Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Сәнді Ақылай. Нәрестенің кегі...

31.07.2019 6096

Сәнді Ақылай. Нәрестенің кегі 16+

Сәнді Ақылай. Нәрестенің кегі - adebiportal.kz

әңгіме

Ол таулы аймақта туса да, тағдыр тәлкегі оны әлдебір себеппен алыс құмды Арал теңізінің жағалауындағы шалғай ауылға жетелеп кетті. Оның шын аты - Жайлыбала еді. Жұртпен Жамал деп танысып, жалғыз қызы Гүлнәрін жетелеп, ауылнай бөлген қойшының көмекшісі болып кәсібіне кірісті. Оның бар жұмысы сиырларды сауып, қойларды дәрілеу. Кейде сақман кезінде жұмыс көбейіп кететін еді. Оның бар мақсаты қызын өсіру, оқыту еді. Фермаға келген кездейсоқ адамдардың қойған сұрағына жауабын келте қайыратын. Жұмбақ әйелдің жүріс -тұрысынан жұрт түрлі өсек шығарып, сан-саққа жоритын еді. Қызы мектеп қабырғасына іліккенше бес жылдай осы қыстақтың сеніміне еніп, бар шаруаны үйіріп әкетті. Кешікпей қызы ауыл орталығындағы интернатқа орналасып сабаққа ілікті. Қызы каникулдарда келгенде осы қыстақта той болғандай ерекше күй кешетін. Бар тәттісін жайып, көршілерді шақырып абыр-сабыр болатын еді. Осы бес жыл ішінде Жамалды іздеп ешкім ат ізін салмады. Жамал да ауылдан ұзап ешқайда бармады. Өзіне берілген екі бөлмені тап -тұйнақтай етіп әдемілеп қойды. Ол іс тігіп отырғанда ән айтып отыратын. Сондықтан оның даусын есту үшін көршілер үйдің сыртында жиылып қалатын. Бір қызығы кісі көзінше ән салмайтын. Әнінен ерекше бір сағыныш пен мұң есіп, әуезді әуен адам жанын баурап алатын. Неге екенін қайдам Есенбайдың Хадишасынан тарам-тарам жас ағып тыңдайтын. Жамалға бәрі қалыпты еді. Уақыт өтіп қызы оныншы сыныпты бітіретін жазға да жетті. Сол жылы ғана Жамал еліне барып он күндей жүріп бой жазып келді. Уақыт өз дегенін жасап шашына ақ, бетіне әжім түсірді. Қызы мектеп қабырғасын жақсы бағамен бітіргенімен Алматыға оқуға түсіре алмады. Орыс тілі пәнінен тапсыра алмай құлап қалып ауыл орталығындағы наубайханаға бір жыл істей тұруға келісті. Келесі жылы қалаған оқуына қайта тапсырмақ. Жамалдың да денсаулығы сыр бере бастады. Бар жиған малын сатып, ауыл орталығынан үй алып қойды. Қызы Гүлнар да қуанып енді өз үйіне қонатын болды. Ал Жамал тағы екі жылға қыстақта қала тұруға келісіп, жеңіл жұмыстарды атқара бастады. Ол бүгін әдеттегіден кеш тұрып бойын бір зілмауыр күш басып құлазып отырғанда есікті Хадиша тарсылдатып әкетіп барады. Хадишаның тегін келмейтінін білді. Сүйретіліп барып есікті ашты. Пештің үстінде ызылдап тұрған шәйнектің астына екі үш сексеуілді ытқытып жіберді. Қызыл шоқпен қабысып қураған сексеуіл лапылдап жанып үйді көңілдендіріп жіберді. Хадиша Жамалдың орнына отырып Жамалға төрге отыруын өтінді.

- Қыз ау, менің қолымнан шай іш. Үйге де келе бермейсің. Ауырғалы ән де салмай қойдың, - деп пеш пен үстелдің ортасында қолды аяққа тұрмай зыпылдап кеткенінен секем алды.

Жамал төр үй жаққа кіріп қызыл халатын киіп шықты. Қолжуғышқа пештің үстіндегі жылы суды құйып тұрғанымен, ойы Хадишаның суыт жүрісінде болды.

- Қыз ау, мына халатың қандай керемет. Өзің тіктің бе?


- Жоқ. Тікпедім. Гүлнәрім алғашқы табысына осы халат пен бір жақсы ақ құман әкеп берген еді. Осындайда киіп тастайын, - деді де бетін сүлгімен жүре сүртіп Халишаға қарама қарсы орналасып, лезде қайта ұшып тұрды. Дастарханға төргі бөлмеден тәттілерін әкеліп салды. Біраз үнсіздіктен соң Хадишаның дірілдеп шыққан үні бұзып жіберді.

- Жамалжан, сәл сабыр ет. Бұл әңгімені менен басқа тірі жан білмейді. Нан ұрсын. Үнсіздік. Әлдебір суық хабар әкелгендей Жамалдың қызыл халатының үстінгі түймесі оқыс қимылдан жерге үзіліп түсті.

- Жамалжан-ау мен кеше ауыл орталығынан келдім. Наубайханаға соғып нан алып тұр едім, сенің Гүлнәрің үйіңе соғып кетуімді өтінді. Содан ауыл кеңсесіне барып зейнетақының документін тапсырып бітіп келіскендей үйіңе соқтым. Үнсіздік. Арадағы бес секундтық үнсіздік бір ғасырдай болып кетті. Дастархан жайнап тұрғанымен ешкім сүйсініп шай да ішіп отырған жоқ еді.


- Жамал, сабыр ет, жағдай қиын. Не болса да өзің шешесің. Қыз бала басымызда бар...

- Не десең де айтып өлтір. Шетін сезіп отырмын? Ертең мынау ауыл бетіне қалай қараймын? Ұстаздары тегіс мақтаудан артық сөз айтпаушы еді ғой. Биыл еңбегім үшін аудан әкімі «Алғыс хат» пен 100 сом ақша берген еді. Мына көрші қатындар да бетін шымшылап күлетін болды-ау. Бетінен қақпай, төбесінен құс ұшырмай өсіріп едім ғой, Хадиша-ау? - деп еңіреп етегі жасқа толған Жамалды Хадишаның соңғы сөзі одан әрі бордай езді..

- Иә, Жамалжан, мықты едің ғой. Есіңді жи. Гүлнәржанымыздың аяғы ауыр болып қалыпты. Туатын уақыты да таяу секілді. Наубайхананың ішінде кең желеттің арқасында, өзінің сұңғақ бойынан аяғының ауырлығы еш білініп тұрған жоқ. Бетінде де ешбір дағы жоқ. Бірақ қызың өте жүдеу. Бір аптадан соң барып қызыңды күт. Мен сиырларға өзім ие болайын. Ол бір аптадан соң жұмыстан босап шығатынын ескертті. Қызыңның қасына бар. Көшем десең тағы ойлан. Не болмаса немереңді осында әкел, ешкінің сүті, сиырдың сүті бар. Қызды жібер жайына - деп тоқтаусыз сөйлеген Хадишаның сөзін ары қарай тыңдағысы келмей орнынан тұрып кетті. Төргі үйге кіріп үстіндегі қызыл халатты шешіп диванның жақтауына лақтыра салды. Жерге түсіп қалған белдігін көрсе де еңкейіп көтергісі жоқ. Әншейінде сол халатты биікке іліп қоятын көңілі су сепкендей басылды. Бұрын көзіне қырмызы гүлдей құлпырып көрінетін халаты қазір ұяттан қызарып тұрғандай ойы астаң-кестең болып, дүние төңкеріліп түскендей құлазып кетті. Осы сәтте Хадиша да аяғын аңдап басып үйден шығып кетті. Төрде тұрған сөренің биігіндегі Гүлнәрдің мектеп бітіру альбомындағы сурет Жамалға тесіле қарап тұрғандай. Күнде ол суретке мейірлене қарап өтпесе көңілі көншімейтін еді. Жуа-жуа өңі күлдіреп кеткен ескі ши барқыт халатын киіп жатып Гүлнәрдің суретін тұрған орнына құлата салды да далаға шықты.

Қораға кіріп бұзауларды тегіс жамыратып жіберді. Қораның бұрышында жатқан кескен томардың үстінде отырып тағы ойланып кетті.

Осы томар Гүлнәрінің талай отырған жері еді. Анасы сиыр сауып біткенше әндетіп отыратын. Әншілігі анасына тартқан. Сиыршының табынды айдауға келе жатқанын көріп, дереу көзін сүртіп, бұзауларды орнына байлады.Сиырларды өріске қосып, үйге кіре есікті бекітіп алды. Айқара ашық тұрған төргі үйдегі еденде ирелеңдеп жатқан қызыл халаттың белдігі көзін оттай қарып барады. Қолжуғышқа қолын жуып тұрып тағы еңіреп кетті.

- Бұл жолы ол төргі үйге кірмеді. Ол жерде Гүлнәрін есіне түсіретін естеліктерге толы дүниелер көзін арбап кетерін біледі. Ас үйдегі темір кереуеттің үстіндегі анасының сырған сырмағының үстіне бүк түсіп жата кетті. Ұзақ жыл жерге салынған анасы сырған сырмақты Аралдың суына жуып, кептіріп осылай жоғары көтеріп қойған еді. Сол жатқаннан күн ұзақ нәр татпай ұзақ жатты.

Тасыр-тұсыр еткен дыбыстан Жамал шошып оянды. Көзі қарауытып кеткенімен қоса кешкі алакеуім уақыт үйді қараңғылап тұр екен. Бағдарлап қараса таңертеңгі Хадишаның көзінше үзіліп түскен қызыл халаттың қызыл түймесімен ала мысығы аласұрып ойнақтап ойнап жүр екен. Неше жыл болды бұл кәрі мысықтың бұлай ойнамағанына талай жыл өтті. Құйттай түймені жіберіп қалып, қайта ұстап алады. Мен жынданып, мына мысық алжиын деген шығар, - деп жердегі түймені ала сала пешті ашып қызыл шоқтың үстіне лақтыра салды. Қақпақты жауып үлгергенше қызыл түйме балқып, одан сайын қызарып, Жамалдың көзін қарып кетті. Дереу шәйнекті қойып орнына отырып, орамалын түзеп тағып алды. Амалсыз қалған мысық Жамалдың аяғына оратылды. Бүгін таңертең сиыр сауылмағандықтан бұл мысық сүтсіз қалып еді. Жамал дереу ес жиып, сиырларын қамауға кірісіп кетті. Ала мысық қоса шығыпты. Алғашқы сиырдың сүтінен бұрыштағы тегешіне құйып берді. Бұл мысықты да Гүлнәрі марғау кезінде қораның бұрышынан тауып әкелген еді. Ала мысықтың сүті таусылғанша томардың үстінде отыра берді. Осы сәтте ерекше бір күш бітіп орнынан нық тұрды. Қара томар оған бір күш силағандай болды. Дереу барлық сиырларды сауып алып үйге келе сала жолдың қамына кірісіп кетті.

Гүлнәрді өзінен тумаса да қатты жақсы көреді. Екі айлығынан бауырына басып өсірді. Гүлнәр екі жасқа толғанда жолдасы қайтыс болды. Ендігі Жамалдың бар үміті осы Гүлнәрі еді. Ол жолдасымен неше жыл отасса да бала көтермеді. Кейін қайын сіңлісінің аяғы ауыр болып қалып содан туған қызды бауырына басып алған еді. Оны тек ағайын туыс қана білетін. Гүлнәрді қатты жақсы көріп кеткені соншалық, бірде бауырына басып емізгенде төсінен сүт шығып кетті. Бірте-бірте қызы балпанақтай, сүйкімді болып өсе бастады. Үйге туыстары келсе де қызғанып, жақсы сөз айтса да жақтырмай отыратын. Жолдасының жылы өткен соң қызын құшақтап жүгін жиып осылай тартып кеткені тек Аллаға аян еді.

Бірде осы ауылдағы шеткі үйдегі жалғыз көзі ғана көретін бір көзі суалып қалған қара кемпірді көрші қолаңмен асқа шақырып еді.

Каникулға келген Гүлнәр кемпірдің алдынан жүгіріп шыққанда кемпірдің жалғыз көзі Гүлнәрға тесіле қарап үйге сөйлей кірді.

- Әй Жамал, мына қыз сенің қызың емес. Ұқсамайды, - деп мырс-мырс күліп галошын шешіп жатқандағы сөзі Жамалдың жүрегін тіліп өтті. Қара кемпір үйге кіріп кеткен соң галошының табандарын ыстық көсеумен қарып өтті. Содан кейін ол кемпірді үйге асқа шақырмайтын болды.


Келіскендей Хадиша үй жайға, сиырларға ие болып қалды. Өрістен қалып қойған бір-екі нашар қойларға арнайы жем суын бере салды. Жамалдың қойып кеткен дәрілерін де, дәрумендерін де таба алмады. Сол арада Жамал Боранбайдың ат арбасымен ауылға жетіп қалды. Жол бойы үндемеді.

- Жамал шықпайтын едің қайда тарттың? - деген Боранбайдың сұрағына жауабы дайын тұрса да сәл үнсіздіктен кейін:

- Тістерімді емдетуші едім, - деп сұлық жауап қатты. Ауырсынып отырған болар деп, Боранбай одан әрі қазбаламады, өзі ескерткен дүкеннің тұсынан түсіріп тастап, қамбадан алты қап бидайын өңгеріп, қыстаққа қайта тартып кетті. Жамал дүкеннен біраз заттар алды. Оның арасында қайшы да бар еді. Анасының келетінін білген Гүлнәр есікті бекітпеген екен. Алдынан бұрынғыдай жарқырап шыға алмады. Ас үйде терезенің алдында теріс қараған күйі сілейіп тұрған қызының сұлбасын көріп, етігін шешпеген күйі еңіреп келіп құшақтай алды. Гүлнәр да жылауға сылтау таппай жүрген күйінің сәтін күткендей солқылдап кетті. Айы күні жақындаған құрсағы қоса солқылдайды. Екі мұңлық көрісіп біразға дейін бір отырып, бір тұрып, бірінші есін Жамал жиды:


- Қызым, жетеді, есіңді жи! Бір жөні болар. - деп ары қарай қызына артық сөз де, сұрақ та қоймаған күйі үй тірлігіне кірісіп кетті. Ас үйдің бар шаруасын қолына алып қызына қойдың дәмді сорпасын әзірлеп берді.

Бірнеше күн өткен соң бір таңда Гүлнәрдің толғағы басталып кетті. Жамал үйге отын-су кіргізіп, есікті бекітіп алды. Күндіз болса да терезелердің пердесі кешегі жабылған күйінде қалды. Жамалдың бұрын елде жүргендегі мамандығы әйел босандыратын акушерлік еді. Бала көтере алмаған соң бұл мамандықты істеуге жолдасы қарсы болған. Алды жақсы болды. Ешбір әйел де, бала да шетінемейтін.

Мал өрістен қайтатын кешқұрым уақытта дүниеге шар етіп қыз бала келді. Жамал кіндігін кесіп, ас үйдегі арнайы дайындаған орынға ақ жаймаға орап, апарып қойды. Қызының қасына баланы жолатпады. Баланың жолдасын да түгендеп оны қорадағы арнайы дайындап қойған шұңқырға көміп келді. Малды қыстақта ұстағандықтан бұл қора қаңырап бос тұратын. Кеше түнде арнайы екі шұңқыр қазып қойған еді. Үйге кіріп Гүлнәрға әлі екі сағат жата тұруын ескертіп, есіктерді жауып, өзі ас үйдегі нәрестені қолына алды. Әлгі кесілген қара томардың үстінде отырып ойлаған ойын іске асырмақ еді.

Қарны ашып жатқан нәресте тіршілік барын білдіртіп тастай ғып ораған ақ жайма арасында бұлқынып жатыр. Еріні кеберіп, көгеріп тұрғандай.

- Ее, Алла, кешіре гөр мен бейбақты деп күбірлеген күйі жалаңаш тізесіне баланы тұншықтырып тынды. Нәресте денесі көгеріп, салмағы ауырлап, қуыршақ болып қалды. Жамал өзінің өзгеріп кеткенін сезсе де мойындамады. Төргі үйде Гүлнәрдің көзінен жас парлап ағып жатты. Бірақ, ол туған анасының нәрестесін о дүниеге аттандырып жібергенін де, ол өзінің анасы емес екенін де ешқашан білмей кетеді.

Жамал ауылдан әкелген қызыл халатты нәрестенің сыртынан қолбалақтап орай бастады. Артынан қызыл белдігімен екі жерден буып, жеті қараңғы түнде әлгі қазылған шұңқырға көміп тастады. Нәрестенің бас аяғынан қараңғыда жаңылып қалды. Нәрестенің басы құбылаға қарады ма, жоқ па бір құдай біледі. Жамал үйге бір шаруа тындырғандай «уһ» деп кірді. Бірақ бір қысым көңілі орнына түспей-ақ қойды.

- Гүлнәр, тұра ғой шәйіңді іш - деп сүйеп, қызына қызмет көрсете бастады. Аяқ-қолы қимылдап жүргенімен Жамалдың есінің бәрі басқа жақта ұшып жүрді. Дастархан басында қызының маңдайынан аққан ағыл- тегіл терді сүртіп отырып, құшағына қатты қысып, көзінен аққан жасын сүртпестен:


- Қызым, қыз бала тудың. Бірақ, қызың шетінеп кетті. Мен оны адам білмейтін жерге жасырдым. Сен енді бір аптадан соң не Таразға, не Шымкентке, әлде Қарағандыға ма бір қалаға кет. Қызылордаға бармай ақ қой. (ондағы ойы Гүлнәрдің туған анасы сол жерде тұрмыста еді ). Гүлнәр есейсе де қызғанышы басылар емес.

- Мама, анашым мен сені жалғыз тастап ешқайда кете алмаймын ғой.

Екеуі үнсіз жыласты.

Таң ата балтаның жаңғырған даусынан Хадиша үйінен атып шықты. Желбегей жамылған шапанының жеңін жүре киді. Жамал келген екен. Қораның бұрышында жатқан қара томарды балталап-балталап жарып тастапты. «Ойпырмай, осыншама күш қайдан келді, қорасында отын толып тұр емес пе?» - деп ойлаған Хадиша:

- Қой, Жамал, таста! Жүр үйге, менің шайым қайнап тұр, - деп Жамалдың балтасын тартып алды да қарсы бетке лақтырып жіберді.

- Осы қара томар, осы томар мені адастырған осы, - деп булыққан Жамалды Хадиша үйіне сүйреп кетті. Бұл томардың жатқанына талай жыл болған. Хадишаның келіншек кезінен бар еді. Әуелде ол әппақ ақ томар еді. Жылдар өткен сайын топырлаған малдың тұяғының шаңынан қарайып, жылтырап қара томарға айналды. Жамалдың томарды жазалауының мәні осы томардың үстінде отырып ойланып кеткен ойының іске асқанынан Хадиша хабардар емес еді.

Хадишаның үйі жып-жылы, балалардың ойыншығы шашылып жатса да, үйдің аурасында керемет бір жұмақтай жылылық бар еді. Балалар бөлмесінде ұл-қыздары қатар-қатар жерде ұйықтап жатыр екен. Оянып кетпесін деген оймен Хадиша есікті ақырын жаба салды. Есенбай қойдың кезегіне кеткен екен. Екеуі оңаша сырласып отырып таңғы шайларын ішті. Жамалдың да іші біраз босап қалды. Хадишаға барлық шындықты айтып берді. Жағдайға қанық болған Хадиша Жамалға еш уәж айта алмады.

- Жамалжан, есіңді жи. Тіршілік керек. Маған айтқаның өсек емес қой. Бұл сыр өле-өлгенше өз ішімде қалады, – деп Жамалды жұбатып шығарып салды. Күніне бір рет Жамалға келіп-кетіп тұрды. Қара томардың жарықшақтарын Жамал үш күн жағып бітірді. Күндер өтіп тіршілік жалғаса берді. Бірақ Жамалдың үйінен әннің әуені естілмейтін болды. Екі-үш айдан соң Гүлнәр келіп анасының үйін әктеп, тазалап берді. Жамал да қызының алыстап ешқайда кетпейтінін сезіп, өткен айда сатқан екі сиыр мен оншақты қойдың ақшасын санап беріп, саудаға бағыттады. Бір аптаның ішінде Гүлнәр қалаға барып аяқ киімдер сатып әкеліп, ауыл орталығындағы бос тұрған ескі аптеканың бөлмесінен шағын дүкен ашты. Жұрт арзан аяқ киімдерді алып Гүлнәрдің саудасына ақшалай да, қарызға да араласа бастады. Біртіндеп Гүлнәрдің саудасы жүріп, ыдыс-аяқ та сата бастады. Жұрттың тапсырған тапсырмасын да әкеліп саудасын дамытты. Алты айдан соң Бішкек базарынан да тауар әкеле бастады. Бір жарым жыл ішінде Гүлнәр анасын қолына көшіріп алды. Төрт-бес жылдың ішінде Гүлнәр көптеген жетістікке жетті. Қаладан екі бөлмелі пәтер алып қойды. Осы айдың аяғында анасы екеуі көздеген қалаға көшпекші болды. Гүлнәр көштің асына арналған малды сойып,тоңазытқышқа сақтап қойып, астың шай-жемін әкелуге үш-төрт күнге қалаға кетті. Екі бөлмелі үйінің ішін де реттеп келмекші еді. Жамал қартайып отырса да Гүлнәр тауарға кеткенде үнемі дүкенді иелік жасап, саудасын тоқтатпай отырды. Бұл жолы да дүкенде қалған тауарды сатып, жұрттың әкелген қарызын қабылдап алып қалуға жарады.

Кеше Жамал дүкеннен ентігіп әрең жетті. Бір алқаш жігіт Гүлнәрдің көшетінін естіп өткен айда алған етігінің қарызын әкеліпті. Тәлтіректеп тұрып қалтасынан қағаз ақшалармен қоса бір уыс тиынды үстелдің үстіне уыстап қоя салып, шығып кетті.Жамал ақшаны санап алып тізімнен ол жігіттің есімін өшіріп тастап, әр ақшаны өз орнына қоя бастағаны сол еді, әлгі жігіт әкелген тиындардың арасында сонау жылы Хадишаның көзінше омырауынан үзіліп түскен қызыл халатының қызыл түймесі көзіне елестеп кетті. Көзін уқалап қайта қараса да көзін қарып бара жатқан қызыл түймені тиындармен қоса уысына дірілдеп ұстаған күйі ашық тұрған есіктен далаға шашып кеп жіберді. Қойшы қайдағыны есіме түсіргені қалай, мен оны өз қолыммен отқа жағып жібергем - деген оймен өзін сабырға шақырып, біраз уақыттан соң дүкенді жауып үйіне келіп демалды.


Келесі күні дүкенге ертерек келіп, сөрелерді реттеді. Дүкеннің еденін сыпырып, шаршаңқырап қалып өзінің қартайып кеткеніне көзі жетті. Орындықта демалып отырып, қолындағы анасының көзіндей көріп тастамайтын білезігін сипалап отырып есіктің ашылып жабылғанын байқамай қалыпты. Кенеттен шыққан дауыстан басын көтерсе бір бөгде кемпір келіп тұр екен. Бұл ауылда бұрын бұл кемпірді көрмеген еді.

- Анау қызыл халатты көрсетші, қарғам! - деп Жамалды сөреге жұмсады.

- Қайдағы халат? Мұнда тек аяқ киімдер ғана қалды, - деп сөреге қараса баяғыдағы өзінің нәрестені ораған қызыл халаты ілулі тұр екен. Енді бұрылып қараса ешқандай кемпір жоқ. Сөреге қайта қарап еді ешбір халат жоқ болып шықты. Жамал дереу дүкенді жауып үйіне ентіге терлеп әрең жетті. Енді бір күн шыдайын Гүлнәрім де келеді, – деп өз өзін жұбатып тағы бір түнді өткізді.

Бүгін сергек оянды. Жүрісі де ширақ. Гүлнәрдің ертең келетінін ескеріп түске дейін үйін жинастырды. Ұсталмайтын құрақ көрпелерін тегіс шығарып қойды. Осы жұмаға ауылдың үлкендерін шақырып батасын алып, ертесіне көшіп кетпекші еді. Үйді реттеп болып, жақсылап шай ішіп алды да дүкен жаққа бір келіп кетпекші болып дүкенге келді. Дүкеннің терезесіне қарағаны сол еді әлгі нәрестенің қуыршақ бейнесі терезеге жабысып қарап тұр екен. Дүкеннің есігін ашпастан кері бұрылды. Үйге ентігіп әрең жетті. Келе сала өзінің төсегіне құлады. Көзін тарс жұмып қанша жатқаны есінде жоқ. Кеш бата оянса көзі қайта қарауытып әлдене мойнын буындыра бастады, қолымен тартып еді әлгі қызыл халаттың белдігі екен. Белдікті босатып төмен тартқаны сол еді жаны қоса шығып о дүниеге аттанып кетті. Күн де ұясына батып, бүгін ол үйдің шамы жанбай қалды. Жамалдың жанары жабусыз қалды. Жамалдың өлімі таң ата бауырсақ пісіруге келген көршілерінің айтуы бойынша ауылға таралып кетті. Гүлнәр жеткенше Жамалды оң жаққа жатқызып ауыл халқы қонағасының қамына кірісіп кетті. Алыстағы туыстарына тегіс хабар жетіп, Гүлнәр да жетіп, көштің асы қонағасына ұласып кетті. Жамалды ауылдағы көп бейіттердің шетіне жерледі. Бүкіл туыстары жиылып Гүлнәрді жалғызсыратпады. Алыстан келген қонақтардың ішінде бір толықша келген сары келіншек Гүлнәрді құшақтап солқылдап ұзақ жыласты. Жұрт екеуін әрең айырып алды. Ол анасы Гауһар екенін Гүлнар білген жоқ.

Көктем шыға Гүлнәр анасының бейітін көтеріп, көктасын қойды. Анасының жылын өткізіп Қызылордаға көшіп кетті. Қаладан да сауда орнын ашып, Гүлнәр жайбарақат өмір сүре бастады. Туыстарымен де араласа бастады. Сары келіншек ерекше келгіштеп, туған күнін атап өтті.

Кешікпей туған күнінде сөз салған жігітке тұрмысқа шықты. Құдалардың ортасында сары келіншек ерекше нұрланып жүрді. Той бітіп құда-құдағилар оңаша отырғанда әңгімені Жамалдың үлкен қайнысы бастап кетті.

- Жетет, Гауһар, қарындасым, Гүлнәржаным сенің анаң екенін білуі керек - деп қадап айтқан сөзіне жиылған жұрт үнсіз қалды. Ағасының сөзінде ерекше салмақтылық бар еді. Аға болғанымен ол да қарттықты алқымдап қалған бір айтары бар азамат еді.

- Рас, мен Гүлнәрдің анасымын. Әлі уақыт келген жоқ. Мен де мәңгілік емеспін. Елуге келдім, енді елу жыл өмірім жоқ. Мен бұл аманатты мына құдашама тапсырам, мен өлген соң бірақ айтасыңдар, - деп еңіреп жылады.


- Жақсы, Гауһаржан, біз сізді құдаша деп сыйласып өтейік - деп жігіттің анасы әңгіменің соңғы түйінін түйіп тастады.

*****


Хадиша бүгін түсінде Жамалды көрді. Түсінде Жамал қара томардың үстінде қызыл халатын киіп отыр екен. Күні бойы Жамалдың бейнесі көз алдынан кетпей қойды. Ұйықтап кетсе Жамалды көретіндей. Жеті шелпек пісіріп құран бағыштаса да, бір қысымнан көңілі орнына орнықпай қойды. Ойланып-ойланып ауылдағы Әліпбай молдаға барып, нәресте жайлы, Жамал туралы көрген түсін айтып берді. Әліпбай мосқалдау келген, көзі де, сөзі де өткір, сырға берік ел-жұртқа сыйлы азамат еді. Таң ата Хадишаны ертіп Жамалдың ескі жұртында қораның бұрышындағы төмпешіктен нәрестенің сүйегін қазып алып Жамалдың бейітінің ішіне әкеліп жерлеу рәсімін өткізді. Құран бағыштап бейіттің есігін жауып кетті. Хадишаның да көңілі орнына келіп, екі жылдан соң өмірден өтті.


Хадишаның қазасын естіген Гүлнәр жолдасын ертіп қыстақ басына келді. Қонағасының барлық тірлігіне араласып ас біткенше тік тұрды. Жолдасы да қазаның жағдайына араласып жүрді. Екі баласын Гауһар апайға тапсырып алаңсыз жүрді. Үш күннен соң кетерінде Әліпбай молдаға жолығып анасының басына барып қайтқысы келетінін айтты. Әліпбай молда өзі де Гүлнәрді күтіп жүргендей сыңай танытты.

- Балам, сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ, Сен осы жолы анашың Жамалды «кешірдім» - деп айтуға тиістісің. Енді саған өкінетін іс жоқ. Бәрі орнына келді. Балаларыңның қызығын көр! Жолдасыңды да оңынан жолықтырған екен, айналайын, - деп орнынан түрегеліп далаға шықты. Хадишаның кенже ұлы оларды бейіт басына алып келді. Жамалдың етек жағындағы кішкене төмпешікті Гүлнәр іштей сезді.
Ауылдан аттанарда ел-жұртпен қимай қоштасқан Гүлнәрдың жүзінен әйел бақытының нұры төгіліп тұрды. Таяғына сүйенген Әліпбай ақсақал оларды шығарып салды. Гүлнәрдің бақытты өмірінің жалғасы басталып кетті.

Сурет ғаламтордан алынды.

Автор туралы.

Ақылаева Сәнді Күреңбайқызы - 1972 жылы 7 ақпанда Алматы облысы Балқаш ауданы, Қарой ауылында дүниеге келген. Балқаш Гуманитарлық Техникалық Университетін бітірген. Қазіргі таңда Ақмола облысында Целиноград ауданы Жалғызқұдық орта мектебінде орыс сыныптарына қазақ тілі әдебиет пәнінің мұғалімі. Музей жұмысының жобасын жалғастыршы. Тоғызқұмалақ үйірмесінің жаттықтырушысы. Тоғызқұмалақ пен тоғыз санының құпиясы атты ғылыми жұмысы республикалық жүлдеге ұсынылып баспаға жарияланған. Ақын, ұстаз Сәнді Ақылайдың Жүрек перзенттері, Рух патшалығына саяхат, Өлең ғұмыр жыр жинақтары бар. Бірнеше антологияларға, республикалық баспаларға енген. Қосымша сазгердікпен де ,аудармашылықпен де айналысады. Бірнеше проза, эссе жанрында жазған шығармалары бар. Орыс келе жатыр, Өкпелегіш сиыр, Құдық, Тағдырдың темекісі, Құлыншақтың ақыры Қалжыңсыз әлем атты шығармалары оқырман көңілінен шыққан. Мәскеудегі Ару дүние поэзия ұжымының Қазақстандағы координаты, Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі. Төлеген Айбергенов атындағы медальдің иегері, Батыр ана Алтын алқа иегері.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар