Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Сайын Назарбекұлы. Ақселеудің соңғы қолтаңбасы...

01.02.2019 4693

Сайын Назарбекұлы. Ақселеудің соңғы қолтаңбасы

Сайын Назарбекұлы. Ақселеудің соңғы қолтаңбасы - adebiportal.kz

46 жасында кездейсоқ жағдайда төрт-бес шумақ өлең жазып, жасы елуге таяп қалғанда «жас ақын» атанған менің алғашқы тыңдарманым Әбіш Кекілбайұлы болған екен. Бізге Әбекеңнің: «Әй, Назарбеков! Сен ақын екенсің ғой!» – деген бір ауыз сөзі ерекше қуат беріп, шығармашылық жұмысқа ынтық еткен болатын. Содан бері жиырма жылдан асса, біздің жас жетпістен асыпты. Осы уақыт ішінде өзімізше қалыптастық. Жазатын тақырыбымыз да анықталған секілді.

Менің осы уақытқа дейінгі шығармашылық талпынысыма Әбекең секілді қазақ әдебиетінің бір алыбы әсер етсе, ендігі қалған ғұмырдағы жазылар шығармаларымның болмысына тағы бір алып қазақтың, Ақселеу Сейдімбек досымның бір шығармама «Әсерім» деп жазған пікірінің үлкен ықпалы болған секілді.

Алғашқы өлеңін жасы елуге тақап барып жазған кісінің көбіне өмір туралы, туған жер тағдыры туралы толғаныста болуы заңды нәрсе. Біз жоғарыда қалыптастық дегенде айтпағымыз осы болатын. Біздің шығармашылығымыздағы осы жағдайымызды марқұм Ақаң дәл тауып таныған секілді.

09.09.09 күні таң алдында соңғы нүктесін қойған туған жер тағдыры туралы толғаныстан туған бір еңбегіме поэма деп айдар тағып «Сағыныш» атандырған едім. Сол күні жазушылар Қойшығара, Ақселеу, Кенжеғали және Саматбек Бөкебай бастаған бір топ сәулетшілер, әрі сол екі одаққа да мүше мен, Сайын Назарбекұлы, бір әдемі кеш ұйымдастырдық. Кешіміздің аты «Қойшығара Салғараұлының жетпісіне құрмет» деп аталып еді. Барлығы он бес кісі бильярд жарысын өткіздік. Бірінші орынға Қойшекең мен Ақаң бірдей ұпай алып шықты. Бірақ осыған дейінгі бір кешіміздің жеңімпазы атанған Қойшекеңе ол орынды тағы беруге «көпсініп» кешті ұйымдастырушы сәулетші жігіттер «Ақаң – Жеңімпаз» атағын берді. Мен сол кеште Ақаң мен Қойшекеме «сыясы кеппеген» «Сағыныш» атты шығармамды сыйлап едім.

«Сұм тағдыр-ай» деп адамдардың торығатыны осыдан шығар, содан дәл бір жеті өткенде 15.09.09 күні таң алдында тас төбемізден найзағай түсіп еді. Ақаңа уақыт болғаны туралы хабар жетті де, біз Ақаңды жоқтап, есігінің алдында тұрдық. Сүйек сырқыратар суық күн еді.

...Сол қаралы күннен бір айдай мезгіл өткенде, қазан айының бас жағында, Ақаңның қызы телефон соқты. «Папам сіздің поэмаңызға пікір жазып кетіпті. Алып кетіңіз» – деді.

Алдым. Үйіме келгенше ашып қарауға, Ақаң пікірімен танысуға батылым бармады. Ақаң пікірі менің шығармашылық еңбегім үшін болашақ тағдырым секілді еді...

...Қолымда екі бетіне де ақ қағаз салынған файл. Файлдың ортасындағы қағазды суырып алсам, Ақселеу пікірі... Бірақ батылым жетіңкіремей отыр. Бір үйде жалғыз өзім. Шай қойдым. Бір шыны шайдан бір ұрттап барып файлға салынған қағаздарды суырып алдым. Өткен жетіде өзім берген поэмам екен. Бірінші беттің оң жақ ашық жағына көлденең жолдармен пікірін жазыпты.

«Әсерім» деп бастапты. Маржандай сұлу әріптер. Моншақтай боп тізілген жолдар. Оқып қарап жүрегім соғып кетті.

Біраз ойланып барып қайта оқыдым.

Әсерім

Ел, жер, сағыныш, кие, қасиет, парасат және осының бәріне азаматтық өредегі алаң көңіл... Міне, нағыз өнерді дүниеге келтіретін құдіреттер осылар болса керек. Сайын-достың жан-жүрегі осы құдіреттерге шүпілдеп толып тұр. Сол құдіреттер шыншыл сезім, шынайы сурет, шымыр ой болып хатқа түскен. Мен мұны поэма емес, толғау – жан-жүректің толғауы дер едім. Ақиқаты да сол.

Ақселеу. 15.09.09.

Көзім «Ақселеу. 15.09.09» деген жазуға тоқтаған сәтте жүрегім дір ете түсті. Бұл Ахаңның қайтыс болған күні. Сол күні таң алдында 15.09.09 күні біз Ақселеуді жоқтап, есігінің алдында тұрған едік қой...

Сонда Ақселеу-достың ең соңғы ақ қағазға түсірген әріптері маған арналғаны ма!..

Солай болыпты...

Мен үшін менің қалған ғұмырымның мән-мағынасын анықтап берер сөйлемдерге айналыпты...

Сол кезде жаралы жүректі нағыз сағыныш, Ақселеуге деген сағыныш елжіретіп бара жатты.

Телефонмен Қошекеңе (Қойшығара) оқып бердім де, сандық түбіне, тереңдеу түбіне жасырдым.

Бүгін 15.02.2010 екен. Дәл бес ай өтіпті...

Жүрек жарасы қабықтана бастағандай. Ақселеу «Әсерін» қайта оқып отырмын. Енді бұл сөздер маған Ақселеуге деген аяныш сезімдерімен қоса шығармама деген мақтаныш сезімін оята бастағандай. «Поэма» деген сөзді «Толғау» деген сөзге ауыстырып алып, қайта оқып шықтым. Енді бір баспаға беруге ниеттеніп, осы жолдармен толықтырдым.

Сағыныш (толғау)

Далам менің! – жан саям, ұям менің!,

Жайнатам деп өзіңді қиялды едім.

Елім менің! – бесігім, ер жеткізген,

Ауырсынбай арқама жиям жүгін.

Жұртым менің! – сырыңды, жырыңды ұғам,

Сағынышты тілің де, түрің маған.

Сіздер үшін айқасам аждаһамен,

Бозторғайың бола алам шырылдаған.

Сездім өмір өзіңмен тәтті екенін,

Бір балаңмын жерсінбес жат мекенін.

Керек кезде бір жұтым аяп қалмас,

Менмін демі үзілер ақ бөкенің.

Бар ерлікке бастайтын өзің ғана,

Жеткізеді мақсатқа төзім ғана,

Сар даланың сазына елтігенде,

Ұл сағынған сеземін кезін дала,

Дала бәрін жіберер ұмыттырып,

Ақынына береді жыр ұқтырып.

Ақын жаны сақталар даласында,

Тек далада туады тұнық қылық.

Бар өмірі бабаның сенде өтіпті.

Сенсіз тірлік болмаған мүлде тіпті.

Осылайша ой толғап отырмын мен.

Сар даланың бұ күнде кімде кілті?

Неге деймін, ей далам, сазың мұңды?..

Неге сонша сағынам шағыл құмды?..

Жабығамын еске алып Нарын, Семей,

Арал теңіз, Үстүрттей жазығыңды.

Сағынамын мен сені сүйгендіктен,

Жабығамын намысқа күйгендіктен.

Сағынамын мен сенің жайыңды ойлап,

Жабығамын ой-пікір түйгендіктен.

Жем болдың-ау ғасырға далам менің,

Жұтып болды-ау даңқыңды ғалам, сенің.

Қамқор ұл да азайып барады ма,

Тағдырыңа, ей қартым, алаңдадым.

Жиегіңе көз тіксем жеткізбек боп,

Қайғы-мұңды жүректен өткізбек боп –

Сазарады сар дала бүгін неге,

Талай маған нұр беттен өпкізбеп пе ед?

Қорланардай өр кеуде басылатын,

Сақтанардай нең барды жасыратын?

Әлде мүмкін азалы жылдарды ойлап,

Қорқасың ба атауға ғасыр атын?

Өткенді ойлап, ей далам, сарғаймашы!

Ел тәуелсіз, бас бостан – жағдай осы!

Көрген қорлық, ескірер, ұмыт болар,

Олардың тек көктемгі қардай жасы.

...Далам менің шексіз-ді, дархан еді!...

...Далалықтар қорғаны, қалқаны еді!..

...Еңселері ұл-қыздың шалқақ еді!..

...Байларым да қалмайтын, балпаң еді!..

...Бұрын елде болмаған бүлік қылық...

...Болса дағы уақыт ұмыттырып...

...О, Тәңірім қойғаның мені сонша,

Жақсы атаққа құмар ғып, құнықтырып...

Мадақ айтсаң – Еділді айт, Жайықты айтың,

Ілеге де, Ертіске барып қайтың.

Байтағым мен бабамды сағындырар,

Бір дертім бар бойымда айықпайтын.

Айықпаса мезгілге жала жаппа,

Тілік табан, жара ерін бала шаққа.

Сол табанды жетпіс жыл жалдап жүріп,

Жетіппіз ғой арманды болашаққа...

...Өткен өмір елес боп қуаныштай,

Ойға түсер қажеттей, сұраныстай...

...Сақта Құдай тағдырдан сағы сынған,

Ел жылаған жылдардан, жұбаныспай...

...Ерлеріміз бір ғана оқтық болып,

Несібеміз аш қарын, жоқтық болып.

Қаншама жыл сарғайдық жеткенінше,

Есті жиып, ой ойлар, тоқтық қонып...

...Сұрайтынбыз шайлық сүт көршілерден...

...Жоқтың бәрін бұрындар көрші берген...

...Сұрағанда аламыз... Беретінбіз...

...Алла сондай қазаққа енші берген...

...Көп еді ғой бергені қазағыма,

Пейіл берді ерекше таза мына.

Амал қанша бұ күнде олқы соқса,

Адам құлқы заманмен азады ма?

Сақта пейіл бауырлар, азбаңдаршы,

Мін іздесіп, аран-ор қазбаңдаршы.

Үйреніңдер, дархан бол даладай тек,

Келімсекті үлгі ғып тозбаңдаршы.

Ерекше ғой даланың тәрбиесі,

Далада ғой қазақтың бар киесі.

Сүйе білсең өзіңе жұқтырады,

Қасиетін, өрнегін, бар жүйесін.

Дала жырлап кеткенде үнге толып,

Ойын бөлме, сабырмен тыңда толық.

Сіңіріп ал бойыңа анаң үнін,

Таңда тыңда, күндіз де, түнде жолық.

Солай етсең жанарда шырақ тұрар,

Далаң со кез өзіңнен сұрақ сұрар.

Сезінгенде сол үннің ұлы демін,

Жан да, тән де талпынып, түлеп тұрар.

Бабам, далам ежелден ана тілді,

Бұлар солай әу бастан жаратылды.

Біздің шалдар айлық жол сапар шегіп,

Бір көруге, сыйласын, баратынды.

Дала – сұлу, өзіне табындырар,

Дала – ол қу, өзіне жалындырар.

Мен ғашықпын далама, бір түйсік бар,

Жүрегімді жылытар, сағындырар.

Бәрін сүйем, далам-ау, сендегінің,

Кім түсінсін жан сазын, өңге мұңын.

Жаным кейде ашиды қалалыққа,

Табиғаттан құр қалар, кенде күнін.

Құны кетпек қалайша далалықтың?

Кім бүлдірді, ел-жұртты, алалап кім?

Наны көп пе, қулығы, әлде бағы,

Айтқандары болып тұр қалалықтың.

Ағаларым қайдасың ағалайтын,

Байлық басы еңбек деп бағалайтын.

Неге салқын назарың сар далаңа,

Бұта сайын бір қоян балалайтын.

Мен даламның өртенер өзегімін,

Мен даламның төлімін, көжегімін.

Дала үні, былдыры немеренің,

Тыңдай берем жалықпай кезек үнін.

Қызық еді-ау ауылдың қылықтары,

Паң болмайтын соншалық ұлықтары.

Бірауызды болатын итке дейін,

Үрсе бірі қосылып үріп бәрі.

Еске аласың сағына мұны налып,

Ұмытсаң-ақ шығын мол – құны халық.

Жатар ма еді шіркін-ай дейсің кейде,

Бейқамдықтың мойнына мініп алып.

...Сылаң қаққан тазылар оқ жыландай...

...Көсік қазып – «мен таптым» деп қуанбай...

...Елестейді елестер, өтіп жатыр,

Мазалайды сағыныш тек жұбанбай...

...Мен осылай толғана ойлап қалдым,

Сана шіркін нұрланып, жайнап та алдың.

Елес берді ақ жеңге сауырындай,

Құйрықтары, диірмендей, бойдақтардың.

Арман отын маздатып жағып көрдік,

Қарақұйрық лағын бағып көрдік.

Соғыстағы әкеге тілек тілеп,

Ақ маржанын сағыныш тағып көрдік.

...Сауын түйе өрістен боздап келер...

...Бір-жар саулық күн сайын қоздап келер...

...Көктем – көңіл көгертер қуарғанды...

...Көктем – жастық, жан-тәнің маздап берер...

...Далалықтың ерекше мінездері...

...Бірақ қазір біреудің түрі өзгерді...

...Менсінбейді «мәмбет» деп өз бауырын,

Соған жетті заманның кіл ездері.

...Айқай-шусыз, әрине, ауыл болмас...

...Ағайынмен ұрыссаң жауың жолдас...

...Осыны ойла бауырлар, қарындастар,

Жау іздеген үйірден қауым оңбас.

Ауылдықтар ерекше болады олар,

Қыдыр ата қайырға қонады дер.

Баласынан жасырар бар дәмдісін,

Күтіп жүрер құдайы қонағы бар.

Ойламайды ауылда пайда жайын,

Ат мінеді сұрап ап «жалға майын».

Тентектігі үшін де «ерке» ғой деп,

Аямайды бал сөзін «айналайын».

Сағынамын қозыны көгендегі,

Сағынамын жұлдызды төбемдегі.

Сағынамын қылығын жеңгелердің,

«Қарақойшым» дауысын деген мені.

Сағынбассың қалайша құлындарды,

Ойыншық-ты, құрдас қыз тұлымдары.

Әлі есте – қыздың да, құлынның да,

Босамақ боп бұлқынып, жұлынғаны.

Сезімдердің менсінбей өңгелерін,

Сағынышқа таппадым тең келерін.

Сағынамын бұ кезде шаңқылдаған,

Ащы даусын ұрысқақ жеңгелердің.

Тойға барып көргенде тойынғанды,

Баба үрдісін көргенде жойылғанды –

Сағынамын аш жүрген күндерімді,

Үмітті едім, еді ғой ойым мәнді.

Қаншалықты арман күн қашық әлі?

Бұ сағыныш қай күні басылады?

Елің үшін, ер үшін уайымсыз,

Қабақ қашан жадырап ашылады?

Бұ тірліктің жете алмай байыбына,

Ағып кеткем ой-өзен Жайығына.

Содан бері тағдырым бағынышты,

Өмір сенің бөлдірке қайығыңа.

Сағыныш бар бойымда сан салалы,

Тек сағыныш мен үшін «таң самалы».

Сол самалмен қандыра шөл басамын,

Басылады, тағы да аңсатады.

Жылдан жылға қосылып жаңалары,

Күшіктейді көбейіп одан әрі.

Іштерінде солардың үшкірі бар,

Ине болып жүрекке қадалары.

Ол сағыныш – туған ел болашағы!

Сағына алар қазақтың қара шалы!

Арманымен елінің өмір сүрсе,

Азаматқа сол қылық жарасады!

Сағынады, қашанда, намыстылар,

Намыстылар шетінен «арыс» бұлар.

Намыс оты жүректің тамызығы,

Намыс қана озықпен жарыстырар.

Сағыныңдар, бауырым, сағыныңдар,

Сағынғандар ақынның жанын ұғар!

Сағынышпен жүрекке сезім жиып,

Ұлт намысын тұмар ғып тағыныңдар!

Ақтау-Астана

22.08.09 – 09.09.09


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар