Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Серік Асылбекұлы. Эх, Россия!

29.05.2020 847

Серік Асылбекұлы. Эх, Россия! 16+

Қасқырбай әскерден келген соң ат төбеліндей азғантай ауыл – Ақиінге сыймай жүрді. Әсіресе туған жерінің ауа райы жайсыз тиді – Россияның европалық бөлігіндегі ол екі жыл бойы Отан алдындағы абыройлы борышын атқарған Н. қаласының жазы өзінің саялы бақтарымен әйгілі еді, ал Ақиінде болса, міне, оңтүстіктің аспанды жерге түсірген аптабынан паналайтын Н.-дегідей жайқалған орыс орман-тоғайларын былай қойғанда жөні түзу бұта да жоқ.

Бұйра-бұйра құмақ төбешіктердің етегіндегі алақандай тақырды қуалай қоныс тепкен отыз-қырық тоқал тамның қай жағына қарасаң да, көш-көш сағымға мұнартқан шетсіз-шексіз дала. Құдайдың күні екеш күні де бұл жақта ұясынан қып-қызыл боп шығып, қып-қызыл шартабақтай болып жалындап барып батады. Күні бойы сайын сахараның аптабы осы бір бейкүнә қазақ даласын өртеп жібергісі келіп ерегіскендей осылайша от болып лапылдайды да тұрады. Аудан түгіл, совхоз орталығының өзінен елу-алпыс шақырым бұру жатқан Ақиіндегі жалғыз көпшілік орны – азық-түлік дүкені. Бастауыш мектеп болса, жазғы каникулға жабылған. Қаңырап бос қалған мектеп үйінің күні бойы осы ауылдың өрістегі малына ере алмай қалған ақсақ-тоқсағы мен жас төлдер, қаңғырған-соңғырған бұралқы иттер бермейді. Айтпақшы, кітапхана да бар екен-ау. Оның да есігін қара құлып күзеткелі бір айдың жүзі болып қалды: кітапханашы қыз әуелі қой қырқымда көмекте жүрді, қазір шөпшілердің қосында аспаз. Ферма орталығындағы пайдаға жарайтын еркектердің бәрі қазір іс басында – шөпшілер қосында, ауылда қалған жанын баққан кәрі-құртаң мен әйел, бала-шаға. Күні бойы ыстық өтпесін деп есік-терезесі қараңғыланып тасталған тамда әрі-бері аунақшып, әбден зеріккен Қасқырбай күнде бесін ауа ауыл сыртындағы аласалау жапырайған құм төбеге шығады. Күн батуға қарай бірте-бірте кішірейіп, көкжиекке сіңіп жоғалып бара жатқан сағымдарға, Қызылқұмның қиян бір шетінде елеусіз қалған осы бір ауылды орталықпен жалғастырып жатқан айдау қара жолға телміріп қарайды. Ол жақтан да тіршілік белгісін көре алмай қиналады. «Неткен көңілсіз ауыл!» - дейді ол үстіндегі теңізшінің жолақ мәйкесінің өңірін желпіп қойып. Бұл тұрғанда Қасқырбай өзінің осы ауылдатуып өскенін де ұмытып кетеді. Бір қиырда жатқан осы бір шағын қыстаққа ол өзін алыс өлкеден кемдікүн қонақ болып, кемдікүн осылайша жалғыздықтан жабығу үшін келіп жүргендей сезінді. «Эх, Россия!..» дейді сонан соң терең күрсініп. Көз алдына өзі екі өмірін өткізген ресейлік қаланың маужыраған бақтары, ақ балтыр қайыңдары, зәулім үйлері, қала шетіндегі әскери казарманың дәу темір қақпасы келе қалады.

Қасқырбай қазақтан бір ротада жалғыз болды. Қоғамда тұрып қоғамнан тыс өмір сүре алмайсың – жатпай-тұрмай орысша үйренуге тура келді. Қазақшаға келгенде ешкімге есесін жібере қоймайтын Қасқырбайдың қайран тілі алғашқыда иесін біраз әуре-сарсаңға түсіргенімен, бірте-бірте икемге тез көндіге бастады. Есесіне орыс жолдастары мұның бір ауыз қазақша атын дұрыс айта алмай-ақ қойды.

— Жарайды, байың — түсінікті, ал енді... Қас...скыр...

Жоқ, туысқан, сен ренжіме, одан да біз сені Коля дей салайық. Так будет проще, — десті олар.

Ал Қасқырбай болса: «Жоқ, жолдастар, мені ата-анамның азан шақырып қойған атымен атаңдар», - деп қарсылық білдіріп әуреленіп жатқан жоқ, қазақтығына бағып, көптің ыңғайына жығыла салды. Сөйтіп, қатардағы жауынгер Қасқырбай — Коля Қарамендиннің әскери өмірі басталып та кетті. Өзінен шені жоғарылардың айтқанын екі еткізбейтін, елгезек, жұмысқа тындырымды қызылқұмдық бозбала өзін қоршаған жаңа ортаға тастай батып, судай сіңді. Ауылдағы әке-шеше мен өзінің әлі жететін қатар-құрбысына жасайтын кейбір еркеліктерінің бұл араға жүре қоймайтынын түсінуге оның қалай болғанда да ақылы жетті. Әкесі Қарамеңдінің кейігенде айтатын: «Басыңда торғайдыкіндей ми жоқ сенің, ми жоқ!..» деген сәуегейлігін Қасқырбай осылайша оп-оңай жоққа шығарды. Суырылып алға шықпағанмен, көштен кейін қалған жоқ. Елгезектігінің арқасында «дедтердің» теперешінен де құтылып кетіп жүрді. Офицерлер мұнымен жылы амандасатын, ал рота старшинасының оң қолы болды десе де болады. Сондықтан да старшинаның жергілікті алыпсатарлардан түсірген бес-алты теңізшілер жейдесінің ең алғашқыларының бірі «дембельге» әзірленіп жүрген құрылыс батальонының қатардағы жауынгері Коля Қарамендинге тиіп еді ғой.

Старшинадан басқа ротада бұған ерекше ілтипат білдірген өзі секілді қатардағы жауынгер Саша Журавлев болды. Қасқырбайдың қай қылығы ұнағанын кім білсін, әйтеуір сол бір қақкөңіл орыс жігіті мұны жанына жақын тартты. Мүмкін Қасқырбай секілді оның да ауылдық жерден шыққандығынан болар. Саша қаланы, оның ішінде Н-ді де ұнатпайтын: үнемі өзінің сібірлік, деревнялық екенін мақтаныш етіп жүретін, солтүстіктің дүлей тайгасы мен ақшулан қысын, алай-түлей боранын марапаттаудан жас жаны ерекше ләззат табатын. Көңілді жігіт еді, сынықтан басқаның бәрі жұғады дегендей Қасқырбай ептеп гитара шертуді де сол Сашадан үйренген-ді. Оның еліне ораларда Ақиінге алып келген жалғыз базарлығы да Н-нің мәдени товарлар дүкенінен сатып алынған жеті шекті гитарасы болатын.

Н. өзінің мүлгіген саялы бақтарымен, ақ балтыр теректерімен ғана әйгілі емес еді. Ресейдің осы бір тарихи қаласына орталықтан, тіпті шетелдерден әйгілі әртістер, опералық, балеттік труппалар, неше түрлі ән-би ансамбльдері жиі-жиі гастрольдік сапарлармен келіп тұратын. Қасқырбай қызмет еткен әскери бөлім мұндай игілікті мәдени шаралардан тыс қалмайтын. Сондай сәті түскен кездерде қатардағы жауынгер Қарамендин де қызметтес жолдастарымен бірге Н-нің қымбат шамдарының ақ шаңқан жарығына шомылған колонналы концерт залдарында талай жексенбілік кештерді классикалық музыканың әрі көне, әрі мәңгі жас сиқырлы саздарымен қарсы алып жүрді.

Ойхой, дәурен-ай десеңші!.. «Евгений Онегин», «Борис Годунов», «Аққу көлі...» Жасыратын несі бар, Қызылқұмның бір қиырында өскен Қасқырбайдың олардың тек аттары ғана жадында қалыпты. Шындығында, сол бір әлемдік классикалардың рухы қанша күшті болғанымен қызылқұмдық бозбаланың жан дүниесін сиқырлы сазымен баурай алмап еді – Қасқырбай өзі тектес жас кезінен үлкен өнерден шет қалған кейбір құрбылары секілді ғажайып сырға бөккен колонналы залдардың партерлерінің соңғы қатардағы орындықтарының бірінде еріне есінеп қойып, қалғып-шұлғып отыратын. Дегенмен, фактінің аты — факт, қатардағы жауынгер Қасқырбай — Коля Қарамендиннің мұндай салтанатты өнер кештеріне қатысқанын ешкім жоққа шығара алмайды, ал егер оның кейбір қызылқүмдық жерлестерінің мұндай спектакльдерде есінеп отыру бақыты түгіл, түсіне де енбейтінін ескерсек, мұның өзі жас жігіт үшін аз олжа болмайтын. Тіпті бірде, үзіліс кезінде, театрдың екінші қабатындағы буфетте лимонад ішіп тұрып, дәл жанынан өте шығып бара жатқан екі-үш балеринаны есік пен төрдей жерден көру бақытына да ие болған. Жалаңаш, қаздиған сұлу аяқтарын арғымақтарша тік тастап, дәл жанынан өте шыққан олар қауырсын қанат байлап, пейіштің қақ төрінен түсе қалған хор қыздарындай ғажайып еді-ау... Несін айтасыз, Бұл Қасекең соны да көрді ғой!

Балериналарды былай қойғанда, Н-нің ақ балтыр, көгілдір көзді қарапайым бикештерінің өзі қандай қылықты еді. Ерте піскен жемістердей уылжып-ақ тұратын. Бірде, кезекті бір демалыс күні, Саша Журавлев мұны Наташамен таныстырды. Наташа – жаймашуақ күнгі көгілдір аспан сықылданған тап-таза мөлдіреген назға толы жанарларын кісіге төңкере қарайтын он сегіз-он тоғыздар шамасындағы жас бикеш — Журавлевтің жүретін қызы Любаның құрбысы екен. Екеуі де Н-дегі тоқыма фабрикасында жіп иіруші боп қызмет ететін көрінеді. Жасыратыны жоқ, Коля — Қасқырбай Наташаға бір көргеннен ғашық болып қалды. Сол күні төртеуі ұзақ қыдырды: балмұздақ жесті, паркте әткеншек тепті, кешке қарай орталық стадионға барып Н-нің «а» класының бірінші тобында ойнайтын жергілікті футбол командасының ойынын тамашалады. Стадионға әдеттегідей еркектер жиналған екен, сондықтан футбол спектаклі кезінде әдеттегідей көрермендер арасында бейбастақтық та болмай қалған жоқ — ара-тұра боқтық сөздер естіліп қалып жатты. Мұндайда қастарында қыздар болмаса Қасқырбай да түсінер еді, әрі Н-дік футболшылар сол күні тым сәтсіз ойын көрсеткен-ді. Бірақ, бір жақсысы, Наташаға да, Любаға да еркектердің кейбір бейбастақ қылықтары бұл күткендей әсер еткен жоқ. Төртеуі де Н-діктердің ұтылып қалғанына қарамастан ойыннан көңілді қайтты. Стадионның алдындағы автобус аялдамасына келгеннен кейін Саша қалыңдығын үйіне шығарып салуды сылтауратып, бұларды екеуден-екеу бөлек қалдырып кетті. Қасқырбай-Коля сасайын деді — бұрын беті ашылмаған бозбала үшін Наташа секілді жас арумен жалғыз қалудың қандай қорқынышты екенін тіс қаққан донжуан Саша Журавлев қайдан білсін!

Абырой болғанда, көп ұзамай тізгінді Наташа өз қолына алды. Міне, екеуі қолтықтасып келеді. Бұл — Қарамеңдин күтпеген тосын бір бақыт еді ғой. Наташа өзінің отбасы туралы айтып келеді: әкесі осыдан үш-төрт жыл бұрын авариядан қайтыс болыпты, қазір шешесі, мектепте оқитын сіңлісі — үшеуі тұрады екен. Шешесі де тоқыма фабрикасында мастер болып істейтін болса керек, қысқасы, жұмысшылар әулетінен көрінеді. Қасқырбай да әлі орысшаға жаттыға қоймаған асаулау тілі жеткенінше өз өмірбаянынан қысқаша мәлімет беріп өтті. Жанындағы қалқан құлақ, көздері адырайған, бірақ өзі онша сүйкімсіз де емес, орта бойлы, қара торы азиялық әскери жігіттің жеті ағайынды екенін естігенде Наташа таңданғанын жасыра алмады.

— Оны айтасың, біздің Алданыш деген тракторшы көршіміздің он екі баласы бар, — деді Қасқырбай қызбаланып.

— Сұмдық-ай!.. — Наташаның әдемі көгілдір көздері шарасынан шығып кете жаздады. — Олардың бәрін қалай асырайды?

— Несі бар асырамайтын. Мал бар — сиыр, қой дегендей...

— Айтпақшы, сендерде түйе де бар шығар? — деді Наташа көздері әлденеге ұшқын атып.

— Әрине, бар.

— Ой, қандай тамаша! Мен жуырда телевизордан арап елдерінің бірінде өткен түйе жарысын көрдім. Сендерде де бола ма ондай жарыстар?

Қасқырбай өтірікті соғып келіп жіберді.

— Енді! Болмағанда ше!

— Ах, какая забава! Білесің бе, жалпы, мен жарыс ойындарын жанымдай жақсы көрем.

Сол жазда Қасқырбай Наташаға жиі барып жүрді. Бір рет рұқсатсыз кеткені үшін гаупвахтаға да отырып шықты. Бірақ қыздың қасында гаупвахта деген немене, тәйірі! Амал не, екі-үш айдан соң көгілдір көзді ару бұдан суый бастады. «бүгін басым ауырып тұр» дегенді шығарып, кездесуден қашқақтайтынды шығарды. Ақыры бір күні Наташаның шешесі — елулер шамасындағы, толық, етжеңді сар қарын бәйбіше Поля апай — қыздың жолын тосып жүрген Қасқырбайды жанына шақырып алып, былай деп ақылын айтты:

— Шырағым, сен ол қызға әуейі болғанды қой. Оның өзің секілді әскерде жүрген жігіті бар, жақында келеді. Қыз деген де қашан әйел атанып, аяғы тұсалғанша — ұшып-қонған бір көбелек, бүгін ана гүлге, ертең басқасына қонады. Босқа әуре болып қайтесің.

Қасқырбай Наташаның соңғы кездері өзінен неге қашқақтап жүргенін сонда барып бір-ақ түсінді. Сол күні түні бойы астындағы темір кереуетті сықырлатып, дөңбекшіп ұйықтай алмай шыққты. Содан былай көңілі бірте-бірте суып, олай қарай аттап баспайтын болды. Мұны кемдікүн ермек еткен Наташаға да, ерке қыздың құр емексіткеніне алданып қалған өзіне де қатты ызасы келді. Арадағы аздаған жақындықтың естелігі секілді болып Наташа екеуінің екі-үш рет теректің түбінде, олар тұратын бес қабатты қазыналық үйдің алакөлеңке кіре берісінде сүйісіп қалған сәттері ғана еміс-еміс есте қалды. Саша Журавлев болса енді сүйіктісіне жалғыз барып жүрді.

Қасқырбай бүгін де ауыл сыртындағы жапырайған ақ құмақ төбенің басында тұрып сол бір көріністерді еске алған еді. «Эх, Россия!..» - деп, қанша жалын атып күрсінгенмен сол бір күндердің анау маң даланы қыдырған көш-көш сағымдар секілді енді қайтып оралмайтынын іштей сезсе де, көңіл құрғыры шіркін әлденені аңсап, елегзи бере ме қайтеді — оны өзі де анық білмейді. Әйтеуір бір бей-жай хал. Міне, төбе басында осылайша әрі-сәрі күйде біраз тұрды да, еріне басып үйге қарай бет бұрды.

Қасқырбай — Қарамеңді мен Қамқаның қойнынан өрбіген жеті баланың кенжесі еді. Бұдан үлкендері бұл күнде өз алдарына жеке-жеке үй болып, бірі — совхоз, бірі — аудан орталығына дегендей, қызмет ыңғайына қарай әлдеқашан жан-жаққа шашырай қоныс теуіп кеткен. Сондықтан да болар қартайған шақтарында кемпір-шалдың бар ықыласы жандарында қарайып қалған кенжесіне ауғанды. Мүмкін оның жасында оқуға қырбайлау, ерке-шолжыңдау болып өсуіне бұның да әсері болған шығар.

Есік алдындағы қазандыққа от тұтатып жатқан Қамқа қыр басына сейілдеп қайтқан ұлын күндегідей айналып-толғанып қарсы алды.

— Мама, қандай тамақ жасап жатырсың? — деді Қасқырбай.

— Ет асып жатырмын, құлыным. Әскерден оралған жігіт шырт ете қалды.

— Каждый день бешбармак — надоело! — деді жақтырмай. — Борщ пісіруге болмай ма?

— Ойбай, шыбыным-ау, оған «кәпускені» қайдан табам, осы ауылдың дүкеніне күзден бері картоп та түскен жоқ. Қараң қалған жер ғой бір.

Қасқырбай шешесіне осы жолғы қойған талабының орынсыздау болғанын түсінді.

— Жарайды онда... — деді селқостау. Қамқа ұлын қайтадан айналып-толғана бастады:

— Айналайын жылтыраған көзінен, қалқиған құлағынан, бұзаудікіндей болған мұрнынан!..

Қаншалықты ерке болғанымен Қасқырбайға мұншалықты мол айналып-толғануға қарсылық білдіруге тура келді.

— Ну, хватит, мам!... — деді ол бұрқ етіп.

Қамқа бұған да тоқтайтын түр көрсетпеді. Баласының орысша сөйлегенін қызық көріп, одай сайын емірене түсті.

— Шүлдірлеген тіліңнен айналдым сенің! «Мәм» дегеніңнен айналдым! -

деп барып, абайсыз тұрған ұлының бетінен шөп еткізіп сүйіп алды. Қасқырбай кемпірдің бетіне жұққан болар-болмас сілекейін мұрнын тыржитыңқырап тұрып, қолының сыртымен сүртіп тастады. Осы беттен сүю дегенді кім шығарды екен, Ақиіннің шешесіне көзайым болсын айтуға келген кемпірлері де әскерден келген алғашқы екі-үш күндікте Қасқырбайдың бетін сілекейлеп бітіп еді.

Бұл сәтте жалғыз Қамқа емес, азғантай ауылдың басқа әйелдері де тіршілік қамымен тысқа шыққан еді. Манадан бері бұларды сырттарынан бақылап тұрған көшенің қарамқарсы бетіндегі көршінің ысқаяқ қара қатыны Қарлығайын дәл осы кезде анадайдан радиоша самбырлап қоя берді.

— Ойбай, шешей-ау, қайнымның бетінен қыз сүйетін жер қалдырмадыңыз ғой тіпті сілекейлеп. Жаман кемпірдің иісі сіңіп қалыпты деп, ертең Кенжеме жоламай қойып жүрер көкшешек келгірлер. — Мұндайда жұртқа есесін жібере қоятын Қасқырбайдың шешесі ме:

— Ол шөпжелкелер менің алтынымның басқан ізінен садаға кетпей ме! О несі-ай тіпті жаман қыздарды әлдеқандай қылып!.. — деп жатыр, ол да келінінен қалысы қоймай.

Қасқырбай енді тағы біраз тұрса, жеңгесінің өзін тағы біраз жерге дейін әжуалап апарып тастайтынын түсініп, әкесі Қарамеңдінің бұдан ширек ғасыр бұрын тұрғызған кесек тамына қарай бет алды. Сол арада үйге тезірек кіріп кеткелі асыққандықтан ба, басын маңдайшаға оңдырмай соғып та алды.

— Ну, проклятая хата! — деді тыз еткен шекесін қолмымен ұстай алып. — Осыны биігірек қылып салса қайтеді екен!

— О не, жаным? — деді баласының даусының қолайсыздау шыққанын аңғарып қалған шешесі ошақ басынан үн қатып. Қасқырбай жақтырмаған сыңаймен:

— Ештеңе емес, — деді де, үйге кіріп кетті.

***

Сол күні кешкілік ауылға кір-қоңын жуып, бірер күн отбастарында аунап-қунап қайту үшін оралған Ақиіннің қос басында жатқан шөпшілері сау ете қалды. Көптен бері бірін-бірі көрмей сағынысып қалған бала-шаға әкесімен, келін-кепшік күйеулерімен, жастар қатар-құрбысымен, жеңгелер қайын-қайнағаларымен қауышап дегендей, шағын қыстақ басы кешкі апақ-сапақ әлетінде мәре-сәре болды да қалды. Азғантай ауылда жаңалық жата ма, Қасқырбай әскерден оралғанын шөпшілер қос басында жатып-ақ тегіс құлағдар болып үлгерсе керек, үйлеріне кіріп, жуынып-шайынып, бір-екі кесе шай іше сала көпшілік Қарамеңдінің үйіне бетке алды.

— Оу, бала келіп, көзайым болдың ба, жеңеше!

— Құтты болсын! Ұзағынан сүйіндірсін!

— Мәссаған! Мынау Қасқырбайжан ба? Зеңгіттей азамат болыпты ғой! Қане, кел көрісейік, - дескен сәлемшілер Қарамеңдінің төрт бөлмелі кесек тамы мен есік алдына тігілген қараша үйін лезде абыр-сабырға толтырды да жіберді. Екі-үш күннен бері бошалап кеткен қызыл қашарды жоқтап, жолаушылап кеткен Қарамеңді шал да жаңа ғана аттан түсіп отырған. Ол да олжалы оралыпты — енесінен аумайтын қызыл күрең бұзауын ерткен қашарды қораға кіргізіп, кешкі шайға алаңсыз отырған беті екен.

Үлкендер жағы бұл оқиғаны да жақсылық нышанына жорысып, біраз сәуегейлік танытып тастады.

— Құтты қонақ келсе, қой егіз табады деген осы. Қасқырбайжанның қадамы құтты екен!

— Апырмай, Қамқаның қашарына дейін біздің келуімізге қарсы бұзаулағанын көрмеймісің. Біз де тегін емеспіз-ау осы, — деп қауқылдасып жатыр.

Есік алдындағы ошақ басы да қарбалас. Қамқаның көршілес келін-кепшіктері мен абысын-ажындары біреуі самауыр қойып, біреуі дәу тай қазанға ет салып, жүгірісіп жүр. Бұл ауылды тойға шақырған ешкім болмаса да, бәрі әп-сәтте жинала қалып, бір қызықты өздері-ақ осылайша бастап та жіберіпті. Цивилизациядан жүздеген, тіпті мыңдаған шақырым шет жатқан Қызылқұмның бір түпкіріндегі осы бір ауылда қазақ деген ақкөңіл, кеңқолтық бір халық бұл күндері көп жерде ұмыт бола бастаған өзінің төл қасиеті — қазақтығын ұмытпағанын осылайша жан-жақты дәлелдеп жатыр.

Бұл кезде Қасқырбайды қоршаған аулдың жеті-сегіз жас жігіті үлкендердің қау-қауынан бөлектеніп, сыртқа шығып еді. Екі жылдан бері көріспеген ауылдас қатар-құрбылар әскерден оралған жігітті кәдімгідей сағынып қалыпты. Қасқырбайды орталарына қоршап алыпты.

— Әй, екі жетіден бері хабарласпай, не ғып жатып алдыңдар? — деді бір сөз реті келгенде Қасқырбай Сұлтанбек деген кластасына бұрылып. Қазір ол Ақиіннің білдей бір механизаторы еді.

— Ойбай, қазір науқан кезі ғой. Тілепбай сені өлдім десең жібере ме! — деп жатыр ол ақталып. Бригадир Тілепбайдың қарамағында Қасқырбай да әскерге кетем дегенше жеті-сегіз ай істеген, бірақ қазір сол Тілепбайды онша менсіне қоймады.

— Өй, содан да қорқасыңдар ма?

— Қорықпайсың ғой, бірақ жұмыстың аты — жұмыс емес пе? — деді Сұлтанбек күмілжіңкіреп.

— Ну, ладно, — деді Қасқырбай бұл әңгімені одан әрі соза беруді жөн көрмей. — Қазір біздің үйде «вечер» жасаймыз. Менің келу құрметіме. Ауылда қыздар бар ма?

Бұл шаруа жігіттерге ұнап-ақ қалды, бірақ мәселе қызға келіп тірелгенде, біраз абыржушылық байқалмай да қалмады.

— Күнімай бар, — деді мектепті былтыр ғана бітірген түбіт мұрт бозбалалардың бірі Ақат ауылдағы кітапханашы қыздың атын атап. — Жаңа бізбен бірге шөптен келді.

— Так, дұрыс. Тағы кім бар? — деді Қасқырбай. Жігіттер ойланып қалды. Расында, бұл ауыл осы қыздар жағынан ұяттылау ауыл еді. Оның себебі де жоқ емес: Ақиінде қыз балаға лайық істейтін жұмыс жоқ, сондықтан оқуды бітірісімен олар аудан, облыс, қала берді республика орталықтарына қарай аттанатын да, оқуға түскені оқуына түсіп, түсе алмағандары сондағы завод-фабрикалардың біріне жұмысқа қалып қоятын. Ал олардың өздерінің от басына оралған бірен-сарандарын Ақиіннің, немесе көрші ауылдың әлекейдей жаланған жүгірмектері көп ұзамай алып қашып, құтты орындарына қондырып тынатын.

— Айтпақшы, Ибаділланың Айнашы ше? — деді осы арада Сұлтанбек. — Бүгін солар каникулға келіп жатыр. Қасында бірге оқитын тағы бір екі-үш студенткасы бар.

Мынау бір тосын хабар еді: жігіттер сенер-сенбесін білмей, «әй, сен не білесің?» дегендей бір-біріне аңтарыла қарады.

— Рас, өз көзіммен көрдім, — деді Сұлтанбек енді болмаса ант-су ішуге шақ қалып.

— Онда — бітті! Мәселе шешілді деп есептей беріңдер, — деді Қасқырбай билік тізгінін өз қолына біржолата алып. — Ақат, сен барып Күнімайды ертіп келесің. Ал жаңағы студенткаларға...

— Олар бізді менсінбей, келмей қойып жүрмесе, — деді осы арада үнемі үсті-басы май сасып жүретін Жұбаныш деген безеу бет, ұзынтұра тракторшы жігіт.

Қасқырбай Жұбанышты жаратпай қалды.

— А что, мы хуже других? — деді ол ашуланғаннан орысша сөйлеп. — Менсінбей көрсін! Сұлтанбек, студенткаларға өзің барасың. Олар өзі қайда оқитын еді? Түу, мынау тұрған өзіміздің Қызылордада ма? Ничего, біздің арамызда ондай қаласымақтардың көкесін көргендер де бар.

Қысқасы, арада бірер сағат өткенде Қарамеңдінің тоқал тамының төргі бөлмесінде Күнімай мен Айнаш бастаған төрт-бес қыз бен ауылдың манағы жеті-сегіз бойдақ жігіті Қасқырбайдың әкерден оралу құрметіне арналып жайылған дастарқанның басында гуілдесіп отырды. Студенткалар арақ-шарап жағына онша қамшы салдырмайды екен, бұл — үй иесіне де, басқаларға да ұнады. Бірте-бірте бұл отырыстың емін-еркін, шат-шадыманды мерекеге айналатынына деген сенім күшейе берді — Жұбаныштың студенткалар қауымының тәкаппарлығы хақындағы күдігінің күлі осылайша көкке ұшты. Жігіттер де, қыздар да дәстүрге сай бүгінгі тойдың иесі — Қасқырбайды ретті жерінде қолпаштап-ақ отырды.

— Мен әдемі сөйлей алмаймын. Айтатыным — совет жауынгерлерінің даңқы арта берсін! — деді, тост кезегі келгенде әскерден оралған жігіттің жанына отырған Қаламқас дейтін студент қыз. Ең күшті шыққан сөздердің бірі осы болды. Қасқырбай бұл тостты орнынан тұрып алып қойды. Шынында, оған Қаламқастың тек сөз емес, өзі де — оның желбіреген қысқа кекілі мен жайнаңдаған өткір қара көздерінн бастап, денесімен дене боп құйыла қалған миниюбкасына дейін ұнап қалған еді. Қасқырбай сөз реті келгенде Россия туралы, өзі қызмет еткен Н. қаласы хақында ерекше бір сүйіспеншілікпен айтып қойып отырды. Тіпті қызды-қыздымен бірде:

— Жігіттер, құдай ақы, осы ми қайнатқан ыстықта ит байласа тұрмайтын мына құла түзде қалай шыдап жүргендеріңді білмеймін, мен, жалпы түбінде Россияға, Н-ге кететін шығармын, — деп те салды-ау. Ресейге қайта кету туралы ой Қасқырбайдың басына бұрын келмеген нәрсе еді, айтарын айтып салса да, енді қазір көңілінің осы кезге дейін өзіне де беймағлұм жатқан бір түкпірінен: «Е, кетсе несі бар! Кетем де қалам!» деген бір бүлікшіл пікір бой көтеріп келе жатты. Ашығын айту керек, әскери жігіттің дәл осы бір ойы көпшілікке ұнаңқырамай қалды. Дегенмен, қазақ деген кеңпейіл халық емес пе, дастарқан басындағылар той иесінің бір «еркелігін» кешіре салды.

— Ех, шіркін, осы арада орыс самогоны болар ма еді. Самогон жақсы ғой, шіркін, бірден қаныңды құтыртып шыға келеді, — деді Қасқырбай тағы бірде. Оның дастарқанда үкіметтің заңды өндірісінен шыққан арақ-шараптың түр-түрі самсап тұрғанда қай жақтағы бір самогонды аңсауы ауылдастарына бір түрлі ерсі көрінді. Әскерден оралған жігіттің осы тектес «россиялық» мінездері әрі-беріден соң кейбір жігіттердің шамына тие бастады.

— Әй, Қасқырбай, сен енді былай... бөсе бермесеңші. Бәріміз де осы ауылдың шаңдағына аунап өсіп ек қой, — деді кластасы Сұлтанбек шыдай алмай. Дастарқан басында екеуі кіжіңдесіп қалды, араға қыздар түспегенде, тап осы арада-ақ бір шатақтың басталып кетуі әбден мүмкін еді.

Түн ортасы ауа жастар далаға — есік алдына шықты: арақ-шарап ішіп, музыка тыңдасып, көңіл көтеру қанша жақсы болғанмен, енді әркім үйді-үйіне тарқауға тиіс еді.

Шіркін, Қызылқұмның ал қара көк аспанында жұлдыздары жамыраған мақпал түні керемет-ақ қой!.. Міне, отыз-қырық үйлі шағын ауыл тәтті ұйқы құшағында. Көк жүзіндегі он бесінен толған ай дүниені ақ кіреуке нұрына шомылдырып, түн бесігіне бөлеп, баяу тербетеді. Болар-болмас ерке самал денеңді елбіреген салқын лебімен аялап, жер кіндігінен өсіп өрбіген бүткіл тіршілік атаулыны бір мезгіл дамыл алып, тыныштық табуға шақырғандай. Төңірек тым-тырыс, тек ауық-ауық қотандағы қойлардың пысқырғаны, балажан сауулы іңгендердің ұйқылы-ояу күйде боталарын иіскеп, мейірлене ығырсығандары ғана естіледі. Есік алдына шыққан жастар әуелі маужыраған түн тыныштығына арбалып, бір сәт бей-жай тұрып қалғанымен, артынша дабырласып кетті. Қасқырбай мен Сұлтанбек студент қыздарды шығарып салуға ыңғайланды. Міне, Айнаш пен оның қасындағы құрбысының жанында Сұлтанбек, олардан жиырма-отыз қадамдай жерде Қасқырбай мен Қаламқас тізілісіп келеді.

— Сен маған ұнайсың, — деді Қасқырбай қызға.

— Қойшы?!, — деді Қаламқас кекесінді үнмен.

— Шын айтам. — Қасқырбай қыздың иығына қолын салды. Студентка жігіттің қолдарын сыпай түрде ысырып тастады. Қыздың мына астамшылығы ішімдік пен жастықтың буына семірген жас жігіттің намысына тиіп-ақ кетті. Әлденеге батыл бел байлаған Қасқырбай енді бірде қызды өзіне қарай күшпен тартып, бас салып оның ыстық балбыраған дымқыл еріндерінен сүйіп алды. Той иесінің мына көзкөрекі жасаған бейбастағынан абыржып қалған қыздың әуелі оқыс үні шығып кетті де, артынша дереу есін жиып алған ол өзіне қарай қайтадан ұмтыла түскен жігіттің бетін әлсіздеу шапалақтарымен шарт еткізді:

— Солдафон!..

Қасқырбайдың жүзі ду ете қалды. Оқыс шыққан үн мен шарт еткен шапалақтың шартылы, әсіресе, мынадай маужыраған жаз түнінде тым анық естіледі ғой: бұлардан көп ұзай қоймаған Сұлтанбек пен Айнаштар да бұл кезде арт жақта оңашалау қалып қойған қыз бен жігіттің жанына жүгіріп келіп еді.

— Не дедің?! — деді Қасқырбай алақанымен жағын сипаған күйі Қаламқасқа бетпе-бет жақындап.

— Естімей тұрмысың? Солдафон ты, больше никто! — деді Қаламқас даусы дірілдеп.

Өзінің не істеп, не қойғанына есеп беруден қалған Қасқырбай қарулы қолдарымен жалма-жан абайсыз тұрған қыздың жағасынан ала кетті де, бар күшімен оны итеріп жіберді. Қыздар шу ете қалды.

— Әй, сен жынданғанбысың?! — Бір кездегі кластасының мына қылығын қалай түсінерін білмеген Сұлтанбек жүгіріп барып оны құшақтай алды. Ашуға булыққан Қасқырбай Сұлтанбекті жұдырықпен қойып-қойып жіберді. Бұдан кейін ол да аттың басын жіберді: сарт-сұрт еткен жұдырықтар, ырсылдаған үндер, анда-санда тістің арасынан шыққан ысылдаған зәрлі сөздер аяқ астынан жап-жақсы кештің ойпан-тойпанын шығарды.

Қараша үйде жатқан саққұлақ Қарамеңді шал да бұл кезде есік аузында жатқан калошын аяғына қоңылтаяқ сұға сап, керегенің басында ілулі тұрған сегіз өрім қамшысының сабын ашу-ызадан дірілдеген қолына сығымдай ұстаған күйі алысып-жұлысып жатқандардың жанына жеткен еді. Ол келе сала жолақ жейделі Қасқырбайдың ту сыртынан сегіз өрмемен тартып-тартып кеп жіберді.

— Ә, найсап, жыныңды тап қазір қағып алайын сенің! Ойбай-ау, тып-тыныш жатқан елді дүрліктіруін-ай мынаның!

Қасқырбайдың қамшы тиген белі қайқаң ете қалды.

— Отец, успокойся! — деді ол жалма-жан сегіз өрменің бір ұшынан ұстай алып. Басқа қылғаны аздай-ақ әліпті таяқ деп білмейтін сауатсыз шалға мынының онысымен тұрмай орысша шүлдірлегені Қарамеңдінің ашуын одан сайын қоздырды.

— Мына көксоққан маған «іспәкөй» дейді ғой. Қазақ жаманы әлгі... бірдеңе болат деп... Әй, мәжігүн, орысшыл болсаң сол елдің жақсы қасиетін неге үйреніп келмедің, а?! Сені әлгі «кәмәндірлерің» өсітіп тып-тыныш жатқан елдің шырқын бұз деп үйретіп жіберді ме? Қап , мына найсапты-ай! Күні ертең бастыққа айтып, шөпке салайын мен сені көзіңе көк шыбынды үймелетіп! Сені ме, сені!..

Осы арада самай шашы қобырап, алу-далу боп Қамқа келіп жетпегенде бұл оқиғаның немен аяқталатынын болжау қиын еді. Ол салғаннан:

— Ойбай, қойыңдар! Ел-жұрттан ұят-ты!.. — деп, шалының шаужайына орала кетті. Ел-жұрттың аты аталғанда Қарамеңді амалы құрып, тұрып қалды. Бұл кезде Сұлтанбек те, студент қыздар да жөн-жөніне тайып тұрған еді.

— Кетем, ертең кетем қайтадан Н-ге, бүйткен ел-жұрты құрысын!.. — деді жанына шешесі келген соң қайтадан бел ала бастаған Қасқырбай жыламсырап.

— Кетсең одан әрмен, қайтып маған қараңды көрсетуші болма! — Қарамеңді осыны айтты да, қоңылтаяқ калошын тырп-тырп басып, қараша үйге барып кіріп кетті.

— Қой, шыбыным, қой! Әкеңнің бір ашуын кешіре сал, — деп жатыр шешесі байғұс екі ортада шыр-пыры шығып.

— Жоқ, ешкімді де кешірмеймін, кетем Россияға!

— Қой деймін енді. Ақымақ болмасаңшы, ұлым-ау. Мына қалың елге күлкі болатын болдық қой. Бар, жатып дем алшы, шыбыным!

Амал жоқ, әрі-беріден соң Қасқырбайға үйге барып, төсекке жатуға тура келді. Төсекке жатқан соң да көпке дейін ашуы басылмай-ақ қойды. «Бүйткен ел-жұрты құрысын, кетем, кетем!» - дейді, әлдекімдерге дөң-айбат көрсеткісі келгендей қайратты тістерін шықырлатып. Біраздан соң бірте-бірте сабасына түсе бастады. «Жарайт, кетіп-ақ қалдым делік. Сонда қайда бармақпын? — деді ашуын ақылға жеңдірген бір сәтте ол өзін-өзі тергеуге алуға кірісіп. — Н-ге ме? Онда кімім бар? Наташа мұны баяғыда-ақ ұмытып үлгерген болар. Бұл кезде әскерден келген жігітіне күйеуге шығып та алған шығар. Қазіргі қыздардың жайы белгілі емес пе — Қозы Көрпеш пен Баян сұлулардың заманының әдіре қалғаны қашан. Ал Саша Журавлев болса, әрине, өзінің Сібірінде, туып-өскен деревнясында сайранды салып жүр. Ақылды, епті жігіт қой, бұл секілді ай мен күннің аманында әкесінен таяқ жеп, мыж-мыжы шығып төсекте жатыр деймісің. Сонда бұл Н-ге кімді, нені іздеп бармақ?..» Осы тәрізді кісінің қайран жігерін еріксіз құм қылатын ойлардың шырмауында жатып, Қасқырбай бір кезде мызғып та кетті.

***

Қарамеңді уәдесінде тұрды — ертеңіне түстен кейін қос басына қайтқан шөпшілермен бірге абажадай «К-700»-ке тіркелген тележкалардың бірінде үстіндегі теңізшілердің ала жолақ жейдесі анадайдан ағараңдап, Қасқырбай да селкілдеп кетіп бара жатты. «Шығасыға себепші — иесі» деген ғой, кім біледі, егер жайына қарап жүрсе, шешесінің өзіне сақтаған құрты мен қаймағын жеп, тағы да біраз сайрандай тұрар ма еді, қайтер еді. Айтпақшы, осы арада оның сол күні түнде түс көріп шыққанын да айта кетуіміз керек. Түсінде Наташа екеуі айналасы ат шаптырым дәу бір стадионды айналып — екеуінің астында екі түйе — жарысып жүр екен дейді.

С Асылбекұлы тел: +7 778 5749292


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар