Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Сағи Жиенбаев. Көгілдір таулар, көк белдер......

10.07.2021 3506

Сағи Жиенбаев. Көгілдір таулар, көк белдер...

Сағи Жиенбаев. Көгілдір  таулар, көк белдер... - adebiportal.kz

Ақ жаңбыр

Көктемде бір тоғайлар шуылдайтын,

Көктемде бір дуылдайтын,

Бетке жұққан даланың ақ тозаңы,

Ақ жаңбырлар жумаса, жуылмайтын.

Тамшы көрмей, тобарсып қалған қыр да,

Жаутаңдайтын аспаннан жауған нұрға.

Ақ жаңбырдың астында жүйткіп жүріп,

Біз де айналып кетуші ек ақ жаңбырға.

Көңілдің де,

беттің де кірі кетіп,

Ағушы едік даланы дүбірлетіп,

Ақ найзағай секілді айқыш-ұйқыш,

Ақ жауынның арасын тіліп өтіп.

Аспан жерге түскендей күркірейтін,

Күркіресе-ақ болғаны–қыр түлейтін...

Шаң-тозаңнан іштегі арылардай,

Көкірек те сондай бір күй тілейтін...

Жел-құйынның кілегей шаңы басып,

Аңызақтың өтінде арып-ашып,

Қоңырайған қырлардай бірте-бірте,

Кете ме екен оның да әрі қашып.

Бұйра бұлттар бір кетіп, бірде келіп,

Шатқал шыңнан аса алмай тұр бөгеліп.

Жуып-шайып өтетін тасқын судай

Бір ақ жаңбыр кеудеме жүр керегіп...

Таба нан

Жас кеттім туған үйімнен,

Көп кездім қала жатағын,

Әйтеуір –

бала күнімнен

Басталды менің сапарым.

Жататын –

үйді жылытып,

Жол қамын жасап анашым,

Қып-қызыл шоқты үгітіп,

Қыздырып қара табасын.

Абдырап.

Іштей сүйініп,

Ұстатып нанды қолыма,

Тұратын ұзақ –

Сыйынып

Даланың қара жолына.

Таба нан –

анам пісірген

Бір жүрді талай жолдарда,

Аман-сау қайтып...

Ішімнен

Сыйынушы едім сол нанға.

Жыл сайын –

ұшып келем мен

Ауылға барып,

ойнақтап,

Аспан ғой қанша дегенмен,

Келеді түрлі ой қаптап.

Отырам бірақ жайланып,

Қызықтап таудың ақ басын,

Анамның ыстық ақ наны

Бірге ұшып келе жатқасын...

***

Жылы жел есіп тау жақтан,

Бұлттардың өзі бусанып,

Қабағын қалың қар жапқан

Жартастың жүзі жұмсарып.

Өзендер ойға жөңкіліп,

Толқынын тартып ұзаққа,

Аспанды күйге толтырып,

Құс келіп жатыр бұ жақта.

Жетті ме көктем Жемге де,

Кетті ме қыстың ызғары –

Жарқырап күміс теңгедей

Жарылды ма екен мұздары?

Қарлы жел ерте-кеш борап,

Қасарып тұрған жоқ па екен?!

Жайсыздау еді «бесқонақ»,

«Бесқонақ» қалай өтті екен?

Құстардың кербез керуені

Кешеулеп барсын, аз барсын,

Елеусіз жатқан көлдерім,

Естіді ме екен қаз даусын?

Ұрынбай қарлы мұздаққа,

Жел тұрды ма екен оңынан?

Көктемнің өзі біз жаққа

Келетін ылғи соңынан...

Таулар

Көгілдір таулар, көк белдер,

Көруге ғана жаралған, –

Сиқырлы сұлу көктем мен

Көктемгі балғын самалдан.

Қайғысыз,

мұңсыз жалғанның,

Қызығын жиған тау іші.

Бойына сіңген талдардың,

Бейкүнә құстың дауысы.

Тигізбей оны желге де,

Жағалай қоршап нулары,

Орапты торғын пердеге

Өзеннің бозғылт булары.

Шалғынға көміп етегін,

Қондырып мөлдір шықтарды,

Барады сәуле көтеріп

Бетіне қонған бұлттарды.

Әлдилеп біреу арудай,

Әкеліп мынау араға,

Қызғанып тозаң,

дауылдан

Қойғандай іліп ауаға.

Тұрады балқып бұрымын

Төгілте тастап еңіске,

Шипалы гүлдің шырынын

Армансыз жұтқан періште.

Армансыз салып ойынын да

Басады балғын күйіне, –

Көгілдір таудың қойнында

Кіршіксіз сәби дүние...

Оң аяқ

Күн ұзаққа шөп шауып,

малды бағып,

Таң алдында жантайып қалғып алып,

Отыратын бір мезгіл кілең жесір

Құйттай-құйттай сәбиін алдына алып.

Жадау жүрген көңілді желпіндіріп,

Талпындырып сәбиді, серпілдіріп:

– Келер ме екен көкешің, құлыншағым,

Оң аяғың көтерші,– дейтін күліп.

Көзін алмай барлығы, тынып іштен,

Оң аяққа қарайтын сүйінішпен.

Қыбыр етсе баланың башпайлары,

Кететіндей жуылып күйік іштен.

Қадалатын ынтығып бәрі үзіліп,

Сан құбылып жүздері,

сан бұзылып,

Оң аяқта тұратын осы кезде

Жалғыз арман,

жалғыз ой,

жалғыз үміт.

Әлгі бала талпынып тұрған күліп,

Жалғыз өзі маңайын нұрландырып,

Көтеретін бір кезде оң аяғын,

Үйдің ішін мәз-мейрам, думан қылып.

Жеткізгендей хабарын ағалардың,

Мәз-мейрам боп тұратын бала балғын, –

Сәби жүрек сезе ме,

аз да болса,

Көтергенін көңілін аналардың.

***

Балғын гүлдер

Жатушы еді далада,

Балғын гүлдер

Сатушы еді қалада.

Балбыраған, бәрі сондай әдемі –

Қызғылт еді,

Сарғылт еді,

Ақ еді...

Көп еді оның,

Көп еді оның түрі де,

Сен олардың ұқсамайсың біріне.

Көл жағалап,

Қуушы едік құстарды,

Қиқу салып,

Талай алдан ұшқан-ды.

Бәрінің де ғажап еді әуені,

Аңқау еді, албырт еді,

Сақ еді.

Көп еді оның,

Көп еді оның түрі де,

Сен олардың ұқсамайсың біріне.

Ұқсамайсың

Атып алған құстарға,

Ұқсамайсың

сатып алған гүлдерге...

Құлын

Табиғаттың осындай бір қастығын

Көрмейін деп бұлт астына қашты күн.

Жаңа ғана енесіне жай түсіп,

Жапан дүзде қала берді жас құлын.

Нөсер жаңбыр құйылғандай шүмектен,

Осы маңда өршелене үдеткен...

Құлыншақты тербегендей шайқалтып,

Қара жердің кеудесі бір дір еткен.

Одан басқа ешнәрсені сезбеген,

Тек екеуі кейін қалды өзгеден.

Басқа жылқы қырға беттеп барады,

Бұл соларды ұзатып тұр көзбенен.

Жүйткір еді шарлап ойын-төбесін,

Кете алмай жүр шыр айналып енесін.

Шұрқыраған құлын-тайдың дауысы

Шымырлатып барады оның денесін.

Шақырғандай қоғалы көл, гүл–құрақ,

Көз ұшында кетті бір кез бұлдырап.

Орта жолға жете бере жалт беріп,

Кейін қарай ақты қайта құлдырап.

Тағы біраз тыпыршыды талпынып,

Шыдай алмай арлы-берлі шарқ ұрып.

Құлындарға қарап қойып алыстан,

Енесін ол еміп жатты алқынып.

Жаңбырменен дүр сілкініп шықты көк,

Көк шалғынның бетін самал сүртті кеп.

Оятқандай сұлық жатқан енесін,

Тұрды құлын тұмсығымен түрткілеп.

Кеше ғана көрді ғой ол таң нұрын,

Кең даланың көкорайлы шалғынын.

Білмейді ғой, оның сәби жүрегі,

Ажал деген аяусыздың барлығын...

Найзағай

Айналып қызыл жалынға,

Қақ айырып қара түнекті,

Жарқ ете қалған шағында,

Жартастың төсі дір етті.

Қауқиып тұрған жаңағы –

Қалмады зәре түк талда.

Түнеріп келген қабағы –

Тентіреп кетті бұлттар да...

Қарама, бауырым, сен жерге,

Қуатың болса, басып қал,

Жарқылдап өзің келгенде,

Жасқанып қалсын жасықтар.

Қуатын күннің алам деп,

Қыран боп сонау биікке ұш.

Нашар боп тусаң амал не...

Найзағай болсаң, қиып түс!

Кемпірқосақ

Көктемде –

Бұлттар асығып,

Селдетіп өте шығатын,

Артынан шайдай ашылып,

Дүние балқып тұратын.

Малшынып шилер нөпірге,

Қайтадан гүрлеп ошақтар,

Аспанға шығар көпірдей –

Тұратын кемпірқосақтар.

Тұратын ауыл шетінде,

Жету де қазір оңай-ақ.

Ұшушы ек алтын көпірге

Жүйріктер кілең –

желаяқ.

Қазір-ақ қолға қонардай,

Жетелеп,

Сүйреп сан қырға.

Тартатын

Сиқыр бояулар

Құбылып көздің алдында.

Асушы ек зымырап белдерден,

Қанша жер кеттік –

аңдамай,

Жақындап келе бергенде,

Жылжитын тағы әрі қарай.

Тоқтамаушы едік,

қызынып,

Бәйгеге қосқан аттарша,

Қуалаушы едік қызығып,

Сілеміз әбден қатқанша...

Дүние –

Зымырап ұршықтай,

Арбайды көзді,

Дуалап.

Құмардан әлі бір шықпай,

Келеміз соны қуалап...

Бозторғай

Әдейі мынау қыр үшін

Оянып таңның алдында,

Даланың сансыз дыбысын

Көмейге құйып алдың ба?

Самалдың жұтып мөлдірін,

Шаншылып көкке шыққанда,

Далаңның мына кеңдігін

Айтасың ба ақша бұлттарға?

Қарайлап төмен сонда да,

Көзіңді жерден жазбайсың.

Өзің де кенет сорғалап,

Құйылып кете жаздайсың.

Тынбайды жырың толастап,

Осынша қайдан бітті күш,

Табиғат өзі о баста

Далама берген құтты құс?!

Жанымда бір күй дірілдеп,

Тұрдым-ау, балғын сезімде,

Кеудеме сіңген бір үнді

Қайталап айтқан кезіңде.

Төгілте шырқап әніңді,

Бозала таңнан құлшынып,

Кеттің-ау, қозғап қанымды,

Күнәсіз құйттай тіршілік!

Туған жер...

Сенде тұңғыш жүрдім де,

Сенде тұңғыш құладым.

Сенде тұңғыш күлдім де,

Сенде тұңғыш жыладым.

Іңгәлаған үнімді

Сенің дөңің тыңдаған,

Естімеген жырымды

Сенің желің жырлаған.

Көзімді ашып алғанда,

Сенің қырың көргенім.

Қырға тұңғыш барғанда,

Сенің гүлің тергенім.

Тұңғыш рет шөлдесем,

Сенің суың ішкенім.

Тұңғыш рет терлесем,

Сенің көлің түскенім...

Жапырақ

Туған жерге бір қарап,

Өтіп жатыр жыл құсы.

Жапырақты жинап ап,

Өртеп жатыр бір кісі.

Бұлттар жиі көшеді

Будақ-будақ тер төгіп.

Жапырақтар кешегі

Жатыр бүгін өртеніп.

Жас бұтақта ырғалып,

Жап-жасыл боп тұрғанда,

Қараушы еді нұрланып

Кәрі кеуде шыңдар да.

Бір жасарып дүние,

Бұлбұл билеп, ән салып,

Сенің сырлы күйіңе

Тұрушы еді тамсанып.

Саған қарап үзіле

Күн де жайнап күлетін.

Жаңбыр сенің жүзіңе

Шаң түсірмей жүретін.

От салушы ең көңілге

Ойнап ерке шуақпен.

Жалын атқан о күнде

Жас махаббат сияқты ең.

Қабағында қалың мұң,

Тұнжырайды жүдеп бау...

Сені көріп, жанымның

Жапырағы дір етті-ау

Мен туып-өскен далада

Мен туып-өскен далада

Боранның жырлайтыны бар.

Ақ түтек болып айнала,

Аптығып тулайтыны бар.

Булығып келіп жаныңа,

Бұрқырап борайтыны бар.

Айналып өтіп тағы да,

Алдыңнан орайтыны бар.

Ал енді кейде болдырып,

Аяңдап жүретіні бар,

Суыққа сені тоңдырып,

Сақылдап күлетіні бар.

Қытықтап бүкіл денеңді,

Құлақтан бұрайтыны бар...

Сағынып елге келгенде,

Соның да ұнайтыны бар!

Іздедім сені

Ұстатпай кеткен саусағын,

Сен менің тәтті түсім ең...

Іздедім сені қанша жыл

Қаптаған жұлдыз ішінен.

Қайтсем де саған жетем деп,

Жығылдым қанша орларға.

Алданып көңіл бекерге,

Адастым талай орманда.

Көрінген көзге елеңдеп,

Жаттым мен үнсіз жағада.

Тоқтамай өтті төбемнен

Теңізден ұшқан шағала.

Таппадым бірақ жоғымды

Талай жыл мені сарсылтқан...

Қандырдым кейде шөлімді

Қайдағы жылым-шалшықтан.

Ішінде қалдым жалынның

Денемді тасқын сел көміп,

Жанары талай арудың

Арбады мені сен болып.

Шақырып сиқыр қойнына

Сүйреді мені күңгірт бақ.

Кей күні балдың орнына

Уландым ессіз уды ұрттап...

Армансыз қудым, маралым,

Қайтпадым іздеп тапқанша...

Жанымда болсаң – жарадың

Жұлдызым көктен аққанша.

Күтемін сені

Төлеген Айбергеновке

Қанша рет көрдің...

Қанша рет келдің үйіме,

Өсірдің қанша...

Қосылдым қанша күйіңе?!

Мен әлі сені

Сәбидей күтем, Жаңа күн,

Мен әлі саған

Сәбидей сенем, Дүние!

Тауларым да әлі,

Аспаным да әлі жап-жаңа,

Жаңа бір күннің

Жас иісі бар қарда да.

Сипайды баяу

Балауса жүзін даланың

Жап-жаңа ғана

Тараған жұпар таңғы ауа.

Көктем де келер,

Көк ала бұлттар көшер кеп,

Оранып шыққа,

Көздерін ашып өсер көк...

Далама менің –

Мен бұрын әсте көрмеген

Бір ақ жаңбырдың

Құятыны анық нөсерлеп.

Желменен бірге

Тербелген талай сиқырлы ән,

Кезі жоқ менің

Қырымда бір сәт күй тынған...

Мен бұрын әсте

Естімей жүрген дауысын,

Бір аққу-қаздың

Оятары анық ұйқымнан.

Күтемін соны,

Күтемін сені түн қатып,

Сәбидей сеніп,

Жүрегімді аттай тулатып...

Әзірге мейлі

Алыстап жүрсін ол менен

Әйтеуір маған

Келетін анық бір Бақыт!

Бұлақ әні

Сонау бір шыңда өстім мен,

Тозаң мен шаңнан адамын.

Тұнығым менің,

ешкімге

Тигізе көрмес залалын.

Ешкім де қазір

шалғайдан,

Естімес бәлкім үнімді,

Татып бір көріп таңдайға

Тыңдаған білер сырымды.

Шайқасын дала дауылы,

Үстімнен қара жел төніп.

Жатармын тыныш бәрібір,

Жағамды шалғын көмкеріп.

Ішінде қалып дүлейдің,

Жатса да күнде құм ойнап,

Толқыным

өзге біреудің

Тұнығын кетпес лайлап.

Қалжырап әбден өз әлім,

Төнсе бір қауіп төбемнен,

Жерімнің лай-тозаңын

Кетермін жуып денемнен...

Көрнекі сурет: Николай Рерих "Алқызыл таулар"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар