Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Салтанат Қайырбек. Барлығын өзіңде қалдырам

21.04.2020 1991

Салтанат Қайырбек. Барлығын өзіңде қалдырам 16+

Даланы кермиық,

Шыңдарды ең биік.

Жарасыменен, зарымен,

Мұздықтарымен, қарымен.

Сүйеді күн қалай?

(Ешкімді тыңдамай...)

Көңілдің киесі,

Дегенін қылар күн

жүйесі.

Талғамдар жанасып.

Көңілдің көңілге жаны ашып.

Зердеме қарайды күн болып -

Көздегі қарашық.

***

Бозторғай жүректің шырылы -
Музыка болсыншы бір ұлы.
Өмірі жайында,
адамның
Даусының бояуы, дірілі.

Жүректер сияқты ымдасқан -
Тылсым да тартымды түнгі аспан.
Сыр бермес көңілді әндерден
Дауысты еститін мұң басқан.

Тағдыры тартыста жықса да,
Еленіп шыңдарға шықса да.
Іздейді шынайы бір үнді,
Саңылауы бар түпсана.

Жақыннан көретін алысты,
Көгершін көңілі тағы ұшты.
Өмірі - шуақ шығар деп,
Тыңдап тұрамын дауысты.

***

Жылт етіп жадымда қалады-ау,

Бұл әуен мен үшін даралау.

Дауысқа,

мейірім қылады кім жырға?

Осынша төзуге бола ма шынжырға?

Ұша алмау - өзіңді аралау.

Мүмкін бе аспанға қарамау?

Еріксіз күлімдеу,

Төзімді тілімдеу -

Оңай ма, білінбеу?

Ойыңмен оңаша күн кешу,

Орманда қалып қойғасын -

Жұлдызбен тілдесу.

Саршұнақ аяздар - мұздыкі

Сардала атырап - күздікі.

Сарғалдақ әуендер аяулы -

Біздікі...

Біздікі...

Жүрек.

***

Жанды сақтар тіршілік, тасып айла.
Мені маған көрсетпе, жасыр, айна!
Қалған көңіл...
Мен іздеп тапқаныммен,
Саналы ғұмырымның басы қайда?

Қарсылығым - найзағай жарқылдаған.
Арғымақтай күш керек, қарқын маған.
Ақша бұлттар, көк аспан -
Еленбеген
Менің аңғал кездерім аңқылдаған.

Білемін мен беттісін, сұрапылын.
Тұнып тұрып мейірім қылатынын.
Жаңғыратын тұлғаның тау жүрегі-
Басынан да жоғары тұратынын.

***

Сезімдер сарқылмас.
Тебіреніс таусылмас.
Жан сарай жаңғырды.
Жүрегің даусын бас.

Сүйкімді, сымбатты.
Бұл сезім үн қатты.
Бастады әуенді,
Басқаша ырғақты.

Клавиштей
Арасы - шақ қана,
Өмір де ақ-қара.
Диапазон биіктік тапқан ә?
Квинтаға асуы сәт қана.
Жүрегің шыр етсе,
Жеті қат - октава!

***

Ойларымды қорғаштап өскен менің,
"Басқа шауып," мұңым не, "төске өрледім".
Олар...
Ойлар шықпайды іштерінен,
Достан жақын, жақыннан дос көрмедім.

Саясы жоқ адамдар қурай құрлы.
Жалығып кеттім күтіп бір айбынды.
Түсім суық, көңілім суымады,
Жүрегім былай қылды:

Сезімдегі әбестік, басқа да мін.
Бөгет емес.
Шырқайды асқақ әнін.
Сезім деген өзім ғой, сөзім-өлең,
Тіршіліктің іздемес басқа амалын.

***

Жүрегім,

Жылама.

Барлығын өзіңде қалдырам.

Сұрама кешірім.

Ұмытқың келмесе есімін.

Сен менің алдымда кішірме,

Бақытты болуым үшін де!

Және де мойыма,

Түсіргенің үшін ойыма.

Өзгені өзім-ақ сомдаймын.

Тек сен емес...

Тәкаппар болмаймын.

Мен тартып алмаймын-

Көңілге түскен сәулені.

Ұяңдықты, әурені.

Қалам тербеткен қуатты,

Шумақтарды, шуақты.

Мен сенен тартып алмаймын.

***

Дағдарыс құйындары.
Күнкөріс жайындағы
Басқосу, жиындары.
Көктүтін кептелістер,
Тіршілік, тиын қамы.
Құнды, қымбат болса да,
бұйымдары,
Ешкімнің уақыты жоқ
Үйінде әлі.
Бұлдыр да бұлыңғырлау -
Құдайға сыйынғаны.
Тозып кетті айнала,
Мегаполис миымдағы!

Сөйте тұра...
Істен емес, тамақтан ұшынамын.
Төнсе дағы көңілдің тұсына мың.
Індет берген уақытты
Еркін құстай басымда ұшырамын!

Дүр сілкінтіп әлемді қойған мынау,
Жағдай жайлы жан-жақты ойландым-ау.
Тәттілерді дәмдірек қолдан жасау,
Ойыншықты пайдалы ойдан құрау.

Қу тірліктің тапқанмен сан амалын,
Өз әлемім өзіме шала мәлім.
Мен енді ғаламға ойды шашып тастап,
Үйіме қамаламын.

Әлемде шу.
Карантин.
Қала тыныш.
Елеңдейді адамзат, жаратылыс.
Ақ саусақтар қолдарын сүтке малып,
Ақ халатты жасайды қара жұмыс.

О, Жер-Ана!
Жабырқау, алаң еді.
Індет - уайым, пайымды ала келді.
Өмірде әр адам бір әлем болса,
Тазарардай әлемнің әр әлемі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар