Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Сәкеннің саз әлемі қайда қалды?.....

25.07.2018 10930

Сәкеннің саз әлемі қайда қалды?..

Сәкеннің саз әлемі қайда қалды?.. - adebiportal.kz

«1922 жылы күзде жиырма сегіз жасар Совнарком председателі Сәкен СЕЙФУЛЛИН жас қазақ совет автономиясының болашағына арналған қауырт жұмысты «қараңғы халыққа жаппай білім беру және мәдениет пен өнерді көтеруден бастау керек» деп төтесінен қойды.

1923 жылы 22 тамызда Совнаркомның күн тәртібінде:

Өнер зерттеушісі, этнограф А.В.Затаевичке қазақ халқының әндерін жинақтап, жинақ бастырып шығаруға қаражат мәселесі қаралды. Қазақ халық музыкасын жинаушы, өнер зерттеушісі Александр Затаевичтің «Қазақтың 1000 әнінің» қазақ тарихында тұңғыш рет жүйеленіп, нотаға түсірілген жинақ болып шығуы тарихы осылай басталған болатын...

Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты Сәкеннің ұсынысымен Совнарком отырысында Наркомпрос Ахмет Байтұрсынов «Қазақ халқының бай музыкалық мұрасы туралы» орыс-қазақ тілдерінде баяндама жасайды. Басқа жарыссөзге шыққандар: «Онсыз да жеткіліксіз республика бюджетін Орынбордағы шеберханаларды жаңғыртуға, қызыл әскерді қаржыландыруға бөлінсін», – деген талаптар қояды. Пікір екіге бөлінеді. Шешуші сөз Совнарком председателінде болатын. Ол: «Александр Викторович Затаевичке 2280 рубль алтындай қаражат бөлінсін және оның шығармасын редакциялауға 200 рубль, барлығы – 2480 рубль алтындай Наркомпрос қаражатынан бөлінсін. Белгіленген қаражат аймақтық қорлардан түсетін қаражаттар есебінен өтелуі Наркомпросқа ұсынылсын» деген шешім қабылдайды.

Осылайша жас республикадағы қаржылай дағдарысқа қарамастан, Сәкен Сейфуллин «Қазақтың 1000 әнін» жинақтап шығаруы үшін қаражат тауып береді» (М.Абсеметов. «С.Сейфуллин – председатель Совнаркома». Астана, 2006. 145-146-бет).

Сәкен игілікті істі үкімет мүшелерінен бастап, өзі үлгі болып, А.Затаевичке екі күй, төрт ән орындап береді және халық әндерін жетік білетін шебер орындаушылар: Ахмет Байтұрсынов, Қайып, Салық Айнабековтер, Бейімбет Майлин, Әліби Жангелдин, Сәбит Мұқанов, Жүсіпбек Аймауытов, Иса Байзақов, Әлкей Өтекин, тағы басқаларының есімдерін беруі, оның қазақ ән-күйлерін жинақтауға деген жанашырлық үлкен қамқорлығын аңғартса керек.

Ал, Наркомпрос Ахаң болса, өзіне тапсырылған бұл жауапкершілікті өте ыждаһаттылықпен іс жүзіне асырып қана қоймай, өз орындауында 24 ән бергендігіне тарих куә.

Өкінішке орай, Сәкен бастап, Ахаң қостаған бұл халықтың асыл рухани мұрасын сақтап қалу жолында жасаған көзсіз ерліктерін бұл тақырып бұрындары тереңірек зерттелмегендіктен, кейінгі жастар тұрмақ, өнер қайраткерлерінің өздері де біле бермейді.

Сөзіміздің уәжі ретінде бұл туралы Александр Затаевич: «Сәдуақас (Сәкен) Сейфуллин «Асау тұлпар» өлеңдер жинағын, «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» пьесаларын, сондай-ақ, әңгімелерін баспадан шығарған қазақтың жас ақыны әрі жазушысы. Ол – тамаша әнші әрі күйші, Ақмола өңірінің ән-күйлерінің жетік білгірі», – дейді.

Ал, музыка зерттеушісі Борис Ерзакович болса: «Исследователь казахских песен и кюев, народный артист Казахской ССР А.Затаевич в своей книге «1000 песен казахского народа» рассказывает, как Сейфуллин помогал ему находить народных певцов», – деп еңбегін бағалайды».

Бұл мәтін – әнші, өнертанушы Серік Оспановтың «Сәкен Сейфуллиннің музыкалық мұрасы» атты кітабынан алынып отыр. Затаевичке «Қазақтың 1000 ән-күйін» жинап, бастыруға сол кезде үкімет басында отырған Сәкен бабамыз бір зауыттың ақшасын тұтасымен аударып жібергенін қазір қазақтың «мен» деген өнерпаздарының өзі мойындайды. Ол кезде салынған зауыт, шеберхана асса, жүз қаралы қазақты асырар. Болмаса ол да жоқ. Ал, Алаштың әні мен күйіне тұнған асқақ рухы қайда қалар еді? Қаражат өнеркәсіп ісіне жұмсалғанда, қазақтың ән өнері бүгінге толықтай жетер ме еді, жоқ па деген сұрақ мазалайды? Жоғарыдағы сұңғыла шешім болмағанда! Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын мемлекеттік деңгейде қолға алып, жүзеге асырып жатқан бүгінгі таңда мұндай тақырыптарды ескеріп жатқанымыз шамалы. Осы күнге дейін Сәкен әндерінің республикалық байқауы немесе қазақ музыкасы әлемінде оның атындағы басқа да шаралар ұйымдастырылмауы әлгіндегі ойымызды қуаттай түседі. Ақын әрі сазгер бабамыздың ел арасына кең тараған әндерін айтпағанда, Сәкеннің былайғы жұрт біле бермейтін кейбір музыкалық туындылары туған халқының құлағына сіңісті болатын кез баяғыда жеткен жоқ па?! Еске Алаш ақылманы Ақселеу Сейдімбек түседі. Нақты есімде жоқ, бірақ, Ақаңның «басқа еңбектерінің бәрін атамағанда, Сәкен бабамыз қазақ тарихында музыкалық ән мұрасымен-ақ ойып тұрып орын алатын тұлға» деген мазмұндағы сөзі бар еді. Ақаң сөзінің астарын біз дер кезінде бағамдай алмаған сыңайлымыз...

Серік Оспанов ағамыздың «Сәкеннің музыкалық мұрасы» атты бұл еңбегі біздің қолға осыдан төрт жыл бұрын, Сәкен бабамыздың 120 жылдық мерейтойында тиген. Қазақ ән өнері қоржынын айтулы шығармаларымен байытып қана қоймай, Алаш саз өнерінің жүйеленуіне ықпал етіп, ұлттық музыка саласына өлшеусіз үлес қосқан Сәкен әндерінің байқауын неге ұйымдастырмасқа деген ой санада сонда жылт еткен. Одан беріде ақын әрі сазгер атамыздың әндерінің концерті бір-екі мәрте ұйымдастырылған Қарағандыда. Ақынның «Көкшетау», «Біздің жақта», «Тау ішінде», «Сыр сандық», «Ақсақ киік» сынды әндерімен қатар, «Бабаларыма», «Жас қазақ марсельезасы», «Анаға», «Ұйқыдағы ару», «Лашын құс», «Жеткіншегім тартынба!», «Біздің ауыл», «Кәмила» атты әндері барын сол концерт барысында байқағанбыз. Алаш әнінің алыбы Қайрат Байбосыновтың орындауында «Көкшетаудың» ІІ түрі барын кейіннен білдік. Республикалық көлемде бізде жарықтық Қасым әндерінің концерті, Мәди Бәпиұлы атындағы әншілер байқауы ұйымдастырылып тұрады. Қасымдар ұстаз тұтқан Сәкен әндерінің байқауы немесе концерті жоқ! Неге? Осы сұрақты өткенде Қарағанды облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаевқа жолдағанымызда, «алдағы уақытта қам-қарекет қылайық» деген. Сөзінде тұрса... Алда Сәкен ақынның 125 жылдық мерейтойы (2019 жылы) келе жатыр. Бұл – тарихи тұлғалар мерейтойы мемлекеттік көлемде аталып өтілуі тиіс дата болғандықтан, байқау биылдан бастап қолға алынуы керек, біздіңше? Жалғыз қаламгердің шығармалары ғана емес, оның аясында кешегі Сәкендер арындай аялап, Затаевичке ұсынған қазақтың классикалық музыкалары орындалмас па? Қайткен күнде де, ұлт руханиятының еселенгені – ел зердесінің игілігі болмақ.

Қайрат БАЙБОСЫНОВ, Қазақстанның халық әртісі:

Сәкен тұлғасы халқының жүрегінде тек ел басқарған көсем, топ бастаған шешен ғана емес, жалынды ақын, композитор, қазақ ауыз әдебиеті мен өнерінің жоқтаушысы ретінде сақталған. Тарихта ел басқарған қайраткерлердің өлең жазғандары бар шығар, бірақ, ән шығарғандары, оның ішінде сол шығармалары халық мұрасына айналып, арада ғасыр өтсе де елдің аузынан түспеуі, халық әндері болып кеткендігі туралы дүние жүзінде мәлімет жоқ. Мұндай ғажайып феномен тек қана қазақ халқының маңдайына жазылған бақ дер едім. Сәкен әндері халық әндерімен үндесіп жатқан төлтумалығының арқасында халық жүрегінде мәңгі сақталып, атадан балаға мирас болып, ғасырдан ғасырға жалғаса бермек.

Жәнібек ӘЛИМАН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар