Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Серік Асылбекұлы. Жұлдызды түндердегі тоғай сыбдыры

12.07.2021 789

Серік Асылбекұлы. Жұлдызды түндердегі тоғай сыбдыры 12+

(эссе)

«Адамға әсемдік сезімін дарытпайынша,

одан нағыз азамат шығара алмайсыз»

Рабиндранат Тагор.

Уақыт қандай жүрдек! Өзімізге о дүниелік болғаны күні кеше ғана болып көрінетін елімізге танымал талантты жазушы, ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қажығали Мұхамбетқалиевтың қайтыс болғанынан бері де, міне, бір жыл өте шығыпты. Иә, үлкен жүрек тоқтағалы осынша уақыт болыпты. Қолдан келер басқа шара болмаған соң: «Қайран уақыт, қайран жақсы аға!..» дейсің де қоясың енді.

Осындайда, Қажекеңнің бір әңгімесінде айтылатындай, жадыңа қайдағы-жайдағылар оралады екен. Қазір менің есіме 1979 жылдың жанға жайлы бір жайсаң жазы түсіп отыр. Онда мен Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Құмжиек совхозының орталығындағы №92 жалпы білім беретін орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары едім.

Демалыс күндерінің бірінде қызметтес жолдастарым - мектеп директорының шаруашылық істері жөніндегі орынбасары Бегалиев Каналбек пен денешынықтыру пәнінің мұғалімі, қазіргі Алматы қаласындағы Спорт және туризм академиясының 1973 жылғы түлегі Төлебаев Жаңажан үшеуміз дария жағалауында өткізген жанға жайлы серуеннен таңертең кеткеннен түстен кейін кештеу оралсақ, үйде мені сонау Алматыдан келген бір тосын жеделхат күтіп жатыр екен.

- Пошташы мана сәскеде әкеп берген, - деді келіншегім сол бір жапырақ қағазды менің қолыма ұстатып жатып.

Қарасам, онда: «№7 Алматы-Мәскеу пойызының 5- вагонын пәленінші күні күт. «Жұлдызға» сенің әңгімең шыққан, соның бір-екі данасын жолшыбай бере кетейін дегенмін саған, ал өзім Ақтөбеге сапарлап бара жатырмын. Қажығали», - деп жазылған екен.

Жалма-жан сағатыма қарасам, оның цифрблаты түстен кейінгі бес жарымды көрсетіп тұр, ал Құмжиектен он бес шақырымдай жердегі аудан орталығы Жаңақазалы теміржол станциясына болса ол пойыз алтыға таман келетін. «Алматы-Мәскеу» жүрдек жолаушылар пойызының жүру кестесін жатқа білетінім азық-түлігі тапшылау Қазалы жұртшылығының біразы секілді (Ол кезде, жасыратыны жоқ, Совет Одағында Мәскеу мен қалған он төрт одақтас республикалардың астаналарынан басқа жерлерде жеңіл автомобиль мен тоңазытқыш, теледидардан бастап қарапайым киім-кешек, тамақ өнімдеріне дейін дефецит еді ғой) біз де керек-жарақтарымыздың бір бөлігін осы теміржол станциясына 10-15 минуттай аялдап кететін жолаушылар пойыздарының мейрамханалары мен жолсеріктерінен саудалап алып қалатынбыз ғой.

Қолымдағы жеделхатқа қарап бір сәтке абдыраңқырап қалған маған жанымдағы жолдастарым «Жайшылық па?!» дегендей сұраулы жүзбен бұрылды.

Мен екі жігітке әлгі жеделхатты ұсындым.

- Кеттік!.. - деді Каналбек жеделхатқа көз жүгіртіп шыққан соң. - Үлгеріп қалуымыз мүмкін, әлі жарты сағаттай уақыт бар ғой. - Сүйтті де жаңа ғана өзіміз мініп келген автомобильге қарай шапшаң адымдай жөнелді. Бұл біздің мектеп жанындағы малшылар балаларына арналып салынған интернатқа азық-түлік тасу үшін бөлінген үш жарым тонналық жүк көлігі еді.

- Онда екеуің тездетіп жетіңдер, мен үйге қайта беремін, - деді Жаңажан бізді шығарып салуға ыңғайланып.

- Сен не, бармайсың ба? - деді Каналбек сәл-пәл таңырқаңқырап. Жаңажан екіұштылау жымиды:

- Жол жүру ережесі бойынша жүк көлігіне үш адам отыруға болмайтынын білмейсің бе? Жолда гаишниктер ұстап алса, шырылдатады ғой, байғұс.

- Әй, кейде сенің аяқ астынан басың істеп кететіні бар, - деді Каналбек. - Онда, Сәке, отыр, кеттік! - деді маған.

Сонымен бір кезде Ресейдің Горький автомобиль зауытынан шыққан ескілеу «Газикті» өкпесі өшкенше ышқынтып, жергілікті жұрт сыртқы сыр-сипатына қарап Сұлутам атап кеткен Қазалының теміржол вокзалына, - шынында да, орыстың ақ патшасының кезінде күйдірілген қыш кірпіштен барокко стиліндегі қайталанбас сәулеттік үлгіде тұрғызылған осы бір тамаша ғимарат әлі күнге дейін ешбір міні құрымаған күйі көрген көздің жауын алады, - ентігіп жетсек, өкінішке қарай, нөмірі жетінші «Алматы-Мәскеу» жолаушылар пойызы бізден бар болғаны екі-үш минуттай бұрын орнынан қозғалып кеткен екен. Сондықтан да Каналбек екеуміз сонадайда екі жағына алма-кезек шайқалып кетіп бара жатқан соңғы вагонын көзімізбен ұзатқан күйі: «Қап, әттеген-ай!» деп абыр-сабыры басылып, босап қалған теміржол вокзалының перронында қала бердік шарасыздан санымызды соққан қалпымызбен.

Әңгіменің мәнісі былай еді. Мен осыдан жеті-сегіз ай бұрын күзгі бір жетілік каникул кезінде Алматыға жолаушылап барып, өзімнің елде жүріп жазған «Түнгі қаланың әні» атты алғашқы әңгімелерімнің бірін машинкаға бастырып, «Жұлдыз» журналының проза бөліміне тапсырып кеткенмін. Ол кезде бұл бөлімнің меңгерушісі әрбір жазған жаңа туындысы іле-шала сол кездегі қазақ әдебиетінің бестселлеріне айналып шыға келетін Оралхан Бөкей де, ал бөлім редакторларының бірі талантты жазушы Қажығали Мұханбетқалиев еді.

Енді, міне, арада бар-жоғы жарты жыл өткенде бұрын шығармалары республикалық түгіл аудандық, обылыстық ресми басылымдардың ешқайсысында жарық көрмеген мен секілді провинциал әйесқой жастың тұңғыш туындысы анау-мынау емес, сол кездегі еліміздің бас әдеби журналы - «Жұлдыздың» бетінде жарық көріпті. Және ол аз болғандай, қайдағы бір қиянда жатқан сол бір белгісіз жас авторға аталған журналдың бір данасын астанада атақтары дүркіреп тұрған культтік жазушылардың бірі - Қажығали Мұханбетқалиевтің өзі тапсырғалы келе жатыр екен (Арнайы болмаса да, Ақтөбеге бара жатқан жолшыбай сапарында). Әрине, бұл ол кезде мен күтпеген тосын бақыт еді, расында құдіреті күшті Жаратушы иеміз жарылқағысы келсе, пендесіне кей-кейде осылайша аяқ астынан бере салады екен ғой.

Мойындаған жөн болар, институтты бітірген соң үкімет берген жолдама бойынша елге қызмет етуге кеткен және содан бергі арада сырғып өте шыққан бес-алты жылдан бері ешқандай әдеби орта көрмеген, көркем әдебиет шеберлерінің бірінен еш тәлім-тәрбие алмаған, бар көрген-баққан әдеби ортасы оның үйіне поштамен араға апта, ай салып келіп тұратын «Жұлдыз», «Жалын», «Новый мир», «Иностранная литература», «Дружба народов» әдеби журналдары мен «Қазақ әдебиеті», «Литературная газета» секілді басылымдардан тұратын, көркем әдебиет дейтін өнерге не үшін екенін өзі де жете түсінбесе де шексіз берілген Серік Асылбеков дейтін әуесқой жас үшін ол тұста Қажекең секілді көпшілік оқырман қауымға кеңінен танылып қалған өнерпаз азаматпен бес-алты ауыз болса да жүзбе-жүз тілдесіп қалу, көп айта беретін несі бар, өте маңызды болатын.

Міне, тоқетерін айтқанда, Қажекеңмен сырттай да болса алғашқы жақынырақ «танысуым» осылайша басталған-ды. Иә, ол үлкен жүректі азамат еді. Әрине, ол мұндай риясыз қамқорлықтың үлгісін менен бұрын да, кейін де өзі болашағынан үміт еткен жас әдебиетшілердің талай буынына көрсетті. Әлбетте, өзінің шамасының жеткенінше, қолынан келгенінше.

Қазір ойлап отырсам, ол сол кездің өзінде-ақ, - онда Қажекеңнің өзі де әлі қырыққа жете қоймаған қылшылдаған жас жігіт болатын, халқының санасы мен сезімінің өсіп-жетіліп, кемелденуі үшін әдебиет секілді ұлттық көркем сөз өнері рөлінің өлшеусіз зор екендігін елін сүйген шынайы азаматтық жүрекпен айқын сезіне білген секілді. Ал сол өнерді өрге сүйреу үшін қайтпек керек? Ол үшін, әлбетте, ең алдымен сол қасиетті өнерді жасаушылардың, яғни болашақ ақындар мен жазушылардың, драматургтардың жас буынын қолтықтарынан демеп, қанаттандыру қажет болатын. Меніңше, жастарға көмектескенде ол ең алдымен осыны ойлады.

Әу баста Қ. Мұханбетқалиев үлкен әдебиетте прозаның әңгіме және хикаят жанрларының шебері ретінде танылды. Оған аталған жазушының «Жұлдызды түндер», «Тоғай сыбдыры», «Жаңғырық», «Қайдасың сен, махаббат» деп аталатын жинақтары дәлел бола алады. Ұлы Абайдың «Кісінің адамшылығы істі қалай аяқтағандығынан емес, оны қалай бастағанынан көрінеді» дейтіні бар ғой, осы қағидаға салып айтсақ, Қ.Мұханбетқалиевтың суреткер екендігі тырнақ алды кітаптары «Жұлдызды түндер» мен «Тоғай сыбдырынан-ақ» айқын байқалды. Осы жинақтарға енген «Жұлдызды түндер», «Берекесіз тоғайы», «Қысқы кеш», «Жігіттің көз жасы» атты әңгімелері мен «Ежелгі дұшпан», «Ескі достар» дейтін повестерінде ол адам жанының сан қилы толқыныстары мен иірімдерін өте нәзік аңғара білетін психологиялық-әлеуметтік проза шебері ретінде көрсете білді. Бұл шығармаларды оқи отырып сіз «Көркем әдебиет дегеніміз ең алдымен адам жанының шарпысулары мен толғаныстарынан тұратын рух қозғалысы екен-ау» деген ойға еріксіз тоқтайсыз. Соның бір жақсы айғағы ретінде аталған автордың «Жігіттің көз жасы» деп аталатын шағындау әңгімесін алуға әбден болатын секілді.

Жол апатынан аударылған көліктің астына түскен Кәріпжан бейсенбіге қарай таң ата үзіліп кетеді. Оқыстан опат болған жігіттің отбасы ойламаған жерден қара жамылады. Солардың бірі жан дегендегі жалғыз немере інісінен, арыстай азаматынан айрылып қалған Жарықбас шалдың да қайғысында шек жоқ. Алайда өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін ету керек қой. Сондықтан ауылдағы іске жарайтын азаматтар енді мәйітті жөнелтудің қамына кіріседі. Солардың бірі Жарықбастың баласы Бекжан да алыс-жақындағы ағайын-туыс пен жора-жолдастарға жеделхат салып, хабардар ету үшін жолға шығады. Осы арада бір айта кететін жайт, Бекжан тумысынан мінезі қатты, морт жігіт, содан болар ағасы өліп жатса да, көзінен бір түйір жас шықпай қояды.

Аудан орталығына арып-ашып жеткен Бекжан бірден телеграфқа, пошта бөлімшесіне тартады. Осы арада, қырсық қырық ағайынды деген емес пе, болмашы бір нәрседен конфликт туады. Қайғыдан қамығып келген жігітті телеграфист Жәпек деген біреу әртүрлі бюрократиялық сылтаулармен тәлкек қылады. Ызақор, морт жігіт бұған шыдамай, Жәпекті сабап, милицияға он бес күнге қамалады.

Жарықбас кейін «он бес күннен» арып-ашып оралған ұлына қатты ренжиді. Ең болмаса, туған немере ағасының өлігін жұрт секілді дұрыстап аттандыра алмағанына күйінеді. Осы арада енді жазушының суреткерлік қолтаңбасын таныту үшін кішкене үзінді келтіре кетейік аталмыш шығарманың финалынан.

«Бекжан сыртқа ыта жөнелді. Бағанадан тығылып отырған. Көзінен еріксіз жас ыршып кетті. «Қап, қор қылды-ау, қорлады-ау!..» - деді өксіп-өксіп.

Көшенің қарсы бетіндегі үйдің іргесінде екі-үш бала ойнап отыр екен. Көз кемері жасқа толып, жанары бұлдыраған Бекжан оларды тани алмады. Қарап отыр. Үй – Кәріпжанның үйі екендігі біраздан соң барып есіне түсті. Сонсоң анада Кәріпжан қайтқанда өзінің тап сол жерде, әнеу жарға арқасын сүйеп бедірейіп отырғаны ойына оралды.

Иә, онда көзінен жас шықпап еді, осыған көрінген екен ғой.

Өмір ғой, қайтерсің...» (Тоғай сыбдыры. – Алматы: Жазушы, 1974, 118 б.)

Иә, өмір ғой, қайтерсің!.. Оған ешкімнің қалауы да, әмірі де жүрмейді. Ол сені кейде осылай тереңіне батырып, шыбын жаныңды шырқыратады, ал бірде күтпеген жерден саған мейірімін төгіп, шырайлана қалады. Сонымен бірге көбінесе Құдайдың құтты күні қайталанатын жанбақы тірлігімен ығыр қылатыны және бар.

«Теңіз дәмі тамшысынан білінеді» демекші, Қажекеңнің шығармаларының өмірдің өзіндей шынайылығы, қарапайым, тіпті қарабайыр тіршіліктің үйреншікті көріністерінің өзінен үйдей проблема тауып ала қоятын сезімталдығы жоғарыда аты аталған әңгімеден жарқырап жақсы көрінеді. Әсіресе осы әдеби туындыдағы Жәпек бейнесі аталған автордың үлкен шығармашылық табысы ретінде атап өтуге тұрарлық.

Жәпек қолындағы билігін бұлдайтындай үлкен билік иесі емес. Бар болғаны қарапайым телеграфист қана. Бірақ істеп отырған қылығы ешбір бюрократтан кем емес. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, біздің қоғамды жайлап алған төрешілдік, өзінің бойындағы жойдасыз эгосын тойындыру үшін кез келген әділетсіздікке баруға дайын тұратын асқынып кеткен менмендік оның да жан дүниесін жаулап алған. Сондықтан ол да қолындағы кішкентай ғана місекерлігін бұлдауды қапысыз меңгерген. Дәлірек айтсақ, бұл – бұрын біздің суреткерлеріміздің көзіне шалына қоймаған жаңа заманның тың «геройы», жаңа бір әлеуметтік типі.

Негізі, дүниеге дұрыстап зер салсақ, Л.Н.Толстой айтпақшы, мына бізді қоршаған шетсіз-шексіз әлемде зұлымдық жоқ. Қараңызшы, анау төбеңізден мөлдіреп тұрған түпсіз терең көгілдір аспанға, сонадайдан асқақтаған тәкаппар тау шыңдарына, олардың биігінен төмен қарай құлдилап, бір-бірімен жарыса аққан мөлдір бұлақтарға, сол бұлақтарды жағалап, таудан соққан болар-болмас самалмен бірге сыбдыр қағып, тербеліп тұрған ерке ақ қайыңдарға. Соларда аярлықтың, зорлық-зомбылықтың, жамандықтың титтей бір белгісі бар ма? Жоқ қой, жоқ! Оларда тек жаратылыстың өзіндей пәктік, тазалық қана бар.

Ендеше сонда осы атың өшкір зұлымдық қайдан шығып жатыр? Қазіргі қоғамды басы бүтін жаулап алған, сүйтіп біздің бақытқа қарай басқан әрбір қадамымызды кері кетірумен отырған жәпекшілдік дейтін әлеуметтік дерт көктен салбырап түсті ме, жердің астынан өніп шықты ма? Жоқ, сүйтсек, ол бәлекет жерден де шықпапты, көктен де түспепті, тура тап иегіміздің астында жатқан көкірек қуысымыздағы пейілімізден, құлқымыздан шығып жатыр екен ғой. Бір қарағанда, бар пәлені үнемі басқадан, алыстан іздеуге әдеттеніп қалған мына біз секілді пенделер үшін мұның өзі алғашында біртүрлі қызықтау секілді көрінуі де мүмкін, алайда айдай ақиқатыңыз осы болса, қайтпексіз енді. Демек, рухы жәннаттың төрінде шалқығыр Левекеңнің, бұл дүние кемеңгерлерінің бірі Лев Николаевич Толстойдың: «Әлемде зұлымдық жоқ, барлық зұлымдық біздің жан дүниемізде» дейтіні шырқыраған шындықтың тап өзі болып шықты емес пе ендеше.

Әлбетте, негізі біздің көбіміздің жан дүниемізді жаралайтын қазіргі замандық қоғамдардағы сан түрлі әділетсіздіктерден қорғайтын ең басты күш ең алдымен мемлекет қабылдаған адамсүйгіш иманды заңдар болса керек-ті. Алайда жаны жаралы, парасаты шала-шарпы жетілмеген қоғам, біріншіден, ондай заңдарды қабылдауға қауқарсыз болмақ, екіншіден, тіпті сондай заңдарды басқа дамыған елдердің заңнамаларынан көшіріп алып қабылдай қойған күннің өзінде де оларды мүлтіксіз орындатуға сол қауымдастықтың ерік-жігерінің жете қоюы тағы екіталай. Ол үшін бізге рухани тазару, сол арқылы парасат-пайымымызды жетілдіру ләзім ең алдымен. Кембағалдықтан сонда ғана құтыламыз бір құтылсақ. Ал ондай рухани ренессансқа жету үшін қауымда біздің жан дүниемізді өзінің пәк сұлудың деміндей жұпарымен, көктемгі ақ жауындардың кристалдай мөлдір тамшыларындай тазалығымег ізгіліктің нұрымен суаратын Өнер атты құдіреттің культі орнауы қажет. Ал өнер өрлеген жерде міндетті түрде ғылым да дүркірейді. Адамзат тарихында жүріп өткен барша ұлы қайта өрлеулерге тән заңдылық бұл. Сондықтан да ғой адамзаттың тағы бір данышпаны үнділік Рабиндранат Тагордың: «Адамға ізгілік сезімін дарытпайынша, одан нағыз азамат шығара алмайсыз» дейтіні.

Өкінішке қарай, өркениетті елдерден көш кейін қалған дамушы мемлекеттердің саяси-экономикалық истеблишментінің қоғамның, әрі сол қоғамның бір мүшесі болып табылатын өздерінің сорларына қарай, әзірше әлгі біз тілге тиек еткен Толстой, Тагор секілді данышпандарының өсиеттеріне құлақ аса қояр түрлері көрінбейді. Міне, сіз жазушы Қ.Мұханбетқалиевтың бұқпанталауды, көлгірсуді білмейтін реалистік прозалық оқу мен тоқу кезінде еріксіз осындай ойлардың жетегіне ересіз. Жалғыз «Жігіттің көз жасында» ғана емес, оның «Қайдағы-жайдағы», «Муратик», «Бір машина шөп», «Сынық терезе» сынды әңгімелерінде де, «Ақырғы күн», «Ескі достар» атты повестерінде де бүгінгі қоғамның бойындағы осындай рухани кеселдер аталған суреткердің қырағы, шыншыл жанарынан тыс қалмайды. Әлбетте, бұл туындыларында ол жоғарыда аталған ойларды біз секілді төтелеп емес, олардағы адам тағдырлары, образдар арқылы астарлап, бейнелеп жеткізеді.

Жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қажығали Мұханбетқалиұлы шығармашылығының ең бір сүбелі, қазыналы туындысы ретінде оның «Тар кезең» атты тарихи романын айтуға болады. XVIII ғасырда қазақ даласында халқымыздың бостандығы, тәуелсіздігі үшін болып өткен ұлы шайқастардың ұлттық тарихымызға ең бір даңқты беттерін жазып кеткен әрі би, әрі атақты батыр Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі жайындағы бұл туындыны жазуға автор бақандай жиырма жыл уақытын сарп етті. Бір шығарманы жазып, бітіруге осыншама қайрат, күш-жігер жұмсау үшін, әлбетте, оның иесіне ең алдымен үлкен төзімділік, сонан соң зор ерік-жігер күші қажет-ті. Бақытына орай, оның бойынан осы қасиеттер табылды. Ол үшін, әрине, Қажекеңе қаншама тарихи құжаттарды егжей-тегжейлі шұқшиып зерттеуге, Қазақстан мен Ресейдің архивтерінде шаң басып жатқан сарғайған қолжазбалар мен естелікерді, тарихи материалдарды ақтаруға тура келді десеңізші.

Осындай үлкен интеллектуалдық ізденіс үстінде өткен күндер мен түндердің нәтижесінде аталған роман 2012 жылы жарық көріп, кейінірек оған Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді және осылайша бұл шығарма қазақ прозасының алтын қорына енді, ұлтымыздың рухани игіліктерінің біріне айналды.

Осы арада төмендегі жайды айта кеткен жөн болар. Біз өзіміздің жазушының қайтыс болғанына бір жыл толуына орай жазылып отырған бұл көлемі шағындау эссемізде аталған романды егжей-тегжейлі талдап отыруды, әрине, өз міндетімізге ала алмаймыз. Оның себебі – екеу. Біріншіден, солай ететін болсақ, оны біз естелігімізді жариялау үшін ұсынғалы отырған басылымның көлемі көтермейді. Екіншіден, кез-келген бір көркем шығармаға егжей-тегжейлі ғылыми анализ жасау эссе жанрының табиғатына келмейді. Соған байланысты біз аталған шығармада суреттелетін тарихи оқиғалардың басты-басты кейбір рухани тағылымдарына қысқаша тоқталып өтпекпіз.

Романда көтеріліс басшысы Сырым батырдан өзге де кейіпкерлердің үлкен галереясы жасалған. Олардың қатарына, әлбетте, Кіші жүздің Әлімұлы, Байұлы, Жетіру секілді руларынан шыққан Сегізбай, Тұрманбет, Тіленші батыр секілді ел басшыларын, күні өтіп бара жатқан хандық биліктің иесі Нұралы ханды, генерал-фельдмаршал Григорий Александрович Потемкин мен генерал-майор барон Осип Андреевич Игельстром секілді метрополия өкілдерін және ең бастысы қарапайым еңбекшілерден құралған, жүректері елім-жерім деп дүрсілдеген қазақ көтерілісшілерін жатқызуға болады ең алдымен. Сонымен бірге, біздіңше, осы арада айтпай кетуге болмайтын тағы бір жайт, аталған әдеби туындыда сол ұлт-азаттық майданында шайқасқан жандардың басынан кешкен әрқилы саяси-әлеуметтік, әскери шырғалаңдардың бүткіл тарихын, қазақ көтерілісшілері бастан кешкен жеңістер мен жеңілістердің кей-кейде бұл дүниеден баз кешіп кетуге дейін баратын қиыншылықтарының күрделі картиналарын Қ.Мұханбетқалиевтың сары майдан қыл суырғандай етіп шебер суреттейтіндігі болса керек.

Осы бір маңызы зор тарихи теке-тіресте қазақ көтерілісшілерінің Ресейдің әскери жазалаушы жасақтарынан ақырында жеңіліске ұшырайтынын қазіргі заманғы көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Бұл соғыста, әрине, орыстың білек күші емес, білек күшіне салсаң, қазақтың ешкімге есесін жібере қоймайтыны белгілі, біздерден әлдеқайда озып кеткен білімі мен ғылымы, солардың жетістіктерінің негізінде жүзеге асқан әскери технологиясы жеңген еді. Өйткені сол кезеңдегі әлемнің ұзақ тарихи даму барысында ру-руға, жүз-жүзге бөлініп, бастары бірікпей қойған қазақтардан аузы түкті сары орыстардың бір артықшылығы олардың князьдерінің бір-бірімен келісіп, бір орталықтан басқарылатын үлкен мемлекет, империя құруға қалайда ақыл-парасаттары мен ерік-күштері жеткен болатын. Соның арқасында олар қысқа тарих мерзім ішінде қалалар тұрғызып, темір жолдар салып, білім мен ғылымды, жаңа технологияларды игеруде шешуші қадамдар жасай алған-ды.

Асылы, ақ бас тарихымыздың соңғы 200-300 жыл мерзіміне байыппен зер салар болсақ, біздің, қазақтардың, үнемі сыртқы жаулардан - негізінен Ресей мен Қытайдан - үнемі жеңілуден көз ашпай келе жатуымыздың ең басты себепкері әлгі жанымыздағы отаршылдардың ашкөздігі, тойымсыздығы ғана емес, ең алдымен өзіміздің алты бақан алауыздығымыз, аңғалдығымыз, ұлттың стратегиялық перспективаларын алыстан болжап отыруға кембағал саяси санамыз, осылардан туындайтын әлсіз ел басқару жүйеміз еді.

Рас, ата-бабаларымыздың бәрі бірдей біз айтқандай сана-сезімі таяз, бүгінін ғана ойлайтын шолақ ақыл, дүние қамы үшін ұлтының намысы мен арын сатып жіберуге даяр жемқор болмаса керек. Олардың арасында бірен-саран алысты болжайтын ақылды, көрегендері де ұшырасқан сияқты. Солар өзін туған жұртына: «Қоңсыңды ұры тұтпа, өзіңе-өзің берік бол», «Жақсылық көрсең – өзіңнен, жамандық көрсең – өзіңнен», «Өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салғызар, аты жоқ арбаны мың шақырым жерлерге күн жарымда барғызар» деген секілді өсиет қалдырып, айтудай-ақ айтыпты. Алайда жаңағы билік пен мансап үшін аз ары түгіл Отанын да сатып жіберуге даяр жемқор топ, ой ойлағаннан гөрі ақша, мал шашып, той тойлауды қатты жақсы көретін даңғойлау көп тобыр олардың әлгіндей өсиеттеріне пысқырып та қарамаған тәрізді. Жасыратыны жоқ, «Тар кезеңнің» соңғы беттерін жапқанда, ойыңа осы тектес көңілсіз ойлар еріксіз оралады.

Иә, өткен – өтті, кеткен – кетті делік. Болған іске – салауат. Енді тек көне тарихымыздың сол бір удай ащы сабақтарынан тағылым алуды тағы да ұмытып кетіп жүрмесек болғаны да. Бұны айтып отырған себебіміз, оқымыстылардың ескертуінше, тарих үнемі спираль секілді қайталанып отыратын көрінеді ғой.

"ТАР КЕЗЕҢ" РОМАНЫН МЫНА ЖЕРДЕН ОҚУҒА БОЛАДЫ.

Осы орайда, есіме әйгілі 1986 жылдың қаһарлы желтоқсаны түсіп отыр. Қытымыр қыстың сол алғашқы айының 16-шы жұлдызы болатын. Мен онда Алматы қаласындағы «Жалын» атты әдеби журналында қызмет істейтінмін. Ол кезде бұл басылымның редакциясы қазіргі Абылай хан атындағы даңғылдың бойындағы Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында орналасқан болатын. Міне, сол үйдің бірінші қабатындағы журналдың проза бөліміне қарасты шағындау бөлмесіне сағат түстен кейінгі төрт жарымдар шамасында Қажекең кіріп келді. Үстінде – қыстық қара пальто, басында – құндыз малақай. Бет-жүзі бірнәрсеге алаңдаулы секілді.

– Жігіттер, амансыздар ма?! Хал-жағдайларың жақсы ма? Ал енді ана алаңға барасыңдар ма? – деді ол салғаннан бізді сұрақтың астына алып. – Алматыдағы қазақ жастары Компартияның Орталық Комитеті пленумының Генадий Колбинді біздің елдің бірінші басшылығына бірауыздан сайланғанына қарсылық білдіріп, Брежнев алаңына жиналып жатыр ғой. Есіткен шығарсыңдар?!

Бөлмеде менен басқа «Жалынның» тағы екі қызметкері, сол кездегі жас жазушылар Жұмабай Шаштайұлы мен Мереке Құлкенов те отырған. Әуелі біз үшеуміз жалт етіп, бір-бірімізге сұраулы жүзбен қарастық.

- Естідік, – деді Мереке алғашқы болып тілге келіп. – Мана түсте біз

Серік екеуміз сол алаңға барып «разведка» жасап қайтқанбыз. Бірақ ол кезде алаңда адамдар аз еді, әрқайсысы он шақты адамнан жиналған бес-алты топ қана жүрген алаңнан әрі-бері өткендерді үгіттеп. Қазір қалай, көбейіп пе?

- Ойбу, көбейгенде қандай!.. Алаңда қазір кемінде он шақты мың адам бар. Әлі жан-жақтан лек-лек болып келіп жатыр, - деді Қажекең әлденеге қатты риза болған үнмен. - Ал енді сендер барасыңдар ма? Бармасаңдар, мен кете берем.

- Әрине, барамыз!.. - дестік үшеуміз бірдей ду етіп, бейне өсітіп унисон шуламасақ, Қажекең бізді ертпей тастап кететіндей.

«Өзі қашайын деп тұрған қоянға «Әйт!» деген соң ненің соры» демекші, онсыз да жұмыс күні бітісімен сол жаққа баруға уәделесіп отырған біз үшеуміз енді оның аяқталуына қарамай, – ал сол кездегі қалыптасқан тәртіп бойынша жұмыс уақыты әдеттегідей кешкі алтыда тәмәмдалуы тиіс болатын, – алдарымыздағы қағаздарымызды апыл-ғұпыл жинай салып, үстелдеріміздің тартпаларына ытқыттық та, сыртқы киімдерімізді жүре киген күйі бөлмені сырттан кілттеп, Қажекеңнің соңынан Брежнев алаңына қарай бет алдық. Барсақ, шынында да алаңға кемінде бір жиырма мыңдай адам жиналып қалыпты. Олардың басым көпшілігі – Алматыдағы ұлты қазақ студенттер мен қалаға күні кеше ғана ауылдардан келген өрімдей жұмысшы жастар. Араларында біз секілді қызметтегі сақа жігіттер, келіншектермен қатар тіпті жас мөлшері орта жастан ауыңқыраған бірен-саран ағаларымыз бен әпкелеріміз де жүр екен.

Көтерілісшілерді жазалаушы әскери жасақтың автоматпен, винтовкамен, оққағар темір қалқандармен мұздай қаруланған, кейбіреулері онымен де шектелмей жандарына қабаған овчаркалар ертіп алған кілең бір сайдың тасындай іріктелген европатекті ақ нәсілді, ірі денелі, бойшаң солдаттар мен қызыл жағалы жергілікті милиционерлер жан-жақтарынан қоршап алыпты. Алайда көтерілісші жастар олардан титтей де қаймығатын емес. Әсіресе біз сол сәттерде қаракөз қазақ қыздарының батылдықтарына қайран қалдық. Олар бауырларын аянбай қорғап, алдыңғы саптағы кейбір белсенді жігіттерді ұстап әкетуге әрекет қылған жазалаушы жасақтың сарбаздарына тап-тап ұмтылып, олардың кейбіреулерінің алға ұмсынған қолдарын қағып тастап, кейбіреулерінің әскери шинелдерінің жағаларынан ала кетуде.

Осындай қым-қиғаш арпалыстың әсерінен алаңдағы жастардың легі кейде жағаға шапшыған теңіз толқындарындай тербеліп кетеді екен. Сондай сәттердің бірінде біз Қажекең екеуміз Мереке мен Жұмабайдан бөлініп, қалың топтың ең биік баспалдақтарға барып тірелетін ең шет жағына шығып қалдық. Сол сәт күні бүгінгідей есімде. Алаңдағы ең жоғары баспалдақтардың бірінің үстінде тұрған Қажекең кенет өзінен төменіректегі әлгі қолма-қол шайқасқа ер жігіттерден қалыспай кірісіп кеткен қарындастарынан көз алмаған күйі кенет жанары ұшқын атып:

- Серікжан!.. - деді маған жалт қарап: - Иншалла, біз тірі екенбіз! Енді өлмейді екенбіз! Апырау, мына жастарымыздың рухы тау қопарардай ғой! Қарашы дұрыстап, жоқ, мұндай халықтың өлуге хақысы жоқ!.. - деді әлденеге ерекше толқыған үнмен.

Дәл қазір осы эссені жазу үстінде 1986 жылдың сол бір желтоқсанының қаһарлы күніндегі Алматының орталық алаңында отарлық биліктен ақырып теңдік сұраған қазақтың өрімдей жастарына шексіз риза болып, көкірегін ағалық мақтаныш кернеген Қажекеңнің сол бір мейірімді кейпі, ұшқын атқан өткір жанары жанға жақын ескі кинофильмдердегі сүйікті кадрларша күні кешегідей көз алдыма келіп тұр. Иә, дұрыстап зер салған адамдарға сол сәттерде, шынында да, әлгі отты қой көздерде Отанына, оның асыл азаматтарына деген шексіз сүйіспеншілік тұнып тұрған еді.

Ал енді сөзіміздің соңында айтылар тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, Қажығали Мұханбетқалиевтың прозасы – қазіргі замандық еуропалық, әлемдік көркем әдебиеттің ең биік поэтикалық стандарттарының талаптарына толық жауап бере алатын өскелең проза. Сондықтан да оның шығармалары біздің дәстүрлі қазақ прозасының көптеген туындыларына тән әсіре морализм, яғни ақыл айтқыштық, шығармада ешқандай көркемдік қызмет атқарып тұрмаған әлем-жәлем қысыр сөздерге, қызылды-жасылды эпитеттер мен метафораларға, суреттеуден гөрі шұбырған шетсіз-шексіз баяндауларға құмарлық сынды қарабайырлықтан ада. Сондықтан да әдеби туындыларында қазақ қауымының әр алуан әлеуметтік орталарынан ойып алынған типтік бейнелер өзіне ғана тән мінез-құлықтарымен айқын көрініп, қазақтың шетсіз-шексіз дархан даласында айлы аспанның астында алаңсыз жайылып жүрген жылқылардың пысқырғандарына, жұлдызды түндердегі самалмен баяу ырғалған тоғайлардың болар-болмас сыбдырына дейін табиғи қалыптарын еш бұзбаған күйі естіліп тұрады. Меніңше, жоғарыда аты аталған суреткердің шығармашылық әлемі біздерге, оқырман қауымына, ең алдымен осынысымен қымбат болса керек.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар