Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Сәуле Досжан. Көрдемшенің қасіреті...

02.09.2019 15388

Сәуле Досжан. Көрдемшенің қасіреті

Сәуле Досжан. Көрдемшенің қасіреті - adebiportal.kz

(Хикаят)

1

«Тек қазақта ғана «Дала төлқұжаты (паспорты)» болады, шырағым. Сенің сонда тіркеуің жоқ екен!»,- деген дауыс құлағын жарып барады.

Жігіт пәтердің есігін жаба салып, жеделсатыны күтпей, оң қапталдағы баспалдақпен зымырай жөнелді. Оныншы қабаттан құлдилаған оның аяғы өз бетімен адымдап, тас басқышқа бірде тиіп, бірде тимейді. Шалынысып барып денесін тіктеп алады да қайтадан екпіндей төмендеп барады. Жаңа ғана үй ішінде болған әңгімеден жүрегі тарсылдап аузына тығылады. Қыз әкесінің сызданған үні құлағында қалып қойыпты, қайта-қайта жаңғырығып естіледі. Ең төменгі қабаттың темір есігін ашумен теуіп жіберіп еді, зіл темір былқ етпеді. Тарс еткен дауыстан есін жиған жігіт оң жақтағы түймешені байқап, жұдырығымен періп қалды. Шалқасынан ашылған есіктен сыртқа атып шықты. Биік үйдің алдындағы аллеяға қойып кетті.

Мұнша тақымдап сұраққа алады деп ойлап па? Тегін адам оқудың түбіне жетіп профессор бола ма!? Жігіттің басына алдымен осындай ой оралды. Шеттеу орналасқан сәкіге барып жайғасты. Құлағында әлі бағанағы үн. Бәріне әу бастан апам кінәлі. Сонда да ол байғұсты қалай жазғырайын деген ой санасына келіп, жалғыздығын жаны сезініп, көңілі құлазыды...

Қыздың әкесі – Жеткен Бақұлы танысуға келген баланы сонша тергеймін демеген. Әйелі күнара «Мөлдіртайдың көңілі қалаған жігітімен танысып, батаңызды берсеңізші. Туыстары алдымыздан өтпекші»- деп қылқылдап қоймаған соң, қызына көз салған жігітпен танысу деген ата салтта жоқ әдет болса да заман басқа болды ғой, жарайды танысайын деп келісім жасап еді. Араға күн салып осы сырықтай жігіт келді үйлеріне Мөлдірге еріп. Тікірейген қара шашы, бүркіт қабағы мінезінің қайратты екенін бірден көрсетті. Алдымен өткір жанары жарқ етіп «Саламатсыз ба?!»,- деп амандасты. Ер азаматтың Ассалаумағалейкум!,- деп қазақша қол ұсынбағанына үлкен кісі кіділеніп қалды. Қәзіргі жастар қазақша амандасқанды біле де бермейді-ау деп ойлады, өзіне университеттегі студенттердің Сәләмәтсіз дей салатынын еске алып. Көргенде көзі тойған жігітті жұмыс бөлмесі – кабинетіне бастады.

Жігіт қысылғанын байқатып, екі аяғын қосып, бойын тік ұстап отырды. Екі қолы алдында. Жеткен Бақұлы әңгімені алдымен өзін таныстырудан бастады:

-Мен – Мөлдірдің әкесімін. Есімім - Жеткен, әкемнің аты-

Бақ болады. Сенің аты-жөнің қалай?,- деді.

-Нұржан Қалқабаевпын,- деді бала, аудиторияда отырған студентіне ұқсап.

-Ов пен ев- тен әлі құтылмағансыңдар ма?,- деді күлімсіреген профессор.

- Құжат солай болып кетіпті,- деді бала, басқа не десін.

- Әлі де кеш емес, оны түзетіп ал. Қай жақтың қазағысыңдар?

- Осы маңайдың, таудың арғы жағынанбыз.

- Әке-шешең елде ме, жоқ қалаға жақындады ма?

- Әкем жоқ. Анам бар. Қаланың маңындағы ауылда тұрады,- деді жігіт, үні алғашқыдан бәсеңдеу шығып.

- Әкең қайда? Қай тума боласыңдар?,- үлкен кісі енді бастырмалата жөнелді.

Осы жерде жігіттің жүзі қызарып, дауысы тіпті ақырындап:

  • Менің әкем жоқ. Жалғыз анам бар,- деді.

  • Әкем жоғы несі. Ажырасқан ба, не дүниеден өткен бе?,- деп

қыз әкесі тықақтап қояр емес. Жаңа ғана денесін тіп-тік ұстап отырған азамат белінен біреу періп қалғандай сылқ босап кетті. Үндемей сәл отырған соң, мына кісінің алдында ешнәрсені жасыруға болмайтынын ұғып, сауалға жауап беру керектігі есіне түскендей әрең даусын шығарып:

  • Анам мені некесіз туған екен....- деді.

Жалғыз қызына сөз салып келген жаннан мынандай жауап күтпеген Жеткен Бақұлының тынысы тарылып, кеудесі қысылды. Ары қарай сұрағы таусылғандай тым-тырыс отырып қалды. «Көрдемше... көрдемше...»,- деген сөз сана түпкірінен оянып, құлағына дың-дың етіп келіп жатты. Жігіт те өз жауабының үлкен кісінің жанды жеріне тигенін біліп, жым-жырт отырып қалды. Бөлмеде өлі тыныштық орнап, қабырға сағаттың тырсылы ғана естіледі. Құдды екі азамат бір-бірінің тыныс алысын аңдып отырғандай.

Мөлдір мен анасы еркектер оңаша сөйлессін дегендей асүйде күңкілдесіп шәй әзірлеп жатқан. Қолы ыдыс-аяқта болғанымен көңілі осы жақта жүрген қыз бұлардың үндері естілмей, тыныштала қалғанынан шошығандай есіктің арғы жағына келіп тың тыңдай қалды. Жүрегі аузына тығылып, бір бәле шақырғандай ма, қалай?

-Жаңағы Қалқабаев деген кімдер?,- деді бір кезде ұзынсонар тыныштықты бұзып қыздың әкесі.

- Анамның тегі ғой,- деді байғұс бала.

- Нағашыларың екен ғой...е...е...

Тағы тыныштық басталды. Әркім өз ойымен әуре. «Көрдемше... көрдемше...»,- деген сөз егде кісінің миын шағып барады. Қыздың әкесі мен жігіттің әңгімесі жараспағанын Айғаным бәйбіше алыстан сезді. Еліктей үркіп, есік сыртында тұрған қызына:

  • Мөлдір, бері кел, неғып тұрсың, тыңшы құсап,- деп шақырып алды.

Сол аралықта кабинет жақтан професордың үні қайта естілді:

  • Нұржан шырағым, енді сен қай рудан боласың?

Сасқан үйрек артымен сүңгиді дегендей, жігіт анасының руын айтты. Енді Жетен қария:

-Нұржан, айналайын, шыққан тегің бұлыңғыр екен... Қарға тамырлы қазақта жеті ата деген болады естуің бар шығар? Бабаларымыз жазу-сызу болмаған заманда шежіре қайыру арқылы жеті атасын түгендеп, бірін-бірі танып, ажыратып отырған. Әлемде қазақтан басқа ұлтта шежіре қайыру деген жоқ. Сол шежіре шатаспау керек! Кейбір ұлттарда ұрпақ-ұлт анасы жағынан жалғасады. Ал, қазақта әке жағынан таратады. Жеті ата деген – жеті әке. Жамағат жеті атадан аспай қыз алысып, құдандалы болуға тыйым салған. Мұның бәрі ұлт қанын таза сақтаудан туған нәрсе. Ұлт болашағы – ұрпақ тазалығында. Қазақтай арлы ұлттың мына маңайымыздағы басқа ұлттардан артықшылығы да сонда. Тек қазақта ғана «Дала төлқұжаты»,- деген болады, шырағым. Ол- әрқайсымыздың қай жүзге, қай руға, қай атаға жататынымызды еш жерге жазбай-ақ ауызша бір-бірінен айырып береді. Соның бәрі – әке қанымен келеді. Ал, әкесі кім екені белгісіз адам, оған тіркелмеген болады. Яғни, сенің сонда тіркеуің жоқ екен! Мүмкін анаң білетін шығар шыққан тегіңді?,- деді балаға бажайлап қарап.

Жалғызбасты әйелдің баласы атанып жүрегі жаралы өскен ұлдың алдынан осы мәселе тағы шығып, ескі жараның орнын тырнағандай көрінбес қан шығарды. Алматыға жоғарғы оқу орнына түскелі бері ешкім ата тегін сұрап есіне салмап еді. Енді, міне, анау-мынау емес жаны сүйген Мөлдірдің әкесі Дала төлқұжатына тіркелмеген екенсің деп отыр. Жігіт жүрегін тіліп жатқандай күйге түссе де шыдап, үндемей отыр.

-Бәріміз бір таудың бауырында өсіп-өніп отыр екенбіз. Алда-жалда менің қаным мен сенің қаның аталас болмасына кім кепіл. Біздің ұлт ұрпағы дүниеге келмей тұрып қосылатын екі жастың қаны араласпай сапалы ұрпақ болуын ойлаған. Оның ұлттық, әлеуметтік саяси мәні бар. Сол замандарда адам қанын зерттейтін институт болмаса да ұрпағын даланың, ұлттың жазылмаған қағидасымен тәрбиелеген. Жеті атасын білдірткен. Оны білмесе салтқа нұқсан келетіні бір басқа, болашақ дүниеге келетін ұрпақтың тағдыры не болады. Өзің дәрігерсің, генетика дегенді жақсы білесің...,- деп сүзіле қарады.

Жігіт жер болып, тіс жара алмай қалды. Не десін! Анасының бір кездегі қателігіне баласы басымен жауап беріп отырды...

-Мен сені көргеннен көзім тойды, бірақ көңілім орнында емес. Ренжімесең, анаңнан кім болса да әкеңнің бір хабарын біліп кел. Тегіңді анықтамай, батамды бере алмаймын. Ұлтымның дәстүрін, ұстанған қағидасын біле тұра, қызымның махаббатына бола дала заңын бұза алмаймын. Бұл мәселеде сенің титтей де жазығың жоқ. Сені жазғыруға, күстаналауға менің де хақым жоқ. Егер қызыма сөз салып келмесең, сені бұлай тергемес те едім, балам, ренжіме. Сондықтан айып етпе, анаңмен сырласып, шыққан тегіңді нақтылап кел,- деді үлкен кісі.

Қолына ұстап отырған көзілдірігінің әйнегін шүберекпен сүртіп, көзіне киіп алдында жатқан кітапты қолға алды. Бұл - осымен әңгіме тамам дегені еді. Соны айтқызбай ұққан жігіт созыла орнынан көтерілді. Есікке бұрылғаны сол еді, кейуана кірді бөлмеге:

-Нұржан, шырағым, шәй ішпедің бе? Ең болмаса нан ауыз тисеңші!,- деп қалбаңдап жатты.

-Ағай, сау болыңыз! Рахмет, апай!,- деген жігіт асығыс адымдап сыртқы есікке беттеді.

Мөлдір қыз болса бәрін естіген құлағымен қоса, ақ жүзі де қызарып, ұяттан өртеніп ас үй мен қонақ бөлменің ортасындағы есіктің артында тығылған күйі қалды.

Нұржан намысын қоздырған, жүрегін жандырған үйден тезірек кеткісі келді. Сүйіктісінің қандай күйде қалғанын бағамдамады да. Әйтеуір осы босағадан шыққанша жан таппады. Аяқ киімін қалай кигені де есінде жоқ...

Атып шықты...

2

Мәрзия жасы отызды орталағанша оң жақта отырып қалды. Бес ұлдың артынан ерген жалғыз тал гүлінің әлі күнге құтты орнына таба алмағаны анасы Айтбаланың жанына бататын. Қыздар педогикалық институтын бітірген ақылы ешкімнен кем емес, томпиған ғана сүйкімді бала анасы үшін. Ауылдағы мынау деген қадірлі мұғалім. Әйел бақытына жету үшін ақыл мен жақсы қызметтің аздық ететінін Мәрзияның анасы жан дүниесімен сезініп жүрді. «Бар бәле – ана үндемес мінезінде. Ішімдегіні тап деп отырғанға кім жуысын. Бесеуің жабылып жалғыз қайынсіңлілеріңді құтты орынға қондыра алмай жүргендерің мынау!»,- деп келіндеріне де ренжіп алатыны бар. Жалғыз қыздың жасауы деп жинаған жихаз, көрпе-жастық, ыдыс-аяқ та жайына қалды, жатып-жатып тозып барады. «Қыз ұзатып, құда келтірсек»,- деген арманмен әкесі дүниеден өтті.

Бес ағасы – бес шаңырақ болды. Өз қызықтары өздерінде. Әулеттеріне – дәулеттері, дәулеттеріне – сәулеттері жарасып өсіп-өніп жатыр. Тек мереке той-томалақта бас қосқанда ғана жылы шырай танытып, қарындасының маңдайынан сүйетіндері бар. Ал, жеңгелерінің әрқайсысының өзімен қарым-қатынасы әртүрлі. Әулеттің тұңғыш келіні – Балымша, Мәрзияның он үш жасында түсті. Өзін Кішкентай деп тергеді. Содан ба, анасындай. Ал, екінші жеңгесі – Сабыркүл. Есімін ата-анасы тауып қойғандай - салмақты, сабырлы. Ол да Кішкентайым деп отырады. Әпкесіндей қамқор. Өзіне керекті көбіне осы жеңгесіне алдыртады. Үлкен екі ағасының балаларын мектеп бітіргенше бағысып, арқалап келді.

Үшінші жеңгесі – Тұрар. Әулетіне перзент тұрмай жүргенде көргені екен. Әбден ерке, әпенділеу, ойына не келсе соны орындатады күйеуіне. Тіпті ата-енесіне де еркелеп, жалғыз келіндей жүреді. Арамдығы жоқ, ақ еден, кең пейіл, әрі мұғалім болған соң ба оны күллі ауыл еркелетеді десе де болады. Мәрзияның әке-шешесі де жанымызға жәйлі деп осы келінде қолға ұстаған. Өзі балажан байғұс, жылара туып алдындағы екі жеңгесінен асып түсті. Бес баласы үйді басына көтеріп, есіктен төрге дейін киім-кешектері шашылып жатса да, өздері төбелесіп жатса да тәйт демейді ғой, шіркін. Сонысына кемпір-шал да риза. Төртінші жеңгесі – Жұбаныш. Ең жанына жақын, сырласы, мұңдасы, нағыз жұбанышы. Адамның есімі тағдырын жасайды деген шын шығар.

Кенже келін – өзімен құралпас Гүлдерай. Шіркін, нағыз гүлдерай ғой! Гүлдерай десе дегендей! Өзі де гүлдей құлпырған, өмірі де гүл-гүл жайнаған. Алла оған өмірді тек қызық көру, рахаттану үшін бергендей. Ағасы да соның айдауында. Әулеттің кенжесі болған соң қарашаңырақ пен ата-ананың иесі солар болуы керек қазақы дәстүр бойынша. Ал, ол екеуі Алматыда тұрады. Ауылға оралуды ауызға алдыртпайды ерке жеңешесі. Қариялар да кенжелеріңнің қолына тұруларың керек не оларды қарашаңыраққа алдыру керек деген үлкен ұлдың сөзіне азар да безер болады.

-Қой, шырағым, біз Қанат пен Тұрардан айырылмаймыз. Гүлдерай қалаға лайық бала ғой, Санатжанды да қызметінен бөлмейік,- деп сыпайылап құтылады.

Сол Гүлдерай жеңешесі Мәрзияны өкшелеп, жүрген-тұрғанын аңдып отырады бір жаманы. Оның неге өзімен осынша бақталас екендігін қайынсіңлісі түсінбейді. Екеуі құрдас, тетелес бауырының жары болғанымен жақындығынан тайталасы басым.

Бекер обалдары қане, үлкен жеңгелері осы босағаны аттағаннан жалғыз қайынсіңлілерін үкілеп ұстап, қабағына қарап келеді.

Мәрзия мектепті аяқтап, институтқа түскенде үшінші ағасы Талғат пен жеңешесі Жұбаныштың қолында тұрды. Төртінші курсты бітіргенше бағыты – үй – институт – үй болатын. Күзде бесінші курсқа келсе топтағы біраз қыз жазғы демалыста той жасап, күйеуге шығып келіпті. Жанындағы жалғыз досы – Жұпары:

-Мәрзия, екеуміз үйден қатынап оқып бар қызықтан құр

қалып жүр екенбіз. Біздің жатақханада тұратын қыздар сабақтан кейін қыдырып, өмір көріп жүр екен,- деп жаңалық ашып отыр.

-Қандай өмір?,- деді жаратылысынан аңғал Мәрзия.

-АЗВИ мен Политехтың жігіттерімен танысып кино, театрларға барып қыдырып жүр екен кешке қарай.

-Ой, бізді оған кім жіберіпті ...

-Осылай кім жібереді деп жүре берсек, дипломды құшақтап салт басты сабау қамшылы дегендей болып ауылға қайтамыз ғой, деді құрбысы.

-Енді не істеуіміз керек. Біздің басты шаруа – оқу, диплом алу,- дейді Мәрзия негізгі мақсаттарын нақтылап.

-Солайы – солай ғой, бірақ та студент кезімізде күйеуге тиіп алмасақ, қалып қоямыз қатарымыздан. Содан кейін ауылға барып оқымаған біреудің шұлығын жуып, сиыр сауып, от жағамыз,- деп қорқыта бастады, биылдан қалмай байға шығуға бел байлаған құрбысы.

-Ал сонда қалай танысамыз, аты-жөні жоқ кімге жабысамыз.

-Жатақханадағы қыздармен байланысты күшейтіп, араласуымыз керек. Солармен бірге біздің институтты шефстволыққа алған оқу орнының жігіттерінің шақырған кештеріне қатысайық. Сонда қармаққа бірдеңе ілінер,- деп қулана күлді Жұпар.

Құрбысы әпке-жездесімен тұрады. Сабақ үлгерімі шамалы. Мәрзияның жазып әзірлеп келгендерін көшіріп пайдаланады. Кітапханаға баруға да онша құлықты емес. Тұрмыстары ауыр отбасынан болған соң әпкесімен бірге көбінесе базар жағалап кетеді.

-Көрейік, тек ана Алмаға ұқсап Кирзаводтың жігіттерімен қыдырғым келмейді, есіңде болсын. Оны сезсе, мені көкем үйге қамап қояды,- деп өз қорқынышын да жасырмады Мәрзия.

Сонымен екі қыз жігіттермен танысып қыдыратын, тіпті оқыған болса соларға күйеуге шығып алатын болып тарасты.

Әні-міні деп жүргенде Жаңа жыл да таяды. Жатақханадағы қыздардан өз топтарындағыларды малдәрігерлік институттың жігіттері жылды бірге қарсы алуға шақырғандарын естіді. Күлдәрия деген ұшқалақтау қыз бар еді сол бір күні сабақ үстінде :

-Қыздар, несін айтасыңдар Дәуреннің достары қатты әзірлік үстінде, бізбен таныспақшы,- деп келді. Дәурен дегені жерлесі көрінеді. Содан кейін қыздарда сен не киесің, мен не кием басталды.

Мәрзия да жеңгесі Жұбанышпен ақылдаса отырып, дүкеннен дүкен қоймай дегендей жүріп шырша түстес бір көйлекті әзірледі сол кешке. Үлкен жеңгелері кішкентай деп еркелеткенмен өзінен үш-ақ жас үлкен Жұбаныш «Марзик»,- деп атайтын, екеуі жақын достар сияқты еді. Кілең ер баланың ортасында өскен соң ба өзі не сыныпта не курста қыздармен бірден достасып, құпия сырласып кете алмады. Үй тіршілігі апасы мен жеңгелерінен аспайтын болған соң, барлық уақыты не кітап оқуға не теледидар көруден аспайтын. «Жалғыз қыз, жалғыз қыз»,- деп өсірген соң, үй тірлігіне де икемсіз болды. Өмірінде иене ұстап, түйме қадаған емес. Ауылда тұрғанымен от жағып, күл шығармапты. Сиыр саумақ түгілі қораға барып көріп пе?! Қалаға келгенде де қызметке ілініп, жаңа пәтер алған ағасының үйінде «Марзик» болып еркелеп жүрді, сабағын ғана оқып, Ал, жігітпен танысу, күйеу іздеу деген ойы түгілі, түсіне кірген емес.

Шырша түстес көйлекпен, құрбы-құрдастарының ортасында Жаңа жылды қарсы алды. Екі қыз мақсаттарының алғашқы қадамын жасап жігітпен де танысты. Құмарларынан шыққанша биледі. Шараппен де ауызданды. Екеуін екі жігіт қолтықтап үйлеріне дейін шығарып та салды. Жұпарды таңдағаны екі-үш күннен соң оқу корпусына іздеп келді. Ал, Мәрзияның жігіті сол бір шығарып салғаннан ұшты-күйлі жоғалды.

-Менің штангист сияқты порымымнан шошып кеткен шығар,- деп шағынды құрбысына.

Шындығында Мәрзияның аталары дембелше, шойын қаралар тұқымынан болатын. Алма ағашынан алыс түссін бе, жынысы әйел демесе, бұл қыз да тұқымнан ұзамады. Тек ағаларынан сәл ашаңдау, жанары ашықтау еді. Бет келбеті анасына келетін. Мінезі – апасы айтпақшы ішімдегін тап деп тұрады. Кім мұның не ойлап тұрғанын, ішін қандай арман тесіп жатқанын қайдан білсін. Осы күнге дейін де не өскен ауылында, не басқа жерде еркек атаулы бұған назар аударып, не бұл оларға көңіл бөліп көрмепті. Ауылдас замандастары арыстандай ағаларынан қаймықты, алыстағыларды бұл тарта қоймады. Сонымен уақыт шіркін зымырап бара жатты... Енді міне, топты жігіттің ортасынан да біреуі бұйырмады.

Биылғы жылдан қалмай байға тию мақсатын алдына қойған Жұпар өткенде танысқан жігітімен әлек болып, мұны ұмытты. Тағы біреумен таныстыра қалатындай басқа дос та жоқ жанында. Сабақтан келе жатқан жолда жабысатын кирзаводтың қасқаларын бұл менсінбейді. Сөйтіп жүргенде көгілдір көктем өте шықты, диплом жұмысы басталды. Бағыт: үй-кітапхана-институт-үй болып өзгерді. Қоғамдық көлікте көретін ер-азаматтың бәрі жанталасып жүгіріп жүреді күнкөріспен. Қызға қарамақ тұрмақ түсетін аялдамасынан өтіп кетіп, естері шығып жүреді. Кітапханадағы жігіттер қағаздан бас көтермейді.

Диплом да жазылды, өте жақсы бағаға қорғалды. Өзі оқыған мектепке ұстаз болып оралды. Оқудың түбін таусып келген қызы апасының мақтанышы болды. Тұрар жеңешесі де сол мектепте физик еді, декреттік демалысқа шығып, бұл орнын басты. Сол жылы Қанат көкесінің ортаншы ұлы бірінші сыныпқа баратын болып, соны жетектеп бірінші қыркүйекте мектепке келді.

«Өзі білу мен өзгелерге білдіру екі басқа. Білгенін кісіге білдіру, яғни балаларды оқыту өз алдына бір ғылым»,- деп Міржақып Дулатов айтқандай диплом алып шыққанның барлығы мұғалім бола алмайды екен. Өзіңнің білгеніңді оқушыға үйрету үшін шеберлік керек екен. Институтта кураторлары Раушан апай: Мұғалім болу үшін жүрек, ми, қол керек. Жүрек – балаға деген махаббат, ми – білім, қол – шеберлік. Үшеуінің біреуі жоқ болса, ол мұғалім емес,- дейтін. Сол айтқанын көңілінен шығармай күнделікті жұмысына бағыт етіп, бар ынта-ықыласын салып Абай бабасы айтпақшы – ұстаздық етті жалықпай үйретуден балаға. Жиырма бір жасынан басталған мұғалімдік жұмысы бір мектепте он бес жылға созылды. Бірақ тағдырында еш өзгеріс бола қоймады.

Мәрзияның жалғыздығы әсіресе, ішкені алдында, ішпегені артында бес ұлдың ортасында алқып-шалқып отырған Айтбала бәйбішеге қатты бататын. Қызына қанша қалып қоясың, ертеңіңді ойла жұмыс, жұмыс деп жүре бермей, біреудің етегінен ұста! деп қақсағанымен, намазының батасына қосып тілеп Жаратқанға жалбарынып жатса да Мәрзияға теңі табылмады. Өзі жетектеп апарған Қанат көкесінің ортаншы ұлы да мектепті бітіріп, институтты орталады. Енді әулеттен рұқсат болса келін әкелмекші екен. Анасы Ойбай-ау, өзің жаялығын жуып өсірген Русланжан шаңырақ көтерейін деп жатыр, енді қайттік деп зар жылады.

Ағалары қыз бала жат жұрттық деп алақанға салып аялап жүргендерімен, жүрек түпкірлерінде орталарындағы жалғыз қызғалдақтың өз бақытын тапқанын қалайды. Әрқайсысы өз алдарына шаңырақ болып, бәйтеректей жайқалып өсіп-өніп отырғанда қарындастарына қарап көңілдері қоңылтақсыйды.

Жеңгелері де әзілмен де, туралап та айта-айта шаршады. Қайынсіңлілерін таныстырмады емес, реті келген кезде алғашында жас жігіттермен, кейіннен әйелі қайтыс болған, ажырасқан дегендей басы бос ер-азаматтарды көрсетіп жүрді. Тіпті өз аудандарының әкімінің орынбасарының жұбайы өмірден өткенде жолын тауып Тұрар жеңешесі онымен де таныстырған. Көн етіктіні менсінбей, көк етіктіні кездестірмей жүргендегі көк етіктінің көкесі еді. Жетім қалған екі баласы мен қолында анасы бар екен. Оның жайын да жеңешесі түсіндіріп жіберді.

-Балаларын көп көрме. Мейіріңді салып қарасаң, күйеуің разы болады. Не ішем, не кием демейсің. Өзің де өсіп-өнесің. Балалары ертең-ақ бір-бір шаңырақ болып кетеді. Ауданды уысында ұстап отырған еркек, тіпті облысқа өсуі де мүмкін,- деп жігін жатқыза түсіндіріп таныстыруға бір туыстың үйіне алып барған.

Бәріне көніп келген қыздың күйеу жігітті көргенде көңілі су сепкендей басылды. Ауданды алақанында ұстайтын ақыл берген құлына Алла ең болмаса бір қарыс бойды артық бермепті, өзі де тырыйған арық неме екен. Көргеннен көңіліне жақпаған жігіттің үні де құлағына жақпады. Бұл кезде отызды орталаған Мәрзия толыса бастап еді. Күйеу жігіттің жанында отырғанда өзі қатты қымсынды. Кейіннен үйге қайтып келе жатқанда жеңгесіне:

-Тұраш тәте, ананы қолтығыма қысып жүрем бе?,- деп ұнатпағанын білдірді. Содан кейін жасы ұлғайып қалды ма, таныстыра қоятындардың реті келмеді ме жеңгелері тынышталды. Тек қалаға қыдырып келсе Жұбаныш жеңешесі ғана:

-Марзик, осылай жүресің бе, ең болмаса өзің үшін бір бала туып алсаңшы,- дейтінді шығарды.

Сыңарын таппаған қыздардың уақыт өте келе пайда болатын психологиялық өзгеріс – оңашалықты қалау, ешқайда барғысы келмеу Мәрзияның да мінез-құлқынан қылаң бере бастады. Үй-жұмыс-үй деген бағытқа да бой үйретіп алды. Бойын бір енжарлық билеп, не нәрсеге де қызығушылығы азайып, бірсарынды өмірге көндіге бастады. Жыл өткен сайын салмағы да өсіп барады. Әйтеуір бір қуаныш сыйлайтын – шәкірттері. Мектептегілері шүпірлеп маңайынан шықпаса, түлектері үзбей хабарласып тұратын. Студент болғандары каникулға келсе, жұмыс істейтіндері демалысқа шықса алдымен Мәрзия Сейтенқызын іздеп келіп, сәлем береді. Жаңалықтарымен бөліседі, өздеріне ақыл-кеңес сұрайды. Көңілін аулап, кішігірім сыйлық жасайтындары да бар.

Ұзақ жылғы еңбегін ескеріп директордың тәрбие ісі бойынша орынбасарлығына жоғарылатылды. Жаңа қызметі үлкен жауапкершілік жүктеп – бойындағы енжарлықты қуып, қызығушылығын оятты. Жаңа бағдарламаларды игеру үшін көп оқып, көп ізденуге тура келді. Бүгінгінің балаларының көзқарастары да жаңаша. Эмансипация заманының жастарының тәртібі де өзгеше. Соның бәрін түсініп келсін, тереңірек игерсін деп Республикалық білім жетілдіру институтына жаздық курсқа жіберді.

Басқа облыстардан да мектеп басшылары жаңа бағдарламалармен оқыту, мектепке жаңа технологиялар мен әдістемелерді енгізу мәселелерін тереңдете үйретуге шақырылыпты. Жататын жерлері де оқу орнына жақын, асханасы да ішінде. Отыздан астам мектеп басшылары оқушылардың жазғы демалыстарында өздері оқуға кірісті.

Осы жолы Мәрзия ағасының үйіне тоқтамай, сабағына жақын жатақханаға орналасты. Өзінше отызды орталағанда өз билігі өзіне тиген түрі. Өмірбойы ананың, аға-жеңгенің ырқынан шықпай келеді. Әлі күнге дейін бір еркектің құшағына кіріп, жан-дүниесі еріп сүйісіп көрмепті. Мектепте оқығанда үйдегілерден аса алмады, институтқа түскенде аға-жеңгесі сабаққа апарып, алып қайтатын. Қыз болып қылтиып не бір киноға, не бір жастар бас қосқан кештерге барып көрмепті, Өзінің де еркекті еріксіз қарататындай не бір сұлулығы, не сымбаты не қылығы жоқ. Біреу сұрақ қойып сөзге тартпаса, балықтай болып үндемей отыра береді. Бәлендей еш қызыққа елең етпейді. Енді бір өз билігі өзіне тигенде Балымша жеңешесі:

-Марзик неге үйге келмейсің?,- деп еді:

-Рахмет! Өмірбойы үйде жүрмін ғой, мен де бір жатақхананы көрейін де,- деді.

-Қыз-ау, саған бір жақсылық болатын шығар деп жеңешесі күлді.

-Болса – болар. Қашанғы күтем, осы жолы не бар, не жоқ қылам!,- деп бұл да күліп жауап берді.

-Әумин, әумин! Не болса да оңынан болғай. Тойыңда тон киіп қалармын,- деп әзілдеді.

Саудың айтқаны келмейді, жындының сандырағы келеді деген шын екен. Дәл сол бостандығы кәріқыздың өміріне айтса сенгісіз өзгерістер әкелді. Тағдырыңа жазылған адамды көргенде жүрегің бүлк ете түседі дейтін баяғыда Шарайна курстасы. Сол айтқандай еркек атаулыға аса назар аудара қоймайтын Мәрзия Нұрғалиды көргеннен көңілінде өзгеріс пайда болды. Сонау Ақжайықтың бойынан келген, мектепте директор көрінеді. Бірге сабақ бастаған отыздың жиырмасы – әйел де, оны – еркек. Сол он ер-азаматтың ішінде көзіне оттай басылып, жұлдыздай жарқырады. Аңқылдаған ақ көңіл, иманжүзді. Сабақ арасындағы үзілісте неше түрлі әзіл әңгімесі мен анекдоты дайын тұрады. Тәжірибе алмасуға барған мектептерде де жұрттың назарын бірден өзіне аудартады.

Білім жетілдіруге келгендер оны староста сайлап алды. Екі-үш күннен соң ол Танысу кешін өткізуді ұсынды. Бәрі де отбасы мәселелерінен, мектептегі таусылмайтын тапсырмалардан, ата-аналардың алдындағы жауапкершіліктен шаршап, бостандыққа шыққандай болып бас қосқандар болатын. Мына ұсынысқа қуанып келісіп, тездетіп ортаққа қаржы жинап жіберді. Жұма күнгі кешке мейрамханаға тапсырыс та беріп үлгерді.

Мәрзия да бір жерге шығып қалсам деп шабаданға салып келген көк жібек көйлегін киіп топқа қосылды. Мейрамхана алдында домбыра арқалаған Нұрғали кездесті. Қызды көріп:

-Пай-пай, пай Мәрзия! Құлпырып кетіпсің. Бүгін тек сенімен билеймін,- деп әзілмен қарсы алды. Өмірінде еркектің осынша мақтауын естімегендей:

-Сәлеметсіз бе?!,- деп қып-қызыл болып жүзі жанып ұялып кетті.

-Сәлем! Бағана сабақта бірге болдық емес пе?!,- деп қызға жақындап, иығынан орай құшақтап ішке икемдеді мейрамхананың кіреберіс есігін ашып. Денесіне еркектің қолы тигеннен діріл жүгіріп өтті де, қаны қызып кеткендей болды. Аяғына киген биік тақа топылайымен шалынып кете сақтап баспалдақпен көтеріліп келеді.

Нұрғали алғаш көргеннен-ақ Мәрзияның отызды орталап қалса да әлі еркекпен қалай еркелеп сөйлесуді білмейтін, баладай аңғалдығын байқаған болатын. Содан реті келсе бір әзіл тастап, қызды қызартып алғаны өзіне ұнайтын. Бүгінгі танысу кешін өзі ұйымдастырып, өзі асабалатып бар өнерін салды. Домбырасына қосылып әуелетіп ән де шырқады. Өзі айтқандай қайта-қайта Мәрзияны биге де шақырды.

Осы жасына дейін қанша басқосуларға, құрбыларының тойларына барғанымен қыз болып қылымсып, не жігіттің құшағына еміне кіріп билеп көрмепті. Нұрғалидың бауырына қысып алғанынан Мәрзияның тіпті басы айналып кетті. Мұрнына еркек әтірінің исі келіп, денесін белін орай ұстаған білегі мен кеудесіне жабысқан кеудесі қыздырып бара жатқандай. Нұрғали қоярда қоймай шарап та ішкізіп жіберді. Басқа әйелдер тартынбай жатқан соң, бұл да жартылай ішіп салып отырды.

Кеш өте көңілді болып бәрі бірге түнгі Алматыны тамашалап жатақханаларына жаяу қайтты. Нұрғали да қызыңқырап қалған екен, қызды қолтығынан алып шалқып келеді. «Достар...достар жүрсің қайда?»,- деп әндетіп те қояды.

Баяғы студент күндеріндегідей көшеде ән шырқап, жастық шақтарын еске алысты. Әрқайсысы әр жылдары оқығанымен барлығы дерлік жоғары білімді осы Алматыдан алған болып шықты. Өте көңілді оралған олар бірін-бірі бөлмелеріне шығарып салысып біраз әбігерге түсті. Нұрғали да Мәрзияны бөлмесіне дейін жеткізіп салып, бетінен сүйіп қайырлы түнін ұмытпай, өз қабатына кетті.

Ертесіне демалыс күнін Мәрзия аға-жеңгесінің үйінде өткізіп, қайтты. Жұбаныш:

Марзик, Қазақстанның түпкір-түпкірінен жиналыпсыңдар ішінде саған лайық бір джентельмен жоқ па екен?,- деп әзілдеді.

-Жан-жақтан келгені болмаса, бәрі үйлі-баранды еркектер ғой.

-Несі бар, еркек үйден қырық қадам шыққан соң – бойдақ деген бұрынғылар. Қазір тіпті еркіндікке шығатын шығар. Солардың ішіндегі жібі түзу біреуіне жабыссаңшы.

-Туу, жеңеше, жабысқаны несі,- деп қызарып кетті.

-Марзик, жаным, саған мен айтпасам кім айтады. Апам сенің жалғыздығыңды ойлай-ойлай қартайды. Қанша бақытты десек те сені ойлап қасіреттенеді. Әзірге ана үйге апам болған соң сыйып отырсың, олар да келін түсіріп, немере сүйгелі отыр. Әркімнің өз қызығы өзінде. Осы бетіңнің қызылы барында өтіп кетпесең, жастық шақтың қалай зу етіп өте шыққанын байқамай қаласың,- деп баяғыдан айтып келе жатқан жырын жалғастырды.

-Қайдағы беттің қызылы, қайдағы жастық, жеңеше. Мен күйеуге шығудан қалдым ғой, мойындайық та. Менің қатарларым шаңырақ ұстап отыр. Әйелі өлгендер мен ажырасқандарды таныстырып көрдіңдер. Проблемалары басынан асады. Мен қырыққа келгенде барып біреудің қиындығын бөліскім келмейді. Одан да құда да тыныш, құдағи да тыныш жүргенім дұрыс,- деп мұңайып қалды.

Ендеше, жаныңа жалау боларлық бала тауып ал. Ең болмаса қартайғанда жалғыз қалмайсың. Уақыт деген сондай тез екен, әне біздің балалар да университет бітіріп жатыр.

-Кімнен туам, ешкіммен байланысым болмаса,- деді ұяла даусы күмілжіп.

-Байланысың болмаса – байланыс жаса. Қашанға асылыңды сары майдай сақтап жүрмекшісің,- деген жеңешесі көзі күлімдеп аяқтады сөзін.

Мәрзия Жұбанышпен осынша ашық сырласпап еді. Жердің тесігі болса кіріп кетердей ұялып кетті. Терезеден түскен кешкі күннің сәулесімен жүзі нарттай қызарып, алаулап тұрды. Біразға дейін тілін жұтып қойғандай үндемей отырып қалды.

Шәйін қайта ысытқан жеңешесі алдына кесесін қойып жатып:

-Қыз-ау, қанша қашсаң да осы тақырыпқа келетін уақыт болғаны...,- деді қайынсіңлісін тығырыққа тірегендей.

-Жеңеше, енді бұйырғаны болар...

-Осы жауапты мен естігелі қанша жыл өтті. Өзің ұмтылмасаң болама. Есіңде болсын, жыламаған балаға емшек бермейді,- дегенді естіген шығарсың. Жұмыс, жұмыс деп әзірге алданып жүрсің, ертең-ақ зейнетке шығатыныңды ойла. Зейнет жасы келген күні сені жұмыстағылар керек қылмайды. Қазір заң солай, баяғы біздің апайларға ұқсап сүйретіліп жүре бермейсің. Қайда барасың, жалғыздық сонда басталады.,- деп жеңгесі үстемелетіп келеді қорқынышты. Мәрзияға қашатын жер қалмағандай. Не деп жауап берсем екен деп отырғанда:

-Қыздар, қалайсыңдар?,- деп көкесі ас үйге кіріп келіп қиындықтан құтқарды.

Ағасының үйінен шыққаннан өзі басқа бір әлемге еніп кеткендей болып, аялдамадан өтіп кетіп әйтеуір жатағына жетті ғой. Бөлмесіне енгеннен ештеңеге зауқы соқпай, жартылай шешініп төсегіне құлай кетті. Сол жатқан қалпы бар өмірі кинодан көргендей көз алдынан өтіп жатты. Міне үш мүшелді артқа тастады. Жалғыздан жалғыз жатысы мынау...

Шаңырағы бөлек ағалары мен сексеннен асқан анасы бар демесе, жаны да, жүрегі де – жалғыз. Өз қатарлы қыздардан еш жері кем болмай бойжетіп еді. Бүгінде олардың бәрі бір-бір шаңыраққа ие болып, жар құшып, бала сүйіп шыға келді. Бұл болса түндерде тізесін құшақтап, күні бойы жаттың баласының тілеуін тілеп, тәрбиесін күзетіп өмірі өтіп барады. Сондай бос, ешкімге керексіз өмір. Жанында не дос, не жар жоқ...

Мектеп қабырғасында жүргенде кейбір қыздар ессіз ғашық болып хат алып, бозбалалармен айлы түндерде қыдырып, тілінен бал беріп, кейбірі жігіт құшағымен танысып та үлгерген еді. Ал, Мәрзияның ағаларынан аяғын тартты ма, немесе, салмақты мінезі, ешкімді елең еткізбейтін қарапайым ғана түр-тұлғасы қызықтырмады ма, ешкімнен хат-хабар алмады. Ешкім оған ғашықтығын айтып, сезімін білдірмеді. Бұл да қыз болып қылмыңдап, қылық көрсетпеді. Тек сабағын оқып, барлық қызықты алдан күтіп жүре беріпті. Әкенің ақ шаңырағында өмірбойы осылай алшаңдай басып өтетіндей болыпты, дүние-ай.

Институтқа өз білімімен түскен соң жақсы оқуға тырысты. Физика пәнінің мұғалімі деген диплом қолға тигенше оқи берді, оқи берді. Оқып, оқып неге жетті! Өзі бітірген мектепке келіп ұстаз болды.

Мұғалімдік жоғары білім алып келген қызға ауылдың жігіттері көз сала бастады. Ал, Мәрзияның күткені – Ақ боз атты ханзада еді. Қолында пәпкісі бар, басында шәпкісі бар деп апасы айтпақша жігіт болатын ең болмағанда. Сонымен, көк етікті кездеспей, көн етіктіні менсінбей жылдар зымырап жатты ғой.

Әлі де өте берер. Осылай жүре берсе жылдардың бір жылында, күндердің бір күнінде өмір де таусылар. Жалғыздан жалғыз ана дүниеге аттана барар...

Басқалар өмірін жалғастырып, өсіп-өніп жатар. Алғашында іштері өртене жылаған бауырлары қырқын, жылын берген соң-ақ ұмыта бастар. Тек шәкірттері қана бастары қосылғанда еске алып отырар.

Өмір бойы бір бағытпен жүріп келе жатыр. Анасы кішкентайынан Қыз деген жырбаңдап күле бермеуі керек! Қыз деген үйден орынсыз шықпауы керек! Қыз деген әркімге еріп орынсыз ойын-сауық қумауы керек! Сабағыңа бар, үйге кел, басқада шаруаң болмасын! деп қақсап өсірді. Сол шектеулерден әлі шыға алмай келеді емес пе! Қолы босаса болды жата қалып, ұйықтайтын. Қатал ағалары мен анасының күзетінде жүретін мұны қатарластары көңіл көтерсе орталарына қоспайтын. Әрі Тұрар жеңешесі мұғалім болған соң басқосуларын бұдан естіп қалып директорға жеткізеді деп қорқатын. Жалғыз құрбысы – Шәрбанкүлдің өзі не істеп жүргендерінің бірін айтса, бірін айтпайтын.

Ешкіммен араласпай, қолы боста ұйқысын қандыратын бұл енжер болмай, кім енжар болсын. Бойы ортадан төмен болған соң ет алуға бейім. Кішкентайынан ет-жеңді болды. Тек мейірімге толы жанары ғана адамға жылыұшырап қарап назар аудартатын. Сол жанарының өзі кейде маңайына енжар қарайтын. Осы енжарлық, жуастық қадамын кері жүргізіп, тірлігін кері тарттырып келеді. Соның өзін бүгін түсініп, бүгін мойындап отырғандай. Жатақхананың темір төсегіне салынған төсеніштің әр жерге түйіртпектелген мақтасы жамбасына батқанына қарамай ағыл-тегіл жылап жатыр. Мағынасыз өміріне қайғырып, есіл өтіп бара жатқан жастық шағын жоқтады. Ақын Тұрсынжан Шапай айтқандай армансыз жатып қайғырып, армансыз жатып жылады.

Дүйсенбі күні сабақтан соң тәлімгерлерді Қаскелең қаласындағы үлгілі мектепке алып баратын болды. Бәрін баяғы шәкірт кездеріндегідей автобусқа салып алып жүрді. Нұрғали әдеттегідей жетекші. Әрқайсысын түгендеп, анау қайда, мынау кірді ме?,- деп сұрастырып, жанындағы қыз тізім бойынша түгендеп жатыр. Нұрғали көліктен шығып-түскендерінде Мәрзияның қолынан ұстап шығарып, және мінгізіп жүрді. Қыз қанша ыңғайсызданып, тартыншақтаса да:

-Мәрзия, кел қарындасым!

-Мәрзияш, әкел қолыңды!,- деп қояр емес.

Түскі ас кезінде де жанына отырып алып ыдысына көкөніс салып беріп. Ыстық тамағына қол жалғап қызмет жасауды ұмытпады. Бұрын-соңды ер-азаматтан мұндай айырықша ықылас көрмеген қыздың көңілі алабұртып, ерекше бір күйге бөленіп жүрді. Тіпті осы ықыласты іштей ұнатып, әлденені күтіп жүргендей.

Түс ауа қайтар жолда Нұрғали жанына келіп отырып алды. Жол бойы таңертеңгідей жұртты иіріп отырмай, үнсіз болды. Мәрзия болса да өздігінен жақ ашпайды. Екеуі де жым-жырт, томпи ойнағандай. Тек анда-санда ой-шұқырда көліктің секіргенінен тізелері мен иықтары түйісіп қала береді.

Жатақхананың алдына келіп автобустан түсіп жатқанда Нұрғали:

-Мәрзия, сен киміңді ауыстырып шықшы, саған қаланы таныстырып қайтайын,- деді.

Әншейін не нәрсеге де үндемей келісетін қыз:

-Ой, ағай, бұл менің туған жерім ғой, сонау Ақтаудан келген сізге мен таныстыруым керек қой,- деп қалғаны.

-Солай ма?! Тіпті керемет! Ендеше сен баста, ағаң ілессін,- деп қуанып кетті жігіт.

Мәрзия көп күттірмей, шалбарланып, жеңіл кеудешесін сыртынан жамыла есік алдына шыққанда Нұрғали да тықыршып тұр еді. Өмірінде желікпейтін қыз бүгін басқа біреуге айналып кеткендей, аяқ-қолы жерге тимей еркекке ілесе жөнелді.

Екеуі алдымен арқан жолмен Алматы алақандағыдай көрінетін Көктөбенің басына шықты. Біраз тамашалаған соң қызарып батқан күннің сәулесімен Медеу шатқалының бауырындағы ұлттық мейрамхананың жазғы бағында ауқаттанды. Нұрғали қыздың жанына жақын отырып қолынан ұстап өз өмірінен сыр шертті. Еркек құшағында отырып көрмеген Мәрзияның еркек лебінен басы айналып, денесі қызып, әңгімесінің бірін ұқса, бірін ұқпайды.

-Мәрзияш, айналайын, адам өз тағдырының кілтіне ие болатын жанды көргенде алыстан таныйды,- деген рас шығар. Мен сені көргеннен өмірімнің ендігі билігі сенде болатынын жүрегім сезді,- деп жігіт шын-өтірігі белгісіз жан сырын ашты.

-Мені неге осы күнге дейін салт басты, сабау қамшылы жүр деме. Мен де жігіт болып желігіп жиырмаға толмай жатып үйленгем. Жас шаңырағыммен жағаласып жүріп институт оқып алдым. Алғашқы жылдары баламыз болмағанға бәлендей назар аудармадық. Екеуміз де студент болған соң іштей қолбайлау болмады деп қуанған да шығармыз. Өзімізше бәрі жоспармен келе жатқандай болды. Оқуды бітіріп екеуміз бір мектепке қызметке тұрдық. Жас отбасы деп бірден пәтер берді. Енді сол шаңырақты думанға бөлейтін бала керегін сонда барып түсіндік,- деп бір терең күрсініп алды. Оның ішінен шыққан жалыннан Мәрзия есін жиғандай болды.

-Сонда балаларыңыз жоқ па?,- деді.

-Иә, жиырма жылдан асты қосылғанымызға бір перзент сүйе алмай жүрміз. Ажырасып кетейін дегенді ойлағанмен көңіл тартатындай адам кездескен емес саған дейін. Сені көрдім де, көңілім бұзылды. Ешкімге мұндай ынтық болған емеспін. Сен менің тағдырым шығарсың!,- деп құшағына тартып қысып, ернінен сүйді.

Мәрзия армансыз қайғырып, армансыз жылаған түннен бері Жұбаныштың ертеңің үшін бір бала туып ал!,- дегені көңілінен кетер емес. Шайтан азғырып жүргенде, мына кісі де кездесе кеткенін қарашы! Не айтса да жанына жағып, құшағына кіріп бара жатқанын қарашы! Бұрын ұжымдағы әріптестерімен басқосуларды ғана қызыл шараптан ауыз тиетін. Бүгін Нұрғалидың құйған коньягын түк те қарсылық танытпай алып отырды.

Мейрамханадағы отырыс етектегі мейманхананың бір кісілік бөлмесінде жалғасты. Нұрғали күндіз әзірлеп кеткен бөлмеге жарым түнде қызды алып келді. Бойында жігіттің буы мен коньяктың қызуы бар кәріқыз дәл бүгін түн еркектен ештеңесін аямайтындай күйде еді. Алғашында оның ешбір қарсылықсыз шешініп жатқанын көріп Нұрғалидың өзі іш тартып қалды. Дегенмен еркек аты бар емес пе, шешінген судан тайынбас...

-Мәрзияш, жаным, сен әлі қыз екеніңді неге айтпадың!,- деп риза болған еркек түннің бір уағында өртеніп жатқан қызды қайта бауырына тартты...

Мәрзия жалғыз өзі төсегінде аунақшып жатып, шаршап барып көзі ілінетін түнді жек көретін. Түнді де біреу түн дейді, қаратүнек деп тілдейді, бірақ түннің ішінде ләззат барын білмейді,- деп ақындар бекер айтпаса керек. Бүгін сол қаратүнектен ләззат алды. Осы түнге нәпсі іздеп келмеп еді. Өмірінде тұңғыш рет жан-дүниесі елжірей біреуді жақсы көріп, оттай құшағында бақыттан балбырап, жылап жатты...

Нұрғали маған ұнап қалдың, еліме алып кетем, әйеліммен ажырасып жүр едім, бала тауып берсең арманым болмас еді,- дегендей сөздерді үйіп-төгіп айтып қыздың басын айналдырып жіберді. Алғашқы түннен кейін жатақханадағы Мәрзияның оңаша бөлмесінде бірге жатып жүрді.

Мәрзия осы жүрісінің дұрыс еместігін білсе де Нұрғалиға ешбір қарсылық таныта алмады. Әлде, Жұбаныш жеңгесінің жаныңа жалау болар бала тауып ал дегенін орындағысы келген де болар. Өзін-өзі өзі де түсінбейтін бір қорлықтан құтқарғысы келетіндей. Сол қорлықтан, жалғыздықтан ана болу арқылы ғана құтылатындай...

Білімдерін жетілдірген мектеп басшылары енді қоштасу кешін өткізді. Оны да ұйымдастырып жүрген баяғы-староста Нұрғали. Топтағылар осы бір өнерлі, келісті, келбетті, өзі ақкөңіл азаматқа дән риза. Бәрі мақтайды. Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтаған. Мәрзия кеш бойы Нұрғалимен ғана билеп, ертең оның кететінін ойлап қимастықтан іші әлем-жәлем болып жүрді. Нұрғали болса қырыққа таянғанша бір еркектің құшағын көрмеген кәріқыздың өзінен ешнәрсе сұрамайтынына таңданып, іштей сауабын алғандай сезімде еді. Ең болмаса, осы кеткеннен байланыс үзіле ме? Егер мен екіқабат болып қалсам қайтем! Сен мені іздеп келесің бе? Ажырассаң сен маған үйленесің бе? деп те сұрамайды ғой. Не болса да, ішінде. Үндемей, жанында томпайып жүреді де қояды. Қой аузынан шөп алмас момынның өзі. Ол үндемеген сайын жігітті ұят қысатындай.

Кейде қарап отырып жаны ашып кетеді. Бұл қыз мектептегі қасқырлардың ортасында қалай оқу ісі бойынша орынбасар болып жүр екен-ә, Дәу де болса қағаз толтыруға шебер шығар,- деп ойлап қояды.

Бүгінгі мұғалімнің бір соры – қағаз толтыру болды ғой. Шәкірттермен айналысқаннан басқа ауданға, облысқа одан әрі министрлікке есеп беру, ұсыныс жасау, одан қалды күнделік жасау дегендері толып жатыр. Ең жек көретіндері де сол – бітпейтін қағаз жұмысы. Өзінің мектебінде осы Мәрзия сияқты ұқыпты, көп сөзі жоқ бір қызды тек қағаз толтыруға отырғызып қойды. Жоғарыға есепті сол береді.

Ертесіне өзі айтпақшы ауылы жақын Мәрзия Нұрғалиды ұшаққа шығарып салып тұрды. Хат жазып, хабарымды білдірем, сен де хабарлас, Мектептегі телефонға қоңырау шалып тұр,- деп номерін берді. Мәрзия да өзінің маржандай жазуымен мектептегі және үйдегі телефон номерлерін, мекен-жайын анықтап жазып жатты. Нұрғали тіркеліп, жүгін өткізіп жанына келді де соңғы рет бетінен сүйіп:

-Хабар үзбе!,- деді. Мәрзия осы жолы батылданып еркекті құшақтай алып, мойнына асылып жылап жібергені. Қанша дегенмен бір айдай құшағында жатып, өзінің адалдығын көрсеткен жан-дүниесі тап-таза қызды аяп, жүрегі елжіреп кеткен жігіт:

-Жыламашы, жаным! Бәрін реттестірген соң Жібекті іздеген Төлегендей Ақжайықтан сені іздеп келемін!,- деп әзілдеп қайтадан қыздың бетінен сүйіп, құшағына қысты.

Мәрзияның алғашқы және соңғы ыстық сезімі ұшақпен бірге аспанға көтеріліп бара жатты, қол жетпестей болып. Сол кеткеннен Нұрғали мол кетті...

Мектепте жаңа оқу жылы басталды. Мәрзия жаздай оқып, тоқып, жинап келген тәжірибесін әріптестерімен бөлісу үшін қызметіне белсене кірісті. Көңілі алаңдап Нұрғалидан да бір хабар күтулі. Сағынышымен араласып жүрек түпкіріндегі үміті бір жанып, бір өшеді. Үйден таңертемен шыққаннан қас қарая ғана оралады. Түскі тамағын да оқушылармен бірге асханадан ішеді. Алдынан ақсаңдай басып анасы шығады:

-Құлыным-ау биыл тегі жұмысың көбейіп кетті ғой. Қойсайшы, осы зауыш дегеніңді. Бұрынғы тыныш қана сабақ беріп жүргенің жақсы емес па еді,- деп күн сайын есік алдынан қақсап қарсы алатын әдет жамады.

Тұрар жеңешесінің әзірлеген кешкі асын кейде жейді, кейде ауыз тиуге мұршасы келмей төсекке мұрттай ұшады. Соңғы кездері тамаққа тәбеті де жоқ. Асханаға кірсе болды, иісінен жүрегі көтеріледі. Кейде басы айналатын болып жүр. Бойындағы бұл өзгерісті ол жұмысының көптігінен шаршағаннан организімі әлсіреген деп түсінетін. Есі шығып жүріп етеккірінің кезегін де ұмытып кетті. Уақытынан жаңылып, соңғы келген күнін еске түсіре алмады.

-Уақтылы тамақтанбай асқазаныңды бүлдірдің. Енді мынау жөндеп ас қорыта алмай жүргенің,- деп анасы әуеніне қайта басады.

Күнімжан екеуі ауданға жиналысқа кетіп бара жатқанда көлік ішінде жүрегі көтеріліп мазасы қашты. Екі рет жол-жөнекей тоқтатып, сыртқа шықты.

-Не болды, кеше жақпас ас іштің бе?,- деп сұрады әріптесі.

-Білмеймін ғой, күндегі жеп жүрген тамағым...

Бұрын көлікте жүрегің айнымайтын ба еді?

Ондайым жоқ еді,- деп күмілжіді.

Екі мұғалім түсте жиылыс өткен ғимараттың маңайындағы асханаға тамақтануға барды. Кіреберістен қолдарын шайып, залдың ортасына қарай жайғасты. Ас мәзірін қарап, тапсырыстарын берді. Жиылыста талқыланған мәселе жайында пікір аламсып отырғанда даяшы пәтносын толтырып тапсырыстарын алып келді. Әрқайсысының алдына қойып:

-Астарыңыз дәмді болсын!,- деді де бұрылып кетті.

Сол аралықта тағамның буымен иісі мұрнына барғаннан Мәрзияның жүрегі көтерілсін. Күнімжанға айтып үлгермей, атып тұрып манағы қол шайған жаққа қарай жүгірді.

Қайта келіп отырғанымен асқа тәбеті болмады. Түрі бозарып тек кеседегі шәйді ұрттап қана отыра берді.

-Саған не болды, бір жерің ауыра ма, өзің жүдеп кетіпсің ғой?,-деді бұрыннан сыралғы келіншек. Екеуі институтты қатар бітіріп келіп қызметке кіріскен болатын. Сол алғашқы күннен сыйласып, достасып кеткен.

Қайдан есіне сап еткенін Мәрзияның басына Осы мен екіқабат емеспін бе?! деген ой келді. Қанша дегенмен Нұрғалимен ала жаздай ән салып, бір ай бойы төсектес болды емес пе...

-Күнім сенен бір нәрсе сұрасам ешкімге айтпайсың ба?,- деді қыз кезіндегідей қысылып.

-Сұра, сеніп айтсаң неге айтам біреуге,- деді құрбысы.

Мәрзия енді сөзді неден бастарын білмеді. Бірден қалай мен екіқабат сияқтымын десін, ес жоқ, түс жоқ Байқұстың еркекпен жұмысы жоқ. Осы қалғаны – қалған ғой,- деп аяп жүрген әріптесіне. Күнімжан бүгінде үш баланың анасы, бес биенің сабасындай дейтін келіншек болған. Тамақты қарбыта жеп, шәймен итеріп қойып, соғып отыр. Мәрзия біраз қипақтады да не болса да шынымды бір адамға айтайын деген шешімге бел байлады.

-Биыл жазда мені Алматыға оқуға жіберіп едіңдер ғой,- деп басталған әңгімесі өзінің мінезіндей тұп-тұйық, қысқа да нұсқа болып шықты. Аяғы жаңа ғана ойына келген мен екіқабат емес па екем дегенге келіп тірелді.

Астың рахатымен отырғандай болған Күнімжанның көңілін құрбысының мына сыры астаң-кестең етті. Сонда да үндемей соңына дейін тыңдады. Мәрзия ішіндегісін ақтарып болып, үнсіз қалғанда:

-Еркекпен бір ай жатпақ түгілі бір рет бірге болғаннан да бала бітіп қалады. Тіпті, зорлап кеткендерден де бала көтеріп қояды,- деді.

-Сондай болып қалсам елге не бетімді айтам, не істеймін,- деді сорлаған қыз.

-Қайтесің, туасың да. Сен жас емессің – адасып қалды, алданып қалды, зорланып қалды дейтіндей. Жеңіл жүрісті емес екенің белгілі. Жасың да келіп, қырықтың төбесі көрініп тұр. Түсінгендер өзің үшін туды дер. Табалағандардың қайсы бірінің аузын жабасың.

Мәрзия айтарын айтып салып, бірдеңе бүлдірген баладай тым-тырыс отыр.

-Апам мен ағаларыма не деймін. Апам сорлы өлетін шығар елдің сөзінен,- деді көзі боталап.

-Қой енді, көп сөзді қоялық та, келіп қалған екенбіз аудандық емханаға баралық. Әйелдер дәрігерін тауып алып қарал. Алдымен жағдайды нақтылап алалық, жүр,- деп дастархан батасын жасағандай бетін сыйпап орнынан көтерілді. Мәрзия үнсіз ілесті.

Күнімжанның емханада таныс жеңгесі бар екен, құлағына тиісімен ештеңе сұрамай-ақ дедектетіп гениколог деген жазуы бар есікке алып келді. Мәрзия жылына бір рет медтексеруден өткенде осы есікке келетін. Оның әлі еркек көрмедім дегенін түсініп, креслоға шығармай-ақ қарап жібере салатын, қағазына қол қойып беріп. Бұл жолы темір креслоға аяғын асып қойып ұзақ қарады. Әлдебір анализ алып, құрсағын ары-бері басып, мыжып көрді.

-Соңғы етеккіріңіз қашан болды?,- деп сұрады.

-Шілденің соңында.

-Анық қай күндері?

-Есімнен шығып қалыпты...

-Өзіңіз сауатты адамсыз, әрі жас қыз да емессіз, белгілеп жүрмейсіз бе- деп дәрігер сөгіп те алды.

Мәрзия қып-қызыл болып ұялып, іш киімін киіп жатты. Қағазға әлденелерді түсірген әйелдер дәрігері:

-Сегіз-тоғыз аптадай, енді УЗИ-ге барыңыз,- деп қолына бағыттама жазып берді.

Көңілі күдікке болып, өзі жолдан шаршаған Мәрзия үйіне түн қараңғысында оралды. Әдеттегідей анасы алдынан сөйлей шықты:

-Ойпырмай, амансыңдар ма?! Тіпті кешіктіңдер ғой,- деп ішке қарай еріп келеді. Өңі сынық, қабағы түсіңкі қызының сыры өзіне белгілі, үндемейді. Тағы бірдеңелер сұрауға батпады.

Сол күннен бастап Мәрзияға уайым түсті. Ойыны осылды деген осы. Енді қайттім, апама не деп айтам, тағы басқа. Көп ұзамай, сол үндемеген күйі Алматыға тартып кетті. Ішіндегі дерттің бәрін-бәрін Жұбаныш жеңешесіне ақтармақ. Мұны жер бетінде бір жан түсінсе – сол түсінер, бір жан табаламай шешімін айтса – сол айтады. Анасына да, аға-жеңгелеріне де сол жеткізер жұқалап. Өзі қарабет боп қалғанын қай бетімен айтар.

-Жазда келіп-кетіп жүргеніңде көңіліңнің бұзылып жүргенін сезгем. Бірақ жиырмадағы жас қыз емес, жанына жалау болар бірдеңе туса туып алар деп едім. Енді ана перзентсіз жүрген пақырға хабар бер, мүмкін саған қосылар,- деді ақылшысы қайынсіңлісінің сырын тыңдап болып.

Мәрзия Нұрғалидың тастап кеткен телефон номеріне хабарласып еді, арғы жағындағы әйел адам:

-Нұрғали Әзірбайұлы біздің мектептен ауысып кеткен,- деп жауап берді. Өзі есеңгіреп жүрген қыз: Қайда ауысты? Сол жақтағы телефонын бере аласыз ба? деп сұрап та алмады.

-Әне, еркектер сөйтеді, қоштасқалы екі айдан бері бір хабарласпады дегеніңнен шошып едім. Өтірік мен білсем, баласы жоғы да, ажырасатыны да!,- деп Жұбаныш біраз бұрқырап алды. Сабасына түскенде барып:

-Жарайды, қайтеміз енді, жылай берме. Апама, ағаларыңа мен түсіндірермін. Ауылға қайт та жұмысыңды жалғастыра бер, декретке шыққанша,- деп кеңес айтып шығарып салды жолға.

Мәрзия үйге келген соң анасы мен аға-жеңгесіне, әріптестеріне сыр бермеуге тырысты. Бала күнінен ет-жеңді, өзімен-өзі тұйық жүретін қызға ешкім күдіктеніп қарамады. Күнімжан да күнде кездесіп жүрсе де ештеңе сұрап мазасын алмады. Тек өзі күнде киіп жүрген көйлектерінің тарыла бастағанын, жүрісінің ауырлап, жатқысы келе беретінін байқады. Тәбеті қайтадан ашылып, енді ананы-мынаны жегісі келетінді шығарды.

Жұбаныш жеңгесі мен Қанат ағасы келгенде Мәрзия ұяттан кіріп кетер тесік таппады. Үйге бір кіріп, бір шығып, әсіресе ағасына қарауға жүзі шыдамады. Қанша қашса да Жұбаныш апасы мен Тұрар жеңгесін өзіне қосып оңаша бөлмеге апарып мәселені жайып салды. Апасы келіні қинала отырып Кішкентайдың аяғы ауыр болып қалыпты дегенді айтқаннан ойбайға басты.

-Ойбай, қарабет болдық-ау! Ойбай, жетесіз қар-ай! Жүріп-жүріп сені албасты басты ма?! Осының оң жақта отырып қалғанынан шошып едім ғой! Сонда да ең болмаса қатыны өлген шалға шықса да жөнін табар деп ойлаушы едім ғой. Мұндай күллі жұртқа абыройын шашып, ағаларын жерге қаратар демеп едім,- деп күйіп-пісіп, қан қысымы көтеріліп кетті.

-Бесеуің жүріп арттарыңнан ерген бір түйір қызға бай тауып бере алмадыңдар-ау. Өздерің менің бір-бір ұлымды құшақтап жатып. Басып берсеңдер де біреуге беріп жібермедіңдер ме, ойбай! Ағаларына не бетімізді айтамыз, ойбай!,- деп үйді күңірентіп барып бір тоқтады кейуана. Келіндерде үн жоқ. Мәрзия тірі өлік болып отыр, өңнен өң жоқ.

-Әй, қар, әкесі кім ол көктүйнектің?

- ...

- Жұбаныш, сен бар пәлені білесің, екеуіңнің ым-жымың бір. Тап әлгі еркекті ағаларының қолынан өлмесін десең!

-Апа, ол жігіт өте алыста екен. Сонау Ақжайықтың бойынан... Оның үстіне отбасы бар көрінеді...

-Тоқал етсе де алсын. Кіммен қарайса – сонымен ағарсын, албасты.

-Онымен хабарласа алмай жатырмыз...

-Ендеше, тұқымын құрт, қашып жүрген пәленің. Алдыртып тастасын. Елдің бетіне қалай қараймыз. Ана бес арыстанымның жүзіне салық болатын болдың-ау, бетпақ!,- деп дауысы барылдаған кемпір тағы қан қысымы көтеріліп барып тынды.

Тұрар енесінің сырын біледі, дереу қан қысымын өлшеп, дәрісін ішкізіп жүгіріп жүр. Мәрзияда әдеттегіден ары – тіл жоқ, манағы отырған жерінде ашытқан қамырдай болып отырды да мына масқараға шыдай алмай, жылап өз бөлмесіне тартты.

Адуынды Айтбала кемпір сонда да:

-Көзің ақсын, көзің аққыр!,- деп қояр емес.

Жұбаныш осының бәріне өзі кінәлі сияқты иіні түсіп, басы салбырап енесінің алдында әлі отыр. Баланы алдыр! дегеннен есі шығып, енді енесінің үкіміне қалай қарсы келудің жолын таппай басы ауырып кетті. Жаныңа жалау болар бала тауып ал, ең болмаса деп өзімен-өзі жүрген момын жанның құлағын көтерген өзі екенін біледі. Енді ашумен намысқа шыдамай бейкүнә баланы алдырып тастаса обалы алдымен өзіне келмей ме! Қайынсіңлісінің арғы тағдыры не болмақ...

Айтбала бәйбішінің дәрісін ішіп, аптығы басылған сәтін пайдаланып:

-Апатай, қызымыздың жасы жиырмада емес қой, алданып қалды, өмірі әлі алда дейтіндей. Енді екі жылда қырыққа келеді. Оның құдастары келін түсіре бастады. Бүгін ашу үсті баланы алдыртып тастаса, келешегі жолы біржолата кесіліп қалса қайтеміз,- деп сыйпақтата әңгімені қайта жалғады, шешуін білу үшін.

-Айтқаныңның бәрі дұрыс қой. Бірақ қай жаста тапса да оң жақта отырып тапқан бала – сүйекке таңба. Оны қазақ көрдемше дейді. Ар сотының алдына соған қатысы барлар елден шеттетілген баяғыда. Ондай балаларды ойнастан туған деген. Ертең өсе келе баланың өзіне де ауыр. Осындай күнәлі іске басқа-басқа, мектепте үлгілі мұғалім болып жүрген, бес ағасы елге тұтқа болған, қасиетті қара шаңырақта өскен Мәрзияның барғаны дұрыс па?! Күйдіріп отыр ғой, бұл қар!,- деп өзегі өртене аһ ұрды кейуана.

Шындығына келгенде үлкен ананың айтып отырғанының бәрі орынды. Қазіргі кезде кейбір қыздар білім алуды, біреуге күні түспеу үшін өзі табыс табуды, қызметте дәрежесін өсіруді, ашкөздене дүние жинауды мақсат етіп жүргенде жастық шақ зу етіп өте шығады. Жасы орталанып қалғанда өзінің мендігін қанағаттандыру үшін серікке бала тауып алуы арға сын, тұқымға таңба дегенді ойлай бермейтіндер көбейді. Мәрзияның да сол топқа қосылып отырғаны енді әулетке таңба, ертең ол бала өскенде оның да бетіне шіркеу екенін Айтбала апа түйсінген сайын іші өртеніп, артына шегінер жер қалмағандай:

-Ал, енді ағаларына не бетімізді айтамыз. Сен бесеуің – жердің жыртығын жамайтындай, мен – білмейтін бәлесі, көрмейтін кереметі жоқ жалмауыз кемпірдей болып жүріп, бір қызға ие бола алмадық. Мына қарабет қалай мектепте шәкірттерінің алдында шермиіп жүреді,- деді. Дауысы келіндерінің миын тесіп өтердей.

-Апа, менің төркіндерім арғы бетте ғой, ешкім танымайды, сонда жіберіп босандырып алайық,- деді Тұрар тың әдіс тапқандай.

-Жетісіпсің! Бұл он сегіздегі қыз ба еді, туғызып алып, өзін жіберіп, баласын бауырға салып алатын. Бұл сорлы жалғыз қалмайын деп осы баланы тауып алмақшы болып отырған жоқ па. Қайтіп бөлеміз екеуін. Өлмей ажырамас баласынан,- деді жағдайды енді ғана түсінгендей.

Бағанадан осы жайға өзі кінәлідей, жанын қоярға жер таппай отырған Жұбаныш:

-Жеңеше, апам дұрыс айтады, біз оны баладан ажырата алмаймыз. Енді сол мектепте қалай жүретіні қиын болып тұр ғой,- деп әдетінше бас бармағын тістеледі. Бір істің шешімін іздегенде сөйтетіні болатын.

-Қойшы-ей, ішке түскен көктүйнек піспей қояр деймісің. Ұлдарыма қалай айтармын!,- деп келінін тыйып тастады енесі.

Заманында бес ұл тапқан бәйбіше болып, шалының қара орманында шалқып отыр емес пе. Ағайынның қандай мәселесі болса да осы шаңыраққа келіп ақылдаспай біткен емес. Сол бес ұлдың арқасында ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Қайда барса, төр Айтбаланікі. Қайда барса құрмет қаракемпірге. Абыройының айрандай төгілгені осы жолы шығар. Енді елдің бетіне қай бетімен қарайды, ағайынның алдына қалай шығады. Осыны ойлағанда жаны ышқынып кетеді.

  • Бабаларымыз жаным – арымның садағасы деп осындай қиналғанда айтқан шығар. Мына масқараға ел құлақтанғанша, мен өле қалсам ғой!,- деп жастыққа құлай кетті, отырған жерінде.

Екі келіннің бірі – суға, екіншісі – танометрге жүгірді. Ойбай, салдақы-ай! деп кемпір әлі де қояр емес. Не болып жатқанын көзімен көрмесе де Мәрзия көңілімен сезіп, іші алай-дүлей. Үлкен бөлмеге келіп, апасынан кешірім сұрайын десе, ары жібермейді. Әрі-сәрі болып отырғанда Жұбаныш кірді бөлмесіне.

-Қыз-ау, апам сұмдық ауырып, қан қысымы көтеріліп жатыр,- деп.

-Не істейін, жанына барайын ба?! ,- деді есі шыққан қыз.

-Ойбай, көзіне көрінбе! Сені көрсе, жағдай ушығып кетер. Одан да енді не істейтінімізді екеулеп ақылдасайық.,- деп маңдай терін сылып тастап, жанына жайғасты. Еркетай жеңгесінің де есі кеткені көрініп тұр.

-Сені ертең ала кетейін, босанғанша бізде бол,- деді. Мәрзия:

-Жоқ, бізде тоқсан аяқталып келе жатыр. Бәрін тастап қашпаймын ғой,- деп міңгірледі.

- Енді не істейсің, осында жүре бермекшімісің?,- деген жеңгесінің үнінде таңданыс бар. Көмейінде ішің шермиіп деген сөз қалды. Көз қиығын қайынсіңлісінің қара дақтана бастаған жүзіне салды.

-Бүгін кетіп қалсам, ертең жұмыссыз қалам ғой, содан соң бізді кім асырайды.,- деді Мәрзия көпше түрде сөйлеп.

- Оның да дұрыс. Өзіңе ыңғайсыз болмаса, осынан декретке шық. Бірақ апамның көңілі қалай болар екен.,- деп күмілжіді жеңгесі., ағайын арасында генерал атанған еснесін есіне алып.

- Қайтем енді. Басқа түскенін көрермін. Осында болам ғой,- деп дауысы дірілдеп жылап қалды. Жеңгесі де аяныштан жанына келіп құшақтап, бетінен сүйді, жасын сүртіп. Қайран ғана орталарында еркелеп жүрген Кішкентайы. Ендігі мүсәпір болып отырғанына іші ашыды.

-Мықты бол! Мектепте әріптестерің де сөз ілестіреді, намысыңа тиеді. Шыда! Үйде апам да сөйлей беруі мүмкін. Ағаларың да қырын қарауы мүмкін. Төзімді бол! Қиындықсыз ештеңе жоқ. Сенің ендігі өмірің осы балаға байланысты.,- деп біраз сабырға шақырды.

Ортаншы ағасы ләм-мим демей, қалай келсе солай таңертең әйелін ертіп жолға шықты.

Қанат көкесі сол күннен бастап үй-ішінде кездеспеуге, қарындасының көзіне қарамауға тырысып жүрді. Қай кезде жұмысқа кетіп, қай кезде келіп тамақтанатыны белгісіз. Іссапарға кеткен адам сияқты.

Мәрзия да үйдегілерге көрінбеуге тырысады, ерте кетіп, кеш келеді. Есіктен ене, бөлмесіне тығылады.

Анасы өзінің қарсылығын үндемей, көрсе де көрмегенсіп білдіруде.

Тұрар жеңешесі ғана кішкентай, ананы жейсің бе, мынаны жейсің бе? Ұйықтап алсаңшы деп қамқор болып жүргені.

Бір күні апасы шыдамаса керек:

-Әй, Мәрзия тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, түнгі ұйқымды төрт бөліп өсірген анаң едім ғой, ең болмаса, маған шыныңды ақтаршы, шырағым,- деді оңашада.

--Қандай шындықты айтам?,- деді қызы.

-Ана ішіңдегі түйнектің әкесі кім?

- ...

- Осы ауылда болса айтшы, байлатсам да саған қостырам. Әлде балалы-шағалы ма?

-Апа, мені кешіріңіздерші...,- деп жылап жіберді бейбақ қыз. Жалғыз қызының мынандай мүшкіл халге түсіп қалғаны анасының жүрегін езіп жіберді. Шыдай алмай қызын бас салып, жас жуған жүзінен сүйе бастады.

– Тек, айт!,- деп қоймайды сонда да.

  • Апа, ол кісі бұл жақтың адамы емес, өте алыстан. Әйелі бар, баласы жоқ екен жиырма жылдан бері.

  • Хабарласайық та, ол сормаңдайға. Қуансын. Қайда болса да бар, соңынан мынандай қарабет болғанша. Тура той жасап ұзатам,- дейді шеше байқұс, мына масқарадан құтыла қалатындай.

  • Хабарласқанмын жұмыс орнына. Басқа жаққа көшіп кетіпті. Өзі бізді іздемеді де,- деді ішкі өкпесін ақтарып.

  • Дәу көкеңе айтамын, осы елде болса тауып алады,- дейді шарасыз ана ұлын пана тұтып.

  • Апа, керегі жоқ. Мен оны зорлап балама әке ете алмаймын. Бұл бала өзімдікі болады. Егер сіздерге ыңғайсыздық туғызсам, елден кетейін.,- деді өмірінде бірінші рет өз тағдырына шешім айтып.

Перзентінің елден кетейін дегенінен есін жиғандай болған ана:

  • Қой, елден кеткені несі?,- деді шошып.

  • Ешкім танымайтын бір жерге барып босанып, баламды өсірейін. Әкесін сұрағандарға ажырасып кеткем дермін.

  • Қой, енді. Басқа түссе баспақшыл деген. Жасың ұлғайып қалды. Жаныңа серік ет. Бәрібір енді байға тигің келмейді екен. Осы баланы өсір, қайтеміз енді,- деді тағдырға мойынсынғандай халде.

  • ....

  • Өзі қыз болса болар еді. Еркек баланың өсе келе тегін, руын сұрайды қазақ. Әрі қыз деген жанашыр ғой, ал еркектің қатыны қандай болады соған байланысты. Сені шешең жолдан тауыпты деп, бақпаймын деп жүре ме,- деп баланың болашағына сапар шегіп кетті.

Мәрзия үндемей, құдды тілін жұтып қойғандай отыр. Айтарын айтып болған шешесі шығып кетті.

Мәрзия кабинетінде күнделік толтырып отыр еді, Күнімжан кірді.

-Мәкөш, бір сөз бар еді,- деді еркелетіп.

-Кел...кел...,- деп басын қағаздан көтеріп, назарын аударды тыңдап отырмын дегендей. Күнімжан дәл жанындағы орындыққа келіп жайғасып, қол сөмкесін алдындағы үстелге қойды. Алдымен басынан тастамайтын көк орамалын түзетіп алды. Бір қызығы сол орамалы басына тоқтамайды, қашан көрсең түзетіп жүрген.

-Жағдайыңды бастыққа айттың ба?- деді сыбырлағандай болып.

-Жоға!,- деп Мәрзия бірден кесіп тастады. Тіпті соны бастыққа айту керек екендігі ойына да келмеген. Тек ішінен тынып, өзімен-өзі тұйықталып, тапсырмаларын ыждахатпен орындап жүре беретін. Соны құрбысы байқаған ғой.

-Бірдеңе етіп бастыққа айт. Ол хабардар болғаны дұрыс. Ертең орныңа аяқ астынан кімді қояды.

Мәрзия енді тығырыққа тірелгендей болды. Шегінерге жол жоқ болғандықтан:

-Жарайды,- деді. Оның сол кездегі түрі мен іріп шыққан үнінен адам аяйтындай еді.

Ертеңіне Ханбибі Шонаевнаның алдында отырды бетімен жер басып. Жағдайды естіген директордың алғашында үні шықпай қалды. Мәрзия көзімен жер шұқыды. Біраз үнсіздіктен соң директор:

-Иә, Мәрзия Сейтенқызы бұл қиын болды. Енді сен арқылы мектеп ауылдағы тілді әйелдердің ермегіне айналатын болды. Сен қатардағы мұғалім емес, директордың тәрбие ісі бойынша орынбасарысың. «Ана жоғарғы сыныптағы бой жетіп келе жатқандарға не үйретіп жатырсыңдар»,- десе не айтамыз, балық басынан шіріп жатып,- деп бір тоқталды. Оның әрбір сөзі Мәрзияның жүрегіне инедей қадалуда. Басын төмен салбыратып отырғаннан көз жасы жерге тамды. Соны байқаған бастығы:

- Жылағанмен абырой жабылмайды. Ертерек ойлану керек еді. Жас емессің. Тым болмағанда басқа жаққа ауысып кету керек еді,- деп өз атына келетін сөзді де еске алып отыр.

-Енді амал жоқ, сені мектептен қуып жібере алмаймын. Ертең педсовет шақырып орынбасарлыққа басқа біреуді сайлаймыз. Сен демалысыңа шыққанша сағат аларсың,- деп шешімін айтты.

Ханбибі Шонаевнаның айтқаны айдай келді. Педсовет өтісімен-ақ, Тәрбие зауыш неге орнын босатты? деген жұмбақтың шешуін іздей бастады тілі ұзын әйелдер. Кім өз еркімен кетеді, жазда ғана оқып келді?,- деп қазбалай жөнелді. Мұнда бір гәп бар? деп себебіне іздеу салды. Өзі бала күнінен доп-домалақ, мінезі салмақты Мәрзияны басында ешкім жолдан бала табады деп ойламаса керек. Күндердің күнінде өзінен тілі жүйрік, әрнәрсені білуге әсіре әуесқой Жанғаным жұмбақты шешті-ау. Жәй шешпеді, жұрттың көзінше Мәрзияны түйрей шешті:

-Бәсе, тәрбие ісін жүргізуге тәртібі дұрыс адам ие болуы керек қой. Әйтпесе, балаларға өзіміз жолымыздан адасып жүрсек не үйретеміз,- деп едім-ау!,- деп қолындағы сынып журналын тарс еткізіп столға тастады. Мұғалімдер бөлмесінде отырғандар түгел елең етісті. Қағаздарын қоя салып, құлақтарын Жанғанымға тікті. Оның нені бықсытып келе жатқанын Мәрзия сезді де не отыра берерін, не шығып кетерін білмей қиналды. Жанғаным өсегінің басты кейіпкері отыр-ау, әрі әріптесім ғой деп аяқ тартпады да:

-Бүгін біз естідік. Ертең ата-аналар естиді. Мектепте тәртіп басшыларынан бастап бұзылған дегенді естіп ауданнан комиссия шығады,- деп желдіртіп барады. Біреу сөзіме қосыла ма дегендей еліріп жан-жағына қарап қояды сіріңке қара келіншек. Мәрзия тағы біреу бірдеңе дей ма деп қорқып отыр, үстел астынан тізесі дірілдеп.

Бір кезде терезе алдындағы үстелде отырған Мақсұт аға:

-Әй, Жанғаным, не айтып отырғаныңды ұқпадым. Біздің мектепке комиссия шығаратындай не болып қалды?,- деді таңырқап.

-Неге білмей қаласыңдар? Не үшін аяқ астынан тәрбие зауыш ауысты дейсіңдер?,- деп екіленіп келе жатыр еді естігенін жайып салмаққа, Шуақ апай орнынан тұрып:

-Қойыңдар енді. Үндемегенге үдетіп барасыңдар ғой. Кімді өсіреді, кімді өшіреді басшылар өздері біледі. Одан да қайталық, сағат жетіге аяқ басты,- деп қол сөмкесін алып есікке беттеді. Бөлмедегілердің бәрі бір-бірден шыға бастады. Олар түгел кеткенше Мәрзия қағаздан басын көтермеген күйі отыра берді.

Ауылдың аузы жеңіл жеңгейлері мен тілі өткір замандастарының басы қосыла қалса әңгіме тақырыбы – мектептегі тәрбие ісі бойынша орынбасардың жеңіл жүрісі болды. Мәрзияның анасы «қысты қалада өткізіп келем. Ыстық-суық суы ішінде, жаныма жайлы,- деп қатындардың қырқылжың сөзінен қашып кетті. Мәрзия не көрсе де, не естісе де баласы үшін шыдап, ішінен тынып қысты өткізді. Бұл – перзенті үшін ананың бәріне төзудің басы болатын. Декреттік демалысын алысымен қалаға Жұбаныш жеңешесіне тартты.

Кел, осында босанасың. Бәрін даярлап қойдым деп шақырды. Елдің ішінде отырып жалғыздық сезініп, анасы мен бауырлары тұрып жетімдік көріп, өзін жер әлемдегі ең бақытсыз деп жүргенде жеңешесінің қамқорлығы қам көңілін жібітті.

3

Наурыздың аяғында тұла бойы тұңғышы аман-есен дүниеге келді. Жасының ұлғайып қалғанында алғаш рет босанатын болғандықтан сақтанып, құрсаған жарып алды. Ұл болды.

Туытханада жанында жатқан жас аналарға күйеулері келіп, терезе тұсынан неше түрлі тосын-сый жасап, құттықтау сөздер жазған қағаздарын көтеріп махаббаттарын жеткізіп жататын. Сонда Нұрғалиды күнде ойлап, сағынып жүрді. Кім не десе де, өзін Ана атандырған азаматқа деген көңіл түпкірінде ризашылық бар. Перзентсізбін дегені рас болса, жалғызын келіп көрсе ғой, иіскесе ғой! деп армандады. Бөбегін емізуге алып келгенде қызылшақа жүзіне қарап әкесін көргендей болады. Қоңқиған мұрыны, қалың қабағы соныкі...

Атын кім деп қойсам екен?деп толғанатын іштей. Күтпеген баланың атын құрметтеп қоюға кім құлшыныс білдірсін. Атын өзі таңдап, құжатын да өзі алатын болды. Баланың тууы туралы куәлігін перзентханада әзірлеп шығарады екен. Құжат демекші оған әкесі кім деп жазады? Соны ойлап түнімен ұйқысы қашты. Әркімнен қысылып жүріп, тегін қалай жазамын деп ойламапты. Нұрғали деп жаздырсам ба екен? Оның өзі келісім бермесе, аты жазылған бір құжаты болмаса жазбайтын шығар. Есімін әкесіне ұқсатып Нұржан қоямын деп бір ойлады. Жұбанышқа ойларын айтып еді Біз әкесінің келісімінсіз, әрі бір құжатсыз басқа біреудің атын өзі менің балам деп танығанша жаздыра алмаймыз Жалғызбасты аналардың баласына заң бойынша өз тегі жазылады. Әкесі деген жерге сызықша қойылады деп түсіндірді. Сонда ұлым өскенде «әкең кім?» десе не дейді. Нұржан кім ұлы болады?- деп жатып көзі ілініп кетіпті.

... Терезеден Нұрғали қарап тұр. Сол жазда киіп жүретін көкшіл кеудешесімен екен. Тұлғасын көргеніне қуанып терезе алдына жүгіріп келді. Ол арғы жақта. Үнсіз. Бұл терезенің бер жағынан: Сенің ұлың бар, ұлың бар дей береді көңілі алып-ұшып. Ол үндемейді. Бұл терезені ашып айтайын естісін деп тұтқаларын қанша жұлқыласа да терезенің қорабы былқ етпейді. Ендеше баласын көрсетейін деп, төсегінде жатқан бөпесін құндақтап алып терезе алдына қайта келіп еді, ол жоқ...

Баласын төсегіне қайта жатқыза салып терезеге жүгірді. Нұрғали басы салбырап ары қарай кетіп бара жатыр. Бұл әйнекті сындырып жіберердей ұрып Нұрғали! Нұрғали! деп жатып жанұшыра айқайлап шақырып жатып оянып кетті.

Мәрзияның ащы айқайынан жанында жатқан жас келіншек те басын көтерді:

-Жәй ма, тәте?,- деді. Жас әйел өзін тәтелейді. Сол қызындай жанмен қатар бірінші перзентін босанып отыр.

Мәрзия төсегінен аяғын салбыратып қойып, ағыл-тегіл жылады.

Жұбаныштың айтқаны келді. Перзентханадан өз тегіне жазылған Нұржан Қалқабаев деген қазақты алып шықты. Сыртқы есік алдынан Қанат ағасы мен Жұбаныш жеңгесі қарсы алды. Ағасы құттықтап бетінен сүйіп, қолындағы баланы алып өз әйеліне берді. Мәрзия ағасынан ұялып, аяғы шалынысып кетті.

Үйде апасы күтіп отырыпты. Қаһарынан хан қорқатын Айтбала кемпірдің ақ орамалы төргі бөлмеден көзіне шалынғаннан Мәрзияның жүрегі дірілдеп, сырт киімін шеше алмай кіреберістегі табалдырықта кідіріп қалды. Қайынсіңлісіне жол бойы үйде енесі барын айтпаған Жұбаныш оның мына халін сезе қалып:

-Кенжетай, қорықпа, апама түсіндіріп қойғанмын. Қайтеміз енді, мынандай алтынды далаға тастаймыз ба?!,- деп көк көрпеге ораулы нәрестені бауырына қысып-қысып қойды.

Кешкісін бөпесін суға түсіретін болды. Суын жылытып, алғашқы киімдерін әзірлеп қойып Жұбаныш енесіне келіп:

-Апа, жиеніңізді алғашқы суға өзіңіз шомылдырып берсеңізші,- деді жалынғандай болып.

Көксандыққа қадалып, шалқайып отырған шатақ кемпір үндей қоймаған соң келіні жанына таяп, жаңағы өтінішін тағы қайталады.

- Естідім ғой!,- деді ол жақтырмаған дауыспен.- Жарайды, қазір барам,- деп белін басып көтерілді.

Баланы нағашы әжесі «Биссимиллаһ, менің қолым емес Бибіпатма пірімнің қолы!»,- деп сыйынып алып шомылдыра бастағаннан Жұбаныш Мәрзия – нәресте – енесі үшеуінің ортасында шыр-пыр болып жүгіріп жүрді. Қайынсіңлісінің көңіліне келетін сөз айтылып қала ма деп алаңдаулы.

  • Е, шырағым-ай!,- деді бәйбіше баланы шомылдырып болып келініне беріп жатып:

  • Қыз болғанда жақсы болар едің-ау! Еркек боп қай тұқымды жалғамақсың. Тілің шыққаннан жеті атаңды сұрайды, сонда не дейсің? Қыз айттырғанда руыңды сұрайды, сонда не дейсің?,- деді өзімен-өзі сөйлескендей.

Келін мен қызда тіл жоқ.

Ертесіне Қанат ағасы жұмыстан келгенде есіктен:

-Батыр қалай?,- деп кірді киімін алып жатқан келіншегіне. Қайынсіңлісімен бірге өзі де кінәлі сияқты жүрген Жұбаныш күйеуінің мына сұрағына риза болып, жадырап қоя берді.

-Батыр, өсіп жатыр, көкесі,- деді.

Мәрзияның да ағасының сөзінен іші жылып:

-Жақсы!,- деп үні шықты.

Бұл үйдің балалары да сабақтарынан оралғанда жүгіріп келіп төсегіне үңіліп жиендеріне қарасты.

-Аты кім?,- болды алғашқы сұрақтары.

-Нұржан!,- деді Мәрзия.

-Ол менің інім!,- деді үлкені.

-Ол менің бөпем!,- деді кенжесі.

Балалы үй базар деген сол екен, оларға Нұржанның әкесі бар ма, жоқ па, бәрі-бір. Кішкентай ғана тіршілікке қызыға, сүйсіне қарайды. Қырыққа келгенде қанасын жарып шыққан жалғызы өзінен басқаға керек еместей көрініп жүргенде бала жүректердің таза махаббаты Мәрзияға қуаныш әкелді.

Ай аунап, жылдар жылжыды...

Айтбала бәйбішенің бетіне жалғыз қызының оң жақта отырып жүкті болғаны шіркеу болып, ағайын-туыспен баяғыдай еркін араласа алмай арманда өтті. Ағалары да намыстан булығып елге ат ізін салмай қойды. Мәрзия баласы балабақшаға жарағанда жұмысқа қайта шыққысы келді. Бірақ өз мектебіне баруға беті шыдамай, Алматыға жақын бір ауылға қоныс аударды. Баласы баратын бақшаға тәрбиеші болып орналасты. Ағалары алып берген үйде ұлын өсіріп жатты. Бес жасында екі кештің арасында Нұржан жетті алқынып:

-Апа, Еркіннің атасы жеті ата дегенді үйретіпті. Менің де жаттап алғым келіп еді, ол әркімнің өз аталары болады, соны жаттайды. Менікі саған жарамайды деді. Рас па?!,- деді.

Мәрзия селк ете түсті. Дөңгелек үстелде нан турап отыр еді, пышақ бас бармағын осып түсті. Саусақ емес, жүрегін тіліп жібергендей болды. Қолдан қан, көзден жас ыршыды. Анасының жылағаны мен қанының саулағанын көрген балдырған сұрағының жауабын алуды ұмытып кетті. Шырылдап шешесіне ұмтылды.

  • Апа, апа! Не болды?,- деп.

Әшейінде көп сөйлемейтін әйел мұндайда не айтсын.

-Ештеңе емес, жаным. Байқамай қолымды кесіп алдым,- деп баласының назарын басқа жаққа аударып – Аптечканы алып берші деп сөрені көрсетті.

Ойын баласы ойындағы сұрағын ұмытып кеткенімен анасы ұлының сауалын ұмыта алмай төсегінде аунақшып жатты. «Апамның айтқаны келе жатыр. Өскен сайын өз жұртын іздейтін болады. Сонда не деймін,- деп жүрегі қан жылады. Бүгін ғой, алдандыра салдым, өскен сайын осындай сұрақтары көбейер. Көрерім әлі алда көрінеді»,- деп жатып көзі ілінді.

Көрері шынымен алда болды...

Нұржан бірінші сыныпта ұстазының ататек бәйтерегін жасап келіңдер деген тапсырмасын анасымен бірге орындағысы келді.

-Апа, бізге бәйтерек жасаңдар, соған ата-әже, әке-шешелеріңнің, бауырларыңның суреттерін жапсырып келіңдер,- деді апай. Екеуміз бірге жасайықшы. Суреттерді қайдан алам?,- деп қағаздарын жая бастады.

-Қазір, балапаным. Альбомды тауып аламыз да екеуміз содан сурет таңдаймыз,- деп кітап сөресіндегі ескі альбомдарды үстел үстіне әкеліп қойды. Нұржан түрлі-түсті қарындаштары, желімді әзірледі. Мәрзия үлкен ақ қағазға алып бәйтерек сызды.

-Енді осыған сенің туыстарыңның суреттерін рет-ретімен жапсырамыз,- деп жұмысты қолға алды. Ұлы қуанып ана суретті ұстап, мына суретті ұстап ол кім екенін сұрап мәз-мәйрам болды.

- Мынау әжем ғой!,- деп танып, әжесінің суретін ұстап алыпты.

-Иә, балапаным, сенің әжең. Алдымен атаңды жапсырамыз, ол міне, аты – Сейтен еді. Сен оларды көрмедің,- деп әкесінің шағын суретінің шет-шетін әдемілеп қырқып бәйтеректің басына жапсырды.

-Енді әжемді,- деп бала да ұмтылды.

-Келесі – апаң, сенің анашың – мен,- деп өз бейнесін жапсырды. Ішінен «Әкесін сұраса не деймін»,- деп қылпылдап отырды. Бала анасының уайымын сезгендей, үндемеді. Ата-Әже-Ана болып ошақтың үш бұтындай үшеуі үш жерге жайғасты.

-Енді – мен,- деді де Нұржан өз суретін төмен жағына жапсыртты.

-Міне, әдемі бәйтерек болды,- деп анасы мақтады.

-Ертең бес алам, менікі ең әдемі бәйтерек болды!,- деп бала қуанды.

Ертесіне олар күткендей керемет болмады. Бәленің бәрі бәйтеректен басталды.

-Апа!,- деп Нұржан үйге айқайлап кірді.

-Не болды, ұлым? Тыныштық па?,- деген анасы түпкі бөлмеден жүгіріп шықты, баласының жарықшақ үнінен шошып.

-Апа! Менің бәйтерегім ең нашары болды,- деп жыламсырады.

-Неге, құлыным, жақсылап-ақ жасап едік қой...

-Менен басқа балалардың бәйтеректерінде суреттері көп болды. Менде төртеу-ақ...

- Сен де көп жапсырмадың ба?,- деді шаруасынан қолы босамай жатқан шешесі елеусіздеу.

-Қалай, кімді жапсырам! Олардың ата-әжелері екеу-екеуден, әкелері де бар, ағалары, іні-қарындастары көп. Менде сенен басқа ешкім жоқ!,- деп жер тепсінгендей болды баласы.

-Неге, көкелерің бар, ағаларың бар,- деп келе жатыр еді:

-Олар бірге тумаған. Мұғалім тек өз туғандарыңды жапсырыңдар деген,- деді. Құйтымдай болып соның бәрін дәлелді айтып тұр. Анасы не айтарын білмей, үндемей тірлігін жалғастырып жатты.

-Апа!,- деді тағы бір кезде.

-Не, тағы...

-Неге Еркіннің екі атасы, екі әжесі бар?

-Бір ата-әжесі әкесі жағынан, екіншісі шешесінің ата-анасы шығар.

-Мендегі ата-әже – сенікі. Ал әкемдікі қайда?,- деп бала дендете сұрап келе жатыр еді, Мәрзия мына сұрақтардың түбі жақсылыққа апармасын сезіп ұлын сөзге айналдырып жіберді.

Баланың аты – бала. Ата-әжесінен бұрын, «менің әкем кім? Ол қайда?,- деген сұрақтан басталуға тиісті әңгімені сол сәтте ұмытып кетті. «Бүгін ұмыттырдым, жыл өткен сайын өсіп, есі кіреді. Сонда сұрағанда әкесін қайда деймін»,- деген ой Мәрзияның ұйқысын қашырып, баласының болашағын ойласа жанын шошытты.

Ол да ұзаққа бармады. Бұл жолғы бәле ойын балаларынан шықты. Ауылдың сыртындағы футбол алаңында өзі қатарлы балалармен ойнап жүргендер бір-бірімен ататегін сұраса бастады.

-Сен кімсің?

-Албанмын.

-Дулатпын.

-Найманбыз...-деп жатты жарыса.

Нұржан оларға үн қоса алмай тұрған. Еркін досы:

-Нұржан сендер кімсіңдер?,- деді.

-Біз Кегенненбіз, осында көшіп келгеміз,- деді бар білгенін айтып.

-Бәріміздің әке-шешелеріміз бұл ауылға көшіп келген. Ал руың қалай? деп сұрасып жатырмыз ғой,- деді жердің жыртығын жамайтын білгіш Еркін. Өзіне атасының үйретпейтіні жоқ, жеті атасын жілікше шағады.

-Мен ондайды білмеймін,- деп шынын айтты.

- Сен немене қызсың ба, еркектер білуі керек,- деді біреуі.

-Қыздар да қайдан шыққанын біледі,- деді екінші білгіш.

Нұржан біртүрлі жасып қалды аналардың алдында ата тегін дұрыстап айта алмай. Негізінен осындай сұрақты үлкен кісілер көп қоятын. Жазғы демалыста нағашыларының ауылына барып өткізетін. Шөп шауып, қой кезегіне барып сол жердің өзі құралпы балаларымен жақсы араласты. Сол жақта сөзді алдымен Кімнің баласысыңнан бастайды ақсақалдар. «Анамның баласымын»,- дегенінде, Алдымен әкеңнің атын айт деп бір қария зіркілдеген де болатын. «Әкем жоқ!»,- деген еді, Әкең қайда? Өлі ме, тірі ме? деді. «Білмеймін, әйтеуір, жоқ!»,-деген бұл.

-Қойсайшы, көке, өлсе өлді дер еді де,- деп бір шал ара түскен.

-Қазақтың салты ғой жөн сұрау.,- деп анаған қарады да, қайта балаға бұрылып: әлде ажырасқан ба?,- деп сұрағын жалғастырды.

-Қойсаңызшы, не болды тақымдап баланы,- деді манағы арашашы қария. Содан кейін:

- Бұл ана Сейтеннің қызының «көрдемшесі» ғой,- деп сыбырлаған болды. Оны Нұржан естіп қалды. Жанындағылар да елең етісті. «Көрдемше»,- дегеннің әйтеуір жақсы ат емес екенін кішкентай жүрегі сонда сезген. Бұрын естімесе де бұл сөздің әкесінің жоқтығына байланысты айтылғанын біліп, ішкі түйсігінен намыс оянған. Бірнеше күн бойы ұмыта алмай жүрді. Сонда да шөпшабыстан оралғанда үйдегілерден оның мағынасын сұрамады, тіпті анасына да айтпады. Бірақ «Көрдемшесі ғой!»,- деген шалдың сыбырлаған үні құлағында қалып қойды. Содан бері Қай атаның баласысың? Қай рудансың? деп жөн сұрастыра бастаған жерден қашып жүретін.

Еркін досы бірде екеуі оңаша отырғанда:

-Нұржан сендерді әкең тастап кеткен бе?,- деп сұрады.

Мектептегі сыныптасы әрі осы ауылдағы апасы екеуі араласатын жалғыз отбасының баласы – жан жолдасы болған соң амал жоқ сұрағына шындықты айтуға тура келді.

-Еркін, менде әке болған емес,- деп жауап берді. Досы да ауыр сұрақ қойғанын түсінді ме ары қарай үндемей қалды.

Тек Еркіннің атасының шанда бір аулаға жиналып қалған ұлдардан ата тегін, руын сұрап, жеті атасын жіктететіні бар. Ол кісі тіпті кішкентайларының «әпшуін» сұрап, қыз балалардан өзгешеліктерін еске салып қояды. Жаздың жайдары күндері бала біткеннің басы жинала қалса қазақтың тарихында өткен алпыс батырды түгендеп, ертегі, аңыз-әңгімелер айтып беретіні де бар.

Еркіннің әжесі де керемет ана. Аталарының жыр-қиссаларын тыңдап отырған ұлдарға құрт көже, сары май, уыздан ауыз тигізеді. Дастарханына ыстық бауырсақ шашып шәй де береді. Анасы – дәрігер, әкесі – мұғалім. Екі інісі, екі апасы бар бақытты Еркінге Нұржан қызығып та, қызғанып та қарайды. Олардың шаңырағындағы қуаныш пен шаттықтың ортасына бара бергісі келеді. Ал, өз үйіне сабақтан оралса көретіні – құлаққа ұрған танадай тыныштық. Апасы бір бөлмеде, өзі бір бөлмеде теледидар көріп не кітап қарап отырғаны. Осы мүлгіген тыныштықты тек апасының:

  • Нұржантай, тамақ ішейік!,- деген дауысы ғана бұзады.

Әйтпесе, ұйықтап кетуге болатындай өмір. «Кейін балаларым көп болады. Еркіннің әкесі сияқты біреуін балабақшаға, екіншісін мектепке, үшіншісін спортқа, төртіншісін үйірмеге тасып жүрем. Апам бізбен бірге тұрып, солардың ортасында бауырсағын пісіріп жүреді»,- деп қиялдап та қоятыны бар.

Күндер айға, айлар жылға жалғасып, уақыт деген зымырап өтіп жатты. Көзді ашып-жұмғанша Нұржан да кәмелеттік жасқа толып қалды. Сол жылғы туған күніне Алматыдан ардақты Қанат көкесі мен Жұбаныш апасы, Кегеннен нағашылары келді.

-Қане, кәмелет жасына толған жігітті көрейік!,- деп, маңдайынан сүйіп құттықтасты. Ұлының өсіп қалғанын, бойы өзінен асып кеткенін Мәрзия бүгін байқағандай:

-Аға, Нұржанның бойы сізге жетіп қалыпты ғой!,- деп қуанып жүр.

Залға дастархан жайылып, көршіден Еркіннің әке-шешесі мен сынып жетекшісі – Бәтима апай жұбайымен келді.

-Енді Қазақстан Республикасының азаматы деп жеке куәлік пен төлқұжат аласың,- деп бастап бәрі құттықтауды жаудырды, сыйлықтар жасады.

-Барып АХАЖ-ға құжаттарыңды өткізейік,- деді апасы ертесіне,- жүр бірге барайық.

Нұржан өзінен бұрын он алтыға толғандардың өздері-ақ барып өтініш беріп төлқұжатын алғанын естіген. Соны апасына:

-Апа, басқа балалар өздері барып өткізіпті ғой, мен де сөйтейін. Оған тек тууы туралы куәлік қана керек көрінеді. Содан соң өз атымнан өтініш жазады екем,- деп жеткізді.

- Солай ма?,- деп шешесі үндемей қалды. Баласының ер жетіп өз жөнін біле бастағанына қуанғанымен «Әкесі» деген жолды қалай толтырар екен деген уайым ойға түсті.

Сол ой бекер болмапты. Нұржан АХАЖ қызметкері берген бланкіні толтырып жатты да «Әкесі» деген жолға келгенде тіреліп қалды. Не деп жазады немесе кім деп жазады? Әкесінің туғаннан жоқ екені белгілі. Неге менің әкем жоқ? деп анасынан талай сұрауға оқталғанымен, батылы жетпеді. Ұлы дегенде жанын шүберекке түйіп жүрген байқұс апасының жүрегін ауыртқысы келмеді. Дәл бүгінге дейін бәрі Қалқабаев деп келді. Кімнің баласы? Кімнен туды? деген жан болмады. Оның бәрін мына қағазға не деп түсіреді. Намысын қоздыратын мына жолға кімнің атын жазады. Қысылғаннан құлағына дейін қызарған бала толтырып отырған қағазын жинап алып, қызметкер қызға:

-Кешіріңіз, мен үйден толтырып ертең келіп өткізсем бола ма?,- деді де келісімін алысымен есіктен атып шықты.

Үйде апасы жоқ екен. Келе төсегіне құлады. Әкесінің жоқтығына намыстанған бозбаланың көкірегін өксік қысты. Әттең қыз болса өкіріп жылар еді. Еркек қой! Нағашылары еркек жыламайды, анасына пана болады деп құлағына құйған. Сыныптасы Дәниярдың да әкесі жоқ, ата-анасы ажырасқан. Ол әкесінің есімін айтып, руын, туыстарын біледі. Жасымай жеті атасын жіліктеп береді. Төлқұжатында да әкесі көрсетілген.

Мектепте ата-аналар: толық отбасы, көп балалы отбасы, жетімдер отбасы, өгей ата-анамен тұратындардың отбасы, азаматтық некеде тұратындардың отбасы, аз қамтылған отбасы деп оқушыларды топ-топқа, жік-жікке бөліп тастаған. Нұржанның анасы сонда ұстаз болған соң ғана шеттете бермейді, сонда да әкесінің жоқтығын бетіне басқысы келетіндер бар. Әке туралы әңгіме болған жерден тұра қашатынын кім түсінсін. Менікі не өмір? Әке жоқ...жоқ...жоқ... Атымен, түбірімен, затымен жоқ. Ажыраспаған, тастап кетпеген... Тек жоқ! Сонда мені апам қалай туған, кімнен туған? деп ашу қысқан бозбала ақыры ішкі күйігіне шыдай алмай жылап жіберді.

Кинолардан көріп, кітаптардан оқыған ойнастан туған бала, зорлап кеткеннен туған бала, жеңіл жүрістен туған бала деген сөз тіркестері ойына орала бастады. Апасын сондай жолмен бала табатын әйелге қимады. Өзінің мына жарық дүниеге сондай жолдармен келгеніне сенгісі келмеді. Бағып алған ба?! деп те ойлады. Өзі ес білгелі апасы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай келеді. Балалармен кішігірім шекісіп қалғанда көзі жасаурағаны болмаса, дәл мұндай шерленіп жылаған емес еді. Өксіп жатып ұйықтап кетті.

Анасының Нұржантай, сен келіп қалғанбысың? деген дауысынан оянды. Апасы орынсыз баласының бөлмесіне бас сұқпайды. Ашық есіктен тек үнін естіді.

-Келсейші, кешкі тамақ ішейік те...

Нұржан асханаға шамды жаға кірді. Бағанадан алакөлеңкеде отырған анасы қуанып тұрып, баласының қызарған көзін байқап қалды. Қабағы кірбіңкі ұлына:

-Не болды, құжатқа өткіздің бе?,- деді.

-Жоқ. Бір түсініксіздік бар,- деді бала.

-Не түсініксіз болды?,- деген әйелдің іші май ішкендей жайсыздық сезінді.

-Әкесі деген жолға не жазарымды білмей, үйге әкелдім, сізден сұрайын деп.

Мәрзияның жүрегі су ете түсіп, тарсылдай жөнелді. Не деп жауап берерін білмей, үнсіз отырып қалды. Тек кесе-шәйнектің сылдыры ғана естіліп, біраз уақыт өтті.

-Апа, сізден сұрап отырмын ғой Әкесі деген жерге кімнің атын жазамын?,- деді бала құдды шешесін тергеп жатқандай қадала қарап. Бүркіт қабағы түйіліп, қайратты шашы тікірейіп кетіпті.

-Сенің әкең жоқ қой, ұлым, сондықтан сызықша қойылады, қайтеміз енді, -деді анасы шарасыздық танытып.

-Менің әкем қайда? Неге жоқ? Өзі адам ба, аң ба? Әйтпесе аспаннан түспеген шығармын,- деген баласының үні қатқылдау шықты. Мұндай тергеу күтпеген Мәрзияның беті албырап, қаны басына шапты.

-Адам ғой,- деді, үні әрең қарлығып шығып.

- Адам болса, қайда жүр осынша жылда баласын бір іздемей?

-Ол білмейді сенің бар екеніңді,- дегенде дауысы дірілдеп, жылап жіберді. Шешесінің шарасыздықтан көзіне жас алғанын түсінген бала орнынан тұрып, өз бөлмесіне бет алды. Анасы отырған орнына байланғандай болып қатты да қалды. Көз жасы бетін айғыздап, дыбысын шығармай ұзақ жылады жаны күйзеліске түсіп...

Үш айдан соң Нұржан Әкесі деген жерге сызықша қойылған төлқұжатын алып келді. Содан бастап апасынан әкесі туралы сұрамауға өзіне серт берді. Жар дегендегі жалғыз сүйеніші, жанының жалауы, панасы – жан анасын қандай жағдаймен болса да өзін дүниеге алып келгені үшін кіналағысы келмеді.

4

Нұржан онжылдықты аяқтайтын жылы білім саласында түрлі реформалар жүргізіліп, талапкерлер Жоғарғы оқу орнына тест тапсыру арқылы қабылданатын болды. Мәрзия сол жолы өзінің мұғалім болғанының бір жақсылығын көрді. Баласын тестке қыс бойы әзірлеп, нәтижесінде ұлы облыс бойынша ең жоғарғы баллға қол жеткізді. Ауылдық мектептің баласы 118 балл алу деген ол кезде нағыз жеңіс болатын. Оқыған мектебіндегі ұстаздарына да үлкен абырой болды.

-Енді таңдап жүріп, қалаған оқу орнына түсесің,- деп достары қызықты.

Нұржан көп таңдап басын қатырмады. Өзінің баяғыдан арманы болған – Алматы медицина университетінің емдеу факультетіне құжатын тапсырды. Кішкентай кезінен ойыншық ат, мысық, күшіктерінің қарнын жарып тастап операция жасайтын. Көшеден ауру күшік, мысық, торғай көрсе ұстап үйге алып келіп емдейтін. Біреу ауырып қалыпты десе жанұшыра көмекке, қолынан келмесе жанына баруға асығатын. Арманы – хирург болу еді. Анасы да ұлының бұл талғамын қуана құптады. Мектепті алтын белгіге аяқтап, жоғары балл жинаған жиендерін нағашылары арнайы құттықтап келіп, апасы кішігірім той да жасап тастады.

Ауылдары Алматыға жақын болғанымен анасы екеуінің екі жақта тұрғаны қиын болды. Нұржан апам жалғыз қайтіп жүр екен? деп, сенбі сайын сабақтан шыға «Саяхатқа» жүгіреді. Апасы мектептен қатарынан екі күн босай қалса, қалаға тартады. Бірінші курстан-ақ дәрігерлік тәжірибеден ауылдағы емхана мен ауруханадан өтіп жүрді. Жерлестері:

-Оқуыңды бітірген соң осында кел, бас дәрігер боласың,- деп баланың ынтасын жаныды. Апасының қуанышында шек жоқ. Ұлының үмітін ақтап өсіп келе жатқанына шүкіршілік етіп жүрді.

Сол тәртіп жоғарғы курсқа өткенде бұзыла бастады. Нұржан енді демалыс күндерін қалада өткізетін болды. Анасына түрлі сылтаулар айтып, араға апта салып, тіпті айға ұластырып келе алмай жүрді. Мәрзия да баласын сұрағандарға:

-Жоғарғы курста сабағы ауыр ғой, тәжірибе алуға басқа қалаларға барып жүр,- деп қоятын. Өзінің де жүрегінің басында ұлының келуді сиреткені уайым болып топталып тұратын.

Жігіттің қаладан шыға алмауының басты себебі – Мөлдір атты арумен танысуы болатын. Мектепте қатарластары қыздарға хат жазып, кеш түсе терезелерін аңдып жүргенде бұл сабақтан басын көтермей әзірлікте болды. Әрі өзінің әкесіз өскені де бетіне шіркеу болып ешкімге батып сезімін білдіре де алмайтын. Қу қыздар да толық отбасында тұратын, ауқатты үйдің балаларына қарайды емес пе. Жалғыз шешесімен бірде бар, бірде жоқ өсіп келе жатқан оған назар да аудармайтын. Мектептегі ең үздік оқып Алтын белгіге үміткер, мінезі салмақты, бойы ұзын, келбеті келісті Нұржанды ұнатқан қыздар болған шығар, бірақ қазақы ибадан асып өз сезімін білдіргендері болмады.

Университетке түскен алғашқы жылдары қайтсем сабағымды жақсы оқимын болды бар мақсаты. Әрі лекцияның бәрі орыс тілінде жүреді, латын тілін үйрену де қиындық туғызды. Соларды игерем деп жүргенде таңның қалай атып, күннің қалай батқанын білмейді. Аптаның бес күні зу етіп өте шығады. Алтыншы күні анасына асығады. Алматыдағы нағашысы – Қанат көкесі кездескен сайын «Сен неге үйге жиі келмейсің? Тіпті жатақты қойып, үйге тұр»,- дейді. Бұл «Көке, сабағыма жатақхана қолайлы. Корпустар жақын. Клиника да қашық емес, бәрі бір орталықта»,- деп құтылатын.

Сол күні...

Мөлдірді кездестіретін күні сабаққа кешікті. Асығыс, жартылай жүгіріп келе жатыр еді алдында кетіп бара жатқан қыздың бірдеңесі жерге түсіп қалды. Талшыбықтай бұралған көркем мүсінді қыз оны байқамады. Нұржан жерде жатқан қызылқоңыр түсті затты көтеріп алды. Қолғап екен. Жұмсақ жүннен тоқылған. Өзі көріп жүрген қыздар киетіндей қысқа қолғап емес. Бес саусақты, ұзын жеңді ерекші сәнді қолғап. Сыңар қолғапты жерден алысымен жылдамдығын арттыра қыздың соңына түсті. Ол да ұзын сирақтың бірі екен жігітке жеткізер емес. Сонда да қуып жетіп:

  • Қарындас!,- деді. Қызғылт сырт киімді қыз иығынан төгілген ұзын қара шашын серпіп жіберіп, мойнын бұрды.

  • Қарындас, қолғабыңызды түсіріп алдыңыз!,- деп қолындағы сыңарын ұсынды. Қыз;

  • А, солай ма, кешіріңіз!,- деп қолын созды. Жігіт сол алақанға қолғапты салды.

  • Рахмет, сізге, байқамадым!,- деп жымыйды қыз.

Әдемі қыз жымиғанда әлем жадырап кеткендей еді. Жігіттің жан-дүниесіне сол сәтте әлдене еніп кеткендей болды. Қолғабының сыңарын алып жөнімен кеткен қыздың соңынан ере берді. Қайда кетіп бара жатқанын өзі де білмейді, сабаққа кешігіп келе жатқаны да ойдан шықты. Қыздың қапталына ілесе жүріп танысайын десе неден бастарын білмейді. Тек бір құдірет дедектетіп сол қыздың соңына салып қойды.

Қызғылт желбегейлі қыз емдеу факультетінің ғимаратына келіп, деканатқа кірді. Алдындағы есікті ашып енген қызбен бірге кіріп кете сақтап, табалдырықтың бергі жағында қалып қалды. Маңдай алдынан ақ есік сарт жабылды. Сонда ғана Нұржан есін жиып, жан-жағына қарады. Кері бірнеше қадам шегініп дәліздің соңындағы терезе алдына барып сүйеніп тұрды. Осында оқыйтын болды ғой! Бір оқу орнында, бір факультетте жүріп бұрын қалай байқамағанмын деп ойлады. Артынша Оны неге байқауым керек. Ол мені танымайды, мен оны танымаймын. Мүмкін төменгі курстың студенті шығар деді де жан-жағына назар аударды. Шындығында ол қызды ғана емес, ешкімді де танымайды, тіпті шырамытпайды да. Маңайына бір көз салмай соңғы курсқа да келіп қалыпты.

Бір кезде ақ есік ашылып, қызғылт желбегейлі қыз шықты. Нұржан оның соңынан қарап тұрды да тағы ере жөнелді. Сымбатты қыз аяғын сәнмен тастап баспалдақпен түсіп барады. Үш қабатты билегендей болып артқа тастады да сыртқы үлкен әйнек есікке бет алды. Бұл да қалысар емес. Екеуі сыртқа бірге шықты. Сол сәтте қыз Нұржанды байқап қалса керек, көзінен күн шығып келе жатқандай күлімдеп:

  • Сіз де осында оқыйсыз ба?,- дегені.

Сұлу қызбен қалай тілдесудің ретін таппай еріп жүрген жігіттің жолы бола кетті. Қуанғанынан:

  • Иә. Өкінішке қарай биыл бітіріп жатқаным,- деді дәл бәр қылмыс жасаған жандай.

  • Неге өкініш, оқуды бітіру деген бақыт қой. Бізге қайда әлі,- деп еркелей тағы тіл қатты.

  • Өкініш деп сіздермен қатар оқый алмағанымды айтқаным ғой...

  • Әркімге берілген уақыт болады ағай!,- деді тақылдақ қыз мұның ересектігін бетіне басқандай.

  • Сол уақытты сіздермен өткізгім келеді!,- деп салды өмірінде сөзге дереу жауап қатып көрмеген Нұржан.

Алла аузына қандай ғажайып сөздер салып тұр, өзіне-өзі іштей таң қалды.Таңданғаннан өз көзі өзіне өтіп кетті ме, енді ары қарай не деп жалғастыруды білмей тұрып қалды. Қыз да мынандай ұтқыр жауап күтпесе керек, не дерін білмей, ыңғайсыз күйге түсті. Жігіт емес пе, Нұржан алдымен есін жыйды:

-Ағаңыздың есімі Нұржан болады!,- деп күректей алақанымен қолын созды. Қызғылт желеңді қыз кейбіреулер сияқты бәлсінбей:

-Мөлдір!,- деп кішкентай қолын ұсынды. Жігіт қыздың саусақтарын аялай ұстап:

-Рахмет!,- деді ақсия күліп.

-Сізге де!,- деп қыз да жанарынан шуақ төкті.

Осы таныстықтан басталған қарым-қатынас достыққа ұласты, одан әрі өздеріне де айқайлап келмеген махаббатқа жалғасты. Нұржан Мөлдірмен өз достары сияқты біреулер арқылы таныспай, кино мен романдардағыдай ойда-жоқта, өзі үшін ерекше бір сезімде танысқанына риза болып жүрді. Өзін ғажайып шығармалардың бақытты кейіркеріндей сезінді. Төсектен қуанып тұрады, сабаққа құстай ұшады. Сабақтан соң жүрегі алып-ұшып корпус алдында рахат бір сезіммен өзгеше күйді бастан кешіп Мөлдір деген қарындасты күтіп тұрады. Сенбі сайын «Саяхатқа» жүгіріп, автобуспен анасына асығушы еді, енді бәрі жайын қалып Мөлдірмен кездесуге асығады.

Мөлдір де ұзын бойлы, түсі суықтау болғанмен жаны баладай аңғал Нұржанды бір көргеннен ұнатты. Өзінен біраз үлкендігі болған соң ба, әлде өзінің отбасындағы кенжетайлығынан ба жігітке еркелеп алды.

Екеуі сол күзді бірге өткерді, жұрт қаһарлы болды дегенімен екеуі үшін жайлы болған қысты өткерді. Жер жаһанды жаңартып, табиғатты оятып, тіршілікке дем беріп көктем де келді. Көктем – өмір бастауы. Осы көктеммен Нұржан мен Мөлдірдің бір-біріне деген таңғажайып сезімдері оянып, алдағы өмірлерін бірге өткізуге, тағдырларын табыстыруға сөз байласты. Енді сол шешімдерін екі жақтың жақындарына қалай жеткізіп, бата алуды ойластырды.

Нұржан:

-Мөлдір, жақында біздерді жолдамамен жан-жаққа бөледі. Мені Алматыға қалдырмайтыны анық. Жарты жыл бұрын алғашқы бөлуде мені маман жетіспейтін Семей облысына бөлген болатын. Енді дипломды қолға беріп сонда айдайтын шығар,- деп жағдайын айтты.

- Мен не істеймін?,- деп қыз бір сәтке мұңайып қалды.

-Сен осында оқуыңды жалғастырасың, Егер жазға дейін үйленіп, заңды некелессек маған әйелім студент екендігін ескеріп Алматыға жолдама береді. Осындай бір мүмкіндігіміз бар,- деді.

Әлі үшінші курста оқып жүрген қыздың күйеуге шығу деген ойы жоқ еді. Жігітін жалғыз жер түбіне жібергісі де жоқ. Аяқ астынан күйеуге шығамын дегеніне әкесі мен ағалары келіспесі айқын. Айтса да, айтпаса да екі оттың ортасына түсті. Дымы ішінде болып, үндемей қалды.

Екеуі де іштей ұғысып, біраз үнсіз отырды. Азамат емес пе, Нұржан бір кезде шешімін өзі айтты алдымен:

-Мөлдір, мен апаммен сөйлесем. Біз үйленуіміз керек,- деді. Енді үнсіз қалуды жөн көрмеген қыз:

-Маған үйдегілер рұхсат бермейтін шығар, әлі үшінші курстамын,- деп күмілжіді.

-Мен алдымен барып ата-анаңмен танысайын, жағдайды түсіндірейін,- деді, өз өміріне қатысты мәселені әрдайым өзі шешіп үйренген әдетімен апамды жіберейін демей.

-Ойбай, әкем шошып кететін шығар. Өте қазақы адам, сен өзің жетіп барсаң не ойлайды,- деді алдымен өзі шошып. Тіпті отырған орнынан тұрып кетті.

-Әкеңнен қатты қорқасың ба, немене?,- деді өзі әке ықпалын көрмей өскен жігіт.

-Әрине! Бәріміз қорқамыз. Апам да, аға-жеңгелерім де әкемсіз мәселе шешпейді. Біздің отбасында оның айтқаны – Заң. Талқыланбайды да.

-Қиын екен. Апаң ең болмаса сенің сөзіңді сөйлемей ме?,- деді, өзінің анасы қандай жағдайдан да қорғап, сөзін сөйлеп шыға келетінін еске алып.

-Жоқ! Апам қайта бізді «Ал, әкең келе жатыр, жиналыңдар! Мынаны көрсе не болады!», «Әкең рұхсат бермесе бармайсыңдар!, «Әкенің сөзі -оқ!», «Әкеңнің айтқаны отбасында – Заң!»,- деп тәрбиеледі. Тіпті үйлі-баранды болып кеткен ағаларым да әкеммен келіспей тіршілік етпейді. Жеңгелерім де әкем отырған жерде жөнсіз сөзге араласпайды.

- Айтпақшы, сенің жеңгелерің сәлем сала ма?,- деді Нұржан білгісі келіп.

-Жеңгелер тұрмақ апам сәлем салады әлі күнге қайынағалары мен абысындарына.

-Не үшін салады, апаң үлкен кісі емес пе?,- дейді Нұржан өз анасының ешкімге сәлем салғанын көрмегендіктен.

-Қазақтың әйелі отағасым, жарым аман болсын деп, соның тілеуін тілеп сәлем салады екен,- деді қазақы тәрбиемен өскен Мөлдір сұлу.

-Сен де сәлем саласың ба, біздің үйдегілерге?

-Әрине! Сенің көкелерің мен апаларың, ауылыңның үлкендеріне сәлем салам. Сәлем - ізеттіліктің белгісі деген апам.

-Саған үлкендер ауруханада кездесіп қалса, халатпен тұрып та сәлем саласың ба?,- деп күлді Нұржан.

-Сала берем, қай жерде кездессе – сол жерде салам. Халатпен тіпті бетімде маска болса шеше салып сала берем,- деп қыз жымиып еркеледі.

-Ақылдым сол!,- деп Нұржан сүйіктісін бауырына тартып, маңдайынан сүйді. Сол сәтте Мөлдір:

-Қазақ қызбен сүйіспеген,

Қыз арына тиіспеген.

Қыпша белден бір құшақтап,

Маңдайынан иіскеген,

- деп Қадыр ақынның жырын төгіп жіберді.

5

Мәрзия ұлы болашақ келініңізбен таныстырамын дегенге көңілі алып-ұшып қалааралық автобуспен Алматыға таңазаннан жетті. Алдымен Жұбанышқа барды. Жырдай етіп баласының ғашықтығын, енді өзінің сол қызбен танысуға келгенін жеткізді. Бұрын көп сөйлей бермейтін қайынсіңлісінің бүгінгі сөзшеңдігіне таңданған жеңгесі:

  • Кенжеш, қуанышыңа ортақпын, қаласаң мен де бірге барайын танысуға,- деп ілесе жүрді. Жолда келе жатып:

  • Кенжеш, қызбен екі шешесі жатақханаға барып танысқанымыз қалай болар екен, негізі үйге шақырғанымыз дұрыс болар еді-ау!,- деп тоқтап қалды.

Жаманның ақылы түстен кейін кіреді дегендей екі әйелдің есі енді кіріп аялдамадан кейін қайтты. Бұл ой Мәрзияға да ұнап:

-Иә, шындығында. Нұржанмен хабарласайын, Мөлдірді алып келсін,- деді қуанып.

- Ештен кеш жақсы дегендей. Кеш те болса ойымызға түскені қандай жақсы болды,- деп Мәрзия да құстай ұшып келеді. Қуанғанмен қорыққан бірдей дегендей есі шыққан екі әйел жолай дүкеннен тәтті-тұрым алып үйге оралды. Көп өтпей-ақ есік қоңырауы да әндетіп қоя берді.

Табалдырықтан еліктің лағындай сүйкімді қыз бала ұяла аттады. Нұржандарының қасында осындай көрсе көз сүйсіндірер ибалы қыздың еріп келгені шаңырақтарын шатыққа бөледі. Екі енесі келіндерін қайда отырғызарларын білмей естері шықты. Бір жақсысы үйде Қанат пен балалар жоқ болатын. Нұржан мен Мөлдірді залдағы үлкен үстелдің басына отырғызды. Үлкен үйдің төріне шығуға батылы бармай тұрған Мөлдірге Жұбаныш:

-Қызым бүгін отыра ғой, қонақсың. Әлі уақыты келеді, төмен отырып шәй құятын,- деп қолынан жетектеп ақ дастарханның басына шақырды. Мәрзия шәй құйып, Жеңгесі ыстық қуырдағын тасып мәре-сәре болысты. Екі шешесіне осындай көркем қызды әкеліп таныстырып отырғанынан Нұржанның да бақыттан басы айналып отыр. Мөлдір ғана ұяттан құлағының ұшына дейін қызарып төмен қарай береді, не кесесін, не қасығын шұқылап.

Атын сұрап, шәй ұсынып, қуырдақ салып берген соң Жұбаныш:

-Нурик, сен балалардың бөлмесіне бар, біз қыздарша сырласамыз,- деп жігітті қуып жіберді. Мәрзия қыздан не сұрау керегін де білмейді, тек көзі тойып болашақ келініне қарай береді. Жұбаныш екі келін түсірген тәжірибесі бар ене болғандықтан тізгінді өз қолына алды. Қыздың ұялып отырғанына қарамай, өздеріне керекті мәліметтерді суыртпақтап сұрап жатты. Ойындағы сұрақтарына жауап алып болған соң:

-Мөлдір жүр Нұржанның жанына апарайын суреттен болса да біздің балалармен таныс,- деп ертіп келді. Қызды жігітке қосып қайта оралған соң:

-Кенжешка, келін мынау!,- деп бас бармағын көрсетті де,- Енді балаға айт, айырылып қалмасын,- деді.

Мәрзия қуанғанынан ыржиып отыр.

-Осылай мәз болып құры отыра бересің бе, тездетіп құда түсу керек. Той, құдалық дегеннен қорықпа, бес ағаң бар, бес жеңгең бар. Сенің жалғыз қуанышыңда шаппағанда қашан шабамыз.!,- деп еліріп алыпты, ертең той басталатындай.

-Нұржантай алдымен әке-шешесімен өзім танысам, солар сіздердің барар уақыттарыңызды белгілейді деген,- деді Мәрзия баласына айтпай іс бастамайтын әдетімен.

- Кешіктірмей таныссын ендеше. Осы жаздан қалмай балаңның басын құра. Әйтпесе, жер түбіне жолдама беріп, айдап жібереді,- деп жеңгесі қорқытып та қойды.

Сол күннен бастап Мәрзия ұлына тыныштық бермеді тездет, таныс деп. Бір күні баласы:

-Апа, сенбіге Мөлдірдің үйіне барып әке-шешесімен танысатын болдым,- деп келді. Ана байқұс баласының иығына бар жақсысын іліп, таңертеңгі автобусқа шығарып салды, Жалғыз Аллаға жалбарынып.

Келер сенбіде ауылға келетін соңғы автобуспен Нұржан үйіне келді. Апасы есік алдында жүр еді, баласының сұлбасы көрінгеннен қуанып дарбазаға жүгірді. Жақындағанда байқағаны: ұлдың назары төмен, көңіл-хошы жоқ. Шешенің басында Мөлдірді бермейміз деді ма екен деген ой сумаң етті.

-Нұржантай, сені ертең келе ме деп отыр едім,- деді баласының сынық қабағына мән бермегенсіп.

-Келдік қой. Қалайсыз?,- деді де ұл үйге кіріп кетті. Құдайым-ай, бұған не болды екен? деп қамыққан Мәрзия үйге беттей алмай, аула тіршілігімен айналсоқтап жүріп алды. Қашанғы жүрсін, қас қарайған соң үйге енді. Нұржан өз бөлесінде болғанымен жарығын жақпапты. Есігіне жақын келіп үңіліп еді, киімшең төсегіне құлаған баласын көрді. Мазасы май ішкендей болып Бірдеңе болғаны анық деп ойлай берді.

-Нұржантай, көже дайын тұр еді, ішесің бе?,- деді дауыстап.

-Жоқ, ішкім келмейді,- деді ұл.

Тәбеті болмай тұр, бір сұмдық болғаны анық жүрегі бір жаманшылықты сезетіндей езіле соғады.

  • Апа, сөйлесуіміз керек!,- деп баласы төсекті сықырлатып көтеріліп отырды.

Анасы жарықты қоса кіріп, қарсы алдына тізерлеп жайғасты. Екеуі де біраз үнсіз қалды. Бір кезде баласы:

-Мөлдірдің әкесі анаңмен сырласып, шыққан тегіңді нақтылап кел деді, - деп зілденіп айтты. Мәрзияның мына мәлімдемеден жүрегі тас төбесіне шыққандай болды. Мұндай сөзді естігенше өлгені жақсы еді-ау. Өзінің Нұрғалимен өткізген бір айлық қызығының өтеуіне – ішке біткеннен әркімге мазақ, әр орақ тілдінің тілінде, көздінің көзінде болып жалғызы келеді. Жаныма жалау болады деп тапқан ұлды дұшпанның табасына, достың күлкісіне қалдырып, тірідей отқа қыздырып жүргендей. Туғаннан әркімнің қабағына қарап, табаларын естісе де естімеген болып, анасына бір сырын білдірмей келе жатыр еді. Осы жолы жасыруға болмай қалды. Енді қайтпек...

Бір тізерлеп әлі отыр. Айтарға сөзі, өзін атарға оғы жоқ.

Әлдебір уақытта Нұржан:

-Апа, мен сізге айтып отырмын ғой,- деді.- Бүгін бар шыныңызды ақтарсаңызшы, мені кімнен тудыңыз?,- деді.

«Ойбай, енді қайттім! Не деймін!»,- деп Мәрзия іштей шыңғырып жіберді. «Қой, шындықты айтпасам болмас!»,-деді де салбырап кеткен басын көтеріп ұлына қарады. Ұяттан өле жаздап, күллі өмірін көз алдында қайта өткізіп баласына айтып шықты.

-Енді әкемді тауып, тілдесуге болар ма екен?,- деді Нұржан тығырықтан жол іздегендей.

-Сені босанатын кезде берген телефондарына хабарласқанда әріптестері ол кісі біздің мектептен ауысып кетті деген болатын. Есім шығып жүріп қайда ауысқанын сұрамаппын да.

-Оның қай атаның баласы екенін білмеуші ма едіңіз?

-Ол заманда ешкім жүз, ру сұраспайтын. «Мой адрес Советский Союз»,- деп жүре беруші едік қой. Дәу де болса – Кіші жүз, оның ішінде – Адай шығар,- деп жобалап берді баласына.

Нұржан тағы біраз үнсіз қалды да:

-Апа, енді сіз Мөлдірдің ата-анасына барып осы тарихты айтып берсеңізші.,- деді содан басқа амалы қалмағандай.

-Барайын, егер менімен сөйлессе,- деді байқұс ана перзенті үшін не істемейді, бетінің арын бес төгіп болашақ құдаларға да бармақ болды.

Араға апта салып Мәрзия Жеткен Бақұлының бәйбішесімен кездесетін болды. Жанына Жұбанышты ертіп алмақшы болып еді ұлы қарсы болды.

-Апа, мұндай өте құпия нәрсеге басқа біреуді ерте барғаныңыз ыңғайсыз болуы мүмкін. Өзіңіз ғана барып сырыңызды ақтарыңыз,- деп өзінше жөн көрсетті.

Қарап отырса, ұлынікі де дұрыс. Алдымен қыздың анасына ұқтырып алсын, содан кейінгісін көре жатар. Уағдаласқан күні таңертеңгі автобуспен жолға шықты. Нұржан анасын «Саяхаттан» күтіп алған бетте Мөлдірдің үйіне тартты.

Пәтер қоңырауының түймешесін басты да:

-Апа, енді өзіңіз кіресіз, деді.

-Сенше, мен қалай?,- дегенше болған жоқ арғы жақтан есік кілтінің сылдыры естілді.

-Мен беттемей қалыппын!,- деген ұлы баспалдақмен төмен қарай жүгіре жөнелді. Сол аралықта есік ашылып, арғы жағынан ақ орамалы бар әйел көрінді.

-Сәлеметсіз бе?,- деді Мәрзия,- мен Нұржанның анасымын.

-Сәлеметсіз...Келіңіз, хош келдіңіз...,- деген Мөлдірдің анасы қонағына жеңіл шархай ұсынып, төргі бөлмеге бастады.

Үйдің іші тып-тыныш.

-Жайғасып отыра беріңіз, Отағасымыз қызметінде. Ұлдардың отауы бөлек. Мөлдір сабағында.-деді мейманы алаңсыз болсын дегендей кейуана.

Мәрзия жұмсақ диванға жайғасып, жан-жағына көз салды. Тірелген жиһаз, көз қарықтырар дүние жоқ. Бәрі керек, бәрі қарапайым.

-Шәй іше отырып танысайық,- деп әйел ортадағы үстел үстіндегі ақ жайманы сыпырып алды. Үстелде дәмнің неше түрі самсап тұр екен.

Үлкен ақ самауырды көтеріп келген отанасы:

-Қолыңызды шайсаңыз, ана оң жақта,- деп қолжуғыш бөлмені нұсқады.

-Енді танысайық. Менің есімім – Кербез. Мөлдірдің анасымын. Әкесінің аты – Жеткен. Үш ағасы мен жеңгелері бар. Қыздан жалғыз, баланың кенжесі,- деді шәй кесені алдына қойып жатып.

-Менің атым – Мәрзия. Нұржан менің жалғыз балам. Әкесі жоқ,- деген таныстықтан соң екі әйел сырласып, мұңдасып ұзақ отырды. Жағдайды түсінген Кербез:

-Енді бұл жайды әкемізге жеткізуім керек,- деді.

-Танысып, мен айтайын,- деп келе жатқан Мәрзияға:

-Жо, жоқ! Бізде тәртіп басқа. Еркекке қарап не болса, соны айта бермейміз. Мен алдымен ұлдарыммен ақылдасамын, солар әкелеріне айтады,- деді безілдеп қыз анасы.

-А, жарайды онда, енді мен қайтайын,- деді өз сөзіне ыңғайсызданған Мәрзия.

-Жақсы онда. Ендігі хабар бізден болады,- деп Кербез қоштасып, есікті ашты. Мәрзия жеделсатымен түсіп сыртқа шыққанда қарсы беттен ұлы жүгіріп келді. Осынша уақыт көңілі күпті болып күтіп жүрген екен. Бірден:

-Қалай апа?!,- деді.

Үйдің алдындағы аллеяда сәкіде отырып Мәрзия ұлына болған жайды қолмен қойғандай тәптіштеп жеткізді. Екеуі «Саяхатқа» жеткенше қас қарайып, Мәрзия соңғы автобусқа ілінді.

Нұржанды ешкім Семейге баратын жолдамадан құтқарып қала алмады. Мөлдірдің анасымен сырласып кеткеннен кейін олар тарапынан хабарласқан жан болмады. Мәрзия іштей Профессордың отбасы мен сияқты жалғызбасты әйелдің тегі жоқ баласына жалғыз қызын неге берсін. Бізді менсінбегені де. Мөлдірдің де ұлыма деген махаббаты жалған болып шыққаны ғой. Біздің жоқ- жітік екенімізді білді де баламнан сырт айналды деп күйзеліп жүрді. Бірақ ұлына тіс жармады.

Баласы да анасына қызымен кездескенін, оның әкесіне бата алмай «ең болмаса менің курсым жоғарыласыншы, әйтпесе, әке мен ағаларым рұқсат бермейді»,- деген босбелбеу шешімін айта алмады. Мөлдірге:

-Сені алып қашып кетсем қайтеді?,- деп еді қыз шошып кетті.

-Ой, Нұржан қаланың ішкі істер департаментінің орынбасары менің үлкен ағам ғой. Әкем соны алдына салып алып қайда қашсақ та тауып алады да тартып алып кетеді,- деді.

-Мына түріммен саған ешқашан қолым жетпейтін шығар,- деп мұңайды жігіт.

-Жаным, тағы бір жыл шыдашы. Бір жылға қоян терісі де шыдайды дейтін апам. Менің де оқуымды аяқтайтын уақытым жақындайды ғой деп еркелеп мойынына оралды.

Екеуі біраз қыдырғанда Мөлдір:

-Неге сонша көңілсізсің?,- деді.

-Неменеме жетісем, сенен аспандағы Ай жақын қайда жүрсем де жүзін көре аламын. Ертеңнен бастап сені көру мұң болғалы тұр ғой!,- деді Нұржан.

Ертесіне Мөлдір мен Мәрзия Нұржанды Шығысқа баратын пойызға шығарып салды. Анасына «Апа, Мөлдірді енді бір жыл шыдасаң, алып қашсам да келін етіп түсіріп берем!»,- деп әзілдіп, құшақтап, бетінен сүйіп қоштасты. «Амандық болса, бір жыл да өте шығар, Мөлдір уағдасын ұстаса»,- деп үлкен үмітпен дәрігер азамат жаңа жерге жаңа өмір бастауға бет алды.

Арнайы жолдамамен келген жас хирургты облыс орталығындағы әріптестері құшақ жая қарсы алды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы өзі қабылдады.

-Хош келдіңіз, Нұржан Қалқабайұлы!,- деп қарсы алды. Өмірі өз атына әке атын тіркестіріп көрмеген оған Қалқабайұлы деген біртүрлі естілді. Сала басшысының алдына келіп тұрып, бұл менің әкем емес, нағашымның аты еді деп түзете алмады. Түзеткенде кімұлы демекші...

Сол сәттен бастап Нұржан Қалқабайұлы болып шыға келді. Департамент басшысы жыл соңына дейін пәтер беретінін, жолдамамен келген жас маманға барлық жағдай жасалатынын айтып шығарып салды. Күллі Семей халқы хирург Қалқабаев қашан келеді деп күтіп жүрген бе, күні бойы алдынан адам үзілмейді. Жоспардағы оталар, жедел жәрдеммен түскендерге жасалатын экстренно деген оталар бар таңның атқанында келгеннен күннің батқанын байқамайды. Тек түнге қарай жатағына оралғанда ғана есіне анасы мен сүйгені түседі. Түн болса да қаларалық байланысқа шығып, дауыстарын естіп барып көз іледі. Мөлдір екеулеріне жер шалғай болғанымен жүректері бірге. Ештеңе айтпаса да бірін-бірі ұғады. Екеуі екі жақта тұтқаны ұстап үнсіз қалатыны да бар....

Анасына:

-Апа, Жаңа жылға қарай пәтер берсе, жаныма көшіріп алам!,- деп қуантады.

Мөлдірге:

-Пәтер алып апамды көшірем алдымен, содан кейін сені алып қашам!,- деп әзілдейді.

- Сағындым!!!,- деген сөзін мият етіп күнін өткізуде.

Денсаулық сақтау басшысының уәдесі созылып кетті. Алматы сияқты емес, бұл жақта қыс ұзақ әрі ауыр екен. Үскірік аяздар мен қарлы борандар көз аштырмайды. Суықтан бүрсеңдегендермен бірге бүрсеңдеп ауруханаға келгенімен ондағы жұрттың ықыласынан жылынып уақыты зымырауда. Пәтер алмаған соң анасын да алдыра алмады, Мөлдірге де жете алмады, жұмыстан да байлаулы аттай болып шыға алмайды.

Көктеммен бірге жылт еткен жылымықтай болып көптен күткен хабар келді. Нұржанға жаңа салынып жатқан шағынауданнан екі бөлмелі пәтер тиді. Жаңа ауданның жаңа үйлерінде жөнді жылу жоқ екен. Үйді тапсырды деген аты ғана. Жұмыс арасында жүріп қайта жасатып шықты деуге болады. Апасын алдырса мына ми батпақта қалай жаяу жүреді деп жердің құрғағанын күтті. Сөйткенше жаз басталды. Мөлдірге деген сағыныштан жұмыс істей алмай қалды. Дауысын телефоннан естігеннен жан-дүниесі елжіреп, бәріне қолды бір-ақ сермеп Алматыға қашқысы келеді. Оған келіп кет десе:

-Әкем жібермейді ғой!,- бар сылтауы. Осы қыз менен айнып кетпеді ме?-деп ойласа жүрегі мұздап қоя береді. Өзі екі сөйлемейді, айтарын кесіп айтатыны бар болғанымен осы Мөлдірге келгенде әлсіз. Қатты айта алмай, ақырын күтіп жүргені сол.

Жадырап жаз келді,

Жайқалды өлкеміз.

Неліктен өзгерді,

Мінезің ерке қыз,

- деп әндетіп, назын айтуға қызметтен әрең бір жетіге сұранып Алматыға ұшып келді. Мөлдір өзі қарсы алып, бауырына еніп кетіп құшақтай алғанда, екеуі бірге қайтадан көкке ұша жөнелгендей болды ғой. Енді бөлінбеспіз! деп еді...

Болмады!

Профессор өз ұстанымынан қайтпапты. Биыл жазда Мөлдірге тағы қосыла алмайтынына көзі жеткен Нұржан мойнын қысып Семейдің ұшағына отырды. Мөлдір жанары мөлтілдеп қала берді.

Бұл сапарда шешкен жалғыз мәселесі – зейнетке шыққан анасы күн жылы, жер қарада жанына көшіп баратын болды.

Мәрзия баласының жүрегін қанша жараламайын десе де осы жолы ойындағысын ақтарды.

-Балапаным-ай, менің адасқанымнан өмір жолың бұзылып, бағың байланбаса болар еді. Кім сүйгеніне қосылып жатыр дейсің, Мөлдірден басқа қыз құрып қалмаған шығар. Сендей жігітке қуана күйеуге шығады басқалары. Осы жердің де халқы жақсы көрінеді. Ойлан!,- деді.

-Апа, менің жарым тек Мөлдір болады! Ол айнып кетпесе, мен айнымаймын! Маған Мөлдірдей ұлтжанды Әке мен жар сылайтын Ана тәрбиелеген қыз керек. Әкем мен шешем ұлттық қағиданы бұзған екен деп, мен де бұзбаймын. Мөлдірдің әкесі маған ұлттық асыл қасиетімізді ұқтырды. Енді біз соны сақтап, жалғастыруымыз керек. Шындығында сонда ғана біздің ұрпақ сапалы болады. Сау ұлт болу әрқайсымызға байланысты.- деп анасының көзін ашып, санасын оятқандай болды.

Жалғызымның жолында жаным құрбан, қазанымды көтеріп сол қайда болса, сонда қайнатам деп Семейдің қарлы бораны мен аязына да үйренді.

6

Мөлдір соңғы курсқа өтті.

Анасы Кербез қызының үйкүшік болып сабақтан келе компьютерге байланып қалатынын ұнатпайтын. Екі-үш жыл бұрын бір жалғызбасты әйелдің баласына күйеуге тием деп әкесін әбігерге салғаны есінде. Оның шешесі келіп:

-Осы әңгімені Мөлдірдің папасына айтыңызшы. Балалардың махаббатына менің тұрлауы жоқ тағдырым кедергі болмасыншы. Баламды кімнен тапқанымды білмейтіндей көшеде жүрген қыз емес едім. Ақылым толып, оң-солымды танып-ақ туғанмын. Әкесі де тәп-тәуір қызмет жасаған азамат еді. Сіздерге ешбір қаны араласпайды, тіпті Жүзі де келмейді. Еліне ұшса құс қанаты талатын, ат тұяғы жетпейтін Ақ Жайықтың жағасынан. Осыны жеткізіңізші. Батасын берсін. Сіздерден хабар болысымен елші жіберейік.,- деп ағыл-тегіл жылап адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ деп сырын айтып кеткен.

Жігіттің анасының аманаты мойыныма жүк болмасын деп күйеуі – Жеткенге жеткізген. Әңгімені соңына дейін тыңдаған жары:

-Кербез, бұл әңгіме осымен тоқтасын. Қыз әлі жас, ең болмаса оқуын аяқтасын,- деген болатын.

Әулеттерінде еркектің сөзіне қарсы келу, шешімін талқылау деген болмайтын. Сондықтан қызының сезімін түсініп, жігітті қанша аяса да күйеуінен аса алмай:

-Мөлдіртай, жігітіңе айтарсың, әкең әзірге келісім бермей отыр. Сен оқуыңды бітірсін деді,- деп жұқалап жеткізген. Бейшара қызы не десін күні бойы бөлмесін жауып алып жылап, тамақ ішпей аштық жариялады бар болғаны. Ертесіне көзі бұлаудай болып сабағына кетті. Содан бері томаға тұйық.

Нұржан Мөлдірдің диплом алатын салтанатына арнайы келді. Мақсаты – тағы да әкесінің алдынан өтіп, құда түскенге елші жіберту болатын. Алты жыл оқып, қызыл дипломға бітіріп шыққан қыздың қуанышында шек жоқ. Үйге келіп еңбегінің нәтижесін – қызыл қатырмалы дипломын алдымен әкесіне көрсетті.

-Міне, бұл мақтанарлық іс. Енді шешең екеумізден көрімдік мынау!,- деп арасына конвертке салынған сыйлығын берді де маңдайынан сүйді. Анасы бетінен сүйіп:

- Көкелерің саған кішкентай темір тұлпар әзірлеп жатыр,- деп қуантты.

Нұржанмен екеуі осы жолы бір тоқтамға келеміз, әке алдынан бірге өтеміз деп келіскен. Соны қалай айтарын білмей басы дал болды. Апасына айтқанымен бәрі-бір ол әкесіне жеткізе алмайды. Бір батырлық керек екенін сезініп, әрі сонша жыл жер түбінен жолына қарап жүрген Нұржанға деген аяушылығы жеңіп:

  • Әке, менен бір өтініш бар,- деді.

  • Айта ғой, бүгін жеңіс сенде – сенің күнің!,- деп көзілдірігін шешіп, назарын аударып тыңдай қалды әкесі.

  • Әке, апа сіздерден өтінем Нұржанды тағы да бір тыңдап көріңіздерші!,- деді ұялғанына ақ жүзі албырап.

  • Ол кім еді?,- деді әкесі ұмытып қалды ма, әлде әдейі солай деп тұр ма. Анасының көзі атыздай болып қызына қадалды.

  • Баяғы жігіт қой алдыңызға келген. Мен оқуымды бітірдім, ол әлі күтіп жүр,- деді дауысы ішкі жан-дүниесіндей дірілдей шығып.

  • Е, ана бала ма?! Не ол әлі жүр ме соңыңда?

  • ...

  • Мен оған айтып едім ғой, тегі белгісізге бөктертіп жіберер балам жоқ екенін,- дегенде әке үні зілді шықты. Орнынан тұрып кетпек болып көтеріліп барып неге екенін қайта отырды.

  • Әке оның анасы келіп апама барлық жағдайын айтып кеткен., сізге жеткізбеді ме?

  • Балапан, кеткен қателік ауызбен айтып іштен шығарғаннан түзелмейді. Сондайды жібермеу әр адамның парызы,- деп кемпіріне назар аударды, осыған сен кінәлісің дегендей, артынша дауысын сәл жібітіп:

  • Ол бала өзі қайда, не істеп жүр?,- деді қызына қарап.

Қызын аяды ма, сөзге енді шешесі араласты:

  • Сол жылы оқуын бітірген соң Семейге жолдамамен жіберіпті. Сонда пәтер беріп, шешесін қолына алыпты,- деп.

  • Не оқып еді?

  • Хирург екен.Үш жыл істеп, жақында қалалық ауруханаға бас дәрігерлікке тағайындалыпты.

  • Сен мұның бәрін қайдан біліп алғансың?,- деп бәйбішесіне жақтырай, алая қарады да,- Е, суық жақта екен да...,- деп өзімен-өзі сөйлегендей болып кабинетіне тартты.

Бұл үйдің тәртібінде ол бөлмеге орынсыз ешкім бармайтын. Қыз бен анасы тым-тырыс отырып қалды орындарында. Мөлдір әкесінің жөнді сөйлеспегені Нұржанды қаламағаны екенін түсінді де анасын айналдыра бастады.

-Апа, әкесінің тастап кеткеніне Нұржанның не жазығы бар? Дәстүр, Дала заңы деп сонша тергейтіндей. Бұл он тоғызыншы ғасыр емес, жиырма бірінші ғасыр ғой.

-Мөлдіртай, ата-баба салты қай ғасыр дегенге қарамайды. Ғасырлар бойы қазақ ұлтының сапасын жақсарту үшін сақталып, ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан ғұрып. Соны сақтау әрбіріміздің парызымыз, балам.

- Оны біреу біліп, біреу білмейді. Сұрағанға әкесі жоқ, ажырасып кеткен дей салмайсыздар ма,- деді қызы жұлынып.

-Адамнан жасырдық дейік, Алладан қалай жасырамыз. Артының қандай боларын кім білген. Қан араласып, туыстарын алып жатқан мына көрші ұлттарды көріп жүрміз. Өзің доғдырсың, ол да доғдыр,- деп анасы да қояр емес.

-Апа, біз туыс емеспіз. Ол – Кіші жүз, мен – Ұлы жүз. Бітті қашып кетем,- деп қыз жер тепсінді.

Перзентінің мұндай мінезін көрмеген Кербез шошып кетті. Мына қар қашып кетіп, әкесі мені өлтірер,- деп ойлады ішінен. Байқағаны қызы жәй сөзге көнер емес.

-Мөлдір, үлкен жеңгеңе айтып көр, ағаларың әкеңді көндірсін. Содан басқа жер бітінде жігіт құрып қалса!,- деп бұл да сілкініп ас үйге кіріп кетті.

Мөлдір бұл жолы жыламады. Жылап көрген, аштық жариялап та көрген, ешкім тыңдамаған. Енді қалғаны тек қашып кету деп ойлады. Үш жылдан асты мың шақырым жерде сағынышын үмітке орап, жанын шүберекке түйгендей болып жүрген Нұржанды ойласа ұйқысы шайдай ашылады. Кешіктірмей кіші жеңгесіне бармаққа бел буды. Мұңдасы да сырласы бола білетін ақ жеңешесі:

-Молдирчик, сенің дипломыңа ертең ағаларыңмен бірге барып құтты болсын айтқалы жатыр едік. Өзің келіп қалыпсың, төрлет!,- деп қуанып, жарқылдай қарсы алды.

-Ағаларыңның керемет әдемі көрімдігі бар,- деп тосынсый құпияны да жариялап қойды.

Шақшадай басы шарадай болып жүрген қыз жылдарға созылған Нұржан екеуінің махаббат тарихын, әкесі мен апасының мылтықсыз майданын түгелдей айтып, жан-дүниесіндегі бүгінгі төңкерісін ақтарып салды. Жігіттің осында жүргенін мүмкін болса биыл үйленбекші екендіктерін мәлімдеді.

-Жағдайларың үлкен мәселе туындатып отыр екен. Мен басқалармен алдын-ала сөйлесіп, түсіндіруге тырысайын. Содан соң барып әкеміз бен апамызға ойымызды айтамыз,- деп шығарып салды қайынсіңлісіне жақсылап бір қуырдақпен шәй берді де.

Мөлдір көңілі жақсылықтан күпті болып, әлі Семейге кете алмай жүрген Нұржанға бұл хабарды жеткізді. Екеуі киноға барып, соңынан мейрамханадан тамақтанды.

Жеткен Бақұлының әулеті жиналып кенжетайларының жоғары дәрігерлік білім алғанын тойлап, кәрістердің кішкентай ғана көлігін сыйға тартты қыздарына. Жеңгелері дұрыстап жеткізген бе диплом қуанышы біткен соң, бойжеткендерінің тағдыры жайында сөз қозғалды. Үлкен жеңге – Гүлнәр Нұржанның құдалар жібергісі келетінін айта бастап еді, қайынатасы қолын көтеріп:

-Гүлнәр, шырағым, бұл мәселеге осыдан үш жыл бұрын төшке қойылған, деді.

Атасына қарсы сөз айтпақ түгілі алдын кесіп өтіп көрмеген келін тілін тістей алды. Мөлдірдің жүрегі аузына тығылып, көзі боталап кетті. Соны байқап қалған үлкен ағасы:

-Ол жігіт келсін, танысайық та, әке!,- деді қызығушылық танытқандай болып.

-Мен көргем, балада мін жоқ. Бірақ шыққан тегі бұлдыр! Мен соның бәрін біле тұра, ғасырлар бойы бабамнан келе жатқан қағиданы, дәстүр-салтты бұза алмаймын.

-Әке, біз Мөлдірдің талғамын қолдауымыз керек қой. Ол жігітпен өмір бойы қарындасымыз тұрады, біз тұрмаймыз ғой,- деді ортаншы ұл.

-Әкем айтса бекер айтпайтынын білесіңдер. Тегі дұрыс болуы керек. Ертең елге кімді көрсетеміз. Жалғыз қарындасымызды көрінгенге жетектетіп жібере алмаймын!,- деп үлкен ұл әке жағына шыға келді.

Әулеттің келіндері өзара сыбырласа жөнелді. Кербез бәйбіше ақсақалының аузын бағып отыр. Төр алдында төбедей болып отырған әулеттің әкесі тамағын кенеп бала-шағаның назарын аударды. Үстел басындағылар жалт-жалт қарасып, құлақтарын тіге қалды. Жеткен Бақұлы:

- Балаларымның ішкі өміріне жүгенсіз араласпаушы едім, ақылдары бар, өз жөндерін біледі ғой деп. Бұл жолы ата-баба жолынан ауытқып бара жатқан соң Мөлдірге шек қойып отырмын, шырақтарым,- деді дауысына зіл араластырып. Мына сөз қамшы болып тиген Мөлдір орнынан атып тұрып бөлмесіне жүгірді.

Жап-жақсы басталған диплом тойының берекесі кетті. Келіндер де атасынан кешірім сұрай сала бір-бір ыдысты ұстап асханаға беттеп еді әкенің:

-Отырыңдар!,- деген айбарлы әмірі естілді. Үшеуі де қайтадан орындарына отыра-отыра қалысты. Аз-кем тыныштықта көрші бөлмеде қыз баланың жылаған дауысы естіліп қалды. Оны елемегендей болған әулет басшысы:

-Жағдайды ұқтырайын!,- деп қайта сөз бастады. – Қазақпен қазақ Түп тұқияның кім? Бабаң кім? Қай жүзсің? Елің кім? Руың кім? Атаң кім? Түп тамырың кім?,- деп жөн сұрасқан. Қазақ осындай маңызды сұрақтармен «Шежіре қайырып», сұрақ қойылып отырған адамның болмысы мен шығу тегін біліп жаратылу тарихын яғни «генетикалық» тұрғыдан толық түсінген. «Шежіресін қайырып» сұрап болғаннан кейін: 1. Ататек. 2. Үрім бұтақ. 3.Төрт жұрты: Өз жұрты, Тай жұрты, Нағашы жұрты, Қайын жұрты - жайлы тәпіштеп отырып сұрап, қан тазалығы арқылы ұрпағымызға жақсы немесе қандай жаман шежірелік ақпараттар тасқынының кетіп жатқанын саралаған. Мен мұны сендерге ойдан шығарып отырған жоқпын, бұл ҚАҒИДА. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан жазылмаған заң. Мен оны Шежіреші Тоқтар Абыз дегеннен де оқыдым. Қазір Совет заманындағыдай емес барлық тарих ақтарылып, дін-ислам оқытылып жатыр ғой,- деп бір қайырды. Кеседегі шәйінен ұрттап ары қарай жалғастырды. Нұржанның Мөлдірге еріп осы үйге келгеннен бергі оқиғаларын байсалды қоңыр дауыспен баяндап шықты да:

-Нұржанның анасы – ұстаз екен, осы жағдайға да жеңіл жүріспен бармаған көрінеді. Біздің әулет оны түсініп қабылдағанымызбен, ғасырлар бойы өмірге ұрпағын адал жолмен әкелуге айырықша мән берген бабаларымыздың аманатын қайтеміз? Ғасырлар бойы небір зұлматтарға кезіксе де өзіміздің ұлттық сипатымызды жоғалтпай, өркениет көшіне ілесуімізге мүмкіндік берген, елдік санамыздың сақталуына тікелей ықпал еткен рухани құндылықтарымызды келер ұрпаққа жеткізу әрқайсымыздың парызымыз. Бабаларымыз ұлт сапасын сақтау үшін жеті атаны сақтаған. Некелі жардан перзент сүюді мақсат тұтқан. Дінімізге мүлде қайшы, ұлттық санамызға жат жағдайларды істегендерді елден шеттеткен. Тіпті зинадан туғандарды бөлек жерлейтін болған. Некесіз баланы «көрдемше»,- деп қатарға қоспаған. Жаугершілік заманда сапқа тұрғызып, санатқа алмаған. «Жеті атасын білмеген жетесіз»,- деген. Ата-бабамыз ұрпағының баталы, некелі жұрттан тарауына мән бергені сондықтан. Қасиетті қарашаңырақ ұғымымен некелі текті ұрпақ жалғастырған. Осының бәрін біле тұра мен ақсақал басыммен қалай өз батамды берем, араларында махаббат бар екен деп. Заман басқа екен деп. Егер мен сияқты әрбір әке бабалар қағидасын сақтаса, әрбір ана қызын адал перзентті дүниеге әкелуге тәрбиелесе – пешенесіне тексіздік таңбасы басылған көрдемшелер дүниеге келмес еді,- деп қызынып барып әрең тоқтады. Айбарлы әке сөзін ешкім бөлмеді. Айтып отырғанының бәрі орынды, жүрекке қонымды болған соң отбасы мүшелері үнсіз тыңдады. Үйдің кенже ұлы болған соң еркіндей өсіп, еркелеп сөйлеп қалған Болат:

- Әке айтқаныңыз өте дұрыс, ұлттық салт-дәстүрді сақтау бәріміздің борышымыз. Бірақ алданып қалған Нұржанның анасы баласын қәзіргі кейбір әйелдерге ұқсап тастап кеткен жоқ қой,- деді. Дәл осы сәтті пайдаланып Кербез бәйбіше:

-Оның үстіне жақсылап тәрбиелеп, өсіріпті,- деп ұлына қосыла кетті. Ана бөлмеде жылап жатқан қызының жағдайын ақтағандай.

- Ел іші болған соң бір оқыс жағдай болады екен, өкініштісі сол жағдайдың біздің отбасына кездескенін қарашы, солай ма, әке?,- деп ұлкен ұл тағы әке ыңғайына жығыла кетті.

Әулетіне біраз насихат айтып тастап енді менің сөзімді дұрыс демей көріңдер деп қоқиланып, балаларының райларын бағып отырған Әке:

-Әгәрәки, ел ішінде сондай бір жағдай болып қалса, оны тезге салу керек, етек алып кетпес үшін,- деп бетін сыйпады.

- Бүгін жиырмасыншы ғасыр. Нұржан туғалы бері отыз жылдай уақыт өтіпті. Әйел жіберген қателігін жөндеп, ұлын жақсы тәрбиеледі. Енді не кінә тағамыз,- деп кенже ұл қоймады.

- Әкем жеті атаны сақтау керек, ұрпақ тазалығын ұстану керек деп отыр ғой. Мына көрші ұлттарға қарашы, өз туыстарына үйленіп ақырында ауру ұрпақ көбейіп барады деп заң шығарып жатыр қан араласпау үшін,- деп үлкен ұл үлкендігін жасай берді.

- Әке, мәселе қан тазалығында болса – Нұржанның Ақжайықтың жағалауынан екенін анасы біліп отыр. Бізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны анық. Дәл осы жерде жеті ата сақталып отыр ғой,- деп ортаншы ұл әңгімеге араласты.

-Сендердікі дұрыс дейік, ал ақ неке дегенді қайтеміз? Ол неге сақталмауы керек. Оны неге тәрік етеміз?,- деп әке сұрақпен жан-жағына қарады көзін бажырайтып.

-Әке, табалдырықта жиырма бірінші ғасыр! Бізден басқа ұлттар ғаламданып жатыр. Біз болсақ ата салт, дәстүр деп кері қараймыз ба?,- деп кенже ұл өз көзқарасын жасыра алмай қалды.

- Әй, бала! Ең жетілген ұлт деген жапондардың өзі салт-дәстүрін сақтап иіліп, ата-анасын арқасына көтеріп жүретінін білесің бе?! Жүз пайыз ана тілінде сөйлеп, тағы әлемнің бес тілін біледі. Отбасыларында ажырасу деген болмайды! Неге солар жиырма бірінші ғасырда жаһанданып кетпеді, а!,- деп енді әкелері ашулана бастады.

-Әкесі, ашуыңызды маған беріңізші!,- деп аналары жалына қалды.

-Әке, байқұс қызды ешкім ақ некелі жар болуға шақырмаса не істейді. Баяғы заман емес атастырып не зорлап біреуге қосатын. Өмірден түксіз өте ме, не жар жоқ не бала жоқ!,- деп кенже ұл қарсылығын тоқтатар емес.

-Әкесі, Болаттың айтып отырғанында да шындық бар ғой. Қазір жалғыз қалған кәріқыз көп. Өзіңіз білесіз бір танысымыздың қыздарының алды елуге келді үш қызы да оң жақта әлі отыр, Бұл бүгінгі қоғамның үлкен бір дерті болып тұр ғой,- деп Кербез кіші ұлды жақтап шықты.

-Сонда немене, бай алмады екен деп көрдемшені көбейте ме?! Ол баланың тағдыры не болады? Әлде бала деген ойыншық па, жалғыздықтан қорқып әркім жасап алатын?,- деп ақсақал көзі аларып бәйбішесіне қадалды. Әңгіменің ушығып бара жатқанынан сескенген үлкен келін:

-Жәмилаш! Шәйді ысытып жіберейікші!,- деп жұрттың назарын дастарханға аударды.

-Үйбу, бәрі суып кетіпті ғой, сөйт, құлыным!,- деді ене.

-Оған дейін аяқ жазайық!,- деп үлкен ұл үстелден тұрды.

Үлкен жеңге Мөлдірдің бөлмесіне кірді. Қыз әлі өкпелеп төсегінде жатыр екен.

-Жаным сол, сенің жағдайыңды түсінем. Әкеміз сабасына түссін, тағы сөйлесеміз,- деді де көрпесінің сыртынан қапсыра құшақтап.

-Әкем түспейді сабасына. Міне төрт жылға аяқ басты әлі ашулы,- деп өксіп-өксіп қалды қыз.

-Ағаларың тағы сөйлеседі,- деді жеңгесі.

-Келісім бермесе, түбі қашып кетем! Онсыз да мені жолдамамен Астанаға бөлген,- деді қыз сілкініп.

-Сен шынымен сол суық жаққа кетпекшімісің?

-Кетем. Жаңа елорда, жастардың қаласы. Болашақ сонда! Нұржанмен жаңа ортада өмір бастаймыз!,- деді қыз басын көтеріп отырып.

-Жүріңдер, ыстық тамақ келді,- деп ортаншы келін бұларды дастарханға шақырды.

Алдыңғы басталған әңгімеге бір шешім шығарғысы келген кенже ұл:

-Әке, мен артық айтсам кешіріңіз. Мен енді Нұржанмен өзім сөйлесемін!,-деді,-кішкентайынан әкесіз қорланып, өмір тауқыметін тартып өссе де бүгінде сүйгеніне адалдық танытып қанша жыл болды еркек басымен күтіп жүр. Мен оны қолдаймын!,- деді оң қолын көтеріп.

Үлкендері бауырларының мына өжет шешіміне не қарсы боларын, не қосыларын білдірмей, үнсіз қалды. Тетелесінің өздерін қолдағанына іштей риза болған Мөлдір көзі жәутеңдеп жеңгелеріне қарады. Балаларының өзінен бір кесім күтіп отырғандарын түсінген қария:

-Балаларым сендер мені ескілікпен қатып қалған қырсық шал деп отырсыңдар ма?! ,- деп өзі аудиторияда отырғандай жан-жағын барлады.

- Жоқ, жалғыз қыздың жолын кесіп отырған қайырсыз әке деп отырсыңдар ма?!,- деп дауысын қатқылдау шығарды.

-Әке, қойыңыз бізге не болыпты?,- деп үлкен ұл қозғалақтап қойды.

-Мен ата-баба дәстүрін ұстанған адаммын. Мына аналарың да солай. Өзін қазақпын деген басқа әке-шешелер де солай деп ойлаймын. Сондықтан жеті атаны сақтап, ақ некелі жар сүйіп, сендер сияқты ұл-қыз өсіріп отырмыз. Менің осы жолымды менен өрбіген ұрпақ – сендердің ары қарай жалғау парыздарың. Иә, қазір заң басқа, заман басқа. Сүйгендеріңе қосылып отырсыңдар, өз талаптарыңды орындатып жүрсіңдер. Сол талаптың өзін ата-баба дәстүріне сай, сол шеңберден шықпай жасатып, жастарға бағыт беру ата мен ананың міндеті. Иә, шалыс баспайтын, адаспайтын пенде болмас. «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң»,- деген ата сөзі бұл жағдайға келмейді. Соның бәрін біле тұра мен қалай батамды беремін. Мен өлгеннен кейін бір заманда үшеуің де осылай қиын болса да қатал үкім жасауға тиіссіңдер, осындай жағдайда. Егер менен тарасаңдар. Сонда ғана бабалардың әруағы разы болады!,- деп тоқтады.

Ақсақалдың ешбір келісім бермесін білген бала-шағасы бұл әңгімені осымен тоқтатты. Көңілсіздеу болып диплом жуу кеші аяқталды. Ағалары кеткен соң анасы қызының бөлмесіне келді.

-Маған үкім шықты, сонымен құттықтағалы келдіңіз бе?,- деп шешесінің бөлмесіне кіргенін ұнатпады ерке қыз.

-Қой, үкімі несі! Үміт ешқашан үзілмейді! Әкең әлі-ақ сабасына түсер,- деп келе жатыр еді, қызы жұлып алғандай:

-Түспейді! Көзім жетті! Мен Астанаға кетем! Ендігі өмірімді жалғыздықта өткізем!,- деді.

-Әй, балапаным-ай, екі оттың ортасына мені салдыңдар-ау!,- деп әлсіреп қызының төсегіне қисая кетті.

-Апа! Апа!,- деп шырылдап Мөлдір анасының басын сүйеді,- Не болды сізге?

-Қан қысымым көтеріліп кетті ме, басым айналып қоя берді ғой,-деді ана алқынып. Қайтсін көзінің қарашығындай жалғыз қызы дүниеден түңіліп жатса...

7

Ата-анасын сүйгенімен қосылуға көндіре алмаған Мөлдір тамыздың тамаша бір күнінде Астанаға тартты. Ұшақпен Елорда әуежайына келіп түсті. Еңбек демалысында жүрген Нұржан алдынан шығып, күтіп алды. Екеуі қолұстасқан қалпында қалалық Денсаулық сақтау департаменті басшысының алдынан бірақ шықты. Ұзын бойлы, қиылған қара мұрты бар департамент басшысы Мәжит Шайдаров таныстықтан соң:

  • Ерлі-зайыптысыңдар ма?,- деп сұрады.

  • Жоқ, әзірге.. Мен Семей қалалық аурауханасының басшысымын. Бізді кім елордаға шақырсын. Содан екеуміз екі жақта қосыла алмай жүрміз,- деп әзіл араластыра жауап берді Нұржан.

Бір-біріне жарасып тұрған жастарды көріп көңілі толған Мәжит Зейнулұлы:

-Сенің негізгі салаң қалай?,- деді.

-Нейрохирургпын.

-О, бізде нейрохирургиялық орталық ашылып жатыр, екеуіңді де сонда жіберейін, бірге бастаңдар қызметтеріңді,- деп жігітке қолын ұсынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар