Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

27.08.2021 6861

Семей қасіреті 12+

Семей қасіреті - adebiportal.kz

Қазақ даласындағы ең ауыр қасірет – Семей полигонының жабылғанына да отыз жылдан асты. Дегенмен жойқын ядролық қарудың зардабын туған жұртымыз әлі де тартып келеді. Кейбір дереккөздерге сенсек, ядролық сынақ аумағында тұрған 1,5 млн азамат полигонның қасіретін бастан өткерген. Ауаға тараған радиоктивті жауын 304 мың шаршы шақырымға жайылған. Соның салдарынан Семей топырағы әлемдегі ең ауыр экологиялық апат аймағына айналып отыр.

1947 жылы Совет үкіметінің Қорғаныс министрлігі, АҚШ атом бомбасын пайдаланып соғыс қаупын туғызып отыр деген күдікпен, №2 оқу-полигонының құру туралы құпия қаулыға қол қояды. Басты мақсат ядролық жарылысты сынақтан өткізетін жаңа алаң ашу. Сонымен полигонның ошағы Семей қаласынан 130 шақырым жерден таңдалады. Жалпы аумағы 18 милион гектар жерді қамтиды.

Семейдегі алғашқы жарылыс 1949 жылы 29 тамызда таңғы сағат жетіде болды. Бұл КСРО-да тұңғыш атом бомбасының жарылуы еді. Полигонда жаңадан жарылған алып отты шардың алапатын, Лаврентий Берия, Сергей Курчатов, әскери бастықтар мен атақты ғалымдар, Кеңестік атом бомбасының толып жатқан идеологиялық, идеялық және техникалық мамандары тасадан бақылап тұрды.

Семей ядролық полигонындағы сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты қамтиды. Осылардың ішінде 116-сы ашық жер бетінде немесе әуеде сынақ ретінде жүрілген. Семейде сынақтан өткізілген ядролық қарудың жалпы қуаты, 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды. Ең өкініштісі Ядролық жарылыстар туралы халыққа 1953 жылдан бастап қана ескертіле бастады. Онда да жергілікті тұрғындар мен олардың мал-жанын радиоактивті аймақтан уақытша аластау немесе жер кепелерге жасыу жұмыстары ғана жүргізілді. Жарылыстан кейін үйіне оралған кейбір адамдар, тұрған үйінің жерін ғана сипап қалған. Не қалқиған қабырғаларын ғана көрген.

Семей ядролық полигонындағы сынақтардың әсері туралы алғашқы шын да жүйелі деректер Қазақ КСР Ғылым академиясы жүргізген кең ауқымды медициналық-экологиялық зерттеулердің нәтижесінде жүзеге аса бастады. Ғылыми экспедицияны профессор Б. Атшабаров басқарды. 1949 жылғы алғашқы жер бетіндегі жарылыстан бастап, радиациялық сәуленің зардабын тартқан Семей және Павлодар облыстары ғана емес, басқа аумақтағы тұрғындар да бұл дерттен азап шегіп, сырқат саны барынша арта түскен.

Аурулардың дені өкпе мен сүт бездерінің рагы, лимфогемобластоз және басқа да қатерлі ісіктің патологиялары сияқты ауыр дәрежедегі науқасқа шалдыққан. Рак ісігі сынақтар жалғасқан сайын еселеніп өсіп отырған. Генетикалық ауытқудың салдарынан әртүрлі кеміс балалар дүниеге келіп, күні бүгінге дейін зардабын тартып келеді. Жер құнарсызданып, өзен-көл сулары радиацияның салдарынан ауыр дәрежеде былғанған.

Семей аймағының халқы сәулеге ұшырау мөлшеріне қарай 3 категорияға бөлінеді: 1-категорияға – жарылыс эпицентрінен 100-150 км қашықтықта орналасқан Абай, Бесқарағай және бұрынғы Абыралы, Жаңасемей, Шұбартау ауданы мен Семей қаласы жатады; 2-категорияға – 150-300 км жерде орналасқан Жарма, Аягөз, Бородулиха және бұрынғы Шар, Жаңашүлбі аудандары кіреді; 3-категория эпицентрден 300 км-ден әрі орналасқан Үржар, Көкпекті және бұрынғы Таскескен, Ақсуат, Мақаншы аудандарының тұрғындарын қамтиды.

1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын жабу үшін «Невада – Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Оны белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов басқарды. Сол жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөнінде КСРО және АҚШ Президенттеріне үндеу жарияланды. Осы күнді асыға күткен халық бірауыздан қолдап «Ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын!» деп мәлімдеді. Бар халықтың жаппай атсалысуымен КСРО үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу – мораторий жасау туралы шешім шығарды.

Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда Семей аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды. 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомар Тоқаев Семей ядролық полигонының жабылған күніне байланысты үндеуінде: «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарихта тұңғыш рет ядролық полигонды өз еркімен жабу жөнінде парасатты шешім қабылдауы арқылы әлемдегі қауіпсіздікті және бейбітшілікті қамтамасыз етуге зор үлес қосты. Осы батыл әрекет әлем тарихында жарқын бет ретінде мәңгі қалатынына күмәнім жоқ»,- деп нық сеніммен атап өтті.

Тәуелсіздік жылдары Семей ядролық полигоны туралы көптеген ғылыми-зерттеу еңбектері мен көркем шығармалар дүниеге келді. Солардың арасында ең сүбелісі жазушы, ғалым Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» атты танымдық, ғылыми сипаттағы деректі еңбегін атап өтуге болады.

Жазушы Медеу Сәрсеке 1989 жыл­дан бастап, үш жылға жуық ядролық полигонды жабу жолындағы бүкіл халықтық күрестің бас-аяғында болған. Ащы-тұщы кезеңдерін жерлестерімен бірге бастан өткеріп, әскери мамандармен бірге ауыр айқастың алдыңғы легінде жүрген. Бір дәуірдің азалы шежіресіндей болған осынау кітапты «Әдебиет порталының» оқырмандарын оқуға шақырамыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар