Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ОҚУШЫЛАР ПАРАҒЫ
Сатиралық жанрлар туралы ой...

09.06.2023 1973

Сатиралық жанрлар туралы ой

Сатиралық жанрлар туралы ой - adebiportal.kz

Қазақ әдебиеті сан түрлі жанрларды қамтитын өте үлкен тарау. Негізінде қай жанрды алып қарамасаң да, әрбірінде сырлы сөздердің иірімі, қазақ тілінің сұлулығы жатыр. Әсіресе көркем-публицистикалық бағыттағы жанрлардың барлығы дерлік тіліміздің эстетикалық ерекшелігін көрсетеді. Тілдік сұлулық бір бөлек, сол жерде өмірдің ащы шындықтарын әзіл-қалжыңмен бейнелеуді айтсаңызшы. Бұлай деп отырғанымыздың себебі, әдебиетте өте күрделі дегенмен тың бір жанр бар. Ол – сатиралық жанр.

Сатиралық жанрлардың тарихы және шығу тегі туралы әр алуан дерек бар. Енді бір зерттеушілер бұл ұғым Ежелгі Грекиядан шықты десе, енді біреулері Римнен шықты деп болжайды. Күштілердің қаруы, тәрбиенің құралы саналатын сатира, күні бүгінге дейін сирек кездесетін жанрлардың біріне жатады. Сатира қоғамдағы жағымсыз болмыс, құбылыстарды, адам бойындағы ұнамсыз мінез-құлық, әдеп-дәріптерді әшкерелейді. Сондай-ақ оны әдебиеттің бір тегі ретінде қарастыруға әбден болады. Неге десеңіз, ақын, жазушыларымыздың бастан-аяқ сықақтық тілмен жазылған шығармалары кәдімгідей үлкен ауқымды алады. Көп әдебиеттанушылар кезінде сатираны жанр деп атауға болмайды деген пікірді ұстанды. Алайда, өзінің теориялық негізі бар кез келген түрді жанр деп атауға толық негіз бар екендігін айтқымыз келеді. Өйткені біздің әдебиетімізде де сатира ұзақ жылдар бойы қалыптасып, әрі күрделі шығармалар легі, әрі зерттеушілік сипаты бар үлкен бөлімге айналды. Ғалым Темірбек Қожакеевтің сатираны зерттеп жазған бірнеше іргелі еңбектері бар. «Сатира негіздері» деп аталатын кітабында зерттеуші сатираның шығу тегінен бастап, қалай дамып, несімен ерекшеленетінін де жазған. Біз көп жылдар бойы отандық әдебиетте зерттеушілік дамымаған деген ойдың жетегінде жүрдік. Бірақ қазақта мен деген керемет әдебиеттанушылар өте көп. Мысал ретінде дәл осы сатиралық жанрлар туралы зерттеулерді алсақ. Орыс ғалымдарынан бұрын сатираға қатысты жүйелі еңбектерді қазақ зерттеушілері басып шығарған. Дәлел ретінде, Темірбек Қожакеевтің сатираға арналған кітаптары 1970-1996 жылдар аралығында жарық көрді. Ал орыстың мықты ғалымы Александр Тертичныйдың құнды болып саналатын «Жанры периодической печати» атты кітабы 2000 жылы жарық көрген. Арадағы жылдарда айырмашылық үлкен. Демек, бұл жерден қазақ әдебиеті анағұрлым тез жылдамдықпен дамығанын байқауға болады. 

Сатира жанрларының ішінде екі ірі тарау бар. Ол фельетон және памфлет. Екі алыптың құрылымы мен құрылысына жеке-жеке түсінік берсек:

Фельетон – жазылуы күрделі, сатиралық жанр. Бұл жанрдың атауы француздың «feuille», «парақ, парақша» деген сөзінен шыққан. «Парақ» деп өз кезегінде, газетке арналған қосымшаны айтқан. Ол әдетте газеттің төменгі бөлігінде орналасқан және қара сызықпен бөлініп тұрған. Сатирик ғалым Т. Қожакеев «Жас тілшілер серігі» атты кітабында, «фельетон» – ол күнделікті іс-тіршілігіміздегі жат мінез, жаман қылықтар мен кемшін міндерді, империализмнің советтік құрылысымызға, коммунистік саясатқа жапқан жаласын әшкерелейтін, «жауынгер жанр» деп жазады. Сонымен қатар, фельетон жазудағы үш жағдайды көрсетеді. Біріншіден, фельетонист сатира садағын қолына алып кімді сынайын, нені түйрейін, деп «аң аулауға» шыққанда фельетондық сын объекті, тақырып, факті мен мұндалап тұра қоймайды. Өйткені, әрқашанда қараңғылықтың жарықтан қашатыны сияқты, қылмыс ұрланып істеледі, кемшілік жасырылып отырады, ешкім мен фельетонда сойып салар сабазбын деп мойындамайды. Көңіл көзі болмаса, жай көзге өмірдегі көп құбылыстардың зиянды жағы бірден аңғарыла бермейді. Екіншіден, өз ісін жөн, дұрыс деп отырған қоғам мүшесін баспасөз бетінде, жұрт алдында «сойып салу» дау-жанжал туғызбай қоймайды. Сыналған сарбаздар шешініп тастап айтысқа шығады, өзін ақтауға, дертін мойындамауға тырысады, тіпті фельетонисті сотқа сүйрейді. Жанр жазылуының үшінші қиындығы – ол публицистиканың пафосын, көркем әдебиеттің тілін, сатира мен юмордың күлкі-уытын бірдей талап етеді. Осының бірі болмаса, фельетон әлсірейді. Шын фельетон тастан ойғандай жұмыр, қорғасындай зілді, әсерлі тілді, сын-сықаққа бай, күлкілі жайлары бар көркем шығарма болуы тиіс. Фельетонға керек нәрсе не? Бастысы,  «фельетон фактісі». Оны табу әрқашан қиын. Сонымен қатар, оны табудағы қиындықтардың бірі  – автордың сатира мен фельетонның спецификасын түсінбеуі. Бұл нәрсе бар кезде, фельетон жазуға болатын фактіні түсінбей, жақсы дүние жаза алмай қалу да кездеседі. Фельетон жазу үшін бір элемент, яғни, таңдап алған санатқа байланысты факттері бар гипертрофтік ерекшеліктер керек. Сонымен қоса, ол ерекшеліктер күлкіге айналдыра алатындай болуы қажет: (мысалы, трагедиялық кезеңдерді күлкі етуге болмайды). Фельетон тек бір оқиғаға емес, оқиғалар жиынтығына арналуы мүмкін. Бұл кезде бөлек фактілерді байланыстыратын белгілі бір заңдылық орын алады. Өз кезегінде сол заңдылық, шығармада сатиралық образды құруға көмек етеді. Жанр жазылуы өте күрделі. Журналистен талант пен үздіксіз шеберлікті талап етеді. Басқа жанрлар секілді фельетонда мол сөздік қор қолданылуы тиіс. Оның көркем тілде әрі қызықты жазылуы, оқырманның назарын көбірек аударуға мүмкіндік береді. Белгілі ғалым Т. Амандосов «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы» деген еңбегінде: «Фельетон типтік фактілердің, құбылыстардың негізінде жазылады. Сондықтан фельетон құбылыстарды, өмір фактілерін зерттеудің, осы құбылыстар мен фактілерді жинақтап қорыту және бағалаудың негізінде туады. Сөйтіп, бұл жанр өмірдің белгілі бір жағымсыз құбылыстарын көркем-сатиралық стильде баяндап береді», - деп жазады. В.Ворошиловтың «Журналистика» деген оқу құралына сүйенсек, фельетон – публицистика, сатира, көркем әдебиеттің қосындысынан туған жанр. Сатиралық образ, көркем түрдегідей: типтік және индивидуалды, көпшілік және жеке дараның диалектикалық бірлесуінен жасалады. Фельетон газеттік басылымның формасы ретінде, максималды түрде фактіні талап етеді. Факті мен қиял тоғысқан кезде, сатиралық образ дүниеге келеді. Фельетондық образ өзіне оқиғаға байланысты ассоциациялық тақырыптарды тартады. Фельетонда әлдебір образдың немесе кейіпкердің қасиеттері кең түрде суреттеледі. Фельетондық мәтіндер мен бір фразалы сөздерді әзілді дұрыс қабылдай алу мәнді етеді. Күлкілі нәрсе адамның ішіндегі өкпе-ренішті шығаруынан басталады. Мысалы, адам мысықты «жетілмеген жолбарыс» десе, ол юмордың жолына түсті деген сөз. Жалпы, фельетон оперативті жанр болғандықтан, ол бүгінгі күннің көріністерінен, фактілерінен, өмірдің күнделікті оқиғалары мен құбылыстарының негізінде туады. 

Талқылау ретінде, «Ара» журналының екі мың сегізінші жылғы, үшінші санында басылған «Сағым қуған сайтан» фельетонын алуға болады. Оқиға тышқандардың, депутаттар секілді жиналған мәжілісінен басталады. Барлық тышқан жиналып, ата жауы мысықты қалай қолға түсіруге болатынын ақылдасады. Түрлі пікір айтып, түк шеше алмай әбден шаршайды. Кенет, бір жас тышқан тұрып, мысықтың мойнына қоңырау байлап қоюды ұсынады. Сонда тышқандар мысықтың келе жатқанын алыстан білер еді. Басқа тышқандар пікірді мақұлдап, бәрі оң баға беріп жатқан кезде, қарт тышқан оны мысықтың мойнына қандай тышқан байлай алады деп сұрақ қояды. Тышқандар үнсіз қалады. Сол секілді мәжілістегі депутаттар да қара кешке дейін сыбайлас жемқорлықты ауыздықтаймыз дегенімен, өздері одан іргесін аулақ салып отырғаны жоқ. Үздік «елу» елдің қатарына кіреміз деп жүрген кезде, «жүз сексен» мемлекеттің ішінде жүз он алтыншы орыннан, жүз елуінші орынға бірақ түсіппіз. Шетелдегі сыбайлас жемқорлықты құрықтау әдістеріне тамсанғанша, өзіміздің елдегі жемқорларды неге қолға алмаймыз? Оларға еліктеу «сағым қуған сайтанның» ісі деп автор өз ойын аяқтайды. Мұнда, автор тышқандар жиналысын негізге ала отырып, еліміздегі мәжіліс төрінде қарнын сипап отырған депутаттарды сынап, күлкі етеді.

Памфлет - грек тілінен аударғанда: «памфлет», «pamm fhlego», «барлығын жоямын, барлығын күлге айналдырамын» деген мағынаны береді. Памфлетке журналист үшін қоғамға зияны бар деп табылған ауқымды мәселе өзек болады. Сондықтан, памфлет өзі діттеген нысанын өткір сатиралық тілмен жеріне жеткізе түйреп, мінейді. Зерттеушілер бұл жанрдың атауын ежелгі грек мысалшысы Эзоппен байланыстырады. Ал, Еуропада «памфлет» жанрының негізін қалаушы ретінде белгілі француз философы: Блез Паскальды («Провинциалға хат») және ағылшын жазушысы Бернард Мандевилді атайды. Орыс журналистикасының тарихында, Д. Писаревтің, А. Горькийдің, М. Кольцовтың памфлеттері қалың көпшілікке жақсы таныс. Бұл жанр да фельетон секілді қазіргі мерзімді басылымдарда сирек кездеседі. «Жас Алаш» газетінде белгілі публицист: Дос Көшімнің «Қазақтарға резервация сұраймын» деген саяси памфлеті басылған. Онда:  жер, тіл, дін,  мәселелері қозғала отырып, ащы уытты тілмен көкейде жүрген ой ортаға түседі.

Т. Қожакеевтің зерттеуі бойынша, бұл атау бір кезде «ұшпа парақ», әшкерелеуші-үгіттік мазмұны бар прокламация деген мағынаны берген. Памфлет – объектісінің табылуы жағынан да, жазылуы жағынан да өте қиын  жанр. Кез келген фактіні, кім болса соны памфлет негізі ете салуға болмайды. Оның өзіндік шарттары бар. Біріншіден, егер фельетон қоғамдық өмірдегі жеке бір фактінің негізінде жазылса, памфлет бүтін бір бізге жат қоғамдық құрылысты, идеологиялық системаны негізге алып жазады. Соны сынап-мінеп, сықақтап әшкерелейді. Екіншіден, егер фельетон қоғамның кез келген мүшесін сын объектісі етіп ала беретін болса, памфлет белгілі бір қоғамдық құрылысты мансұқ ету үшін, көбіне сол қоғамның ірі өкілдерін объекті етіп алады. Үшіншіден, егер фельетон көбіне белгілі бір объектіні сынап-мінеп түзетуді мақсат етсе, бір мезгіл, тіпті жағымды фактіні шаттық күлкімен көрсетуді міндет етсе, памфлет үнемі қадалған объектісін  құртып-жоюды, біржола жоқ етуді, мақсат етеді. Төртіншіден, құртып-жою міндет, мақсатынан келіп, памфлеттің пайдаланатын әдіс-тәсілі, құрал-қаруы ерекшеленеді. Ол – фельетоннан гөрі өткір полемикалық сарынмен, үлкен пафос, шабытпен, патетикалық құштар құмарлықпен жазылады. Ирония, сарказмды, гротескті баса пайдаланады. Ғалым А.Тертичный бұл ұғымды гректің мифологиясымен байланыстырады. «Олимп» тауы құдайларының басшысы Зевс, өз жауларын найзағайының күшімен жоқ қылған.  Зерттеушінің де ойы осы аңызбен ұштасып, ол памфлет деген адамдардың абыройын түсіру үшін жазылатын шығарма деген түсінік береді.

В. Ворошилов болса, «памфлет» – негізін сарказм, патетика және ашу экпрессиві құрайтын сатиралық жанр деп есептейді. Ол бұл жанрдың тарихы Эразм Роттердамскийден («Қара адамдардың хаты», 1515 жыл), Франсуа Рабледен («Гаргантюа және Пантегрюэль», 1534 жыл), Даниэль Дефодан бастау алған деп жазады. Сондай-ақ, памфлетті жазу үшін бірден-бір керек нәрсе, оқиға мен кейіпкердің оперативті байланысы деген ақпарат береді және бүгінде памфлетті ең керемет жазатындардың бірі: Мэлор Стуруа деген пікір білдіреді. Өйткені, Мэлор өз шығармаларына ірі саяси қайраткерлерді арқау етеді. 

Бұл жанрға талдау ретінде, «Ара» журналының екі мың сегізінші жылғы, үшінші санында басылған «Бұлғағы көп тіршілік» памфлет-өлеңін алуға болады. Памфлетте автор, тіршілікті басты кейіпкер рөліне қоя отырып, ерте кездегі сан түрлі алауыздықтар, ел бастаған көсемдердің өздерін ақтау үшін өзгелерді даттауы жайында сөз қозғайды. Сол кезде тіршілік осының ешбірінен саспай, көмек керек жанға қамқор болады. Содан соң, ол бір сұмдық бастап, төңкеріс жасайды. Бүлікшілер Ресей патшасын ұстап алып, абақтыға қамайды. Одан кейін тіршілік, КСРО-ны таратып, ел тәуелсіздігін алады. Ғасырлар бойы қиындық көрген ұлтымыз арқасын кеңге салады. Сондай-ақ автор тіршілікке болашақтан үлкен үміт күтетінін айтып, алдағы уақытта ешқандай жамандық болмасыншы деген тілегін білдіреді.

Қорытындылай келе, сатиралық жанрлар әркез қоғамда орын алып жатқан өткір мәселелерді ащы шындықпен жеткізуге тырысты. Оған фельетондар мен памфлеттер мысал бола алады. Айналамызда болып жатқан мәселелердің барлығының бастауы бар. Ол бастау - оқиғаның шындығы. Шындықты тікелей еститін құлаққа жеткізу мүмкін емес екені белгілі. Дегенмен, оны әдеби сарынға салып, күрделі тәсілдердің негізінде сатираға айналдыру арқылы авторлар әзілмен болса да, халықтың көзін ашты. Сөздің құдіреті арқылы кез келген адамның санасына жол таба білетін қазақ әдебиеті өкілдерінің басты ерекшелігі де осы болар.

Әсел Бошанова, практикант,

Еуразия ұлттық университетінің

2-курс студенті


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар