Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Сәлмен Құлбарақ. жер үстінде де жұмақ бар...

27.12.2019 3492

Сәлмен Құлбарақ. жер үстінде де жұмақ бар 12+

Сәлмен Құлбарақ. жер үстінде де жұмақ бар - adebiportal.kz

Жазушы Қуаныш Жиенбайдың жаңа романы «Жер үстінде де жұмақ бар» (Роман, әңгімелер. Алматы: ЖК «InterBesCompany», 2017. – 480 б.) деп аталады. Апыр-ай дейсің, анда шырылдап жатқан қазақ, мында еңсе көтере алмай, есесі кеткен қазақ, сонда қазақ үшін жер үстіндегі жұмақ қайда екен деп ойлайсың. Бәлкім, бұл жазушының оптимизмі болар?!

Бұған романды оқи отырып көзіңіз жетеді. Көркем шығарма күнделікті өмірдің күйтің тірлігін термелеу емес. Көркем туындының басты шарты – қоғамның психологиясын суреттеу, осы кезеңде өмір кешіп жатқан халықтың тыныс-тіршілігіне бойлау болып табылады. Бұл өте күрделі және бір арнамен шешіле де салатын жеңіл жүк емес.

Осы ретте төңірегін суландырып, тіршілік нәрін беріп, байсалды ағып жататын қасиетті Сырдария ойға келеді. Бұрындары жайқын су арнасын керіп, баяу, шымырлап өз бағытымен ағып жататын. Сырттай моп-момақан секілді көрінеді. Ал шындығында солай ма? Жиекте тұрып аяғың сәл тайса, жұлқи тартып ала жөнеледі. Сырттай момақан болып көрінген судың жойқын күшін сонда барып бүкіл денеңмен сезінесің. Ал иіріміне кез келсең, шыр айналдырып тұңғиығына тарта жөнелгенде, иманыңды үйіресің. Ал оның көзге көрінбейтін тереңіндегі ағыстарының қуаты мен қарама-қайшылығы, өзара соқтығысы қаншама!

Қасиетті Сырдарияның осы бейнесін көбірек жіпке тізуміздің себебі – жазушы Қ.Жиенбайдың «Жер үстінде де жұмақ бар» атты романының жазылу стилін осыған ұқсатуымызда. Автор атыс-шабыс, жеңіл тартыс, сөзуарлық диалогтен бойын аулақ тартады. Жазушыға ең басты керегі және барынша қызықтыратыны – адамдардың жан дүниесінің тереңіндегі қарама-қайшылықтар мен солардың арпалысы, итжығысы, өзін-өзі іздеуі, табуы және таба алмауы, сарсаңға түсуі тәрізді. Уақыттың қоғам осылай алға тартқан шетін жайлары бас кейіпкер Көбейсіннің көңіл түкпіріне мықтап орнығып алады да, содан соң оған бөрітіп піскен сыздауықтай берекет таптырмай тынышын алады.

Төретам стансасы депосының бастығынан жабық қаланың мэрінің орынбасарлығы қызметіне ауысқан Көбейсінді, тұтастай алғанда, осылай қабылдауға болады. Бір қарағанда, бәрі жақсы: жұмысы орнында, қызметіне деген жауапкершілігі де жоғары, ешкімге қамшы салдырмайды, жұмысының ыстық-суығына көніп, бір кісідей дөңгелентіп әкетеді. Бұрынғы жұмысы да жауапты әрі мазасыз болатын. Күн-түн демейді, ыстық-суыққа да қарамайды, шұғыл хабар түссе, Көбейсін әйелі алдын-ала дайындап қоятын столдың үстіндегі бір кесе ағарғанды жүре ішіп кете беретін. Ау, ғарыш кемесіне қажетті жабдықты тиеген ауыр составтың бір минут те кешігуге қақысы жоқ. Қашан діттеген жеріне жеткенге дейін жанын шүберекке түйеді. Соңғы қызметінде де сол мінезі, сол қалып: қызметтің ең ауыр салмағын, жауапкершілігін мойнына артып алып, тыным таппайды. Соған сәйкес материалдық жағынан да, құдайға шүкір, ешкімнен кем емес, анау-мынау жетпейді деп те әлі күнге дейін басын қатырған емес, қасындағы шаруаға мығым, көрікті әйелі де қас пен қабағына қарайды. Бұдан артық не керек дерсің?!

Жоқ, олай емес екен. Жазушы Қ.Жиенбай кейіпкерінің болмысы өзгеше. Бұрынғы бір мақаламызға арқау еткен хикаят, әңгіме («Тоқта, өлесің бе...», «Ұста») кейіпкерлері де осындай еді: өзінің елден алабөтендігі жоқ қарапайым тірлігіне қарамастан, ойшыл болатын, ішкі жан дүниесіне көбірек үңілетін, мазасыз көңіл-күйінің жауабын іздеп, кейде соның құрбандығына да шалынып кете баратын. «Жер үстінде де жұмақ бар» романының кейіпкері Көбейсін де осы сипатта екен. Мәскеуде жүріп білім алған, ысылған, талапты да зерек оны төңірегінде толғандырар түйткілді жайлар көп.

Көбейсіннің осы беймаза азаматтық көзқарасымен, ішкі жан дүниесіне үңілумен Қазақ елінің әлемге мәшһүр, адамзат алғаш рет ғарыш кеңістігіне жол тартқан, кешегі күннен бүгінге мирас болып жеткен даңқты Байқоңырдың қазіргі тыныс-тіршілігі, күрделі әлеуметтік-экологиялық мәселесі бейнеленеді. Бұл ыңғайда жазушы шығарманың кілтін таба білген дейміз. Әлеуметтік-экологиялық теңсіздікті суреттеуде ауасы, суы, жері ортақ, бірақ тұрмыс-тіршілігі, тіпті көзқарасы мен мүддесі бір-біріне қарама-қайшы келіп жататын үш контрастыны таңдап алып, романның бүкіл оқиға желісін соның аясында өрбітеді.

Романдағы жазушы басымдық беретін үш нүкте қайсы? Біздіңше, бірінші нүкте – ғарыш айлағы, жабық қала. Адамзат ой-санасы мүмкіндігінің қазіргі таңдағы ең шырқау биігі. Бұл қасиетті өлкеден өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында-ақ адам баласы аспан кеңістігіне құлаш ұрған. Алдымен аспанға тәжірибе ретінде ит ұшырылды, кейін адамдар ұшырыла бастады. Бұл өңір дүние социалистік және капиталистік деп аталатын екі шепке бөлінгенде, Кеңес Одағының өзгені ықтырар құдіретті айбынына айналған. Ал қазірде... Кеңес мемлекеті келмеске кетсе де, оның өктем мұрагері Мәскеудің тынымсыз коммерциялық айлағына айналған. Ғарыш айлағынан ғарыш кемесі үсті-үстіне ұшырылып жатады. Тек мол қаражатты құй. Ғарыш кемесі жарылып жатыр-ау, ол қазақ даласына құлап, адам өміріне қатерлі гиптель төгіліп, онсыз да шұрқ тесікке айналған даланы аяусыз улап жатыр-ау... Коммерциялық мақсаттың онымен ісі жоқ. Талабы қатал, тек белгіленген кестені орындау керек. Пайданы үсті-үстіне тауып жатса болғаны. Романдағы Көбейсінмен қатар суреттелетін тағы бір кейіпкер, жабық қала мэрі Евгений Ильич мұны жақсы біледі. Бірақ ол өз мүддесінен, мәнсабынан асып кете алмайды. Мәскеудің алдында дәрменсіз, бұйрықты орындаушы ғана. Ауа райы қатаң аймаққа әйелін әкеле алмаған қала мэрі осы өңірдің уақытша тұрғыны, басшысы екенін де іштей жақсы сезінеді. Сондықтан көп нәрсеге бас қатырғысы келмейді, тек Мәскеудің бұйрығын орындап жатса болғаны. Мұны Көбейсін де жақсы біледі. Ішкі алаңдаушылығы мықты, кей сәттерде Евгений Ильичпен келіспей қалып жатқанмен, шындап келгенде, оның да қолынан артық ештеңе келмейді, қолы байлаулы, шарасыз, тіпті мұның мұң-зарын құлаққа ілер, елер Мәскеу жоқ. Дегенмен, Көбейсіннің мазасыздығы – ар-ождан алдындағы мазасыздық. Оның ішкі қарсылығы – Байқоңырдың байырғы тұрғындардың жан күйзелісінің шындығынан бастау алған.

Жазушы әлемдік ғарыш айлағындағы әлеуметтік-экологиялық кереғарлықты бейнелеуде – сол аймақтағы екінші бір тіршілік нүктесі Төретам стансасына көңіл аударады. Романның алғашқы парағынан-ақ аспан айналып жерге түскендей аптап ыстықтағы станса басының жұтаң көрінісі Көбейсіннің қабылдауымен суреттеледі. Бұрын депо бастығы кезінде жұмысбасты болып, жауапкершіліктен басын көтере алмай қарбаласып жүріп, көп нәрсені аңғармаған болар-ау. Байқаса да, тереңдетіп ой қаузауға мұршасы болмаған шығар. Енді қайда асығады?

«...Теміржолға ентелей қоныстанған қазақы үйлердің қам кірпіштен тұрғызылған аласа шартағы, жартылай құмға көмілген терезелері, қаңылтырмен қапталған ұп-ұзын мұржалары, бір-бір шаңырықтың төбесіне орнатылған спутниктік антенналары мың жерден қалпағын қақырайтсаңыз да бұл сурет сірә, жолаушылардың көңілін көншітпейтін болар. Біреулер бастарын шайқайды, біреулер аяушылық білдіреді. Космодром және Байқоңыр іргесіндегі қазақ ауылдары дейтін бір-біріне мүлдем қабыспайтын, қабыспақ түгілі қарадан-қарап кісінің ит жынын тырыстыратын осы бір атамзаманнан келе жатқан кереғар ұғымды балталап тастайтындай, ішінен кіжінетіндер қаншама. Айбат көрсетеді кәдімгідей. Ал сол аласа шартақтың қамыс есігінен басын қылтитқан жалаң аяқ, жалаң бас қара бала шақырайған күннен көзін көлегейлеп, жүйткіп өткен пойыздарға «жолдарың болсын!» дегендей әлжуаз қолдарын әнтек көтереді. Мұнысы, әрине, ішің жылитын-ақ құбылыс».

Көбейсіннің көңіл толқынысымен берілетін осы іспеттес мол суреттеулер, бір қарағанда, шығарманың динамикасына салқынын тигізетін тәрізді. Оның үстіне кәрі қаншықтың тірлігімен, көзімен, сезінуімен өрілетін көріністерді қосыңыз. Алайда автор мұндай детальді суреттеуге әдейі баратын секілді. Суреткерлік мақсат-мұратын да осымен аша түсетін сияқты. Өйткені экологиялық зардапқа мелдектеп отырған осы қазақы көнбіс тіршілік пен қиюы қиыспаған тұрмыс – ХХІ ғасырдың екінші онжылдығындағы әлемге әйгілі Байқоңыр өңірінің ортақ пробемасы, бейнесі. Сондықтан да автор оны кейіпкерлерінің (Көбейсін, Евгений Ильич) түрлі психологиялық дүмпулерімен тереңірек бейнелеуге ден қояды. Бұл ыңғайда, біздің ойымызша, автор реализмі жоғары деңгейде. Кейіпкерлерінің әр алуан көңіл-күйімен, қатысымен әспеттеп, ситуацияны шынайыландыруға ұмтылыс жасайды.

Өңір тарихы, тіршілік көрінісі... Бұл әдебиетте бұрыннан бар дәстүр. Мәселен, М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясымен қасиетті Шыңғыстау өңірінің мол панорамасымен танысамыз. Қазақтың жоталы сар даласы бар келбетімен, сұлулығымен көз алдымызға келеді. Ә. Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» роман-дилогиясымен өлімші халге түскен Арал теңізі тағдырын елестетеміз. Жазушы теңіздің ақырғы демі мен бұлқынысын қаламының құдіреті жеткен жеріне шейін қопара суреттейді. Біз де Қ.Жиенбайдың романынан осы сипатты көреміз. Аспанға ғарыш кемесі толассыз жол тартқан Байқоңыр өңірінің қасиетті де жұтаң, қайшылықты бейнесі кеңінен көрініс береді. Автор осыған басымдық жасайды. Әдебиетте бұрын космодром бейнесі Ш. Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» атты романымен көрінсе, енді Қ. Жиенбайдың романымен толыға түскен.

Романдағы үшінші нүкте – қасиетті Қорқыт кесенесі. Бұл бейненің символдық мәні басым. Бұл – қазақ даласының киелілігінің көрінісі. Қорқытта қазақтың ертеден қалыптасып, кешеден бүгінге жалғасқан дүниетанымы, салт-дәстүрі, наным-сенімі, түптеп келгенде, күллі рухы бар. Сондықтан да Мәскеуде оқып, білімімді жетілдірдім десе де, өмірдің талай талқысы мен қызметтің талай сынынан өттім, есейдім, тарлан тарттым десе де, романның бас кейіпкері Көбейсін ақыр соңында бар жан-тәнімен төңірегіне нұр шашқан Қорқыт баба рухына ұмтылады. Өйткені ол – өткен мен бүгіннің жалғасы. Бүгін өткенсіз болмайды. Бүгін өткеннен қол үзсе, ол мәңгүрттенеді, өшеді, мәнін жояды.

Біздіңше, қасиетті Қорқыт кесенесі бейнесінен осындай философиялық тұжырым байқалады. Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды.

Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды.

Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» деп жазды.

Осы тұрғыдан келетін болсақ, бүгінгі заманның шындығында шыңдалып өскен, оның озығы мен тозығын жақсы сезініп, қазіргі уақыттың өзекжарды мәселесімен беттескен Көбейсіннің Қорқыт баба рухын жан дүниесімен іздеуі, соған ұмтылуы – бас кейіпкердің тереңнен дүмпу алған шарқ ұруы деп білеміз. Қазақтың қазақтығы да сол ескі құндылықтардың асылын сақтай алып, бүгінмен байланыстыра алуында. Болмаса түсің ғана қазақ болып, тамырыңнан үзіліп, мәңгүрттенуің, жоғалуың қазіргі жаһандану кезеңінде түк емес.

Романдағы үлкен тартыстың жаңғырығы да осы Қорқыт кесенесіне қатысты дамиды. Қорқыт кесенесі әлем назарына ілігіп, туристер келе бастайтын орынға айналғанда, жеке пайдасын ойлаған жандар (Көбейсіннің туған қайнағасы Сағыныш, ағасы Ебейсін) оның қасынан жер алып, пайдасы мол сауық-сайран орталығын салуды көздейді. Олар қызметтік беделдерін (бірі ірі министрлік қызметкері, бірі ірі бизнесмен) салып, қаланың мэрі Евгений Ильичке шығады. Табанының бүрі жоқ, жеңіл атақ-абыройды иеленгісі келген қала мэрі оларға жер бөліп беруге уәде етеді. Көбейсін мен Евгений Ильич арасындағы бітіспес, қажауы мол тартыс осыдан өрбиді. Көбейсіннің қазақтың киелі орны Қорқыт кесенесінің маңын арзанқой сауық-сайран орталығына айналдыруға жол бергісі жоқ. Киелі орынды қызғыштай қориды. Осындай текетірес сәтте Евгений Ильич ақыры илікпеген орынбасарына қазіргі уақытта жиі көрінетін, ешкім таң қалмайтын дәрежеге жеткен қорқытып-үркіту тәсілін қолданады. Қол қаруы мықты жігіттер Көбейсінді алып кетіп, айдаладағы, адам аяғы баспайтын жеке сарайда бірнеше күн қамап ұстайды. Сусыз, тамақсыз, есінен танған бірнеше күн қасиетті Қорқыт кесенесінің ғажайып сипатына деген қайта оның іңкәрлігін арттыра түседі. Кемітпейді, қайта еселендіреді. Неғұрлым қиындықты көрген сайын, мына заманның жеке бастың қамын ойлаған күйтің тірлігінің қарқын алғанын сезініп, жерінген сайын ол Қорқыттың ғасырлар тереңінен күңіренген өлмес, ұлттық рухына жақындай түседі. Бұрын-соңды сезінбеген, басынан өткермеген сағынышты сарындар Қорқыт бабаның жаңа қырларын аша түседі. Сөйтіп Көбейсіннің жан дүниесінде аспанға құлаш ұрған ғарыш кемелерімен бірге Қорқыт бабасының бейнесі асқақтай, биіктей береді. Тек оны көре, сезіне алатын іңкәр, ыстық жүрек керек. Тасжүрек үшін ол жабық. Қазіргі замандас бейнесі Көбейсін образының халықтық сипаты осында деп білеміз.

Романның жазылуынан, жалпы композициясынан өзіндік ерекшелік байқалады. Түйіліп, жауар бұлттай түнеріп келе жатқан тартыс, көзқарас-мүдде алшақтығы бірде Көбейсіннің, бірде Евгений Ильичтің, бірде Ебейсін мен Сағыныштың, бірде Көбейсіннің әйелі Ақкербездің жандүниелік суреттелуінен қылаң беріп, дамып отырады. Оқырман романды оқи отырып, олардың беттесуін, алақиғаш тартысуын, өзара өткір диалогын күтеді. Шығармада бұған негіз бар. Көбейсіннің қайнағасы Сағыныш – қазіргі уақыттың атақты пайдакүнем бизнесмені. Оның иісшіл танауы мен қырағы көзі пайдалы жерді тым алыстан, елден бұрын сезеді. Пайдалы сәтті ешуақытта құр жібермеу – оның өмірлік принципі. Өткірлігі және бар. Көбейсіннің жастық өмірінің, махаббатының кілт өзгеріп, асты үстіне түсіп, Ақкербезге үйленуінде Сағыныштың қызметі ерекше. Бүгінде жайқалған бәйбішеге айналған Ақкербездің ағасының сөзін сөйлеуде, тіпті күйеуінің етегінен басып отырып, дегенін істетуде мүмкіндігі мол. Сағыныштың айнымас досы, оның талай қолдауына ие болған Көбейсіннің ағасы дөй қызметкер Ебейсін тағы бар. Бұған Ебейсіннің ықпалынан шыға алмаған жабық қала мэрі Евгений Ильичті қосыңыз. Шартта-шұрт айқас алаңы дайын тұр. Бірақ автор бұл пафосқа бармайды. Сол тартыстың көкірекке түскен зілін, айықпас дертін бірде Евгений Ильичтің, бірде Көбейсіннің қабылдауымен, дағдарысымен, күйзелісімен суреттейді. Бұл ретте жазушының өзіндік жетістігі көзге түседі.

Жазушы кейіпкердің стандарттылығынан бас тартады. Оқырманның ықыласын аударатын, автор үлкен көркемдік жүк артқан романның бас кейіпкері Көбейсіннің өзінің де өмір жолында осалдық танытқан, мүлт кеткен кезі бар. Мәскеуде оқып жүріп, үйленбей кеткен өзге ұлттың қызының бойында оның баласының кетуі, арада біраз уақыт зымырап өтіп, оны тағдыр айдап, сонау алыс Еуропадан Байқоңыр ғарыш айлағына, ұшу алаңына келе жатуы көп жайды аңдатады. Иә, өмір дегенің қолмен сызылған түзу сызық емес. Кім-кімнің басында үлкенді-кішілі «әттегенайы» болуы мүмкін. Оны сыртқа шығарып айтар-айтпас, ол жеке бастың шындығы. Қ.Жиенбай романының бас кейіпкері Көбейсін де осындай жан. Сүрінген, жығылған, қайта тұрған. Енді тағы да айтқанға көнбегені, айдағанға жүрмегені үшін зорлықшыл қолдан соққы алып отыр. Бірақ илеуге көнбеді. Қалай дегенде, өзінің ар-ождан тазалығын, туған жерге, адамдарға деген мәңгілік сағынышын сақтап қала алуы Көбейсіннің адамдық, азаматтық жеңісі.

Роман жанрын қазіргі дамыған әдебиетте әр алуан түрге бөліп жатамыз. Қ.Жиенбайдың «Жер үстінде де жұмақ бар» романы, біздіңше, әлеуметтік-психологиялық роман. Қазақстанның байырғы да даңқты мекені Байқоңырдың әлеуметтік-экономикалық жайын жазушы кейіпкерлерінің тағдырымен астастырып бейнелейді. Романдағы образдар көзқарасы мен өмірлік ұстанымы тұрғысынан әркелкі. Мұнда жеке пайдасын да ойлайтындар да бар, олар жең ұшынан жалғасып та жатады, болмайтынды болдырам деп алас ұрады. Аз-кем болса да, оларға қарсы тұратын принципшіл тұлғалар да кездеседі. Олардың өмірі жеңіл деп те, үнемі жеңіске жетіп жатады деп те айта алмайсың. Тек өз мемлекетінің мүддесін көздеген, солардың талабымен жұмыс істейтін, Байқоңыр өлкесінде өзін уақытша сезінетін адамдар да, келіп-кетушілер де шығармада көрінеді. Мұның барлығы өмірдің өзінен алынған, жазушының өмірден әдебиетке жетектеп әкелген кейіпкерлері. Сондықтан мұндай әр алуандылық, көзқарастар қайшылығы романның реализмін, проблематикасын өткірлей түскен.

Шығарманың жазылу мәнері, тілі туралы бірер сөз. Қаламгердің өзіндік жазу машығы қалыптасқан. Суреттеу объектісін бетінен қалқып, қысқа қайырмайды, жоғарыда айтқанымыздай, кейіпкердің қоршаған ортаны қабылдауын, сезім-түйсігін, жан дүниесінің ішкі иірімдерін тереңдей суреттеу, детальге мән беру – жазушының стильдік даралығы десек қателеспеспіз. Сол себепті де романда суреттеу объектісі басым жағдайда кейіпкердің қабылдауымен, қатысымен, жан дүниесінің сезім-сырларымен беріледі. Кейіпкердің көңіл-күй әуендері сөйлем құрылымдарына, түрлі реңктік мәнді күшейтуге ықпал жасайды. Мәселен, «Оу, қайдағы цивилизация, көкешім! Өмір бойы Төретамның улы шаңдағын жұтқан ит өмірінің ақырғы қорытындысы мінекей!», «Өз ішімізден шыққан бала ғой» деп осынша басынудың түбі жақсылыққа апара ма? Ай, сірә, апармас! Ой, тілеуіңді бергір-ай, ондайда өткен-кеткенді ақыл тезіне салып, безбендейтін шама қайда», «Со-лай, сірә, бұлардың бастарын әлдебір сиқырмен дуалап тастаса да бізден көрмеңіз?!» деп келетін сөйлемдерде бірінші кезекке кейіпкердің қабылдауы, ойы, эмоциясы шыққан.

Мұндай сипат романның өн бойына тән десек, шығарманың оқылуы да өз оқырманын таңдайды. Шындығы керек, қазіргі қайбір туындыларда телеграфтық жазу, қысқа қайыру, соған сәйкес шығарма тілінің жұтаңдығы байқалып, қазақ тілінің мол байлығы, көркемдігі көрінбей жатады. Қ.Жиенбай шығармашылығы Ә.Нұрпейісов («Соңғы парыз» дилогиясы), Т.Ахтанов («Боран» романы) бағытындағы классикалық дәстүрге берік. Қазақ тілінің мол байлығын, көркемдік палитрасын неғұрлым кеңірек қолдануға, ашуға ұмтылыс жасайды.

Түйіндей айтқанда, жазушы Қ. Жиенбайдың «Жер үстінде де жұмақ бар» романы қазіргі қазақ прозасындағы өзіндік ізденіс, орны бар шығарма деп білеміз. Әлемге танылған қазақ жерінің атақ-даңқы мен әлеуметтік-экологиялық мәселелері кейіпкерлердің әр алуан көзқарасы, тайталасымен қатар алынып суреттеледі. Шығармада сондай-ақ Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған жаһандану иірімінде ұлт болып қалу үшін озық дәстүр-салтты, ұлттық құндылықтарды сақтау қажеттігі кейіпкер тағдырымен көрініс берген.

Иә, жазушы айтпақшы, жер үстінде де жұмақ бар: ол – туған жерің, қасиетті Отаның. Көбейсін күншілдердің қастығына ұшырап, қамалып, азап шексе де, өзгелер үшін сортаң тартқан, ауасы құрғақ, өмір сүруге жайсыз, тал-дарағы сирек туған жерінен бәрібір безінбейді. Безіну тіпті ойында жоқ. Өйткені ол бүкіл тағдырымен, шыр етіп дүниеге келгенде-ақ кіндігімен туған жеріне байланған.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті

«Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының

директоры


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар