Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Сахна жайлы сан сұрақ (сауалнама) ...

05.03.2018 40450

Сахна жайлы сан сұрақ (сауалнама)

Сахна жайлы сан сұрақ (сауалнама)  - adebiportal.kz

«Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын», - деген екен қазақ сахна, кино өнерінің саңлағы Шәкен Айманов. Иә, сахна өнері қазақ сахарасына еуропа жұртынан жұғысып етене болғалы да бір ғасырдан артық уақыт болған екен. Осы кезеңдерде театр өнері талай биіктерді бағындырды. Қазақ халқының рухани әлемін байытуға өлшеусіз үлес қосты. Сонау 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ театры мен өнерінің онкүндігі – қалай айтсақ та қазақ сахна өнерінің дүниежүзілік аренаға алғаш қадам басуы еді. Міне, осы кезеңнен бастап қазақ театр өнері әлемдік кәсіби деңгейге көтерілу жолына түсті. Және осы мақсатқа жетті де. Бірақ батыс пен шығыстың озық сахна өнері «қазақ театры біздің қатарымызға жетіп алсын, бірге самғайық», - деп күтіп отырмағаны тағы белгілі.

Театр – қоғам өмірінің айнасы. Ал қоғам өмірі – қызық-қуанышқа, кірбің мен мұңға толы, сан мың бояулы, құбылмалы әлем. Кешегі күннің бүгінге, бүгінгі күннің ертеңге тосын да үйлесімсіз болып жатуы – бұл да адамзат қоғамына тән. Орыстың көрнекті жазушысы И.Тургеневтің «Әкелер мен балалар» романына өзек болған сол ұрпақтар, дәуірлер арасындағы көзқарастар айырмашылығы, ұстаным қайшылық... Бір қарағанда, мұның өзі – қоғамды алға сүйреуші, жаңашылдыққа бастаушылық емес пе!

Қоғамдық қатынастардың өзгеруі, ғылым-техниканың көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамуы, жаңа мүмкіндіктер сыйлаған сандық-ақпараттық дәуірдің нық орнығуы... Осылардың барлығына отандық театрлар қалай икемделуде? Замана көшіне ілесе алып жатыр ма? Осы және тағы басқа да түйткілді, жалпы көрермен қауым үшін қызықты деген сұрақтарды республикамыздағы бірнеше театрлардың басшылары мен көркемдік жетекшілері мен қоюшы режиссерлеріне қойған едік. Қойылған сұрақтардың реті мынадай еді:

1. Сахналық қойылым – ұжымдық ортақ еңбек. Ал осы қойылым сәтсіздікке ұшыраған яғни, өзін өзі ақтай алмаған жағдайда мәдениет басқармасы т.б. қадағалаушы орган тарапынан сөгіс, ескерту т.б. жазалау шараларын белгілеу қарастырыла ма? Және осыдан болып автордың, қоюшы режиссердің қаламақысын немесе актердің жалақысын қысқарту сияқты жағдайлар болуы мүмкін бе?

2. Отандық көрермендерден қазіргі күні қай бағыттағы қойылымдарға көбірек сұраныс бар?

3. Қазіргі күні заманауи техникалық жетістіктерді пайдаланып сахнаны жабдықтап декорациялау, актерлерді жарақтандыру қалай шешімін табуда?

4. Жаңа театр маусымында көрермендерге ұсынуға жоспарланған қойылымдар қалай таңдалады? Осы тұрғыда көрермендердің сұраныс-талабы ескеріле ме? Жалпы осы қойылым таңдаудың критерийлері қандай?

5. Әлемдік сахна өнерінде көптеген «трюктерді» мысалы қойылым барысында көрермен мен актер мидай араласып кететін жағдайлар кездеседі. Осындай батыл шешімдер қазақ сахнасына тән бе?

6. Белгілі жазушы-драматург Сайын Мұратбеков ертеректе мынадай бір пікір айтқан екен: «Қазірде жылына жүзге жуық пьеса жазылатын көрінеді. Бұл – меніңше, сапасыздықпен қатар салмақсыздықтың да дәлелі. Ертеректе жылына бір пьеса дүниеге келсе – келетін, келмесе – үлкен әңгіме болатын. Ал терең толғаныстан туған, халық өмірін бейнелейтін пьесалардың сахнадағы өмірі де ұзақ болатын. Қазір ше?».

Бұл – отыз жыл бұрын қойылған сұрақ. Қазір ше? – деп қазір сұрасақ...

7. «Мына хикаяттарды немесе романдарды драмаға айналдырып сахналаса ғой!», - деген ой келетін туынды бар ма?

8. Қазіргі қазақ драматургиясындағы үш есімді атап бере аласыз ба?

9. Сіздің ұжымдағы биылғы маусымдағы ең сәтті қойылым қайсысы? Несімен ұнады?

10. Кейде драма деуге дәмі татымайтын «халтура» дүниелер «жоғары-төменнен» ұсынылып жататыны болады. Мұндайда не істеген дұрыс?

11. Сіздіңше, қазірде театр сыны бар ма?

Фархадбек Қанафин, Ш.Құсайынов атындағы Көкшетау

қазақ музыкалды драма театрының қоюшы режиссері:

1. Қойылым сәтсіздікке ұшыраған яғни, өзін өзі ақтай алмаған жағдай, яғни, ондай сәтсіздік оқиғалар іс-тәжірибемізде болған жоқ. Жазалау шараларынан бұрын жалпы театрдағы көркемдік кеңесті күшейткен дұрыс болар деп ойлаймын. Бірақ қадағалаушы орган әлдебір «инквизициялық орган» болмауы керек деп ойлаймын.

2. Көрермендер бүгінгі күнгі шынайы замандас бейнесін ашатын, қоғамдағы мәселелерді өткір әрі терең ашатын, адамның болмыс-бітімін ашып көрсететін дүниелерді, сондай-ақ комедиялық қойылымдарды ұнатады. Осы тұрғыдағы ойым – көрермендердің интеллектуалдық деңгейін арттыру керек.

3. Заманауи техникалық жетістіктерді сахнаны декорациялау, актерлерді жарақтандыру тұрғысында айтқанда, техникалық жетістіктермен жарақтану қазақ театрларында кемшін жүруде. Театр саласындағы соңғы технологиялық жетістіктер біздің театрларда өте аз кездеседі.

4. Театр маусымында ұсынуға жоспарланған қойылымдар театрдың репертуарлық саясатына байланысты, көркемдік кеңес арқылы таңдалады. Бір ұлттық, бір дүниежүзілік классика, бір заманауи шығарма, бір комедия дегендей алуан түрлілікке назар аударылады.

Ал қойылым таңдаудың басты критерийі – таңдалатын пьесада қазіргі заманғы актуальді проблемалардың орынды көтерілуі мен халқымыздың, еліміздің рухани мәселелері болуы.

5. Әлемдік сахна өнеріндегі «трюктер». Мұны театртану теминологиясына «иммерсивті театр» дейді. Театрдың дәл осы бағыты әлі қазақ сахнасына келген жоқ. Басқа да батыл шешімдер там-тұмдап болсын кездесуде, әрине.

6. Қазір де сол сұрақ. Әлі де көкейкестілікке ие. Қазір де қазақ драматургиясында сапасыз пьесалар өте көп. Тіпті пьеса деуге жатпайтын пьесасымақтар бар.

7. Қазақ классиктерінің мықты шығармаларын қай-қайсысын да сахнаға бейімдеуге болады ғой. Мысалы, Ж.Аймауытовтың «Қартқожасын», «Ақбілек» романдарын, С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамалын», Б.Майлиннің әңгімелерін, Т.Нұрмағамбетовтың «Мешкей» романын дегендей. Олар – өлмес туындылар.

8. Қазіргі қазақ драматургиясындағы үш есімді айта алмайды екенмін.

9. Сондай бір ерекше сәтті дерліктей қойылым қойылмады. Бәлкім, алдағы уақытта қойылмаса.

10. Негізі «халтурамен» күрескен дұрыс. Тіпті күш алып, дендеп болмай бара жатса, театрдың көркемдік кеңесіне зиялы қауым өкілдерін, театр эксперттерін, филолог-ғалымдарды қосып, пьесаны жан-жақты талқылап және пьесаны театр сыншыларына оқыту керек деп ойлаймын. Міне, осы екі сараптамалық талқылаудан өткен соң ғана қорытынды хаттаманы пьеса авторына беріп, есертпелер бойынша өңдетіп, қайта жаздыртып, содан кейін ғана, егер қоюға жарайтын болса, сахнаға рұқсат берсе дұрыс болар еді.

11. Театр сыны жоқ емес, бар. Бірақ әлеуеті әлсіз деп айтқан болар едім.

Айболат Сексенбаев, Қалибек Қуанышбаев атындағы

қазақ мемлекеттік академиялық мызыкалық драма театрының директоры

1. Спектаклді сәтсіздікке ұшыратпаудың жолдары бар. Сондықтан сәтсіздікке жол берілмейді. Көркемдік деңгейі төмен болуы мүмкін, болмаса аз аудиторияға арналған спектакль болуы мүмкін-ал «сәтсіздікке ұшыраған спектакль» дегенді түсіне алмай отырмын. Спектакль көпшілікке шықпай тұрып көркемдік кеңестің сүзгісінен мықтап өтеді, ұсыныс тілектер қысқарту өзгертулер сол процесте өтіп кетеді.

2. Көрерменде бірақ сұраныс бар – ол қандай да болмасын, сапалы спектакль!

3. Заманауи техникалық жетістіктерді сахнаны декорациялау, актерлерді жарақтандыру тұрғысында айтарымыз: Театр жанды дүние болған соң, оған лед-экран қолдануға қарсымын. Ал инновациялық жаңа шешімдерді қолдаймын. Актерлік мектептердің жылдан жылға дамып отыруын, өсуін қалаймын және қолдаймын.

4. Театр маусымында ұсынуға қойылым жоспарлауда көрермен талабы бірінші кезекте ескеріледі. Репертуарлық жоспар әр театрдың ерекшелігіне байланысты жасалады. Актерлердің қабілеті, дауысы, бойы, эмоциясы ескеріледі. Одан соң театр репертуарындағы спектакльдер, олардың жанры, режиссерлердің ұсынысы, қоғамдағы жағдайлар бәрі-бәрі жан-жақты ескеріледі.

Қойылым таңдаудағы ең бастысы критерий – драматург, режиссер, актер – осы үштік бір-бірімен қабысып жатуы. Осы үштік бір-бірімен жіксіз қабысып жатса, жақсы дүние шығары анық!

5. Көрермен мен актер мидай араласып кететін жағдайлар)))). Бұл енді режиссердің еншісіндегі дүние. Театр – қатып қалған стандартты емес, шартты дүние болғандықтан, бәрін жасауға болады. Және мұны батыл қадамға жатқызыудың еш қажеті жоқ))). Қазақ сахнасы да әлем сахнасы да – бір сахна. Қазақ актерлері артық болмаса кем емес және әдемі!

6. «Әдебиет – ардың ісі, адам жайындағы ғылым деп ауыз толтырып айтқанымызбен де іс жүзінде малтабарлық сауда-кәсіпке айналды». Сайын ағаның сөзі !!!

7. Театр тілінде мұны инсценировка дейді. Көп қолданылады. Әзірбайжан ағамыз Шыңғыстың шығармаларын көп жасаған. Қазіргі қойылым қоятындар да қолданып жүр және бұл да дұрыс шешім. Пьесаға зәру немесе көңіліне қатты жақын шығармаларды инсценировкалайды.

8. Қазіргі қазақ драматургиясындағы үш есім! Бұл директорға жауап беруге бомайтын сұрақ екен...

9. Біздің ұжымдағы биылғы маусымдағы ең сәтті қойылым – «ЗЕРЕ!» Несімен ұнады десеңіз, Құнанбайдың жаңа қыры ашылуымен болар!

10. Драма деуге татымайтын «халтура» дүниелер «жоғары-төменнен» ұсынылып жатса, қолдан келсе, жақсы дүние жасап қою керек. Қоя алмаса, қайтару керек!

11. Қазіргі күні де театр сыны – БАР! Естімейтін құлақтар да бар! Және қазіргі сын – ол шын сын! Жалпы қазіргі театрдың қозгаушы күші де сыншылар болуы керек!

Төлеубек Көңбай – Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық

қазақ муызкалық драма театрының көркемдік жетекшісі

1. Жоқ, қойылым өзін өзі ақтай алмаған жағдайда ондай шаралар қабылданбайды.

2. Біздің қадірменді көрермендерімізден қазіргі күнде комедиялық қойылымдарға сұраныс басым.

3. Техникалық жаңалықтарға келсек, мұндай мүмкіндіктер әлі нашар. Қаржылық қолбайлаулар – басты себеп болып отыр. Қазіргі жарақтардың бәрі ескі ғой.

4. Әрине, көрермендердің талап-тілектері ескеріледі. Барлығы да театр жанындағы көркемдік кеңес арқылы таңдалады.

Касалық қойылым жасау – басты талап. Сосын, жоғары сұрақта жауап бергенімдей, көрермендердің сұраныс-талабы да ескеріледі.

5. Әрине, батыл шешімдер, ол – режиссерлік шешімге байланысты, ондай тәуекелдіктер бізде бар.

6. Сайын Мұратбековтың ертеректе айтылғанымен, бүгінгі күні әлі маңызды бұл пікірімен келісемін. Саннан гөрі сапаға жүгіну – әрқашан табысқа жетелемей ме?

7. Ұлттық рухты оятарлықтай төл кейіпкерлеріміз Алпамыс, Қобыланды, Аяз би т.б. балларға арналған туындыларды игерсе дұрыс болар еді. Заманымыздың классик жазушысы М.Мағауиннің туындылары сахналанса деймін.

8. Баққожа Мұқай, Сәкен Жүнісов, Мұрат Қолғанат.

9. Сая Қасымбектің «Бала кімдікі» атты драмасы ұнады. Қоғамдық сұранысқа сай туынды деп білемін.

10. Дәм татусыз дүмбілез дүниелерге заңмен шектеу қойған дұрыс

11. Театр сынын жерге қазып жерлегелі жеті жыл болды.

Бейбіт Бақтыгереев, Ақмола облыстық орыс драма театрының директоры

1. - Жалпы театрдағы қойылымдарды мақсатына дейміз бе, үшке бөлуге болады. Олар:

а/ Комерциялық қойылым (кассалық сипатта);

б/ Бір көруге болатын қойылым (акциялық сипаттағы)

в/ театр репертуарынын маңыздылығын айқындататын қойылым (классикалық туындылар).

Спектакль – көркемдік туынды болып табылатындықтан, драматург пен режиссер де өз деңгейіндегі суреткерлер. Қойылымның сәтті не сәтсіз шығуы көптеген мәселелерге байланысты болып келеді. Мәселенки, көрермен сұранысының өзгеруі, шығармашылық топтың әлсіздігі, режиссерлік шешімнің олқылығы. Бүгінгі таңда, біздің театрға келер болсақ, сәтсіз шыққан қойылым жоқ десек те болады. Ал, қойылым сәтсіздікке ұшыраған жағдайда, жоғарыда айтып өткен драматург немесе режиссерді жазалау орынсыз. Өйткені, көбінесе, шығатын жаңа спектакль алдын-ала сатылып кетеді. Сондықтан да, алдын ала қателіктерін түзеп, көркемдік кеңеспен келісіп, қалайда ортақ шешімге келіп, сахнаға шығарады.

Ал, әртіс қауымының актерлік шеберлігіне басты және қосалқы рөлдерді сомдаған үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан беретін, 10-50 пайыз үстемақы төленеді. Немқұрайлы ойнаған жағдайда, аталмыш үстемақы шектелінеді.

2. Қазіргі таңда, көрермен, көбінесе, арзанқол комедиялық қойылымдарға әуестеніп бара жатыр. Ал, театр әкімшілігі – мемлекеттік жоспарды жүзеге асыру аясында, көрерменнің сұранысын қанағаттандыруға мәжбүр. Классикалық туындылар заманауи талаптарға сай болмаса, бұрынғы дәстүрлі театрдың кезіндегі классикалық қойылымдарша қойылатын болса, сұраныс төмен болып келеді.

3. Қадамын алшаң басып бара жатқан заман талабы, бұл күнде, жоғары IT-технологиялық жабдықтарды қажет етеді. Бұл тұрғыдан қарағанда Еуропа театрларының қойылымдары көзтартарлықтай, біздің театрлардан мүмкіншіліктері анағұрлым басым екені байқалады. Қазіргі таңда, бюджеттен жаңа қойылымдарға, бір жылға 3000,0 мың теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Жоспарға сәйкес, бөлінген қаржыға жылына бес-алты спектакль шығуы керек. Бұл бөлінген қаражатқа қарап, қойылымның сахналануында бірталай қиындықтар туатының аңғаруға болады.

4. Әр маусымның алдында көрермендер арасында сауалнама жүргізіліп, көрермен қауымның сұранысына орай репертуар жоспарына 30 пайыз жаңа қойылымдар енгізіледі. Қалған 70 пайызы театр көркемдік кеңесінің шешімімен қабылданып, толықтырылады.

Қойылым таңдаудың критерийлері деп мыналарды атаған дұрыс болар еді:

1. Әлеуметтік тақырыптағы қойылымдар;

2. Фестивальді қойылым;

3. Балалар және жас өспірім аудиториясына арналған қойылымдар.

5. Театр – ұлттықты, тілді талап етпейтін өнер, сондықтан да, қай театр болмасын, жаңа тәсілдерді қолдану арқылы спектакль шешімін ұтымды шығарса, неге аталмыш «трюктерді» қолданбасқа?!

6. Қазіргі таңда, «пьеса жаздым» деп жүрген кейбір ағайындардың драма теориясынан және драма заңдылықтарынан мүлде хабарсыз болғандықтан, жазған пьесалары сахнаға мүлдем бейімделмеген десек артық айтпаған боар едік. Демек, осы сахна шарттары сақталмағандығы сапасыз дүниенің пайда болуына әкеліп соғады.

7. Әрине, бар. Бірақ, осы үшін жаралған жаңа Мәмбетовтер жоқ.

8. Дулат Исабеков, Роза Мұқан және Рақымжан Отарбаев.

9. У.Шекспирдің қаламынан тамған «Гамлет» трагедиясы. Жаңа көзқараспен қойылған дүние.

10. Осындай жайттардың көбейіп кетуіне байланысты қазіргі облыстық драма театрлары көрерменін қашырып алды. Әттең! Ол жазушысымақтар театрға пайда істегенінен гөрі, қиянат жасап жатқанын сезбейді ғой. Театр әкімшілігі арзанқол жазбаларды сахналауға, бұл күнде, мәжбүр.

11. Қазіргі таңда, театр сыншылары жоқ емес, баршылық. Бірақ, бұрынғы кездегідей осып-осып, тіліп-тіліп салар сын айтылмайды. Айналып келгенде, «біреудің көзі жақсы, біреуінің сөзі жақсымен», өкінішке орай, сын бітіп жатады. Соңғы өтіп жатқан фестивальдердің талдауларына қарап, бүгінгі театр сынының мардымсыз екенін сезуге болады.

Сұхбатты әзірлеген Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар