атауы да осы ішкі рухани байламның белгісі. Білсем, бұл үш тұлғаның аузына М.Әуезов түкірген. Тәкен Асқарға, Асқар Таласбекке. Таласбек кімнің аузына түкіріп кетті екен? Егер де, М.Әуезовті кездестірсем «Сіз кімге батаңызды беріп кеттіңіз? Назарыңыз кімде қалды?» деп сұрар едім. Назарға ілігу, батасын алу да үлкен бақ бар. Басындағы бағы тепсе де кетпейтін жазушыға шәкірт болғым келеді.

- Онда сұхбатымыздың соңында «Жүрдектегі жолаушы» деген әңгімеңізді қоса ұсынайық.

ЖҮРДЕКТЕГІ ЖОЛАУШЫ

(әңгіме)

Мұхтар Әуезовтің рухына арналады

Өңі жүдеу күз қарашаны белуарлап қалған. Ұшар басы жалаңаштанып, қаудырлаған жапырағын төккен қарағаштар сұрықсыз көкмұнар аспанға алақан жайғандай. Іркіттей қойыртпақталған көкірің бұлттар қақшиған қаланың мысын басып, бозартып алған. Иінімен дем пісіп, жолаушыларды артқан жүрдек пойыз А. қаласынан А. қаласына аттанбақ болып ышқырынғанда, табалдырыққа табан тіредім. Купе ішіндегі екі қыз бала, бір жігіт ағасы болмашы бас изесіп қана көрісті. Жүйткіген поез А. қаласының паң сәулетін лезде артқа тастап, сары маң даланың омырауына лап қойған.

Селкілдегені секемсіз үйдің тымырсығындай тыныштық орнаған таңғы жарықпен көз аштым. Купелестерім шырт ұйқыда. Көзімді ұқалай терезені шолғанымда, жүдеу күздің жұпыны даласы есінеп жатыр екен. Қою кофенің ащы иісі мұрнымды қытықтады, кеңсірім кепкен екен. Ресторанға бет алдым.

ec5f7de182c554faff4056741f9c85cf.jpg

Оразасын ашып бес-алты қарайған бастан өңге самсаған жарығы мол рестораннан бейбіт әуен лағып жатты. Елпілдеп жеткен даяшыға тапсырыс бердім де, қолыма қыса келген айфонымды үстелге қойдым. Мағынасыз жанарымды қарсы алдымда терезеден көз алмай баққан ер адамға аудардым да, лезде қапсырма беттегі оның көлеңкесімен тұтасқан бейнесіне көзім түсті. Оның арғы жағында... терезенің сыртында жасыл шықтай тұнып алғаусыз мөлдір әлем жатты. Мен кірпігімді қағып жіберіп, тағы үңілдім. Сенсорлық тұп-тұйнақтай мөлдірлік пен лездік. Поез терезесіне сенсорлық экран орнатқан болар, жасыл жайраңдаған қыраттар, тізқатар еменнің саптары мен қарағайлардың қатары, қан майдандай лақылдап тербелген жауқазындар... терезені үйкеп, олай да бұлай қозғадым. Айфонымды лекіткендей. Мынау рас па деп қарсы алдымдағы жолаушыға баққанымда, маңдайындағы жазық кеңістіктен ұшқын лап етіп жанарымды қарыды. Талып қала жаздадым. Қарсы алдымда төбе басын отап кеткен ормандай таз, екі самайындағы әдемі әдіптелген бұйра қоңыр шаш, көзі дөңгелек қара, ерні жуандау, жарқын аққұба жүзі әжімнен ада келбетті кісі отырды. Әлдеқайда, әлдебір кітапта, әлде сахнада кездестіргендей жүзі таныс еді. Есімді жиғанымда, даяшының қоңыр кофені қойып кеткенін аңдадым. Буы тік ұшқан кофені аузыма алып бара бергенім сол еді, кенет ресторанға гитарасын дыздықтатып ұзынтұра жігіт кіріп келді. Ерніммен өбіспекке бейіл кофеге тілімді күйдіріп алдым.

- Астымда бар пырағым, еш жерде жоқ тұрағым. Кең көсілген көмеймен, жанның дертін табамын. Зулайды өмір зулайды. Амалсыздық қинайды. Әй, жолаушы, жомарт бол, қарын қамы қинайды. Жеңіл әуенге салып, жүзі күлімдеген жігіттің қыз келіншекке келгенде қас қабағын көтеріп, көңілдендіріп қояды. Ышқырына байлаған пакетін әркімге ұсынып гитаршы жігіт шырқап шығып кетті.

Жылдың қай мезгілі еді деп басымды қатырдым. Қоңыр кофенің күңірсік иісі кешегі күнгіні, жалпы алдыңғы өткен күндерді ұмыттырып жіберді. Тіпті, қайда бара жатқанымды да есімнен шығардым. Мағынасыз қарсы алдымдағы жолаушыға бажайлай қарадым. Сөз сөйлемекке дайындалған кісіше астыңғы ернін үстіңгісімен қапсырып, болмашы сүйкеп алды. Екі қолын қапсыра айқастырып, басындағы ойын екі көзі түгендемекке кіріскендей бадалып отыр.

- Құрметті аға-апалар! Назар салыңыздар! Мың емге дауа Алтай тауының тіл үйірер балы! Келісі 2 мың теңге. Таза бал. Натуральный. Бүкіл ағзаңызды тазалап, жүйкеңізді емдейді. Дастарханыңыздың берекесі. Емдік қасиеті мол. Ал, алыңыздар! Ақшаларыңызды аямаңыздар! Денсаулыққа неге аяйсыздар?

Даусы шаңқылдап төбе құйқамды шымырлатқан дауыстан бұғып, терезеге тағы көз салдым. Жап жасыл найқалып, науша наурыздың сәуірегіндей тұмса табиғат бусанып жатыр. Жан дүниемдегі хәлмен табыспай, өзінше лаққан тылсым терезеден көңілімді аулақтаттым. Әлдекім арбап, алдап соққандай лоқсыған көңілім алағызды. Салонды шаңқылымен шарлап, қарасын батырған әйелден кейін тыныштыққа байланған жаным құлазып сала берді.

- Әғузубилләһи-минаш-шәйтонир-ражим!!! Келесі саңқыл көмейінен леген табақ ақтарылғандай жас балаң кезбенің аузынан төгіліп, ресторанның ат шаптырым кемесін кезіп кетті. Құлағымды баса беріп, көзімді жұмдым. Адам қарасы көбейген болуы керек, әр жерден саңқылды бұзып жарғысы келген дауыстар әлсіз естіліп, шарасыз аяттың соңын күтті. Жерге омақаса отыра қалған жас бала дұғасын қайырды да, кіршең қара топысын әркімнің алдына тосты. Қалтамнан табылған бірнеше жүз теңгелікті салдым да, қара домалақ баланың бойын ызбармен шолдым. Қайсыбір эмоцияңды көтере беретін көнбістігінен жаным жуасыды. Қарсы алдымдағы пленумға шығып, әлемнің пролетарийлерін шақырған кісіше ыздиған кісіден сезік те, сезім де, қыбыр еткен қобалжу да байқамай тағы терезеге үңілдім.

- Сырғалар бар, алтын сырғалар! Күміс алқалар! Ай сырға мен Күн түсті күміс білезіктер бар! Алыңыздар! Әйелдің сәні мен сымбатын құйған нағыз алтын сырғалар! Қымбат та емес, арзан да емес. Алсаңыздар, ақырзаман туғанша алқымыңыздан түспей, кейінгіге көзедей ыстық көне естелік болып қалмай, жарқырап, тұнып, жалтылдап жаныңыздан түспейтін алтындар бар, алтындар!

Төбе шаштары серейген, қақ желкеден шорт кесілген ұмар жұмар шашты әйелдер алысып-сапырылысып әлгі сатушы әйелді алқалап ортаға салып, саудаласып кетті. Жалт жұлт еткен қызыл, жасыл көздер неше түрлі бұйымның арбауына түсті де, қақшып алып қалтасынан сатыр-сұтыр ақшасын санап беріп жатты. Буы пәсейіп, ерніммен өбісе алмаған кофемді алғаш ұрттағанымда суып қалған еді. А. қаласынан шыққандағы сүркейлі сыз күздің қоңылтақсыған көңілімді жүдеткені аздай, көмейіме кешкі тұманмен құраласып кептелген түтіннің иісі тұнды. Ауадан ба, әлде сырттан ба желдей енген күңірсік иіс баянсыз бір мұңға шым батырып бара жатқан. Қайда, қайдан, қайдамын деген сұрақ шекемнен төнді.

- Ханымшалар мен мырзалар! Бектер мен бекзадалар! Аз ғана уақытыңызды маған қисаңыздар екен. Біздің мына өмір жолымыз - үлкен ұлы миссия! Өмірді неге кешіп жүрміз? Бақытты болу үшін дерсіз. Балаларды жеткізу, оларды бақытты ету. Адамзаттың миссия осылар ғана ма? Әлде, түгесілмейтін оқу мен әлемтанудағы кезбелік пе екен? Рас, бәріміз өмірді бақытты болу үшін кешеміз. Бірақ, нақты бақытқа қалай баруды білмейміз. Ал, сіз қалай бақытты болуды білесіз бе? Ол үшін қандай кітапты оқу керек?

Мен мұндай бөспеліктің неге сайып түгерін іштей нұсқалап та көрдім. Бірақ, басым зеңіп алдымдағы кофені ұрттауға ғана дәтім барды.

- Ал, сіз айтыңызшы, бақытты болу үшін қандай кітапты оқу керек деп ойлайсыз?

Мынадай әлемтапырық сауалмен кез келгенді сұлатуға болады. Өңі сарғыш, орта жастағы орыс әйелі маған төніп тұр екен.

- Ондай кітапты білмейді екенмін.

- Білмесеңіз, айтайын - ол Библия.

- Сондай-ақ, Библияңызда тағы не деген?

- Бақытты болудың барлық шарттары айтылған.

- Бақытқа өзіңіз сенесіз бе?

- Неге сенбеймін? Адам өзін таныса нағыз бақыт сол.

- Өзіңізді таныған екенсіз, кім екеніңізді білдіңіз бе?

Манадан бергі көмейге кептелген күңірсік иіс көзіме үйілген тамшының дәмі екенін анық ұқтым. Мағынасыз жалтарып кофемді тағы ұрттадым.

- Құдайдың нұрымын.

- Білесіз бе, жер де жоқ, адам да жоқ. Жалпы, ешкім жоқ. Әлгі әйелдің көз аласы үлкейіп, ойланып қалды. - Жақында ғалымдар ғалам-ғаршыны зерттеп, біздің, осы адамдардың мүлдем жоқ зат екенімізді, он сегіз мың ғаламдағы із түссіз елес сияқты біздердің мүлдем жоқ екенімізді дәлелдеді. Орыс әйелі аз мұз абыржып қалды да, күмілжігенін білдіртпей күлімсіреді.

- Мені іздесеңіз..

- Сізді іздесем қай жерден де табам, вы везде.

Сенсорлық жалқындықпен зулаған терезеден көлеңкемді көрдім. Қарсы алдымдағы кісінің көлеңкесі менің көлеңкемнің иығын демеді. Оның көздерінен парша парша жас борап жатты. Иығы селкілдеп жыламаққа бет алды. Сол кезде, ресторанға тағы бір ыңыранған дыбыстың баса көктеп кіргені мәлім болды. Сар желдіртіп құнан құланымен бірге шұрқырасқан бір топ жылқы үйірін бұзбай қызылшапаққа лағып барады. Жел жүйткіп жалын тарайды жылқылардың. Ерекше айбындық, ерекше жұлқыныс сезілді. Күйші "Адайды" емес, "Сарыжайлауды" емес, саржалқын күйді әсерілеп ойнап тұрып алды. Қара шертіс емес, әуезді қоңыр күй екен. Терезенің жасыл тұнығы көзіңдегі пердені сырып тастағандай. Жаңа ғана шыққа бусанып, тұмса жердің жұпары аңқып, жасыл белден шым ақ тұман будай бұрқырап, бұлт болып самғап бара жатыр екен.

Сар желдіртіп күйін аяқтады да, қағаз қорабын әркімнің алдына тосты. Күнге күңестеніп күйген орта жастағы толықша қазақ жігіті қасыма келгенде қалтамнан екі мыңдықты тастай салған едім.

- Мынауыңыз көп қой.

- ...

- Бәлкім, жартысын аларсыз. Өзіңізге қажет болар, ағасы.

- ..."Балбырауынды" ойнашы...

- "Балбырауын" күйі Дәулеткерейдің орыстың қамалында жатқанда шығарған күйі болса керек. Орыс патшасы Дәулеткерейді күй шертесің деп бір тойға шақырыпты. Той Браун деген ақсүйектің үйінде болған. Соған қарай күй де "Бал у Брауна" деп аталған екен. Қоңыр даусы жанға жұғымтал жігіт күмбірлетіп домбыра шерін маздатты. Манағыдан кептеліп, көкірекке тұнған мұң лақылдап келіп, лықсып төгілген-ді. Неге-дүр, жайсаң қалпымның жадын қозғаған осы хәлімді түсіне алмай, қайғыға жіпсіз байланғандай мұғдарсыз күй кештім. Күй толқыны ыстық қанымды тулатып, сайын даланы қанымен суарған бағзы бабамның тарихын көз алдымнан айдап жатты. Көз қиығыммен қарсымдағы кісіге көз салғанымда өзімнің тым жүдеп кішірейіп, қуықтай болып қуысқа тығылып отырғанымды байқадым. Әлдебір романды, әлдебір шығарманы оқығанда кешетін күйім емес пе еді? Кеңдігімен, жомарт жанымен, балауса мамық алақанымен жұбатып, құшағыңды он орайтын кеудеге бас қойғаныңда осы күйді кешпеуші ме едің? Қай роман еді?!

Алдымдағы қоңыр кофеге тамшылар толастамай тамып жатты. Кенересіне жетіп лықылдағанда баздай басылған көңілім жарқ етіп ашылғандай болды. Жанар қарыған жалқын терезенің ар жағы сайқалси арбап жадылап барады. Қарсымдағы кісі басын оқыс бұрып, оң қабағын көтерді. Дөңгелек көзінде мейірім, әр пенденің жалғызсыраған жанын жұбататын мол мейірім көлдей тұнып жатты.

Кенет тарс етіп есік ашылды да, сүреңсіз қабынған айқай ішке лап берді. Үш жас жігіт, өне бойы қап қара, қолдарында бесатар.

- Кәне, жолаушылар, кілең қаңғыбас майлыауыздар! Майшелпек жейтін жалмауыздар! Ақшаларыңды шығарыңдар! Бәрін үстелге қойыңдар, қане болыңдар! Кімде кім қарсыласса атып тастаймын! Қане, бол!

Алқынып-жұлқынғандардың екпінінен үрікті ме, бәрі қалта-қонышына дейін ақтарып алдарына тастай салды. Қалтамдағы тістелген алмалы айфонды мен де тастадым. Бесатарын шошайтып, әркімге үңгіп, кіл сылдырмақ пен ақша, әшекей дүниені жиып алғасын, табалдырықтан аттамай қарылдақ дауысты біреуі айғай салды:

- Сендерден жақсылықша ақша сұраса бермейсіңдер, тек ұрлап, қорқытып, үркітіп алу керек. Садақаға сұраса тиын да тастамайсыңдар. Күн көру оңай болып па? Өй, салдақылар, темір терсекке алданған! Атып тастайын ба шетінен осы? Қоя, аман болыңдар, әлі де ұрлап жырлауға керек боласыңдар! Ха-ха-ха!

Басын бұққан жұрт демін ішіне жұтып, аналардың қарасы батқасын апыл ғұпыл тарай бастады. Мен де, А. қаласына жететін уақытты білгім кеп орнымнан тұра бердім. Бірақ, аядай ақ маңдайлының ауыз ашпай ақ менімен мұңдасқаны ыстық леп орнатыпты. Жүректегі ыстығымды суытып алғым келмей аяғымды әрең басып купедегі орныма келдім. Сонда байқадым: сырттағы маңғаз дала күздің қара ызбарын жұтып жатыр екен. Өңсіз сарғылт, қоңырқай белдер, сарышұнақ атырапқа ендей еніп, жүйткіген поез кеңістіккке сіңіп бара жатқан. Қанша отырғаным белгісіз, жолсерік "төсек орныңызды тапсырыңыз" дегенде ояндым. Жалма жан жүйрік тұлпар тоқтағанда секіріп түсіп, манағы ресторан есігінен ақ маңдайлы, алды кең маңғаз кісіні таусыла күттім. Ол түспеді. Перронда оны кездестіре алмадым. Көп уақытқа дейін теміржолдың бойын тінтіп, өз өзіме сене алмадым. Өз өзімді сендіре алмадым. Қасымда Мұхтар Омарханұлы Әуезов отырған еді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар