Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Сен жалғыз едің бөрідей жортқан жапанды......

12.03.2019 4431

Сен жалғыз едің бөрідей жортқан жапанды...

Сен жалғыз едің бөрідей жортқан жапанды... - adebiportal.kz

Әмірхан Балқыбек туралы деректер

Әмірхан Балқыбек 1969 жылы 19 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай ауданына қарасты Ленин атындағы ұжымшарда дүниеге келген.

***

1986 жылы Шардара каласындағы М. Әуезов атындағы орта мектепті бітірді. 1989-1990 жылдары Шардара аудандық «Өскен өңір» газетінде тілші болып қызмет атқарды. 1995 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін журналист мамандығы бойынша бітірген.

***

1995–2000 жж. «Парасат», «Жас Алаш», «Ана тілі» секілді республикалық басылымдарда қызмет атқарған. «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби сын бөлімінің меңгерушісі, «Дала мен қала» газетінде әдеби редактор болып қызмет еткен. Топтама өлеңдері «Ауылдан ұшқан аққулар», «Толқыннан толқын туады», «Жас ақындар поэзиясының антологиясы» секілді ұжымдық жинақтарға енген. Әмірхан Балқыбек Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Әдебиет саласы бойынша екі рет (1997, 1998) Президент стипендиясының иегері. Сонымен қатар, «Метамарфоза» (1996), «Сынған сәуленің шағылысуы» (2001), «Қасқыр құдай болған кез» (2008) кітаптарының авторы.

***


Әмірхан – поэзиясы мен танымы тереңге сүңгіген, қаламын қазақ және түрік тарихының әдеби нұсқаларын жасауға, соны тереңірек түсіндіріп, ұлт рухын жануға арнап өткен қаламгер. Ол өз еңбектерінде «тарихты тану – ұлтты тану, тарихы жоқ ұлттың – өзі де жоқ» деген принциппен өмір сүрді. Оның кейбір ой-байламдары жиі пікірталасқа ұласып, әртүрлі ортаның талқылауына түсті. Әсіресе, ақынның Шыңғыс хан тақырыбындағы зерттеулері кейін бүкіл жазушылар ортасы мен тарихшы ғалымдардың ой талқысына ұсынылып, әлі күнге дейін дау-дамайға ұласып келеді.

***

Әдебиет туралы пікірі:

Ақын төбелесе бiлуi керек. Қажет жерде өз шығармашылығын жұдырықпен де қорғай алатын болуға тиiс. Бұл – ақындық өнердiң жазылмаған заңдылықтарының бiрi. Бiздiң Махамбет, орыстың Пушкинi, венгердiң Петефиi... сөзiмiзге дәлелдi ондап, жүздеп келтiруге болады. Жасық адамнан ақын шықпақ емес. Ал жалынды адамда шалт басқан қимылдардың да болатыны анық. Адам жанының бiлгiрi атанған Достоевскийдiң өзi: «Менiң творчеством өзiмдi күнәһар сезiнген сәттен бастау алған» деген. Ал бiз бұл қаламгер қауымының бәрiн дiни, адами уағыз айтатын шiркеу не мешiт төңiрегiндегiлерге айналдырғымыз келедi. Одан қалса перiште жасамақ, тас тұлғасына тамсанып отырмақ ниетiмiз және бар. Шамасы, қателесiп жүрген ақындарымыз емес, бiз болармыз. Әйтпесе, Франсуа Вийонның әйгiлi тентектеу бiр шумағына тамсанып алып, өзiмiздiң ұлы ақындардан тек перiштенiң елесiн көре бергiмiз келетiндiгiне не себеп?..

***

Сұхбаттардан үзінді:

1.Суретшi мен әдебиетшiнiң миссиясы бiр. Әлде Микеланджело, әлде да Винчи айтты дейтiн «Сурет – көзбен көретiн өлең, өлең – құлақпен еститiн сурет» деген сөз бар. Осы сөз – ақиқат. Буырқанған Пикассо, жаймашуақ Матисс, сырлы Модильяни, аласұрған Сутин, сабырлы Сезанн – осы бағалауларды ұлы ақындарға қаратып та айтуға болады. Тек ақындарға емес, прозашыларға да.

2. Өлең туралы ешкім өлеңнен артық айта алмайды. Әйтсе де, оқырманмен жақсы жыр кітабының қауышуы – той, осы тойда әркім өз құттықтауын, пікірін айтуға құқылы.

3. Поэзия – қайшылықтардың перзенті, философия – қайшылықтарды бір ізге түсіру, жүйелеу, үйлесімін табудың құралы. Ницщеде бар ғой, олимптік (вертикаль, жоғарыға) және дионистік (төменгі, төрт стихия перзенті) дүниетанымдағы, яки болмыстағы адам деген анықтамалар... Қысқасы, шығармашылық иесі өмірін ақын боп бастап, философ боп аяқтауға тиіс.



***

Ақынға арнау

Әмірхан Балқыбекке

Иегіменен көрсетті уақыт қыр жақты,
Қыр жақты бетке ап қызарып барып күн батты.
Өмірдің өзі қаншама құнды десең де,
Өлім де сондай қымбатты.


Ертегі сынды ертеңнен ерте суыстық,
Тірліктен көрі құшағы жердің тым ыстық.
Аспаннан жұлып Ай іліп тұрған басына,
Моланың маңы кінәсіз, бейқам, тыныштық…


Өзіне беріп өлеңін шамшыл өмірдің,
Сен солай кеттің,
Тәрік еттің бәрін,
Не білдің?!
Асығыс қана аттанып кеттің ақырға,
Аңтарыла қарап, артыңда қалды тобыр – мұң.


Демімен күннің шоқтанып сөнген от арман,
Қош енді, досым, сөз болып қуып жете алман…
Басыңа сенің балбалтас әкеп қойсам ғой,
Алтайдан арғы – түркілер тектес отаннан.


Сен жалғыз едің бөрідей жортқан жапанды,
Жүрегің – Қозы,
Құдайың қасқыр қаһарлы.
…екінті бойы елесің кезіп жүреді,
Алматы деген қартайған мұңды шаһарды.



…Кетеді жылдар даңқыңды сенің қиянға ап,
Күркіреп күндей,
Булығып бұлттай жиі аунап.
Жап-жасыл нұрға қайта алмай жүрген жалғаннан
Аяйсың бізді,
Кешіргін бізді, Ия, Аруақ..!

Мұрат Шаймаран

«Қасқыр құдай болған кез» кітабынан бірер сөз

Дауыс: Сендер ештеңе iстемей жатып мәлiмдеме жасауды үйренiп алғансыңдар. Бұл – әдебиеттi ойын қылу деген сөз. Дәл аты – қылмыс.

Мен: Қылмысым үшiн жауап беруге әзiрмiн.

Дауыс: Мұның да мәлiмдеме. Мәлiмдеменiң ең бiр сұмпайы, сұрқия түрi.

Мен: Ендi не iстеуiм керек?

Дауыс: Үнсiз еңбектенуiң шарт.

Мен: Мен де шыбықпын ғой. Сен айтқан дауылға қарсы тұра алар ма екенмiн?

Дауыс: Ха-ха-ха-ха!.. Акутагаваның үш жүз досындай дос менде де болады деп бәлсiнген сен емес пе едiң? Әлде тәспiңнен жаңылдың ба? Әрқайсысыңды үш жүз бәйтерек жебеп, демесе, сендердiң де ерен терек болып кетпестерiңе кiм кепiл?

Мен: Арғы-бергi замандардан үш жүз дос табу – бұл ендi қияметтiң қияметi ғой...

Дауыс: Айттым ғой сендердiкi құр күпiну деп. Дегенмен айтайын, дос досты табатынын да ұмытпағандарың жөн. Мұны хакiм Абай жақсы бiлген. Лермонтов арқылы Гетенi тапқан шалдың тағылымнан тәлiм алыңдар.

Әмірхан Балқыбектен бір өлең

Белгiсiз қала

Тоғыз жолдың тоғысқанмен торабы,
Қайда екенiн таба алмайтын қонағы
Бұл қалада көктемдi ешкiм бiлмейдi
Мұнда өйткенi он екi ай қыс болады.

Алып тауға байлап қойған шынжырлап,
Бұл қаланы қарғыс атқан мың жылға.
Жер жылжуда, жермен бiрге қала да
Қара жылым жаққа баяу жылжуда.

Нөкерлерiн ертiп шығып моладан,
Бұл қалада түнде сайтан салады ән.
Бiраз адам айырылады ұйқыдан,
Ал көп адам айырылады санадан.

Жын-жыбырдың болғаннан соң мекенi,
Бұл қалада тосын жайлар жетедi.
Даналықтың басын жарып тасада,
Сұлулықты шешiндiрiп кетедi.

Бұтқа пұттай табынғасын қашаннан,
Шал-құтаны жас қыз аулап жасарған.
Бұл қаланың, ең ғажабы, құдайы,
Көкте емес, көк қағаздан жасалған.

Арман мұнда қалталарға батады,
Сонда өледi, ешкiмнiң жоқ шатағы.
Мұнда Муза қайыр сұрап көшеде,
Ал, ақындар мас боп бара жатады.

Бұл қалада тiзе берсең көп қызық,
Көр, арала, босқа уақыт өткiзiп
Алып жүрме. Тек перiште болмағын
Қала жайын жүрер көкке жеткiзiп.

Тоғыз жолдың тоғысқанмен торабы,
Қайда екенiн таба алмайтын қонағы,
Бұл қалада көктемдi ешкiм бiлмейдi,
Мұнда өйткенi он екi ай қыс болады.

Жұлдыз бiткен көкте бетiн шымшылап,
Бұғау буған жатыр қала су сұрап,
Жылтылдаған сәулесiндей үмiттiң
Әр қабатта сөнбейдi тек бiр шырақ.





Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар