Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Сағи Жиенбаев. Аяладым жырыммен гүл өңірді...

01.09.2019 5762

Сағи Жиенбаев. Аяладым жырыммен гүл өңірді 12+

Сағи Жиенбаев. Аяладым жырыммен гүл өңірді - adebiportal.kz

* * *

Осы жерде басталған алғашқы әнім,

Жапырағын дулатып бау-бақшаның.

Отыр әне жаудырап, жаутаң қағып,

Сол кездегі жан құрбы, жан достарым.

Бәрі сенің өсірген ұландарың,

Бәрі сенің қызығың, қиялдарың.

Туған жердің тұңғиық аспанында

Өз қолыңмен ұшырған қырандарың...

Өсіп едім оранып шуағыңа,

Тосып едім бетімді бұлағыңа.

Құдіретін осынау байтақ елдің,

Бала күннен құйып ең құлағыма.

Ақтау үшін өзіңнің тілегіңді,

Аяладым жырыммен гүл өңірді,

Серпілдіріп,

Көңілін желпіндіріп,

Ән мен күйге бөледім ұлы елімді...

Ұшқан ұям,

Мен үшін ұлы да сен,

Ұрпағыңның болмайды үні бәсең.

Сен баптаған дүлдүлдің маңдайы ашық,

Сен баптаған бұлбұлдың жыры да әсем.

Қолтығымнан келесің әлі демеп,

Саған тартқан –

Бәрінің жаны да ерек.

Сен өсірген ұлдардың жүзі жарқын,

Сен өсірген қыздардың әрі бөлек...

* * *

Бүгін бе әлде.

Ертең бе әлде, жан ана,

Желдің өзі айтып жүрер далада,

Көлдің өзі тебіреніп, толғанып,

Күндіз-түні күбірлейтін жағада,

Барлық ана өмір бойы тілеген-

Сен жайында жазсам деймін бір өлең.

Кәрі-жастың бәрі-бәрі ұғатын,

Ақ жаңбырдай көңіл бұлтын қуатын.

Таң алдында бір-біріне қосылып,

Әнші құстар тамылжытып тұратын,

Барлық нан өмір бойы тілеген-

Сен жайында жазсам деймін бір өлең.

Орман-тоғай,

Өзен-таулар білетін.

Бәрі балқып, бәрі құлақ түретін,

Ауа болып, дауа болып жүрекке,

Аспан-жердің арасында жүретін,

Барлық ана өмір бойы тілеген-

Сен жайында жазссам деймін бір өлең!

Бір-ақ өлең жазссам деймін, жан-ана!

Балта туралы баллада

Кең далада өсіпті бір көк орман,

Қысы жазы жас жапырақ оранған.

Әр бұтақта сайрапты бір әнші құс,

Әннен өзге ол байғұста жоқ арман.

Сол орманның ортасында сыланып,

Бір ақ қайың тұрады тұрады екен бұралып,

Ақ жүзінің әрі қашып бір күні,

Күрсініпті көзі жасқа шыланып.

–Шықты,-депті ол,–

Балта деген бір бүлік,

Талды көрсе, салады екен қиғылық.

Тиген жерін қияды екен қылыштай,

Тамырымен шабады екен күл қылып.

Арман қалған талай бәле-жәледен,

Көпті көріп көп жасаған кәрі емен:

–Тегі не екен балтаның?–деп сұрапты,–

Соған қарай бір амалын табар ең.

–Темір екен,

Жебір екен керемет!

–Темір болса, олай болмас керек ед!

Сабы не екен?–

Өзіміздің тал екен,

–Онда шырақ,

Содан келген бәле екен»

Бәрібір ғой...

Мына дүние, мына бау,

Не көрсе де

Барлығына шыдар-ау.

Өзгелердің өші бар ма біреуде,

Не болса,

Өз ішіңнен шығар-ау....

Торғайдың ұясы

Көкшіл тартты бөктер де,

Секілді аспан көк перде.

Күн жылынып,

Жер кеңіп,

Келе жатыр көктем де.

Көк жапырақ жамылып,

Көктем иісін сағынып,

Адамдар жүр көшеде

Арлы-берлі ағылып.

Не істеу керек ондайда,

Ұя салар жер қайда?

Қайда барса, қалың жұрт,

Қинаып жүр торғай да.

Бұтақшалар сидиып,

Салбырап тұр ілмиіп,

Адам көзі түспейтін,

Табылмады бір биік.

Салса ма екен-

алаңда

Анау тұрған бағанға.

Ашық екен жан-жағы,

Құртады ғой табанда.

Шыр айналып іздеді,

Қайда көзін сүзбеді,

Сабылса да күндіз-түн,

Күдерін бір үзбеді.

Кезді жақын қашықты,

Жанталасып асықты...

Көріп қалды бір күні,

Хат салатын жәшікті.

Біреудікі...

Оңай ма,

Тұрса екен-ау тоғайда.

Көру керек дегенмен,

Одан басқа жоқ айла.

Әрлі берлі көрді ойлап,

Қалар ма екен «сор қайнап...»

Кетті сүңгіп тесіктен,

Не болса, бел байлап.

Бір керемет...

Армандай,

Естен танып қалғандай.

Мынау үйшік өзіне

Әдейі арнап салғандай.

Бір баспана бұйырды ау

Сан сабылыс тиылды-ау...

Ұя табу...

Қалада

Торғайға да қиындау.

Трамвайдың билеті,

Мандариннің қаьығы,

Бөбек жақсы көретін

Балмұздақтың қалыбы...

Күндіз түні тынбады,

Бәрін әкеп жинады.

Жалғыз ғана...

Тесіктен

Темір тесек симайды.

Ешкім оған тимеді.

Ешкім барып кірмеді.

Жүрді күндіз далада.

Өтті сонда түндерді.

Жылы ұяға орнады,

Үйрей-күдік жоғалды...

Үй иесі бір күні

Ұзақ жолдан оралды.

Хат дегенің басыпты,

Төбесінен асыпты.

Ештеңе жоқ ойында,

Ашып қалды жәшікті.

Болды бәрі белгілі,

Міне...

Қарай гөр мұны!

Таң қалдырды құп-құйттай

Торғайыңның ерлігі.

Ойлар емес қауіпті,

Иемденіп алыпты.

Көкшіл аспан түсіндей,

Төрт балапан тауыпты.

Таппады ма даладан,

Жері шығар қалаған.

Алмайын деп мазасын,

Жәшік қойды жаңадан.

Сезді ешкімнің тимесін,

Ешкім енді кірмесін,

Өздеріңе кең сарай,

Емін-еркін тигесін.

Көктем шығып, гүл шығып,

Басталды бір тіршілік.

Жүрді олар да жұртпенен

Бірге кіріп, бір шығып...

* * *

Осы міне,

Пирамида дегенің,

Қайран зергер...

Салған екен өнерін,

Мақтады ма,

Даттады ма ел көзінде

Қара тасқа жан бітірген шеберін.

Өңі кеткен,

Көні кепкен –

Шөл дала...

Шөл далада ойнақтаған жел ғана.

Тауың да жоқ,

Тасың да жоқ,

Тып-тыныш...

Көз ұшында...

Көрінбейді ел... қара...

Сонда қалай?!

Жетпейді оған миың да,

Айтпайды оны

Құм суырған құйын да.

Үйрен ұшар әр тасының өзінен,

Кім әкелген

Қу медиен – қиырға.

Осы міне...

Талай көзді арбаған,

Талай заман...

Аңыз қылған бар ғалам.

Қаншама рет

Жердің өзі ауырлап,

Сілкінгенде,

Серпіп тастай алмаған.

Содан ба екен

Қорқатыны мезгілдің...

Жалғыз шебер,

Оны жалғыз сен білдің.

Адам емес айтқаныңды ұғатын,

Құдіреті ау,

Тасты қалай көндірдің!

Не сиқыр бар

Бұл қара тас мүсінде,

Не жатты екен

Көкірегің ішінде.

Мәңгі бақи бір керемет қалдырып,

Адамдарды таң қалдыру үшін бе?!

Кегің бар ма

Әлде бейбақ еліңде,

Қалай салдың

Тұлдыры жоқ өңірге.

Жер үстінде –

Қасірет пен қайғының

Куәсі боп...

Тұрып қалсын дедің бе?!

Ол да қалды,

Сен де қалдың, зергерім,

Күн де атыңды қайталайды жер-көгің,

Оны мүжіп,

Тауыса алмайды мезгіл де.

Құдіреті жетпейді оған пенденің.

Міз бақпайды...

Тұрғызғандай кеп-кеше.

Бір жасайды ол...

Бір жапырақ көктесе,

Қартаятын,

Қалтырайтын түрі жоқ

Жер жарылып,

Аспан құлап кетпесе...

* * *

Күн көзіне шыдай алмай...

Солып гүл,

Жаңа ғана жатыр еді шөгіп қыр.

Енді, міне,

Жер түбінен шыққандай,

Бетті қарып,

Бір ызғырық соғып тұр.

Қап-қара түн,

Бүкіл әлем өртеніп,

Астын-үстін қара күйе көмкеріп,

Бір керемет...

Түнгі аспанның орнына

Тастағандай қара қазан төңкеріп.

Түскендейсің бір тұңғиық тереңге,

Жан-жағыңда қыбырлаған жоқ ел де....

Жұлдыз ғана сездіреді жымыңдап,

Анау жақтан –

Аспан барын төбеңде...

Тас мазарға түсті кенет ақ жарық,

Бар дүние қалды соған арбалып.

Жартысын жауып жұлдыз толы аспанның.

Барады үңгіп...

Қара түнді қақ жарып.

Жан-жағынан...

Алтын сәуле шашылып,

Әлгі сабаз

Аспанды да жасырып,

Қап-қара түн...

Ақ жұлдыздар қоршаған

Барады оның ұлылығын асырып.

Айналаға қарайды үнсіз

Ол асқақ,

Одан қазір еш құдірет жоқ аспақ.

Аспанменен,

Жұлдызбенен,

Жерменен

Мәңгі бірге жаралғандай о баста-ақ...

Қайыршы

І

Қолдан келер дәрменім жоқ –

Қорланам!

Маған берер жәрдемің жоқ,

Сорлы, Адам!

Сендерге еріп, сергелдеңге түскенше,

Жолбарыспен неге жолдас болмағам.

Жолбарыс боп жаралмағам мен неге,

Ит пен құсты секірткенше кеудеме.

Ніл жағалап...

Күнге қарап жүрмес пе ем,

Көз сатқанша,

Қайырымы жоқ пендеге.

Олар мені –

Сатпайды ғой өлгенше,

Жалт бұрылып,

Қаппайды ғой сендерше.

Қайтпайды ғой

Қан жұрса да мен үшін

Қырқысатын,

Жұлқысатын жер келсе.

Кімге керек –

Менің мынау тірлігім,

Тірлігімде

Болмағасын үңгірім.

Тастар ғана

Төсенетін мамығым,

Аспан ғана

Төбемдегі түндігім.

Аспан – мөлдір,

Жұлдыз – аппақ.

Таң – нұрлы...

Қайтем бірақ – ол иесіз қалғырды.

Әлі күнге

Жарығы жоқ төгетін,

Дүниеде

Қадірім жоқ аң ғұрлы...

Не істетпеді,

Қу несібе, қу қарын,

Кімнің астын жумадым...

Қор күнімді,

Сор-мұңымды сезбейтін

Неге ғана жолбарыс боп тумадым?!

ІІ

Көріңе ешкім таласпайды...

Төрі кең...

Қорықпаймыз тіріден де,

Өліден.

Қабырғадан қарап тұрған сығалап,

Қорқамыз тек аштық деген періден.

Содан кейін...

Құла дүзге жортамыз,

Қан сасиды қолымыз бен қолқамыз.

Ештеңеден қорықпаймыз,

Тек қана,

Әлгі аңдардың аруағынан қорқамыз.

Жүреміз әзір... қу моланы мекендеп,

Қорықпаймыз –

Ертең ажал жетер деп,

Қорқамыз тек –

Көз жұмылып кеткенде,

Бізді қояр жер табылар ма екен деп...

ІІІ

Қолымда жалғыз дән болса,

Жартысын саған берер ем....

Түгім жоқ...

Ымырт ауғанша,

Тентіреп, безіп жөнелем.

Тулағым болса тілдей бір

Төсер ем сенің астыңа...

Ол деген түске кірмейді,

Төсегім менің – тас мына.

Шәрбатым болса бір кесе,

Шығар ем ұстап жолыңа...

Мен онда...

Бүйтіп жүрмес ем,

Түспейді ол менің қолыма.

Күн өтіп тұрса төбеңнен,

Тұрар ем қолмен қалқалап,

Бағытың қай жақ дегенмен,

Барайын қазір арқалап...

Қалтылдап тұрған зарығып,

Қарайсың сорлы пендеге...

Қайтесің босқа жалынып,

Байғұс-ау,

Түк жоқ менде де...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар