Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

19.10.2018 449

Сегіз сері

Мұхаммед-Қанапия (Сегіз сері) Баһрамұлы Шақшақов (1818- 1854) Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында Гүлтөбе-Маманай деген жерде туған.

«Қылышпын қынабынан алынбаған,

Алтынмын таразыға салынбаған.

Ашамайлы Керейдің ер ұлымын,

Бейне бір жанған оттай жалындаған», - деп өзі жырлағандай ол ақындық, сазгерлік өнерімен елге танылып, серілердің атасы атанған халқымыздың даңқты ұлдарының бірі.

ТУҒАН ЖЕР

Гүлтөбе-Маманайым, туған жерім,

Кіндік кесіп, кірімді жуған жерім.

Жалаңаш, жалаң аяқ жар басында,

Көйлек шешіп, көбелек қуған жерім.

Жаралып дүниеге келген жерім,

Жалғанның қызығына енген жерім.

Босанып алтын ұя, тар құрсақтан,

Аймалап ана сүтін емген жерім.

Рақатты шәрбат суын татқан жерім,

Қызыққа алуан түрлі батқан жерім.

Жамылып жасыл шілік жаздың күні,

Сайрандап жігіт-желең жатқан жерім.

Садақты жастайымнан тартқан жерім,

Бөрісін, елік, құлжа атқан жерім.

Ұшырап патша әкімі қуғынына,

Тұлпармен күн-түн демей жортқан жерім.

Аузынан көркем қыздың өпкен жерім,

Қымызға, қазы-қарта бөккен жерім.

Жырымды өзіңе арнап төккен жерім,

Сағындым көрмеген соң көптен, жерім.

Ақсүйек, асық ойнап, асыр салып,

Әткеншек, алтыбақан тепкен жерім.

Бой түзеп, сәнді киім киген жерім,

Білім ап, өз-өзіме келген жерім.

Өсіріп, тәрбиелеп, жақсы баулып,

Бап-балғын жеткіншекті сүйген жерім.

Тарқатып жастық күннің шер-құмарын,

Бұралтып гөзелдермен күлген жерім.

Ас пен айт, той-жиынды құр өткізбей,

Сайрандап сауық құрып жүрген жерім.

Маманай – сағындым ғой салқын белім,

Бұқпакөл – жанға жайлы шалқар көлім.

Көзімнен бір кездерде бұлбұл ұштың,

Орта жүз Ашамайлы Керей елім.

Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары,

Мекке мен Мәдинедей болған жерім.

Бейнебір мен кәрі қыз төркіндеген,

Мен келем: көрсем деген сертімменен.

Дәмі тартып Еділ, Жайық өңірінің,

Кезінде тағдыр шіркін келтірмеген.

Көп елге көзбен көрген жалған емес,

Жүйріктің бірі едім ғой серпіндеген.

Айрылып қапияда Мақпал қыздан,

Кебім көп жас жүректе шертілмеген.

НАЗҚОҢЫР

(Ай қабақ)

Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін,

Кел десең, неге аяйын аттың терін.

Сары ағаш сазға біткен секілденіп,

Қай жерде отыр екен бұраң белім.

Базардан алып келген күміс құман,

Жігітті адастырған қалың тұман.

Арадан қыл өтпестей тату едік,

Біздерге қастық қылған қай антұрған.

ӨСИЕТ АЙТЫП КЕТЕЙІН

Ат үстіндегі батыр деп,

Ерте кезден атанған.

Жорыққа шығар алдында,

Үлкендерден бата алған.

Жігіттері сымбатты,

Бейне бір қолдың саласы.

Өсіп-өнді қазағым,

Мекен боп байтақ даласы.

Дәулет кетпей басынан,

Сыпайы болып жасынан.

Үлгілі болды ақыны,

Тарқамай ел қасынан.

Машық болмай жазба ісі,

Зерек болып халқымыз.

Жатқа айту боп үлгісі,

Ғадет еткен жалпымыз.

Жұртымыздың тарихы,

Жазбаша да, ауызша.

Тараған еді үш жүзге,

Өзгертілмей қалпынша.

Өшпейтұғын мұра боп,

Ұрпақтан көшіп ұрпаққа.

Ұмытылмай елдің есінен,

Сақталған еді ұзақ та.

Ақсақалдың айтқаны,

Шежіре күйде жатталған.

Ұғып алған кезінде,

Алғыр ерлер майталман.

Бұрынғы жырау-ақынның,

Сөзген ұста, білгіш батырдың.

Қолбасшы миы көсемнің,

Сөз тапқыш ойлы шешеннің.

Қисса-дастан, өлеңі,

Жұмбақ, мақал-мәтелі.

Өсиет, толғау жырлары,

Өшпейтін мағына-сырлары.

Өнегелі сөздері,

Жоғалмайтын іздері.

Жарасымды ұйқасты,

Өрілген өрнек тізбегі.

Сүйсінген елді әндері,

Жыр әуені сәндері.

Көкейге қонған күйлері,

Домбыра, қобыз үндері.

Құлақтарына құйылып,

Жадында көптің сақталған.

Атадан ұлға мирас боп,

Теріге жазған хат қалған.

Мен де көптің бірімін,

Данамын деп мақтанбан.

Жасайын ерлік ырымын,

Батырмын деп шаттанбан.

Жаңылғам жоқ деп жастықта,

Кемеңгер болып ақталман.

Бізге дейін өтті ерлер,

Нелер шаһыбаз майталман.

Өтосе-дағы дүниеден,

Бұрынғы ғазиз ерлерден.

Кейінгіге сөз қалған,

Артында жаяр кез қалған.

Тастайын аз сөз солардай,

Ескерткіш болсын артыма.

Өлеңнен өрім өрейін,

Тарасын жырым жалпыға.

Өсиет айтып кетейін,

Өзімнің қазақ халқыма.

Өнегелі өлең айтпасам,

Іс келмейді шартына.

НЕ ПАЙДА?

Көсемдерден не пайда,

Жұртын ондап бақпаса.

Ай нұрынан не пайда,

Қара бұлт қаптаса.

Бал-шекерден не пайда,

Жүрекке жайлы жақпаса.

Үлгілі сөзден не пайда,

Ұқтырып мінді таппаса.

Маңдайға біткен бақыт сол,

Бетіңнен ешкім қақпаса.

Жау атқан оқ дарымас,

Алла жар боп сақтаса.

Қорқақтардан не пайда,

Жауға қарсы шаппаса.

Қорғаны болып жұртының,

Әдіс-айла таппаса.

Шешендерден не пайда,

Халқына ақыл айтпаса.

Туысқаннан не пайда,

Бауырын жақын тартпаса.

Шабандоздан не пайда,

Жүйрікке мініп ақпаса.

Ғадыл бидің белгісі,

Параға басын шатпаса.

Арлы кісі белгісі,

Харамның дәмін татпаса.

Нағыз жақсы сол болар,

Игі іске елін бастаса.

Батыр жігіт сол болар,

Жаудан қорқып қашпаса.

Данышпан пенде белгісі,

Алдағы жайды болжаса.

Даугер жанның белгісі,

Уақытында істі қужаса.

Айбынды ер сол болар,

Сыртқы дұшпан батпаса.

Жасық жігіт сол болар,

Үйде басын сақтаса.

Қолбасы-сардар белгісі,

Жауды жеңіп, көп қуса.

Жетекші болып сарбазға,

Тәуекелге бел буса.

Жауынгер жігіт сол болар,

Қамалдан тізгін тартпаса.

Талапты жігіт сол болар,

Міндетін елге артпаса.

Адал жанның белгісі,

Сыртқа сырды шашпаса.

Сабырлы жанның белгісі,

Шарадан асып таспаса.

Ғазазіл-шайтан сол болар,

Жұртының басын қоспаса.

Сабырсыз адам сол болар,

Істің артын тоспаса.

Шын жақсының белгісі –

Туысы үшін қамығу.

Тас бауырдың белгісі –

Ағайынға жауығу.

Бақытсыз кісі сол болар,

Сапарда жолы болмаса.

Кері кетіп шаруасы,

Бастаған ісі оңбаса.

Абзал кісі сол болар,

Халқын әр кез қолдаса.

ӨЗІМ ТУРАЛЫ

Кеңінен жаяйыншы қанатымды,

Қайрайын өткір етіп болатымды.

Патшаның ғаскерімен соғысқанда,

Білуші ем нысанаға алатынды.

Мен келем өлең айтып, әнге салып,

Тыңдар деп құлақ қойып барша халық.

Шабытым, шарықташы, аспанға өрлеп,

Шығатын мезгіл келді топты жарып.

Толқындай тербетіліп, қиял, шіркін,

Жұлдыздай бөгелместен жүйткіп ағып.

Денемді әрқашан да шабыт кернеп,

Жіберем домбырамды қағып-қағып.

Сөйлеймін алды-артымды ылғи бағып,

Халайық жүрмесін деп кінә тағып.

Секілді Оралтауда ақиықпын,

Көкке ұшқан, бұлтты жара, қанат қағып.

Қыздың сайран етпей бақшасында,

Қызықпай бай-көпестің ақшасына.

Бойыма қонған дарын ерік бермей,

Кеудемде жыр қоймасын ашпасын ба!

Өлең-жыр көмейімнен жосылады,

Қобызға әсем үнім қосылады.

Мақтаған ұлықтарды ақындардың,

Талайы біздей ерден тосылады.

Халқымнан сардар атақ алсам-дағы,

Болған емес істерімде астамшылық.

Асып сөйлеп көргем жоқ бала кезден,

Деп жүрме, ел, бұл сөзімді мақтаншылық.

ҚАЗАҚҚА

Бөлінбе қазақ жік-жікке,

Бөлінсең қазақ жік-жікке,

Шіл боғындай бытырап,

Шыға алмассың биікке.

Не жетсін жұртым бірлікке,

Мән берген жөн ерлікке.

Өнер қуып, кәсіп ет,

Салына бермей өрлікке.

Жаралмаған еш пенде,

Көрем деп өмір тозағын.

Ақылдан болмай құр кенде,

Өнер үйрен, қазағым.

Көтергенмен бос кеуде,

Арылмас бастан азабың.

Кәсіп қылсаң, сендер де,

Құрарсың тұрмыс ғажабын.

Алданба қазақ, алданба,

Дұшпанның сөзін малданба.

Алдансаң оңбай құларсың,

Іштен жауың шалғанда.

Татар дағы құрдасым,

Шаһабудден Маржани,

Өнерімен ол шаһыбаз,

Халайықтан көрген сый.

Талабы бар бозбала,

Маржанидей білім жи.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар