Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Серік Әбілұлы. Құлан ғұмыр...

22.02.2020 3085

Серік Әбілұлы. Құлан ғұмыр 12+

Серік Әбілұлы. Құлан ғұмыр - adebiportal.kz

Құлан ғұмыр

Тек өзіңдей түсінбейді қай-қашан да ел сені,

Әйтеу әр кез бір ауыр ой баса беред еңсені.

Текке кетіп жатқан жоқ па,

осы менің уақытым,

Тыныш жанның тырнағы да тез өседі деуші еді.

Тырнақ алып тұрғанымда сол сезімнен селт еттім,

Селт еттім де ертең жайлы ойлануға серт еттім.

Дәл енді осы «андағыңды шашпай көміп тасташы»,

Деген жардың кеңесінен жаным кейіп шер төктім.

Заман тыныш, тасыды ырыс, қайтеміз біз семірмей,

«Құлан ғұмыр» жырғамайды тойған жерден шегінбей.

О, жалған- ай, менің қара тырнағымды қойғанда,

Бабалардың басы-дағы қалды емес пе көмілмей. . .

Басбармақ

Таяздардың болар ма талғамы бай,

Ессіздердің еркіне салма, Құдай.

Көбік сөзге көп сенер көңілшек боп,

Көп тістедім өзіңді бармағым- ай!

Сахарадай құлпырған сана гүлі,

Адал, аңқау келеді дала ұлы.

Кейбіреудің шығарған бас бармағы,

Сияқтанып сығалар қарауылы.

Сезді жаным, бермесін жат асылын,

Сезді жаным, тастағы таса сырын.

Сезді жаным, бір саусақ көрсеткенде ел,

Төрт саусағы бүгулі жататынын.

Барлық істі өзіңе бойлап парла,

Көрінгенге көсемсіп ойды ақтарма.

Ортан қолын көрсетсе кейбіреулер,

Ортаншы екем деп тағы ойлап қалма.

Қу томарға сүрінген саңлақтарда,

Желмен бірге жүгірген қаңбақтарда.

Өмір атты өзенде қармақ барда,

Сену қиын бауырым бармақтарға...

Арман деген

Арман жоқ сағынышқа жетелемес,

Селдетер сезімімді сетер елес.

Кереметің кеткен соң табындырып,

Келбетің де көкейден кетер емес.

Халық әні сияқты қайталаған,

Бір саз бар шырқалатын сай-саладан.

Алда күннің арманын көп айтады,

Басқа келген бақытын байқамаған.

Күй боп қалған күмбірлі күлкің елес,

Аңсарын аймалауды кім тілемес.

Адассам да сандаған сапарымнан,

Адасуым арманнан мүмкін емес.

Түсінерсің тірлікті санаң барың,

Жұмылғанша қашанғы жанарларың.

Қол жеткеннің бәрі де табысқа тән,

Тек жетпеген істерің – жан арманың.

Жапырағын жая алмас жалған бүрлер,

Құлпырады таң сайын алуан гүлдер.

Келер кездің бәрі де үмітке тән,

Нағыз арман артыңда қалған күндер.

Арман деген артыңда қалған күндер.

Түлкі тірлік

Арамзалар түбінде болады екен шын мазақ,

Түсіну де қиын тіпті тірлік деген сын ғажап.

Қара таудың баурайында тұратын қос қария,

Ұл мен келін дүние сап, тартты өмірден тым азап.

Сойыл шіркін сорлыларға бұрын тиеді емес пе,

Шал мен кемпір немересін айналдырып кеңеске.

Бес тауықтың жұмыртқасын тірлігіне талшық қып,

Жатты сол бір жапандағы жан баспайтын белесте.

Жығылғанға жұдырығын аямады тағдыр да,

Қарашада қызыл түлкі қар аралас жаңбырда.

Түн жамылып келді дағы қырып біткен тауықты,

Бұлаң қағып кете берді бөленгенде таң нұрға.

Көңіл тасып бара жатты атқандай-ақ бақ таңы,

Залал салу қашан-дағы залымдардың мақтаны.

Бірақ тағы әзезілдің белден аса бергенде,

Оны қарттың қағып түсті кеше құрған қақпаны.

Сыр сыйлайды сезінгенге дәуіріңнің дастаны,

Қоғам деген қайнап тұрған қара бастың қасқаны.

Қыран жоқта түлкілердің ашық деуші ем аспаны,

Міне өмір өрнектері түсіндірді басқаны.

Азу тісім

Ауысып шабысына текірегі,

Астымда ала құнан секіреді.

Ұшып түстім анадай жерге барып,

Жануар бір сүрініп кетіп еді.

Осылай омақасты батыр екең,

Ат мінсе абайлаған ақыл екен.

Саудырап азу тісім түсті алдыма,

Шошып кетсем түс көріп жатыр екем.

Оқыс деген әрдәйім таяу да екен,

Енді қалған өмірде жаяу кетем.

Ертесі хабар келді ауыл жақтан,

Келмеске аттаныпты аяулы әкем...

Ағам менің

Бір жолы біз саяхаттап шыңға шықтық тамаша,

Шыңда тұрсаң таулар дағы сезіледі аласа...

Төрт түлікті дарқан дала дастарқанға ұқсайды,

Ақ бөрікті асқарларды аталарға баласақ.

Біреу жеміс беру үшін жейді өзіндік құрбанын,

Сондықтан да басқаларға бодау болу шын дарын.

Елітіп тым шаттансам да еске алдым мен сол сәтте,

Шыңдарға да мынау таулар таған болып тұрғанын.

Әне сонда көз алдыма келе қалды жан ағам,

Ол мен үшін қиындықты саусақпенен санаған.

Бар орай мен мүмкіндікті баспалдақ қып жолыма,

Өзі көрген қырсықтарды қызығына балаған.

Бұл күндері сонау сайда егіндігін баптайды,

Әлі дағы бар асылын маған ғана сақтайды.

Сондықтан да тек сезімін серік еткен сері іні,

Тұрмыс деген тұсауыңды ойланып та жатпайды.

Саяхаттап жүрсем де көп бере алмадым саған қол,

Түсінерсің, шаршамайтын жан едің ғой, шамаң мол.

Өзің барда мен өзгеден сірә төмен тұрмаспын.

Ардақтым-ау, айналайын, асқар тауым аман бол.

Қанат бітсе қарға болмай әліңе сай қыран бол,

Деуші едің ғой, оған да әне қажет екен шыдам мол.

Биігіне жердің шығу оңайырақ, әрине,

Ал, ендеше ел биігі деген нағыз бұраң жол.

Оны тіпті менен жақсы білесің ғой, жан аға,

Сені ойласам бір сағыныш орнай берер санаға.

Жауап беру қиын екен, қиын екен, дариға-ай,

Халық деген қасиетті нағыз таудай данаға.

Құмырысқалар

Санақсыз құмырысқалар қайшалысып,

Тынымсыз тіршілігін жатты жасап.

Бір кезде илеулерін басып-жаншып,

Шапқылап өте шықты атты жасақ.

Қарап тұрдым күңіреніп күйіне де,

Тағдырлары тапталды табандарда.

Теңдігі жоқ теңселген дүниеде,

Шамаң келмес істерге шараң бар ма?

Көптігін де көңілге тоқ санағам,

Берекесі олардың тастай бекем.

Өмірдегі кей істер ұқсамаған,

Толғандырып адамды тастайды екен.

Еңбекші деп және де ел мақтайды,

Ал, мен болсам шынымен жек көремін.

Тоғышарға қашанда тамақ қайғы,

Терең ұғым екен ғой тек дегенің.

Жағадағы жартаста

Келер дейсің оңына әр іс қашан,

Өмір мәнсіз өзіңді сәл ұстасаң.

Жақсы күндер кешуің қиын екен,

Жақсы көрген жаныңнан алыстасаң.

Жағадағы ақынға теңіз бүгін,

Тіл қатқандай оқы деп лебіз жырын.

Аунақшыған толқынға айттым сонда,

Жүрегімнің озыңмен егіздігін.

Серік керек құлға да, патшаға да,

Бұлбұл мен гүл сән берген бақшаға да.

Мені көріп сыңарын есіне алды-ау,

Алысқа ұшты анау бір ақ шағала.

Бақытымсың бастағы бал қыз-құсым,

Сағынышым бір әнді салғызды шын.

Жараспай-ақ тұрғанын жаным сезді,

Жағадағы жартасқа жалғыз мүсін.

Телміремін теңіздің толқынына,

Малынғандай махаббат мол сырына.

Гүлдей жайнап жанымда тұрар ма едің,

Айқастырып қолыңды қолтығыма.

Көкжиектен көсілген көзімді алмай,

Күбірлеймін қасымда өзің бардай.

Теңіздейін тербеліп сезім балдай,

Телефонға қол салдым төзім қалмай...

Сағындым аға

Қазан айы құс қайтты жылы жаққа,

Енді еркеңнің оқылар жыры жатқа.

Ақыл айтып жатасың, жаным аға,

Кейде тіпті түсіме кіріп ап та.

Қайтқан қазға тұрамын қимай қарап,

Сезім шіркін кеудеге симай барад.

Топ- топ болып жүретін Жетаралдың,

Сағындырды шілі де шимай қанат.

Сағындырды сары күз Сартақтайды,

Туған жері кімдерді аңсатпайды.

Әйтеу менің әнге әуес жүрегімді,

Шалқар елдің шабыты шаршатпайды.

Ұшып өткен төбемнен қаз қатары,

Жүрегімнің жыр отын маздатады.

Аға, саған сол сәтте айтқым келер,

Ар жағымда бөлек бір наз жатады.

Дұшпаным көп, жан аға, досым аз ғой,

Жанбай кейде ініңнің оты маздай.

Бекежаннан қансырап жатқанында,

Сәлем айтқан Төлеген осы қаз ғой.

Осы қаз ғой қалқыған ұлыңгірдей,

Қанат қаққан менің де жырым бірге.

Қайтқан қазға ұқсайтын түйелі көш. . .

Ұмытқам жоқ солардың бірін мүлде.

Қалай, аға, бұл жылы қырдағы дән,

Сый алдың ба далаңның сырмағынан.

Мынау біздің қапырық қаламызда,

Биылғы күз бөлекше жылдағыдан.

Леп еседі өзгеше өпкен желден,

Кей күндері сияқты көктем келген.

Күз көктемге ұқсаса несі жақсы,

Жеміс алу керек қой төкке терден.

Мейлі қандай дегенмен қыс таяды,

Азайды да бұл күнде күш баяғы.

Отардағы оттарға мосы болар,

Үш қазақтың жаздағы үш таяғы...

Серік Әбілұлы 1973 жылы 4 ақпанда Қытайдың Алтай аймағындағы Үліңгір көлі бойында, Жетіарал деген жерде дүниеге келген. Шыңжаң Университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін, Шыңжаң партия мектебінің экономикалық басқару факультетін бітірген.

«Дариға-ай», «Шолпан», «Самал» публицистикалық, «Күміс жебе», «Қобыз сарын», «Аққу арман» жыр жинақтары, «Күн» атты балаларға арналған шалқыма, балладалар жинағының авторы.

Серік Әбілұлы Қытайдағы қазақ радиосында ұзақ жылдар қызмет етіп, сол елдегі қандастардың мәдениетіне елеулі үлес қосқан тұлғаның бірі. Ол қазақтың таңдаулы 50 әнін қытай тіліне аудартып, ұлтымыздың кең тараған 500 күйі мен 200 халық әнін таспаға түсірген, 100-ге жуық ән мәтіні мен көптеген әннің авторы, радио эфирінде 30-ға тарта роман оқыған танымал диктор, ақын, әнші, сазгер. Құлаққа жағымды қазақы қоңыр дауыс иесі Серік Әбілұлының атамекенге оралғанына да көп болған жоқ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар