Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Сандра Ратница: Әдебиет – адамзатқа ортақ қазына...

09.10.2018 3079

Сандра Ратница: Әдебиет – адамзатқа ортақ қазына

Сандра Ратница:  Әдебиет – адамзатқа ортақ қазына - adebiportal.kz

Еуразиялық әдеби форумға қатысушы, Латвия елінің өкілі, «KonTeksts» газетінің редакторы, сыншы Сандра Ратница ханымен болған сұхбат.

- Сіздің сын саласында жүргеніңізге қанша жыл болды?

- Студен кезімнен бастап сыни мақалалар жаза бастадым. Ал қазіргі кезде сынмен айналыспаймын. Өйткені Латвияда әдеби сын жазатын арнайы орталық қалыптаспаған, оның үстіне әдеби ортамен жақын араласып кеткеннен кейін, сын жазуға деген мүмкіндік те азая бастады. Меніңше, көркем шығарманың нағыз сыншысы уақыт дер едім.

- Сонда бүгінгі әдебиетке уақыт қана сыншы бола алады дегеніңіз бе?

- Олай деуге де болмас, бірақ сынсыз да, көркем шығарма танылып, өз оқырманын табуда... Дегенмен біз сияқты кішкентай елдерге әдебиет сыншысы керек. Ол үшін арнайы сыншы дайындайтын орталықтар қалыптасытыру керек.

- Сіздер де кезінде Кеңестер одағының құрамында болдыңыздар, ал бүгінгі Латвия әдебиетінде орыс әдебиетінің ықпалы бар ма?

- Постмодернизмге дейінгі кезеңде, Латвия әдебиетінде орыс әдебиетінің ықпалы болған. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Латвия әдебиеті жаңаша бағыт алды. Өйткені қаламгерлер түрлі әдеби ағымдарға еркін түрде қалам тартып, мүлде басқаша жаза бастады. Сондықтан бүгінгі Латыш әдебиеті әлем әдебиетінің бағытында деуге болады. Ал біздегі әдебиеттің кеңестік ықпалдан бірден арылуға мүмкіндік туғызған осы әдеби ағымдар деуге болады.

- Сонда сіздерде кеңестік кезде қалыптасқан қаламгерлер жоқ па? Әлде олардың бәрі жаңа ағымға бірден ілесіп кетті ме?

- Кеңестік кезеңді көрген ақын-жазушылар әлі бар. Оның бәрі әдебиеттің жаңа ағымына ілесіп кетті деп айта алмаймын. Біздегі әдебиетшілер арнайы жобалармен жұмыс жасайды. Сондай жобаның бірі Кеңестік кезеңге арналған. Gundega Repse деген жазушы әйел басқаратын әдеби топ бар, оның құрамында мықты он үш жазушы бар. Олар 1905-1991 жылдар аралығындағы Кеңестік кезеңдегі Латвия халқының репрессияға қалай ұшырағаны, сол кездегі күн көріс көздері туралы, Балтық жағалауындағы лашықтар мен балықшылардың сол кезеңдегі тағдырлары туралы арнайы зерттеп, тарихи романдар жазады. Сонымен қатар, деректі проза да жазады. Жыл сайынғы Лондонда өтетін кітап жармеңкесіне де сол тарихи романдарды апарады, ол романдар сұранысқа ие. Қазіргі кезде тарихи дүниелерге адамдар көп қызығады, ал тарихи романдардың да оқырмандары азайған емес.

- Сіздің елде тарихи романдарға деген оқырман сұранысы көп пе?

- Көп деп айта алмаймын, бірақ әр көркем шығарманың өз оқырманы болатыны сияқты, тарихи романдардың да өзіндік оқырмандары бар. Сонымен бірге, Латвияда кез келген адамның халық ауыз әдебиетіне, халық әндеріне деген құрметі ерекше. Ал қазіргі кезде Латвиядағы әдебиетте үлкендерге арналған әдеби ертек пен фантастикалық шығармаларға деген сұраныс көп.

- Үлкендерге арналған әдеби ертектің ерекшелігі неде?

- Балалар ертегісінен бөлек, ересек адамдарға арналған әдеби ертегілер қазір Латвия елінде ерекше сұранысқа ие көркем әдебиеттің бірі. Тіпті қазір бұндай әдеби ертек кітаптарды жазып танымал болған ақын-жазушылар көп. Соның бірі Лилия Францесканың «Skelets skapi» деген кітабын атап айтуға болады. Ол да ертегі түрінде жазылған. Бұнда адамның ішкі жан дүниесі туралы айтылады. Адам психологиясын ертегі түрінде жеткізу қазіргі көркем әдебиеттің бір жетістігі деуге болар.

- Қазіргі кезде Еуропа елдерінде әдеби агенттер қалыптасқан, ал Жазушылар одағы кеңестік үкіметтен қалған жүйе емес пе?

- Кеңес үкіметінен қалған қалдық ретінде, өзге елдерге басқаша әсер етуі мүмкін. Бірақ, одақты тиімді жолмен де пайдалануға болады. Қазіргі күні біздегі жазушылар одағында 300 дей ақын-жазушы тіркелген. Онда ақын-жазушылар арнайы жобалар бойынша жұмыс жасайды. Ол жобалардың жүзеге асуын одақ бақылайды, әрі сол жобаларды қаржыландыратын қорларды реттеп, қаламгерлерге арнайы қаламақы берумен де Жазушылар одағы айналысыды. Латвияда мемлекеттің мәдениет саласына арналған «Мәдени капитал» дейтін арнайы қоры бар. Сол қорды иелену үшін Жазушылар одағының атынан ақын-жазушылар өз жобаларын конкурсқа салады, егер талаптарына сай келіп, жеңіп алса, жыл бойы қаламгерлерге мемлекеттік қолдау қоры арқылы қаржы бөлінеді. Және әдебиетті насихаттаруға, әлем әдебиетінен аударма жасауға, сонымен бірге, әдеби форумдар ұйымдастыруға мүмкіндіктер туады. Ал Жазушылар одағының тағы бір маңызды атқаратын жұмысы, жылдық қорытынды. Латвиядағы ең үлкен әдеби сыйлық жылдық қорытындыда беріледі. Сыйлық құны 2000 евродан тұрады. Мұнда мықтыдан мықтыны таңдап шығады. Ол бірнеше кезеңдер бойынша анықталады, соңында ең мықты қаламгерлерге, сосын ең үздік шығармаларға арнайы қордан сыйақы тағайындалады. Жыл бойы сол қаламгерлер мен шығармалар насихатталады. Одан тыс поэзия күні ұйымдастырылады. Оның сыйақысы 1000 евро тұрады. Бұндай әдеби іс-шаралардың бәрін ұйымдастыру тек Жазушылар одағының жұмысы.

- Қазастандағы бұл форумға келуіңіздегі басты мақсатыңыз?

- Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін, біз – кеңес одағының құрамдағы елдер бір-біріміздің әдебиетімізден алыстап кеттік. Мен Қазақстан туралы көп дүние білгім келеді, бұл жақтағы әдебиет пен әдеби ортаның ұстанған бағыт, бағдарын білуге деген жеке басымның қызығушылығы ерекше. Менің түсінігімде әдебиетте шекара деген болмау керек, өйткені әдебиет адамзатқа ортақ қазына, сондықтан оны ортақ насихаттап, бірге пайдалануымыз керек. Ал бізді ортақтастыратын осындай форумдар.

- Сіздің елдегі оқырманың газет-журналға деген сұранысы қандай?

- Бүгінде әлем халықының кітап оқуға деген қызығушылығы бұрынғыдай емес, оның үстіне интернет дамыған қоғамда қағаз түріндегі газет-журналға деген сұраныс өте аз. Ал Латвия кішкентай мемлекет, онда оқырман көп деп айта алмаймын. Бізде бар-жоғы екі газет шығады, соның бірі – мен редактор болып жұмыс жасайтын «KonTeksts» газеті, оны мемлекет қаржыландырады. Сондықтан ол газет-журнал сататын дүңгіршектерде сатылмайды. Тек кітапханалар мен мектептерге арнайы таратылады. Бұл газет оқырмандардың жас ерекшелігіне байланысты: үлкендерге, орта буындарға, сосын жастар мен мектеп жасындағы балаларға арналған бөлімдерден тұрады. Ал «Domuzime» дейтін екінші газет жекелердің қаржыландыруымен шығады, ол көшелердегі дүңгіршектерде сатылады. Біздегі бұл екі газет бәсекелестіктен гөрі бірін-бірі жарнамалап, қолдау танытып отырады.

- Әңгімеңізге рахмет

Сұхбаттасқан: Айжамал Көпеева


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар