Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Секен Тұрысбек. «Басымды кім сыйласа, сол жақыным»...

18.09.2019 6080

Секен Тұрысбек. «Басымды кім сыйласа, сол жақыным» 12+

Секен Тұрысбек. «Басымды кім сыйласа, сол жақыным» - adebiportal.kz

Қағасың күңірентіп, майда ғана,

Кім білген, қадіріңді қайран аға?!

«Қоңырыңды» естісем, егілем де,

Қаңғып кеткім келеді айдалаға!..

деп жырлаған Қажытай ағам көңілімізде бар, көзде жоқ. Енді жарық дүниеде шаммен іздесең де, таппасыңа көзің жетер. Адамнан адамды артық етіп, не әулие етіп, жаратпаса керек. Қажытай ағамның бойындағы – тазалығы, құштарлығы, адамгершілік, беттілік, тектілік, кісілігі өз алдына бір тау. Білімділігі, шешендігі, өнер тануы, құсбегілігі, атбегілігі, сазгерлігі, бишілігі – бір төбе.

Ол ақты ақ, қараны қара деуден бір тайған емес. Бір адамды жақсы көрсе, тауға ұқсап құлайтын, жек көрсе, көңілі қалса, қайтып мойнын бұрмайтын жан еді.

Дүние сенен де, менен де өтер,

Әуенім аққуды да, елеңдетер.

Тақ пен бақ, жиған-терген жолда қалып,

Ән мен күй, кейінгіге өлең жетер.

Дүниеге деген – аяқталмас арманын айтып, өмірден өте шыққаны өкініш! Жанына кеп дамылдайтын қонар көлі азайғанына көңілі толмай, өмірден озғаны өкініш!

Қажыағамды ширек ғасырдан астам уақыт білетін едім. «Адам болсаң, адамды таны, қиналып жүргенінде, адам құсап жүргенінде, ит те таниды, сүйек-саяқ тастағаны үшін, не таяқпен жасқағаны үшін» деген қарияның айтқан толғанысының өзі, оның биік өресін көрсетпей ме? Бір жақсыны, бір жақсымен жақындатып жүреді. Мен «Жақсының жақсыға жақын жүргені – жақсы» деген тұжырымға Қажыағам арқылы келдім. Әлі есімде 1992 жылдың 3 май күні Асекеңді (Асқар Сүлейменовті) үйіне барып, таксимен алып келген едім. Жол үстінде:

– Үйде кім бар? – деп сұрады.

– Қажытай ағам бар, – дедім.

– Қажытайдың «Қоңырды» тартатынындай адам кемде-кем, ә? – деді, сұрақтың риторикалық түрімен жауабын өзі беріп. Бұл кезде үйге де келіп қалғанбыз. Бұрышта тұрған үш бала сигареттерін тартып, бізден еш қымсынбай, жерге аяқтарымен езіп, қайқая басып, жүре берді. Сонда Асекең:

Бұдан кейін күй ұқпайтын, кітап оқымайтындарды бауырым демеші, –деп ауыр күрсінген еді.

Есіктен кіре бергенде, Қажытай ағам орнынан атып тұрып, екеуі құшақтасып амандасты.

– Асеке, төрге шығыңыз, – деп қолтықтап, ерекше құрмет көрсетіп, жалбақтады да қалды. Сонда Асқар ағам:

– Ради бога, өзіңіз отыра беріңізші, – деп, екі қолын сыпайы жоғары көтеріп, асықпайтын кербез қалпымен төрден төмен отырды.

Сонда ҚажыағамАсекеңді көтеріп әкеп, төрге отырғызды да:

– Атақты Аяз бидің өзі де мен құсап өз құлын, өз қолымен көтеріп әкеп төрге отырғызбаған шығар. Өйткені, бұл үй менікі. Секен менің інім. Бұдан былай кімнің кім екенін біле жүрсеңіз, болғаны, – деп еді. Мен ол уақытта екеуінің бір-біріне деген сыйластығы шығар деп қана ойлап, бұған мән бермеген едім. Бірақ осы көрініс кино лентасына жазылғандай, көз алдымда мәңгі тұрып қалған еді. Кейіннен ел аузында екеуінің аңызға айналып кеткен оқиғасын естіп, таң қалдым. Мұны Қажыағам емес, көбінесе Асекеңнің өзі жайып жіберген екен. Ол – бөлек әңгіме. Сол кездесуден кейін он бір күн өткенде, қайран Асекем, кенеттен пәни дүниеден бақи дүниеге аттанып кете барды ғой.

Бұдан кейін марқұм Есенқұл Жақыпбековті де мектептегі бөлмеме алып келіп, жете таныстырып еді. Қажыағамның маңайында қай мамандықтың иесі жүрмесін, жан тазалығымен қоса, әйтеуір бір өнердің жылт еткен ұшқыны байқалып тұратын еді. «Таза өнер адамынан жауыздық шықпайды» деп қарайтын Қажытай ағам атты қалай таныса, адамды да солай танитын. Өзіне ғана тән қалжың аралас жылы сөздерімен адамды өзіне баурап алып, еркелете білетін. Расында, жанашыр ағам бар екен-ау деген ыстық ықыласты жан дүниеңмен сезінетінсің.

Өзіме мол жетеді өз ақылым,

Басымды кім сыйласа, сол жақыным, – деп, қарияны жүрегімдегі де, жердегі де ең бір жақын адамым деп жанымның жартысындай пір тұтам.

«Өмірге аңсап туып, асық өскен,

Дүниеге адам қонақ, шіркін-ай, түней көшкен».

«Ессіз боп дүниеге келесің, есалаң болып өмір сүресің, ес білгенде өлесің» дегендей адамнан адам артық тумаса керек. Қоғамның кейбір қайшылықтарын көріп, Қажытай ағам қатты қынжылып, орнынан атып-атып тұрушы еді. «Аяғы лас адам есіктен төрге дейін былғайды, пейілі лас адам, бесіктен көрге дейін былғайды» дегеніндей, елбасы төңірегіндегі нашарларға лағнет айтып отырушы еді.

Елбасының елдігін ғана емес, тіпті домбыра ұстап, ән де салатын, вальске де шыр көбелек айналатын өнерін теледидардан көріп қалғанда, осыны жоғары бағалап, соған өзі жас балаша мәз болатын. Елбасына деген сол құрметі төмендегі екі өлеңнен де көрініп тұр:

1994 жылы жазылған маған арнаған«Тамаша» деген бес шумақ өлеңінің соңын:

Жігіттің пірін ежелден шаршы топ сынар,

Бәйтерек болмас, күтімін көрмей, көк шынар?..

Жер бетінде сені мұндай ұғынған,

Сегіз қырлы, сері патша жоқ шығар, – деп аяқтаған екен. Көлгірсу жоқ, риясыз шынайы көңілден шыққан ризашылық көзге ұрып тұр емес пе?

Осыдан бұрын (1991 жыл) кей шумақтары екі жағынан да ұйқасатын «Араша» деген өлеңінде:

Мүліктей мінсіз, күліктей күйсіз, күнқақты,

Мамықтай ұлға тамұқтан ауыр мұң батты.

Мектепке сіңген күзетші-күйші атанып,

Балықтай үнсіз, батырдай құнсыз кім жатты?..–

деп бастап:

Күйге айналдырар көңілге түскен қырбақты,

Шабытты шағын түсіне көрме біржақты!

Танысаң егер Тәттімбет тірі, ағайын,

Қымбаттылардың ішіндегі ең қымбатты! – деп аяқтаған еді-ау, жарықтық.

Ал «Абаймен әңгіме» деген өлеңінде Қажытай ағам:

Ақыңды демеп, батырды елеп жатсақ та,

Босадым ойлап перзенттеріңнің тағдырын.

Елағасына көріскім келді, сондықтан,

Перзенттеріме тұмар ғып, күллі жарлығын!..– деген еді.

Батыстың емес, шығыстың салт-дәстүрін, әнін тыңдап, күйін ұққан, мәдениеті мен әдебиетін толық меңгерген сол қасиеттерді сығымдап алып, өзінің бойынан сығымдап сыр айтқандай етіп шығарды. Әдемі әндерімен тұп-тұнық поэзия тудырды. Сатирада салмақты, қорғасындай ауыр-ауыр дүниелер жазды.

Жүйрік атты көз ұшынан жазбай танитын, оның сынаған аттары бәйгеге жарамай қалатын да, мақтаған аты алдымен келіп, бәрімізді таң қалдырушы еді.

Баспасөз арқылы және алқалы жиындарда сөйлейтін өткір де ділмәр сөзі арқылы өзін халқына танытып үлгергенімен, екі томдығы мемлекеттік тапсырыс бойынша 70 жылдығы қарсаңында яғни 2008-2009 жылдары ғана шықты ғой. Онда да екеуі екі баспадан біріншісі көк, екіншісінің сигналдық варианты қара қоңыр болып шыққан екен. Бір күні үйіне барсам, денесіне синафлан деген дәріні жағып отыр. Қатты ашуланғаннан өне бойы бөртіп кетіпті. «Абаласқанмен абаластық, сабаласқанмен сабаластық» деп Қажытай ағамның өзі айтқандай, ақыры қоймай жүріп, екіншісін де көк кітапқа айналдырыпты.

Қажытай Ілиясұлы «Сексен қырлы, бір сырлы» жан болатын. Бірге жүрген күндерден естеліктер айтсам, айы аз, жылдар да жетпейді-ау, көкейімнен кетпейді. Өзінен қалған мол мұрасын халықтың игілігіне ертерек жеткізсек, сол игі еді.

Оны келер ұрпақтың шаруасы деп қарамай, ертерек қолға алу абзал. Іздеушісі, жоқтаушысы, тектеушісі болмаса, адам шын өледі. Кейінгіге не қалады деген сұрақ туғанда, кітап қалады, кино қалады, күй қалады, өнер қалады.

Қажыағамен танысып-танып, өмірлік сыңары болып, жан-жары бола білген, шығармаларын ақынның өзімен бірдей аңғарған, ұққан Руда жеңгемізден артық жанды елестете алмай отырмын.

Қажыағаңның әнінде «Кешіккеніңізбен» Қажытай мұрасын туған халқына жеткізуде кешікпеуіңізді жеңгейден сұрайық! Өйткені жаңарып, жаңғырып жатқан уақыт жылдамдығына шек қою мүмкін емес.

Астана. 23 қараша, 2013 жыл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар