Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Саламат Садықова: "Мен үшін қазақ тыңдармандарымны...

23.09.2016 3924

Саламат Садықова: "Мен үшін қазақ тыңдармандарымның орны бөлек"

Саламат Садықова: "Мен үшін қазақ тыңдармандарымның орны бөлек" - adebiportal.kz


69c6a83f5284e1db73f5a232c68c30df.jpg

Ол Түркия, Қытай, Германия, Италия, Франция, АҚШ, Жапония, Араб елдерінде, Қазақстан, Ресей және Өзбекстан көрермендерінің алдында концерт қойды. 2007 жылы Сеулде жеке концертін беріп, «Әлемдік шебер» сертификатын иеленген. Ол бар өнердің басын біріктіретін өнер қамбасы саналатын фольклорлық бағыттағы әндерді шырқаудан еш жалықпаған өнер иесі. Жуырда Қырғыз ән өнерінің дүлдүлімен тілдесудің сәті түскен еді. Қырғызстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, «Тоқтоғұл» атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Саламат Садықованың есімі әлемге танымал десек артық айтқандығымыз емес.


-Саламат Момынқызы, ең алдымен 60 жылдық мерей тойыңызбен құттықтауға рұқсат етіңіз! Тәуелсіздік жылдарында, жас күніңізде қазақ әндерін көптеп орындап, жиырма жыл бұрын Қазақстанның Еңбек сіңірген атағын алған әншісіз. Қазақ әндерін орындауға нендей құлшыныс әсер етті?

-Рахмет, айналайын. Мен үшін қазақ тыңдармандарымның орны бөлек. Іргелес жатқан бауырлас елміз. Мен қазақ әндерін бала күнімнен қатты жақсы көретінмін. Ең алғаш Ескендір Хасанғалиевтің «Алатау» деген әнін 16 жасымда кіші мекенім Баткендегі Мәдениет үйінде эстрадалық ансамбльдің сүйемелдеуімен орындап шықтым. Репертуарымда «Ауылым әнім», «Әдемі-ау», «Өмір өзен», «Гүлдерайым», «Сағындым Алматымды», «Әгугай», «Өмірдің көбі кетіп азы қалды», «Бір ауыз сөз» әндері бар. Ол әндерді әлі күнге дейін үзбей орындап келемін. Құпия бір нәзік сыр мені ылғи қазақ әуендерін айтуға арбап тұрады. Дауысым да тыңдармандардың жүрегінде қалғандықтан болар, қазақ телевизиясында әлі күнге дейін менің орындауымдағы «Сағындым Алматымды, «Жаңбыр» әндері беріліп тұрады екен. Қазақ халқының алғысын алып өскен әнші екенімді қырғызым да мойындайды.



-Өмір-шежіреңізге қарап отырсам, әлемді аралап концерт беріп жүрген бірегей әншісіз. Жалпы қазіргі заманда өзге ел түгілі өз елінде концерт беру оңай шаруа емес. Демеушіңіз немесе продюссеріңіз бар ма?

- Менің өнер жолымда көптеген кедергілер болды, жол тосулар жылдарымды алып қойды. Соған қарамастан, үзбей еңбектендім. Өз өнерімді мойындатуға тырыстым. Кейін интернет арқылы Америкадағы FOLK PRODAKSHN компаниясы мен туралы мағлұматтарға зер салыпты. Назарына түскен болуым керек. Артынан АҚШ Калифорниясынан музыка зерттеушісі Марк Хамфри (MARK HUMPHREY) деген азамат Қырғызстанға әдейі іздеп келіп танысты. Ең алғаш 1995жылы Жапонияда «Song of Kyrghyzstan» атты дискімнің шыққанын білесіз. Сол дискі арқылы дауысымды естіп, өнерімді бағалап, әлемді аралауыма себепкер болды.


-Бұл қай жылдар еді?

-Ең алғаш 1997 жылы келген. Одан соң 1999 жылы келіп, әндерімді толық таспаға түсіріп жазып алып кетті. Өзі спонсор іздеп екінші жинағымның шығуына атсалысты. 2001 жылы «The Voice of Kyrghyzstan” деген атпен АҚШ-та жаңа үнтаспам шықты. Міне, нағыз өнерді қолдаушылар осындай болуы керек деп ойлаймын. Ата-бабасы танымаған бөтен өлкенің әншісін жар сала жазды, бағасын берді, көптің көңілін бұрды.


Сөзіңіз аузыңызда, Майкл Хойманн Stylus Maqazine онлайн парақшасына Сіз туралы мынадай ой жазыпты: «Дәуіріміздің ұлы вокалистері Билли Холидей, Сэнди Денни, Арета Франклин, Эдит Пиаф... осыларға тағы бір есімді қоссақ. Ол - Саламат Садықова. Сіз бұл есімді бұрын ешқашан естімегенсіз бе? Көпшіліктің оны танымайтын, білмейтін себебі, Қырғызстан кешегі посткеңестік елдер ішінде Орта Азиядағы ең шалғайда жатқан, оқшауланып қалған республика болатын. Ал, бірақ Садықова қарапайым әуенді сазды да, сиқырлы әнге айналдыра алатын шын мәніндегі сырлы суреткер». Түсінген адамға бұл әлемнің мойындағанын білдіретін пікір болса керек.

-Ия. Қырғыздың әншісі ретінде көптің бірі болсам да, шет елдер де өз ұлтын мекенін танытқан әнші атандым. Араб өлкелерінде концертімді жасаған адамның өзі теле-журналист. Мені 2008 жылы Испаниядан көріп, әндерімді қатты ұнатып, бірнеше рет «DIVA-SALAMAT» деген аталыммен концертімді өткізуме септігі тиді, Аллаға шүкір! Мені бір Аллам, халқым әрине адал еңбегім қолдап келеді. Менің басымнан қиын күндер көп өтті. Аман болсақ болғаны, алтын аяқтан су ішер күндерді де Алладан нәсіп етсін деп тілеймін.

12359486_908288389239975_90036020_o.jpg


- Саламат Момынқызы, жақында ғана туған еліңізде өзіңіз жетекшілік ететін «Қамбарқан» этнографиялық ансамблінің концерті болып өткенінен хабардармыз. Концерт қалай болды?

- Концерт өте жоғары деңгейде өтті. Мен осыған қуаныштымын. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан зал халыққа лық толды. Біз көрермендер тарапынан осындай ыстық ықыласқа бөленгенімізге қуанып, ризашылық сезімге бөлендік. Осы бір мүмкіндікті пайдала отырып, концертімізге келіп, бізге қолдау көрсеткен жұртшылықтың барлығына алғыс айтқым келеді. «Қамбарқан» ансамблі ширек ғасырға жуық қырғыз халқының музыкалық мәдениеті мен өнерінің інжу маржанын насихаттауда өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Сондықтан да өнер ұжымының өзіндік ерекшелігі бар деп айта аламын.


- Бүгінде фольклорлық музыка жастар арасында танымалдылыққа ие емес. Сіздіңше, осы байырғы өнерге жас ұрпақтың ықыласын аударып, қызығушылығын арттыруға бола ма?

- Әр адам өз өмірінде ащыны да тұщыны да татуы керек. Бұл - өмір заңдылығы. Музыка өнерінде де солай. Бір кездері «фольклорлық музыканың еш қызығы жоқ, оны көпшілік те ықыластанып тыңдамайды, олар қазіргі заманғы ырғақты сазды ұнатады» деген пікірлер қалыптасқан-ды. Қазірде де осындай уәждер ара-тұра қылаң беріп қалады. Көңілге бір медеу болатыны – осындай әрекеттерге қарамастан біздің музыкамыз әлі де сұранысқа ие, тыңдаушылары әлі де баршылық. Бірде осындай концерттердің бірі аяқталған соң кешкі аста фольклорлық әуенді жанды дауыста тыңдаған бір әйелмен дастарқандас болдым. Ол біздің орындауымыздағы әндерге де, үстіміздегі костюмдерімізге де таңырқап, өз сүйсінісін жасыра алмаған еді. Сол жерде әлгі әйел бізге өз қаражаты есебінен костюмдер тігіп беруге ұсыныс жасады. Біз оның осы көмегі мен қолдауына айырықша риза болдық. Жасыратын несі бар, біз өзге «жұлдыздар» секілді кез келген есікті теуіп ашып, ақша, қаражат сұрай алмаймыз. Біз үшін бұл жат қылық, біздің өзімізді бұлай ұстауымыз ұят.


- Сіз үшін шығырмашылықтың алар орны қандай?

- Мен бақытымды әннен таптым. Әнші болуды бала кезімнен армандадым. Сонау балалық шағымда мектептен үйге қайтып келе жатқанда сыныптастарыммен бірге өзен жағасында ойнағанды ұнатушы едім. Сол кезден-ақ болашақ өмір жолымды сыздым, музыкаға деген іңкәрлігім оянды. Қазірде сол бала шақтағы қиялымның жүзеге асып, киелі сахна, өшпейтін өнер туралы армандарымның орындалғандығына қуанамын. Біздер, өнер адамдары қоршауға алынған қамал ішінде қалған жандардаймыз. Мемлекет тарапынан мардымсыз жалақы төленеді, осыған қарамастан ұлы мәдениетімізден қалған жұрнақты жамап-жасқап дегендей, болашаққа апаруға тырысамыз. Ал бұл кезде «жұлдыз» атанғандар стадионға жиналған топ алдында алдын ала фонограммаға жазылып алынған әндерін шырқап, танымалдылыққа ие болуда.


Маған кей кездері телевизия журналистері телефон шалып, өз үйімде сұхбат беруге шақырады. Мен олардың бұл өтініштерін көбінесе қабыл ала бермеймін. Оларға айтар уәжім: «Мен атшаптырым хан сарайында тұрып жатқан жоқпын, шағын ғана жекеменшік үйім бар, ыңғайсыз болар». Өкінішке бой алдырамын әрине, бірақ ешқашан оптимистік көзқарасымды, ерік-жігерімді жоғалтқан емеспін. Менің өмірім - сахна. Өзіңнің жандүниеңді, қалауыңды, музыка мен шығармашылықты түсіне алмайтындармен әңгімелесу өте қиын. Алайда мен өмірімнің әр күнін бағалаймын. Ширыққан сәттерімде күш-қайратым еселене түседі. Менің репертуарымда Рысбай Әбдіқадыровтың көптеген әндерінің болуы кездейсоқтық емес. Мен де «Жолығалық гүлім, жолығалық» деген секілді жеңіл әндерді айта аламын. Мен үшін үлкен музыкалық шығармаларды орындау – өмірлік мектеп десем болады.


- Сіздің балалық шағыңыз қиындықта өтіпті, сондықтан өз балаларыңыздың жарқын болшағы үшін көп күш-жігер жұмсаған шығарсыз...

- Мен қыздарым дүниеге келгеннен Алладан оларды бақытты ете гөр деп тілеумен келемін. Олардың жақсы білім алғандығын, тәуір тұрмыста күн кешкенін қалаймын, әрине. Олардың өмірі менің өмірімнен артық болсын деп тілеймін, ең бастысы бақытты ғұмыр кешкенін қалаймын. Мен оларға барлық жақсылықты жасауға тырыстым. Қазір олар есейіп, бойжетті. Бір қызым жоғары білімді түркітанушы, екінші қызым ағылшын тілін жетік білуінің арқасында Дубайда жұмыс істеп, сонда тұрып жатыр. Бүгінде сол екі қызымнан жиен немерелерім бар.

IMG_1917.JPG


- Қыздарыңызды қалай тәрбиеледіңіз? Бала тәрбиесі жөнінде өз тәсіліңіз бар шығар?

- Кейбір ата-аналар біз баламызға ешқашан дауыс көтеріп, ұрысқан емеспіз дейді. Бірақ бұл мүмкін бе, өз басым бұған сенбеймін. Өмірде бәрі болады, жанжалдасасың, ұрысасың, татуласасың. Мен қатты адаммын, сондықтан қыздарыма да қатаң талап қойдым. Тіпті оларға қол көтерген кездерім де болды. Қызым Махаббат жоғарғы оқу орнын бітірген соң ең алғашқы 10 мың сом айлығын әкелді. Мен әрине ерекше риза болдым, қызым бойжетті, енді міне, алғашқы айлығын да маған әкеп берді деп қуандым. Сол сәтте көз алдымнан оның дүниеге келген сәті, сәби кезі тізіліп өтіп жатты. Мен өте қатал болдым. Бірақ қызымның осынау дархан көңілі, анасына деген махаббаты мені тебірентпей қоймады. Махаббатым қарапайым, қайырымды, дархан жүректі болып өсті. Қазір көңілім нала болса, қызым Құндызға барамын. Екі қызым қос қанатым, өмірдегі тірегім, махаббатым.


- Ал сіз кенже қызыңыздың шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққанына өкінбейсіз бе?

- Жоқ, ешқашан өкінбеймін. Олардың бақытты болғанын көріп отырып, қалай өкінемін? Кезінде Түркияда қызмет істеп жүрген алғашқы кездері ол үйге түрік немесе араб жігітін әкеліп таныстырамын деп әзіл-шыны аралас айтып жүретін. Шынымды айтсам, мен қызым осы ұлт өкілдеріне барса, ошақ басынан аса алмай, төрт қабырғаға қамалып қалар деп қауіптенуші едім. Бірде қызым маған телефон шалып: «Мама, менде қуанышты бір жаңалық бар, жігітім маған көңілін білдірді. Менің сіздерді таныстырғым келеді» деді. Кейін білсем, күйеу бала Шотландиядан екен. Мен ұшаққа билет алдым да болашақ күйеу баламмен танысқалы ұшып шықтым. Алғашқы кездесуіміз маған өте керемет әсер сыйлады. Ол қызымның қосағы болсын деп өзім армандағандай тәрбиелі, әдепті, білімді азамат болып шықты. Мен оның отбасымен де жақын таныстым, олар да қарапайым, сыйласуға тұратын жандар.


- Келбетіңізге қарап, сізді жақында 60 жасқа толады деп айту қиын-ақ. Жүзіңізде бірде бір әжім жоқ. Өте жас болып көрінесіз, мұның нендей құпиясы бар?

- Бұл жаным мен тәнімнің табиғилығына байланысты болар. Оның үстіне әдемі қартаю, жас көріну жан сұлулығына қатысты шығар. Адамның ішкі ағзасындағы өзгерістер оның жүзінен анық байқалады. Адам өз өміріне өкпелі, қапалы болса, оның әсері бет әлпетінде байқалмай қалмайды. Мен ішкі жан дүниемде келеңсіз жайларды ұстамауға тырысамын. Егер маған бірнәрсе ұнамай қалса, бар ашуымды, наразылығымды бетке айтқанды жақсы көремін. Өзімді күндеушілер мен көре алмайтындарға да кешіріммен қараймын. Мұның да денсаулыққа пайдасы зор.


Сұхбаттасқан Гүлжаз Қыдықбекова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар