Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Салауат Кәрім. Өкпе...

03.08.2016 3743

Салауат Кәрім. Өкпе

Салауат Кәрім. Өкпе - adebiportal.kz




салауат.jpg

Жәкең менен мүшел жас үлкен, сақа жігіт, бөлім бастығы. Адамдарға болсын дейтін, айналасындағыларға: «қалқам», «жаным», «көкелерім» деп жүретін кісі. Оның ашуланып,өкпелеп,біреуді өсектеп, не біреуді жамандап жүргенін көргенім жоқ. Әрқашан кісілік қалпында.


Жәкең ауырып қалып, бастық бөлім жұмысын қоса ала жүр дегесін сол бойы Жәкеңе телефон соқтым. Телефонды жеңгей көтеріп, емделіп жүргенін, егілуге кеткенін айтып, кеште ағаңа өзің хабарлас деп телефон трубкасын қойды. Жәкең алпысқа таяп қалды, өмір тәжірибесі де мол, еңбек тәжірибесі де жеткілікті, оның үстіне жұмысын терең білетін адам, үнемі кішіге ақылшы, білдіртпей басшылыққа жөн сілтейтіні тағы бар, мекемеде үлкені бар, кішісі бар Жәкеңді сыйлайды, тыңдайды, оның сөзіне құлақ асады.


Түс ауа Жәкең жұмысқа өзі хабарласып, қайтарда үйге соғып кетші дегесін жұмыстан шыққан бойы Жәкеңе жеттім.Ауладағы алабай тұқымды итін ұстап, ішке кіргізді.


- Серікжан,сені, өзім деп шақырдым, Жұмыста орынша ма?.

- Орнында, қайда кетті дейсіз,аурып қалғаныңыз болмаса, - деп, көңілін көтерген боламын.

- Менікі не ауру дейсің, сырқат адамға ұқсаймын ба? Отыз жыл күн сайын екі шақырым жүгіремін, қыстың суығында шомылам, иогамен тағы бар, аяқ - қолым сау, жүзге келетін адаммын. Әңгіме көңілде болып тұр ғой, өкпемді баса алмай қойдым, содан жүйкем сыр берді ме, енді егіліп жүргенім, інім.


Осыдан бір апта бұрын директордың орынбасары қызметінен кетіп, бастық бос орын мәселесін министрлік шешетінін жеткізді. Жәкең сол бойы директорға барып департаментте кадрлар өсіп қалғанын, орынбасар жұмысын өзі де атқара алатынын жеткізеді. Бастық: «Ағасы, неғыласың, шаруаң болмасын, жұмысыңды істей бер!», - деп шығарып салады. Содан Жәкең үйіне келген бойда ауырып қалады.


- Ақымақтығыма күйіп, ауырып қалғаным. Мансап іздеді дейсің бе, не қызмет сұрады дейсің бе, көңіл ғой, бұрын кәсіби қабылетіңе, тәжірибеңе, кісілігіңе қараушы еді, – деп күле қарайды.


- Сол жұмысты өзіңде айналдырып алып кетер едің, – деп мені де мүсіркеп қояды.


Жәкеңнің өкпелейтін жөні бар. Он екі жыл департаментте тапжылмастан жұмыс істейді. Өткен жылдары сегіз бастық, осыншама орынбасар ауысқан шығар, бірі келіп, бірі кетіп жатады, жұмыс істейтін Жәкең көзден таса қала береді. Жәкең білікті инженер, заводтан бастады, бұрын облыстың атқару комитетінде, одан кейін әкімдікте, департамент құрылғаннан бері осында еңбек етіп келеді. Шынын айтсам, біле білген кісіге жол - Жәкеңдікі, бірақ та оны біліп жатқан ешкім жоқ, туғанынан қырсық болып туған бастық ондайды қайдан білсін.


Жәкеңнің көңілін алдап: «Көрмес тауды да көрмес» деймін.


- Серікжан, «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» дейтін заман. Артыңда сүйенішің тұрмаса, тірегің, өзің айтқан «крышаң» болмаса, біреудің қолына су құйып жүргенің, – дейді өкпесін баса алмай.


Екі ортада Жәкең ұлы Санжар телефон соқты. Шанхай университетін бітірген, ағылшын, қытай тілдерін тәуір білетін маман қабылетіне қарай жұмысқа кіре алмады, бұрын гимнастикадан спорт шеберлігіне кандидат, қазір иогадан нұсқаушы. Әкесінің қал жағдайын сұрап жатыр. Жәкең үйінен түн бата қайттым.


Ертеңіне директор жаңа орынбасарын таныстырды. Бастықтан үш жас кіші, жасы жиырма бесте. Үш жыл министрлікте басқарма бастығы болып үлгеріпті. Біреулер әкесі сенатор, «трамплин» үшін жіберген ғой деседі.


Тәңертең менде жүгіремін. Жүгіріп келе жатып бәрінде ойлайсың, бала – шағаңды ойлайсың, ауылдағы әке -шешеңді ойлайсың, еліңді ойлайсың, өкпеңді басасаң, тазартасың. Жәкеңнің өкпесіне қайран қаламын, бастық болам деген. Бір жағынан көңілі әлі жас, қайраты жетеді. Кім бастық болғысы келмейді?


Жүгіріп келем. Директордың орынбасары қызметіне кімді қойса соны қойсын! Мен әділдікке сенуден қалғанмын. Әділдік, адалдық, кісілік, ар- ұят дегендер жоғалғаны қашан?! Билікте оны неғылсын, оның не екенін де білмейтін шығар, құзғындары ашылған ашкөз, жарымаған билік. Басынан солай кетті. Бұл елде сатылмаған ештеңе қалмады: қызметте, лауазымда, атақта, ар – абыройда, жерде, жердің үстіндегісі де, астындағысы да....Адал қызмет етейін десең, оны сатып алу керек. Иә, солай де!


Мынау жиырма бестегі жігіт мың жерден дана болса да қызметке өзінің ақылымен келді дейсің бе? Әрине, жоқ, біреудің баласы, не жиені, не күйеу баласы, жақыны, не біреудің туысы, танысы.


Тоқтап демімді аламын, ішімнен: «адал жүргенге, адал өлгенге не жетсін» деймін, өзімді тағы бір алдаймын, өкпемді басамын, одан әрі жүгіремін.


Жәкең ақылға салды ма, жұмысқа шыққан бойда жұмыстан босату жөнінде өтініш берді. Бұрын өзі істеген заводқа қайтты, құрылтайшылары оны басшылық қызметке шақырса керек.


Жақында Жәкеңді көрдім, құшақтап жатыр, көңілді. Өкпесі қайтқан-ау деймін.


2009 жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар