Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Саят ҚАМШЫГЕР: Айгизді жазушы еткен – оның қиын та...

19.01.2018 9872

Саят ҚАМШЫГЕР: Айгизді жазушы еткен – оның қиын тағдыры

Саят ҚАМШЫГЕР: Айгизді жазушы еткен – оның қиын тағдыры - adebiportal.kz

27 жасында Мемлекеттік Жастар сыйлығын алған жас жазушы Айгиз Баймұхаметовты қазір Орыс пен Түркі әлемі түгелге жуық таниды деуге болады. Дегенмен, осы уаққа дейін бірде бір шығармасы қазақ тіліне аударылмаған. Жақында Мемлекеттік сыйлыққа ие болған бұл шығарма қазақ тілінде "Тастамашы, ана!" деген атпен кітап болып басылып шықты. Аударған ақын Саят Қамшыгер. аудармашының бір артықшылығы - автормен етене таныстығында. Сол себепті, аудармашымен азды-кем сұхбат құруды жөн көрдік.

"Тастамашы, ана!" кітабын оқи отырыңыздар.

- Саят мырза, сіздің башқұрт халқының атаққа шыққан жас жазушысы Айгиз Баймұхаметовтың «Тастамашы, ана» атты кітабын қазақшалағаныңыз жайлы естіп жатырмыз. Бұл шығарма қолыңызға қалай түсіп жүр? Авторды бұрыннан танушы ма едіңіз?

- Осыдан екі жыл бұрын Бакуге түркі халықтары ақын-жазушыларының форумына барған едім. Сол кезде қонақүйдің бір бөлмесіне Айгиз екеуіміз бірге қоныстандық. Бірнеше күн әңгімелесіп бірге жүрдік. Сол кезде маған орысшаға аударылған «Не оставляй, мама!» деген кітабын қолтаңба жазып сыйлаған болатын.

- Башқұрт тілінен тікелей аудардыңыз ба? Менің білуімде, башқұрт тілі мен қазақ тілі бір-біріне өте ұқсас. Тіпті, біздің қырғыз ағайындардікінен де жақын ба деймін.

Суретте: Айгиз Баймұхметов пен Саят Қамшыгер

- Сізге солай көрінбей ме? Айгиз екеуіміз басында орысша сөйлесіп жүрдік. Содан кейін әрқайсымыз өз тілімізде сөйлейтін болдық. Қазақ тілі мен башқұрт тілі шынында да туыс тіл екенін сезіндік. Әзірбайжанда жүрген күндерде екеуіміз бір-біріміздің тілдерімізді зерттей бастадық. Оның айтқан сөздерінен түсінбей қалған жерімде тоқтатып, орысшасын сұрап алып жүрдім. Айгиз де менен көп сөздердің мағынасын сұрап алды. Татар мен башқұрт тілдері өте жақын екен. Қазақ тілі мен татар, башқұрт тілдерінің жақындығын сезініп қайттым сол жолы. Ал кітапты орыс тіліне аудардым.

- Кітаптың авторы Айгиз туралы айтып беріңізші. Немен айналысады? Мемлекеттік сыйлық алғаны жайлы хабарымыз бар.

- Айгиз 1988 жылы Башқұртстандағы Белорецк ауданы, Абзаково ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған соң балалар үйінде тәрбиеленген. Уфадағы Башқұрт мемлекеттік университетінің филология факультетін аяқтаған. Башқұртстан және Ресей Жазушылар одақтарының мүшесі. Осы кітабы үшін Шайхзада Бабич атындағы Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанған екен. Осы сыйлықпен бірге Башқұртстан президентінің қолынан пәтердің кілтін алыпты. Жазушының бұл кітабы бұдан бұрын орыс, татар, чуваш, әзірбайжан, моңғол тілдеріне аударылған екен. Осы кітап бойынша Башқұрт мемлекеттік театры мен Бурят мемлекеттік драма театрлары қойылымдар қойып жүрген көрінеді.

Башқұртстандағы әдеби ахуал жайлы сөйлесетін шығарсыздар?

- Айгизбен жақында біздің Түркістан қаласында өткен халықаралық жиында тағы да кездесіп қалдық. Екі күн тағы да әңгімелесіп бірге жүрдік. Мәдениет министрімен бірге біраз жобаларды қолға алып жатқан көрінеді. Олар әдеби процесті жандандыру үшін мемлекет болып қолға алайын деп жатыр екен.

- Біздің осы күнгі әдебиетімізден хабары бар ма екен?

- Айгиздің біздің қазақ әдебиетінен де хабары бар. Ғалым Жайлыбаймен, Есей Жеңісұлы, Мақпал Мыса, Әлібек Байбол, Бауыржан Қарағызұлы, Бағашар Тұрсынбайұлы, Ұларбек Нұрғалымдармен халықаралық іс-шараларда кездесіп, танысқан екен. Арман Әлмембеттің шығармашылығымен жақсы таныс екенін айтты.

- Жазушылар одағының 80 жылдығында қонаққа келген башқұрт жазушысының «Сендер бақыттысыңдар ғой, дербес елсіңдер», деп күрсінгенін көріп ем. Сіздің авторыңыз біздің ел туралы, өздеріндегі саяси жағдай жайлы не айтады?

- Айгиз Баймұхаметов біздің ел жайлы қатты қызығады екен. Бакуде жүргенде Алматы мен Астананы көру бір арман болып жүргенін білдірді. Ұялы телефонынан маған Валентина Толкунова деген әншінің «Город мой Алма-Ата» деген әнін тыңдатты. Өзі бірге қосылып шырқады. Мен таң-тамаша қалдым. Сөйтсем Айгиздің анасы кезінде осы әншінің әндерін сүйіп тыңдаған екен. Айгиз де анасының сүйікті әншісін жақсы көреді. Біздің МузАРТ тобы орындап жүрген «Сағындым Алматымды» әнін Валентина Толкунова кезінде орысшаға аударып алып орындаған болып шықты. Сол әнді тыңдап жазушы досым «неше түрлі қиялдарға берілемін» деп қалды.

- Шығарманы аудару туралы ой қашан келді? Жалпы, сіздің аудармашылығыңыз жайлы көп ешкім біле бермейді дегенім ғой.

- Әзірбайжаннан қайтып келе жатқан кезде өзбектің аудармашы, ғалымы Махфуза Артыкова ұшақта жылап келе жатты. Мен одан бір жері ауырып отыр ма деп сұрасам, ол күлімсіреп «мына кітапты оқып, соған жылап келемін» демесі бар ма? Сөйтсем, ол мендегі бар «Не оставляй, мама!» екен. Үйге келген соң бұл кітапты келіншегім мен қызым, ұлым таласа жүріп оқып шықты. Жарым Әлия да тіл, әдебиет маманы, ғылым докторы. Маған бір ұсынысын айтты. Осы кітапты аударатын ойы бар екенін білдірді. Одан кейін кітапты мен де оқыдым. Оқып болған соң Әлияға «досымның кітабын мен аударайыншы» дедім.

Былтыр аударып шықтым. Бұл менің прозадағы тұңғыш аудармам. Бұған дейін түрік, тәжік, қырғыз, әзірбайжан, орыс тілінен өлеңдер аударып жүргенім бар болатын. Аударма жұмысы кезінде көп тәжірибе жинадым. Аударудың барысында да бірнеше рет кітаптың оқиғаларына толқып кетіп көз жасымды сығып алған кезім болды.

- Біздің жас жазушылармен салыстырғанда артық-кемі неде? Салыстыра алдыңыз ба? Бұдан басқа қандай шығармалары бар?

- Айгиздің бұдан кейін «Детство без сказок» деген кітабы жарық көрген. Оны да маған қолтаңба жазып, беріп жіберген екен. Ол кітап та осы кітаптың мазмұнымен сарындас, жалғас. Бір байқағаным, Айгизді жазушы еткен — оның қиын тағдыры. Балалар үйінде басынан өткен жайларды жинақтап, көркем шығарма етіп жазып шыққан. Түркістанда жүргенде: «Кітаптағы жазғандарыңның бәрі өзіңнің өмірің бе?» деп сұрадым. Ол күлімсіреп: «Иә», деді. Айгиз қазір журналистік жұмысын уақытша қойып, тағы бір кітап жазу үстінде.

- Аудармаңыз жақсы шыққан сияқты. Тілі жатық, оралымдар өз орнында дегендей. Алда бұл саланы жалғастыру ойыңызда бар ма?

- Алда аударма саласында біраз жұмыс істесем деген ойдамын. Алла нәсіп етсе, қырғыз, өзбек, татар, башқұрт, түрік, әзірбайжан әдебиеттерін аударып кітап етіп шығару жоспарларым бар. Туыстас халықтардың әдебиетінде дәнекер болу – арманым.

- Ісіңізге сәттілік тілейміз. Сұхбатыңызға рахмет!

- Көп рахмет! Әдебиет порталы алдағы уақытта тамырын терең жайып, қаламгерлер мен оқырман қауымның ортасында алтын көпір болатынына сенімім мол. Осы бір қасиетті істе Жаратқан жар болсын сіздерге!

Сұхбаттасқан

Алмас НҮСІП.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар