Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Серiк Ақсұңқарұлы: «Құдай келiп Қасымға сыбыр еттi...

14.04.2015 2370

Серiк Ақсұңқарұлы: «Құдай келiп Қасымға сыбыр еттi...»

Серiк Ақсұңқарұлы: «Құдай келiп Қасымға сыбыр еттi...» - adebiportal.kz
Құдай келiп Қасымға сыбыр еттi, 
Көз алдынан көшкiн боп, дүбiр өттi! 
Құдiреттiң дауысы – Поэзия, 
Құдiреттiң өзiндей – Құдiреттi! 

 Дәлдүрiшке Сайтан кеп сыбыр еткен, 
Құрт қытықтап қолқасын, жыбыр еткен. 
Iбiлiстiң өзiндей қасиетсiз, 
Бұ сұм-дағы дәмелi құдiреттен! 

 ...Содан берi өлеңге кесiрi өтiп, 
Құрт жеп бiткен қолқасын тесiк етiп. 
«Алашым!...» деп құр босқа айқайлап жүр, 
Аллаға емес, Сайтанға есi кетiп... 

 Бұл – қарағандылық жас ақын Жа­нат Жаңқашұлының өлеңi. Face­book-те отырғаныма бiр-екi жыл, содан берi көзiме шалынып, көңiлге көп ой салған осы өлең болды. 2012 жылы тұла бойы тұңғышы “Тәңiр таңбасы” “Жалын” баспасынан жарық көрген жас талаптың Поэзия дейтiн қасиеттi құбылыстың берiсi ұлттық, әрiсi адамзаттық миссиясын қырандай қиядан шалуы тәнтi етедi. Өлең ерiккеннiң ермегi емес, Құдайдың бiр құбылысы екенiн аңғарыпты ол! “Ақынның құлағына Алла, халтурщиктiң құлағына Сайтан сыбырлайтынын” сезiп отыр! Бұрын-соңды ешкiмнен естiмеген сөзiм. 

Осы жасқа дейiн “талағында битi бар” талай жас талапқа тiлектес болып едiк. Ол кезде өзiмiз де жас едiк. Баламен бала боп ойнадық. Қазiр солардың сайда саны, құмда iзi жоқ. Көбiсi өлең техникасын меңгерiп алғанына мәз болды. “Техника” деген бiр бөлек те, Рух деген, Поэзия деген бiр бөлек екенiн пайымдамай, “ауылдың алты аузынан” ұзап, алысқа бара алмай қалды. Кейбiреуiнiң көңiлi ала немесе шыққан тегi шала болды. 

Ал мына жiгiтке келсек... бұл жiгiттiң арқасына аруақ қонғалы тұр. Оның аты – Алаш Рухы. Аруақ қо­нарда осылай болады. Туған топырағына қараңыз: Абылайдың батыры, биi Сеңкiбай, кешегi Алаш арыс­тары Әлихан Бөкейхан, Ақпайдың Жақыбы, Әлiмхан Ермеков жүрген жер – қазақтың бүгiнгi болмыс-бiтiмiне жан салған қасиеттi Қарқаралы, Қызыларай топырағы. Арғы жағында исi қазаққа жөн көрсеткен Қаз дауысты Қазыбек тұрса, бергi жағында қазақ жырының босағадағы алтын басын төрге шығарған Қасым тұр! Екi аралықта қаншама тұлға, қаншама жақсы мен жайсаң, көш бастаған көсем, сөз ұстаған шешен...

Қазақта «уызына жарымаған» деген жаман сөз бар. 1917 жылғы Қазан төңкерiсiн жасағандардың бәрi де — уызына жарымағандар! Соның тақсiретiн әлi тартып жатырмыз. Бiр үзiм нанға зар болғандардың үмбетi өзiмен қоса өзгелердiң де миын ашытып, саясатта, руха­ният­та да жартымды дүние жасай алмайды. Есiл-дертi – iшiм-жем, бiр киер кебiн, бiр мiнер ат, бiр уыс ақ­ша. Сол үшiн өтiрiк, өсек айтып, ел­дi алдап, арбап, жақсысын жамандап, жаманын төбесiне көтерiп, шартарабы мен шалқар жұртын шатастырып бiтедi. Езуiнен есiрiк күлкi кетпей, ағайынын алты бақан алауыз ғып, ұлтын ата жауындай ойрандайды. Қоғамды қанға бөктiрiп, кiсi де өлтiредi! Содан осындағы ұлт­тық, адамзаттық құндылықтардың тас-талқаны шығып тұр!

Қазақтың бiр-бiрiмен жолыққанда ру сұрасып, оның арғы-бергi игi жақсыларын түгендеп жататыны – содан! Адам баласы үшiн оның ана (нағашы) жұрты мен ата (әке) жұрты да маңызды. Бiреуiнде бiр кiнәрат болса, сол шикiлiк баланың түбiне жетедi! Адамзат тарихындағы ең сорлы сословие, тап, топтардың iшiн­дегi ең сорақысы – люмпен- пролетариат! Құдайға тәубе, қазақта люмпен-пролетариат болмаған! Қайыршыдан қасиеттi адам шықпайды! 

Таяуда тағы да осы Facebook-тен Ресейдiң бұлбұл көмей бiр әншiсi Николай Басков бiздiң Жетiсудың бiр аруына ғашық екен деген сөз естiдiм. Ұрпақ адамның ана (нағашы) һәм ата жұртынан тарайды. Жөйiттер анадан таратса, қазақ әкеден таратады. Екеуi де дұрыс. Егер осы екi жұрттың бiреуiнде бiр кiнарат, кiлтипан болса, одан туған бала оңбайды! Орыс аристократтарының бәрi дерлiк Алтын Орда кезiндегi қыпшақ(түркi) қыздарынан туған! Алаштың арда ұлдары да Шыңғыс ханнан тараған! Пушкиннiң түбi – араб, Лермонтовтың түбi – шотландтық. Басковқа бермеген қызды кiмге беремiз? Алсын! Бiрақ күйеубаланың дiнi – ислам, тiлi – қазақ болғай; сонда одан тектi бiр қазақ туады ...шешесi жақсы болса! Тексiз бiреуге тиiп, одан “көзiнен басқа ойы жоқ, Адамның надан әуресiн” (Абай) тапқанша, жаттың жақсысынан көргенде жан жадырататын бiр бекзат тусын! Тексiздiк ұлтымыздың түбiне жетуi мүмкiн, әлеуметтiк желiлердегi “әдебиеттiң” түр-нұсқасына көз салсаң, зәрең ұшады! Халтура мен графоманияның ордасы бұл! Дәд­дүрiштер құтырып кеттi! Соларды көргенде Жанат Жанқашұлымен жылап көрiскiң келедi. 

Оған қарасам, көзiме Қызыл­арайдағы бала кезiм, Қарқаралыдағы бозбала күндерiм елестеп, iшiм жылып қоя бередi. Орайы келiп тұрғанда айтайын, түйе үстiндегi қазақ төрт шумақ, ат үстiндегiсi алты шумақ өлең айтады. Сөйте тұра, өздерiн ақынмын демеген. Бұл – оның күнделiктi тiршiлiк күйбеңi, өмiр сүру дәстүрi болатын-ды. Жанаттың қазақ жырының құлағында ойнауына әлi қанша уақыт, қаншама iзденiс керек. Алдында оның – екi таңдау, екi есiк, екеуi де айқара ашық жатыр. Бiреуiнде – дискотека, думан, екiншiсiнде – кiтапхана, классиктер әлемi. Дискотекада құлын-тайдай ойнаған қатарлас, құрбы, замандастары. Кiтапханада – Гомерден бастап, Пушкин, Данте, Гете, Бернс, Неруда, Абай, Қасым, Мұқағали сынды адамзаттың рухани пайғамбарлары ойға шомып отыр. Кiтапханаға кiрсе – замандас­тарынан, дискотекаға кiрсе қанатынан қайырылып, Ұлы Мәртебелi Поэ­зиядан айырылып қалуы мүмкiн... 

Бұл шiркiн жүрегiн қолына ұстап, соның қайсысына кiрiп барар екен? Мәселе – сонда!

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар