Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
«Шахмаранның кітабы» адамзатқа неге бұйырмай қалды...

22.06.2023 3582

«Шахмаранның кітабы» адамзатқа неге бұйырмай қалды?.. 14+

«Шахмаранның кітабы» адамзатқа неге бұйырмай қалды?.. - adebiportal.kz

(Дәурен Қуаттың «Тас монша» және «Әлқисса. Шахмаранның кітабы» туындыларындағы мистика және хронотоп)

Әдеби орта мен оқырманға жақсы таныс Қазақстан авторларының бірі – жазушы және республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат. Бұл автордың 2018 жылы «Бөрісоқпақ» деп аталатын кітабына бірнеше әңгімесі енген. Аталған кітаптың ішіндегі мистикалық элементтері айқын байқалатын «Тас монша» және «Әлқисса. Шахмаранның кітабы» әңгімелерінің поэтикалық ерекшелігі мен уақыт және кеңістік параметрлерін қарастырамыз. 

Дәурен Қуаттың авторлық ерекшелігінің бірі – шығарманың «І» (бірінші) деп көрсетілген алғашқы бөлімі негізгі оқиға баяндалатын кейінгі бөлім(дер)ге кіріспе іспетті беріледі. Шығармадағы сюжет желісі мен кейіпкерлер байланыстырыла өрілетін поэтикалық ұғымды (тас монша) интепретациялауға алғашқы бөлім «барар жол» қызметін атқарады. «Тас монша» әңгімесінде авторлық баяндау, суреттеулер Мәуленнің ауылындағы тас моншаға қатысты бірден өрбімей, автор алдымен моншаға барып тәнді таза ұстаумен бірге рухани тазарудың да аса маңызды екенін түсіндіреді. Көпшілікке арналған моншаның интерьерімен де мұқият таныстырады. Жіті назар сала оқыған оқырман әңгімедегі авторлық интенцияны көрсететін ремарка моншада еркін айтылған диалог, полилогтардың бірінде көрінеді (жуынып жатқан екі адам Африка орманында қанжыр-арыстанның бөкен лағын асырап, баққаны туралы диалог). Мысалы, ауылдастары «жынды» деп атап кеткен Ақжан әйелдің нәрестесін теуіп түсіріп, тас моншаға қамап қойған Әмен әрекеті мен Африкадағы орманында бөкеннің лағын асырап алған қанжыр (арыстанның ұрғашысы) тіршілігін параллель салыстыру арқылы әңгімелейді. 

Әңгімеде екі монша туралы баяндалады. Бірі Мәулен кейіпкердің есейгенде ауылдан кетіп, қалаға орныққаннан кейін барып тұратын монша; екіншісі Мәуленнің туған ауылындағы өзі талай жуынған көпшілікке арналған тас монша. Шығармада монша – белгілі бір қоғамның проблемасын көрсететін поэтикалық лексикон ретінде таңдалған. Яғни, автор қаладағы монша көріністерін сипаттау арқылы ішімдікке мас болған адамдардың адамдыққа жатпайтын әрекеттерін; ал ауылдағы жалғыз тас монша жабдықтарын «ауыл бастық» Әмен тонағаннан кейін моншасыз қалған тұрғындардың жағдайын кескіндеу арқылы тәні мен рухы бірге ластанған, азып-тозған қоғам бейнесін көрсетеді. 

Автордың бір ерекшелігі, өзі бедерлейтін уақыт пен кеңістікке еркін еніп (Мәуленнің жас кездегі ауылда куә болған тас моншадағы көріністері; Мәуленнің балалық шақтағы Ақжанмен үңгірде кездесуі), оқиғаларды жүйелі әрі қызықты етіп әңгімелейді. Сол себепті сарказмдар («Бұрыш-бұрышта, төбеде өрмекшілер айқыш-ұйқыш тор құрып, қара шыбынды қырып жүр», т.б.) мен юморлық элементтерді («Бүгін, шамасы, ауыл бастықтың мұрын тазалығын қолға алған күні болса керек», т.б.) де еркін қолдана алған. Мұнда автор тұйықталған кеңістік ретінде тас моншаны таңдап алған. Тас монша – шығармада жеке деталь ретінде ғана қатыстырылмай, әңгіменің тұтас композициясына негіз болып тұрған материал-лексикон. Өйткені, автор қоғам немесе адам тәні мен рухының азып-тозған, құлдыраған көрінісін тас моншаға қатысты баяндау, суреттеу, бейнелеулер арқылы ғана көрсетеді. 

Әңгімеде керек-жарағы тоналған тас монша болса да әр сенбі сайын өзі от жағып, ысытып жуынатын әйелді ауыл тұрғындары «жынды Ақжан», «жын соққан» атандырады. Шығарманың соңғы жағындағы авторлық интерпретация Ақжан тура мағынасындағы жынды емес екенін айқындайды. Яғни, «ауыл бастық» деп кескінделген Әменнің жауыздық әрекеті Ақжанның есіміне «жынды» деген анықтауыштың тіркелуіне себеп болады. Қаскөйлердің топтық зорлығына ұшырағаннан кейін Ақжанға Әмен де соны қайталайды. Әмен Ақжанның аяғы ауыр болғанын естігенде жұрт көзінен тасалау үшін ауылдағы тас моншаға бірнеше күнге қамап қояды. Қараңғы, тас қапаста жатқан Ақжанды ауыл тұрғындары «жын соққан» атап кетеді. Яғни, Ақжанның «жынды» атауына немесе көзге солай көрінуіне Әменнің жауыздық әрекеті себеп болған. Жоғарыда түсіндіргеніміздей, жабайы аң бола тұра бөкеннің лағын асырап, баққан арыстан-қанжыр мен Әменнің өз баласын, яғни аяғы ауыр болып қалған Ақжанның нәрестесін теуіп түсіріп, оған қоса, тас қапасқа қамап қоятын әрекеттерін параллель суреттеген. 

Ақжан – рухани тазалықтың символы ретінде бедерленген. Ауыл тұрғындары «жынды» атандырған Ақжанды нарратор-кейіпкер Мәулен «Аппақ Ақжан. Осы ауылда тәніне кір жұқтырмаған жалғыз өзі екен» [1, 137] ремаркамен білдіреді. Тас монша – адам тәні мен рухын таза ұстайтын мекен ретінде бедерленген. «Кірлеген тәнім мен азған жанымды тазартқым келіп, әр сенбі сайын түнде барамын, тас ошаққа от жағып, қазан асамын да, суды жылтпалап, жуынып қайтамын» [1, 141] деген Ақжанның сөзі арқылы беріледі. 

Әңгіменің мистикалық белгілері Ақжан ақ қанатты періштеге антроморфтанып, аспанға ұшып кеткенде айқын көрінеді. Азып-тозған ауыр тұрғындары тазалықты ұнатпайды, тазаруға ниет те білдірмейді. Өйткені, Мәулен салып берген жаңа моншаны Әменнің белсенділік танытуымен өртеп жібереді және Ақжан періштеге айналып, лас ортадан алыстайды. Әңгімеде автордың мынадай қызық эксперименті байқалды. Кірлеп кеткен туған ауылына жаңа монша салып берген Мәулен мен Ақжан бір мектепте оқыған екен. Автор уақытты сығымдап, Мәулен мен Ақжан балалық шақта жаңбырдан қорғану үшін үңгірге қашып кірген сәтке шегініс жасау арқылы бір-бірін ұнатқан пәк, балалық сезімді көрсетеді. Әңгіменің соңында Мәулен мен Ақжан тас моншада сезім жарастырғаннан кейін Ақжан періштеге айналып кетеді. Осылайша автор адам-Ақжанды періште сатысына бір-ақ көтереді. Ақ қанатты періште туралы дискурстар дін саласынан жақсы таныс. Автордың поэтикалық періште образы діни дискурсқа сәйкес келмейді. Ақжанды періштеге айналдыру арқылы автор ластанған қоғам тазалыққа бет бұрғысы келмейді деген интенцияны жеткізгісі келген. 

Д. Қуаттың «Әлқисса. Шахмаранның кітабы» хикаятындағы мистикалық белгілер ауылдастары жаппай қалаға көшіп кеткеннен кейін ауылда өзі ғана қалған Жамау кейіпкердің жалғыздығын көрсету үшін қолданылған. Автор қиялы перцептуалды уақыт пен кеңістік параметрлерін еркінше өзгертіп, туған жерін сүйген және жалғыздық азабын тартқан Жамаудың әлемін ашуға талпынады. Баянжүрек тауының етегі мен кең дала пейзажы жалғыздық құсасын тартқан Жамаудың ішкі мұңы мен қиналысын көрсетуге септеседі. Автор Жамау мұңын бөлісуі үшін «Қара кісі» образын сомдайды. Қара кісі Жамаудың жанына жабысқан жалғыздықтың символы ретінде кескінделеді. Хикаят оқиғалары өтетін перцептуалды кеңістік деңгейі түс көру актісі мен Жамаудың жыланға айналу үдерісіне дейін идеализацияланады. Яғни, Жамау ұшы-қиырсыз мекенде жұмақ іспетті ақ отауға енген сәтін түсінде көреді. Ақ отаудың ішінде хор қыздары өмір сүреді және Жамау сонда тап болғанда діни дискурстағыдай хор қыздары Жамауға қызмет етеді. Мысалы, дінде құдайға құлшылық етіп, күнәсі кешірілетін сауапты істерді көп жасаған ер адам о дүниеде хор қыздары қызмет ететін жұмаққа баратыны туралы айтылады. Хикаяттағы ақ отау оқырманға жұмақ образын елестетеді. Ауылдастарынан жырақта қалған Жамау жалғыздық сезімін автор перцептуалды-мистикалық кеңістікке ендіру арқылы жеткізуге тырысады. Адам баласынан жапан түзде жырақтап қалған Жамауға Қара кісі мен жалғызкөзді мақұлық елестеп, бұрын бақилық болып кеткен Байғазы шал мен Мәулімнің әруағы көрінеді. Қара кісі – баласы қалаға мәжбүрлеп әкеткен Солтанбай шалдың елесі болып та бедерленеді. 

Автор мистикалық уақыт-кеңістік тудыруға аса назар аудармаған. Тек Мәулімнің әруағымен тілдескенде «түн – рухтың мекені» деген діни-тылсым түсінік беріледі. Алайда автор аңыздық-мистикалық жылан образын ерекше поэтикалық тәсілмен қайта тірілткен.  

Автор, туындының атауы байқатып тұрғандай, антроморфтанған жылан-адам Шахмаранға қатысты аңыз желісін мәтінаралық мәтін ретінде қолдану арқылы бүтін білім қоры (бәлкім, адамзатқа қажет білім) сахара даласына жасырынған деген ойға аллюзия жасайды. Автордың ойынша, даланың даналығын туған жерінен безіп, дүние үшін оңай ғана қол үзіп кете беретін кез келген адам тани алмайды. Шахмаранның кітабына жасырылған кең дүниенің көл-көсір білімін тек атамекенінің тұмса табиғатымен жаны үндесіп, кең даланың ғажап сұлулығымен азықтанатын, сахараның тылсым дүниесіне тұла бойымен еніп кеткен Жамау ғана иеленуі мүмкін. Оқырманға ойымыз түсініктірек болуы үшін аталған хикаятқа мәтінаралық мәтін ретінде қатыстырылған аңыздың қысқаша мазмұнын айтып өтейік. 

Жапан далада жалғыз қалған Жамау тылсым бейнелермен өмір сүре бастайды. Бір күні таң атып келе жатқан уақытта әбжылап жорғалап келіп, Жамауды жанап өтеді де, биікке заулап көтеріліп кетеді. Осы сәтте Жамау өзі қадір тұтатын ауыл ақсақалы Солтанбай қарт «Қара кісі» кейпіне еніп: «Сені ауылдан ұзатпай арбап алып қалған осы жылан еді» [1, 232] деп сыбырлайды. Арықарай Қара кісі Жамауға ескі уақыттарда пайда болған хикаяны баяндап береді. Аңыз желісі бойынша кеңістік ретінде Аршалы тау мен жер астындағы жыландар ордасы орналасқан шыңырау алынады. Жылан-адам Шахмаран алғашқыда Аршалы тауындағы мекенінен келіп, ешкі сауып ішетін кедейді сынау үшін одан сүт ішіп тұрады, ақысына алтын ділдә тастап кетіп жүреді. Тіпті, сол заманның патшасы үш мәрте түсінде не көргенін табуды халыққа тапсырма ретінде міндеттейді. Шахмаран сол түстің жауабын кедейге айтып, жауабы дұрыс шығып, кедей патшаның сый-сияпаты мен Шахмаранның сүт ішкен ақысына берген алтын дәлдаға байи береді. Шахмаран басында патша берген сыйлықтарды маған да бөліп бер деп кедейге ескерткенімен, кедей қулық жасап оған бермейді. Бірақ үшінші түстің жауабына патшадан алған сый-сипаттан кейін кедей ынсап қылып, одан жыланға да бөліп беруді ұйғарады. Алайда жылан кедейге үйленіп, ұлды болғанда атын Мәулім қоюды тапсырады. Кедей жыланның айтқанын орындайды, Мәулім аңшылықпен айналысып жүріп, жыландар ордасы орналасқан шыңырауға тап болады. Жер астында Шахмаранмен бірнеше жыл бірге өмір сүріп, жыланның рұқсатымен жер бетіне шығады. Кетерінде Шахмаран Мәулімге жер бетіне қайтқанда кітапқа айналатын гауһартасты өзге жыландардан тығып береді. Алайда Мәлім арқылы адамзатқа жіберілген кітап елге тарамайды. Кітаптағы білімді халыққа жеткізетін Мәулім болғанымен, ауру патшадан қуғын көрген ол торғайға айналып кетеді. Патшаның Мәулімді қуғындауының себебі – ауруына бірден бір ем Шахмаранның терісі, еті мен миы екен. Шахмаранның қайда орналасқанын Мәулім ғана білетін еді. 

Хикаят соңында Жамау жыланға метаморфозаланып, Аршалы тауында Шахмаранмен қауышуға ирелеңдеп кетіп бара жатады. Автордың ойынша, адам баласы кең даланың жұмбағын әлі де шеше алмаған, бәлкім, шешуге қауқарсыз. Дала философиясының тереңіне үңілу адамға қарағанда сакральды аңыздық-мистикалық сипат алған жылан-адам Шахмаранға немесе Жамауға ғана бұйырған. Туған топырағынан кез келген уақытта қол үзіп кететін ауыл тұрғындарына Шахмаранның кітабына жасырынған дала құпиясы ешқашан ашылмақ емес. «Шахмаранның кітабы» да дала даналығының символы ретінде алынған.  

Жазушы, философ Дидар Амантай проза жанрын бес бағытқа жіктеген болатын. Олар мынадай: әлеуметтік-антропологиялық; детектив (коммерциялық); ғылыми фантастикалық; философиялық-метафизикалық және ақындық проза [2]. «Әлқисса. Шахмаранның кітабы» хикаятында ақындық проза элементтері көрініс тапқан. Яғни, поэзияға тән, үздік үлгісін Абай ақын көрсеткен табиғатқа жан бітіретін кейіптеу және метафора әдістері эмоцианалды-экспрессивті бояуымен айқын шыққан. Автордың «құз жартасты көк сеңгір таулар аспанға барар жолдың баспалдақтары сияқты»; «Ерте оянған Жоңғар абыз тау, ақсақал тау – Аршалыға алдымен сәлем жасап, Аршалы алды-артына абажадай төніп отырады да, айналасындағы бала тауларды аса таяғымен түртіп оята бастайды» [1, 227-228] образды суреттеулері өте сәтті жасалғанын атап өтуге болады. 

Ойымызды қорыта келгенде, жазушы Д. Қуаттың «Әлқисса. Шахмаранның кітабы» туындысынан байқағанымыздай, авторды халықтың ауылдан қалаға жұмыс іздеп ағылатын урбанизация үдерісі қаттырақ толғандырған. Бұл үдеріс 1991 жылы КСРО ыдырап, құрамындағы он бес республика жеке мемлекет ретінде тәуелсіздік алғаннан кейін қарқынды жүзеге асқан болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары он бес мемлекетке, оның ішінде Орталық Азия халқына әлеуметтік-экономикалық тұрғыда барынша қиын соқты. Сонымен қатар, урбанизация ұлттардың менталитетіне, дәстүріне, психологиясына да жағымсыз әсер етті. Бірінші кезекте халық туған ауылын тастап кетіп, өскен жеріне жатбауыр, қайырымсыз бола бастап еді. Адамдардың мұндай қасиетін автор тамыры жерге мықтап бекіген ши өсімдігімен, халықты жоқтаған табиғаттың зарлы шыққан уіл даусымен антитезалық салыстыру негізінде береді. Сонымен қатар, «Таулар тәртіпті, тауларда тәртіп бар. Таулар тәртіпті, тауларда тәртіп бар» деп анафора (әр жолдың бір сөзбен басталуы) және эпифора (әр жолдың соңындағы сөздің қайталануы) әдісі арқылы философиялық пайымдаумен жеткізеді. Автор тілінің шұрайлығы мен баяндау стилінің еркіндігі бірден байқалады. Туындыларындағы пейзаж қандай әсем суреттелсе, сөз қолданысында да үздік образдар көп кездеседі. 

Әдебиеттер: 

1. Қуат Д. Бөрісоқпақ: әңгімелер жинағы. – Алматы: Атамұра, 2018. – 268 б.

2. Амантай Д. «Бүкіл жаратылысты көптеген физиктер армандаған бір ғана формуламен түсіндіруге бола ма?!» Сілтеме: https://adebiportal.kz/kz/news/view/2014. Қаралған уақыты: 22.08.2022. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар