Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Салауат Кәрім. Кемеңгердің соңғы сапары...

24.05.2022 3399

Салауат Кәрім. Кемеңгердің соңғы сапары

Салауат Кәрім. Кемеңгердің соңғы сапары - adebiportal.kz

(жалғасы, басы өткен санда)

1883 жылы Лев Николаевич князь В.Г.Чертковпен танысады, ол кейін Лев Николаевичтің жақын досы, көмекшісі және пікірлесі, оның шығармаларының редакторы мен баспагеріне айналады. Толстойдың кеңесі бойынша 1884 жылы В.Г.Чертков баспагер И.Д.Сытинмен бірлесіп «Посредник» баспасын ұйымдастырады, оның мақсаты қарапайым адамдар сатып алу үшін арзан кітаптар шығару болатын, ең алдымен Лев Толстойдың халықтың ой санасына бағытталған мақалалары мен әңгімелері жарияланды. Л.Толстой «Посредник» баспасының жұмысын өте маңызды деп санады, оның басылымдарына көп көңіл бөлді.

1897 жылы В.Чертков Англияға жер аударылады, ол сол жерде жүріп «Свободное слово» орыс тіліндегі баспахана ашады. Мұнда ол Толстойдың Ресейде тыйым салынған автократияны, шіркеуді сынайтын, әлеуметтік-саяси ахуалға қарсы, адамгершілік пен моральдық мәселелерге қатысты шығармаларын жариялайды, олардың қатарында: «Ойланыңыздар» (1904), «Ресейдегі қоғамдық қозғалыс туралы» (1905), «Еңбекші халыққа не керек?» (1905) басылып халыққа таратылды. Лев Толстойдың шығармалары Берлинде де жарық көрді, олардың ішінде «Өлім жазасы және христианство» (1909), «Зорлық заңы және сүйіспеншік заңы» (1909), «Бір ғана құрал» (1901) атты еңбектері жарық көреді.

Сондай-ақ Л.Толстойдың 70-жылдардың аяғы мен 80-жылдардың басында жазылған «Арылу» туындысы тұңғыш рет Женевада 1900 жылы жарық көрді, Толстой өзі туралы, өмірдің мәні туралы, өзінің жан дүниесіндегі өзгерістер, діни сенімге деген көзқарасын жеткізуге тырысқан туынды болатын.

Лев Николаевич пен князь Владимир Чертковтың арасындағы қарым-қатынастар өте жеке, өзара сенімге құрылып, қалыптасса керек, әйелі Софья Андреевнаның араласуына рұқсат етілмеді. Чертковтың ықпалының зор болғаны соншалықты 1885 жылдың шілдесінде Чертков Толстойға жазған хатында отбасын тастап кетуді ұсынады, мұның бәрі Толстой мен Софья Андреевна арасындағы күрделі отбасылық қатынастарды туғызады.

Л.Толстой мен В.Чертков арасында Софья Андреевна көп жылдар бойы өзін әлсіз сезінеді, өзінің қызғанышын жасыра алмайды, әйелінің күйеуіне қарсы болуының тағы бір себебі Л.Толстойдың құпия өсиетінің пайда болуы еді, осы өсиетке сәйкес жазушының барлық туындыларына авторлық құқықтар оның әйелі Софья Андреевнаға емес, қызы Александра мен ең жақын досы Чертковқа берілді. Мұны естіп білген Софья Андреевна өзінің отбасы өмірін «тозаққа» айналдырады, Лев Николаевич сол күндері: «Мен мұны көтере алмаймын!», «Олар мені тіліп жатыр», «Мен Софья Андреевнаны жек көремін», - деп күнделігінде жазады. Толстой Ясная Полянада қалыптасқан мұндай ауыр жағдайға төтеп бере алмады, әйелінің тарапынан туған жанжалдар мен шабуылдарға қарсы тұра алмады. Сондай –ақ Л.Толстой қандай болмасын ұрыс керістен, жанжалдан қашатын, адамдарды ренжетіп алудан не байқаусызда адамның көңілін қалдырудан қорқатын нағыз данагөйлік қасиетке жеткен шағы еді.

Софья Андреевна өмірінің соңғы жылдарында жазған күнделіктерінде: «Бүкіл әлем Толстойдың ұлылығына тағзым етеді, оны құрметтейді, оқиды. Бірақ Толстойды тамақтандыру керек емес пе, оған көйлек, шалбар тігу керек емес пе, ал Толстой ауырған кезде, біреу оны қарауы керек емес пе ...» деп айтып келеді де, «Мен бар жанымен Лев Николаевичтің ізгі ниеттерін түсінсем де, отбасы мүддесі, оның тірлігінің қамы басты еді....» деп мойындады.

***

Лев Толстойды Ресейде ғана емес, бүкіл әлем жұрты жоқтады. Ресейде оның портреттерін көтерген студенттердің, жұмысшылардың демонстрациялары өтті. Толстойды еске алу үшін Мәскеу мен Санкт-Петербургтің жұмысшылары бірнеше зауыттар мен фабрикалардың жұмысын тоқтатты, заңды және заңсыз жиындар, жиналыстар мен митингілер өтті, парақшалар шығарылды, аза тұту кезінде театрлар мен кинотеатрлар жабылды, концерттер мен кештер тоқтатылды. Көптеген адамдар жазушының жерлеу рәсіміне қатысқысы келді, бірақ стихиялық толқулардан қорыққан патша үкіметі рұқсат етпеді.

Советтер Одағының негізін қалаушы Владимир Ульянов – Ленин Лев Толстойдың адамзатты қозғаушы идеялары туралы бірнеше мақала жазды, 1908 жылы «Лев Толстой Ресей революциясының айнасы» еңбегі ұлы ойшылдың 80 жылдығы құрметіне орайластырып жазылды, 1910 жылы «Л.Н.Толстой және қазіргі жұмысшылар қозғалысы» мен «Л.Н.Толстой» мақалалары революцияға дейінгі дәуірдегі орыс қоғамының әртүрлі таптарының психологиясын анықтайтын қайшылықтары мен ахуалын көрсетіп, Ленин айтқандай: «Толстой адамзат идеялары мен адамдардың көңіл-күйлерінің қозғаушысы болды». Бұл өз кезегінде 1917-1921 жылдары қанды революциялар мен азамат соғысы кезінде Ресейде Толстой мұрасы мен Ясная Полянаның сақталуына септігін тигізді.

1921 жылы Александра (Саша) Львовна өзінің үйінен велосипедпен Кремльге барып, М.И.Калинин қол қойған Ясная Поляна мүлкін Толстой мұражайына беру туралы декретті алып келеді, Александра Ясная Полянадағы Толстой мүлкінің алғашқы комиссары болады, әкесінің мұрасын сақтауда көп нәрсе атқарады, 1928 жылы мерейтой қарсаңында Ясная Полянада мектеп салдырады, аурухана құрылысын бастайды.

1928 жылы күзде Мәскеуде Үлкен театрда Л.Н. Толстойдың 100 жылдығына арналған алты сағатқа созылған жиынды Луначарский ашып, оның сөзі бір жарым сағатқа созылады, содан кейін академиктер сөйледі, осы жылы Л.Толстойдың қазіргі 90 томдық шығармалар жинағының 1-інші томы (мерейтойлық ) жарық көрді.

1910 жылы Толстойдың үйден жасырын кетуі және тез қайтыс болуы Софья Андреевнаның денсаулығын нашарлатып жібереді. Осы уақыттан бастап Л.Толстойдың шығармалары басып шығару жұмысы біраз тоқтап қалады. Софья Андреевна Л.Толстойдың көзі тірісінде сегіз толық шығармалар жинағын шығарды. Жаңа басылымдар, әдетте, Лев Николаевичтің жаңа туындыларымен қамтылып, ал соңғы басылымдарда көркем және публицистикалық шығармаларынан басқа,жазушының күнделіктері мен хаттарынан үзінділер пайда болды. Басылымдардың көлемі біртіндеп өсті. Софья Андреевна шығарған шығармалар жинағының соңғысы 20 томды құрады. Софья Андреевнаның арқасында Толстойдың көптеген жеке заттары сақталды, оларды қазір Хамовникидегі жазушының үй-мұражайында көруге болады. Басынан бастап Софья Андреевна Ұлы Толстой ғаламының кіндігі еді, күйеуі қайтқаннан кейінде оның мұрасының шырақшысы болып қалды.

Софья Андреевна 1919 жылы 4 қарашада қайтыс болады, Ясная Полянадан оңтүстігінен екі шақырым жердегі Николо-Кочаков шіркеуінің жанындағы Толстойлардың отбасылық зиратында жерленді. Қызы Татьяна естелігінде: «Менің анам әкемнен кейін тоғыз жыл өмір сүрді, балалары мен немерелерінің ортасында қайтыс болды. Ол қайтыс боларын білді, тағдырдың жазғанына көніп, тыныш қайтыс болды», - деп еске алады.

Лев Толстой және оның балалары

Лев Толстой мен Софья Толстаядан туған 13 баланың 5 баласы ерте қайтыс болады: Петр бір жылдан артық өмір сүрді, Николай — бір жылға жетпей қайтыс болады, Варвара – бірнеше күн, Алексей – 4 жасында, Иван – 6 жасында қайтыс болды.

Л.Толстой шығармашылық қызметінің басынан бастап отбасы туралы ойларға бой алдырды, өзінің алғашқы «Балалық шақ» өмірбаяндық шығармасы отбасына арнады. Лев Толстой адам өмірінің негізгі институты мемлекет емес, шіркеуде емес, отбасы деп санады.

Лев Николаевичтің ұлдары мен қыздарының күнделіктері мен естеліктері олардың бала кездерінен бастап есейген шақтарына дейін әкелеріне деген құрметі мен сенімін жоғалтпады, әкелерінің жазушылық қызметін ең басты деп қабылдады, олардың үнемі әкелерінің жазушылық қызметін қолдағанын байқауға болады, әкелері өлгеннен кейін де балалары Л.Толстойдың мұрасы мен шығармаларын насихаттауды жалғастырады.

Лев Толстой мен Софья Толстая балаларының ортасында

1. Тұңғыш ұлы Сергей Львович Толстой, 1863 жылы туған, (1863-1947 жылдары өмір сүрді). Сергей үйде оқып білім алып, ғылым негіздерін үйде оқып үйренеді, Тула гимназиясында жетілу сертификатына емтихан тапсырады. Мәскеу университетінің қабырғасында ауыр мұнай майлары бойынша үздік диссертация қорғап, ғылым кандидаты атағына ие болады. Мәскеу консерваториясының профессоры, кейін ол әкесінің мұрасын насихаттаумен айналысады, Бродинский деген лақап атпен Лев Толстойдың өміріндегі музыканың орны туралы көптеген мақалалар жазды.

1880 жылы Сергей Львович пен әкесі арасында идеялық тұрғыда келіспеушілік орын алады. Л.Н.Толстойдың күнделігінде ұлының мінезі туралы былай дейді: «Сережамен сөйлестім. Ол маған қарсы негізсіз дөрекі мінез танытты. Мен оған ренжідім, оған көңілімдегінің бәрін айттым. Оның буржуазияшыл мінезі, топастығы, ашушаңдығы мен масайрап жүретіні туралы түсіндірдім. Ол кенет оны ешкім жақсы көрмейтіні туралы айтып, маған жылап жіберді. Құдай-ай, сол сәтте маған қалай ұят болды десеңізші. Түстен кейін Сережаны ұстап алып: «Мен оның алдында ұятты екенімді айтым ...», ол мені құшақтап сүйіп: «Кешіріңіз, мені, кешіріңіз», - деді. Мен мұндайды көптен сезінген емеспін. Міне, бақыт».

Ұлының сәби кезін Толстой күнделігінде былай сипаттайды: «Үлкені аққұба – жаман емес. Түрі әлсіз, сабырлы момақан. Ол күлгенде адамға әсер етпейді, жылағанда өзімде жыламас үшін шыдаймын. Барлығы менің үлкен ағама тартқан дейді. Мен бұған сенуге қорқамын. Бұл өте жақсы болар еді. Ағамның басты ерекшелігі өзімшіл емес еді, жанқиярда емес еді, ол осы екеуінің ортасында жүретін. Ол өзін біреу үшін құрбан етпейтін, бірақ ешкімге зияны да жоқ болатын. Сережа ақылды, математикаға икемді және өнерге сезімтал, керемет үйреніп алатын, гимнастикада епті секіретін; бірақ икемсіз және алаңғасар, ... оның бойынан өзіндік ерекшеліктер байқалмайды....». Сергей Львович Мәскеуде 84 жасында қайтыс болды.

2. Қызы Татьяна Львовна Сухотина 1864 жылы туған, (қыз кезінде Толстая) (1864-1950 жылдары өмір сүрді). Лев Толстой қызы Татьянаны жайдарлы, ақ жарқын мінезі үшін жақсы көрді, адамдар арасында көңілді жағдай туғызатыны туралы жазады. Татьяна Мәскеудегі кескіндеме, мүсін және сәулет училищесінде оқыды. Кейін әкесінің 30-ға жуық графикалық портретін салды. Татьяна өзінің әкесі туралы мемуарлық күнделігін шығарды, ол 14 жастан бастап бірқатар очерктер мен естеліктер жазады. Толстой үйі мұражайының қамқоршысы болды.

Лев Толстойдың үш қызы Татьяна, Марина және Александра әкелеріне адал қызмет етті, әкелерінің беделі мен абыройына нұқсан келтірмеді, олар әкелерінің жазушылық қызметіне арнады,оның шығармаларын ақ бетке көшіруге көмектесті.

Үлкен қызы Татьяна ата-анасының әкелік және аналық қасиеттерін бойына сіңіріп өседі. «Мен бірін-бірі жақсы көретін, мені жақсы көретін адамдардың арасында өстім», - деп еске алады. «Маған мұндай көзқарас табиғи және адам табиғатына тән сияқты көрінді».

Ол әдемі киінуді, би билеуді жақсы көреді, сауық кештерінде оған ерлер қарайтын, салмақты, көп оқыған және мақсатқа ұмытылған қыз болатын. Сексенінші жылдардың ортасынан бастап Татьяна көптеген зайырлы құмарлықтан, көз салған көптеген күйеу жігіттерден бас тартады, әкесінің жаңа идеяларына қызмет ете бастайды, Татьяна күнделігінде: «Ақыл-ойы мен сүйкімділігі жағынан әкеме тең келетін ешкімді көрмедім», «Иә, менің ғашықтарым оны жеңе алмайтын қарсылас», – деп әкесіне деген сүйіспеншілігі туралы жазады. Артынан Татьяна күйеуінің көзқарастарын қолдай қоймаған Софья Андреевнаны алмастырды. Татьяна Толстойдың «Посредник» халықтық баспасына белсенді қатысады, бірте-бірте ол әкесінің ауадай қажет адамына айналады, бірақ осыған байланысты Толстой... оны байқамай қалды. «Ол кезде мен оны байқамадым, өйткені ол менің бір бөлігім еді. Ол маған өте жақын адам», - деп жазды Л.Толстой.

Алайда Татьяна оның әкесінің бір «бөлігі» бола алмады. Әкесіне деген махаббаттан басқа тағы бір махаббат оның бойында өмір сүрді – ол өзінің отбасы, өзінің күйеуі, өзінің балалары болса екен деген арман еді. Татьяна Львовна сырттай әкесінің барлық қарсылығын қабылдайды, әкесінің оның барлық ғашық күйеулеріне дәйекті түрде қарсы болғанын да, оны ешқашанда күйеуге шықпауға көндіргенін де, әкесінің тәккапарлығына да көнеді де және келіседі. Татьяна өзінің күнделігінде: «Бұл өте қайғылы. Өтіп кеткен жастық шағыма өкінемін. Сүйгім келеді», - деп жазады. Татьяна өзінен он төрт жас үлкен Бірінші Мемлекеттік Думаның мүшесі және уездік дворяндардың жетекшісі Михаил Сухотинге күйеуге шығады, 1925 жылы қызы Татьянамен шет елге қоныс аударды. Татьяна Львовна Римде 85 жасында қайтыс болды.

3. Екінші ұлы Илья Львович Толстой, 1866 жылы туған (1866-1933 жылдары өмір сүрді). Бала кезінде ата-анасына көп қиындықтар туғызған, тыйым салынғандарды бұзуға әуес келетін Илья ғылымға дарындық танытпады. Алайда ұлын Лев Толстой әдеби тұрғыдан дарынды деп санады. Ол гимназияны да бітіре алмады, әскери қызметтен өтеді, шенеуніктік қызмет атқарады, жылжымайтын мүлікті жою жөніндегі агент, банкте жұмыс істейді. Кейінірек журналистік қызметке ауысады, газет шығарады, Америка Құрама Штаттарына көшкеннен кейін кеңінен танымал болады, оның еңбектері әртүрлі басылымдарда жарық көреді, Илья Львович әкесінің өмірі мен шығармашылығы туралы туралы дәрістер оқумен табыс табады. Екі рет үйленеді, 1933 жылы 67 жасында Америкада қатерлі ісік ауруынан қайтыс болды.

Л.Толстой күнделігінен: «Илья 3-ші. Ешқашан ауырмаған. Сүйегі ірі, әлді, әрқашанда жарқырап жүреді. Нашар оқиды. Үнемі не керегін ойланып жүреді. Ойындарды өзі ойлап табады. Ұқыпты, үнемді, ол үшін «менікі» өте маңызды. Мінезі ыссы, елірме, төбелеске әзір тұрады; бірақ өте нәзік және сезімтал. Тамақтанғанды жақсы көреді және тыныш жатқанды ұнатады».

4. Үшінші ұлы Лев Львович Толстой, 1869 жылы туған, (1869-1945 жылдары өмір сүрді). Жазушының үшінші ұлы анасына жақын өсті, ол анасына тартып, оның бойындағы сабырлықты мұра тұтады. Ол әрқашан отбасылық қақтығыстарда анасының жағына шығатын, Лев Львович өзі туралы өте қайшылықты адам екені туралы жазды.

Ғылымдарға ерекше құлшыныс білдірмеді, дегенмен ол жазушылық сыйлыққа ие болады, музыкалық және көркемдік талантымен ерекшеленді. Ол балаларға арналған көптеген жұмыстардың, әкесі туралы естеліктердің авторы ретінде тарихта ізін қалдырды.

Бір кездері ұлы Лев Львович әкесінің көзқарастарына қатты сынайды. Толстой бұған ашуланбайды: «Ұлым Лева ақылсыз, қабілетсіз және жөнсіз жазбаларымен жанымды ауыртқанымен қоймай, мені мейірімділікке үйретеді», - деп күнделігіне түртіп қояды. 1918 жылдан бастап Швецияда тұрды, екі рет үйленді, бірінші некеде 10 бала дүниеге келді, екінші некеден бір ұлы дүниеге келді. Швецияда 1945 жылы қайтыс болды.

5. Қызы Мария Львовна Оболенская (қыз кезінде Толстая) 1871 жылы туған, (1871–1906 жылдары өмір сүрді). Толстойдың қуанышы орташа қызы Мария Львовна болатын. Оның сіңлісі Александра Львовна: «Маша әкемнің артынан ерді, ол өзінің бөлігінен (мүліктен) бас тартты, өзінен бас тартты, өзін құрбандыққа шалды, жұқа жабылған киіз тақталарда ұйықтайтын, ет жемейтін, вегетарианша өмір сүрді, таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейтін... Кеште Маша өзінің әсем, кішкене жазуымен әкемнің қолжазбаларын таза көшіріп отыратын», - деп еске алады.

Л.Толстойдың күнделігінен: «5-ші Маша, 2 жаста, Машаны босанғанда Соня өліп қала жаздады. Әлсіз, ауыр бала. Денесі сүттей ақ, шаштары ақ бұйра; көздері үлкен, оғаш, көк терең, байсалды көрінеді. Өте ақылды қыз, сұлу емес. Бұл оның жұмбағының бірі. Ол азап көп көреді, өмірде іздеумен болады, әрқашанда қол жетпейтін, мүмкін емес нәрселерді іздеумен болады...».

Толстой үшін қызының рухани жақындығы оның көмегінен кем емес еді. Ағасы Илья Львович: «Ол әкемнің жалғыздығын жүрегімен сезінді, ол біздің бәріміздің ішімізден құрдастарынан алыстап қоғамнан бас тартып, білдіртпей, алғашқы болып, әкемнің жағына шықты, оның сенімді адамына айналды», - деп жазды. Л.Толстой қызы Марияға ерекше сүйіспеншілікпен қарады. Толстой күнделігінде: «Маша маған қымбат, сабырлы, ақылды, мейірімді. Осындай досым бола тұра, мен, қалайша өмірге шағымдануға батылым барады», - деп жазады.

Мария Львовна 1906 жылы өкпе қабынуынан отыз бес жасында әкесінің қолында қайтыс болады, дәрігер Толстойға қызының дертінің үмітсіз екенін жеткізгенде, ол қатты күйініп: «Ол менің досым еді», - дейді.

6. Ұлы Андрей Львович Толстой, 1877 жылы туған, (1877-1916 жылдары өмір сүрді). Андрей Львович анасын қатты жақсы көрді, анасының сүйіктісі болды. Әкесі оның мейірімділігін бағалады. Лев Николаевич балалары Петр, Николай және Варвара қайтыс болғаннан кейін туылған кіші балалары тәрбиесіне көп араласпады. Бірақ Лев Николаевич ұлы Андрейдің есейген кезінде өте еркін өмірі үшін, шарапқа, әйелдерге деген құмарлығы үшін қатты ренжіді. Андрей Львович орыс-жапон соғысына қатысып, жарақат алады, ерлігі үшін Георгий кресімен марапатталады. Кейін жоғары лауазымды шенеунік қызметін атқарды. 1916 жылы Петроградта қан жұқтырудан қайтыс болды.

7. Михаил Львович Толстой, 1879 жылы туған, (1879-1944 жылдары өмір сүрді). Музыкалық дарыны, музыка жазуға деген ұмтылысы болғанымен көрініс таппады. Ол әскери жолды таңдады, Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысады, 1920 жылы шет елге көшіп кетеді. Түркияда, Югославияда, Францияда және Мароккода тұрады, Михаил Львович Ясная Полянадағы өмірі туралы «Митя Тиверин» атты жалғыз естелік еңбегін жазды. Үйленеді, 9 баласы болған. Мароккода 65 жасында қайтыс болды.

Л.Толстойдың екі ұлы Андрей мен Михаил отбасына көп машақат туғызады. Екеуі де нашар оқиды, олар музыкаға әуес келгенімен, бірақ, ынталары жоқ болатын. Олардың қарындасы Александра Львовна: «...Миша мен Андрюша күн сайын таңертең дау-дамаймен ұйқыдан оянатын, «Орныңыздан тұрыңыз, сағат тоғыз болды, тағы да гимназияға кешігіп қаласыз!» - деп оларды иығынан түртіп оятатын малайға ұрсатынбыз!» - деп еске түсіреді.

Лев Толстойдың өзі: «Біздің балалардың тәртібі нашар: оларға адамшылық өнеге жетіспейді. Соня менің орнатқан тәртіптерімді жігерлі түрде мұқият бұзады және оның орнына өзінің талаптарын қояды, оларға жоғары болу оңай», - деп жазды.

8. Кенже қызы Александра Львовна Толстая, 1884 жылы туған, (1884-1979 жылдары өмір сүрді). Александраны көрген көптеген адамдар оның дарындылығын, өмірге деген салмақты көзқарасын атап өтеді. Александра бірінші дүниежүзілік соғысқа мейірбике болып майданға атанады, әскери-медициналық отрядтың бастығы болады. 1920 жылы ол қамауға алынып, үш жылға сотталды, мерзімінен бұрын Ясная Поляна шаруаларының өтініштері бойынша босатылған соң ол Ясная Полянаға оралады, онда 1924 жылы білім беру жұмыстарымен қатар, мұражай қамқоршысы болды. Әкесі Александра туралы былай еске алады: «Александра жасында ашуланшақ, қызба, кейде ұлдарша дөрекі болатын», - дейді, анасы да оның мінезіне, тәртібіне бола онымен келісе алмады. Әкесі де қызына бірден жақын бола қоймады, бірақ кейін Лев Николаевич пен Александра арасында сенім орнайды, достық қарым-қатынастарға жалғасады, Александра 16 жасында Лев Николаевичтің көмекшісі және хатшысы қызметін атқарды.

1929 жылы бірінші Жапонияға, кейін Америкаға қоныс аударды. Ол әкесі туралы дәрістер оқыды, естеліктер жазды, Толстой қорын құрып, басқарды. Орыс эмигранттарына АҚШ-та тұруға көмектеседі. Александра Львовна – Америкада 95 жасында қайтыс болды.

Ең кіші ұлы Иван Лев Николаевичке өте ұқсас еді, Толстой кенжесі туралы: «Оның сұр-көк көздері сөзбен айтып жеткізе алмайтын көп нәрсені көретін және түсінетін», - деп жазды, дәл осы ұлы оның ісін жалғастырады деп сенді. Алайда тағдыр басқаша шешілді – ұлы 6 жасында жұқпалы тамақ ауруынан қайтыс болады.

Жалпы Л.Толстойдың балаларымен қарым-қатынасы оңай болмады, Толстой өзінің күнделігінде: «Отбасында өте қиын. Мен оларға ықпал ете алмаймын. Олардың барлық қуаныштары, емтихандары, музыкасы, жиһаздары, мүлік сатып алуы, мұның бәрін мен олар үшін қайғы деп санаймын, мұны оларға жеткізе алмаймын. Иә, мен айтамын, олар менің сөзімді тыңдамайды, сөзім оларды қызықтырмайды....», - деп жазды.

2010 жылғы мәліметтер бойынша әлемнің 25 елінде Толстойдың жалпы саны 350-ден астам ұрпағы тұрады, 2000 жылдан бастап оның ұрпақтары екі жылда бір рет Ясная Полянаға кездесуге жиналады.

Салауат Кәрім


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар